«Абай әлемі» байқауында 3 орынға ие болған Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс магистранты
Зұбира Тұрсынбекқызы
XX ғасыр басындағы «Абайтану»: жетістігі мен кедергілері
«Абайтану» ғалымы XX ғасыр басында Алаш қозғалысымен бірге қалыптасты. «Қазақ» газеті Абай кітабын нәсихаттап, оқырманға Абай ақлияларын ұсынып отырды. Алаш көсемдері өздерімен бірге Абай кітабын үнемі бірге алып жүрді. Оларды Үкімет тұтқындағанда Абай кітабы да бірге тәркіленді. «Абай өлеңдерінің» 1909 жылы Петербордағы алғашқы, 1922 жылы Қазандағы екінші һәм Ташкенттені үшінші басылуының басы қасында Алаш оқығандары болды. 1924 жылы Ташкентте Абай кітабы 10 мың тираж және 1928 жылы Қызылорда да 40 баспа табағымен 10 тиражбен басылуы жоспарланды. Бірақ, түрлі саяси себептерге байланысты жарық көрмеді. Тек, 1933 жылы Қызылордада Абай кітабы 6000 тиражбек толық басылды. Төменде XX ғасыр басында Абайтанудағы жетістіктер мен кедергілерге қысқаша тоқталамыз.
Мақала:
Абайтанудың көшін бастап берген және қалыптастырған Алаш қозғалысының жетекшілері болатұғын Әрине, «Абайтанудың» тұп қазығы және негізін қалаушы Алашорда көсемі – Әлихан Бөкейхан еді. Әлихан Бөкейхан ең алғаш Абай туралы деректерді жинап, қолжазбаларымен танысқан «Абайтанушы». Сонымен қатар Абай ұрпақтарымен де қою байланыста болды. Әлихан Бөкейхан Кәкітайды алғаш 1900 жылы Семейде көргенін айтады. Абай қайтыс болған соң, «Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар!» - деп, балаларына хат жазады. «1905 інші жылы апрел аяғында Кәкітай,Абайдың жазба кітабын алып, Омбыға маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық ... сонан бері саясат ісінде бір одақ болдық» [1]. Әлихан Бөкейхан Абай ұрпақтарына Абай өлеңдері мен қолжазбаларын жинақтап алғаш баспаға беруге, кітабын шығаруға кеңес береді. «1905 інші жылғы жазғытұры саясат ісі не екенін біздің «Қазақ» оқушылары білер» - деп, саяси жағдайларға байланысты Абай кітабының баспа бетін көрмегенін тілге тиек етеді. Демек, 1905 жылғы саяси жағдайлар Абай кітабының баспа бетін көруін кешіктірген алғашқы кедергілер еді. Ал өзі Абай Құнанбайұлы туралы 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінің 25 қараша, жұма күнгі №250 санында «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» деген тақырыппен жазба жариялады. Бұл Абайдың алғаш жарияланған өмірбаяндық дерегі болатұғын. Бұл жазбада Әлихан Бөкейхан ақынның туған жері, шыққан тегі туралы айта келіп, Абайдың Тобықты руынан екені, арғы аталары Ырғызбай, Өскенбайлар туралы һәм әкесі Құнанбайдың ел басқарғаны және қажыға барғанын да жаза кетеді. «Абай 60 қа қараған шағында өмірден озды. Ол 1845 жылы (жылан жылы) туылып, 1904 жылы (қоян жылы) қайтыс болды» [2] деп, даталарды нақты атап көрсетеді. Абайдың әр нәрсені білуге ерекше құштарлығы мен ой зерделігінің арқасында қазақтың ғұламаларының халық аузындағы нақыл сөздерін, мақалдарын және ертегілерін еркін меңгергенін айтады. Сонымен қатар орыс әдебиетімен өте таныс екенін баяндайды.
