П.Шәмшиев: Абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептері

«Абай әлемі» байқауында 1 орынға ие болған Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің 2 курс магистранты

Шәмшиев Пердехан Рүстембекұлы

 

Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры студенттер мен магистранттар арасында «Абай әлемі» байқауын екінші рет ұйымдастырды. Байқау ұлы Абай атамыздың мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың ғылыми әлеуетін арттыруды көздейді.

Ұлы Абай атамыздың 175 жылдығына керемет тарту болған жоба биыл да жалғасын тапты. Ия, Хәкім Абайдың мұрасы түпсіз терең мұхит. Бір түпке жетсең ол мыңдаған түптің басы ғана болады. Оны зерттеу бір жылдың, бір ұрпақтың ғана емес тұтас ұлттың өмірін қажет етеді. Сондықтан ұйымдастырушылардың бұл бастамасы әрі қарай жалғасын тапқанына қуаныштымын.

Бүгін күн сайын мемлекеттік тілдің қоғам өмірінде құлашы кеңге жайылып маңыздылығы артып келеді. Әсіресе ғылымның ана тілімізде дамуы өзекті бола түсуде. XXI ғасырда қазақ тілі ғылымның тіліне айналуы қажет. Сонда ғана ата-баба аңсаған «Мәңгілік ел» боламыз. Бұл тұрғыдан жобаның ұлтқа берері мол. Мемлекеттік тілдің терең тыныс алуына жол ашып отырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Бар болыңыздар, жасай беріңіздер!

 

Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының

саяси-идеологиялық себептері

Аңдатпа. Мақала абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептерін анықтауды көздейді. Зерттеу жұмысында ғалымның ісіне қатысты ресми құжаттар мен ғылыми еңбектерге саясаттанулық талдау жасалынды. Талдау барысында ғылыми айналымға «Қайым ісі» ұғымын енгізу мәселесін көтеру қажеттілігі айқындалды. «Қайым ісін» сталиндік репрессияның екінші толқыны аясында қарастырудың маңыздылығы алға тартылып, оның «Бекмаханов ісі» және «Сатпаев ісі» сияқты саяси оқиғалардың логикалық жалғасы болғандығына баса назар аударылды. Сонымен қатар, сталиндік репрессияның екінші толқыны аясында өткен бұл саяси оқиғаларға алашордалықтарға, оның ішінде М. Әуезовке жасалған саяси қылмыстың ықпалы анықталды.  Зерттеу нәтижесі  «Қайым ісінің» идеологиялыққа қарағанда саяси себептерінің басымдылығын көрсетті.

 

Түйін сөздер: «Қайым ісі», сталиндік репрессияның бірінші және екінші толқыны, кеңестік марксизм-ленинизм идеологиясы.

 

Кіріспе

Еліміздің темір құрсаудан босанып, бабалар аңсаған егемендікке қол жеткізгеніне биыл міне 30 жыл толды. Оған дейін өгей ата-ана құшағында өз шаңырағында халқымыз жетімдік күйде бірнеше жүз жылын өткерді. Өз үйі өлең төсегі бола алмаған уақыт халқымыздың өзінің кім екендігін ұмыттыруға шақ қалды. Ендігі біздің мақсат басқа қонған бақ құсын ұшырып алмай, тарихымызды түгендеп, еңсемізді көтеріп жетімдік күйден арылу.

70 жылдан астам өмір сүрген Кеңес Үкіметі кезеңі халқымыз үшін ауыр уақыт болды. Хакім Абай отыз жетінші қара сөзінде: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес»,-дейді. Мемлекет те адам іспетті. Кеңес Үкіметі саяси төңкеріс (революция) арқылы өмірге келді. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері нәтижесінде билік коммунистік партия қолына өтті. Бүгінгі тәжірибемізбен жүріп өткен жолымызға көз жүгіртсек, бұл оқиғаның алдағы қанқұйлы оқиғаларға ықпалын көре аламыз. 1921-1922 және 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, ұлт зиялыларына қарсы саяси репрессиялардың өзі атап өтуге тұрарлық тарихымыздың қайғылы кезеңдері болып халықтың санасында қалды. Мұның бәрі cезімге беріліп жасалған іс-әрекеттің нәтижесі екені сөзсіз. Сезімге беріліп жасалған іс-әрекеттің ізгілік жолы еместігін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сөзге тиек етті. Мақалада Елбасы қоғамымыздың революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуын тілейтінін және коммунизм идеологиясының болашағының жоқтығын ескертеді[1].

Дегенмен тілі бар, үнсіз заманда үн қатқандар болды. Сондай тұлғалардың алдыңғы легі Алашордалықтар болды да,  қазақ ғылымының өкілдерімен ұласты. Алашордалықтар Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мағжан Жұмабаев және өзгелер XX ғасырдың 30-жылдары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл процесс XX ғасырдың 40-жылдарының соңы мен 50-жылдарының басында жалғасын тауып қазақ халқының көрнекті ғылым және мәдениет салаларының өкілдеріне «буржуазиялық ұлтшыл» айыбы тағылып саяси куғын-сүргінге ұшырады. Аталмыш оқиғалар ғылымда сталиндік репрессияның бірінші және екінші толқыны деген атаумен енді. Кеңес Үкіметінің өмірінің соңғы жылдары бастау алған саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау үрдісі еліміз тәуелсіздік алысымен жалғасын тауып жаңа қоғамдық-саяси, ғылыми іс-шаралармен толықты.  1993 жылы 14 cәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бекітуімен «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Заңды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жаппай саяси-қуғын сүргін құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, оларды ақтау және оларған тигізілген моралдық және материалдық залалды өтеу мақсатында қабылдады. Қабылданған заңның тарихи, идеологиялық мәні айрықша. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мемлекеттік деңгейде өзекті мәселеге айналды. Әрине мұның бәрі саяси жігерсіз жүзеге аспаушы еді. Бұл шаралар алдағы кезеңде жалғасын тапты. Осылайша 1997 жылдың 5 сәуірінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді [2].

