А.Макатова: Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі

«Абай әлемі» байқауында 2 орынға ие болған А.Байтұрсынов атындағы

Қостанай өңірлік университетінің 4 курс студенті

Макатова Аягоз Артуровна

 

Қазақтың ұлы ойшылы – Абай мұрасын насихаттау жұмыстарымен айналысып жатқан «Абай әлемі» ғылыми байқауының ұйымдастырушыларына өз ризашылығымды білдіргім келеді. Әуелі, студенттер мен магистранттар арасында Абай мұрасын зерделеу мен ғылыми тұрғыда қорытындылар жасау дағдыларын қалыптастыруға зор ықпал тигізгені үшін алғыс білдіреміз. Себебі, осындай байқаулар бізді шығармашылық ізденіс жүргізуге итермелейді, сонымен қоса, тақырыпты әр тұрғыдан қарастыра отырып, ғылыми талдау жасау дағдыларын бекіте түседі. Болашақ жастарымызға үлкен мүмкіндіктер алаңын сыйлап, дарынды жас ғалымдарға қолдау көрсетіп жатқандарыңызға үлкен рақмет. Мемлекеттік тілді дамыту қорымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырушыларына еңбектеріңіз жемісті, жұмыстарыңыз сәтті болуына тілекшімін. Жастардың потенциалы мен әлеуетін көтеретін осы секілді байқаулардың көп болғанын тілейміз!

 

Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі

Аңдатпа.

 Мақалада Абай мұрасы рухани жаңғырумен байланыстылығы тұрғысынан сипатталды. Негізгі зерттеу объектісі ретінде – Абай мұрасы алынды. Абайдың шығармашылығы қазақ халқының  негізгі қозғаушы құралы ретінде қарастырылып, одан туындайтын артықшылықтар баяндалады.

Бүгінгі күнгі әлем өзгерістерге толы. Күн сайын жаңа жаңалықтар мен ашылулар пайда болуда. Сәйкесінше, адам баласы осы өзгерістерге бейім болып, көш соңында қалмау үшін жұмыстар атқарады. Өзімізге белгілі бұл өзгерістердің басым көпшілігін дамыған елдер іске асырады. Салыстырмалы түрде қарасақ, біздің еліміз осы секілді өзгерістерге бейімделу үстінде. Халықтың алдында бұл өзгерістердің жақсы не жаман жақтарын, оның ұлтқа деген әсер-ықпалын дұрыс саралай алу міндеті жүктелмек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек [1]» деп ой қорытады.

Шыныменде, қазіргі заманның басты қайнар көзі – білім. Ескі салт-сана, ырым-тыйымдар барлығы қазіргі заманға сай өзгерістерге түсуде. Себебі, бүгінгі күн - білім мен бәсекелестіктің заманы. Бұрынғы стереотиптер мен түсініктерді дәлелденген, анализ жасалған фактілер мен деректерге сүйене отырып, ғылым және білім арқылы түсіндіруге басымдылық жасалуда. Қазіргі оқыған, білім жолын қуған адамдарды – рухани жаңғырған адамдар қатарына жатқыза аламыз. Неліктен? Себебі, олар әрқашан білімге ұмтылады, өзіндік көзқарастарын ортаға ашық айтады, адалдық пен ар-ожданды бірінші орынға қояды. Бұндай адамдардан құрылған қоғам міндетті түрде көш басында болатындығы сөзсіз. Біздің айтпағымыз, рухани жаңғыру бізге қажет дүние. Бүгінгі күні қазақ салт-дәстүрлері, түсініктері мен әдет-ғұрыптарының кемшіл тұстары кездеседі. Олардың қазіргі заманға сай бейімдеп, тозығын тастап, озығын қалдыру керек. Бұл кемшіліктердің болуы – қалыпты жағдай. Өйткені, әрбір мемлекет өз даму тарихын бастан кешіреді. Сол секілді, біздің де мемлекетіміз даму үстінде. Даму – үлкен бір қадамдарды қажет етеді. Демек, қазақ халқының алдында үлкен қадам жасау қажеттілігі тұр. Бұл дегеніміз - жаңашылдық пен өзгерістерге бейім әлемде, ұлттық санамыз бен білім көкжиегімізді тереңірек жетілдіруге басымдық жасау қадамы. Бұны іске асырушы әр адамның өзі болып табылады. Қазіргі демократиялық қоғамда рухани кемелденген адам болу аса қажет. Адам баласының рухани кемелдену процесін Абай шығармашылығы арқылы іске асыруға болады. Себебі, Абай мұрасы - қазіргі рухани жаңғырумен ұштасады. Данышпан ақынның әрбір шығармасы рухани дамудың, білім мен мәдениеттің асқақ шыңын көрсетуші көмекші құрал. Абай мұрасы - рухани жаңғырудың қайнар көзі болып табылады. Рухани жаңғыру дегеніміз – өз еліміздің мәдениеті мен әдебиетін ұлттық кодымызға сай дамыту, жаңғырту. Неліктен Абай мұрасын - рухани жаңғыру өзегі ретінде қарастырамыз? Себебі, Абай жай ғана ақын емес, рухани дамыған, рухани әлемнің болмыс-бітімін түсінген рухани адам, екіншіден, оның шығармаларының мазмұны қарапайым өмірде кездесетін жағдаяттарды қамтитындығы. Абай әрдайым өз шығармаларында білімнің маңыздылығы мен адамның рухани дамуы қажеттілігін көрсетіп отырады. Бұдан да маңыздысы, әркезде екі жақты көзқарастар арқылы, екі жақты таразылап, өз ойын дәлелдеп көрсетуі. Бұл Абайдың өмірлік дүниетанымының кеңдігін көрсетеді. Мысалы:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,

