Ә.Әбдіғали: Абай шығармашылығының рухани арналары

«Абай әлемі» байқауында 2 орынға ие болған Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің 2 курс студенті

Әбдіғали Әсел Ахметжанқызы

  

Абай-қазақ халқының айнасы іспеттес. Адам баласының жаратылысына деген ерекше көзқарас пен ықылас Абай шығармаларының өзегі. Рухани құндылықтарды адам баласының бойына тіл шеберлігімен сіңіруді мақсат тұтқан ұлы Абай үшін ұйымдастырылып отырған «Абай әлемі» байқауына қатысу мен үшін әдебиет әлеміне үлкен саяхат  тәрізді болды. Абай әлемінің шеті  мен шегі жоқ, түпсіз терең мұхит екендігіне тағы да осы байқауға қатысу арқылы көз жеткізіп отырмын.

Абай мұраларының өзінен кейінгі қазақ зиялыларына үлгі бола отырып, мәдениетіміз бен тіліміздің, көркем әдебиетіміздің дамуына үлесі орасан бола бермек. Меніңше де, өскелең ұрпақ үшін Абай мұрасы асыл қазына, тіршілікте шамшырақ секілді. Біздің мақсат – Абай мұрасын кеңінен насихаттап, тіліміз бен діліміздің, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына үлес қосу. «Абай әлемі» байқауы жалғасын тауып, Абай әлемінде көрініс тапқан қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеуде, үлкен рөл атқаратын, жас ұрпақтың дамуына, еліміздің ертеңінің жарық болуына, мәдениетіміздің гүлденуіне үлес қосып, дами берсін дегім келеді!

 

Аңдатпа. Бұл мақалада Абай шығармашылығының рухани құндылығы қарастырылады. Шығармалары тақырыбы мен мазмұны жағынан өзара топтарға жіктеу әдісі арқылы зерттелінеді. Зерттеудің негізгі мақсаты – қазіргі заманғы көзқараспен салыстырулар жүргізіп, жаңа замандағы руханиятты дамытудағы Абай рөлін айшықтау, түркі әлемінің ойшылдары мен Алаш ардақтылары арасындағы өткелге айналған Абай ақынның әр шығармасы терең мағына мен даналық ойға бай екендігін дәлелдеу. Зерттеу нәтижесі Абай шығармашылығының тың қырын, өзектілігін аша түседі. Мақала Абайдың барлық еңбектерін дәріптеп, Абай әлемін барша оқырманға жаңа қырынан таныстырып, насихаттайды.

Түйінді сөздер: адам – әлем, руханият, рух, шығармашылық құндылығы, Абай ілімі

 

Абай шығармашылығының  рухани арналары:

Абай және қазақ зиялылары мен түркі әлемінің  ғұламаларының «Адам – Әлем» руханиятын қалыптастырудағы этикалық мұралардың бірізділігі

 

