«Абай әлемі» байқауында 3 орынға ие болған Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің 2 курс студенті
Қамшыбек Ахмет Қанатұлы
«Абай әлемі» байқауы туралы алғаш естігенде, бойымды бір үміт пен бір күдік билегенін жасырмаймын. Үмітім – Абайдың рухани мұрасына жақындаймын, оның тереңіне бойлаймын деген ниет. Күдігім – ұлы ақынның мол мұрасын аша алмай қаламын ба деген ой. Алайда, бұл байқауға қатысып көруге бел байлап, Абай шығармашылығын жаңаша бағытта зерделеуге тырыстық. Нәтижесінде, бұл ғылыми мақалам жүлделі орыннан көрініпті. Бұл байқаудың ұйымдастырушылары мен әділ-қазы алқаларына алғысымды айтамын.
...Абай – тұңғиық теңіз. Біз сол теңіздің жағасындағы маржандарын ғана тергендей болдық. Ал ол теңіздің тереңіне бойлап, қазынасына қол жеткізу үлкен ізденіс пен еселі еңбекті қажет етеді. Ал бұл байқаудағы жұмысымызды Абай әлеміне жасаған алғашқы қадамымыз ретінде қабылдаңыздар.
Аңдатпа
Бұл жұмыста Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы жан-жақты зерттелді. Ұлтының рухани дамуы жолында Абайдың төккен тері мен еткен еңбегінің маңызы көрсетіліп, кең ауқымда қарастырылды. Биік мақсатқа ұмтылған ақынның шығармашылығындағы рухани кемелдену мәселесі талданды. Абайдың мол мұрасы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арасындағы ой сабақтастығы зерделенді. Салыстырмалы әдіс қолданылды.
Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі
Адамгершілік – ар мен ұяттың, мінез бен білімнің, ізгілік пен мейірімнің тоғысуы. Ал адамның ішкі жан дүниесіндегі адамгершілік деп аталатын осы құндылықтың туын түсірмей, қадірін арттыратын басты құрал – рухани тәрбие. Жақсылыққа жол салған рухани тәрбие бойдағы ең ізгі қасиеттердің қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Кемшіліктен арылтып, кемелділікке бір табан жақындатады. Әрине, бұл жаныңа азық, жүрегіңе жылылық сыйлайды.
Алайда, тарихтың қатпарланған қойнауына үңілетін болсақ, осы рухани тәрбиенің әлсіздігінен адамзаттың басына небір зобалаң шақтар мен қауіп-қатерлер туғанын көреміз. Адам жанының азғындануынан қоғам талай мәрте бақытсыздыққа, орны толмас қайғыға ұшыраған жайы бар. Ғылым мен техника қарыштаған бүгінгі заманның өзінде адамзат баласы небір зұлматтарды басынан өткеріп жатқаны белгілі. Ғылыми процестер көз ілеспес жылдамдықпен қаншалықты дамып жатса, адам бойындағы мейірім шуағы соншалықты сөніп бара жатқан секілді. Ұлттық құндылықтар мен ізгі қасиеттер осы уақытқа дейін жеткен техникалық жетістіктеріміздің құрсауында қамалып, ішкі рухымыз бәсең тартып барады.
Расында, жақсы мен жаманның парқын айыра алмай, адамшылықтан адасқандай күй кешіп жүрміз. Бүгінде «бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз»[1, 399-б.]. Заманында Абай адамға жабысқан бұл кеселден құтылу жолын іздеп, елінің ертеңін, халқының болашағын ойлап күңіренген. Өзінің «Заман ақыр жастары» деген өлеңінде:
«Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары»[1, 128-б.], – деп ішкі күйзелісін жеткізген еді. Сондай-ақ, ел қайғысын жұмыр жүрегіне сыйғызған Абай бұл тығырықтан шығу жолын рухани тәрбиенің беріктігінде деп түсінген. Қазіргідей ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан жаһандану дәуірінде бет алысымызды бағдарлап, болашағымызды айқындауда да Абай салған сара жолмен жүру аса маңызды.
