Е.Әбдуәлиева: Абай поэзиясындағы мекеншақ категориясының көркемдік-идеялық қызметі

«Абай әлемі» байқауында 3 орынға ие болған

Еуразия гуманитарлық институтының 4 курс студенті

Әбдуәлиева Елікай Алдиярқызы

 

«Абайдың көркемдік-эстетикалық әлемі» тақырыбы бойынша

Абай поэзиясындағы мекеншақ категориясының

көркемдік-идеялық қызметі

 

Аңдатпа. Абай Құнанбайұлының шығармалары отандық Абайтану ғылымында жан-жақты, әр қырынан қарастырылып келеді. Абайды тану, Абай әлемінің ішкі дүниесіне үңіле отырып, қазақтың ұлттық ділін, психологиясын тануға болатынына әдебиет теориясындағы мекеншақ ұғымы арқылы назар аударту мақаланың өзектілігін байқатады.    

Ғылыми мақалада қолданылған әдістер. Абай шығармаларын мекеншақ тұрғысынан қарастыру барысында тарихи-типологиялық, салыстырмалы талдау, сондай-ақ жинақтау мен герменевтикалық әдістер қолданылды. Сонымен қатар, мақаланы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: Рухани  Жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қарастыра отырып, ұлттық болмыс, ұлттық сана, рухани жаңғыру көріністерінің берілу тәсілдеріне де назар аударылды.

Кілт сөздер: поэзия, мекеншақ, герменевтика, метафора, шендестіру, бейнелеу құралдары.

 

Прозалық қана емес, поэзиялық туындылардан белгілі бір кезеңде өмір сүрген ұлттың тұрмыс-тіршілігін байқауға болады. Әдебиетте уақыт пен мекен көркем бейнеленіп, әртүрлі тәсілдермен дәуір шындығынан ақпараттар береді. Әдебиеттанушы М.Бахтин әдебиеттегі «мекеншақ» (хронотоп) ұғымын алғаш рет қарастырып, термин ретінде енгізген. Шығарманы талдау барысында суреттелініп отырған ортаның атмосферасын байқау үшін алдымен мекені мен уақытын анықтап, кейіпкерлердің мінезін, болмысын жалпы көңіл-күйін айқындауға болады. Біз қарастырғалы отырған Абай Құнанбайұлының шығармаларынан өзі өмір сүрген ХІХ ғасырдағы елдің әлеуметтік жағдайымен таныса аламыз. Ақынның «Болыс болдым мінекей», «Қалың елім, қазағым», «Сегіз аяқ», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» т.б. өлеңдерінде Ресей империясына бодан болған қазақ халқының  тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салтының өзгергенін қоғамда орын алған келеңсіз жағдайларды бейнелі суреттейді. Мәселен, қазақ халқының басынан өткен болыстық кезең, патшалық кезең, феодалдық кезеңнің ақиқатын көрсете отырып, уақыт аралықтарын, шексіз даланың кеңістік аумақтарын көрсетеді.

«Болыс болдым мінекей», «Мәз болады болысың» бұл өлеңдерінде қарабасының ғана қамын ойлайтын болыстардың іс-әрекеттерін сынай отырып, жалпы феодалдық кезеңдегі болыстардың болмысын көрсетіп береді. Болыс болуды биік мәнсап көріп, ол үшін патшаға пара беретін сауатсыз болыстардың қимыл-әрекеттерін сатира тілімен шебер бейнелейді.  Аталған өлеңдердегі  уақыт – патша әкімшілігінің отарлау саясатының белең алған кезеңі. Жалпы мекеншақ: ауыл – қала –түрме. Ояздың қаладан ауылға шығуы, болыстың істі болып нәтижесінде қалаға түрмеге түсуі астарлай жеткізіледі. Академик З.Ахметов аталған өлең жөнінде: «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңі болыстың монологы түрінде құрылып, кейіпкердің атынан оның өз аузынан шыққандай болып отырған іс-әрекет, мінез-қылықтары арқылы сол болыстың тұтас бітімді сом тұлғасы жасалады. Осынау кейіпкердің бір сәт ойға кетіп, болыстыққа жету үшін қандай қам жасағанын, қанша малын шашып әуреге түскенін, болыс болғандағы іс-әрекеттерін, әртүрлі адамдармен қарым-қатынасын нанымды бейнелеген» [1, 48] дейді. Ал, «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңін де байлардың жиған малына көз алартқан елдегі арам ойлы арызқойларды бейнелеген.

Онан алып, тоқсаннан дәме қылып,

Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?