Адам – әлем. Ерекше әрі маңызды ұғымдар, барша жаратылыстың негізі, түбі терең тамыры. Әлем -   бұл бізді айналдыра қоршаған саны мен тізбегі шексіз, алуан түрлі дүниелер мен материялардың сан қырлы жиыны. Ал, әлемнің сәні мен мәніне айналған, ең алғаш көз тігіп, өзінің назарына алған, жаратылыстың жоғары деңгейдегі формасы адам емес пе?! Осындай сөз орамдарымен ой толғауымның бірден бір себебі – адам баласының дүниетанымына деген ерекше көзқарас пен ықылас. Үздіксіз, бірсарынды уақыт пен шексіз кең көлемдік кеңістіктің аралығындағы тіршілік, әдет, дағды, жаңашылдық, жасампаздық әрекеттер адамзатты дамытты, ақ пен қараны ажыратуды үйретті, руханиятқа қадам бастырды, нағыз адами болмыс пен әлем арасындағы рухани әрі нәзік байланысты орнатты. Астарсыз, нағыз, баршамыз абсолютті деп танитын, ақиқаттың жасампаздық формасын Ғылымды дамытты. Ғаламның гаухар тастың қырындай, алуан құбылысты сипатын зерттей, өне бойы озық тұратын ғұламалар мен ойшылдар қалыптасты. Осындай тағылымдамалар тізбегінің басы – адам, соңы – оның еңбегінің жемісі руханият болмақ. Сонау түбі терең тарих қойнауынан бастау алып, дәуірлер мен ғасырларды асып өтіп, даму мен жетілу барысында қалыптасқан адамзат я ұлттың бары, бірегейлік пен бірліктің өзегі. Адам баласы жеткен ұлы жетістік. Руханият – адамның дүниеге деген көзқарасынан, оған деген ерекше ықыласынан, жанының әсерлі сезімінен, адами асыл қасиеттерден, әділеттілік пен ақиқат үшін күресінен, өзгелерге деген ізгі, қайырымдылығынан көрініс табатын, кең ауқымдағы түсінік.[1] Адам – Руханият – Әлем формуласын құрастырып, бір-бірімен астастырсақ, берік байланысты аңғарамыз. Руханият адам мен әлемді байланыстырушы берік өткел, алтын көпір тәрізді. Руханият адамға тәлімі терең тәрбие, тағылымы терең тарих қойнауында қалыптасқан әдебиет, өнер, халық даналығы, ғылым мен білім, мәдениет арқылы беріледі. Руханият – тарих, руханият – әдебиет, руханият – ғылым, руханият – өркениет, руханият – ұлт. Ұлттың беріктігін, мәңгілік бейнесін, әлемдегі мызғымас орнын сақтайтын да осы – Руханият. Руханият – руханилықтың кемелденген бейнесі. Руханилық әрбір жанған тән, болуы керек даралық дер болсақ, руханият – елдің, ұлттың я болмаса төрткүл адамзаттың бірлік көрсеткіші, ұйытқысы.

Руханилықтың қайнар көзі мен асыл қазынасы – әдебиет. Әдебиет – ұлттық сананың бастауы, ұлттық рухани құндылықтың, өмірдің айнасы іспеттес. Қоғамымызды әдебиетсіз елестетсек, қалай болар еді? Мәдениеттен жұрдай боларымыз анық, әдебиетсіз мәдениет те, ұлттық руханият та болмас, сірә! Әдебиеттің терең мұхитына сапар шеккен ұлы жазушыларымыздың шығармалары ұлттық өміріміздің ғасырлық энциклопедиясы, өзгелерден ерекшелеп тұратын, тарихи тыныс – тіршілігіміздің көрінісінен сыр шертетін уақыт айнасы секілді. «Тар жол, тайғақ кешу» деп аталатын замана апатына дес берместен, халықтың құндылығын, сол дәуірдің шындығын бейнелейтін, тек сол дәуір емес, болашақпен өмір сүрген зиялылар мәңгіліктің символына айналған – ды. Сондықтан да олар жазған әрбір еңбек мәңгі сол ұлтпен бірге болмақ. Абай ұлылығы да осында деп білемін. Ол жазған әр шумақ, әр жол, әр тармақ ғасырлық шындық пен нағыз философия. Абайдың басты идеясы «Адам бол!» ұстанымы, және осы идеяны барынша дәріптеу оның мақсаты. Абай – қазақ рухының жаршысы. Қазақтың рухы жайлы талай шығармалар жазылып, түрлі пікірлер аз айтылған жоқ. Рухы биік, өршіл халықпыз. Осы «рух» сөзі азды көпті кірісер жері көп, естісе құлаққа майдай жағып, адамның ішкі жан дүниесінде тәннен бөлек, бір тыныс бар секілді, адам бойын оттай қыздырып, судай басатын адам жанының жанары. Рух – қайрат пен қуаттың қайнары, жанның қорегі. Рухы берік адамды мықты, қуатты, батыл дейміз, Рух – жүректе, жан да жүректе деп, барлық асыл қасиеттер мен турашылдықтан адастырар нәфрәт қылар қасиеттердің шығар көзі жүректі де елеп ескергеніміз жөн. Абай айтады: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені -   батыр кісі. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар -  жүрек ісі. Асықтық та -  жүрек ісі»[2] Адам жанының ұясы - жүрек екенін осындай сыншыл сөздерімен жүректің атқарар міндеттерін айтады. Меніңше, осы сөзінен жүректі де басқаруға болатынын аңғаруға болатын сықылды. Егер жүректі басқаруға болмайтын болса, барлық адамның жүрегі қасиетінен біртекті болар еді. Демек таңдау берілген, асыл, ғибратты қасиетті боламын десең, не болмаса асықтық пен көзбояушылық жасаймын десең де өз еркің емес пе?! Жүректі таза ұстау міндет екенін естен шығармаған  ең абзалы. Жүрек -   рух пен жанның, ақыл мен қайраттың мекені. Хакім Абайдың шығармаларының басты идеясы «Адам», адамның руханилығын арттыру болды. Адамға сипат беретін жан мен тәні емес пе? Осы ретте ұлы ақынның «Адамұғлы екі нәрсе бірлән: бірі – тән, бірі – жан» [2] деген сөздері тілге тиек болары хақ.