Абай – абзалдықтың аңдатпасы, ақындықтың әліппесі. Өзі өмір сүрген уақыттың биік шыңынан қоғамға көз салған Абай небір әділетсіздік пен қиянаттың куәгері болды. Қайғы мен мұңға, у мен өртке толы жаралы жанына дәру таба алмай, құсалы өмір сүрді. Тек ақ парақ пен көк сияны медеу етіп, іштегі ойын өлеңге айналдырды. Жанына дауа болар жалғыз серігі – өлеңі ғана еді. Егер Абай өлеңдерінің әрбір сөзін зерделей оқитын болсаңыз, заманында елі үшін жүз ойланып, мың толғанған жан екенін ұғынасыз.
Білім мен өнердің ақиқат екенін сезінген Абай өз туындыларында жастарды осы бағытта ізденуге, талаптануға шақырады. Бұл тұрғыда ғалым Зәки Ахметов те өзінің еңбектерінде осы мәселе туралы кеңінен тоқталып, дәйекті тұжырымдар жасаған. Ғалымның «Абайдың ақындық әлемі» атты еңбегінде: «Халық мүддесі үшін күресуге бел байлап, елді, жастарды адал еңбек етуге, өнер үйренуге, білім-ғылым жолына түсуге шақыруды мақсат етіп қоймақ болған Абай осы ой-пікірін жалпы жұртқа жария етуге, солардың жүрегіне ұялатуға жарарлық бірден-бір күшті құрал – өлең сөз, ақындық өнер деп санайды. Бойындағы ақындық қуатын осы жолға жұмсау қажет деп түсінеді»[2, 24-б.] делінген.
Абай мұрасы адамды рухани тұрғыдан тұлға ретінде жан-жақты дамытады. Ақынның танымдық, тағылымдық, әлеуметтік мәселелерді арқау еткен өлеңдері тек адамгершілікті, адамшылықты алға тартады. Ол өсиеті мен қасиеті қатар жарысқан рухани тәрбиені ұлт бойына өзінің өлеңдері мен ғақлиялары арқылы сіңдіруге тырысты. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді кеселдердің жарға жығатынын ескертіп, оның орнына «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды ізгі қасиеттерге арқа сүйеу керектігін айтады. Демек, бұл тұста Абай өлеңдерінде ұлттық психологияның озық үлгісі жатқанын анық аңғарамыз. Сондықтан да, оның поэзиясында «толық адам», «адамгершілік», «ақиқат», «адам» секілді ұғымдар көптеп кездеседі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»[1, 198-б.] десе, екінші бір өлеңінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек»[1, 94-б.] деп тағы да осы үш қасиетке жүгінеді. Бұл арқылы Абай шығармашылығының негізігі тіні – «адам болу» идеясы екенін ұғынамыз. Аталмыш осы үш қасиет адамды рухани тұрғыдан жетілдіріп, пендешілік ойдан ада етеді. Ыстық қайрат арқылы адам талаптанады, бойдағы күш-жігердің арқасында ізденіс жолына түседі. Нұрлы ақыл тек жақсылыққа жетелейді. Ал жылы жүрек арқылы ілкімді істер атқарып, айналаңа ізгілік нұрын шашасың.