2020 жылдың 29 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі жарияланды. Мемлекет басшысы өз үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруға тапсырма бергендігін жария етті [3]. Бұл бастама мемлекет басшысының Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған саясатын жалғастырып, саяси сабақтастық арқылы аталған мәселені жаңа деңгейде қарастыруды көздеді. 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып жоғарыдағы жариялаған үндеуіне саяси-құқықтық мән берілді. Жарлыққа сәйкес мемлекеттік комиссияға саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау негізгі міндет ретінде жүктелді [4]. Осылайша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бүгінгі күні мемлекеттік деңгейде өзекті мәселеге айналып отыр.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесінің және Хакім Абайдың философиялық, дүниетанымдық шығармашылығының өзектілігін ескере отырып, біз осы ғылыми жұмыста Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептерін талдауды жөн көрдік. Біздің ойымызша ғалымның қуғындалуының идеологиялық себептеріне қарағанда саяси себептері басым. Сонымен қатар Қайым Мұхамедханов ісі сталиндік репрессияның екінші толқыны аясында өткендігіне баса назар аударылып, алашордалықтарға, оның ішінде М.Әуезовке жасалған саяси қылмыстың аталмыш іске ықпалының болғандығына мән бердік. Бұл ғылыми жұмыс сондай-ақ сталиндік репрессияның екінші толқынының бірінші толқынымен бірге және қатар зерттелуінің маңыздылығын аша түсті.

1951 жылы Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында диссертациялық жұмысын қорғайды. Диссертацияны қорғау барысында, диссертациялық жұмысты қорғағаннан кейін де ғалымға және оның ұстазы М. Әуезовке қатысты газет беттерінде қаралаушы материалдар жарияланды. Мұның бәрі оның 25 жылға бас бостандығынан айырылуына алып келді. 1955 жылы қамаудан босатылып толық ақталды. Біз бұл жұмыста Қайым ісіне өзгеше көзқараспен қарауды мақсат еттік.

 

Әдіснама

Зерттеу жұмысында әдіснамалық негіз ретінде саясаттанулық талдау әдісі алынды. Ресми құжаттар ретінде ғылыми диссертация қорғау барысында жасалынған стенограмма, диссертациялық еңбекке ғалымдардың пікірлері алынды. Диссертацияны қорғау барысындағы стенограммада бекітілген ғылыми дискурсқа саясаттанулық талдау жасалынды.

 

Негізгі бөлім

Кез келген зерттеу жұмысында ғалымның алдында әдіснамалық сұрақтар ең маңызды мәселеге айналады. Біздің ойымызша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және оларға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде нақты тарихи фактілерді негізге ала отырып құқықтық және саяси баға берілу қажет. Сондықтан біз бұл зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі ретінде саясаттанулық әдісті таңдадық.

Зерттеу жұмысының әдіснамасының негізгі құрамдас бөлігі бұл ұғымдық аппарат. Жұмыстың ұғымдық аппараты ретінде саяси қуғын-сүргін, саяси қуғын-сүргін құрбандары, саясат пен  идеология ұғымдары алынды. Мұнда саясат пен идеология ұғымдарының саяси идеология категориясы аясында қарастырылғандығын ескерткен жөн.

«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі №2200 Заңында саяси қуғын-сүргін ұғымына мынадай анықтама берілген: «Саяси қуғын-сүргiндер ретiнде мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде "еңбек армияларында", "iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында" деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады» [5]. Осы тектес анықтамалар өзге де құқықтық сөздіктерде де келтірілген. Ал ұғымның саясаттанулық анықтамасына сәйкес саяси қуғын-сүргін өмір сүріп отырған саяси режимді қорғау мен сақтау мақсатында мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын саяси зорлық-зомбылықтың формасы. Яғни саяси себептер дегеніміз өмір сүріп отырған саяси режимге қарсы іс-әрекеттер жиынтығы. Демек саяси қуғын-сүргін құрбандарына саяси режимге, яғни саяси билікке қарсы іс-әрекет жасаған немесе ой-пікір білдірген тұлғаларды жатқызамыз.

Жоғарыда саясат пен идеология ұғымдарын бөліп, оларды саяси идеология категориясы аясында қарастыру туралы ескерттік. Осы орайда саяси идеология категориясына анықтама беріп өткеніміз жөн. Саяси идеология теориялық саяси білімнің көрінісі. Ол белгілі бір әлеуметтік топтың идеялар жүйесі болып, онда әлеуметтік өзгерістер бағдарламасы мен қоғамның даму бағыты көрініс табады [6].  Кеңес Үкіметінде марксизм-ленинизм саяси идеологиясы танылып мемлекеттік идеология мәртебесіне ие болды. 1936 жылғы 5 желтоқсанда КСРО Кеңесінің төтенше VIII съезінде қабылданған конституцияның 126 бабында КОКП-ның басшы идеологиясы ретінде формальды түрде марксизм-ленинизм саяси идеологиясы бекітілді: «Жұмысшылардың мүдделеріне сәйкес және көпшіліктің ұйымдасулық бастамасы мен саяси белсенділігін дамыту мақсатында КСРО азаматтарына кәсіподақтар, кооперативтік бірлестіктер, жастар ұйымдары, спорттық және қорғаныс ұйымдары, мәдени, техникалық және ғылыми қауымдастықтар сияқты қоғамдық ұйымдарға бірігу қамтамасыз етіледі, ал жұмысшы табының, еңбек етуші шаруалар мен еңбек интеллигенциясы қатарынан шыққан ең белсенді және адал азаматтар ерікті түрде коммунистік қоғам құру жолында күресіндегі жұмысшылардың алдыңғы қатары мен қоғамдық және мемлекеттік барлық жұмысшылар ұйымдарының басқарушы тірегін көрсететін Кеңес Үкіметінің Коммунистік партиясына бірігеді» [7].