Абайдың адам жаратылысына деген көзқарасы оның шығармашылығының мәні мен сәніне айналып отыр, шығармашылығы – нағыз рухани азық, жолаушыға таптырмас темірқазық жұлдызы секілді. Һәм, Абайдан бұрын да, Абайдан соң да руханияттың жаршысына айналған ұстаздар мен ізбасарлардың болғаны айқын. Абай екі арадағы алтын көпір, діндарлы әдебиет пен сындарлы әдебиет арасына салынған «Абай әдебиеті» - қазақ әдебиетінің жаңашыл сарыны, нағыз үйлесімді өзегі. Түркі әлемінің ойшыл ғұламалары, тарихтың алтын кені барша түркі халықтарының таласында, назарында жүрген әдеби, ғылыми дүниелердің жауһары бұл Абай бастауын алған бұлақ көзі деп танимын. Олардың шығармалары – Абай  ілімінің негізі. Олар кімдер? Олар – ғасырлар өтсе де құны бағалы, рухани асыл қазыналарымыз. Басым көпшілігі қазақ топырағынан шыққан алпауыт тұлғалар. Отырардан шыққан – «әлемнің екінші ұстазы» атанған әл-Фараби, Түркістан өңірінің тумасы Ахмет Йүгінеки, Ұлы Хас Хажип атағын алған Жүсіп Баласағұн. Олар ­– бір дәуір өкілдері, ислам мәдениетінің көрнекті қайраткерлері. Олардың жазған әр шығармасы еңбегі әуелі жатарушыға сыйынумен, оны мадақтап мақтаумен басталатыны оларды ерекшелеп, айшықтайды. Қазақ халқының байырғы мәдениетінен сыр шертетін ақын, пәлсапашы ғұламалар еңбегі – әдебиетіміздің бастауы, руханияттың көзі, өркениетіміздің тірегі. Абайдың еңбегін дәріптеп, оның қолжазбаларын баспадан шығартып, «Тыныш ұйықта қабіріңде уайым жеме, көз ашып жұртың ояу болған сайын, Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар!»[3] деген өлең жолдарымен Абайды еске алып, халық үшін Абайдың маңызын ескеріп, халықтың жаршысы, білім мен ғылымның, үміттің шырағы болған ұлт зиялылары, «Алаш» деп, ұранға салған Алаш ардақтылары – Абай салған сара жолдың ізін жалғаушы даралары. Манадай үш түрлі  ғасырдың шамшырақтары атанған, сәулелі ғалымдар – тарих пен әдебиеттің біттескен туындысы, мен негізге алып отырған Руханияттың мысалы. Олардың шығармашылығының бірізділігі – шығармаларының халық үшін маңыздылығын айқындамақ. Шығармадан тәлім іздеген «жапанда су іздеген жолаушыдай» тәрбие, білім, өне бойы толған асыл қасиеттер суынан нәр алып қанғандай күй кешсе деген үш әлемнің ғұламаларының шығармаларының бірізділігін, олар қалдырған мұралардың маңыздылығының уақыт өткен сайын артуының себеп пен салдарларын руханияттың қысқаша анықтамаларымен талдайтын болсақ:

Руханият – Әлем. Әлемнің сан қырлы сипаты бар. Алуан түрлі етіп айшықтаймыз, бізді айналдыра қоршап жатқан, біз өмір сүретін мекен, біздің мекеніміз. Әлем бұл тұнып тұрған табиғат емес пе?! Ерекшелейтіні біз мекенде табиғатпен сыңарласа күн кешеміз, оның қалай жаралғандығы бізге ежелден-ақ қызық еді. Жүсіп Баласағұн «Жеті жұлдыз, он екі бұрұжында»:

                                                    Үші көктем, үші күздің жұлдызы, 

                                                     Үші – қыстың, үші – жаздың жұлдызы.

                                                    Үшеуі – су, үшеуі – жел, үшеуі –от,

                                                    Үш топырақ; жаһан туған түгел боп! [4]

 Бұл тарау өте қызық мағлұмат берері анық, он екі айымыз бар, бір жылды құрайтын, «үші көктем» деп жыл маусымдарына үш санын беріп өтуі әр маусымның үш айдан тұратындығын білдіріп, әлемді «жаһан» сөзімен алмастырып, ғаламның құраушысы болған су, жел, от, топырақты тілге тиек етеді. Барлығы өте жүйелі түрде берілген. Әуелі жер бетінде су пайда болған, сумен ілесе онда тіршілік етушілер, сонан соң жел яғни ауа әлемнің негізі болады. От пайда болып, тасып жанып заңғар тау жасады, соңғы топырақ әлемнің тірегі болады. Әлемнің екінші ұстазы әлемнің жаратылуы жайында: «Денелер алты текке бөлінеді: 1) аспан денелері; 2) ақыл – парасатты жануарлар; 3) ақыл–парасатсыз жануарлар; 4) өсімдіктер; 5) минералдар; 6) төрт элемент. Денелердің осы алты тегінің орайласуынан пайда болатын жиынтық – дүние.»[5] – деп, тұжырымдайды. Мұнда айтылған төрт элемент – Жүсіп ақын өлеңінде берілген «от, су, жел, топырақ». Яғни әлемнің жаратылуы жайында барлығы бір ойда, бірізділікте. Жүсіп ақынның баршаға біздің орнымыздың, мекеніміздің түптеп келгенде біздің әлемнің жаратылуын үш ауыз сөзбен жеткізуі әдеби шеберліктің өзі. Әл–Фарабидің материяны яғни әлемнің формасын табиғат деп алуы адам мен әлем арасындағы нәзік байланысты белгілейді. Ал ұлы Абай үшүштен берілген жыл мезгілінің бірін қалдырмай, табиғатқа арнап өлеңін жазды. Әр жыл маусымына тән табиғат пен адамның үйлесімділігі жайлы сөз етіледі, бұл атабабадан қалған жазда жайлауда, күзде күзеуде, қыстақыстауда, көктемде­ көктеуде күн өткеруі табиғатты ерекше құрметтеген қазақ халқы мен табиғат арасындағы ерекше қатынасты бейнелегісі келгендей. Бұған Хакім Абайдың Жаз өлеңіндегі мына сөздері дәлел: «Жаздыгүн шілде болғанда, көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып өсіп толғанда; Күркіреп жатқан өзенге, көшіп ауыл қонғанда»[6] Жүсіп ақын да «Жарқын жаз» тарауында «Жасыл торқа қара жерді қаптады, шын керуені жайды Қытай заттарын; Тау, дала, жер жасыл кілем төсенді, көкке оранып, қолат – қырлар безенді.»[4]деп, жаздың сипатын береді. Абай өлеңінде ауылдың жайлауға көшіп, мәз болысып, шаттыққа бөленіп жатқандығы бейнеленсе, Жүсіп ақында халықтың ушуласып керуен алдында тұрғандығы, Қытай заттары деп, тарихы терең «Ұлы Жібек жолын» меңзегені анық.

