Г.Есмаханова: Абай мұраларын зерттеуші ғалымдар М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханов жайлы жазылған

«Абай әлемі» байқауында 2 орынға ие болған Ілияс Жансүгіров

атындағы Жетісу университетінің 2-курс магистранты

Есмаханова Гульзира Нұрғалиқызы

  

Магистранттар арасында «Абай әлемі» ғылыми мақала байқауына қатысқаныма өте қуаныштымын. Абай ақынның шығармашылығының бүгінгі ұрпаққа жетуі үшін біздің абайтанушы ғалымдарымыздың еңбектері өте үлкен. Жас ұрпаққа бүгінгі таңда Абай шығармашылығы жайлы тереңірек білім берілу керек. Дәстүрлі байқау жыл сайын жалғасын таба берсін. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін!

 

Аннотация.

 Абайтану ғылымын зерделеуде абайтанушы ғалымдардың орны ерекше. Мақалада Абай мұраларын зерттеуші  ғалымдар Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов жайлы жазылған. Абайтанушы ғалымдардың Абай мұраларын зерттеудегі еңбектері мен өмір жолдары қарастырылған. Ақын мұрасының бүгінгі ұрпаққа жетудегі тарихи өткелдері жайлы мәліметтер берілген.

 

Абай мұрасы – даналықтың таусылмас қазынасы. Қазынаның тереңіне барған сайын адамзат тіршілігінің барлық қажеттіліктерін қамтитын – рухани байлықтың, нұрлы ақылдың, пайымды парасаттың, зерделі ғылымның, пайдалы білімнің көзін табамыз. Ақын мұрасы қазақ тарихының өткені мен бүгінін ұштастырып, келер болашақты да сабақтастырып тұрған өміршеңдігімен бағалы. Бүгінгі ұрпаққа ақын мұраларын насихаттауда шығармаларының шыңына жетіп түсіндірсек ғана Абайды тереңінен тануына жол ашар едік. Құр жаттанды түрде ғана санаға сіңірмей, әр шығармасының тарихын, зерделі ойларын саналы түрде сараптап, ұғынып түсіну қажет. Ақын мұраларының жинақ болып жарияланып, бүгінгі күнге жетуіне себепші болған абайтанушы ғалымдардың еңбектерін де кеңінен насихаттап, Абай әлемінің ұлылығын таныту әрбір саналы ұрпақтың парызы болмақ. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында, мектептерде «Абайтану» пәні енгізіліп оқытылуда, Абай мұрасы жайлы бірнеше ғылыми еңбектер де қорғалуда. Ақын мұралары сонау 1889 жылдан бастап баспасөз беттеріне жариялана бастады. Бүгінгі күнге ақын мұралары жеткенімен,  иірімі мол толқыннан өткенін, тарихи өткелін, ол жайлы әртүрлі ғылыми пікірлердің талас-тартысы болғаны жайлы кез-келген оқушы немесе білімгер біле бермейді. Осы тұста белгілі абайтанушы ғалым, қазіргі абайтану ғылымының көшбасшысы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының сөзі мағыналы ой салады: «Алдымен Абай мұрасын танып білу, түсініп оқу үшін жастарға ең керегі – Абай ғұмыр кешкен заманның саяси-әлеуметтік болмысы мен дәуір ерекшелігін, қазақ елінің отарлану тарихын, сырттан ендірілген ел билеу жүйесіндегі талас-тартыстың әлеуметтік тамырын білу» [1, 10-б.]. Яғни, ақын өмір сүрген дәуірдің көрінісін, қазақ елін отарлау саясатын, кеңестік идеологияның ақын мұраларына әсері сынды мәселелерді білу шарт. Себебі, осы кезеңдерде қазақ әдебиеті биік белестерге көтеріле алмады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ әдебиеті үшін көптеген сындар мен сан түрлі пікірлерге толы кезең болды. Осындай әдеби сын Абай мұрасына да өз әсерін тигізді. Сол кезеңдегі әдебиет қайраткерлері Абайдың мұрасын тұрпайы социологиялық көзқарас деңгейінде ғана бағалайды. Мысалы, Сәбит Мұқанов Абайды феодал табының ақыны деп өз пікірін былайша білдіреді: «Абай – қиялшыл. Қиялшылдықтың өзі байшылдықтың үлкен тірегінің бірі. Бұл жағынан Абай байшылдықтан қашса да құтыла алмайды. Оңдап зерттеген кісіге байшылдық – ұлтшылдықтың түп қазығы. Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ. Бірақ, кедейшіл емес, байшыл. Олай болса өзінен-өзі (объективно) кедейге қарсы болып табылады» [2, 86-б.] . Яғни, Абайды байшыл ақын деп баға береді. Осы сынды керағар пікірлер қазақ интеллегенциясы тарапынан көптеп айтылды. Бірақ уақыт өте келе С.Мұқанов теріс танымынан бас тартып, Абайды «халық ақыны» тұрғысынан танып 1939 жылы «Абай – халық ақыны» деген тақырыпта мақала жазады. Ал Абайды сол кезеңдерде халық ақыны деп танып, шығармаларындағы Шығысы жайлы зерттеген абайтанушы ғалымдар мен ақынның шәкірттерінің бәрі «халық жауы» деп танылып, қуғынға ұшырады. Саяси қысымның әсерінен көп дүниелер ашық айтылмады. Абай мұрасын зерттеуде тіпті өмірлерін қиып, бірнеше жылдарды абақтыда өткізіп, қуғындалған абайтанушы ғалымдар Мұхтар Әуезов пен оның қайсар шәкірті Қайым Мұхамедхановтың абайтану ғылымында орны ерекше.