Жоғарыда аталған өлең жолдарынан Абайдың рухани темірқазық екеніне анық көз жеткіземіз. Оның мұрасы ұлттық сананың кемелденуіне бастайтын сара жол екені сөзсіз. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана... Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту»[3] – дейді. Демек, біз ұлттық сана деңгейін көтеруіміз үшін «Абайдың даналығына» ден қоюымыз керек. Рухани кемелдену жолында Абай айтқан ұстанымдарға берік болуымыз шарт. Сонда ғана біз Абай тағылымынан басталған интеллектуалды ұлт идеясын жүзеге асыра аламыз. Ұлы хәкім өзінің әрбір сүбелі сөзі арқылы ұлттың санасын көтеруді, елдің өресін өсіруді көздеді. Ал қазіргі таңда ұлттық сананың бірегейлігін сақтау мен оны заман талабына сай бейімдеу аса маңызды. Қоғамдық сана дәрежесі көтерілсе, елдің қарқынды дамуы да болады. Сондықтан, кемеңгер Абайдың адамгершілік пен ізгілікке толы мол мұрасын негізгі ұстын ретінде алуымыз керек. Бұл – ұлтымыздың рухани кемелдену жолында жасаған маңызды қадамдарының бірі болары анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының арқалаған жүгі ауыр. Баянды болашаққа бағыт-бағдар ұсынған мақалада толайым пікірлер мен маңызды ойлар айтылғанын көпшілік қауым жақсы біледі. Мақаладағы «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Білімнің салтанат құруы» секілді тармақтарда көтерілген мәселелердің маңызы да ерек, мәні де бөлек. Алайда, аталмыш мақалада айтылған ой-пікірлердің көп бөлігін өз заманында Абай жырға қосып, тұжырымдап, алғашқылардың бірі болып «Рухани жаңғырудың» іргетасын қалыптастырған секілді. Олай дейтін себебіміз – әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқан мақаладағы ұсыныстар мен пайымдаулардың негізін дана Абай қаншама жыл бұрын өзінің өлеңдері мен ғақлияларында айтып, қоғамның алға жылжуы жөнінде терең тұжырымдар жасаған. Демек, осы тұрғыдан пайымдайтын болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы аталмыш мақаласын Абайдың мол шығармашылық мұрасына сүйене отырып жазған секілді. Абайдың ұғымында ұлттық сана қоғамды алға жетелейтін биік мақсат пен парасатты ойға құрылуы тиіс. Сол үшін Абай барша «қалың елін, қазағын» бір жерге ұйыстыратын ұлттық сананың қалыптасуына көп көңіл бөліп, осы бағытта бар күш-қуатын жұмсайды. Білімнің көзі арқылы қоғамдық сана мен ұлттық бірегейліктің биігіне жетуге болатынын түсінген Абай өз кезеңінде «Рухани жаңғырудың» озық үлгісін жасады. Демек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – Абай шығармашылығы негізінде туындаған дүние.
Бұл мақаламызда Абайдың мол мұрасы мен Елбасының аталмыш мақаласы арасындағы ой сабақтастығына талдау жасамақпыз. Мақсұтымыз – Абайдың өлеңдері мен қарасөздеріндегі негізгі идеяның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан көрініс табуын зерделеп қана қоймай, Абайдың рухани ұстаз екеніне, оның рухани кемелдену жөнінде айтқан пайымды пікірлеріне тоқталу. Бір сөзбен айтқанда, Абайдың ұлттық сананың жаңғыру жолында жасаған тағылымды ісінің мән-мағынасына бойлауды өзімізге мақсат санадық.
1. Бәсекелік қабілет. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ғылыми-техникалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бұл әлемдік аренада өзіндік орны бар дамыған мемлекеттермен иық тірестіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Білім мен ғылым қанатын кеңге жайған сайын ел мен ел арасындағы түрлі мәдени, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық байланыстар күшейе түседі. Мемлекеттер арасындағы ғылыми жетістіктерге құрылған бұл байланыс бәсекелестіктің туындауына да өзіндік септігін тигізбек. Ал осы ХХІ ғасырда біз айтып отырған «бәсекелік қабілет» идеясын ХІХ ғасырдың өзінде Абай біршама пікірлер келтіре отырып, алға тартқан. Ол өзінің отыз екінші қара сөзінде: «Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа(бәсеке) бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хусідшілікті(күндестік) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады»[1, 407-б.] – дейді. Бұл жерде Абайдың айтып отырған «бәсекесі» – ғылымның көзін ашудағы мақсат. Теріс пиғылдағы, жеке бастың қамын ғана күйттейтін бәсеке жарға жығатынын ескертіп отыр. Сол себепті, Абай ғылымның ақиқат екенін сезініп, осы бағытта ізденуге, талаптануға шақырады. Ал «Көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады» дегені – ғылымға емес, өз құлқынына қызмет ететін кейбір жандардың бәсекесі, бақастығы туралы айтқаны.