Абай қазақтың өмір сүру салтына әртүрлі етіп сипат беріп, төрт жыл мезгіліне сай мінез де береді. Бұл төрт өлең әдебиеттің үлкен жаңалығы болды десек, қателеспейтініміз анық. Ал бұл өлеңдерді өз назарына алған Абай ақынның ізбасарлары сыншыл баға береді. Бұл ретте Ә. Бөкейханов «Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді...»[7]деген екен.

Руханият – Адам. Адам – руханияттың иесі, ерекше жаратылыс, әлемнің бөлшегі. Манағы негізге алған ақын–жазушының қайсысын алып қарасақ та, басты ұстанымы – адам, адам баласының көзқарасына ықпал ету, тәлім беру. Абай айтады: «Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін – һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бірнәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық», – деп.№ Бұл әлемде барлығы адам баласының игілігі мен жаны үшін жасалған. Қарап тұрсақ, осыншама нығмет пен табиғат сыйын ала тұра адамның кемелділігі мен руханиятын қалыптастырмау, оны сөзге қоспау мүмкін емес–ті. Ал адамға берілген тек соған тән қасиеттерді көркем сөзбен Жүсіп ақын былай өрбітеді:                       

Адамды хақ жаратты да ескерді:

                                                   Оған ақыл, білім, өнер, ес берді.

                                                   Көңіл берді әрі тілін тербетті,

                                                   Ұят берді, берді құлық, келбетті. [4]

Осындай тек адам баласына ғана берілген бұл қасиеттердің дұрыс пайдаланылуы, жойылмай даму үстінде сақталуы, барша адамзатқа үнделуі тиіс екендігі бесенеден белгілі. Адамның жаратылысы жайында ұлы Абай «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби – оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы – жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы – жибили. Ақыл, ғылым – бұлар кәсиби.»[2]дейді. Ал бұл ойды осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген данышпан әл – Фараби «Кәсіптік көмегімен адам өнерлерді және қолөнерлерді меңгереді»[5] деп Абай айтқан ойдың негізін салады. Сонау әл–Фарабиден, кейін Абайдан қалған әдебиеттің шырақшысы болған Мағжан Жұмабаев адам  жаратылысы туралы «Адамзат дене һәм жан  аталған екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «Адам» деген атты осы ғана береді»[7] дейді. Сонымен қоса адамға қажет ең керегі бұл Бақыт деп тауып, әлемнің екінші ұстазы  «Адамның өмір сүру мақсаты  ең жоғарғы бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы керек. Сонан кейін ол бақытқа жетуі үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек» десе, Хакім Абай өлең шумақтарымен қысқа түрде «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар қалан!»[6] келтіріп, әл – Фараби айтқан ойды меңзейді. Абайдың айтуынша адам бұл өмірдегі орнын табуы қажет деп есептейді, дәл «Орын таппай мақтанба» деген сөзін толықтырып. Меніңше де, бұл өмірде өз орнын таба алған адам ғана бақытты деп санаймын. Әл – Фараби мен Абай ұқсастығын осы сөздерінен де байқауға болады. Иә, адам – руханилықтың негізі, әрі иесі. Әлімсақтан бергі адамның руханилыққа кенелуі мен кемелденуі үшін адамдық қасиетті, адамдық мүдделер мен адамның әлемдегі орнын осы күнге дейін үндеуде, маңызын жоймайтын бұлтартпас азық.