деп, жақсылықты білмейтін, жалқауларға күйінеді.

 

Барып келсе Ертістің суын татып,

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,

Елді алып, Еділді алып есіреді,

Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып [2, 65]

Осы өлеңде Ертіс пен Еділ деп нақты мекеншақты айта отырып, ол жерлерді әкімшілік-басқарушы орталықтар болғанын астарлай жеткізеді.  «Ертістің суын татып» метафоралы мекеншақты сәтті қолданған.

Абайдың табиғат лирикасында да мекеншақ категориялары маңызды роль атқарады. «Қазақ жаз жайлауға, қыс қыстауға қашан көшу керек екенін жақсы біліп, оны мұқият ескеріп отырған. Бұған табиғат заңдылығы мәжбүр етті. Көшпенді қазақ өмірі табиғат өзгерістеріне тәуелді болғандықтан, ол өз өмірін үнемі табиғатпен үйлестіріп отыруға мәжбүр болды. Қоршаған ортаға сүйіспеншілік және үздіксіз жорықтар адамды адалдыққа баулиды. Ойы дұрыс емес адамды табиғат өзі жазалап, дұрыс бағыт беріп отырады. Қуыс кеуде, өзімшіл адам табиғатпен біріге алмайды. Осылай көшпенді өмір салты қазақ халқының адалдығы, кеңпейілдігі, жомарттығы және ерлігі тәрізді қасиеттерін қалыптастырды» [3,14]. Абай шығармаларында көркем бейнеленетін мекеншақ категориялары: жайлау, күзеу, дала, қыстау, ауыл, қала. Аталған мекендерден елдің әлеуметтік жағдайын, сол уақыттың көңіл-күйін шебер көрсетеді. Мысалы, «Көңілім қайтты достанда, дұшпаннанда» өлеңіндегі бір шумаққа назар аударсақ: 

Жетілген жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.

Қыс қыстауың – қып-қызыл ол бір пәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

Ақын бұл өлеңде көшпелі халықтың жаз айында жайлауға, күз айында күзеуге, қыс айында қыстауға қоныстанатынынан ақпарат береді. Көркемдікпен бейнеленген мекеншақтан қазақ сахарасындағы ру тартысы,  ел ортасына капиталистік сауда қатынастарының ене бастауы, патшаның қолшоқпарлары мен болыстардың халыққа жасаған қиянаттарына күйзелген ақынның психологиясын байқауға болады. Рулар арасындағы жер дауының кесірінен жайлау мен күзеуге, қыстауға уақытында көше алмай шаруалары алға жылжымай берекесі ұшқан қазақтың тұрмысын көреміз. Сол уақыттың әсерінен мінез болмысы өзгерген адамдардың психологиясында байқатады. Әркім өз қамын күйттеудің салдарынан ұрлықтың көбейгенін, ұрыс-керіс, талас-тартыстың жиілегенін ашына айтады.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» өлеңінде адам бойындағы жағымсыз мінез, намыссыздық, болашағын ойламайтын, шаруаға ертерек қамданбайтын жалқауларды сынайды. «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ» деп ел қыдырып, бос сөзге елікпей еңбек ету қажеттігін ашына айтады.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ.

Керегеге сабауды шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Бұл өлеңдегі мекеншақ – жаз мезгілі, тұратын мекені –  киіз үй екенін «кереге» сөзінен білеміз. Қыстың қамын жазда ойлау керектігін «жаздыкүні» деп уақытты нақты айта отырып, бос селтең, мағынасыз уақытты өткізіп жүрген жалқауларды әшкерелейді. Демек, Абай мекеншақ арқылы сол кезеңде өмір сүрген адамдардың түрлі психологиясын, ойлау деңгейін байқатады.

«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңінде қазақ аулындағы бай мен кедей өмірі салыстырмалы түрде беріліп, күздің қара суығы мен кедейдің жұпыны тіршілігі бейнеленген. Өлеңдегі уақыт – күздің соңғы күндері, қыстың басы. Мекені – күзеу. Осы өлеңнің шығу тарихы туралы  М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында да айтылады. Өлеңнің шығуына Абайдың ағасы Тәкежанның бәйбішесі Қаражанның іс-әрекеті түрткі болған. Қоғамдағы әлеуметтік жіктелісті көрсете білген өлеңді, эпопеяда келісті сюжеттермен берілген. «Тәкежан үйінің жанында қалың киіз жапқан отау үй бар. Ол – Әзімбай отауы. Сол үйдің жанына түйе шөгерілді. Тендеп әкелген қара қиы бар екен. Қаражан бұл кезде үйінен өзі шығып, қи әкелген бурыл сақал малшыға зекіп, әмір етіп тұр.