Ал Кеңес Үкіметінің ресми идеологиясы ретінде марксизм-ленинизм 1977 жылдың 7 қазанында КСРО Жоғарғы кеңесінің кезектен тыс алтыншы сессиясында қабылданған жаңа конституцияның 6 бабында бекітілді: «Кеңес қоғамының жетекші және бағыттаушы күші, оның саяси жүйесінің, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өзегі - Кеңес Одағының Коммунистік партиясы. КОКП халық үшін бар және адамдарға қызмет етеді.

Марксистік-лениндік іліммен қаруланған Коммунистік партия қоғам дамуының жалпы перспективаларын, КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатының бағытын анықтайды, кеңес халқының орасан зор шығармашылық қызметін бағыттайды, оның коммунизмнің жеңісі үшін күресіне жүйелі түрде ғылыми негізделген сипат береді.

Барлық партия ұйымдары КСРО Конституциясы шеңберінде жұмыс істейді» [8].

Марксизм-ленинизм идеологиясының Кеңес Үкіметінде ресми идеология ретінде танылуының саяси-құқықтық аспектісіне жоғарыда жауап бердік. Ал енді марксизм-ленинизм идеологиясының не екендігі туралы сұрақ туатыны әділететті. Осы сұраққа жауап беру арқылы біз Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептерін анықтай аламыз. Кең тараған анықтама бойынша марксизм-ленинизм бұл: «Әлемнің объективті заңдылықтарын және қанаушыларға қарсы бұқараның таптық күресінің тәжірибесін бейнелейтін, үнемі осы тәжірибені жалпылау негізінде дамытып отыратын, капитализмге қарсы, коммунизмді құру мақсатында социалистік революцияны қолдайтын және пролетариат диктатурасын орнату үшін революциялық күрестің бағдарламасы, стратегиясы мен тактикасын біріктіретін жұмысшы табының революциялық көзқарастарының ғылыми жүйесі» [9]. Яғни марксизм-ленинизм идеологиясының негізгі ережелеріне жұмысшы табының (пролетариат) диктатурасы, басқыншыларға қарсы күрес, капитализмге қарсы революциялық күрес жатады.

Марксизм-ленинизм идеологиясының теориялық ғана емес, тәжірибелік тұсы да маңызды. Оның ресми идеология ретінде конституцияда бекітілуі мен мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында қолданылуы арасында айырмашылық бар. Себебі К. Маркс пен Ф. Энгельстің саяси-құқықтық іліміне негізделген марксизм әлеуметтік эксперимент ретінде КСРО мемлекетін қалыптастыру барысында белгілі бір деңгейде өзгеріске ұшырады. Ілімнің негізгі қағидалары мен құндылықтары сақталғанымен құрамдас элементтері өзгеріп отырды.

Ресейде Романовтар әулетінің монархиялық билігін саяси биліктен айырып, социалисттік революцияны жүзеге асырған коммунисттік (больщевиктік) партияның көшбасшысы В.И. Ленин еді. Қазан төңкерісі мен азамат соғысынан кейін В.И. Ленин бастаған коммунисттік (больщевиктік) партия Кеңес Үкіметін құрды. Партия саяси билікті қолға алу мен мемлекеттік билікті жүзеге асыру үшін саяси-идеологиялық тұғыр ретінде марксизм идеологиясын ұстанды. В.И. Ленин марксизм идеологиясының негізгі ережелері мен қағидаларын басшылыққа алды. Бұл ережелер мен қағидалар төмендегідей:

· Мемлекеттің таптық табиғаты;
· Мемлекет басқарушы тап диктатурасының ресми саяси-ұйымдық формасы;
· Буржуазиялық демократияның мемлекет үшін қауіптілігі;
· Пролетарлы (социалистік) революция барысында буржуазиялық мемлекеттің күйреуі;
· Пролетариат диктатурасы;
· Мемлекеттің жойылуы және т.б. [10, 820-821 бб.].

В.И. Лениннің саяси-идеологиялық көзқарасы классикалық марксизм идеологиясынан басты ерекшелігі коммунисттік (больщевиктік) партияның пролетариат диктатурасындағы орны мен рөлін тұжырымдауынан көрініс тапты [10, 821 б.]. Осылайша В.И. Ленин марксизм идеологиясын өміршең етуде партияның орны мен рөлін айқындады.

Лениннің марксистік көзқарасының тағы бір ерекшелігі пролератиат диктатурасының саяси құралы ретінде зорлық, репрессия мен террорды теориялық және тәжірибелік тұрғыдан ақтауында еді [10, 825-826 бб.]. Ленин Кеңес үкіметінің басшылығында болған уақытта бұл әдістер аз қолданылғанымен, оның ізбасары И.В. Сталиннің билігі тұсында олардың қолданыс аясы кеңейді. Ленин секілді Сталин де зорлық, репрессия мен террорды пролератиат диктатурасының саяси құралы деп есептеді [10, 831 б.].