Руханият – Ғылым. Ғылым туралы айтқанда, алдымен Абайдың сөздерімен бастағанды құп көремін. Хакім Абай отыз сегізінші қара сөзінде «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» дейді. Ғылым–білім тек адамға тән. Рухани кемелділікке жетудің бірден бір жолы бұл – ғылым. Ғылым да көне заманнан бергі адамзатқа насихат ретінде келе жатқаны белгілі. Сонымен қатар Абайдың «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр.» деген сөзі ғылымның аса маңыздылығын білдіреді. Біздің иманымыз да Ғылымнан шыққандығын, ғылым хақтықтың, адамдықтың өлшемі, ғылым үйренбекке де махаббат керектігін сүбелі сөздерімен өрнектейді. Жаратушымыздың өзін ғылым арқылы танитынымызды айтады. Тіпті дерлік, барша ақын, ғұламалар адамзатты білімге шақыратыны айдан анық, Ахмет Байтұрсынұлының «масасы» секілді ызыңдап, М.Дулатовтың оятқышына айналып кеткен «Оян, қазағы!»  халықтың көзі ашық, сауатты болғанын, білімге құштар болғанын, оның керегін ұққанын  қалады. Түркі ойшылдары зиялы қауым өкілдерінен қаншама жүздеген жылдардан бұрын болса да, ғылымның маңыздылығын әу – бастан ақ сезген. Ахмет Йүгінекидің ақиқатты іздеуде және оның сырын ашуда жазған «Ақиқат сыйы» дастанында адамзатты білімге шақырып:                                    

                                                  Айтайын білім жайын, құнты бар бол,

                                                  Ей, достым, білімдіге ынтызар бол.

                                                  Ашылар білімменен бақыт жолы,

                                                  Білім ал жолға түсіп бақыт толы [8]

дейді. Қос жанарынан айырылған ақын, білімнің өзінің өмірінде алатын орнын ерекше атап, білімді іздеуге талпыну бұны ақылды кісінің ісіне теңеп, нағыз бақытқа кенелу жолы екенін ескертеді. Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл берсеңіз» деген өлең шумағынан алынған сөздері білімнің пайдасын айтады, білім еш уақытта жұтамайды,  мейірлене меңгерген сайын кемелдене түсетінің анық. Ал білімнің кәсіби пайдасын Ахмет ақын «Білікті білім жинап кәсіп етер, білімнің дәмін татып өсіп өтер, білдірер, беріп елге білім сырын»[8] деген сөздерімен білдіреді. Ал Жүсіп ақын білім туралы «Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, саған нұрын шашатын, Ақыл қолдап, біліммен ер жетілер, екеуімен қадірі артып, бекінер»[4] деп, білім мен ақыл адамға көрік беріп, оның қадірін, сый–құрметін арттыратындығын айтады. Абайдың да  шығармасының басты мақсаты білім–ғылымға шақыру болды. Шығармасының басым көпшілігі ғылым аясында. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінде ғылымды меңгеру үшін арнайы берілген уақыт мерзімі бар, сол уақыт мерзімі бұл – жастық шақ және осы шақта уақытты шығындамастан, ғылым, білім, өнер үйренуге жұмсауды дұрыс деп санайды. Адам мәңгілік емес, әрбір берілген уақытта жасалынуы тиіс дүниелер баршама, уақыт ығынан қалмау басты шарт. Ғылым – өркениеттің тірегі мен негізі. Ал бұл жайында әл – Фарабидің еңбектерінен, ғылымға деген ерекше ықыласы мен сүйіпеншілігінен көруге болады, және ғылымға деген ғадәләт сезімдер оны бүкіл жұртқа паш етті. Әл – Фарабиден кейінгі данышпан ақын Абайдың да бізге айтар ақылы мен өсиеті ғылымға көңіл бөлу. Осы аталған Абай үндеуін одан әрмен жалғастырып, ісімен көрсеткен қазақ зиялы қауымы өкілдері жаппай ғылыми білім алып, қазақ даласына қонған бақ секілді болды. Абай кезінде жазған әрбір шығармасы баспадан дәл сол уақытта шыққаны жоқ, оның шығармаларының баспадан шығуына Алаш ардақтыларының септігі көп тиді. 1905 жылы жаппай кітап шығару кезеңінде Қазан қаласынан Абай шығармаларын басып шығарғандығы тарихтан белгілі. Оған дерлік «Қазақ», «Айқап» секілді қазақ даласына арналған ақпарат көздерінде Абай мұрасы кеңінен насихатталды.