«– Қиды берме, түгі көрінгенге. Үлкен үй мен отауға ғана бөліп қой! Отын көрінсе шетінен қылқиып, «бір жағым», «екі жағым» деп тіленіп, телміріп келеді де тұрады. Тарт! Жоғал үйлеріңе! Неге келдің, сен қатын? – деп, жылқышының келіншегіне, – сен де аулақ бар – деп қойшыға және бірер жыртық киім беріп, айдап салды» [4,78]. Абай өлеңінде бұл сюжет:

           Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,

           Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?

           Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

           О да қылған кедейге үлкен сыйы –

деп өріледі. Ақын шаруашылыққа қолайсыз ауа райының келеңсіз шағын кедей өміріне әсерін мазмұнды баяндайды.

            Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,

            Бала шықса асынан үзіп-жұлып,

            Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,

            Үйген жүктің күн жағын орын қылып.

Бұл шумақты М.Әуезов терең түсіне отырып, проза тілімен интерпретациялайды. «Үйде отырып же! Далаға шықсаң, ана кедейдің өңшең сүмелек баласы қолыңнан алып қояды, жалынып сұрап! Емініп артыңнан қалмайды, асыңды ішкізбейді, зәр ішкірлер! Шықпа, қасымда отырып же! – деп қақылдап отыр» [4, 80]. Бай мен жарлының тұрмыстағы айырмашылығын өлеңдегі мекеншағынан аңғарамыз. «Ықтырмамен күзеуде отырар бай» - байдың мекені – ықтырма.  Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «Ық» деген үйдің, қораның, өскен ағаштың т.б. желден, жауыннан қаға беріс ықтасын жағы, қалқасы» деп түсіндірілген. Өлеңдегі байдың орны үй ішіндегі «ықтырма» пана, желден, суықтан қорғайтын орынды нұсқап тұр.

Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес

Үйген жүктің күн жағын орын қылып –

деп үйдің сырт жағын пана қылып, ығында отырған кедей баласының мекенін психологиялық паралеллизммен әсерлі жеткізеді.

Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,

Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.

Күннің қара суығында байдың мекені - жылы үй. Мал соңында жүрген жалшысының мекені –  дала. Мекеншақты нақты беру арқылы Абай әлеуметтік көзқарасын айқын берген. Көшпелі қазақ ауылының тұтас тұрмысын күз мезгілімен-ақ, таныта алған.

Ақынның «Күз» өлеңінде жаздың аяқталып, шуақты күндердің беті қайтып, күздің қарасуығының келгенін, күз мезгілінің белгілерін суреттей отырып, малшылардың тұрмысы, көшпелі елдің күнкөріс әрекеттері  бейнеленген. Ақын күз мезгілінің көрінісін адамдар тіршілігімен байланыстырады. Ауылдың көңілсіз реңін бере отырып, ауылға мезгілдің әсерін байқатады. 

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Бұл шумағынан-ақ, бейнелеу құралдарымен мезгілді нақты суреттеген. Әдебиеттанушы М.Базарбаев «Күз» деген өлеңіне талдау жасай отырып: «Абай өлеңдерін көріктеуге ұста. Бұл жөнінде ол эпитеттің, салыстыру- теңеудің, ауыстыру-шендестірудің, әсірелеудің, фигуралық сөздердің неше алуан түрлерін қолданады. Бұл оның әрбір өлеңінен айқын көрініп отырады; кей өлеңдері бастан-аяқ кілең эпитеттермен, теңеулермен, шендестірулермен, әсірелеумен келеді. Және бәрі де өте жарастықты, көрікті болып келеді» [5, 101] - деп, ақынның өлеңді көріктеу шеберлігінде қолданған әдісіне назар аудартады.

«Көңілсіз қара суық қырда жүрсең» деп қазақ халқының шексіз кеңістікте өмір сүргенінен хабар береді. Яғни, ауыл ішінде, жайлауда ғана емес, биік таудың етек-жалында қырда өмір сүргенінде біле аламыз.

Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.

Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы –

деп, қара суықтың тіршілікке әсерін мекеншақ арқылы нанымды суреттейді. Жалпы, Абай өлеңдерінде көріктеу құралдарын қолдана отырып, мекеншақты айқындайтынын аңғарамыз.