Туған халқын бар жан-тәнімен жақсы көрген, оның алдыңғы қатарлы дамыған елге айналуын қалаған Абай өз ұлтын ұшпаққа шығармаққа талпынады. Ол Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларынан нәр алып, өмірінің соңына дейін ағартушылық қызметпен айналысты. Жиған білімін, көрген тәжірибесін талапты жастардың санасына құйып, тәлімін үйретеді. Алдағы уақытта елдің мерейін өсіретін осы ізденімпаз шәкірттер екенін ұққан Абайдың негізгі мұраты осы ағартушылық қызметпен астасып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Абай болашақ жастардың қолында екенін терең түйсінген-ді. Сондықтан болар, ол өз ұлтының өзге ұлттармен терезесі тең болуын қалады. Бұл туралы философия ғылымының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин «Абайдың ұлттық сана туралы ұғымы» мақаласында дәйекті тұжырымдар жасайды. Ғалым: «Абай өз заманында адамзат қоғамында пайда болып жатқан жаңа дүниелерді, тың өзгерістерді ескере отырып, қазақ қоғамында ұлттық сананың қалай дамуы керектігі жөнінде ойлар айтқан. «Өзіңді өзге жұртпен салыстыр, өзгенің жақсы қасиеті болса оны да біл, өнерін сен де үйрен, көршіңнің етіп отырған кәсібін сен де біл, үйренбесең уақыттан ұтыласың. Уақыт талабынан ұтылған ел қоғам, заман көшінің соңында қалмақ» деген ой жатыр Абайдың қара сөздерінде. Абайдың айтуы бойынша, өткінші нәрселермен қоғамға сырттан еніп жатқан мінез түрлері қоғамның әдетіне айналмауы қажет»[4] – деп топшылайды. Ал ғалым тұжырымдап отырған Абайдың бұл идеясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады»[3] – деген пікірімен сәйкес келетінін аңғарамыз. Яки, Абайдың негізгі ұстанымы – жеке адамның ғана бәсекеге қабілетті болуы емес, тұтас ұлттың биік мақсатқа қол созуы. Сол арқылы білім саласында да, экономика саласында да, әлеуметтік салада да оқ бойы озық тұруды көздейді.
2. Прагматизм. Абай даңғойлық пен ысырапшылдыққа, жамандық пен күншілдікке қарсы күрес жүргізген. Жүрегі тотыққан, жаны ластанған адамдардың бойынан табылатын бұл қасиеттердің тура жолға бастамайтынын өзінің әрбір өлеңінде ескертеді. Керісінше, адал мінез танытып, ұрпақтың өсіп-өнуіне жағдай жасау керектігіне баса назар аударған-ды. Бұл мәселеге келгенде: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге»[1, 37-б.] – деп түйін жасайды.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді»[3] – дейді. Егер сана сарабына салар болсақ, бұл пікір жоғарыда біз айтқан Абайдың ойларымен сәйкес келеді. Расында, Абай адамды аздыратын мінез-құлықтарға сыни көзбен қарап, оның болмыс-бітімге қарсы әрекет жүргізетінін ерте бастан аңғарған.