Ғылым сарқылмайтын байлық, талаптану, талпыну, білім көкжиегіне жету, меңгеру бізден. Асыл сөздің жүйрік торысы Абай білім – ғылымғы керек талаптың  да өзінің шарттары бар екендігін айтады. Ғылымға ерекше ықылас пен ынта керектігін, мейірім етсең ғылымның да мейірімін көретініңді алға тартады. Абайдың адам бойындағы ұнамсыз қылығы бахас қылмақтықты ескере одан сақтандыралды және ақиқат үшін білмек ғылымның басты шарты дейді. Білгеніңді бөлісу, оны сақтау, қорғау ғылым үйренушінің міндетіне жатқызып, уайымсыздықтың алдын алуды, мінездің бұзылмауын ескеру керектігін жеткізеді. Абай шығармасы осымен де құнды, нағыз ғылым – білім аламын, меңгеремін деген кісіге шабыт, нұсқар жол, тиімді жоспар болмақ. Абай айтқан даналықты есте тұтып, көңілге тоқып, Алаш ардақтыларының әр еңбегін елеп ескеріп, жадымыздан орын берсек, Түркі әлемінің ғұлама ойшылдарының жыр дастандарын, ғылыммен байланыстыра меңгерсек, онда ғылымның шыңына, руханилықтың кемеліне жетеріміз хақ.

Руханият – Тәрбие.  «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», «Тәрбие тал бесіктен» дейді. Руханилықтың берілер көзі – тәрбие екенін жоғарыда атап өткенмін. Абай өлеңдері, қара сөздері көбіне ата – анаға бағытталғанын да аңғаруға болады. Абай шығармаларының әрқасысы тәлім–тәрбиеге толы. Ал тәрбиенің түбінде елдің, ұлттың болашағы жатыр. Абайдың айтқаны бар емес пе, «Адам ата ­– анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады»[2] деген? Бұл сөзі де білімді адамды шығару үшін ең әуелі тәрбие керектәгән нұсқайды, аспаннан салбырап қана түсе салған адамды көрмегеніміз анық. Барлығы да тәлім мен тірбие мектебінен өтеді, сол кезеңде дұрыс тәрбие берілуін қадағалау естілердің міндеті, баланың бойына асыл қасиеттерді сіңіру я өзің де үлгі тұтарлықтай болу. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық сөздер бар, бұл да тәрбиенің көрінісі, демек тәрбие отбасынан басталады. Жүсіп ақынның Құтты білігінде ұл ­– қызға қалай тәлім берерлігі, оларды оқытып, білім беру басты парыз екендігін білдірген, ал Абай сөздерінде де тәрбиені білім берумен байланыстырады, яғни «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең ­–  оқыт, мал аяма!» дейді. Біліммен берілген тәрбиені дұрыс санайды, бұл туралы да Алашшыл көсем Ахмет Байтұрсынов «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та,  билік те, халық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі көбі түзелгенде оқумен түзеледі.»[7] ­– деп, тәрбиеге оқудың септігі көп екенін айтыпты. Ал Мағжан Жұмабаев тәрбиенің мақсатын «Тәрбиеден мақсұт ­–  адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару»[3] ­–  деп түсіндіреді. Жалпы алғанда барлық шығармасынан күрделі пайымды, өмірден өткен тәжірибелерімен бөлісе отырып, жазған ірбір сөзі тәрбиеге толы. Тәрбиелі болу үшін барлық руханилыққа апаратын жол секілді болған ізгілік қасиеттерін бойға сіңіру, білім­ – ғылым алып, көңілде отанға, адамзатқа деген ғадаләт сезімі болса болғаны.