Зерттеу жұмысының теориялық тұсын талдап болғасын тәжірибелік тұсын талдауға көшеміз. Мұндағы негізгі сұрақ Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептері.

Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептері үш деңгейге топтастырылды. Олар жоғарғы, ортаңғы және төменгі деңгейлер. КСРО-ның қоғамдық-саяси өмірінің жүру өрісін айқындайтын «мәскеу» факторы жоғарғы деңгейді қалыптастырады. Мұнда бүкілодаққа ортақ саяси шешімдер қабылданып, елдің өміріне тікелей ықпал етеді. Ал КСРО құрамына енетін одақтас мемлекеттер ортаңғы деңгейді қалыптастырады. Мұнда республика деңгейінде саяси шешімдер тиісті аумаққа бағытталады. Қайым ісіне тікелей қатысты ішкі және сыртқы әсер етуші факторлар саяси-идеологиялық себептердің төменгі деңгейіне топтасады. Бірінші және екінші топ осы іске жанама әсер еткен, бірақ соған қарамастан істің туындауына да себепкер болды. Ал үшінші топ істің туындауы мен ары қарай өрбуіне тікелей әсер етті.

Тарихта тұлғаның рөлі орасан. Әсіресе тұтас мемлекет басшысының халық өміріне ықпалы мол. Мұндай тұлғаларға Қазақстан тарихынан Керей мен Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хандар, сонымен қатар әлемдік мысалда Дж. Вашингтон, У.Черчиль, Ф. Рузвельт, М. Тэтчер, Ли Куан Ю сияқты мемлекеттің лидерлері жатады. Тарихта қалған ұлы тұлғалардың мұрасын зерттеу барысында елдер мен халықтардың өмірінде қайшылықты оқиғалардың болуы да мемлекет басшысының тұлғалық және кәсіби қасиеттеріне байланысты екені рас. Сондай тұлғалардың қатарына КСРО-ын басқарған И.В. Сталин жатады. КСРО сияқты империяның басшылығында ширек ғасыр көшбасшы болған тұлғаның қабылдаған саяси шешімдері біз қарастырып отырған Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуына жанама әсер етті. Сондықтан И.В. Сталинның саяси-идеологиялық көзқарасынан туған саяси шешімдері мен осы істің себептерінің жоғарғы деңгейлі тобы арасында тікелей байланыс бар.

Біз жоғарыда қарастырған классикалық максизм-ленинизм идеологиясы И.В. Сталиннің саяси-идеологиялық көзқарасы ықпалымен өзгеріске ұшырады. И.В. Сталин жүзеге асырған саясат қоғамдық ғылымдарда «сталинизм» ұғымымен белгілі. «Сталинизмге» қоғам өмірінің барлық салаларына қатаң бақылау орнату мен идеологиялық бағдарлау тән болды. Осылайша «сталинизм» елдің тек қоғамдық-саяси өміріне ғана емес, ғылымға оның ішінде тарих пен әдебиет салаларына да әсер етті.

Қазақстандық тарихшылар Л.С. Ахметова мен В.К. Григорьевтер Сталиннің билігі тұсындағы Қазақ КСР басшыларының басшылық қызметін талдау барысында одақ басшысының саяси-идеологиялық көзқарастарының тарих пен әдебиет ғылымдарына әсерін анықтады. Ғалымдар империя басшысының саяси-идеологиялық көзқарасының даму эволюциясын талдап оны екі кезеңге бөледі. Бірінші кезең XX ғасырдың 30-жылдарына тура келеді. Басты айғақ ретінде «Жалпыодақтық коммунистік партия (большевиктер) тарихы. Қысқаша курс» еңбегінің шығуын атап өтеді. Ал екінші кезең XX ғасырдың 40-жылдары ұлы отан соғысы әсерінен туындады. Авторлар бұл кезеңнің бірінші кезеңдегі саяси-идеологиялық көзқарастан басты ерекшелігі XIX ғасырда патша үкіметі мен империя құрамындағы ұлттар арасындағы қарым-қатынасқа негізделді деп пайымдайды. Яғни бірінші кезеңде аймақтардағы ұлттардың патша үкіметіне қарсы наразылықтары ұлт азаттық қозғалыс ретінде көрсетілсе, енді орталық билікке қарсы күрескен ұлттар мемлекеттің «жау-ұлтшылдары» ретінде бейнелене бастады [11, 182-183 бб.]. Бұл өзгеріс ары қарай одақтық және республикалық тарихшылар мен әдебиеттанушыларға қарсы басталған істердің пайда болуына әсер етті. Сондай істің бірі белгілі Қазақстандық тарихшы Бекмахановқа қарсы жасалған саяси қылмыс. Осы және өзге де мәселелерге төменде саяси-идеологиялық себептердің ортаңғы деңгейін қарастырғанда толығырақ тоқталып өтеміз.

И.В. Сталиннің билігі тұсында Кеңес Үкіметінде болған қоғамдық-саяси үрдістер елдің өзге басшылары тұсында болған үрдістерден ерекшеленді. Қоғамның барлық саласындағы өзгерістермен бірге түрлі халықтарды бір шаңырақ астында біріктіру мәселесі де басты назарда болды. Ұлттық саясаттың теориялық және тәжірибелік сұрақтары елдің құрылғанынан бастап ыдырағанына дейін өзектілігін жоғалтпады. А.Н. Щербак, Л.С. Белячевец және Е.С. Платоновалар маятник қозғалысы концепциясы негізінде кеңестік ұлттық саясат тарихын  алты кезеңге бөлді:

· Революция және Азаматтық соғыс (1917-1925 жж.);
· Позитивті дискриминация саясаты (1926-1939 жж.);
· Ұлы державалық орыс шовинизмі (1940-1955 жж.);
· Жерлендіру немесе коренизация (1956-1970 жж.);
· Қарама-қайшылықтардың асқынуы (1971-1985 жж.);
· Қайта құру (1986-1991 жж.) [12].