Қоғамның кемшіліктерін көріп, күрескерлік қызмет атқарған да – Абай. «Толық адамның» үлгісін жасап, адалдыққа жол бастаған да – Абай. Даналықтың даңғыл жол екенін түсініп, ізгіліктің шырақшысы да болған – Абай. Бір сөзбен айтқанда, Абай прагматик бола отырып, сананың өсуіне, интеллектуалды қоғамның қалыптасуына әрекет жасаған. Адамнан адамның артықшылығы материалдық байлықтың көптігінде емес, білім қорының көптігінде екенін айтады. Бұл туралы ол он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық»[1, 394-б.] – деп адам бойындағы озық мінездердің парасат биігіне жетелейтінін жеткізеді. Сол арқылы ол өз өлеңдерінде адамшылықты, адамгершілікті бірінші орынға қояды.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек»[3] – дейді. Әлі күнге дейін қазақ қоғамының алға жылжуына жол бермей жүрген мәселелер баршылық. Олар – жершілдік, рушылдық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Креативті ойлар мен потенциалы мол жұмыстардың адымын аштырмай, оларға тұсау салатын да – осы кертартпа қасиеттер. Абай да өз кезегінде осы бір рушылдық сана, жік-жікке бөлінушілік секілді адамдардың арасындағы алауыздықтың туындауына себепші болатын дүниелерге ашынып, оған қарсы ашық түрде күрес жүргізді. Патшалық Ресейдің қазақ өлкесіне енгізген негізгі заңдарының бірі – 1822-1868 жылдар аралығында қабылданған болыстар мен аға сұлтандарды сайлау ережесі мен заңдары еді. Ал осы заңдардың негізінде зияны көп, пайдасы жоқ болыс сайлауы мен сот сайлауы секілді реформалар жүргізілді. Болыс сайлауы – ел арасында ұшқындап тұрған рушылдықты одан ары маздатып жіберді, қазақ жерінде бұрын-соңды кездеспеген «арызқойлықтың» кең етек жаюына алып келді. Қазақ жерінде отаршылдықтың солақай саясатының кесірінен орын алған осы мәселелер ақырында ел арасындағы бірліктің ыдырауына әкелген болатын. Сондықтан болар, байлығын молайтып, дәрежесін көтеру үшін әкімдерге жарамсақтанып, арам пиғылмен елді қан қақсатқандар Абайдың өткір өлеңдерінің негізгі нысанасы болды.
Әсіресе, ол елдік мүддеден гөрі жеке бастың қамы мен руының атақ-беделін ойлаған жандарға өзінің усойқы өлеңдерін арнаған еді. Ақын осындай кереғар мінезедердің түпкілікті жойылуы үшін бар күш-жігерін салды. Жемқорлық пен рушылдық белең алып жатқан тұста жұрттың санасына бірлік идеясын, ынтымақ ұғымын сіңдіруге тырысып бақты. Қоғамның дамуына кедергі келтіретін осындай кеселдерді тек елдің бірлік-берекесі арқылы жеңуге болатынына сенім білдірген-ді. Алайда, сол бір қиын-қыстау заманда оны естір құлақ, сезер жүрек аз еді. Жанына жара болып қатқан осы қайғысын түсінер жан болмады. Бұл туралы қазіргі таңда Абай мұрасын жан-жақты зерттеп жүрген Мекемтас Мырзахметов өз еңбектерінде біршама кемел ой айтады. Ғалым өзінің «Абай жүрген ізбенен» атты зерттеуінде: «Ұлы Абайдың бүкіл сапалы өмірі отаршыл патша үкіметінің қазақ халқын саяси жағынан көрсоқыр етіп ұстаудың сыннан өткен құралы ретінде ендірген 1868 жылғы «Жаңа низам» деп аталатын реформасы тұсында өтті. Абайдың өзі де болыстық сайлаудың ащысы мен тұщысын бастан кешіп, қазақ арасында дерт боп жабысқан болыстық сайлаудан туындайтын ең бір кесапатты құбылыс партиягершілікпен көп алысқан болатын. Сондықтан да күйінген ақын... өзі жасаған замандағы қоғамдық әлеуметтік дерт боп жабысқан мұндай құбылысқа қарсы қанша алысқанымен, ем таба алмады»[5, 116-117-б.] – дейді.
