«Абай әлемі» байқауында 3 орынға ие болған І. Жансүгіров атындағы
Жетісу университетінің 3 курс студенті
Касенова Талшын Талғатқызы
Құрметті «Абай әлемі» ұжымы сіздерге алғыс білдіре отырып, ұжымдарыңызға шығармашылық табыс пен зор жетістіктер тілеймін. Жұмыстарыңыз әрдайым ілгері және нәтижелі болсын. Әрқашанда көңілдеріңіз жайдары, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз берекелі болғай.Ұжымдарыңыз тәжірибесі мол,біліктілігі жоғары, зор беделді мамандармен толықсын. Игі істеріңіз қашанда оңға басуына, әр қадамдарыңыздың қарымды болуына, ел мен қоғам алдында абыройларыңыздың арта беруіне тілектестікпін. Бүгінгі жас ұрпақты қолдар осындай ізгі байқауларыңыз үшін рақмет. Мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын!
АБАЙ МҰРАСЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ӨЗЕГІ
Аннотация.
«Абай – дана, Абай – дара қазақта». Ұлы ақынға берілген бұл баға ғасыр асқан сайын салмақтанып келеді. Себебі, Абай – ұлы ақын, пайымды философ-гуманист, композитор. Ақын шығармаларымен терең танысқан ойлы оқырман оның халық педагогы, психологы, заңгері екеніне де көз жеткізеді. Абай өлеңдері дәуірдің дертін дөп басып, одан айығудың алтын ережесі мен емін қоса ұсынады. Мұнымен қоса, ол қазақтың ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрін терең түйсінген. Содан болса керек, оның шығармалары халық қазынасынан бастау алып, жұртының болмысына етене бойланған.
Қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғаның шығармалары жан-жақты зерделеу үстінде. Алайда, ғалым Рабиға Сыздық «Абай тілінің зерттелуі» атты кең көлемдегі мақаласында ақынды зерттеу соңғы 10 жылда біршама тоқырауға ұшырағанын мойындай келе, олқылықтың орнын толтыруды ұсынады. Бізде осы мақсатты ұстана отырып зерттеу еңбегімізде ақын шығармаларының рухани, ғылыми құндылығын шама-шарқымызша зерделеуге бел будық. Сонымен бірге, Абайдың сөз шебері атанып, ақындық қырының ұшталуына әсер еткен бірнеше факторларды алға тарттық. Абайтанушы ғалымдар көп қалам тербемеген экономикалық, шаруашылық көзқарасына тереңірек көңіл бөліп, өлеңдері мен қара сөздері арқылы мысалдар келтірдік.талдау жүргіздік.
Кілт сөздер: өлең, ғақлия, экономикалық көзқарас, абайтану, поэтика, Абай тілі, жанр.
Абай мұрасының рухани құндылығы
Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған дара тұлға. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың тоғысындағы қазақ болмысына бекіген бойкүйездік, мақтангершілік үшін мал жию, білім биігіне ұмтылмау, өсек-өтірікке үйір болып, өнер үйренбеу, жалқаулыққа жол беру сынды адам бойындағы жаман қасиеттерді сын садағына ілген адуынды ақын. Абайдың өзіне дейінгі ақындықты ту еткен тұлғалардан басты артықшылығы – туған халқының менталитет мәселесіне тура, реализм деңгейінде қарауы. Биліктің көзі, байдың көңілімен санаспай, қоғамның ащы шындығын шімірікпей өлеңге қосқандығы. Оның өлеңдері сылдыр сынақтан ада. Ақын өзі су бетіне көтерген келелі жайттардың шешімін қатар ұсынған. Мәселен, баршаға мәлім «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін алайық.
Бес нәрседен қашық бол.
Бес нәрсеге асық бол
Адам болам десеңіз.