Осылайша, Әлихан Бөкейханның ұсынысы негізінде Абай өлеңдері жинақталып алғаш рет 1909 жылы Сенкт-Петербургтегі И. Бораганскийдің баспаханасында 3000 данамен «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері» деген атпен жарық көрді [3]. Кітап басылыып шыққан соң қазақ даласына толық тарай қоймады. Оның негізгі себептері де бар. Ең бастысы қазақтың өз ұлттық басылымдары, газет-журналдарының жоқтығы. Сонымен қатар жарнаманың да болмауы әсер етті. Кейде үкімет тұтқындаған қазақ зиялыларының қолындағы «Абай кітаптары» да үкімет жағынан тәркіленді. Мысалы, 1911 жылы Міржақып Дулатұлының Семейде тұтқындалуы һәм пәтерін тінткен кезде әр түрлі газеттер, өзінің «Оян қазақ!», «Бақытсыз Жамал», Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал», «Маса» кітаптарымен қатар, «Абай өлеңдері» тәркіленеді [4]. Бұл Абай кітабының таралуына әсер еткен тағы бір кедергі еді. Бұлай дейтініміз басқа қазақ кітаптары туралы татар басылымыдары үнемі жарнама беріп, оқырмандарына ұсынып отырды. Абай өлеңі туралы тек Орынборда шығып тұрған «Шура» журналының 1910 жыл 1 наурыздағы № 5 санында мынадай хабар басылған: «Ибраһим Құнанбаев өлеңдері өз кезегінде басылар» [5]. Бұған қарағанда оқырмандардың бірі журнал редакциясына Абайдың өлеңдерін жіберген. Бірақ, журнал өз кезегінде басылады деп баспаған екен.
Бұндай қазақ кітаптарын және қазақ ақындарының жазбаларын нәсихаттау мәселесі тек 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газеті шыққан соң ғана жүйелі жолға қойылып, баса мән берілді. Газетте «Абай кітабының» жарнамасы беріліп, Абай кітабы туралы мақалалар жариялана бастады. Қазақ халқы жаппай сатып алып, «Абай кітабы» басқармада таусылып қалғаны да айтылады. Алғашқы кезде «Абай кітабының» бағасы 50 тиін болды. 1914 жылы тағы да «Абай өлеңдері келді» деп, газетте арнаулы бағалары айтылады. «Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев жазған өлең кітабы. Бағасы 75 тиін. Почтасымен 80 тиін, скидкесі бар. Адрес: «Қазақ» басқармасы [6]. Кітап туралы жарнамалар газеттің бұдан өзге де сандарында басылды. Кітап бағасы нарыққа қарай көтерілгеніне қарамастан, халық жаппай сатып алып отырды. Абай һәм Абай кітабы туралы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты жазбада: «...Абайдың сөзін Семей лапкесіне қамап, жасырып қоймай, кіли қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді» [7] - дейді.
Ал, Міржақып Дулатұлы Абай қазасының 10 жылдығына арнап жазған «Абай» мақаласында Абай өлеңдерін алғаш рет 1904 жылы Омскіге барғанда Ахмет Байтұрсынұлынан көргенін, Әлиханның Абай туралы орыс газеттеріне жазғанын айта келіп «...Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек.... қазақ халқына сәлем беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» [8] деп, ақынға жоғары баға береді. Алаш көсемдері Абайды Алаштың жарық жұлдызы «Темір қазығы» деп санап, Абай сөздерін өздеріне үлгі тұтты.
Осылайша, алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастау алған «Абайтану» үрдісін Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы жалғастырды. Абай һәм «Абай кітабы» туралы жазбалар «Қазақ» газеті арқылы кең көлемді таралып «Абай кітабын» оқушылар һәм қазақтың қалам ұстаған ағартушылары Абай өлеңдерін дәйексөз ретінде қолдану үрдісі қалыптасты. Абайға арнап кеш өткізу, Абай атында қираатхана ашу мәселелері т.б игі іс- шараларды ұйымдастырыла бастады. Әрине мұндай іс-шаралар ақынның өз туған жері Семейден бастау алған-ды. «Қазақ» газеті Семейде Абай құрметіне қираатхана ашуға талпынғаны бастамышы Райымжан Мәрсеков екенін жазады [9]. Сонымен қатар, Семейде Абай құрметіне арнап «Әдеби кеш» өткенін, Нәзипа Құлжанованың Абай туралы орысша баяндама оқығаны һәм Абай әндері шырқалғанын, жұрттың шаттанғанын, кештің мәнде де сәнді болғанын жазады [10].