Абай өлеңдерінде көбірек кездесетін метафоралық бояулар мекеншақпен астасып келіп, оқырманға мәтінді түсінуге септігін тигізеді. «Метафора дегеніміз – заттар мен құбылыстардың ортақ белгілері, ұқсастығы, сәйкестігіне қарап, екі түрлі нәрсені салыстыру, жақындату, жуықтату, жанастыру негізінде ишарамен, тұспалдап, жанамалы түрде жаңа мағына беретін көркем сөз немесе мағыналы сөз тіркесі» [6, 56]. Мысалы, мекеншақты әсерлі білдіретін адам образынан елес беретін, метафоралы өлең жолдарына назар аударайық.

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды.

 

***

Берекелі болса ел –

Жағасы – жайлау, ол – ірі көл.

Жапырағы жайқалып,

Солқылдайды, соқса жел.

Берекесі кеткен ел –

Суы ашыған батпақ көл..

Бұл өлең шумағындағы шендестіре көрсетілген мекеншақ арқылы (жайлау, көл) Абай бірлігі мықты, ынтымағы жарасқан берекелі елді қазақ ұғымына сай мекен ететін жайлауға, көлге теңейді. Берекесі кеткен елді батпақты көлге теңеп салыстыра көрсетеді.

***

Қайғың -– қыс, жүзің – жаз,

Боламын көрсем мәз.

деген өлең жолдарында да адамның көңіл – күйін мезгілге теңеген. Демек, Абай өлеңдерінен қазақ халқының өмір сүрген мекеншақ категорияларынан ақпараттар алумен қатар, қазақтың сана-сезіміне әсер ететін, көзін ашып, көкірегін оятатын идеясын аңғара аламыз. Осыдан барып Абай өлеңдеріндегі герменевтикалық әдіс айқындалады.

Герменевтика - мәтіндерді түсіндірудің өнері мен теориясы (сөздің бастапқы мағынасында, ежелгі дәуірден және орта ғасырлардан бастау алады), тұжырымның мағынасын түсіну туралы ілім [7,87]. Герменевтика қазіргі кезде гуманитарлық білімнің, оның ішінде әдебиеттанудың әдіснамалық негізі болып табылады. Әдеби герменевтика философиялық герменевтика (Ф. Д. Э. Шлейермахер, В. Дильтей, Х. Г. Гадамер) негізінде қалыптасты. Нақты айтқанда, автор шығармаларында оқырманға айтар ойын талдап, түсіндіру дегенді білдіреді.  Туындыдағы эстетикалық талғам да, жазушыға және оның шығармаларына деген қызығушылықты арттыру үшін әр сөздің көркемдік қасиеттерін тікелей сезіну қажет. Бұл тұрғыдан алғанда Абайды герменевт ақын деуге болады.  Оның өлеңдерінің көркемдік қасиеті жоғары. Абай әр сөзін қарапайым сөзбен емес, бейнелеп, шендестіріп, салыстыру арқылы мәтінді түсіндіруге ұмтылады. Өзінің психологиялық көңіл-күйінде сезіндіріп отырады.

Мәтінді түсіну – бұл автордың рухани әлеміне енудің және шығармашылық әрекетін қайталаудың реконструктивті процесі. Автордың болмысы оның шығармаларын түсіндіру арқылы ашылады. Автор тұжырым жасайды. Оқырман автор тұжырымынан шешім шығарады. Бірақ, шешім шығару үшін оқырманның саналы, білімді болуы керек. Абай бұл жөнінде:

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз

дейді. Демек, адамның рухани әлемін түсіну, оны бойға сіңіру үшін оқырман алдымен өзін дайындауы керек. Ал, оқырманға әр сөзінің мағынасын түсіндіру үшін, тіпті табиғат бейнесін көз алдына анық келтіру үшін  мекеншақты метафораларды жиі қолданатынын айқындай түсейік. 

 Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі («Жазғытұры» өлеңі)

 «Жазғытұры» деп те айтылады. Мағынасы – көктем, жазға салым мезгіл [8].           

 

***

           Безендіріп жер жүзін

           Тәңірім шебер,

           Мейірбандық, дүниеге нұрын төгер.

Көктем мезгілінің жер бетіндегі тіршілікке ықпалын баяндай келіп, оның адамдардың көңіл-күйлеріне де әсерін суреттейді.  

Қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан атакәсіп түрлерінің қыр-сырын өз деңгейінде түсіндіре білген дұрыс. Себебі, аңшылық, саятшылық, құсбегілік кез келген адамның қолынан келе бермейтін ұлттық атакәсіптің түрлері. Ал онымен айналысатын адамдарды халқымыз «аңшы, құсбегі, саятшы» деп ат беріп, айдар тағуы ерекше құрметтегеннің белгісі.

