ӘУЕЗОВ КӨРГЕН ШЫРҒАЛАҢ

     М. О. Әуезовтің 125 жылдығына 

ӘУЕЗОВ КӨРГЕН ШЫРҒАЛАҢ

немесе  Еңлік - Кебектің жазығы не?

Әрбір заманның жан жадыратар жақсылығымен қатар ауырпашылығы да аз болмайды. Қаламгерлер мен ғалымдардың ата тарих пен тәлімі мол дәстүрді айтамын деп, қып-қызыл диктатурадан тартқан тауқыметі адам айтқысыз. Шығармашылық пен ғылыми-зерттеушілік, әсіресе «жылымық» кезеңге шейін (1954-1964 ж.)   небір шырғалаңға түсті. Сол тұстағы әдеби және ғылыми еңбектерді саясат диірменіне салған «жолдастық» талқылаулардың стенографиялық есептері сабырды еріксіз ширықтырады. Залым саясаттың ызғары ескен ол жазбалардан ұлт зиялыларының можантопай мемлекеттік машинаға  жаншылып, жан тапсырудан, яки оған ығысып, жол беруден басқа амалдары қалмағаны аңғарылады. Соның салдарынан еліміз қаншама көшбасшы серкелерінен айрылып, аман қалғандарының жаңа үкіметті мойындауларына тура келді. Дегенмен,  шегіну «қызыл тажалдың» алдында тізе бүгу емес, ұлт үшін күрестің «бейкүнә», шығармашылық жолына ауысу болатын.

«Кенесарының соңынан ере жөнелді»... кеңес билігінің қорқатыны да, шынтуайтына келгенде, осы – ұлт санасының сілкініп, намысының бұлқынуы болатын. Билік басындағы большевиктер (кейін – коммунистер) партиясы тарихи шығармалардың еркіндік аңсаған қазақ жұртына тәуелсіздік туралы ой салмақ түгілі, егемендікке емеурін білдіруінен – елдік пен ерліктің жылт еткен сәулесінен қатты шошынды. Екіжүзді саясат арам ойын білдірмеу үшін ата тарих пен салт-дәстүрді өрнектеген  шығармаларға «өткенді боямалап көрсету, ескіні көксеу, буржуазиялық байшылдық» деген айыптаулар тағып, небір қитұрқы әрекеттерге барды. Бодан халықтарды нұрлы болашақ «бесігіне бөлеу» жолында оның ештеңеден, тіпті, тұтас халықтарды жойып жіберуден де тайынбағаны мәлім.  

 Қайран қазағымыз туған тілі мен тарлан тарихынан жұрдай болу өз алдына, мүлде құрып кетудің қиясында тұрған. Сол бір отарлық тауқыметін, өкінішке қарай, әлі де оңбай тартудамыз, тәуелсіздіктің отыз жылында мемлекеттік тіл лайықты тұғырына қона алмай-ақ қойды. Бірақ, оған Мәскеу қайдан жол берсін...  украин халқының басына түскен зобалаң соның бір ғана дәлелі. Бұл аздай, төбемізге көтеріп, тұлға деп арқа тұтқан кейбіреудің халықты соншалық қорлауына қалайша төзіп келгенбіз?! Амал қайсы, диктатура өз дегеніне көндіреді екен... жүрегің еріксіз қан жылайды. Ондай азғындар жер байлығын азсынып, елдің аузынан жырып берген салықты да пысқырмағаны белгілі. Ұрлықпен тапқан арам ақшаларына зәулім үй ғана емес, мола салғызып, небір қымбат көліктермен шайқалғандары жүректі шайлықтырады. Қасіретті Қаңтар көтерілісі қоғамның судай өтірік пен сумақай мақтанға кеңірдегіне шейін кептелгенін көрсетті.

Рас, кезінде мұны біз айта да, жаза да алмадық,  көзсіз батырлық қайдан келсін. «Оқ жетпес жерге – қылыш сермеу» де қисынсыз емес пе?! Тіпті, қазір де «әділет орнар күнге де жеттік пе, әлде жетпедік пе» деп, дүдамал күйдеміз. Алайда, қанша қырғын көрсе де, қаһарман қазақ қайсар мінезі мен өршіл рухынан ешқашан танбайды. Егер біз ұлт ретінде сақталып қала алған болсақ, бұл – еліміздің қаһарман өткені мен жауһар ауыз әдебиеті үшін жандарын шүберекке  түйген әдебиетшілер мен тарихшылардың да зор шығармашылық шеберлігі мен қалам қуатының арқасы. Олар зерттеушілік пен жазушылық қызметтерін үкімет өзіне қарсылық ретінде қабылдайды дегенге сенген емес. Бостандық жолындағы ерік-жігерлерін, қателік кімде жоқ дейсіз, ұлттық сананы қалғытпау жолына аянбай жұмсады.  