1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да өз әсерін тигізбей қоймады. 1915 жылдан бастап аптасына 2 мәрте шыққан «Қазақ» газеті жыл ортасында қайтадан бір мәртеге ауысты. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» 1915 жылы тамыз айында өзінің 88 санын шығарып барып тоқтады. Соғыс зардабы 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске ұласты. 1917 жылғы қос төңкерістен соң (ақпан, қазан) қазақ қоғамы біртіндеп ес жия бастады. Жыл соңында «Алашорда» ұлттық автономиясы құрылды. 1918 жылы Алаш оқығандары Абай есімін ұрпақ санасында сақтау, еңбектерін нәсихаттау мақсатында Семей қаласында «Абай» журналын шығару ісіне кірісті. Журнал «Қазақ» газетінің жолын жалғастырып, Абайдың рухани мұрасын жұрт жадына сіңірді. Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында былай дейді: «өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. ... ғылым білімге қонады. Білімсіз ғылым сыңар жақ. Ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. «Адам баласын замана өсірер еді, кімде-кім жаман болса, замандасың жазықты» деп Абай айтқан» [11]- деп, журнал арқылы халықты өнер-білім игеруге шақырып, ағарту жұмысымен айналысады. Алушылар саны 900 ге жуықтаған «Абай» журналы қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтайды. Бұл туралы ««Абай» қалай жабылды?» мақаласында Жүсіпбек Аймауытұлы былай дейді: «Өткен 1918 інші жылдың февралынан бастап, «Абай» журналы дүниеге шығып, 12 номері басылып, он ай өмір сүріп тоқтады. Журналдың қалай һәм не себепті тоқтағанын баяндап, анықтама қылуды шығарушы болғандықтан, өзіме борыш көремін» [12] – деп, журналдың жабылуының негізгі себебі қаржылық қиындықтарға байланысты екенін оқырманға жеткізеді. Мазмұны мен сапасы жағынан кемелді басылымға айналған «Абай» журналы да Абайға арналған алғашқы әдеби ескерткіш ретінде тарих қойнауына осылай кете берді.
Қазақстанда азамат соғысы (1918-1920) аяқталып, Кеңес үкіметі орнаған соң да Алаш оқығандары Абай өлеңдерін қайта бастыру ісін назардан тыс қалдырмады. 1920 жылы Қазан қаласындағы баспаға бірінші және екінші жылдық мектеп оқулықтарынан 7 кітапты 215 мың тиражбен басыруға тапсырыс берді. Сонымен қатар бұларға жетерлік қағаз дайындап алдырды. Қағаз жетерлік болса қосымша Абай өлеңдерін бастыруды да жоспарлады. Бұл туралы «Еңбек туы» газетінде «Қазанда басылып жатқан қазақша оқу кітаптары» деген тақырыппен былай жазады: «Қазірде осылардан басылып бітіп Орынборға келгені тіл құралы І 35000. Жиналып болып қағазға қарап тұрғаны баяғы Тіл құралы ІІ, Есеп құрал ІІ. Қырат кітабы жиналып жатыр. Есеп құралы І, оқу құралы жартылап басылады.Бұларға жетерлік қағаз алынды. Қағаз болса басылуға дайындалып қойылған кітаптар: Қырық мысал, Абай – өлең жыр құрамасы. (Газет журналдарда жазылған тағдырлары). Бұл кітаптарды бастырып басында жүрген жігіт Бернияз Күлейұлы. 