С.Мухамадиева: ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АБАЙ ДӘСТҮРІ

«Абай әлемі» байқауында 3 орынға ие болған І.Жансүгіров атындағы

Жетісу университетінің 2-курс магистранты

Мухамадиева Сәния Сәрсенбайқызы

 

«Абай әлемі» ғылыми байқауының ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ұйымдастыруымен өтетін барлық байқаулар өте жоғары деңгейде, академиялық адалдықты сақтап өтетіндігіне еш күмәнім жоқ. Сол үшін де осы байқауға қатысуға ниет білдірген болатынмын. Барлық бастамаларыңызға сәттілік! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АБАЙ ДӘСТҮРІ

Аңдатпа: Мақаланың негізгі мақсаты – қазіргі қазақ әдебиетіндегі Абай мен Мұқағали мұңы  - ұлттың болашағына алаңдаудан туған халық мұңы екендігін дәлелдеу. Мақалада Абай дәстүрін жалғастырушы Мұқағали ақынға ақындық нәр берген асыл арна ұлттық поэзияның алтын көпірі Абай мұрасы екендігі айтылған. Шабытты  шағында  өлең сөздің нөсерін  селдетіп,  жыр  жасынын жарқылдатқан ақынның еліктеу, үйрену кезеңінде, балаң шақтағы жазған жырларында, Абайға иек артқандығы мысалдармен дәлелденген. Және «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» ұлттық сөз өнеріне өшпес жырларын тарту еткендігі айтылған. Ақындардың поэзия тілімен ұлттың санасын оятуға, бойкүйез немқұрайдылықа бой ұсынған мінезден арылуға адалдық, азаматтық, имандылық,  қасиеттерді сіңіруді мұрат тұтқандықтары анық дәлелді түрде өлең жолдары арқылы талданған.

 

Қандай талантты ақын болмасын суреткерлік жолында еліктеу, үйрену, стильдік қалыптасу кезеңдерінен өтетіні белгілі. Әуезов тұжырымдаған Абайдың ақындық нәр алған мектебінің қайнарлары ғылыми айналымға түсіп, ақын шығармаларындағы фольклорлық, көне түріктік, жыраулық поэзия дәстүрі, шығыстық, батыстық үлгілер жан-жақты талданып, ғылыми зерттеу мақалалар, монографиялар да жазылды. 

Мұқағали поэзиясының әредік сөз болса да, әлі де жете игерілмей жатқан қазыналы өлкесі - ақындық нәр алған асыл арналарының, өнеге мектебінің ақын поэзиясындағы үлгісі мен дәстүрі, жаңашылдығы мәселесі. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағали да қазақ ауыз әдебиеті мен ұлттық асыл сөз өнерінің бұлағынан мейірлене сусындады. Сонымен қатар,

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден - деп, жырлады. ХХ ғасырдың тумасы, ХХІ ғасырдың құрдасы Мұқағали ақынға да анық ақындық нәр берген асыл арна ұлттық поэзияның алтын көпірі Абай мұрасы екені анық. «Қанша сезімнің серісі болғанымен шын ақын үлкен ақыл иесі. Біз Абай атамыздың ақындығынан үйреніп, ақылдылығынан жирене алмаймыз [1, 145 б.]-деп, жазды ақынның өзі де. Шабытты  шағында  өлең сөздің нөсерін  селдетіп,  жыр  жасынын жарқылдатқан ақынның еліктеу, үйрену кезеңінде, балаң шақтағы жазған жырларында, Абайға иек артса,  ол жастайынан ұлы ақынның жырынан сусындап, тереңіне бойлап, жұмбақ сырына қаныға түсуінен.  Мұқағалидың:  

Ойында арман,

Қасірет шалған,

Қасиетсіз мен бір жан.

Әуре етіп босқа

Жат қылып досқа

Алдадың–ау сұм жалған, - деп басталатын 1950 жылы жазған өлеңі Абайдың «Буынсыз тілің» мен «Сегіз аяғының» мазмұнымен де пішінімен де жаңғырған түрі. «Екі хаттағы»  «Жігіт сөзінде»:

Сәлем саған, қара көз,

Сен- бір алтын, мен-бір жез.