Руханият майданында да ұлт қайраткерлерін ар мен жан айқасы күтіп тұрған. Диктатура «таптық көзқарас, жаңа тұрпатты адам тәрбиелеу» талаптарын көлденең тартып, әдебиет пен ғылымды өзінің қолбаласына айналдыру үшін жанталасып бақты. Кеңестер қоғамында әдебиет пен ғалымды «ноқталап», «тырнақ астынан кір іздеудің» небір іс-әрекеттері өріс алды. Большевиктер партиясы әділетті қоғам туралы жалған ұрандармен қазақ зиялыларының көпшілігін, өкінішке қарай, ерікті немесе еріксіз түрде өз саясатының тірегіне, насихатшыларына айналдырды.  Қаламгерлер мен зерттеушілерге кімді немесе нені жазу мен зерттеу түрлі жиындардың хаттамалары арқылы  міндеттеліп, оларды орындаудың мерзімдері де нақты көрсетіліп отырған. Мұрағат құжаттары колхоз-совхоздар мен өндіріс орындарына арнайы іссапарлар ұйымдастырылғанына куәлік етеді.   Басқасын былай қойғанда, сүйгендеріне қосылу жолында ескі салт-дәстүрдің құрбанына айналған Еңлік пен Кебектің жаңа үкіметке неге жақпай қалғаны  түсініксіз еді?!

 

Қос мұңлықтың кінәсі бар ма?

Қос мұңлықтың бар кінәсі алдын-ала айттырып, қалың малын беріп қойған құдалық салтымен санаспауында жатыр. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан жол-жоралғыдан атап өтіп, еріксіз жазаның құрбанына айналады емес пе?! Еріксіз деуіміздің де себебі бар: «Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе, жас баланы сатып, пайдаланып, кем-кетікке беріп, обалына қал демейді. Мен соны ойлап, Еңлік - Кебекті соншалық жазалы демеймін» (Ш. Құдайбердіұлы «Еңлік- Кебек», «Абай институты», Семей, 1918 ж.). Қатал шешім күні бүгінге шейін ел ерекше ардақ тұтатын қасиетті Кеңгірбай бимен ақылдасып барып қабылданған еді.  Мұндай аяусыз жаза, шын мәнінде, өз теңін іздеген екі жастың махаббаты жік салған қоңсылас елдерді қанды қырқыстан аман сақтап қалудың амалы болатын.

Тегінде, жаңаны жұрттың қабылдауы, оның қоғамда орнығуы, яғни  жүздеген жылдар бойы қанға әбден сіңген дәстүрден бас тарту қашанда қиын. Ұлы Абайдың «Баяғы жартас, бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамасының» бір сыры да осында. Бұл тек қараңғылықтың ғана салдары емес, қос ғашықтың пәк сезімі, ескінің аяқтан шалған «тұсауын үзуге» деген ұмтылысы еді. Ал, ұлттық салт-дәстүрлердің, асылы халықтың тұрмысы мен шаруашылық жүргізуінің ерекшеліктеріне қарай қалыптасатыны мәлім. Мәселен, бағзы замандарда  әмеңгерліктен бас тарту – әйелден ғана емес, атадан балаға тиген мұрадан, қаны бір ұрпақтан теріс айналу екені даусыз. Дегенмен, қоғам алға жылжыған уақытпен бірге азды-көпті өзгерістерге ұшырап, дамып, толысып отырады. Бірақ, кез-келген өзгеріс  қозғалыссыз  болмайды және мұнсыз алға басу да  екіталай. Шәкәрім қажы айтпақшы, «өзгеріс басы – қозғалыс, қозғауға керек қолқабыс».  