Егер арадағы жылдарды санамалайтын болсақ, Абай дүниеге келген уақыттан бүгінгі күнге дейін 176 жыл өтіпті. Абай сынаған рушылдық мәселесі де, Абай айтқан кеселді мінездер де біздің қоғамда әлі күнге дейін бар. Абайдың өзі ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысында айтқан саф алтындай сара сөздері бүгінгі күнімізге қаққан дабылы екен. Алайда, оның бұл ескертпесін елеп ескермедік. Оның білім мен өнердің сәулесін шашуға, еңбек етіп, адал кәсіптің тізгінін ұстауда «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап»[1, 215-б.] деп айтқан өсиеті болашақ ұрпаққа арналған үндеуі емес пе?!
4. Білімнің салтанат құруы. Абай жас ұрпақтың білім қорын жинап, оны ізгілік жолында жұмсауына көп көңіл бөлді. Оның ұғымында адам жанын кемелдендіріп, рухани тұрғыдан биік сатыға көтеретін негізгі құрал – білім. Көкірегінде сәулесі бар білімді адам ғана дүниенің небір қыр-сырын аша алады дейді ұлы Абай. Расында, ақын өз өлеңдерінде осы мәселе тұрғысында терең толғанады. Сонымен қатар, Абайдың шығармашылығына үңіліп қарайтын болсақ, оның бұл мәселе жөніндегі ойлары әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»[6, 13-б.] деген сөзімен астасып жатқанын байқаймыз. Абай да өз өлеңдері мен қара сөздерінде оқушының санасына білім мен тәрбиені қатар сіңдіру керек екенін айтады.
Абайдың айтуынша, білім тек көңіл көзі ашық, санасы сергек, жүрегі жалынды адамдардың ғана еншісі. Отыз екінші қара сөзінде ол: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады»[1, 407-б.] – дейді. Яғни, адам талаптанса ғана білімнің көзі ашылмақ. Іздену – білімге ұмтылудың басты алғышарты.
Әрине, білім-ғылым жолы – өте ауыр жол. Бірақ, қоғамның алға қадам басуына себепкер болатын бірден-бір негізгі күш осы – білім екені сөзсіз. Сондықтан, қазіргі таңда білім алуға түрлі жағдайлар жасалған. Жастарымыздың шет елдерде оқып, тәлім алуына небір мүмкіндіктер беріліп жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдау елімізде білім мен өнерді тең ұстаған жандардың молаюына әкеледі емес пе?! Сондай-ақ, білім мен ғылымның тілін меңгерген ұлт қана өркениетке бір табан жақындайтыны анық. Абайдың мол мұрасының негізгі мазмұны да осында жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды»[7] – деп Абайдың білім-ғылым мәселесі туралы айтқан сөздерінің мән-мағынасына тоқталды. Демек, білім мен ғылым – ұлт дамуының негізгі кепілшарты. Білім мен тәрбиені бойына қатар дарыта білген жан ғана елінің өркендеуіне өзінің үлесін қоса алады. Сондықтан, жоғарыдағы пікірлерді ескере отырып, Абайды «рухани реформатор» деп тануымызға толық негіз бар.
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді»[3] – деген еді. Абай да ел дамуының осы «диагнозын» дөп басқан. Яки, өркениетке қол созған кез келген ұлт, ең алдымен, білім мен өнердің салтанат құруына басымдық бергені жөн. Дабыра мен дақпырттан гөрі елдік мүдделер алдыңғы қатарға шықса ғана халқымыздың шынайы рухани жаңғыруы орын алары анық.
Елбасы өз мақаласында эволюциялық даму жолына кереғар революциялық даму жолын да тілге тиек етеді. Ал революцияның қандай да бір қан-төгіссіз өтпеуі мүмкін емес. Ел экономикасының кешеуілдеуі мен әлеуетінің әлсіреуіне әкеліп соқтыратыны да екібастан белгілі. Халқымыздың тарихына зер салатын болсақ, небір қилы кезеңдердің болғанын байқаймыз. ХХ ғасырдың басында орын алған саяси жағдайлар бүкіл қазақ өлкесінің астаң-кестеңін шығарды. Революция өзімен бірге бұрын-соңды болмаған төңкерісті әкелді. Бұл халқымыз үшін үлкен соққы болып тиді.