Бұл әдіснамаға сүйенсек сталиндік репрессияның бірінші (1930 жылдары) және екінші (1940-1950 жылдары) сәйкесінше позитивті дискриминация саясаты мен ұлы державалық орыс шовинизмі кезеңдеріне тұспа-тұс келеді. Ұлы державалық орыс шовинизмі Ұлы Отан соғысы кезінде мемлекеттік идеологиялық саясаттың нәтижесінде пайда болып, сол кезең мен соғыстан кейінгі кезеңде қоғамдық-саяси үрдістермен қатар ғылымға да әсер етті. Бұл әсер туралы саяси-идеологиялық себептердің төменгі деңгейінің себептерін талдау барысында тоқталып өтеміз.

Қайым Мұхамажхановтың саяси қуғындалуына мәскеу немесе сталинизм факторы ғана емес, сол факторлардың әсерінен республикалық деңгейде болған қоғамдық-саяси үрдістер де себепші болды. Бұлардың бәрі саяси-идеологиялық себептердің ортаңғы деңгейіне топтасады. Республикалық деңгейде Ж. Шаяхметов билігі, Бекмаханов ісі, ҚазССР ҰҒА мен Қ. Сатпаев ісі сынды факторларды атап өтуге болады.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыт кеңес халқы үшін түрлі қиындықтарды алып келді. Бір жағынан ұлы жеңіс халыққа болашаққа деген үміт сыйласа, екінші жағынан соғыс нәтижесінде қираған халық шаруашылығы, демографиялық дағдарыс, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендеуі сиықты мәселелер республика басшылығынан батыл шешімдерді қабылдауы мен оларды жүзеге асыруды талап етті. Бұл кезеңде елді Жұмабай Шаяхметов басқарды. Қазақстанның Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы лауызымын атқарған уақытта Жұмабай Шаяхметовке елдің шаруашылығын қалпына келтіру, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзету және өзге де мәселелермен айналысуына тура келді. Бұдан бөлек республиканың қоғамдық-саяси өміріне әсер етуші идеологиялық мәселелермен де айналысу қажет еді. Кейбір қазақстандық ғалымдар Жұмабай Шаяхметовтың идеологиялық мәселелермен айналысуға мүдделі болмағандығын атап өтіп, философия, марксизм-ленинизм сұрақтарына еріксіз араласқанын тілге тиек етеді [11, 155 б.].

Қазақстандық тарихшылар Л.С. Ахметова мен В.К. Григорьев өз еңбегінде сталиндік репрессияның екінші толқыны аясында республика аумағында болған қуғын-сүргіндерге Жұмабай Шаяхметовтың әсеріне де тоқталады. Ғалымдар Жұмабай Шаяхметовтың билігі тұсында тарихшы Ермахан Бекмаханов пен ҚазССР ҰҒА бірінші президенті Қаныш Сатпаевтың саяси қуғындалу үрдістеріне талдау жасап, республика басшысының аталмыш үрдістерге барынша тосқауыл қоюға тырысқандығын дәлелдеуге тырысты [11].

Соғыстан кейін ҚазКСР-да ғылым қарыштап дамыды. Осы үрдістің нәтижесінде ел аумағында ұлттық ғылым академиясы құрылды. Дегенмен жалпыодақтық деңгейде басталған саяси науқан республикаға да әсерін тигізді. Орталықта болып жатқан кез келген науқан ұлттық республикаларда ауқымдырақ жүрді [13, 103 б.]. 1946 жылғы БК(б)П Орталық комитетінің «Звезда», «Ленинград» журналдары туралы қаулылары шығып, одақтас республикаларда жаңа саяси науқанның басталуына түрткі болды. Осылайша әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлеріне негізсіз саяси айып тағыла бастады.

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «ҚазақКСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» жарлығы осы науқанға ресми бастама болды. Осылайша тұтас ҚазҰҒА сияқты мекеме деңгейінде саяси науқан жүрді. Сол науқанның құрбанына көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов та ілікті.

Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың саяси қуғындалуы 1951 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, этнография, археология және тіл және әдебиет Институттарының ғылыми кеңесінде «Абайдың әдебиет мектебі» атты ғылыми диссертациясын қорғау процесінен бастау алады. Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындайды: Қайым Мұхамедхановқа қатысты сот ісіне қандай фактор әсер етті? Оның саяси себептері басым болдыма, әлде ғалымның ғылыми еңбегіндегі көзқарастар мен пікірлер Кеңес Үкіметінің ресми идеологиясына қарама-қайшы келдіма?

Ендеше Қайым Мұхамедхановтың диссертацияны қорғау барысында түсірілген диссертациялық кеңес стенограммасына саясаттанулық талдау жасаймыз. Бұл осы іске ықпал етуші саяси-идеологиялық себептердәі төменгі деңгейінің ішкі факторына жатады.

