Қ.Досыбекова: АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ РЕНЕССАНСТЫҚ СИПАТЫ

«Абай әлемі» байқауында 2 орынға ие болған Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің 1 курс магистранты

Досыбекова  Қымбат Балғабайқызы

 


Ұлтымыздың ұлы дарындарын жас ұрпақ алдында ұдайы үлгі ету, олардың тағылымды тағдырлары мен толымды туындыларын тереңінен насихаттау ел ертеңі – жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, мейірімділік, білімділік сынды адами құнды қасиеттерді қалыптастырумен қатар, «дара тұлға» болу, мақсаттарға ұмтылу, жетістікке жету, өзіне сену мүмкіндігін сыйлайды. Міне, біз де өміріміздегі ерекше орын алған елеулі сәтке куә болып қана қоймай, басты кейіпкерлеріне айналып отырмыз. Және өте қуаныштымыз. Біз секілді жастардың білімге құштар болуына, болашағының жарқын болуына барынша қолдау көрсететін «Абай әлемі» ғылыми байқауын ұйымдастырушылар – Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына шексіз алғысымды білдіремін. Еңбектеріңізге шығармашылық шабыт, телегей табыс тілеймін.

 

 

АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ РЕНЕССАНСТЫҚ СИПАТЫ

АҢДАТПА

Ғылыми мақалада ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – өлеңдері, қара сөздері тереңінен талданып, мағыналары айшықты ашылады. Ақын шығармаларында көтерілген негізгі мәселелер бүгінгі қоғамның бет-бейнесі, жай-күйімен параллель алынып, салыстырыла қаралып, екі кезеңнің ұқсастықтары мен айырмашылықтарының аражігі ажыратылып көрсетіледі. Жалпы адамзат баласын адалдыққа, арлылыққа, білімге, еңбекқорлыққа, ізгілікке, ең бастысы, адам болуға үндеген дала данышпанының даналығы мен даралығына жан-жақты баға беріледі. Мақала авторы қазақ сөз өнерінде өзіндік стилін мен қолтаңбасын қалыптастырып, кез келген тақырыпта, кез келген жанрда мінсіз қалам тартқан Абайдың талантын танытуға тырысқан. Сондай-ақ автор ақын шығармаларын идеясы, мағынасы, мазмұны жағынан мәңгі жасайтын мұра деген ой түйеді.

 

«Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» [1]. Бұл – ұлы ақынға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген бағасы.

Иә, Абай – ұлтымыздың ұлы перзенті, ортасынан озып туған ойшыл, даламыздың дара данасы, тұшымды тұжырымдар тудырған тұлға, ақынның өз сөзімен айтсақ, Абай – «ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған «толық адам».

Абайдың өміршең өлеңдері, мағыналы мысалдары, философиялық пайымдары, қазыналы қара сөздері – қалың елі қазағы – біздің қанып ішер қайнар бұлағымыз. Біз Абай ақылына арқа сүйеп, бойымызды міннен арылтып, мінезімізді көркем етуге күш саламыз, сеніміміз сарқылып, үмітіміз үзілер тұста Абай үніне құлақ түріп, қайратымызды қамшылап, жігерімізді жани түсеміз, пендешілікке бой ұрып, тура жолдан тайқып бара жатқанда Абай тағылымын еске алып, тәубемізге келеміз. Абай салған сара жолмен жүріп, пайда ойламай, парасат биігіне ұмтыламыз, ар ойлап, адамгершілікті асыл қағида етіп ұстанамыз, тәрбие мен білімді біте қайнастырып, бес асыл іске асық, бес дұшпаннан қашық болуға машықтанамыз. Ақ пен дақтың ырыққа көнбейтін ымырасыз күресінен тұратын күйкі тірлігіміздің әр сәтін ақыл мен ар таразысына саламыз. Өткенімізді өлшеп, еткенімізді екшеп, ертеңіміз алдында есеп береміз, жаңаны білмекке, жақсыны көрмекке талап қыламыз. Ақынның: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» [2] дегеніндей, біз де шыр етіп дүние есігін ашқан шақалақ шағымыздан шашымызды қырау шалып, шау тартқанымызша, келместің кемесіне мініп, ақтық сапарға аттанғанымызша Абай мұрасын өмірлік азық етеміз, Абаймен бірге тыныстаймыз, Абаймен бірге жасаймыз.

