АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ ПЕН РУХ ЭКОЛОГИЯСЫ

 

         Адам мен табиғат қарым-қатынасы өте күрделі. Бір жағынан адам табиғатты  тұтынушы болса, екінші жағынан, өзі өзгерткен ортада өмір сүріп, ондағы кері өзгерістердің зардабын тартушы ретінде саналады.

Адамзат баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан әуелі ауаны, одан қоректі, кейін киімді, есі кіре келе ақыл-ой, білімді, дүние, мансапты, тағы басқа өзі қажет етіп тұтынатын әр түрлі игіліктерді іздеумен болады. Өйткені, Алла ғана ешнәрсеге мұқтаж емес, адамзат баласы материалдық, рухани игіліктерсіз өмір сүре алмайды. Осы орайда адамзат баласы Абай айтатын жан қалауы, тән қалауымен түрлі-түрлі игіліктерді қажет ету, тұтыну, иелену әрекетімен өмір сүреді. 

      Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы. Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүние жүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан, көркем әдебиеттен үлкен орын алды.

Абайдың жыл мезгілдеріне арналған «Жазғытұрым», «Жаз», «Қыс», «Күз» өлеңдерінде қазақтың далалық өмірінің көрінісі суреттеледі. Табиғат аясында сол табиғаттың райына үндесе тіршілік ететін халықтың ұлттық ерекшелігі, мінез-қүлқындағы, әдет-ғұрпындағы уақыттың демімен қанына сіңісті қасиеті көркемдік жырлануы ақындық даралықты айқындайды. Қоңыраулатып келер көктемде табиғатпен бірге түлеп, жаңарып-жасарып, жазғытұрым көтеріңкі көңіл күймен әсерленіп жүрген дала перзенттерінің тірлік-тынысы нағыз романтика екенін жүрекпен сездіріп, ләззатқа бөлейді. Сөзбен өрнектелген бұл табиғат көрінісіндегі өзгеше әлемді жүрегіңізбен қабылдайсыз. Себебі суреттелетін детальдардың барлығы, ең алдымен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан санамызға, ұлттық пайымдауымызға жақын. Бойыңызды билеп алған бұл сезім, табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстырған «Жазғытұрымды» оқыған сайын Абай дәуіріндегі қазақ ауылының сұлу табиғи келбетін көз алдыңызға елестетеді.  Қазақ поэзиясында табиғатты адам өмірімен байланыстыра отырып, адамның да көктемі, жазы, күзі, қысы болатынын сатылап,  көркем оқиғамен  суреттеуді ең жоғары ұғымға көтерді.  

Абайдың философиялық толық адам түсінігі мен оның нағыз ақындық өресінің ара жігін күні бүгінге дейін ажырата алмай келе жатқанымыздың бір саласында адами рух экологисын айтсақ болады.
      Бұрын-соңғы ойшылдар тұжырымдап түйіндегеніндей, жаратушының екі түрлі туындысы бар. Олар - әлем мен адам. Әлемге барша аспан денелері жатады. Ал адам сол әлемдегі бір ғана дене – жердегі тіршілік иелері. Әлем көл-көсір кең, ал адам – Күн жүйесіндегі бір ғана планетаның тұрғыны. Сөйтсе де адам әлеммен қатарлас жаратушының жинақтап келгендегі екі-ақ туындысының бірі. Сократ Абайдың 27-қарасөзіне негіз болған сұхбатында жаратушының әлемді барша қажетімен түгел, толық етіп жаратқанын айта келіп, бір ғана нәрсені адам үшін сақтап қалғанын, сөйтіп оны адамға сыйлағанын айтады. Жаратушының өзгеге бермей, адамға ғана бұйырған артықша әрі аса құнды сыйы – ақыл. Әлем мен адамдар қауымындағы ең киелі, ең биік, ең асыл нәрсе – осы ақыл. Жаратушының тағы бір қазынасы – жан ақылдан кейінгі орында тұрады. Ойшылдар, Абай мен Шәкәрімдер жанның үш түрі болатынын жазады, олар – адам жаны, жануар жаны және өсімдік жаны. Өсімдік жанына қоректену, өсу, көбею қабілеттері тән. Жануар жанында осы қабілеттермен бірге бес сезім мүшесінің түйсінуі бар. Ал адам жаны өзіне дейінгі жанның барша қабілетін иеленуімен қоса ойлай алатын – ойлаушы, ақылды жан. Абай айтатын, адам жанының «ірі етіп жаратылуы» осыдан. Мәртебесі мен деңгейі жоғары адам жаны өзінен де жоғары тұратын ақылға иек артады. Ал ақыл – хақтың мүлкі, Алланың аманаты.         

       Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған сары аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Табиғаттың бұл мінездері, адам ғұмырының да мезгілмен бірге өзгеруін данышпан ерекше бейнелеген. Ақынның «Жазғытұры» өлеңінде кездесетін «менімен менікінің айырылғанын» деген ұғымындағы «мен» әрі табиғат, әрі адам. 

«Анамыздай жер иіп емізгенде,

"Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер...» - деп, жерді мейірімді анаға, аспанды қамқор әкеге теңейді. Жерді ана бейнесінде алып қарау - қазақ халқы ғана емес, басқа елдердің ой-санасына тән нәрсе.

 Аспанды әке бейнесінде түсінетін нанымның ерте кезден адам мен табиғаттың байланысын байқататын суреттер. Абай соны тың сипаттағы суреттеу тәсілі етіп қолданып, «жазғытұры» адам өміріндегі құндақта жатқан шағын, ата-ананың ұрпақ әкелуге дайындығын табиғатпен астарлай бейнелейді.

 «Күн - күйеуі, жер - қалындық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

...Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,

Жан-жануар қуанар тойға ел еріп.

...Жер толықсып түрленер тоты құстай...»

      Осылай өте көркем, тартымды кейіптеу бейнелер жасап суреттей отырып, ақын қазақ өмірінің сипаттарын да айнытпай дәл түсіреді. Осындағы табиғат суретін тұтасымен күн - күйеу, жер – қалыңдық деген сияқты бейнелі сөздерді қыста қыстауларына кетісіп, алыстап жүретін, жазғытұры қайта табысатын ауылдардың тұрмысы, әдет-әрекетін елестетеді.

      Абайдың тағы бір өлеңі - жазғы шілде кезін суреттеген өлеңі. Ақын бұл өлеңінде жаздың дәл кемеліне келіп тұрған сұлу шағын көрсетеді. Жаздың әдемі көрінісін:

 Жаздыгүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда,

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда, -  деп жайма-шуақ көңілді, қуанышты суреттеуімен бірге адамның да толысып, алаңсыз ер жетіп келе жатқан бұла шағын көз алдыңа әкеледі.  Жастардың мінез – құлық, адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Абай:

Тез үйреніп, тез жайма,
Жас уақытта көңіл – гүл, - дегені де адам көңілінің жазын көрсетсе керек.

«Күз» өлеңінде шөп қуарып, күн салқындап, көңілсіз шақтың келу суретін бұлжытпай берумен қатар, мал баққан көшпелі ел үшін күздің жағдайсыз кезең екендігін айқындайды.

 Кемпір, шал құржаң қағып, бала бүрсең,

Көңілсіз қара суық қырда жүрсең, -  дейді. Көзіңе күзгі байдың ауылы мен кедейдің көңілсіз сүреңі елестейді.

       Абай «Қыс» деген өлеңінде, қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деп байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде Абайдан басқаларда кездеспейді. Бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін қыс  тұлғасында да, адамның кемел шағына келіп қартайған тұлғасында да толық байқатады.

       Адам  мен табиғаттың карым-қатынасы өте күрделі. Бір жағынан адам табиғат қорларын тұтынушы болса, екінші жағынан, өзі өзгерткен ортада өмір сүріп, ондағы кері өзгерістердің зардабын тартушы ретінде саналады. Бұдан адамның табиғаттан тыс өмір сүре алмайтыны белгілі болады. Адамдардың тіршілік етуіне қолайлы және қолайсыз шақтардың болуы жергілікті табиғат жағдайларымен байланысты. Табиғат жағдайларынан басқа, адам әрекетінен болған табиғи ортаның өзгерістері де адам тіршілігіне әсер етеді. Бұл соңғы экологиялық жағдайларға тікелей байланысты. 

Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, табиғат пен адам өмірінің ұқсас суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз», «Сыбырласып, сырласып, мауқын басқан» жастар, - деп, өз кескінімен көрсетеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғат пен адамның нық байланысының өз әдемілігін ерекше көркем суреттейді.

       Абайдың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі  «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды адам өмірімен салысытып отыратыны ғажап. Философиялық еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін біріне-бірін қарама-қарсы қою кездеседі. «Табиғат та, адам да  өзгереді, мәңгі өзгермейтін жаратушы бір Алла ғана»  деген ұғымды ұлы ақын айтқан.

       Біз Абайдың тікелей өмір, өлім, табиғатқа тән рухқа байланысты шығармаларына ғана тоқтадық. Ал:

 Жапырағы қуарған ескі үмітпен,

Қиял қып, өмір сүріп, бос жүріппін.

Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды

Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн, - дегенін ескерсек, Абай бұған дейін алдағы көріксіз жағдаятты оймен болжап бейнелеуге тырысып көрсе, енді өткен шақтың көмескі кескінін тағы да жады кеңістігінде жан бітіріп, адам жанының көңіл-күйін «жапырағы қуарған» ағаш ретінде  көруге ынта қояды. Уақыттың өзі бірталай жылдың соқпағын сомдап, екшелген өмір суреттерін ғана көз алдымызға сүйреп әкеледі. Уақыттың тізбегінде кездейсоқ түйіндер жоқ. Адам үшін оның басталуы мен аяқталуы белгісіз. Алайда өмір жолының әр кезеңі көңіл көкжиегіндегі  мұраттар безбенінде тартылған сан түрлі көзқарас, толғаныс сипатына бағдар береді. Ақын жанын жабықтыратын – асыл армандардың орындалмауы, жеке адам мен ортаның ортақ ымыраға келе алмауы терең драматизмге азық тауып береді. «Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым» дегені  әлеуметтік, табиғи  мезгілдермен  сырт ұқсастығын адам рухымен салыстырған нәзік пайымдаудан туған шеберлік. Ақын өлеңдеріндегі  мамыражай, жаймашуақ «елжіреген күннің көзі», «кілемнің түгіндей»,  «гүл мен ағаштың майысып қарауы», «судың сылаңдап ағуы» – барлығы қосылып сұлу табиғаттың әсем бейнесін, үлкен суреттің бір-бір бөлшегі десек, адамның ішкі  образды суретінің сан қырын беріп тұр.

Ақын өз көзімен көріп, әсер алған табиғат көрінісін шебер суреттей отырып, жалаң күйінде емес, оның аясындағы қазақы өмірді қиюластыра бейнелеп, сөзбен сурет жасаған.

      Абай өз шығармаларында  рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің мөрлілігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты,  жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және т.б. қай замандарда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді  сөз етеді.  Бұл – адам рухының күйреуі, рух экологиясы. Абай осы міндерді сынға ала отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.  

     Дүние - мәңгі құбылыс, жалған - өткінші құбылыс. Адам - дүниенің, мәңгіліктің туындысы. Адамның өмірі ақиқат, адалдық, әділеттілік, әдемілік деген ұғымдармен ұштасып жатса, пенденің өмірі күнделікті тұрмыстың, тек тіршіліктің, күнкөрістің қамымен байланысып жатады. Пенде әрқашан да бағынғыш, құптағыш, күндегіш, затшыл, өзімшіл келеді, мырзаларының алдында құрдай жорғалайды. Адам, оның керісінше, өзін-өзі, айналасын сыйлайды, өзінің азаматтығын, адамгершілігін бағалай біледі, затқа бағынбайды, заттарды өзіне бағындырады.

    Осы тұрғыдан келіп, Абай адам деген ұғымды үлкен даналық санайды.  Тұрған мекеніне келгенде - адамның жүрген жері гүлстан. Абайдың арман ететіні - ақылды, жігерлі, білімді, адал, әділ адам. Ондай адам ханның тағына да, байдың бағына да қызықпайды.  Ойы сергек, өз қамымен халық қамын ұштастыра, жалғастыра білетін мейірімді жан. Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасына орын алады.

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы 

Ақын, Абайтанушы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.