Қазақ әдебиетінің классигі Абайды әлемге танытқан қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, әдебиет сыншысы, академик, профессор – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, әдебиет тарихы және Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы іргелі еңбектер жазды. Өз қоғамына да үн қосып сан түрлі мақалалар жариялап, маңызды мәселелердің шешімін табуға да мемлекет қайраткері ретінде өз үлесін қосты. Жастайынан ұлы ақынның мұрасына жүрегімен жақын болған академик-ғалым Абайды терең таным түйсігімен зерделеп, әлемге таныта отырып, өзі де қазақ әдебиетінің көкжиегіне Абай арқылы көтерілді. Абайтану әлемін Әуезовтен бөлек тану мүмкін емес.

Мұхтар Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденісінің жемісі ретінде «Абай жолы» эпопеясын ұлы туынды ретінде жазып шығады. «Абай жолы» - қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтерген, әлем әдебиетінің қаламгерлерінің өзі жоғары баға берген үздік туынды. М.Әуезов бұл роман-эпопеяда Абай образын, шығармашылық тұлғасын ерекше бейнелеп әрі Абай дәуіріндегі қазақ халқының мәдени-танымдық ұлттық дәстүрлерін ашып көрсеткен. Осы ұлы туындының жазылу тарихы мен дүниеге келу жолында академик-ғалымның Абай өмірі мен мұралары жайлы ғылыми-зерттеу еңбектерінің орны ерекше еді. Өз сөзінде М.Әуезов былай дейді: «...жазушының тарихи тақырыпқа шығарма жазуы, ең алдымен, ғылымдық, зерттеушілік ұзақ еңбекті қажет етеді. Әуелде мен Абайдың өмірбаяның толықтырып жазған едім. Сол жұмыстың кезінде, кейін жазылатын романға керек деректің бірталайы қолыма түсті... Екі саладағы еңбек бір-біріне сүйеніш болып, жалпы Абай жайындағы білімді толықтыра түсетіндей болу керек деген қорытынды ниетке бекідім» [2, 182-б.]. Яғни, М.Әуезов «Абай жолын» жазу барысында әрі жазушы, әрі ғалым ретінде екі салада қатар ізденіп, теңдесі жоқ ізденісінің нәтижесінде үлкен туынды жазады. Осы тұрғыда абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов мынадай пайымды пікір білдіреді: «Эпопеяға негіз болып қаланған деректер көзі мен жазылу, жариялану тарихын ғылыми тұрғыдан терең танып білу үшін, қандай зерттеуші болса да Мұхтар Әуезовтің абайтану саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектерінде көтерген көп қырлы күрделі мәселелерге соқпай өте алмайды. Себебі эпопеяның бас кейіпкерінің өзі интелектуалды өнер иесі болғандықтан, ол мәселелерді саралап жете білу – шешуші мағына алатын қажеттілікке айналмақ. Осы айтылған ерекшіліктерді терең танып білген жағдайда ғана «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихы мен ол сүйенген рухани, тарихи дерек көзі ретінде абайтанудан жазылған зерттеу еңбектердің мән-мазмұнына дендей кіріп танып білсе болады», [2, 182-б.]