Руханилықты тәрбиемен, ғылыммен, адаммен және әлеммен байланыстыра отырып, Абай тәлім алған шығыс ілімінің негізгі тірегі болған қазақ даласының ойшылдарының еңбегін, Абайдың өлеңі мен ғақлияларын, және Абайды елге танытқан, Абайтанушы әрі шәкірті болған қазақ зиялы қоғам өкілдерінің мақсаты бір екендігін көрсете алдым деген ойдамын. Егер өмірбаяндарымен танысқан болсақ, онда әртүрлі тағдырды көруімізге болады, олардағы адамдарға деген құрмет пен олардың болашағына алаңдаушылық, халқына адалдық, Отанға беріктік оларды барлығынан дерлік биік етеді. Олар ­–  нағыз ғұламалар. Қаншама ғасырлар өтсе де олардың еңбектерінің мақсаты бір, мың жыл бұрынғы ойшылдар ғылым мен білімді алғашқы орындарға қойып, мейірімділік, еңбекқорлық қасиеттерді насихаттаса мың жылдан кейінде, тіпті қазірдің өзінде осы мәселелер негізгі болмаса, өз маңызын жоя қойған жоқ. Абайдың білгені мен көргені көп болды, алған тәлімі терең болды. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде «Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды лақпай тұп ­– тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер»[9] депті. Абайдың ұрпағы болған біз бақыттымыз. Абайдың қара сөзін оқығанда  «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім!» деген сөзін оқу қандай ғанибет! Ұрпағына, халқына деген махаббат оны барлығанан да ұлы етеді. Абай жазған әр сөзде философиялық терең мән жатыр. Шығармалары әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, түкпір­­ – түкпір жерлерден оқырман тауып жатқаны сөзсіз. Қазақстаннан тыс өлкелерде Абай ескерткіштері орнатылып, құрмет көрсетілуде. Қазіргі таңда Абайды әлем таниды. Руханияттың жаршысына айналған Абай рухани жаңғыруымыздың негізі болары кәміл. Осы орайда мақаланың соңғы түйінін Абайдын мына сөздерімен аяқтағым келеді:

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі ­– надандық, екіншісі ­– еріншектік, үшінші ­– залымдық деп білесің. Надандық ғылым­­–білімнің жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Еріншектік ­–  күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Залымдық ­–  адам баласының дұшпаны.»[2] Осылайша берілген ақыл сөзден қаншама тәлім алуға болады. Абай ­–  қазақтың рухы мен бағы. Абай айтқан надандықты жеңіп, еріншектіктен бас тартып, залымдықты аттап өтіп Абай қалаған жарқын елдің болашағының жарқын да кемел, мәңгі болуына атсалысу басты борышымыз. Абай мұрасы ­–  мәңгілік руханиятымыздың тірегі!

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. https://kk.m.wikipedia.org/wiki/%D0%A0%D1%83%D1%85%D0%B0%D0%BD%D0%B8%D1%8F%D1%82
2. Абай. Қара сөз = Книга слов. – Семей: МКА, 2007. – 368 б.
Жұмабаев Мағжан. Шығармалары (әдеби басылым). 1- том: Өлеңдер, дастандар / Құраст. Сәндібек Жұбаниязов. – Алматы: Жазушы, 2013.  – 376 б.
3. Баласағұн Ж. Құтты білік. –Алматы,  1986. – 196 б.
4. Әл Фараби философиялық көзқарастары // Әл Фараби Философиялық трактаттар. Алматы: Ғылым, 1973. – 446 б.
5. Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалармен қара сөздер. –Алматы: Жібек жолы, 2005. – 248 б.
6. Абайды оқы, таңырқа... – Алматы: Ана тілі, 1993. -160 б.
7. Иүгінеки Ахмед. Ақиқат сыйы. – Алматы: Ғылым, 1985. – 96 б.