Тілеуің өмірің алдыңда
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз. [1]
Абай осы өлеңі арқылы адамдық алғышартын түйіп, қулық-сұмдықтан жанды жырақтатып адам болам деген барлық пендеге паралельді тұрғыда мәселенің екі шешімін көрсетеді. Шынтуайтында ұлы ақын өлеңдерінің тұтас табиғаты шешім ұсынумен ұштасады. Сөзіміздің дәлелді дәйегін ақынның «Пайда ойлама, ар ойла» өлеңінен де көруге болады.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге. [1]
Осы төрт тармақтағы көтерілген мәселе мен одан шығар жолды талдап көрейік. Ұлы гуманист, әуелі, пайдакүнемдіктен сақтанудың ең дұрыс нұсқасы арды таза ұстау десе, таза арға жетудің бағыты артық білуге талаптанумен байыпталады. Ал артық білімнің құлпын тек кітаптан табамыз. Ол үшін еріншектіктің етек-жеңін жию ләзім.
Осыдан-ақ, Абай мұрасының қазақ даласын мекен еткендердің рухани азығы бола алатынын аңғарамыз. Ақынның өзі шыққан әлеуметтік ортасы жоғары болғанымен болдым-толдым деп қана қоймай, бар қазақтың көңіл көзі ашық, тоқшылықта ғұмыр кешкенін қалады. Сондықтан, өлеңдері мен ғақлияларында еңбектің ебін, кәсіптің көзін табу үшін көрші жатқан елдердің үлгісін көп келтірді. Ондағы басты мұраты – халқының қараң қалмай жер жыртып, егін салып, оқу іздеп, адал саудадан несібесін айырсын дегені еді.
Абайдың мол мұрасының батпан салмағы жыл жылжып, уақыт озған сайын ауырлап, өзегі тереңдеп келеді. Жалғанда жалығып, жан-дүниесі жабыққанда, етерге іс таппай сандалғанда, өмірдің кез келген тосын жағдаятында не істерге жол таппаған жан ақынның шығармаларымен терең танысса жүрек үнін тыңдап, сабырдың қайнарына бойлайды. Сұрағының жауабын тауып, алдағы мақсатын адаспай табары хақ. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірін алға тартамыз: «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрыстығын сараптай аламыз. Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын. Абай армандары – тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Асыл ұстаз өсиет еткен абзал мұраттардың тек қиял боп қалмай, нақты шындыққа, нақты әлеуметтік болмысқа айналар-айналмасы мына біздерге байланысты», [2] - деп ой түйеді. Демек, ақынның шығармашылық мұрасы халқымыздың шамшырағы. Қазақ топырағы тудырған ұлы тұлғаның толғаныстары қиындыққа қасқая қарсы тұратын таптырмас шешім.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ойшылдың рухани мұрасын өз биігінде бағалайды: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Ғұлама Абай – күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз». [2] Яғни, ғұламаның барлық туындысында тәрбиелік мән тұнып тұрғаны дәлілдеуді қажет етпейтін аксиома.
Абайдың төл өлеңдерінің саны , тақырыбы аясында нақты тоқтам жоқ. Оның 1995 жылы жарық көрген екі томдық жинағында лирикалық өлеңдерін 170 деп, үш жұмбағын қоса үстемелегенде 173 делінген. Ал бүгінгі күні абайтанушылардың зерделеуінше көрсеткіш 192-ге жеткен. Ақын өлеңдерінің өсіп отыруы заңдылық! Себебі, соңғы жылдары ойшылдың мұрасын зерттеу, іздеу қарқыны қарыштап дамып келеді. Осы бағытты басты серік еткен зерттеушілер абайтану әлеміне өзгеру мен даму тән екендігін қадап айтады.
Абайтану да технологиялы, гуманитарлық басқа ғылымдар секілді жанды құбылыс. Демек, оған да толығу, жаңғыру тән. Қазақ маңдайына біткен дара тұлға орыс, неміс, шығыс классиктерінің туындыларын өз тілінде сөйлеткен. Олардың жиын саны – 30. Қара сөздері мен 4 мақаласы тағы бар. Абайдың алғашында жырларын Көкбайдың атымен баспаға беріп отырғанын ескерсек, статистика уақыт өте келе өзгеруі де ғажап емес. Дегенмен ақын өлең ауылын 40 жастан асқан шағында ғана тұрақты мекен етті. Оның өлеңдерінің санын бүгінгі ортаңқол ақындардың туындылармен салыстырсақ аздау. Абайдың нағыз ақындық қуаты толысқан шағында ел арасындағы араздықты шешуге ат салысқанын пайымдасақ, салыстырмалы түрде бұлай болуы да орынды.