Міне, қатпарланған тарихымыздың беттеріне үңіліп, сол арқылы болашағымызды бағдарлайтын да уақыт жетті. Еліміз революциялық емес, эволюциялық даму жолына түсуі қажет. Қазіргі таңда тек ғылыми әлеуеті дамыған мемлекеттер ғана өздерінің діттеген мақсатына жете алады. Абай да өз кезеңінде: «Бір ғылымнан басқаның, Бәрі де кесел асқанға»[1, 257-б.] – деп қоғамның өркениет әлеміне қадам басуы білім мен ғылымға байланысты екенін айтқан. Яғни, қазіргі уақыт білектің мығымдығын емес, білімнің мықтылығын қажет етеді. Бүгінгі күні халқымызды алға сүйрейтін осы бір құндылықтардың бағасын қастерлей отырып, эволюциялық даму жолына түсу аса маңызды.
6. Сананың ашықтығы. Абай ақыл-ойдың табысын жоғары бағалаған. Ұлтының интеллектуалдық өресінің өсуіне баса мән берген Абай еркін ойлы, білімді ұрпақтың жетілуі жолында көп тер төгеді.
«Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ»[1, 63-б.], – деген ұлағатты сөзі арқылы Абай өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнағанын аңғартады. Кемеңгер ақынның берген тәрбиесі, көрсеткен бағдары – ізгілік пен адамгершілік, білім мен ғылым орнаған «мекенге» жол бастау. Бұл – бұрын-соңды қазақ руханиятында болмаған ұлттық білім берудің озық үлгісі екені даусыз.
Н.Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында: «Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей»[3] – дейді. Абай да өзінің шығармаларында елінің баянды болашағын қалыптастырамын дейтін жастарға шет тілін меңгеру керектігін ескертеді. Бұл арқылы сол тілдегі рухани асыл мұралардан нәр алып қана қоймай, мәдениеті мен тұрмысының жасампаз жаңалықтарын да өз ұлтыңның бойына сіңдіруге толық мүмкіндік бар екенін аңғартады. Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр»[1, 399-б.] – дейді. Бұл жерде Абайдың «орысша оқу керек» деген сөзінің символдық мәні бар. Себебі, орыс тілін үйрен деуінің астарында өзге тілдерді де меңгеру керек деген мағына жатыр деп пайымдаймын. Абайдың өзі де Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларымен сусындап, олардан рухани азық алған. Науаи, Фирдоуси, Хафиз, Физули, Пушкин, Крылов, Салтыков-Щедрин секілді әлем әдебиетінде шоқтығы биік ақылмандардың мұраларымен таныс болғаны – Абайдың бірнеше тілді меңгергенінің айқын көрінісі. Егер ой елегіне салар болсақ, Абайдың ұстанған бұл бағыты осыдан біршама жыл бұрын мемлекеттік деңгейде көтерілген және қазіргі таңда әлі де өзінің өзектілігін жоймаған «Үш тұғырлы тіл» саясатымен астасып жатыр. Демек, өз заманында Абай болашақ ұрпаққа рухани кемелдену жолының айқын да анық үлгісін көрсетіп кеткен даналарымыздың бірегейі. Оның мұрасы – қазақ ұлтының айнымас темірқазығы.
Абай өзіне тарих жүктеген мақсат-міндеттердің бәрін де абыроймен атқара білді. Ол өзінің асқақ идеяға толы өлеңдерін жас ұрпақтың кемел келешегіне арнады. Егер Абай шығармашылығын тұтастай алып қарайтын болсақ, оның өлеңдері мен қара сөздері рухани жаңғырудың әліппесі секілді. Өзі өмір сүрген қоғамдағы түрлі кеселдерді көзімен көрген, жанымен сезген Абай болашақ ұрпақтың бұл дерттен аулақ болуын қалады. Осы мақсатта ол туған халқының тағдырына тағылым болар мол мұра қалдырды. Оның көздеген негізгі нысанасы – ұлтының рухани жаңғыру жолын қалыптастыру еді. Сондықтан, Абайдың шығармашылығында көп қозғалатын тақырыптар – ізгілік пен адамгершілік турасында болды. Ақын қазақ халқының ой-арманын, мақсат-міндетін ғана бейнелеп қойған жоқ, сонымен қатар оның ғылым мен білім жолына түсуін, прогрестік бағытта дамуын қалады. Рухани ұстыны берік ел болуын тіледі.