– деп эпопеядағы Абай мұрасының өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар зерттеу екендігін тілге тиек етіп айтады. Эпопеяның «Абай» атты алғашқы екі кітабы 1942 жылы, 1947 жылы жарық көріп, 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы беріледі. Одан кейін «Абай жолы» атымен 1952 жылы, 1956 жылы үшінші, төртінші том жарық көріп, 1959 жылы жазушыға «Лениндік сыйлық лауреаты» атағы берілді. Әлемнің 116 тіліне аударылған «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезов қазақ халқын әлемге танытты, қазақ прозасын әлем әдебиетінің биік шыңына жеткізді. Ақын өмірі мен шығармаларын зерттеуде тиянақты текстологиялық зерттеулер жүргізді. Жоғарыда атап өткендей саяси қысым салдарынан Әуезов те Абайдың Шығысқа қатысты мәселелерін тереңірек зерттей алмады. Жазушы өз сөзінде былай деген: «Абай творчествосының шығысқа қатынасы жайындағы проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек, мұның өзі – өте аз зерттелген мәселелердің бірі. Бұрынғы зерттеулерде Абайдың иран әдебиетімен байланысы деп айтып жүргеніміз, шынында, тәжік, өзбек, әзірбайжан классиктерімен байланысы, былайша айтқанда, бүкіл совет елі таныған жазушылармен – Советтік Шығыс әдебиетінің қарт классиктерімен байланысы еді», - деген [3, 59-б.].  Арнайы саяси-идеологиялық мақсатты көздей отырып, 1949 жылы Мәскеуде қабылданған космополитизм туралы қаулы бойынша төл әдебиетімізден қол үздіріп, мәдени мұраларымызды жою еді. Яғни, академик-жазушы осы қаулыдан сескеніп советтік шығыс әдебиетінің классиктері деп жазған. Абайдың Шығысын зерттеуге тыйым салынды. Шығыс жайлы мақала жазғандардың барлығы қудалауға түсті. Сол себепті Мұхтар Әуезов көп нәрсені айта алмай, тек тезис түрінде қалдыруға мәжбүр болды. Себебі, оның астарында Шығыс әлемінің дәстүрі, мұсылмандық діні жатыр. Кеңестік кезеңде қазақтарға отарлау саясатын жүргізіп, орыстандыруды мақсат етіп жүргенде «Шығыс» әлемінің еш мағынасы жоқ еді.

М.Әуезов абайтану ғылымы зерттеуде шәкірт дайындап, Абай жайлы тақырыпты кеңінен зерделеуді қолға алады. Әуезовті алғаш көргенде Қайым Мұхамедханов жеті жаста болған. Әрдайым Әуезовті көрген сайын Абай жайлы мағлұматтармен танысып, Абай шығармашылығына қызығушылығы артып, көңіл бөле бастайды. Ер жетіп мұғалімдік курсты аяқтап, институтқа оқуға түседі. 1939 жылы институтты бітірер кезде Алматыға Қазақстан Жазушыларының екінші съезіне қатысуға барып Әуезовпен кездеседі. Әуезовтің ақыл кеңесімен ғылым жолын таңдайды. Зерттеу тақырыптарының басты нысаны ретінде Абай шығармашылығын таңдайды. Семейдегі пединститутта қызмет жасап 1940 жылдары «Абайдың әдеби мектебі» айдарымен Мағауия Абайұлы, Ақылбай Абайұлы, Әубәкір Абайұлы, Әріп Тәңірбергенов шығармашылығы туралы ғылыми мақалалар жариялайды. Абайдың әдеби мектебі мен ақын шәкірттері жайлы көптеген еңбектер жазады.