Кей талантты тұлға мен оның туындысының белгілі бір кезең аралығында ғана ауыздан түспей, атағы аспандап, шарықтайтын шағы болады. Алайда уақыт өте екеуі де мәні мен мазмұнынан мақұрым қалып, келте ғұмырдың кебін киіп, келе-келе көзден де, көңілден де ұмыт болады. Ал төл әдебиетіміздің төрінен ойып орын алған ой алыбы Абайдың, Абай шығармашылығының ренессанстық сипаты мәңгілік. Ренессанс сөзінің мағынасы «өркендеу, жаңару, гүлдену» болса, Абай шығармалары да заманына сай құлпыра құбылып, түрлене қайта түлеп, жаңа қырынан айқара ашыла бастайды. Академик С.Қасқабасов: «Біздің де өз Ренессансымыз бар. Ол да жалпы заңдылықтардан ада емес әрі өзіміздің өзгешелігімізден де құралақан емес. Міне, осы екі үрдіс тұрғысынан қарағанда, қазақ қоғамының Ренессансы Абайдан бастау алатынына көз жеткіземіз» [3]  деп, ақын шығармашылығының айрықшалығы мен өміршеңдігін өз мақаласында өрнектей отырып, ұлт әдебиетінің ренессанстық көшін Абай бастап тұрғанын айтады.

Абай мұрасының маңызын, жасампаздығы мен жаңғыруға бейімдігін президентіміз Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасыр» атты мақаласында: «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» [4] деп ақын еңбектерін сарабдалдықпен сараптап, тереңіне бойлай талдап, келер ұрпақтың кемел болашағына бағдар етеді.  Өскелең ұрпаққа өшпес өнеге саналар Абай мұрасы заманалар көшіп, адами өре өссе де, өзектілігімен өз биігінде тұратындығына кәміл сенім білдіреді.

Абай – бірнеше өнерді бір бойына тоғыстырған әмбебап тұлға. Ол көрген-білгенін, ойға түйгенін, арманы мен аңсарын, қуанышы мен қайғысын, үміті мен сенімін бізге өрілген өлең, әуелеген ән, ғибратты ғақлия, мәнді мысал етіп жеткізді. Ол қалың ұйқы құшағындағы қамсыз қазақтың санасына қара қаламының құдіретімен қозғау салды. Ол туған халқының бірін бірі дос көруін, бірлікті бекем сақтауын, өнер-білімге бет бұруын, өзге ұлттармен терезесі тең болуын, жағымсыз қылықтар мен әрекетсіздіктен тыйылып, дәйім алда жүруін қалады. Ол көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты да саналы қазақты көргісі келді. Ол қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап, «кейінгі толқын інілерге» ізашар ақын атанды. Абай жолын жалғаған Шәкәрім «Жастарға» жалынды жыр арнаса, Міржақып «Оян, қазақ» деп ұрандады, Сұлтанмахмұт «Қараңғы қазақ көгіне күн болуды» көздесе, Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп өзінен кейінгілерге үкілі үміт артты. Демек, «ермек үшін емес, жастарға үлгі бермек үшін жазған» Абайдың арманын оның берген үлгі үдесінен үздік шыққан Алаш ұлдары ақтады.

Абайдың әр шығармасына шымбайға батар өмір шындығы – заман ағымы, әлеуметтік мәселелер, қоғамдық қайшылықтар, қараңғылық, жікшілдік, теңсіздік, айтыс-тартыс, тағы басқа да проблемалар өзек болды, яғни ол өзі өмір сүрген кезеңді реалистік тұрғыда жырлады. Сондай-ақ шыншыл ғана емес, сыншыл ақын жағымпаздықпен жан бағып, надандықпен нан тауып, бай-бағланды, би-болысты көпірме сөзбен көкке көтере мақтап, қу құлқынның қамы үшін қара өлеңнің қадірін кетірген, сұлу сөзді саудаға салған ақынсымақтарды ащы сынға алды. «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» [5] деп өлеңге өнер емес, өмір сүру құралы ретінде қарап, қарабайырлық қалыбынан аса алмаған «өлеңші, әнші есіл ерлердің» ерсі қылықтарын шенеді. Иә, ел билеген ханға, патшаға, әміршіге арнау айту, жақсы қасиеттерін, үлгі болар  істерін жырға қосу, мақтау, мадақтау бұрыннан бар. Алайда, «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптыға» салынып, шектен шығудың абырой әпермесі анық. Адам баласымен бағзыдан бірге жасасып келе жатқан жағымпаздық, өкінішке қарай, қазір де өршіп тұр. Қызметі үлкен, қалтасы қалың, құрығы ұзын басшылардың алдында қоғадай жапырылып, құрдай жорғалап құрмет көрсеткіш «құйрығы шаян, беті адам»  пенделерді көргенде «бетті басып, тұра қашқың» келеді. Жағымпаздардың жағымсыз қылықтарына қаны қайнап, ашынғаннан ащы даусы шыққан ақын Мұхтар Шахановтың: «Басшы алдында жас келіндей сызылар, Кілең табан жалағыштар — ТЖ-лар» [6] деген жолдары Абай өлеңінің заманауи жалғасы іспетті.