Абайдың ақындық қырының ашылуына әсер еткен факторлар
Ұлы ақынның өлеңдерінің санын екшегенімізбен, оның туындыларының мағыналық қуатын өлшеу мөлшерге сыймайды. Себебі Абайдың ақындық қыры заманның шындығынан шыққан алпауыт күш. Ойшылдың ақындық өнері өзінен бұрынғыларды қайталамай, соны сөз өрнегін құра білді. Ал кейінгілерге сырлы, сұлу сөздің келелі үлгісін көрсетті. Абайтанушылар Ибраһим Құнанбайұлының ақындық қырының ашылуына әсер еткен бірнеше факторларды алға тартады. Зерттеу мақаламызда біз де бірнешеуіне тоқталайық.
Оның ақындық қуатының толысқан шағы қазақ даласына Жаңа Низам ережесінің енуімен тұспа-тұс келеді (1870 жыл). Абайдың ақындық дәуірінің қалыптасуына қоғамдағы саяси-әлеуметтік орта шындығы, уақыт тудырған тарихи өзгерістер әсер етеді. Менің ойымша, Абайдың ақындық қырының ашылуына әжесі Зеренің ертегілері мен Құнанбай шаңырағына енген айтулы тұлғалардың ықпалы да зор болды.
М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында: «Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» - бәрі де айтылды» деген тармақтардан бала Абайдың қиялының ұшқырланып, сөздік қорының молаюына әжесі Зеренің әрекеті мен әңгімелері түрткі болғанын жеткізеді. Автор эпопеяда Абайдың сөз өнеріне бейілді болғанын аңғартады: «... өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен «Жүсіп-Зылиқа» сынды қиссаларды оқып береді. Шешелеріне ұғымсыз болған түрік тілінің жеке сөздерін жолшыбай қазақшалап отырады» [3] деуі арқылы Абайдың ақындық әлеуетінің әлденуіне туған халқының әдеби мұрасы да септескенін тілге тиек етеді. Сондықтан ойшылдың сөз өнеріне жетіктігі бала жастан бастау алған.
Абайтанушы ғалым М. Мырзахметұлы тұлғаның ақындық болмысының толысуын халқының салт-санасымен де байланыстырады. Зерттеушінің пікірі эпопеяның «Қайтқанда» атты алғашқы тарауында айқындала түседі. Қонақжай ұлтымыздың жыр өнеріне Абай Барлас пен Байкөкшенің бір ай жырлаған өлең-термелері арқылы терең бойлайды: «...ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Ал оңашада ол өз жырларына Асанқайғы, Бұқар жырау, Марабай, Шортанбай, Шөже ақын – бәрін қоса Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын айтып берді.» [3]. Осы баяндаулардың әсері болса керек, Абай кейіннен тарихи шындыққа негізделген «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмаларын жазды.
«Абай жолында» Абайдың бұған дейін шығыс ақындары Низами, Науаи, Физулиді дастан шеберлері деп танығанын түсінеміз. Осы ой ықпалымен оның алғашқы жырларының бірі «Фзули, Шәмси, Сәйхали» деп басталатын төрт тармағы туады. Бұл деректерге қоса, эпопеядағы Абайдың аз уақыттағы болыстық билігі замана шындығы туралы талай өлеңнің туындауына септесті. Сонымен бірге, қарт Шыңғыстаудың етегіндегі тамаша көрініс – ақын шығармаларындағы табиғат лирикасын тудырды.