деген өлең жолдары арқылы өз өмір тәжірибесімен бөлісе отырып, жалпыадамзатқа үлкен өсиет қалдырады. Абайдың осы мазмұндас өлеңдерін оқу барысында, еріксіз «ғылым-білімге ұмтылуға» тырыса бастаймыз. Абайдың осы сарындас көптеген шығармаларын білген сайын, жеке тұлға болып қалыптасудың баспалдағы «оқу-білім» екендігін тереңірек түсінеміз. Абай шығармаларын оқу – рухани азық алу. Абайдың «толық адам ілімі» жаңа зерттеудің қайнар көзіне айналған. Бұл ілімге сүйенер болсақ, адам баласы өз ой-өрісін, сана-сезімін жетілдіру жұмысымен айналысуы қажет. Сонымен қатар, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын адамды «толық адам» қатарына жатқыза аламыз. Адам баласы тек ақыл-біліммен шектеліп қалмауы қажеттігін, оның рухани азығы болатын қайраты мен жүрегі жайлы көп сыр шертеді. «Толық адам» іліміне жету жолының аса қиын екендігін, оған көптеген шарттар қажетті жайлы баяндайды.  Яғни, толық адам болу саты-сатылап жүретін үрдіс деп сипаттайды. Тіпті оған жетпейтіндер де бар деп баяндайды. Бірақ, осы ілімнің негізгі кірпіші ретінде - адамның имандылық қасиетін бағалайды. Иман, адамгершілік жайлы көптеген даналық ойларын қалдырған. Тек, осы сатыға жеткен адамды кемелденген, рухани дамыған адам дейді. Адамның рухани дамуы сатысы ішкі жан дүниесінің кемелдену кезі.Осылайша, рухани жетілудің сатыларын өз шығармашылығына арқау етеді. Рухани жетілген адамның әлемді тану, дүниеге деген көзқарастары өзгеше болады.

Абай қалдырған әдеби мұраны тану – шынайы рухани жетілудің қандай болатындығы жайлы мағлұмат береді. Осы себептен де, Абай шығармаларын зерделеп, тану қажет. Әуелі, Абай шығармашылығын қабылдай алу, ой елегінен өткізе отырып, барлық жағынан ұғына алсақ, онда рухани кемелденудің жолы айқара ашылады. Ең бастысы, шын көңіл және ынта көрсетерлік жігер болса болды. Осылайша «толық адам ілімінің» өзекті ой толғаныстары, моралі - рухани жаңғырудың негізгі мақсаттарына айналуы қажет.