 Сондай-ақ, ақын шығармашылығының алтын арқауы – адам болу және жай адам ғана емес, «толық адам» болу. Біздің түсінігіміздегі «толық адам» – ар мен ақиқаттан аттамайтын, ақыл мен білімді бойтұмар ететін, ілтипатымен ізгілік дәнін себуге, жақсылық жасауға жаны құштар жан. Бұл сөзімізді көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының: «Толық адам (толық инсаният) дегеніміз – Абайдың танытуында, әрбір адам ақылымен, білімімен, мал-дәулетімен біреулерге әділет, шафағатымен жақсылық жасау немесе ақыл, қайратты жүректің қалауымен жүргізіп, оларды тек ізгілікті істерге қызмет еттіру жолы болып шығады. Кімде-кім осы: ... жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты ол ... толық адам делінеді» – деп ең басты ой байламын жасайды. Бұл бүкіл ақын шығармаларының бойына жылылық беріп, таралып жатқан толық адам жайлы ойлармен терең түрде сабақтасып жатады» [7] деген сөзімен қуаттай түскіміз келеді.

Ақынның адам болуға үндейтін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің өн бойы «толық адамды» танытуға өрілген. «Жамандық көрсең нәфрәтлі, Суытып көңіл тыйсаңыз. Жақсылық көрсең ғибрәтлі, Оны ойға жисаңыз» [8] – деп, қалтарысы мен бұлтарысы көп бұл өмірдің бұралаң жолына түсуден сақтандырып, жат қылықтан жиренуге, игілікті істі үйренуге, айналасына шарапатын тигізуге шақырады. Адам баласын аздырар бес дұшпаннан бойды аулақ ұстап, бес асыл істі бойға сіңдіруге үндейді. Сондай-ақ өлеңнің: «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» [9] деген жолдары азабы мен ғажабы қатар жүретін ғылымға ұмтылған жастың сеніміне жаңа серпін қосады, ерінбей еңбектенуге, жалықпай ізденуге, мехнаты мол жолда морт сынбауға нағыз мотивациялық қолдау. Ақынның бұл сөздері адам алмайтын асудың, бағындырмайтын белестің болмайтынын, жалпы, адам мүмкіндігінің әлдеқайда жоғары екендігін айқындай түседі. Және де оның: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын біле тұра тексердім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» [10] деп өз білім-білігіне көңілі толмай, өкініш білдіре отырып, кейінгі жастың алтын уақытын арзан ойын-күлкіге құртпай, еңбек пен оқуды егіз ұстап, елге қызмет етсе деген гуманистік ниет-тілегін білдіреді. «Білім мен ғылым ғасыры» деп ат қойылып, айдар тағылған қазіргі кезеңде бұл өлеңдерінің мән-маңызы артпаса, азайған жоқ.