Қайым Мұхамедханов ғылыми кеңесте сөйлеген сөзінде өзінің диссертациялық жұмысына қатысты мол ақпарат береді. Әсіресе Абайдың әдебиет мектебінің негізгі өкілдері Мағауия, Әріп, Ақылбай, Көкпай, Әсет (ақындар тобы) еңбектеріне жасалған әдеби талдау нәтижелері туралы ерекше тоқталады. Аталған мәтінге саясаттанулық талдау жасай келе ғалымға қатысты басталған істің туындауына әсер етуі мүмкін деген саяси, саяси-идеологиялық және идеологиялық себептерін анықтап жіктедік [14, 12-23 бб.]:

Саяси себептер:

· «Абай әдебиеттегі халыққа жат кертартпа идеяларға қарсы, ислам шығысының әсеріне қарсы күресті. Осы рухта өзінің шәкірттерін тәрбиеледі». Марксизм-ленинизм идеологиясында панисламизмге қарсы идеялар жоқ. Мұнда Сталиндік саясаттың әсері айқын білініп тұр; 

· «...ұлы орыс халқы мәдениетінің Абай мектебіне еткен әсерін зерттеуге айрықша көңіл бөлінді». А.Н. Щербак, Л.С. Белячевец және Е.С. Платоновалардың маятник қозғалысы концепциясы бойынша КСРО-дағы ұлттық саясаттың «Ұлы державалық орыс шовинизмі» (1940-1955 жж) кезеңіне сай жазылған;
· «Абайдың ақын шәкірттері Абай нұсқаған бағытта, ұстазы жазбаған нағыз сюжетті поэмалар туғызады. Олар қазақ әдебиетіне прогресшіл мәні бар романтикалы поэма стилін енгізеді. Әріп пен Көкпай мұсылман шығысына еліктегені үшін Абайдан сын естиді». Ұлттық саясаттың «Ұлы державалық орыс шовинизмі» (1940-1955 жж) кезеңіне байланысты ҚазақКРС тарихын зерттеу барысында жазылған тарихи еңбектерге қазақ халқының Патша Үкіметіне қосылуы халық үшін прогрессивті әсер етті деген пікір Сталиндік саясаттың нәтижесі еді. Бұл әдебиетке де әсер етіп, еңбектерге прогресшілдік сарынды енгізу қажет болды. Ал екінші пікір жоғарыдағы панисламизм жайлы жазғанымызға сәйкес келеді;

Саяси-идеологиялық себептер:

· Диссертант Ақылбайдың «Дағыстан» поэмасына әдеби талдау жасалынып, ақынның діни сенімнен арыла алмай, ырымнан туған іштей қайшылығы туралы жазады. Бұл пікір классикалық марксизмдегі дінге қатысты көзқарастың Лениннің әсерінен өзгеріске ұшырауын көрсетіп саяси да, идеологиялық та себепке жатады. Ал «Зұлыс» поэмасы жиһанкездік және отарлық тақырыпта жазылып, ағылшындардың отарлық саясаты әшкереленіп, марксизм-ленинизмдегі капитализмге қарсы күресті айғақтайды;
Медғат-Қасым» поэмасында XIX ғасырдың екінші жартысында Африкаға келген кұлмен сауда етуші араб, ағылшын, португал және т.б. колонизаторлардың қаталдық істері негізгі сюжет болғандығын диссертант атап өтеді. Бұл да капитализмге қарсы әрекет болып табылады;
· Әріптің «Қалың мал туралы», «Еңбек туралы», «Ғылым туралы» т.б. әлеуметтік тақырыптарда жазылған еңбектер екендігі аталады. Мұнда саяси және идеологиялық себептер қатар аталады. Себебі патшалық кезеңдегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтар бір жағынан байдың кедейді қанауын суреттесе, екінші жағынан қазақтардың Патша Үкіметінің құрамына енуі прогрессивті сарында сипатталады;

Идеологиялық себептер:

· «Орыстың революцияшыл-демократтары Белинский, Чернышевский, Добролюбов, т.б. еңбектеріндегі озық ой-пікірлерін, диссертацияда қаралатын мәселелерді зерттеуде кең пайдаланылды». Бұл пікірде марксизмдегі пролетариат диктатурасын орнатуды мақсат ететін әлеуметтік революцияны қолдайтын жазушылардың еңбектерін қолданғандығы айтылады.

· «Мағауия «Еңлік-Кебек» поэмасында ескі заманды сынайды. Осылайша ол өткен заманды реалисттік жолмен сынайды. Феодалдық әдет-ғұрыпты бұзып қосылған Еңлік пен Кебекке өлім жазасын кескен парақор бай Кеңгірбай да сыналады. Сондай-ақ Пушкин шығармаларындағы Дубровскийдің байлардан кек алу, сорлыларға рақым ету мінезі осы поэманың кейіпкері Қасымнан көрініс табады». Осылайша диссертант марксизмдегі әлеуметтік революцияны ақтауды мақсат етеді;

· «Көкпайдың атқамінерлерді шенеген «Тоғыс көк», Дүтпай болысқа, «Оразбай байға», «Семей саудагерлеріне» еңбектері Абай үлгісінде жазылған». Мұнда да пролетариат диктатурасын орнату мақсатындағы байдың кедейлерді қанауын суреттеу арқылы әлеуметтік революцияның дұрыс жол екендігін дәлелдеу басым;
· «Абайдың әдебиет мектебі қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін сын көзімен қарап меңгереді. Абай мен шәкірттерінің шығармалары діни-мистикадан, ескі өмірді дәріптеуден, идеялық эстетизмнен аулақ болды. Рулық-феодалдық салт-санаға қарсы күресті. Бұл мектеп әдебиетке прогресшіл сарын алып келеді. Еңбектерде ескі әдет-ғұрыпқа қарсы Қасым, Сәлім, Ғазиза, Жәбірәһил, Зәһира, Еңлік, Кебек. Таптық бағыттағы құл иеленуші байларға қарсы күрес «Медғат-Қасым» Қасым құл, Сәлім, Ғазизалар; «Дағыстан» Жүсіп байға қарсы кедей жігіт Жәбірәһил; «Сәлиха-Сәмен» Ханға қарсы ер жігіт Сәмен. Қазақтың ру басы, биі Кеңгірбайға Еңлік пен Кебек қарсы қойылады». Бұл пікірлерде де дінге, буржуазияға теріс көзқарас айтылады.