Абай шығармашылығының іргелі құнды туындысы – ғақлия. Қара сөздерін оқып, танысу кезінде Абайдың ерекше сұрақ қою стилін байқаймыз. Қазіргі заманда дұрыс сұрақ қоя білу өте маңызды. Себебі, сұрақ бізді ойландырады, іздендіреді, ой өрісін кеңейтеді. Абай шығармаларында сұрақтың барлық түрі кездеседі. Қазіргі тілмен айтқанда, риторикалық сұрақтар, ашық сұрақтар, жабық сұрақтар. Әсіресе, бұны қара сөздерін оқу кезінде анық байқай аламыз. Бұл сұрақтар философиялық ойларын анығырақ, дәлірек жеткізе түсетін секілді. Абайдың қара сөздері сұрақ қоюдан және сол сұрақтарға жауап іздеуден тұрады. Оқырманға жай сұрақ ретінде қалдырмай, оған өз көзқарасы тұрғысынан толық жауап береді. Бұл өз кезегінде өте жақсы тәсіл болып табылады. Нәтижесінде, оқырман өзіндік көзқарасын оңайырақ қалыптастырады. Абай көзқарасымен өзінің көзқарастарын салыстырады, ой түйеді.

Бүгінгі күні ақын мұрасын жаңаша көзқарастар мен теориялар тұрғысынан талдау міндеті қойылды. Осы үшінші бағыт бойынша көптеген ғалымдар өз зерттеулерін жүргізу үстінде. Ғалым Омаров А. «Бүгінгі Абайтану» атты ғылыми-зерттеу мақалалар жинағында Абайтану ғылымының алдында тұрған нақты мәселелерді бөліп көрсетеді де, соның ішінде «зерттеудің нәтижелерін халық игілігіне – рухани сауықтыруға, рухани-мәдени дәстүрлерін жандандыруға пәрменді пайдалану [2, 6 бет]» атты мәселені атап өтеді. Расыменде, Абай қалдырып кеткен әдеби мұраны рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауда, оқытуда пайдаланған тиімді болып табылады. Бәрімізге белгілі деректердің бірі – Абай мұрасының сан қырлы және ғибрат пен тәлімге толы болуы. Әсіресе, қара сөздеріне назар аударып талдасақ. Қара сөздерінің мазмұны мен мағынасы тек рухани бағыттағы еңбек емес, сонымен қатар, саяси, әлеуметтік, жалпыадамзаттық бағыттарды қамтыған елеулі еңбек. Ғалым Омаров А. «Бүгінгі Абайтану» атты ғылыми-зерттеу мақалалар жинағында: «Тоғызыншыдан он төртке дейінгі алты сөзі Абайдың қазақтың мінез-қылықтарын сынап, мінеген және оны түзеуге, өз сөзінше, «жөндеуге» қатысты өсиеттері» деп бөліп көрсетеді [2, 157 бет].

Бұл қазақ халқының келешегін ойлаған, уайымдаған сөздер. Ұлттың ұлт болып сақталып қалу үшін рухани дамыған, ішкі құндылықтары жан сүйсінер болуы – басты шарт. Әрбір адамның өз ар-ожданын бірінші орынға қойып, оны сақтау мен кір келтірмеу амалын ойлауы барлық қоғамның рухани дамуына негіз болады. Абайдың қара сөздерін оқу арқылы мінез-құлық атаулының адам баласы үшін, қоғам үшін және мемлекет үшін өте маңызды құрал екендігін түсінеміз. Мінездің жақсы-жаман болуы қасындағы адамының, қоғамының және түптің түбінде мемлекет қаңқасының қандай болып қаланатындығының көрсеткіші. Абайдың барлық қара сөздері, тіпті өлеңдері ғибраттық, тәрбиелік функцияны арқалаған шығармалар болып табылады.

Алайда, біз қазақтың мінез-қылықтарына байланысты қара сөздерге тоқталуды жөн көрдік. Өйткені маңыздысы – рухани дамуға негіз болатын шығармаларды оқу, оларды ой елегінен өткізу, түсіну. Сол себептен де, негізгі тақырып ретінде адамның мінез-құлқы жайлы айтылған қара сөздерге тоқталу қажет. Абайдың бұл мазмұнды қара сөздерінің негізгі идеясы - жат мінез-құлықтардан арылу, ғылым-білімнің құндылығын түсіну. Сонымен қатар, Абай өз қара сөздерінде іздендіретін, ойландыратын сұрақтар қоюды басты мақсат қылғандығы жөнінде тоқталдық. Әрбір қара сөзінде кем дегенде үш не төрт сұрақ міндетті түрде қойылады. Бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырмай, әрқайсысына өзіндік көзқарас тұрғысынан жауап жазады. Қойылған сұрақтар арқылы бірнеше саланың мәселелерін бірге қозғауы. Олардың шешу жолдары мен тигізетін оң және теріс жақтарын екі бағытта, сыни тұрғыда саралап беретіндігі. Мысалы, тоғызыншы қара сөзден он төртінші қара сөзге дейін талдау жасасақ.