Еліміз егемендік алып, еңсе түзеген отыз жыл ішінде оң өзгерістер орын алып, күрмеулі мәселелердің түйіні тарқатылды, ілгерілеу жолында іргелі істер атқарылып, сан тараулы салаға даңғыл жол ашылды. Соның ішінде білім саласына баса назар аударылып, қарышты қадамдар жасалды. «Көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарымыз білім бәсекесінің биігінен көріну мақсатымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша алыс-жақын шет елдердің үздік оқу орындарында білімін жетілдіруге, тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік алды. Дәстүрлі тәрбие мен заманауи білімді сәтті сабақтастыра білген олар Отанымызға оралып, мемлекетіміздің мызғымас мығымдығы мен жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етіп, қомақты үлестерін қосып келеді. Кезінде Абай көксеген ғылым көкжиегінің өз жерімізде де кеңеюі көз қуантып, көңіл семіртеді. Үздіксіз ізденістер, зерделі зерттеулер  қазақ ғылымының сапасын жаңа деңгейге көтеруде. «Қалың елі, қайран жұрты – қазағының» қараңғылықтың құрсауында қалмауын ойлап, аһ ұрған Абайдың арманы орындалып, аманаты ақталып келеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» [11]  деп, «білімдінің күні жарық» боларын, жетістікке жетудің, бәсекеге қабілетті болудың басты алғышарты білімде екенін баса айтады.

Абайдың даналығы, Абайдың даралығы – адамзат баласын алаламай, ұлт пен ұлысқа, тап пен жынысқа, тіл мен ділге бөліп-жармай, көркем ойлары мен көрнекті сөздерін күлліге арнауы. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» деп өткінші жауындай өте шығар өмірдің мәні мен қызығын адамдық болмыстан, Құдайға құлшылық қылудан табады. Жаратқанға жақын болудың жақсылыққа бастап, жамандықтан сақтайтынын ескертеді. Абай танымының тереңдігінің, ерендігінің, кемелдігінің бір көрінісі де осы емес пе?

Ол өзінің «Отыз сегізінші қара сөзінде»: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп  білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз  біліп  болмайды.

Білімсіздік хайуандық  болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық,  кедейлік – бәрі осыдан  шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан  бөлінеді, бір жыртқыш хайуан  қисабына қосылады» [12] деп, барша адамзат баласының менмендік пен мәңгүрттіктен, жарға жықтырар жалқаулықтан, қанды бұзатын қатыгездік пен қаскөйліктен аулақ болуын алға тартады. Бұл, әсіресе, қазіргідей “жаһандану” деген атқа ие болып, жылы қарым-қатынастардың жойылып, сызат түспес сыйластықтардың сұйылып, тасадан тас ататындардың көбейіп, адамдардың адамгершіліктен ада болып, мысқалдай мейірім мен махаббатқа шөлдеген шағында, рухани мүжіліп бара жатқан уағында аса маңызды.

Қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттердің бірегейі – кез келгенге құшағы ашулы, дастарқаны жаюлы қонақжайлылығы, кірбің түспеген кіршіксіз көңілі. Алмағайып замандарда тағдыры айдап, талқаны тартып елімізге келген талай өзге ұлтты сыртқа теппей, бауырына басып, бір нанды бөліп жеуі, бүгінде жүз отыздан астам этнос өкілдерімен бір шаңырақ астына бірігіп, шашау шықпай, шаң-шұңдаспай, шат-шадыман ғұмыр кешуі де осының дәлелі. Бұл да Абай ақылымен сусындап, Абай мектебінен түлеп ұшқан, жеңісті де жемісті жолдарында Абай рухы жебеген, ақынның “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” қағидасын берік ұстанған Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жыл от пен судан өтіп, сан сынақты еңсерген салиқалы саясатының нәрлі нәтижесі, көрегенді көшбасшы болғанының кемел көрінісі.

Елбасының: «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен  пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады» [13], – деп жас ұрпаққа артылар жауапкершіліктің салмағын саралап, Абай аманатына адалдық танытуға, атаның емес, адамның баласы болуға басты бағыт нұсқайды.

Абай қалам тербеп, тереңнен қаузаған тақырыптарының бірі – адам баласын аздырар күншілдік, іштарлық, көре алмаушылық, қызғаныш тәрізді жағымсыз қылықтар. Оның өлеңіндегі «Өзін-өзі күндейді, Жақынын жалған міндейді, Ол – арсыздық белгісі» [14] немесе «Таласып босқа,  Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың» [15] деген жолдарда болмашы дүниеге дүрдараз болып, бірін-бірі күндеп, бірін-бірі тілдеп, бықсыған шаланы үрлеп, көңілдері кірлеп жүрген күншілдердің кесапатты істері мінеледі. Төсекте басы, төскейде малы қосылған туыстардың ғана емес, бір әкеден тарап, бір құрсақты жарып шығып, бір анадан сүт емгендердің де, бір-біріне көз алартып, бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын күншілдік кеселіне шалдығуы ақын жанын жүдетеді.