Мұхтар Әуезов ұлы Абай және кемеңгер Шәкәрім ізімен «Еңлік – Кебек» пьесасы арқылы екі жастың махаббаттарын үлгі етіп, ескілік кесапатына сын найзасын кезейді, қандастарын алға қарай дамуға, жарыққа – өркениетке жетелейді. Олай болса, мұнда қандай ұлтшылдық бар? Сөйтсек, «саяси сауаты төмен жан» ғана жоғарыдағыдай сауал қояды екен. Тап күресінің сапында нық тұрған кеңес жазушысы мен ғалымы үшін «Еңлік – Кебек» пьесасы/спектаклі ұлтшылдық пен ескіні көксеудің бұлтартпас дәлелі-міс. Бірақ, бұл арада «ұлтшылдық пен ескіні көксеу» деген, тағы да қайталаймыз,  құр сылтау ғана болатын. Зер сала білсек, махаббат  сырынан пәле іздеудің түп негізі – ұлы державалық шовинизмде жатқан. Большевиктер орыс ұлтшылдығын сөз жүзінде ғана сынап, іс жүзінде одан ешқашан бас тартпақ емес-ті. Бұл жайлы кейінірек тағы да тоқталамыз.

 Демек, әуелгі ой арнасына қайта оралсақ, аңдыған жау мен адасқан достың тілге безейтіні Әуезовтің жалғыз ғана осы шығармасы емес. Жазушыға берілген шығармашылық мінездемеден мынаны оқимыз: «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына уақыттың  белгілі кезеңінде буржуазиялық  ұлтшылдардың реакциялық идеялары қатты ықпал етті. Бұл оның «Қаракөз пьесасы мен «Қилы заман» повесінен көрінеді... 1932 жылы Әуезов өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық адасуларын айыптап, совет әдебиетінің сапына қосылады.  Совет шындығы, большевиктер партиясының озық социалистік дүниетанымы жазушыға шығармашылық өріс ашады» («Неизвестное в наследии Мухтара Ауезова. Архивные документы», изд. дом «Библиотека Олжаса», А., 2013,  15-б).  

 Шындығында, ұлы суреткердің төл шығармаларының бірқатарына жүрегінің қалауымен емес, БКПб Қазақ өлкелік комитеті бюросының тапсырмасы бойынша қалам тартуына тура келген. Мәселен, «Қазақстан колхоздарының Қызыл кітабын жазу туралы» құжатта осы мақсатпен іссапарға жіберілген 16 ақын-жазушының қатарында Мұхтар Омарханұлы да болатын (сонда, 43-б.). Мұндай арнаулы іссапарлар үнемі ұйымдастырылған, айталық,  ВКПб Қазақ өлкелік комитетінің сұрау салу жолымен қабылдаған ҚАКСР-нің 15 жылдығына әдеби-көркем жинақ шығару жөніндегі шешімінде, оған жауаптылар мен атқару  мерзімі «1935 жылдың 1 маусымы» деп нақпа-нақ жазылып қойылған (сонда, 49-50 бб.).

Сол секілді Қазақстанның советтік жазушылар одағы төралқасының 1935 жылғы 23 желтоқсандағы отырысында айтылған «жекелеген қателіктеріне қарамастан пролетариат сапында қалған Сейфуллинді және контрреволюционерге жатпайтын Майлин мен Жансүгіровті алашорда қозғалысына қатысқан Әуезовпен бір қатарға қоюға болмайтыны» туралы пікірден де қаламгердің қандай қыспақта өмір кешкенін аңғаруға болады (сонда, 51-52-бб.). Бақылаудың мығым екенін Жазушылар одағы төралқасы мәжілісінің  3-ші хаттамасында Әуезов және Майлин, Мүсірепов, Байсейітов пен Сәрсековтің «1936 жылдың 1 мамырына дейін совхоз-колхоз театрлары үшін бір-бір пьесадан жазу  туралы уәделері еске алынсын» деп атап көрсетілуі де аңғартса керек (сонда, 62-б.).  

 Большевиктер партиясы ақын-жазушыларды адамгершіл ұрандармен бүркемеленген шовинистік мақсатына барынша пайдалануға тырысты. «Еңлік-Кебекті», «Қаракөзді», тіпті «Көксеректі» өзінің «жаңа адам тәрбиелеу міндеттеріне қайшы келеді» деген сылтаумен оқшаулап, қазақты тарихи тамырынан айырудың небір айла-шарғысын қолданды. Бұл, сайып келгенде, «аға ұлтты» ғана алға оздырып, орыс шовинизмін еш бұлтарыссыз қабылдатудың амалы еді. Тынымсыз қудалау мен жазықсыз жаладан әбден мезі болған Мұхтар Омарханұлы ОГПУ өкіліне берген жауабында (20. 04.1932 ж.)  жазықсыз айыптаумен келісуге мәжбүр болады. Онда жазушы өзінің әдеби және зерттеушілік жолына ой жүгірте отырып, төл шығармашылығының «бұдан былай Қазақстандағы мәдени революцияның жолына кереғар болмайтыны туралы уәде береді (сонда, 102-б.).