Сонымен бірге, гуманистің ақындық атына мініп кең көсілуіне, ойының өрістеуіне Семейден, өзге қалалардан алдырып оқитын кітаптарының оң әсері болды. Неміс, орыс, шығыс классиктерінің шығармаларына қанып өскен ол қазақ өлеңіне бірнеше жаңа поэтикалық құбылыс енгізді.
Қорытындылай келе, эпопеядағы тағдырлы оқиғалар, суреттемелер Абай шығармаларының қайнар бастауы болса, оның өмірбаяны – өлеңдерінің өзегі екеніне көз жеткіздік.
Абай шығармаларының ғылыми құндылығы
Ұлы Абай шығармаларының қамтитын тақырып төңірегі кең ауқымды. Қазақ болмысына бекіген, халық тіршілігінде, мінезінде табылатын бар қыр-сыр терең қаузалады. Абайтанушылар ақын шығармашылығын тақырыптық тұрғыда зерттеуді тоқтатқан емес. Бұл заңды да. Абай шығармаларын өсу жағынан, хронологиялық тұрғыдан, эволюциялық жолын ашу, тақырыптық салмағын тексере түсу керек. «Абайтану» ғылымының қазіргі сатысында ойшылдың туындыларының жанр өзгешеліктері аз екшеліп тексерілгендіктен, оларды аталған сала зерттеушілері былайша жіктейді:
- Абайдың лирикасы (ақынның көпшілік шығармасы осы жанрды қамтиды);
- Абайдың поэмалары;
- Абайдың аудармалары;
- Абайдың қарасөздері;
- Абайдың композиторлық еңбектері. [4]
Абай шығармаларының ғылыми ашылуларын екшегенде, ең әуелі, ақынның қазақ қара өлеңінің буын санына байланысты енгізген жаңалығын сөз етеміз. Ол бұрыннан белгілі 7-8 буынды өлең түрлеріне 11 буынды өлең өлшемін қосып поэзияға ерекше қолданыс енгізді. Абай өлеңдері тұтастай мазмұны тұрғысынан жаңа, көркемдік техника тұрғысынан айрықша болды. Оның ойы мен қаламынан жаңа 17 өлең түрі қазақ өлеңі тарихына қосылды. Оның ішінде ұйқасы мен буыны өзгеше өрілген «Сегіз аяқ» өлеңі мен 16 тармақтан құралған «Сен мені нетесің» деген өлеңдері тек қазақ поэзиясына ғана емес әлем поэтикасына қосқан үлес, теңдессіз тапқырлық болды. Көпшілікке беймәлім тағы бір айта кететін жайт, Абайдың бізге белгілі «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесінен» бөлек ғылыми қолданысқа, айналымға тарамаған, толық нұсқасы табылмаған «Уадим» деген поэмасы бар.
Абайтанушылардың пікірінше ұлы ақын өлеңді көркем сөзбен ғана кестелемей, әр тармағында бір мәселе, бір тоқтам шығарған алғашқы ақын. Осы үрдістен түркі, араб, иран, парсы және тағы басқа халықтың сөз зергерлері үлгі алды. Өз тілдерінде назиралық бағыттағы естеліктер де жазған. Жалпы ақын өлеңдері әлемде кең қолданысқа ие 10 тілге тәржімаланған. Жыл өткен сайын бұл үрдістің керегесі кеңейіп келеді. Мәселен, Абайдың 175 жылдық мерейлі датасы шеңберінде оның шығармаларын 30 тілге аудару ісі қолға алынды. Бұдан бөлек 49 прозалық туындысын көршілес Ресей Федерациясы тәжірибелі аудармашы, жазушылармен бірлесе отырып 10 тілге аударып, баспада жариялауды қолға алды. Ғасырдан ғасырға актуальділігі асып, тәрбиелік мәні тереңге бойлап келе жатқан ақын туындылары біздің халықтың, бір дәуірдің айнасы. [4]
Абай өлеңдерін оқып, танысқан жан оның тіл көркемдігін, өзгеше сөз саптауынн, тауып айтқан тапқырлығын, өмірдің өзінен алған мысалдарына таңдай қақпай тұра алмайды. Оның туындыларында қазақтың кең оралымды, шұрайлы тілі шегіне жете пайдаланылған. Ұйқас ұтымдылығы, тармақтары мен шумақтарындағы логикалық байланыс бас-аяғы жұп-жұмыр. Абайдың өз сөзімен келтірсек, арасы бөтен сөзбен былғанбаған, айналасы теп-тегіс жыр жолдарының поэтикалық ерекшеліктері де жоқ емес. Ақынның өлеңдеріндегі оқиғалы, сюжетті тізбектердің жиі ұшырауы өткен әдебиетпен астастыра отырып, өзіндік қолтаңба қалдыруы байқалады. Себебі, дара тұлға XV – XVIII ғасыр арасындағы адам әрекетін бейнелеу арқылы заман көрінісін шебер суреттеген. Оның осындай толғау түріндегі поэзиялық шығармалары да жанрлық, стильдік, мазмұндық тұрғысынан төл әдебиетіміздің жан-жақты дамуына ықпал етті.