Елуінші жылдары «Абайдың ақындық мектебі» деген концепция қоғам тарапынан зиянды деп танылады. Осы жылдары абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі» деген диссертациясы жазылады. Бірақ саяси қысымның салдарынан «Абай мектебі», «Абай шәкірттері» деген атаулардың түп-тамырымен өзгертілуі талап етіледі. Бұл жайлы М.Мырзахметов: «Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі» деген диссертациясы осы мәселе туралы 1951 жылғы пікір таласының ашылуына мұрындық болуында, сол кезең үшін беймәлім сыр да бар еді... Пікір таласында көп мәселе қозғалды, бірақ саяси астары бар құбылыс ретінде Абайдың ақындық мектебі айтыс-тартыстың басты нысанасына айналып кетті» [2, 130 б.] – деп Абайдың қазыналы әдеби мұрасы туралы ұйымдастырылған пікір таласында диссертациядағы кемшіліктердің қатаң сынға алынғандығы жайлы ой қозғайды. «Абай шәкірттері» деген атау ақын төңірегіндегі ақындар деп ауыстырылады. Саяси сынның салдарынан еңбек біраз қысқартылып жазылды. Талантты ақындар Көкбай Жанатайұлының, Тұрағұлдың, Шәкәрімнің есімдері мүлдем енбей қалды. Ал басқа ақындардың шығармаларының «кеңестік идеологияға» сиятын қырлары ескеріліп, үлкен тартыспен «Абайдың әдеби мектебі» ғылымда қорғалып шықты. Қ.Мұхамедхановтың бұл кандидаттық диссертациясы абайтану тарихы үшін маңызы зор ғылыми еңбек ретінде өз бағасын алды. Бірақ Ресейдің отаршылдық саясаты қозғаған идеология абайтану саласына да кері әсерін тигізбей қоймады. Бұл жайлы С.Мұқанов өз баяндамасында: «Соңғы уақытқа дейін Қазақстанның жеке әдебиетшілері «Абайдың ақындық мектебі» дейтін ғылымға қарсы, буржуазиялық объективтік концепцияны уағыздап, өрескел саяси қате жіберіп келді... Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі туралы» деген саяси зиянды диссертацияда Кеңес үкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның қас жауларына айналған буржуазиялық ұлтшылдар да Абайдың «шәкірттері» деп ақталды» [2, 133 б.] деген қаулыны жазған. Осындай шешімнен кейін кандидаттық диссертацияға жетекші болған М.Әуезов те жауапқа тартылып қудаланып, ал Қ.Мұхамедхановты халық жауы деп айыптап түрмеге тоғытады. Бірнеше жылдар өтіп әділеттіліктің де ақ туы келіп жетті. Жас ғалымның табандылығы мен төзімділігінің, қайсарлығының  арқасында 1959 жылы кезінде үлкен дау тудырған, ақын шәкірттері де ақталып, диссертацияны қайта қорғап шықты. Бірақ жазықсыздан абақтыда отыру, ондағы көрген қиындығы еш адам баласына оңай соқпайды. Осындай қиындыққа толы жылдарды артқа тастап бостандыққа шыққаннан кейін Әуезовпен кездесіп әңгімелеседі. М.Әуезов абақтыдағы кезеңін былайша еске алып әңгімелейді:

« - Онда біздер, ұлтшылдар, бәріміз үлкен бір үйде жатамыз. Төсек орнымыз таза, тамағымыз уақытылы беріліп тұрады. Бір-бірімізбен еркін әңгімелесіп, пікір алысып, кеңесіп отыратынбыз. Тергеуге алып барғанда аздаған қысымдар, қытымырлықтар болып тұратын. Кейін Алматының түрмесіне ауысқанда бұл жағы жиіленіңкіреп кетті» [4, 37- б.].