Сондай-ақ, тергеу барысында жазушы «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» шығармаларының революциялық тақырыптан саналы түрде алшақтап, ұлтшыл жазушылар лагеріне ауысу» болғанымен де еріксіз келіседі. Әуезовтің «тақырыпты таңдаудың қате екені өз алдына, оны көркемдік-идеологиялық сипаттау тәсілдерін қолдамайтынын, өзінің іс жүзінде Қазақстанның революциялық жазушыларының қатарында болмай, қайта ұлттық көңіл-күйдегі жазушының біріне айналғанын, бұл жолдың контрреволюцияға әкелетінін», тіпті  «ол қателердің кейінгі зерттеулерінде, айталық, Абай туралы жұмыстарында да жойылмағанын» мойындауына тура келеді (сонда, 99-101-беттер). Әйгілі романда ақынның ұлы Турағұл есімінің екі рет аталуынан ұлшылдық іздеген «қызыл қуғыннан» қара үзіп кетудің басқа амалы қалмаған.

Жазалаушы органдардың қырағы бақылауында жүрген  Мұхтар Омарханұлының 1929 жылы қамауға алынып, одан тек жоғарыдағы мойындауын  жазып, өзін-өзі аяусыз сынаған соң ғана босанып шығатынын білеміз. Тағы да қайталаймыз, бұл мойындаудың тергеушінің мұқият қадағалауымен және талап етуімен жазылғаны түсінікті. Қаламгер «өзімнің әдеби өткеніме осылай шынайы баға бере отырып бұдан былай мәдени революцияның Қазақстандағы жемісті   жолына бөгет болмауға, керісінше оның табысты жүруіне көмектесемін» деп жазады. Амалсыздың күні ғой... Мұхтар Омарханұлының «Көксерек» повесі мен  «Еңлік – Кебек» пьсасынан «байшылдық пен өткенді боямалап суреттеуді» көрген «сыншыларға» не дауа? Бірақ, жазушыға жазықсыз жала жабу «науқаны», ғұламаның өмірінің соңғы жылдарына шейін тоқтамай, ол «ұлтшылдыққа қарсы күресте жанды нысанаға айналған болатын» (Н. Анастасьев «Трагедия триумфатора», «Атамұра», А., 2007, 30-б).

Қазақстан Орталық партия комитетінің 1947 жылы «Ғылым академиясының Әдебиет және тіл институтының жұмысы туралы»  қатаң қаулы қабылдағаны  белгілі. Осы құжатты «талқылауға арналған жиналыста, - деп жазады Ә. Әбішев, - Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің қаулыға барлық жағынан сай келетін баяндамасы да, сөйлеген Ғабеңнің сөзі де салқындау. Сондай нұсқау болды ма білмеймін, әйтеуір, Ғабит бар сөзін Мұқаңа арнап, оны жар басына тақап қойғандай. Оның сөзінің әсер еткені сондай, жиналысқа қатысқандардың Әуезовтен күдер үзбегені аз. Жасыратыны жоқ, Мұхтардың өзі де сол күннен бастап түрмеге барғанда кию үшін жылы киімдер әзірлей бастаған» («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», Ә. Әбішев «Бетпе-бет», «Білім», А., 2004, 58-б.).  

Мұхтар Омарханұлы өзінің қыр соңынан қалмай қойған жалған жалаларға байланысты күйінішін былайша жазып қалдырыпты: «Біреу адал ниетімен, ақ жүрегімен сынаса, енді біреулер барыңды жоққа шығаруға, аяқтан шалуға, сүріндіруге, түңілдіруге тырысып бағады. Өз басым мұндайларды көп кездестірдім. Тіпті, «Абай» романы үшін бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілгеннен кейінгі жерде де мені мінеушілер, сынаушылар табылып жатты» (сонда, 37-б.). Пәле-жала іздегендердің бар тапқан кінәсі – жазушы қазақтың өткен өмірін «тым әспеттеп», жаңа өмірдің жасампаздығын көрмейді-міс.