Абай өзінің тоғызыншы қара сөзінде: «қазақты жақсы көремін бе, жоқ па? [3, 25 бет]» деген сауалды өз-өзіне қояды. Кейін, бұл сауалға өзі жауап береді. Бұл қазақ халқын зерттеу, оны дұрыс жолға бағыттауға кіріспе сөз болып табылады. Жалғыз осы сұрақ арқылы көпшілік халықты ойландыруға, осы сауалдың терең мағынасына үңілуге үндейді. Тіпті, бұны оқыған әр қазақ баласы өзін жөндеуге, бойындағы жаман-жақсы мінез-құлықтардан арылуға тырысады. Әлбетте, бұл қара сөзді оқу барысында оны ұғына, түсіну қажет. Сонда ғана Абайдың сөздерінің терең екендігін сезуге болады. Бұл қара сөзінде үлкен психологиялық сезімдер мен эмоционалдық бояуларды көре аламыз. Бұны Абай өзіне қарата жазған үзіндіден анық байқаймыз. Мысалы, «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін! Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? - еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге [3, 25 бет]» дейді.

Келесі оныншы қара сөзіне назар аударсақ. «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассың дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» [3, 25 бет] деп жазады.

Абай қазақ баласына «бала жайында» сауалдар қою арқылы, жалпыадамзатқа адамның жасайтын қателіктері мен жат мінез-құлықтарын әшкерелейді. Бүгінгі күні өзекті тақырыптардың бірі – бала тәрбиесі, ата-ана қызметі. Аталған қара сөзінде осы тақырыпқа әртүрлі сұрақтар қояды, әр сұрағы логикалық бірізділікпен себеп-салдарлық жүйелікте құрылған. Қойылған сауалдардың жауабы ретінде - ғылыммен айналысу және жат мінезден аулақ болу нәтижелерін көрсетеді. Мысалы: «...Құдай тағала саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал көріп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұтарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – құдайдан тілегендік емес. Бұл – абыройың, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік» [3, 29 бет] деп, ғылым-білімнің артықшылығы мен адам баласына тән қуат, ар, намыс сынды қасиеттердің орнын ерекшелеп, маңыздылығын жоғарлатады.

Он бірінші қара сөзінде жат мінез-құлықтардың қатарына жататын «бұзақылық пен ұрлық» деп нақты көрсетеді. Адамды бұрыс жолға салатып, жаман іс-әрекеттерге апаратын осы қасиет дейді. Оларды былайша сипаттайды: «Ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылып алып, тағы да байимын деп жүр... Екінші – бұзақылар біреудің ойыңда жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр» [3, 31 бет]. Байқағанымыздай, Абай осы мінез-құлықтарды сынайды, олардың адам бойында тек мал табу үшін, жоқ пәдені ойына салып, азғырғалы әлек болу ғана бар дейді.

Он екінші қара сөзінде иман жайлы, оның екі шартқа назар аудару қажеттігін айтады. «Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» деп жазады [3, 33 бет]. Демек, иман мен еңбекті қатар алып жүру керек дейді. Өмір бойы оқу қажет, оқудың қажеттілігі өте жоғары деген идеяны көрсетеді. Дәл осы идеяны он үшінші қара сөзінде толықтыра түседі. Мәселен, «Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі - не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі - кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз» [3, 35 бет]. Иманның сенімділігіне шарттар қойып, соны аша түсуді көздеген. Иманы берік адамның рухы мықты, ары таза болатындығын айтады. Иманды берік ұстау үшін адам баласы күресуі қажет, мың кісі түрлі іс жасаса да, оған еліктемей, өзіңді тәрбиелей алуға, көңілі қозғалмастай мықты болуға үндейді.