Абай тудырған келесі ерекшелік толғау стиліндегі өз жан-дүниесі мен көңілінің қалпын жырлайтын өлең жолдары. Бұл жанрлық түр туралы жазушы Мұхтар Әуезов мынадай пікір білдіреді: «1989 жылы жоғарыда санауымыз бойынша, Абайдың тоқтаған тағы бір тақырыбы бар. Ол – бұдан бұрын да ақын шығармаларында бізге таныс болған көңіл лирикасы. Өз ойымен халық мұңын қоса мұңдап ойшылдық, сыршылдық үлгіде туындаған терең толғаулары». Аталған тақырып аясын ақынның мына өлеңдері толықтырады. «Қажымас дос халықта жоқ», «Сегіз аяқ», «Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Сап, сап көңілім», «Ішім өлген, сыртым сау» және өзгелері. Түсінікті болу үшін тақырыпты айғақтайтын өлең жолдарын алдарыңызға тартамыз.
Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау;
Бүгінгі дос ертең жау
Мен не қылдым япырмау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді айтса дау [1].
Абайдың қазақ поэзиясына қосқан жаңашылдығының бірі – лирикалық өлеңдердегі адам бейнесін арнау мен жоқтау жанрларында жасау, суреттеу мәселесі жүзеге асты. Осы стильдегі өлеңдеріне «Дүтбайға», «Кешегі Оспан ағасы», «Көжекбайға», «Күлембайға», «Арғы атасы қажы еді...», «Кешегі өткен ер Әбіш...», «Тұл бойың ұят-ар едің...», «Жиырма жеті жасында...», «Талаптың мініп тұлпарын...», «Орынсызды айтпаған...», «Бермеген кұлға, қайтесің...» т.б өлең жолдары. Аталған өлеңдерінің бірінде өрілген өрнегін мысал етейік («Дүтбайға»):
Жылуы жоқ бойының
Жылмиғаны неткені?!
Құбылуы ойының –
Кетпей құйтың еткені [1].
Гуманистің шығармаларын тұтастай жанрлық зерттеу өз биігінде болғанымен, жекелей тақырып тұрғысынан пайымдау кезегін күтіп тұрған мәселе. Біз осы зерттеу мақаламыз арқылы абайтанушы ғалымдардың назарын осы жайтқа аударғымыз келеді. Ақын шығармаларын педагогика-психология, заң, экономика тұрғысынан зерделеу кенже қалып тұрғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын теңізге тамған тамшыдай болсын толықтыру мақсатында, ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі экономикалық, шаруашылық көзқарасын таразыладық. Туындыларынан мысал келтіре отырып дәйектедік.