Билік пен таққа таласқан ағайындылардың трагедияға толы тағдырлары тарихта көптеп кездеседі. Күншілдік пен қызғаныш қамытынан шыға алмаудың кесірінен қаншама хандықтардың қабырғасы қақырап, корольдіктердің көбесі сөгіліп, алып империялар ақыр түбі қирап тынды емес пе? Ақылдың таяздығынан, қарынның қанағатсыздығынан, көздің аштығынан бой көтерген кикілжіңдер қантөгіске ұласып, соңы сұрапыл соғысқа дейін жеткен. Егескендер ен байлыққа еге болмақ тұрмақ, тоз-тоздары шығып, тұқымдарымен тұздай құрып кеткен. Тіпті бірі жер құша жеңіліс тауып, екіншісі жеңіс туын желбіреткенімен, кісі қаны мен обалын мойынға жүктеп жеткен байлық әсте баянды болмаған. Ең өкініштісі – Алла тағаланың көркем жаратылысы делінетін адам атынан айырылып, қара жерге кіргенше қадір-қасиетсіз өткен. Ал «көздің құрты» саналар дүниеге адам көзі өлгенде ғана тоятындығы хакім Абайдың «Ескендір» поэмасында «қу сүйек» арқылы керемет келтірілген.

Заман жаңарып, жағдай жақсарып, тұрмыс түзелгенімен, адамдардың ниеті мен пейілі тарылып, дарқандық пен жомарттық жұтап, өзімшілдік пен өркөкіректік өршіп барады. «Сананы тұрмысқа билеткен» сан пенде «меннің» жетегіне ерсе, «бізден» басын алып қашып жүргендер және баршылық. Жеке бастың қамын күйттеп, басқа үшін басы ауырып, балтыры сыздамайтындар, сүрінгенге сүйеу болудан гөрі, көрінгенге күйе жағуға дайын тұратындар айналамызда жоқ емес. «Аққу, шортан һәм шаянның» қарекетін қылып, қақ жарылып, қырғи-қабақ болып жататындардың әлі де жиі кездесетіндігі көңіл қынжылтады. Онсыз да ат төбеліндей аз қазақтың арасындағы алауыздықтан, біріне-бірін айдап салудан, аяқтан шалудан арыла алмауымыз ауыр дерт десек те болады. Бірлік бар жерде жерде тірліктің болатыны, ынтымақ бар жерде ырыстың шалқитыны бесенеден белгілі жайт. Арда туған Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» [16] деп қадап айтқан. «Мәңгілік Ел» болуды мұрат еткен біздер үшін әуелгі қажет нәрсе – ауызбіршілік. Ұлт болып ұйысу, мүдделерді бір арнада тоғыстыру, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлікті бекем ету – біздің басты мақсатымыз болуы шарт.

Сонымен қатар Абайдың ел аузында кең тарап кеткен «Еңбек қылсаң ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген мақалынан, «Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған» [17] деген өлең жолдарынан еңбекқорлықты,  қандай да бір жетістікке ақ адал жолмен жетуді, кісі ақысын жемеуді, тілім нанды табан ақы, маңдай термен табуды құп көріп, күллі адам баласын осы тура жолға сілтейді. Ақынның «Қызмет қылып мал таппай, Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады» [18] деуінен маңайындағылардың мағыналы сөз айтпай, мардымды тірлік қылмай, «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаңға» салынған кейіптерінен күйініп, күдерін үзе бастағаны байқалады. Қазақтың ақын қызы, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың «Абайды іздеу» өлеңіндегі: «Жердің беті балшық пен былық әлі, Жол табады жылпос пен ұры-қары. Жұртың даңғой әм надан баяғыша, Мәз болады бір-бірін жығып әлі» [19] деген қатарынан «жатқылықтылардың» жалғанды жалпағынан басып, жағымсыз әрекеттерін әлі де жалғастырып жатқаны ақын жүрегін ауыртатынын, пенделердің теріс тірлігінен түңіліп, «дертіне» Абайдан дауа іздейтініне куә боламыз.