Қайырылмасаң өзің біл,

Қасіреттен шыққан сөз, немесе,

«Қыз жауабында»

Жаздым жауап, замандас,

Тілеуі бір балғын жас.

Аманатың жүректе,

Айырылғанша жоғалмас - Абайдың  «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзіне» еліктеуден туған ременисценция құбылысы.

Абай ғашығына: Сенсің жан ләззаты, Сенсің тән шәрбәті, деп тіл қатса, Мұқағали: Сенсің –күн, тек мен үшін сырын ашқан, Сенсің- сусын, көкірек шөлін басқан-деп тебіренеді.

Қуат алып Абайдың тіл - күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен,-деп жырлаған ақын: «Айттым сәлем, қаламқастың» үлгісімен:

Айттым сәлем, сәулеге,

Салайын неге әуреге.

Сағынғаннан қараймын,

Сенің нұрлы сәулеңе, - деп жүрек сырын шертеді.

Абайдың «Қыстағы» әлек салған «кәрі құдасы», Мұқағалида қиғылық салған «қырсық шал», Абайдың күштілері сөз айтса, шыбындап бас изейтін  болыстары, Мұқағалида «Әлділерді көргенде қалтылдаған, Әлсіздерді көргенде жалтылдаған» заманына қарай тонын өзгерткенмен мәнін өзгертпеген пысықай атқамінерлерге айналған. Мұқағалидың «Бұлты» Абайдың Лермантовтан аударған «Утес» - «Жартасының», Тауда»-«Теректің» сарынымен жазылған. Абайдың сары алтын шатырына кірген «қызыл арайы» Мұқағалидың «Ақ гүлінде» «алтын арай таң» болып атты.

Мұқағалидың алғашқы 1949 жылдың күзінде жазған «Досыма хат» өлеңінде: «Шырмауынан шыға алмай тұрмыстың», «Әлі бастан қуғын көріп өмірден, көңілімді көр ішіне сақтадым» деп, «Туылған тұл тұрмыстан әлсіз шабыт, азырақ әлдилейді сәби жанды» деп қамығады. Мұқағали мұңы «Сүйеуім жоқ,  панам жоқ еш туыста» деп, оқуын жалғастыруға жанашыры да жәрдемшісі де болмағанына налиды, досына «Сен оқисың бақыттысың, сондықтан» деп, тіл қатады.

Көргенім ылғи өгейлік,

Қуанам неге тоқсынып,

Жыл өткен сайын кедейлік,

Жыл өткен сайын жоқшылық

Ата-бабасынан дәулет қонған Абай тұрмыс тауқыметін көрмеді. Отарлаушы ел баспалап келіп, малы мен жанын санаққа алса да, большевиктердей елдің малын бас салып тәркілеп тартып ала алмады. Мұқағали заманы ашаршылық пен соғыстың салған жарасынан қансыраған кезең болды.

Ақын жастық пәк шағындағы жеке бастың мұңын көп мансұқтамады, Мұқағали мұңы ел мұңын, елдік, бірлік, рух, намыс туын биікке көтерді, ұлттық құндылықтардың, имандылық пен ізгіліктің жоқсысына айналды. Ақындық, азаматтық ұстанымынан айнымады.

Абай мен Мұқағали мұңы  - ұлттың болашағына алаңдаудан туған халық мұңы. Абай өз қолынан еркі кеткен елінің қалпы мен мен мінезіне, бойкүйездігі мен немқұрайдылығына, байлығына мас болған, бойын арзан мақтан мен жеңісқойлық жайлаған, «өтірік пен өсекке, бәйге атындай аңқылдаған», пенделерге, жағымпаздар мен жандайшаптарға  ашынса, Мұқағали да:

...Ашынам арзан ағайға,

Ашынам арзан жеңгейге...

Адамдықтарын алтынмен,

Өлшегендерге ашынам!

Мансапқорлардың қасынан

Шықпайтындарға ашынам!