Сонымен қатар ғалым диссертациялық жұмыстың идеологиялық және саяси-идеологиялық кемшіліктері аталады: «Бірақ бұл кемшіліктер олардың шығармаларындағы негізгі сарын емес. Абай және оның ақын шәкірттері орыстың революциялық-демократтарынан көп үлгі-өнеге ала отырса да, қазақ қоғамының мәдени, экономикалық жөнінен мешеу қалуы себепті, оларды қоғамдық стройды революциялық жолмен өзгерту идеясының дәрежесіне көтеріле алмады».

Жоғарыдағы талдау нәтижелері ғалымның қуғындалуына әсер етуші ішкі факторларға жатады. Дегенмен сыртқы факторлардың да ғалымның қуғындалуына әсері орасан еді.

Ғалымның қуғындалуының саяси-идеологиялық себептерінің төменгі деңгейінің сыртқы факторларына диссертациялық жұмыс пен авторефератқа берілген ғалымдардың пікірлері, сонымен қатар диссертациялық жұмысты қорғаудан кейін болған «Абайдың ақындық мектебі» жөніндегі ғылыми дискуссия жатады. Біз осы орайда Қайым Мұхамедхановтың ғылыми жетекшісі әрі ресми оппоненті болған Мұхтар Әуезовтың, сонымен қатар З. Кедрина, И. Есмахамбет, Е. Исмаилов, Ә. Рахымжанов, Қ. Тұрғынбаев, З. Ахметов сияқты ғалымдардың диссертациялық жұмыс пен авторефератқа жазған пікірлеріне саясаттанулық талдау жасалынды [14, 92-110 бб.]. Талдау келесі нәтижені көрсетті:

· Профессор М. Әуезовтің 1945 жылдың 12 желтоқсанында жазған «О научно-исследовательских трудах» деп аталатын пікірінде сол кезеңде өмір сүрген мемлекеттік идеологияға қарама-қарсы пікірлер жоқ. Ал 1951 жылғы 9 қаңтарда жазған «Предверительный отзыв о диссертационной работе товарища Мухамедханова К. на тему «Ученики абаевской школы» деп аталатын пікірінде «Абай шығармашылығының тарихи прогрессивті мұрасын ашты», - деп атап өтеді [11, 94 б.]. Бұл өз кезегінде Сталиндік дәуірдегі саяси-идеологиялық шекарадан шықпағандығын дәлелдейді. Сонымен қатар диссертанттың еңбегінде 19 ғасырдағы орыс әдебиетінің революциялық-демократиялық дәстүрін және Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталиннің еңбектеріне сілтеме жасалғандығы жазылған;
· Профессор З. Кедринаның диссертацияның авторефератына 1951 жылғы жазған пікірінде Абайдың шәкірттерінің прогрессивті лагерьдің өкілдері болғандығын, абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі антихалықтық толқындарына, оның ішінде діни-мистикалық сарындағы мұсылман поэзиясы, арабизм мен иранизммен күресі туралы, мектепке алдыңғы қатарлы орыс әдебиетінің революциялық-демократиялық идеяларымен сусындағандығы, Ақылбайдың «Зұлысының» антиағылшындық, антиколониалды сипатын ашқандығы жазылған;
· И. Есмахамбеттің 1945 жылдың 5 шілдесінде жазған пікірі диссертациялық еңбектің жазылу барысында жазылғандығы байқалады. Ғылыми еңбектегі бірнеше кемшіліктерді атай келе, Абайдың патша үкіметіне қарсылығы туралы материалдардың орынсыз қолданылғандығын жазады. Оның пікірі бойынша бұл тақырыпты аша түскен жөн немесе басқа еңбекте қолдану қажет.
· Филология ғылымдарының докторы, профессор Е. Исмаиловтың 1945 жылғы 11 желтоқсанда жазған пікірінде еңбектердегі саяси және идеологиялық тақырыптарды қозғамайды;
· Семей пединститутының Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Ә. Рахымжановтың пікірінде марксизм-ленинизм сарынында абайдың әдебиет мектебінің өкілдері Ақылбай мен Мағауияның шығыстық әдебиетті үлгі етпей прогрессивті орыс әдебиетін үлгі тұтқандығы, кертартпа халыққа жат ағымдарға қарсы күрескендігі, Ақылбайдың «Зұлыс» поэмасындағы антиколониализм (ағылшын-американ) элементтерін ашуы, Мағауияның «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Кеңгірбай теріс қылықтарын әшкеренуі арқылы билердің жауыздық сипатын ашуы мәселелері аталады;
· Қазақстан Мемлекеттік Университетінің доценті Қ. Тұрғынбаевтың 1951 жылғы сәуір айындағы пікірінде де орыс халқының озық әдебиет өкілдерін үлгі тұтуы, сол арқылы революциялық-демократиялық сарында жазылғандығы айтыла келе оның толық ашылмағандығын және С. Мұқанов, Х. Жұмалиев пен Е. Исмаиловтың еңбектеріндегі сыни пікірлерге тоқталмағандығын атап өтеді. Сонымен қатар М. Әуезовтың 1933-34 жылдары жазылған Абайдың ақын-шәкірттері туралы еңбектерінде жазылғандардың ішінде Абай турлы пікірлердің 1940 жылдарға келіп қате екендігін жазады;
Филология ғылымдарының кандидаты З.А. Ахметовтың 1951 жылғы сәуірде жазған пікірінде Абай мектебінің мұсылман дінін ұстанушы реакцияшыл діни-мистикалық сарындағы ақындарға қарсы күресі ашылғандығы, алдыңғы қатарлы орыс әдебиетінің Абай мектебіне прогрессивті ықпалы ашылғандығын атап өтеді.