«Пайданы көрсең бас ұрып, Мақтанды іздеп, қайғы алма. Мініңді ұрлап жасырып, Майданға түспей бәйгі алма» [20] – бұл да «қазақта қара сөзге дес бермеген» хакім Абайдың қалың бұқараға әділеттің ақ жолын нұсқап айтқан ақылы. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, жақсы атты болғысы келетін, өзгенің еңбегіне қол сұғып, өзімдікі деп өзеуреуден тайынбайтын, қандай жолмен болсын оңай олжаға қарық болғысы келетін кеудемсоқ, өзімшіл, мақтаншақ, мансапқор адамдарға арнап айтқан ақылы.

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...»

Ол қазақтың көкірек көзін ашып, көсегесін көгертуді көкседі, ұрымтал сәттерде ұшқыр ойынан ұтымды сөз тудырып, саналы да салиқалы ұрпақ жолында ғибратты ғұмырын сарп етті, адамдық пен надандық майданында мыңмен жалғыз алысып, маңдайын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Ақыры оның ақырын жүріп, анық басқан еңбегі далаға кетпеді. Парасат тұнған поэзиясымен, қасиет толған «Қара сөздерімен», саф алтындай сара сөздерімен қазақ қоғамының оянуына, ойлануына, сілкінуіне, өзін-өзі тануына, өзін жөнге салуына, өз мінімен күресуіне, ілкі көшке ілесуіне, әдебиеті мен мәдениетінің баюына, әлем деңгейінде құлаш жаюына өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың маңдайына біткен марғасқа ұл – Абай қашанда ұрпағының ұлағат алар ұлы ағасы, ұлтының бет түзейтін құбыласы, ізгілікке сусаған қоғамның шөлін басар бұлағы, адасқанға жарық шашар шырағы бола бермек. Абай барда қазақ, қазақ барда Абай мәңгі жасамақ.

Дүние жүзін дендеген дертке байланысты тау тұлғамыз Абайдың туғанына 175 жыл толған торқалы тойын былтыр дүркіретіп өткізе алмасақ та, игілікті іс-шаралар тиісті деңгейде аталып өтілді. Тілі шыққан баладан қайраты қайтқан қартқа дейін Абай жырлары мен әндерін әуелете шырқап, ұлы дала аспанын ұлы ақынның туындылары тербеді. Ақын мұрасын санамызда жаңғыртып, жақсы істі жарасымды жалғастыру, Абай есімін ардақтап, айдай әлемге паш ету – біздің қасиетті парызымыз. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қасым-Жомарт Тоқаев: Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. https://abaialemi.kz/post/view?id=1332

2. Мұхтар Шаханов: «ТЖ-лар». https://qazaquni.kz/news/4328-zheke-adam-a-tabyinu-zharyisyi-2

3. Мекемтас Мырзахметұлы: Абайдың «Толық адам» ілімі. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2020 жыл, 102-бет

4. Абай: Ғылым таппай мақтанба. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=297

5. Абай: Ғылым таппай мақтанба. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=297

6. Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=313

7. Сейіт Қасқабасов: Абай поэзиясының Ренессанстық сипаты. https://www.astana-akshamy.kz/abaj-poeziyasynyng-renessanstyq-sipat/

8. Қасым-Жомарт Тоқаев: Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. https://abaialemi.kz/post/view?id=1332

9. Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=172

10.  Абай: Жасымда ғылым бар деп ескермедім. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=277

11.  Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy

12.  Абай: Отыз сегізінші қара сөзі. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=71

13.  Нұрсұлтан Назарбаев: Абай туралы сөз. https://abaialemi.kz/post/view?id=104

14.  Абай: Сабырсыз, арсыз, еріншек. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=196

15.  Абай: Сегіз аяқ. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=193

16.  «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның қанатты сөздері. https://alashainasy.kz/bil/alash-kozgalyisyinyin-jetekshs-alihan-bokeyhannyin-kanattyi-sozder-159656/

17.  Абай: Түбінде баянды еңбек егін салған. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=183

18.  Абай: Сабырсыз, арсыз, еріншек. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=196

19.  Фариза Оңғарсынова: Абайды іздеу. https://abaialemi.kz/post/view?id=1256

20.  Абай: Әсемпаз болма әрнеге. https://abaialemi.kz/kz/post/view?id=320