Жалданып өскен жасынан,

Жағымпаздарға ашынам! – деп төкпелі жырдың дәстүрімен өз заманының адамдықтан ада,  арзан пейілді пенделерін сынайды.  Ақындар поэзия тілімен ұлттың санасын оятуға, бойкүйез немқұрайдылықа бой ұсынған мінезден арылуға адалдық, азаматтық, имандылық,  қасиеттерді сіңіруді мұрат тұтты. Абай «Көңілім қалды достан да дұшпаннан да» «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным» деп, іштегі дертті  «улы сия, ашы тілмен» сыртқа шығарса, Мұқағали «Жанарынан шыққан сөлді сия қып» жазған жырларында:

Ақыры міне бақ қондың,

Қастарыменен қақ бөлдім,

Достарым бірақ жоқ болдың,

Жалғыздық деген құрғырға,

Бақ қонды дағы, тап болдым- деп, қызғаныш пен көре алмаушылықтың салдарынан туындаған рухани жалғыздықтың күйін кешті.

Ақынның «Жаным сен жасымағын» өлеңіндегі:          

Ұшқындарын жан-жаққа шашыратқан,

Кездерім бар кей-кейде жасын атқан.

Қара бұлтқа қара да басымдағы,     

Күн шығады деп ойла осы жақтан.

 

Жанымның жақсы емес тыншығаны,

Тыншығанда  жүрегім тұншығады,

Жасынымнан жаным сен сескенбегін,

Жай отының артынан күн шығады - деген ой ұшқыны да Абайдың:«Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек-қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас..., Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!»-деген ғибратымен сабақтас.

«Соқтықпалы соқпақсыз жерде өскен» ұлы Абайдың шешендік сауалы Мұқағалидың «Өмірге сертінде» «Соқпағыңмен мен де алысып көрейін»-деген сарынға ұласқан. Абай «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?-ны» 53 жасында жазса, Мұқағали «Мәңгі дымқыл төсегіммен табысам», «Ұйықтайтын мәңгі бір дымқыл жерге» дегенде небәрі 18 жаста!

«Өлмек үшін туғансың ойлан шырақ»-деген Абай дүниетанымын Мұқағалидың түп иені тану туралы:

Тілеуім сол, иемнен,

Алмаса екен ертерек- деп толғанған жолдарынан, «Соңғы сағатта», «Күнім батар менің де», «Жиырма», «Ажалға» өлеңдерінің сарынынан аңдаймыз.        

Ал «Өмір толқыны», «Жүрекке нәзік тіл бітті», «Сабыр ет, досым, азырақ» өлеңдеріне Абайдың діни-пәлсапалық, имандылық тағылымды өлеңдерінің шарпуы тиген. Мұқағалидың діни тақырыпқа жазылған «Я жаратушы», «Я аллам» өлеңдері де діни-дидактикалық ағымнан жылға тартып, сырын ішіне бүгіп жатқан туындылар.

 Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» - десе, Мұқағали:

 Алла есімі жүрегім жұдырықтай,

 Жүрегімнің соққанын біліп жүрем,- деп, жүрегіне ұялаған иманды жырлады. Абай:

Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, немесе, 

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз...

Құран рас, алланың сөзі-дүр ол- деп, ақиқаттың мінсіздігіне, құранның растығына иман келтірсе,  Мұқағали:

Алла-ақиқат.

Аллаға сеніп өтем, немесе,

Мұхаметтің үмбеті мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн-деп алладан медет, пайғамбардан шапағат тілейді.

 Көне дәуір ойшылдарының да: «Өмір бар жерде өлім жоқ, өлім бар жерде өмір жоқ» деген қос қыртыс түйінді тұжырымы - ұлт ақындарының да бір арнада тоғысар - өмір мәні мен мәнсіздігі туралы тағылымы.

Абай:

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған..., немесе

Артттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де өлмегенмен боласың тең,- деп мәңгілік өмір артыңа қалдырған ізің, хатың, халқыңа, адамзатқа берер үлгі-өрнегің дейді. Мұқағали:

Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім – деп, асыл мұрасының мәңгілік өлмейтінін, өшпейтінін жырына арқау етті. 

Талантты жазушы, марқұм Т.Ахметжан: «Мұқағали –ойшыл, философ ақын. Мұқағали философиясын түсіну үшін Абай философиясымен толық сусындауымыз қажет. Мұқағали философиясының тұма бастауы Абайдан арна тартады» [2, 231 б.] -деген тұжырым ұсынады.