Ал, он төртінші қара сөзінде «жүрек» жайлы баяндайды. Осы қара сөзінде терең ақыл-өсиет жатыр. «Жүрек ісі дегеніміз – мейірбандылық пен рақымдылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді деген қасиеттерді жинақтауды айтамыз» [3, 37 бет]. Қазіргі күні басым көпшілігінде іш тарлық, қызғаныш сезімдері басымырақ. Осындай жат мінез-құлықтан арылу жайын сөз етеді. Осыған қоса, жүректе қайрат пен жігер болуы жайлы сөз етеді. Оларсыз ақылдың сөзін ұғына алмаймыз деп ашық айтады. «Үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі? деген сауал қалдырады. Аталған қара сөздердің көтерген проблематикалары қазіргі қоғамның ең маңызды, өзекті мәселелері.

Жоғарыдағы пікірімізді нығайта түсу мақсатында «Абай және рухани мұра» атты Халықаралық онлайн конференцияның материалдар жинағындағы, ғалым Мырзатай Жолдасбековтың мақаласынан алынған үзіндіге назар аударсақ: «Абайдан сөз қалмаған. Қазақтың табиғаты, болмысы, қайтсе адам болатыны жөнінде айтқан ұлағатты сөздерін бойға, санаға сіңіру, ұлы ақынның бай мұрасынан ғибрат алу бұрынғыдан да бүгін керегірек болып тұр. Сондықтан да күн сайын Абай рухымен сырласып, кейде, тіпті ол кісімен мұңдасып, елдігіміздің, ендігіміздің жайын кеңірек ойласып отырғанымыз дұрыс болады» [4, 29 бет] деп қорытындылайды.

Расыменде, жаңа технологиялар мен жаңаша техника дамыған қоғамның ең үлкен қиындығы – адамның рухани жетілмеуі. Бұрын халықтың басым көпшілігі білмегендіктен көп дүниелерге көз жұма өмір сүрді. Қазіргі күнгі адамдар білімді, ақылды бола тұра, рухани құндылықтардан гөрі, өзге құндылықтарға басымдықты саналы түрде беретіндігі, расыменде, өкінішті. 

Ғалым Омаров Д. «Абайтану» атты еңбегінде «Абай мұрасын дұрыс түсініп, оны барынша дұрыс пайдалана білу үшін, данышпанның өміріне де, оның шығармашылығына да жаңаша көзқарастың керектігін» [5, 7 бет] баса айтып көрсетеді. Абай мұрасы – әлі күнге дейін зерттеліп келе жатқан, мән-мағынасы жойылмаған құнды мұралардың бірі. Абайдың өлеңдері, поэмалары мен қарасөздерінің мән-мағынасы мен мазмұны әрдайым ғибратты, оқырманға тигізер пайдасы мол, құнды болып табылады. Абай шығармалары – қазіргі заманның көреалмаушылық, мал құмарлық, тойымсыздық сынды қасиеттерді жоюға, адамның ішкі жан дүниесінің маңыздылығын ұғындыруға, рухани тұрғыда дұрыс жолға түсуге бағыттайды.

Абай мұрасының тағы бір қыры – қоғамда орын алып жатқан түрлі проблемаларды дөп тауып, оның салдары мен нәтижелерін дұрыс анықтап көрсетуі. Әуелі, Абай шығармаларының еліміздің сана-сезімі мен дүниетанымына айтарлықтай ерекше бетбұрыс жасағандығын атап өткеніміз дұрыс болмақ. Шынында да, Абай шығармалары тың ойлар мен жаңа көзқарастарға толы. Екіншіден, білім-ғылымның маңыздылығын әрбір еңбегінде сөз етеді. Қазір де білім аса өзекті екені, тіпті бұрынғыдан да маңызға ие екендігі мәлім. Бұл біз үшін құнды болып табылады. Абайда әрдайым «болмасаң да, ұқсап бақ» деп дұрыс жолға бағыттайтын рухты шығармалар мол. Ия, бәлкім сенің мал-мүлкін жоқ болуы мүмкін, өзгелер секілді биік белестерді бағындырмауын мүмкін. Сонда да, алдына мақсат қойып, оған ұмтылыс жасаудың мәні мен нық қадам жасаудың қажеттілігін дәріптейді. Оған жетудің қозғаушы күші ретінде білім мен қажырлы еңбекті көрсетеді.