Абай – шын мәніндегі жаңашыл ақын болды. Олай дейтін себебіміз – оның әрбір өлеңінің әлеуметтік мәні мен саяси астары ауқымды. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетін зерделей отырып, поэзияға түрен салды. Шығыс пен Батыс ойшылдарының шығармаларынан нәр алған Абайдың қазақ әдебиетіне жаңаша бағыт әкелуі – руханиятымыздың үлкен жетістігі. Ақын-жыраулар қолданған өлең формасына өзінше өрнек салып, түрлендіріп, оқырманға ұсынды. Абай қазақ поэзиясын кең жайлаған дәстүрлі тақырыптар мен таптаурын болған қағидалардың орнына әлеуметтік, қоғамдық мәні зор мәселелерді арқау етті. Бұл туралы Абай: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»[1, 59-б.] – деп өлеңнің қандай болу керектігі жөнінде толғанады. Яки, ол бәрін де өз шығармашылығының көрігінде қайната отырып, жетілдіріп, қорытып, көңіл көзі арқылы тудырды.
В.Белинский: «Пушкин туралы жазу – тұтас орыс əдебиеті туралы жазу деген сөз»[8, 3-б.] – деп өзінің бір мақаласында жазған еді. Орыс әдебиетін Пушкинсіз елестете алмайтын болсақ, қазақ әдебиетін де Абайсыз елестету мүмкін емес. Абай – қазақтың екінші аты. Егер әдебиетіміздің өткені мен бүгінін бағамдайтын болсақ, алдымыздан алып шынардай ұлы Абайдың шығары анық. Руханиятымыздың қайнар көзіне айналған Абайға соқпай өту де мүмкін емес. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның есімін құрмет тұтады. Олар басқа ақын-жазушылардың есімін білмеуі мүмкін, ал Абайға жүрегінің төрінен орын береді. Бұл – заңдылық.
Ұлтының рухани темірқазығына айналған Абай ХХ ғасырда Алаш жұртының санасына қалай серпіліс әкелсе, ХХІ ғасырда қазақ елін өз өлеңімен солай тербетіп тұр. Сүбелі сөзі мен киелі өнері ел мен жердің ұйытқысына айналды. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің ақиқаты мен шындығын арқалап, ізгілік нұрының алауын жағып, ғасырлар бедерінде еркін қалықтап жүр. Өшпес мұрасы, ескірмес нақылы, көрсеткен өнегесі арқылы әлі де адам баласының біршама буынын тәрбиелемек. Туған халқын рухани кемелдену жолына бастаған Абайдың тағылымы екі ғасырға жуық ұлтының ұстынына айналды. Бұл – айқын да анық Абай феноменінің көрінісі. Абайдың адамгершілік пен ізгілікке, білім мен ғылымға үндеген тәлімі терең сөздері қанша ғасыр өтсе де, біздің мәңгі өшпейтін шығарданымыз болып қала бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Абай(Ибраһим Құнанбаев). Шығармалары. – Алматы: «Жібек жолы», 2019. – 488 бет;
2. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы: «Ана тілі», 1995. – 310 бет;
3. Н.Назарбаев. Мақала. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. 2017;
4. https://abaialemi.kz/post/view?id=1462
5. Мырзахметов М. Абай жүрген ізбенен. – Алматы: «Қазақстан», 1985. – 172 бет;
6. Кемел Мырзагелді. Ақыл қалта. Ой-қазына антологиясы. – Астана: «Аударма», 2007. – 776 бет;
7. Қ.Тоқаев. Мақала. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. 2020;
8. Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. – Алматы: «Жазушы», 1966. – 318 бет.