Жақтасаң да өзің біл, даттасаң да,

Соттасаң да еркің бар, ақтасаң да,

Мен де жұмбақ адаммын, оны да ойла,

Мыңмен жалғыз алысып жатпасам да.

Жұмбақ жандардың жыры мен сыры, мақсаты  мен мұңы да бір. Абайдың «Қалың елі қазағының» болашағына қабырғасы қайысса, Мұқағали:

Күйінішін халқымның, сүйінішін,

Өз үніммен жырласам деген едім-деп толғайды.

Ақын жанының жалынына шарпылмаған, оқушы көңілін шарпымаған  жыр нағыз өнер туындысы бола алмайды. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта». Шабытты өлең  жаныңа шуақ құйып, өзіңмен сырласады, мұңдасады, «бірде мұң, бірде шаттық дертін қозғап»,(Абай) алуан сезімдерге бөлеп, бірде түңілдіріп, бірде сүйісіндіреді.

Халықты қуатым деп сыйынған ақындар жырындағы мұң – бірі отарлық аярлық саясаттың, бірі - коммунизм елесімен емексіткен идеологияның халықтың тарихын өшіріп, болашағын болжатпай, дәстүр мен салтын, тіл менен дінін тәрк еткізіп, тәлкекке сала бастаған заманның зарары тудырған залалды типтердің ұлттың рухы мен намысының тамырына балта шаппақ ниеттеріне жаны төзбегендегі  жан айқайынан туған мұң.

Рухани тамыры терең, ұлттық рухы биік ақындардың тағдырға наласы - адамзаттық құндылықтарды жырлауға, елжандылық, халықтық, азаматтық әуенге ұласып, «бүкіләлемдік мұң теориясымен» тоғысып, тұтасып кетті.  Мұқағали:

Абайға тән маған да тән сыбаға,

Келсін мейлі келмесін тәржімаға.

Осы менің отырып оңашада,

Оқитұғын намазым әр жұмада-десе,  Лермантов пен Абай айтқан «Осы өлең оқитұғын дұғам меніңнен» бастау алып жатқанына дау тумас. 

Мұқағали көкөрім кезіндегі жырларында «Абайдың соқпағымен жүріп», өз қолтаңбасын, ерте танытты, өз стилін айқындап, өзі де  ақындық мектебін қалыптастырып кетті. Шыңғыстаудан «Қыранша қарап қырымға, мұң менен зарды қолға алған» ұлы ақынға «Айтсын деп ақиқатты тіл берілген» Хан |Тәңірінің мұзбалақ ақыны алдаспан жырымен үн қосып, ұлт ақыны атанды.

1975  жылы 26 қаңтарда: “Айналып  келгенде, поэзияда  рух  үлкен  роль  атқаруға  тиіс. ... Кімде  рух  болмаса, ол  поэзиядан  аулақ  жүруі керек...”, ” ...Мен  өзімнің  “менім” арқылы  жасырмай, жаппай  өмірімнің   шежіресін   жасап  шықтым.   Жанымның   мұңы  мен   қуанышы - бәрі   осында.  Солар  басқа  жүректерге   өз   сәулесін   түсіруге  тиіс  деп  ойлаймын.  Сонымен  достар,   бүкіл  менің  жазғаным – бар-жоғы   бір  ғана  поэма.  Адамның  өмірі  мен  өлімі, қасіреті   мен  қуанышы  туралы  поэма. Сюжетіне   көңіл  аудармай-ақ  қоюларына  болады, ал  композициясы  мен  архитектоникасына  зер  салыңдаршы. Егер  мені  содан  таппасаңдар,  онда  ақын  болмағаным“ [3, 412 б.] деп жазған екен ақын 1976 жылы  14 ақпанда.    

Ұлт  ақыны Мұқағали поэзиясының қан тамырында бірде қазақтың  қаны ойнап, ұлттық  намысы  атойлап, ақиқаттың алмас қылышы жарқылдап, елдік пен бірлік, ерлік пен азаматтық рух туы асқақ желбіресе, бірде сыр мен сезім, ой мен мұң көңіл толқынын қуалап, жаныңды беймарал күйге бөлейді. «Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де, оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі» [4, 12 б.] (Ә.Кекілбаев). Профессор Қ. Алпысбаевтың: “Ақын  жырларының  ешқандай  алабөтен насихатсыз  жүректерге  жол  тартуы,  ақын  рухының  Ұлттық   рухпен  мәңгілік  ұштасуы   шығармашылық   бақыт” [5, 145 б.] деуі  соның  дәлелі.

         Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

         Қайтейін кетті бәрі қарайламай.

         Айтарын ашып айтқан абайламай,

                 Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай!!!

Махамбет те, Абай да, Мұқағали да –ұлт ақындары. "...өлеңдерінде  қазақ  қаны   атқақтап, қаракөздер  жүрегі  лүпілдеп  соғып  тұрады, ұлттық  намыс  отайлап  көрініс  береді. Бізге  сонысымен  құнды,  сондайлығымен  нәрлі.  Ұлылығының - ариадна  жібіндей алтын  арқауы  осында. Танымал  талант  Марат  Қабанбай: ”ұлылар - өз  ұлтының  микроатом, микроклеткаларынан тұрады” деуінің  мықты  себебі  бар [6, 10 б.].

Тума талант пен дарын, талап пен талғам, құштарлық пен сүйіспеншілік қабыса ұштасып ақындар жанын алаулы жырмен тербеп шабытын шарықтатса, оған пенделер парықсыздығы мен саясат сызы қосылып «айтсын деп ақиқатты тіл берілген» ақындарды ширықтыра түсті.

Абайдың «Теп тегіс жұмыр келген», Мұқағалидың «Түзу-түзу тілінген таспадай» замана күйін тап басқан өлең жолдарында ащы шындықты шынбайыңа батыра жырлауы да қай заман, қандай қоғамда болсын сын мінді түзеудің өткір құралы екендігінде. Ұлы тұлғалар ұлтын сүйе отырып сынады, қабырғасы қайыса отырып халқының болашағын ойлап қайғы жұтты» [7, 10 б.].      

Сондықтан қос ақынның да поэзиясында–өздері өмір сүрген қоғамдық - саяси орта, ел, жұрт, елдік-бірлік, өнер білім, кәсіп-еңбек, ұлт мінезі, адам тағдыры, оның ішкі жан дүниесі, діні мен дәстүрі, түрлі психологиялық күйлері мен  өз өмірлерінің өрнектері, шаттығы мен қуанышы, базынасы мен назы, бұла сезімі мен нала көңілі кеңінен көрініс тапты.

Біз «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлылардың мәңгілік мұрасындағы ұсақ ұқсастықтарды емес, жалғасын тапқан «Қазақтың бас ақыны» поэзиясының жарқылын, үлгі-өрнегінің қазақ поэзиясының «Хан Тәңірімен» үндестіктерін, дәстүр мен жалғастық сырын тілге тиек еттік.  «Тауды аласартпай, даланы асқақтатуды»  мұрат тұттық.  

«Өзі де қара сөзге дес бермеген» ақын Абай қара сөздері мен поэзиясында «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» мұра етіп қалдырса, қара өлеңді қасиет тұтқан Мұқағали ақын  халқының арман-мұратын, таным табиғатын, ұлттық мінезін  қаймағын бұзбай қара өлеңнің қасиетті қазанында қайнатып, «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» ұлттық сөз өнеріне өшпес жырларын тарту етті. 

 

Әдебиеттер:

1. Мақатаев М.Шығармаларының 4 томдық толық жинағы 4-том. Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС 432 бет, 2002 жыл.
2. Ахмежан Т. Жан әлемі:.-Алматы: Сөздік-словарь, 2006.-240 бет.
3. Мақатаев М.Шығармаларының 4 томдық толық жинағы 3-том. Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС 432 бет, 2002 жыл.
4. Кекілбаев Ә. «Талант тағылымы» Кітапта: Мұқағалидастан/ Ақын шығармашылығы туралы ойлар, зерттеу еңбектер/ Алматы: Шартарап,- 2001.-192 бет.
5. Алпысбаев Қ. Мұқағали  өрнегі. Алматы,  Қазақ университеті, 2001ж. 187 б.
6. Бегманова Б. С. М.Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты. (Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты), Алматы, 2006
7. Егеубаев А. «Ұлттық сананың ұлан асу ұлы құбылыстары» «Қазақ әдебиеті» № 21. 06.2005