Әуезовтің әңгімесін тыңдап болған соң Қ.Мұхамедханов былай дейді:

« - Мұқа, онда сіздер жұмақта болыпсыздар ғой, ал, біздер нағыз тозақтың отында күйіп-жанған ақырзаман пенделеріне ұқсайды екенбіз. Жазығымыз жоқ болса да, күні-түні ұйықтатпай, аяғымыздан тік тұрғызып қойып тергеп, ол аз болғандай ұрсып-жекіріп, сатып алған құлындай ақыра қорлағанын қайтесіз. Сонда айтары: «Мына қағазға қол қой», - деп өздері жазып келген нұсқасын ұсынады. «Қол қойсаң болды, сенің бізге керегің аз, үйіңе кете бер. Бізге керегі Мұхтар Әуезов. Сол туралы жазылған мына қағазға қол қой, қоймасаң не боларыңды өзің білесің» - деп әкіреңдейтін» [4, 37-б.].

Осы әңгімесін мынадай өлең жолдарымен жалғастырады:

«... Дейтұғын уақыт жетіп, соқты сағат,

Сағынған сондай күнді қылмай тағат.

Жарқ етіп бұлттан шығып күткен күнім,

Ақ құсы әділеттің қақса қанат.

 

Дер едім сонда, дүние, арманым жоқ,

Тағдырға таба болып қалғаным жоқ.

Көрсеттің қорлығыңды, зорлығыңды,

Кеудемнен жүрегімді алғаның жоқ.

 

Өр зорлықпен басымнан еркімді алдың.

Әжім салдың бетіме, көркімді алдың.

Аңқылдап ақ көңілмен алданбасқа,

Аузымнан айнымайтын сертімді алдың.

 

Отқа салдың, отырдым жігер қайнап,

Тордағы арыстандай көзім жайнап.

Шыңдалып шарболаттай шықтым, міне,

Отырмын өзіңменен күліп-ойнап» [4, 81-б.].

Қайым Мұхамедхановтың жазықсыздан абақтыда отыруы әр адамның жүрегін елжіретіп, көзге жас келтіреді. Ғылымға деген адалдық, ғылыми жетекшіге деген құрмет, «Абайдың ақындық мектебін» танытамын деген мақсат әрдайым жігерлендіріп күш беріп отырғандай. Абақтыда отырып жастық ғұмыры кетті, балаларының балғын шағы мен тәтті қылықтарың көруді аңсады, сүйген жарың сағынды. Сағыныштан «Балаларыма» деген өлең жазады:

«Сағындым да, сарғайдым да жүдедім,

Қайғы отынан өртенгендей жүрегім.

Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда,

Осы өлеңім – дұғам менен тілегім.

 

Құлындарым, сендерді ойлап сағынып,

Қалғандаймын кейде есімнен жаңылып.

Ұзақ түнде кірпік қақпай жатқаным,

Көкірегім қарс айрылып, аһ ұрып...»

 

Жарым болып, жаман атақ тақпадың,

Ана болдың, ана атыңды ақтадың.

Айнымайтын адал досым, бір өзің

Фархинұрым, сенсің менің мақтаным!..[4, 75-б.].

Қайым Мұхамедхановтың жазықсыздан абақтыда отыруы әр адамның жүрегін елжіретіп, көзге жас келтіреді. Ғылымға деген адалдық, ғылыми жетекшіге деген құрмет, «Абайдың ақындық мектебін» танытамын деген мақсат әрдайым жігерлендіріп күш беріп отырғандай. Мына өлең жолдарынан қайратты, батыр, рухы биік жазушының жан сырын ұғынуға болады:

Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,

Қастық жасап, кісіге оқ атпадым.

Алтын көріп, адал жолдан таймадым,

Сұғанақ боп, арам астан татпадым.

 

Мен кісінің қол созбадым бағына,

Мен ешкімнің таласпадым тағына.

Кең дүниеде жолым даңғыл деп жүріп,

Кез болыппын сүрінетін шағыма [4, 75-б.].