29 ншы октабрде Орынборға кітап алып келді. Жақын арада қайтадан Қазанға жүреді» [13]. Осылайша Қазанда басылған «Абай кітабының» алғашқы тапсырысы 1920 жылы берілген. Бірақ бұл кітап көп кешігіп тек, 1922 жылы ғана баспа бетін көреді. Тағы бір кедергі бұл кітаптар оқырман қолына жетпей 1924 жылға дейін Қазан баспасында жатып қалған. Қазандағы Абай кітаптарын алдыру мәселесі 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде айтылады. Бұл хабар «Ауыл» газетінің 1924 жыл 19 шілдедегі санында «Білімпаздар жиылысының қаулыларынан» айдарында басылыпты. «Үш жылдан бері Қазанда жатқан Абай, Сұлтанмахмұт (Торайғырұлының) кітабтары тез алдырылсын деген тілек ретінде қаулы болды» [14]. Демек, 1922 жылы екінші рет Қазан баспасында басылған «Абай өлеңдері» 1924 жылға дейін оқырман қолына толық жетпегені белгілі. Дәл сол 1922 жылы қазақ-қырғыз білім комиссиясы Ташкент қаласынан «Абайдың таңдамалы өлеңдерін» басып шығарды. Абай өмірі туралы һәм өлеңдеріне сын беруге Нәзір Төреқұловтың жауапты болғанын, Нәзірдің әлеумет жұмысынан босай алмай қолы тимегенін айтады. Сонымен қатар кітап басылып жатқанда Қазанда басылған нұсқасынан бір данасы қолдарына тиіп, өздерінің басылымын үшінші деп өзгерткенін айтады. Абай өлеңдеріндегі кей сөздерді дұрыстап реттеушілер деп: Халел Досмұхамедов және Уалихан Омаров деп көрсетеді [15]. Осылайша 1922 жылы Абай өлеңдері Қазанда (екінші мәрте) һәм Ташкентте (үшінші мәрте) тең басылып шығады
Бір қызығы Ташкенте 1924 жылы «Білім басы» деген атаумен білім-ғылымға қатысты 10 кітапті Түркістан (енді Орта Азия болып аталады) мемлекет баспасы қазақ, өзбек, түрікпен тілдеріне аударып шығарған. Әр кітатың соңында мынадай хабарламалар қосылып басылған: «Орта-Азия (Түркістан) мемлекет баспасы халық үшін «Лениннің өсиеттері» деген 10 кітапшаларды қазақ, өзбек, түрікпен, тәжік, ұйғыр тілдерінде басуға даярлап жатыр». Қазақ, өзбек, түрікпен тілдерінде төмендегі аты аталған атақты адамдардың өмірі туралы 12 кітапша басылып шықпақшы деп, 12 адамның тізімін береді. Олардың ішінде «Абай» есімі де аталады [15]. Бірақ бұл соңғы айтылған кітаптар басылып шықпады.
Абайдың басылмаған өлеңдері мен сөздерінің бір бөлігі 1925 жылы Семей қаласында бар жоғы 4 саны жарық көрген «Таң» журналында жарияланды. Журналды жауапты шығарушылар: Шаймардан Тоқжігітов, Асхат Сейдалин, Шайқы Жентілеуов еді. Журналдың №1 санында: «Абайдың басылмаған сөздері: Әбдрахман деген баласы өлгенде Абайдың жоқтап айтқан өлеңдері», «Абайдың кейбір өсиет сөздері: (Афоризмы); № 2 санында: «Абайдың басылмаған өлеңдері (бір немере інісі өлгенде айтқан)» және «Абайдың басылмаған қара сөзінен» (тоғызыншы қара сөзі); №3 санында: «Абайдың басылмаған өлеңдері. (Абдрахманға айтқан тағы бір жоқтауы), (Абайдың өз тұсында замандасы Абралы деген кісіге айтқан өлеңінен), «Абайдың басылмаған қара сөзі» (үшінші қара сөз) басылған. Бұл сөздің соңында «Басқарма» атынан мынадай ескерту жазылған: « Абайдың бұл сөздің ішінде айтқан пікірін бүгінгі күнге керекті негіз боларлық деп басқамыз жоқ. Басудағы мақсұт Абай сияқты атақты жазушының ауыз заманындағы әкімшілік пен билік жұмысына көзқарасы қалай болғандығын оқушыға таныстыру» [16]. Журналдың №4 санында: «абдрахманның келіншегі Мағрипа деген келініне Абайдың айтқан көңілі» және «Абайдың қара сөздерінен» (жирма бірінші қара сөзі) жарық көрген.
Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы Қазақстан ағарту кемесериятының 1927-1928 жылғы Қызылордадан басып шығаратын қазақ тілінде кітаптарының планына да кірген. Жалпы бұл пыланда қазақ тіліндегі мектеп оқулықтары мен әдеби басылымдардан 88 кітапты әр түрлі тиражбен жалпы 1 миллион 220 мың тиражбен басу планы еді. Соның ішінде «Абай Құнанбайұлының шығармаларының толық жинағы» 40 баспа табақ, 10 мың тиражбен 1928 жылы февралда басып шығару жоспарланған [17]. Бірақ түрлі саяси себептерге байланысты Абайдың толық жинағы басылмай қалады. Соңында Алашордашыл деп айпталған алғашқы «Абайтанушылар»: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұқтар Әуезұлы қатарлы азаматтар саяси қудалауға ұшырап, тұтқындалады. Абайдың толық жинағы тек 1933 жылы ғана Мұқтар Әуезұлының жинақтауымен Абай Құнанбайұлы «Толық жинақ» деген атпен Қызылордағы «Қазақстан баспасы» жағынан 6000 тиражбен жарық көреді[].
Қорыта айтқанда: түрлі кедергілерге қарамастан 1909 жылғы алғашқы басылым, 1922 жылғы екінші һәм үшінші басылымнан соң 1933 жылғы төртінші басылымы ғана Қазақстанның өз териториясында толықтай жарық көріп, бүгінгі ұрпаққа жетті. Бұл барыста Абай еңбегі нәсихатталуы – түрлі жетістіктер мен кедергілерге ұшырады.
Кедергілер:
1905 жылы Абай жазбаларының жинақталып, басылмай қалуы;
1909 жылы Абай кітабы басылып шыққанымен толық таралмауы;
1918 жылғы «Абай» журналының жабылуы;
1922 жылы Қазан баспасында басылған кітаптың 1924 жылға дейін толық таратылмауы;
1924 жылы Ташкентте басуға жоспарланған «Абай туралы» кітаптың басылмай қалуы;
1928 жылы Қызылордада басылуға жоспарланған «Абай шығармаларының толық жинағының» басылмай қалуы;
Жетістіктері:
1905 жылы ресми өмірбаянының Әлихан Бөкейхан тарапынан баспасөзде жариялануы;
1909 жылы «Абай кітабының» Петербордағы алғаш рет басылып шығуы;
1913-1918 жылдары «Абай» һәм «Абай кітабының ««Қазақ» газетінің негізгі идеясына арқау болуы;
1914 жылы Абайды еске алу шараларының алғаш ұйымдастырылуы;
1918 жылы «Абай» журналының шығуы;
1922 жылы Қазан мен Ташкент баспаларында «Абай кітабының» екінші һәм үшінші рет қайталай басылуы;
1933 жылы Абай Құнанбайұлының «Толық жинағының» жарық көруі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. «Қазақ» газеті. №105. 1915.
2. «Семипалатинский листок» газеті. №250. 1905.
3. Казахская книга в собрании библиотек, архивов и музеев Казахстана и России» (XIX – начало XX вв.) историко-источниковедческие исследования // Шалғынбаев Ж.,Ильясова Г. Алматы. 2014.
4. «Айқап» журналы. № 6. 1911.
5. «Шура» журналы. №5. 1910.
6. «Қазақ» газеті. №47. 1913.
7. «Қазақ» газеті. №43. 1913.
8. «Қазақ» газеті. №67. 1914.
9. «Қазақ» газеті. №57. 1914.
10. «Қазақ» газеті. №51. 1914.
11. Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 8-кітап. Абай. 384 бет. 23 б.
12. «Сарыарқа» газеті. № 81. 1919.
13. «Еңбек туы» газеті. № 2. 1920.
14. «Ауыл» газеті. № 51(81). 1924.
15. «Жер жаратылысы жайындағы әңгімелер». Вагнер: ауд: Мұхтар Әуезұлы. 1-бас. Ташкент. Түркістан мемлекет баспасы. 1924. 100 б.
16. «Таң» журналы. №3. 1925. 82 бет.
17. «Жаңа мектеп» журналы. №11-12 (26-27). 1927.
18. Абай Құнанбайұлы «Толық жинақ». Жинаушы: Әуезұлы Мұқтар. Қызылорда. Қазақстан баспасы. 1933.