Қ. Мұхамедхановқа филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестен соң Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа қарсы шабуыл басталып кетті.

1951 жылдың маусым айында Қазақ ССР Ғылым Академиясында үш күнге созылған абайтануға арналған ғылыми пікірталас болды.  «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы №7 санында [14, 64-75 бб.] Сәбит Мұқановтың «Абайдың шәкірттері туралы» мақаласы жарық көрді. Одан республика көлемінде Абайдың ақындық мектебін қаралауға арналған мақалалар жарық көре бастады [14, 124-146 бб.]. Оларға 1951 жылдың 13 қазанында «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген «Об итогах дискуссии по научному изучению жизни и творчество классика казахской литературы Абая Кунанбаева» атты мақала, Семейдегі «Абайдың әдеби музейі» басшысы ретінде Қайым Мұхамедхановқа қарсы жазылған Т. Шенгелов, К. Исмагулов, М. Альжановтың 1951 жылғы 18 мамырда «Прииртышская правда» газетінде жарыққа шыққан «Очистить музей Абая от хлама» сияқты жариялынымдар жатады.  Мұның бәрі ғалымның 25 жылға бас бостандығынан айырылуына саяси себеп болды.

 

Қорытынды

XX ғасыр қазақ халқы үшін қасіретке толы болды. Революциялар, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық халқымыздың тарих сахнасынан ұлт ретінде жойылып кету қаупін алып келді. Әсіресе КСРО-ны И.В. Сталин басқарған уақытта жүзеге асқан саяси науқандар халықты ұлт зиялыларынан айырды. 1930 жылғы саяси науқанның бірінші толқыны мен 1940-50 жылдардағы екінші толқыны алашордалықтар мен ғалымдарымыздың қуғындалуына әсер етті. Біз бұл зерттеу жұмысында саяси науқанның екінші толқыны аясында жүрген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептерін анықтауды мақсат еттік. Зерттеу келесі нәтижелерді көрсетті:

Біріншіден, жұмыстың әдіснамалық базасы талданды. Классикалық максизм мен ленинизм және сталинизм арасындағы айырмашылық талданып ұғымдық аппаратқа тоқталынды.

Екіншіден, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қуғындалуының саяси-идеологиялық себептері жүйеленді. Бұл себептерді келесі үш топқа бөлдік:

· Жоғарғы – мәскеу немесе сталинизм факторы;
· Ортаңғы – ҚазКСР басшысы Жұмабай Шаяхметовтің билігі, ҚазҰҒА мен оның президенті Қаныш Сәтпаев және тарихшы Ермахан Бекмахановқа қарсы саяси науқан факторлары;
· Төменгі – ішкі факторларға диссертациялық жұмысты қорғау барысында жасалынған стенограмма, ал сыртқы факторға диссертацияны қорғағаннан кейін жүрген Абайдың әдебиет мектебіне қатысты ғылыми дискуссия мен газет беттерінде жарияланған мақалалар жатады.

Барлық саяси-идеологиялық себептерді талдай келе абайтанушы ғалымның қуғындалуының идеологиялық себептеріне қарағанда саяси себептерінің басым екендігі анықталды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Н.Ә. Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».[Электрондық ресурс]. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy

2. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күнін белгілеу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі №3443 Жарлығы. – [Электрондық ресурс]. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U970003443_

3. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі. – [Электрондық ресурс]. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/akorda_other_events/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-sayasi-kugyn-surgin-zhane-asharshylyk-kurbandaryn-eske-alu-kunine-orai-undeui

4. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығы. – [Электрондық ресурс]. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2000000456#z9

5. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі №2200 Заңы. – [Электрондық ресурс]. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z930002200_

6. Политическая идеология. – [Электрондық ресурс]. https://www.grandars.ru/college/sociologiya/politicheskaya-ideologiya.html

7. 1936 жылғы КСРО Конституциясы. – [Электрондық ресурс]. http://www.hist.msu.ru/ER/Etext/cnst1936.htm

8. 1977 жылғы КСРО Конституциясы. – [Электрондық ресурс]. http://www.hist.msu.ru/ER/Etext/cnst1977.htm

9. М. Митин. Философская энциклопедия в 5-ти т. – Москва: Советская энциклопедия. Под редакцией Ф.В. Константинова. – 1960-1970 гг. – [Электрондық ресурс]. https://dic.academic.ru/dic.nsf/enc_philosophy/680/%D0%9C%D0%90%D0%A0%D0%9A%D0%A1%D0%98%D0%97%D0%9C

10. История политических и правовых учений: Учебник для вузов / Под общ. ред. акад. РАН, д.ю.н., проф. В.С. Нерсесянца. – 4-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2004. – 944 с.

11. Ахметова Л.С., Григорьев В.К. Первые лица Казахстана в сталинскую эпоху. Учебное пособие. – Алматы, 2010. – 232 с.

12. А.Н. Щербак, Л.С. Белячевец и Е.С. Платонова. История советской национальной политики: колебания маятника? // Политическая наука. – 2016 г. – №1. – 100-123 с.

13. Қозыбаев М., К. Нұрпейіс, Қ. Жүкешев. Қазақстан тарихы (1914-2004 жж.): Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2005. – 248 бет: суретті.

14. Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2012, «Ел-шежіре». Т. 10. – 384 б.