 

«Ескіні жазу – жаңаны жатырқау» еді

Әуезовтің ғылыми-шығармашылық еңбектерін талқылаған түрлі жиындардың стенографияларын оқи отырып, жан-жағынан ораған өрт пен төнген «қылыштан» аман қалған қайраткердің елжанды ерік-жігеріне тағзым етесің. Мәселен, «Абай» романының 1-2-ші кітаптары мен «Абай жолы» романының 3-ші кітабын саралауға арналған жазушылар жиналысының (12.08.1953 ж.) стенограммалық жазбасын жүрек шаншымай оқу қиын («Неизвестное в наследии Мухтара Ауезова. Архивные документы», изд. дом «Библиотека Олжаса», А., 2013, 247-282-бб). Жазушы өз «сыншыларына», әредік  болса да, «кей тұстарында, бәлкім асыра көрсету бар шығар, мұнымен келісуге болады» деген сыңайда кеңшілік танытады. Мәртебелі автор, тіпті, «Абай» романын талқылау кезінде айтылған сындарға «шығармашылығына жауапты қарап, көмектескендері, Әуезовтің «Абай» романы қазақтың ұлы ақынының жарқын бейнесіне лайық болсын деген» пікірлері үшін «ризашылығын» білдіреді.

Алайда, принципті мәселелерге келгенде, стенограмманы қараңыз,  Әуезов турасын кесіп айтады және оған себептері де жеткілікті: «Жалпы алғанда маған көмектессек деген жолдастық көзқарасқа түсіністікпен қараймын десем, бұл менің әрбір пікірмен келіскенім болмаса керек? Сіздер өз ойларыңызды жауапкершілікпен салмақтадыңыздар, - дейді М. Әуезов. - Мен де жазғанда көп ойландым, яғни зерттедім, демек менің де белгілі бір тұжырым жасауға өз себептерім бар...  Бұл шығармалармен мен сегіз жыл (1942-1950 жж.) жұмыс жасадым, - дейді ол. - Сондықтан айтылғанның бәрі дұрыс, түзеймін десем, дұрыс болмайды... Әдебиеттен, партия мен халық совет жазушыларының алдына қойған міндеттерден мүлде аулақ кейбір адамдар жарымжан ойларымен бәрін мансұқтамақ болады... әдебиетті оның төңірегінде өздерінің жүргенін ақтау үшін ғана келгендерден қорғау керек»,  (сонда, 273, 280-бб.). Бұл – Әуезовтің бір немесе бірнеше сынға ғана жауабы емес, оның «сын шын болсын, шын сын болсын» деген берік ұстанымы еді.

Стенографиялық есептер тек орыс тілінде жазылып, жазушылардың еңбектері көркемдік жетістіктеріне қарай емес, саяси-идеологиялық ұстанымдар тұрғысынан бағаланатын кезеңде «жаптым жалаға» таңдануға  болар ма?! Өкінішке қарай, тап күресінің шалығы тиген адал ниетті, көрнекті әдебиетшілеріміз де жаңағы әділетсіз науқанға өздерінің қалай елігіп кеткендерін де байқамай қалған. Жан-жақтан қыспаққа түскен, тіпті төңкерістің ізгілікті ұрандарына иланған қайраткерлердің қателіктерін  бұдан әрі тергеп, аттарын атау артық. Ресми құжаттар  да ол жылдардың аса бір ауыр кезең екенін бұлтарыссыз көрсетеді. Қазір, әрине бостандықтың соқтықпалы, соқпақсыз жолында  бізге Әуезовтің туған ел-жұртының рухын көтерудегі қажыр-қайратын бағамдау жеңілірек. Олай болса, жоғарыда аталған құжаттарды әркімнің өзі-ақ оқып, көз жеткізгені абзал. Ұлы Абайдың «Атын білме, сөзін біл» деген терең тағылымы да соны мегзейді.