Абайдың экономикалық көзқарасы
Абай шығармаларының қай дәуірдегі, қай түрін тексергенде де, ондағы әлеуметтік, тарихтық, мәдениеттік озғын қасиетіне, көркем-шебер классикалық өзгешеліктер нақтылы зерттеумен қатар, ақын өмір сүрген қоғамдағы қайшылықтар, кемшіліктер де нақтылы түрде ашылып жатыр. Соңғы уақытта ғалымдардың назарына ілігіп, бас көтерген таным-түсінік Абай шығармаларындағы экономикалық сипат болып отыр. Абайтанушы, ғалым М. Мырзахметұлы 2020 жылы жарық көрген «Абайтану дәрістерінің дереккөздері» атты еңбегінде ақын шығармаларындағы «шаруа» сөзін экономика ұғымына телиді. Сөзімізге «Замана, шаруа (экономика)» күнде өзгеріп отырады» деген тармақ тұздық. [4]
Негізінде ақынның шығармаларындағы экономикалық көзқарастарын дара тақырып ретінде зерттеу толыққанды жүзеге аспаған. Абайдың тұтас идеясын немесе белгілі салаға пікірталасын, мәселен философиялық пайымын сөз еткенде, зерттеушілер оның экономикалық түсінігін, әдетте, ерінбей еңбек етуге, тән мен жанды басқан бойкүйездіктен бойды алыс ұстап, көзсіз, мақсұтсыз малшылыққа тоқтау салуды, сонымен бірге, сауда-саттыққа ден қою, жер бағып, егін салу, қолөнердің бабын келістіру секілді үгіт-насихат шеңберінде қарастырады. Ішкерілей зерттеп, экономика теория биігінен көтере талдау жүргізу өз дәрежесінде емес. Шынтуайтында, ақынның шаруашылық (экономикалық) көзқарастары басқа да ұстанымдары сияқты шығармашылығының белгілі өрнегін, тілдік қорын құрайды. Мәселен, өлеңдері мен қара сөздерінде ақын «бай», «байлық», «базар», «еңбек», «счет», «сауда», «сату», «пайда», «мал», «сомалап ақша», «алтын», «есеп» тағы басқа экономикалық терминдерін қолданған.
Абайдың экономикалық таным, көзқарасын бұған дейін зерттеушілер экономикалық пайымдары ақынның өлеңдерінен гөрі лұғатында (қарасөздерінде) жетік әрі анығырақ жеткізілген деген пікірді айтады. Дегенмен, біз, тақырыпты зерттеу барысында өлең шумақтарында да экономикалық көзқарастардың біразын анықтадық. Біздіңше, ойшылдың аталған салаға көзқарасы өлеңдері мен қара сөздері таразыда тең. Ескеретіні, ақын экономика түсінігін өзі өмір сүрген дәуірдің шындығынан мысал келтіре отырып, болашақты да байыпты болжай білген. Асылында, Абай шығармалары кез-келгеннің тығырыққа тірелгенде, өрнекті өлең іздегенде, сындарлы шешімді қажет еткенде, өмірдің сан соқпағында адастырмас бағдаршамды керек еткенде сүйенетін, сүйетін асқар шыңы.
Абай туындыларынан экономикалық таным мысалдары
Ақын Абай өзі өмір сүрген заманның экономикалық қуатын төрт түлік малмен бағалайды. Алайда арын, жанын малдан жоғары бағалап, өмірдің бар рахатын соған теңейтіндерге налиды. «Мал үшін тілін безеп жанын жалдап, Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап... Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап, жиса да, бай болмапты, қанша малды ап» [1]. Абай жанын жалдап, өзгені алдап немесе ұрлық-қарлықпен келген малдың қайыры болмайтындығын көп айтады. Тағы да ақынның өз сөзіне жүгінсек, мұндайдың «Пайдасынан бой суыт», - дейді.[1] . «Мал бақпақтық шаруа боп, Адал тауып асықпай. Құр айғаймен әуре боп, Өнердің жайын баса ұқпай» [1]. Демек ойшыл адалдан еңбек етпей экономикалық жағдай тұрақты болмайтынын баса айтады. Ондайлар «Мал жияды мақтанын білдірмекке», «Мақтанға бола жиям деп, Жылқы үшін жұртқа бас ұрма» [1] деп қорытады. «Ақыл бітпес дәулетке, Дәулет бітпес келбетке» [1]. Яғни, қанша жерден жаратуға қимай, мақтангершілік үшін жиған мал бір жұттық екенін, еңбек етпесең құр келбетке дәулет бітпейтінін шегелейді.