Ғалым Картаева А.М өз монографиясында «Абай мұрасы – Адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан-жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары» [6, 85 бет] деп көрсетеді. «Абай мен Мұхтар Әуезов: рухани сабақтастық пен көркемдік тұтастық» атты тағы бір еңбегінде Абай мұрасының зерттелу тарихы мен ғылым ретінде дамуы барысын баяндайды. Ғалымның айтуынша «1889 жылдан басталып, бүгінде қазақ мәдениетінің, ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған үлкен саласына айналды» [7,5 бет] дейді. Көптеген ғалымдар мен әдебиеттанушылар, мысалы Қ.Жұмалиев, Р.Бердібаев, Т.Тебегенов, Ө.Әбдиманұлы, А.Ісімақова сынды ғалым-зерттеушілер өз үлестерін қосты. Бұдан бөлек, «Абайтану» атты ғылымның іргелі дамуына да жағдай жасалуда.

Айтпағымыз, бүгінде материалдық қажеттіліктерге басым назар аударатын қоғам, рухани-моральдық құндылықтардан бас тартып, соның салдарынан рухани құлдырауға ұшырайды. Қазіргі замандағы оның сыртқы келбеті ретінде жемқорлық сынды жат қасиеттерді атай аламыз. Адам қоғамды құрайды, қоғам бір ұлтты, ұлттар мемлекетті құрайды. Демек, адамдардың басым көпшілігі рухани құндылықтарын жетілдірмесе, ол тұтас қоғамға, мемлекетке зиян тигізбек. Егер адамдардың адамгершілік санасы жетілмесе, демек, сол қоғамның өркен жаюы да қиын болмақ. Осыған ұқсас дүниелердің алдын-алу үшін, түзету үшін Абай мұрасынан нәр алу қажет. Себебі, Абай өз халқының дамуы, елінің озық болуы үшін еңбек еткен, болашақ жастарды дара жолға сілтеген ұлы ойшыл. Қазақ ұлтының келешегін, жастарының мүддесін, қамын ойлағандығын дәлелдейтін қазба байлық, артынан қалған құнды мұрасы екендігі даусыз.

Қорыта келе, қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының шығармашылығы қазақ халқының рухани кемелденуіне, жат мінез-қылықтарды жою және осыған ұқсас өзге рухани мәселелердің дұрыс шешу жолдарын ұсынған шексіз зор мұраның бірі. Одан бөлек, Абай шығармашылығы бүкіл бір ұлттың мәдениеті мен біліміне көмекші құрал болуымен құнды. Себебі, Абай халқымыздың дамуы мен адам баласының «адам болу» қағидаларын көрсетіп бағыттаған. Оның әр түрлі тақырыптағы ой-толғамдары бүгінгі күні өз орнын табуда. «Неліктен?» «Қалай?» сынды сұрақтарға жауап береді. Абайдың кез-келген шығармасын алып қарастырсақ, көтерілген тақырыбы мен айтар идеясы халықтың дамуы мен толық адам болуымен ұштасып отырады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy

2. Омаров А.Қ. «Бүгінгі Абайтану». Асан Қайырбекұлы Омаров. Ғылыми-зерттеу мақалалар жинағы. – Семей, «Интеллект», 2011. – 262 бет

3.  Абай «Қара сөз». –  Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2011. – 184 бет
4. Текесбаева Н.Н., Кнабаева Д.Т. «Абай және рухани мұра=Абай и духовное наследие: Халықаралық онлайн конференцияның материалдары». – Нұр-Сұлтан, 2020. – 139 бет 

5. Омаров Д. «Абайтану: немесе ұлы ойшылдың рухани кемелдену туралы ілімі. Жалпы білім беретін мектептің 10-11 сыныптарына арналған оқу құралы. - Өңделіп, түзетілген 2-басылымы. – Алматы: «Мектеп» баспасы  ЖАҚ, 2002.  - 216 бет

6. Картаева А.М., Актасова Р.О. «Тәуелсіздік кезеңіндегі абайтану». Монография. Өскемен, 2016. – 96 бет

7. Картаева А.М. «Абай мен Мұхтар Әуезов: рухани сабақтастық пен көркемдік тұтастық». – Алматы, 2010. – 380 бет