Ата кәсібіміз көптеген өлең жырларға, шығармаларға да арқау болған. Аң аулаудың қыр-сырын құс салып, ит жүгіртіп, мылтық ұстап аңшылықты кәсіп еткен құсбегілер білмесе, кез келген адамның аң аулай алмайтыны рас.

Аңшылық - аң аулау кәсібі, аң аулауды күн көрудің көзі етушілік, етін, қымбат терісін, мамық, жүн, қауырсындарын, мүйізі мен тұяғын, тісі мен сүйегін және басқа қымбат заттарын алып дүние мүлік жинауды кәсіп етушілік. Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңі саятшылық туралы жазылған. Саятшылық арқылы, қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы, аңшылықтың сыры туралы ақпарат береді. Аталған өлең жолдарында мекеншақ көркем бейнеленіп, ақын сол арқылы саятшылықтың қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін ретімен нанымды берген.

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

 Байқап отырғанымыздай, бұл өлеңдегі уақыт – қансонар. Саятшылар үшін қыс мезгіліндегі алғашқы жаңа жауған қардан аңның ізі анық байқалатындықтан, аң аулауға ыңғайлы сәтті «Қансонар» деп атаған. Өлеңдегі «қағушы» сөзіне назар аударайық. «Қағушы – бүркітші қашанда биікті алып, бір тұрғыдан томаға тартады. Егер айналада жортқан, қашқан аң көрінбесе, бүркіт бет алды ұша бермейді. Ал, аңшылардың дыбысын, иісін, аяқ сарынын бұрын сезген түлкі болса, сол жерде бұғып жатып қалып, қорғанады. Осындай жағдайда төңіректегі сай-салаға, жықпыл-жықпылға адам барып айқайлап, тебінгі қағып, дыбыстап, бұғып жатқан түлкіні қуса бүркіт соған ұшады. Қолында бүркіті жоқ, бүркітшілерге қолқанат болып жүргендерді қазақ аңшылары «қағушы» дейді. Аң аулау маусымы кезінде аңшылар аңы мол жерге сапар шегеді. Сартабан, сарытұғыр, арқалы құр, жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық бәрі сайланады» [9,47]. Саятшылардың «із» қарауы, яғни аңның мекенін тау басында отырып  іздеуі рет-ретімен өлең ырғағымен өрнектелген.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға.

 

***

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

 

Өлеңге көркемдік дарытып тұрған мекеншақтар: қансонар, тау басында, төмен, жоғары, көк (аспан), жер, аспан, ертең, із. Осы сөздер арқылы оқырман саятшылықтың мезгілін, уақытын  айқындай алады. Абай ата кәсібіміздің ерекшелігін, өзіне тән мәдениетін, ұлттың сипатын көркемдікпен шебер бейнелеген.

Жалпы, Абай өлеңдерінде кездесетін мекеншақты максималды мекеншақ, минималды мекеншақ деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Максималды мекеншаққа:

Дала мекеншағы – ашық кеңістік, жайлау, күзеу, қыстау;

Ауыл мекеншағы  – ашық кеңістік;

Қала мекеншағы – ашық кеңістік, Семей.

 Минималды мекеншаққа:

Интернат – жабық кеңістік;

Киіз үй – жабық кеңістік;

Қора – жабық кеңістік.

Осы мекеншақтар арқылы ақын өлеңдерінің ауқымы кең екендігінде аңғаруға болады. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» [10] – деген, ұлағатты сөзі Абай әлеміне әлі де тереңдей ене беру арқылы қазақ халқының тарихын, ділін қарастыру қажеттілігін байқатады.

 

Әдебиеттер:

1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы.  Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 368 б.

2. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-том / Жалпы редакциясын басқарған Ы.Дүйсенбаев. – Алматы: Ғылым, 1977. – 454 бет.

3. Бес жүз бес сөз. Алматы: Рауан, 1994. – 325 б.

4. Абай жолы Алматы: Атамұра, 2002. – 382 б.

5. Базарбаев М. Әдеби сын мақалалар мен зерттеулер. Алматы: Жазушы, 1987. – 432 б.

6. Қабдолов З. Сөз өнері.  Алматы: Жазушы, 1989. – 365 б.

7. Шлейермахер Ф. Герменевтика. СПб: «Европейский Дом». 2004. – 242 с.

8. Абай. Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 1995. – 2025 б.

9. Абабүкіров С. Құсбегі /http://alimsak.kz

10. https://qazaqadebieti.kz/17287/aza-bolmysyny-alyptasuy-abaj-ilimi-ayasynd.