Білгір философ болашақтың байлығы, экономикасы тек білім мен өнермен ғана қанат жаятынын көрегендікпен дөп айтады. «Тұрлаусыздың қолынан не келеді, Ынтасыз қайтып өнер үйренеді? Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп, Сендіре алмай, сене алмай сенделеді» [1]. Ұстанымы осы тармақтағы мағынаға саятын жандарға «Пайда көрсең бас ұрып, мақтанды іздеп қайғы алма» деп кеңес береді. Ұлы ақын пайдалы байлықтың кілті еңбек дейді. «Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей» болмақ [1]. Әлеуметтік ахуал дұрыс болу үшін «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел» дей келе, «Тәуекелсіз талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас еріншек адам болмас, Есек көтін жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас... Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар» [1]. Бұл ойда да Абайдан асып айта алмаспыз. Демек, «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей». Осы өлең жолдарын қазіргі заман көшіне ілестірсек, кәсіптің көзін, еңбектің ебін тапқан елдің, жер асты, жер үсті байлығын өзі игеріп, өзі меңгерген елдің экономикалық жағдайы шатқаяқтамайды. Ақын мысалдарынан аңғарсақ, халқын «Көгалды қуып, ән салып» жүретін шегіртке болмай, «Жаның үшін шаруа» ететін құмырсқадан үлгі алуға шақырады. «Ауызға келіп түс дейміз, Қылып жүріп құр салдық» тармақтары да шегірткенің күйін кешпей, дайынға қол жаймай, байлықтың, барлықтың кілтін еңбектен табуға үндейді [1]. «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» [1] деген ұлы ақын «Жан аямай кәсіп қыл» деген тоқтам ұсынады. «Орынсыз ыржаң, Болымсыз қылжаң, Бола ма дәулет нәсіп бұл?» тармақтарымен жоғарыдағы ойды жалғай түседі. Дана Абай бір кәсіп пен шаруаға байланбай, экономикалық халді түзеудің жолы ретінде «Сегіз аяқ» өлеңінде тиянақты білім, адал сауда, егін салуды көрсетеді:
Егінні ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде [1].
Ал кері жағдайдағы кедейлік, тұрлаусыз экономиканың қазығын ақын «еріншіктікке» әкеп қағады. «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бәрі осыдан шығады» [6]. Кісіні еңбек қылып, мал табуға ұйытқанда, Абай оның мал тауып, мыңғырған бай болуын мақсат етпейді. Мал тауып байлығын адамның «сол малды сарып қылып, ғылым табуы керектігін» насихат етеді. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп адам баласының малын сарып етіп тапқан білімі экономикалық қуаттылыққа бастайды. [6].
Ойшылдың экономикалық көзқарастары қарасөздерінде де кең көрініс табады. Лұғатының ішіндегі үшінші сөз, он бірінші сөз, отыз үшінші сөз, қырық екінші сөз біздің нысаналы зерттеу тақырыбымызға арналады. Талаптан бастау алған еңбек пен білім ұштасса, шаруа да қос аяқтан нық тұрады. Ақын әуелгідегі экономикалық көзқарасы кәсіптің бірнеше саласын қамтиды: а) мал бағу; ә) қолөнер үйрену; б) егін салу; в) сауда жасау; г) оқу оқып, білім алу; д) ұстаздық қылу. Осылайша ақын мал тапқысы келген кісінің, экономикасы күйлі елдің мал табу, кәсіп ашу жолдарын, оны жұмсаудың жайын шығармаларында жіліктеп береді. Ақынның: «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» [5] «Өнер өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын» [5] деген ойлары жоғарыдағы пікірлерге өзара тоғысып, экономикалық көзқарасы кемелдене түседі. Шаруа шайқалмау үшін «егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге салыну керек», - дейді. Сөйте отырып, халқына «еңбектің ебін, сауданың тегін үйреніп», «ар сатпай, еңбекті сатуды» үлгі етеді. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» [5]. «Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп ел секілденіп іс қылса» экономика да аумалы-төкпелі бола қоймас.