 Ал, Әуезовтің «қадамына» қақпан құрғандар ерікті немесе еріксіз түрде қызыл саясаттың сойылын құлшына сілтеді. Мәселен, «Қазақ әдебиетінің» 1937 жылғы 20 қазандағы санында жарияланған «Әуезовтің сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды» деген мақала соған дәлел. Онда Әуезов «Тек 1932-жылдан бері совет жазушысы болуға тырысып келе жатқан, өзінің өткен қатесін, теріс пікірлерін жоюға уәде беріп келе жатқан жазушы... әлі уәдесін қайталап жүр... 1932-жылдан бергі жазған советтік дерлігі «Түнгі сарын» пьесасының өзі оның баяғы ұлтшылдық, байшылдық пікірімен жазылған «Қилы заман» романының желісі... «Алма бағында», «Тастүлек» пьесалары барып тұрған совет жастарының өміріне жала жапқандық... Әуезовтің шығармаларындағы өрескел қателерді тексеріп, тиісті қорытынды жасайтын уақыт жетті» деген сөздерден қауіп-қатердің қылышы жалаңдайды.  

 Бұдан соң, Мұхтар Омарханұлы сол тұстағы республика басшысы Л. Мирзоянға хат жазып, ол кісінің «уақытын алуға еріксіз мәжбүр» болады. Әуезов аталмыш хатында былай деп жазады: «менің қателігім жоқ және қателігім, шығармашылық қателігім болмады деуден аулақпын... Сондықтан маған сабақ болуы үшін большевиктік тұрғыдан қатты сыналдым. Бірақ, мына мақала менің бүкіл қызметімді, кеңестің адал жазушысы болсам деген ұмтылысымды  мүлде жоққа шығарады. Бұл көмектесетін өзара сын емес, мені кеңес жазушысы ретінде жауапсыз, негізсіз соққылау және көзімді құртуға тырысу». Шындығында, жазушының бар «қателігі» – тарих сырына үңіліп, туған қазағының салт-дәстүрлерін сүйсіне суреттеп, ұлтжанды ойларын тереңнен толғауында, бір сөзбен айтқанда, ұлттық сананы оятуға деген ұмтылысында  болатын.

 БКПб өлкелік комитетінің мәдениет және ленинизмді насихаттау бөлімінің жанында 1934 жылғы 8 мамырда өткен мәжілістің стенограммасы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына тағылған айыптардың түпкі себептеріне көзімізді одан әрі аша түседі. Мәжіліс М. Әуезовтың «Хан Кене» пьесасын талқылауға арналған болатын. Осында бірінші болып сөз алған ағарту халық комиссары Т. Жүргенов «қазақтың тарихы туралы тарихи шындық және очерктер жоқ» дей отырып, «автор өз кейіпкері хан Кенені қазақтардың азаттық қозғалысының күрескері ретінде көрсеткісі келетіндей. Бұл тарихи тұрғыдан дұрыс емес, хандардың барлығы да сатқындық рөл атқарған... Голощекиннің басшылығы кезінде бәріне де, барлығына да тыйым салынды. Бұл, бірақ  жаңа басшылық тұсында, біз Мирзоян жолдастың жетекшілігімен жұмыс жасап жатқан кезде еш ойланбастан басқа, қарама-қарсы шығу деген сөз емес... Хан Кенені осы қалпында сахналау қарсы бетке жалт беруді көрсетпек» -  деп, драмалық туындыға іс жүзінде «тұсау» салады (сонда,  129, 131- бб.).  

 Талқылау барысында айтылған пікірлердің бір-біріне қарама-қайшы екенін олардан алынған мына үзінділер діттей түседі: «пьеса царизмге қарсы күреске құрылмаған, онда хандықтың құлауын және оны сақтап қалу жолындағы соңғы тұяқ серпуін көрсету көзделген», «Хан Кененің негізі 3-4 жыл бұрын қаланған.  Мұхтардың ол кездегі жолы бүгінгі жолынан басқаша болатын... Қазір Мұхтар «хандықтың құлауын, оның бұқараның қарсылығымен құлауын көрсетуді мақсат еттім» дейді. Бірақ, Хан Кенені жазған кезінде (1930 жылға дейін) Мұхтардың  Кенесары мен Наурызбайдың жеңілуін  қаһармандық күрес үстінде көрсетуді мақсат еткені белгілі, театр мен Мұхтардың қосқаны, өзгерткені мен жаңартқаны пьесаның сол негізгі ұстанымына әсер етпеген» немесе «театрдың шығармашылық жолын айқындау – жеңіл-желпі қарауға болмайтын саяси мәселе... Хан Кененің кемшілігі Мұхтардың өзінің ескі көзқарасын қорғауында емес, одан арыла алмай отырғанында».