Ақынның он жетінші сөзіндегі мына тармақ ойымызды жалғай түседі: «Тоқ тіленші – адам сайтаны. Харекетсіз сопы – монтаны» [5]. Сонымен Абай замандастарына мал табуға қарсы кеңес бермейді. Керісінше, мал байлап, қажет шақта малды білімге арнауға талап қылады. Себебі ақын түйсігі болашақтың іргелі экономикасы білімді азаматтардың қолымен құрылатынын білді. Абай заманындағы қазақ экономикасының жалғыз сарындылығы мен тар өрістілігі ойшылдың аталған тақырыптағы аяқ алысының алшаң болуын терең қамти алмайды. Дегенмен де, Абайдың экономикалық көзқарас-пайымы еліміздің экономикалық теориясының болмысқа сай тарихының әліпбиі бола алады.
Қорытынды
Ұлы Абайдың биографиясы, өлең-жыр, ғақлияларымен терең таныс жазушы М.Әуезов оның ақындық лебі мен ойшылдық үнін заманның бар тынысына балаған:.«Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні», - деп оның шығармалары туған халқы мен заманмен тел жетіліп, дамитынын дөп басқан. Уақыт керуені заңғар жазушының бұл тұжырымын айғақтады. Себебі, ақынның туындылары ғасыр өтсе де жауһар жаһұттай жарқырап, сан қыры ашылып келеді. Ұлы Абайдың шығармалары – өзі өмір сүрген қоғамның, болашақтың бағдарын көрсететін – айна.
Біздің ойымызша, мұндағы Абай лебі тіркесі – ақынның жазба әдебиетке қосқан жаңашылдығы болса, заман тынысына баланған оның өлеңдері кеше мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір, бағыт беретін бағдаршам. Абай өлең өлкесінде өзіне дейінгі ақындардан бөлек сүрлеу салып туған тілінің бар байлығын көсіле қолданды. Сонымен бірге, ақын фразеология саласына түбірлі өзгеріс жасады. Оның біріншісі, перифрастикалық тіркестерді мол қолдануы, екіншісі жаңа тіркестер жасап шығарды. Соңғысы, әуелден қалыптасқан тіркестерді құлпыртып қолданды. Зерттеу еңбегімізде Абайдың поэтикалық тілдік ерекшеліктерін саралай келе, жанрлық жекелей тақырыптық экономикалық көзқарасын талдадық. Туындыларынан мысал келтіре отырып, нақты дәйектермен дәлелдедік. Зерттеуіміздің кіріспе бөлімінде Абай мұрасының рухани құндылығы мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасар қазынасын тілге тиек ете отырып, абайтанушы ғалымдардың ақын шығармаларын зерттеу ісіндегі айрықша бағалауларын ұсындық. Бұған дейін көп қозғалмаған Абайдың ақындық қырының ашылуына ықпал еткен себептерді «Абай жолы» роман-эпопеясынан мысал келтіре отырып түйіндедік. Тарихынын білмеген жас буынның болашағы бұлыңғыр болмақ,сондықтан рухани жаңғыруды дана да дара Абайдан бастаған жөн.Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс».
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Абай шығармаларының академиялық толық жинағы 1 том. Алматы, 2020 – 632 бет
2. Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы (екі томдық). Алматы, 2002 – 368 бет
3. Әуезов М. «Абай жолы» романы І том. Алматы, 2000
4. Мырзахметұлы М. Абайтану 3 том. Алматы, 2020 - 462 бет
5. Дәдебаев Ж. Абайдың антропологизмі. Алматы, 2014 – 236 бет
6. Абайдың қара сөздері. Алматы, 2015 – 120 бет
7. Мұхамедханов, Қ. Абай мұрагерлері 1995 -209 бет