 Шынында да Әуезов өз ұстанымына табанды болды. Мәселен,  «Хан Кенеде» сахнадағы бұқара өкілдері бірінің сөзін бірі іліп әкете отырып, Кенесарының өзге хандардан артықшылығын сүйсіне мадақтайды. Спектакльде ханның әскерін жаулары қоршап алғанда Кенесарының айналасына үндеу тастайтыны бар. Мәселен, ол «қазақ халқы үшін өлуге даяр» екенін мәлімдеп, «еріңдер соңымнан» деп  ұран тастағанында сахнадағылардың түгелдей лап қоятыны өз алдына, оларға залдағы «көрермендер де шын жүректен ере жөнелуге даяр тұрған». Сыншылар, әсіресе осы «ере жөнелуден» үріккен секілді.  Олардың арасында, Әуезовті, тіпті халық жауы ретінде көрсетуден дәмелілер болатын.

Қазақстанның кеңес Жазушылары одағының қалалық жиналысында  да сыншылырдың қаламгерлерге қисынсыз қиғылық салатынын көреміз. Мәселен, «Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томында, Мұқановтың «Балуан Шолағында», «18-19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», оның Ысмаилов және Жұмалиевпен бірігіп жазған оқулықтарында, соңғы екеуінің жазбалары мен іс-әрекеттерінде, Бекхожиннің және басқалардың шығармаларында Кенесары халық көсемі ретінде, ал қозғалыс прогрессивті деп көрсетіледі... орыс халқының қас жауы – Едігеден басталатын феодалдық-құлдық батырлықтың кезекті толқыны болып шығады» деген айыптар тағылады. Көрдіңіз бе, «ақ патшаның басқыншылығына қарсы күрескерлер орыс халқының қас жауы» болып табылады екен.

Кеңес үкіметі «екі ресей бар...» деп қаншалықты жар салғанымен, жеме-жемге келгенде орыс патшасына, отаршылдыққа, құлдық пен қанауға қарсы көтерілістің бәріне де орыс халқына қарсы күрес деген «қара таңба» салынғаны айқын еді. Олай болса, әңгіме хандықты көксеуде де, байшылдықта да, ескіні жазуда да емес, ең бастысы, тарихи шығармалар мен осы саладағы ғылыми зерттеулерді қызыл диктатураның барша орысқа қарсылық деп қабылдауында болып тұр. Елдің өткені мен салт-дәстүрін жазу бодандыққа түскенге дейінгі бостандық пен тәуелсіздіктің артықшылығын көрсету  ретінде бағаланды. Сондықтан «ескіні жазу жаңаны жатырқау» ғана емес,  тәуелсіз заманды көксеу, тіпті оған емеурін білдіру ретінде қызыл саясатты қатты үрейлендіргені шындық.  

 Адамзаттың Әуезовінің өмірінің соңғы жылдарында Азия және Африка елдері жазушыларының Бейбітшілікті қорғау мен ынтымақтастық комитетінің мүшесі ретінде  отаршылдыққа қарсы мақалалар жазғаны мәлім. Туған халқының басындағы бодандық мұңы қос құрылықтың оянған халықтарының азаттық жолындағы күресімен үндес еді. Қайраткер жазушының 1956 жылы «Огонек» журналының ақпан айындағы нөмірінде жариялаған «Колониализму позор» («Отаршылдық – масқара») мақаласы соның бір ғана дәлелі. Тәуелсіздік алдық дегенмізбен, әлі де болса, тізерлеген қалпы бой жаза алмай келе жатқанымыз да сол қызыл «қасап» пен сойқанды саясаттың салдары. Ең масқарасы, егемендікке қолы әзер жеткен елдің үміт артқан кейбір серкелерінің халқымызды одан сайын мүйіздеп, жарға жыға жаздағанын да мойындауға мәжбүрміз. Ұлы жазушымыз Мұхтар Омарханұлының  өмірінің соңғы кезеңіне шейін көрген қыспағы жарымжан қоғамның түр-сиқын әшкерелейді. Бұл, сонымен қатар, Әуезовтің өз басын бәйгеге тігіп, кейде тіпті шегінуге мәжбүр бола жүріп те ұлы дала рухын көтеруге сіңірген өлшеусіз еңбегінің, халықтың асыл мұрасы мен ата тарихқа деген адалдығының айғағы болып табылады.

 

Болат Жүнісбеков, ҚР Ұлттық кітапханасының

ғылыми хатшысы, жазушы