«Кеңестік идеология» саясатынан қаншама ұлтжанды алаштың  азаматтары абақтыға тоғытылып, қуғын-сүргінге ұшырады, ату жазасына кесілді. Бүгінгі күні тарих ретінде еске алғанменен, сол кезең «қылышынан қан тамған» өте қиын уақыт болған. Міне, Абай мұрасын, ақындық мектебін бүгінгі ұрпаққа жеткізу оңай болмаған. «Абай жолы» романын жазу барысында да Әуезов қаншама кедергіге тап болды. Осындай сындарлы тарихи кезеңнен өткен Абай мұрасы бізге жеткен үлкен қазына. М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханов өмірлерінің соңына дейін қаламдарын ғылымға арнады.

Абайтану ғылымы тәуелсіздік жылдары коммунистік идеологияның ауқымынан шығып, жаңа белеске көтеріліп, өрісін кеңейтті. Мысалы айтар болсақ, Мұхтар Әуезов хакім Абайдың ақындық мектебін зерттеуде коммунистік идеологияның шеңберінен шыға алмай, жүзеге асыра алмаған ғылыми тұжырымдамасын қайраткер ғалым Қайым Мұхамедханов қолға алып тәуелсіздік тынысымен тың бағытта зерттеп, ақынның шәкірттерінің шығармаларын жинақтап «Абайдың ақын шәкірттері» деген құнды еңбекті жарыққа шығарады. Ақын шығармаларына текстологиялық түзетулер жасап, ғылыми еңбектер жазады.

Абайтанушы ғалымдар қандай қиындық көрсе де, бізге Абай мұрасын жеткізді. Саяси қысым салдарынан айтылмаған сырларын, зерттелмеген тақырыптарын тәуелсіздік алған соң абайтанушы ғалымдар зерттеп ғылыми еңбектер жазды. Абайтанудың іргетасын қалап берген М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановтың ғылыми ізденістерін жалғастырды. Абайдың «Шығыс» әлемі жайлы дүниетанымын Мекемтас Мырзахметұлы тереңнен зерделеп «Абай және Шығыс» атты монографиялық еңбек жазды. Ақынның әлі де ашылмаған тақырыптары бүгінгі ұрпаққа аманат.

Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркенденуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз» - деп ұлттық болмыстың үлгісін насихаттап жазады [5, 4-б].  Өткенімізді қайта жаңғыртсақ, болашағымызды айқындағанымыз. Бір ғана Абай ілімі – ұлт болашағын тәрбиелейтін дара жол. Абай шығармаларындағы ғибратқа толы, тағылымы мол, ақылы мен терең ойларын санамызға сіңіруіміз қажет. Ақын мұраларындағы тәрбиелік мәнді ұлағатты сөздер бүгінгі жас ұрпақтың бойында адамгершілік, ізгілік, имандылық, әділеттілік, парасаттылық, батылдық қасиеттерді қалыптастырып, ұлттық мәдениетімізді қадірлеуге, дамытуға айтарлықтай үлкен септігін тигізеді. Жас буынға Абай мұраларынан, құндылықтарынан нәр алуды әрине мектеп қабырғасынан бастау алуы қажет. Ақын шығармаларындағы ғылым, адамгершілік құндылықтар, тәрбиелік мәнді ой-пікірлер ұлттық мүдде тұрғысынан түсіндірілуі қажет. Осы бағытта қазіргі таңда мектептерде арнайы «Абайтану» пәні енгізілді. Ақын шығармашылығын танып игеру арқылы жастардың бойындағы рухани көкжиегін кеңейтуде «Абайтану» пәнінің үлесі орасан зор. М.Мырзахметұлы өз сөзінде: «Үшінші мыңжылдық – адамгершіліктің, гуманизмнің заманы болуға тиіс. Ал, енді оқушылардың адамгершілік тәртібін жолға қою үшін мектепте Абайдың «толық адам» ілімін өз алдына пән ретінде ендіріп, адамгершіліктің идеологиясын олардың санасына біртіндеп сіңіруді мақсат етіп қою керек» - деп айтады [10, 11-б.].  «Абайтану» пәні Абай шығармашылығының тарихын, абайтанушы ғалымдар жайлы кең мағлұматтар алуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келгенде, ұлы ұстаз кемеңгер, қарасөздің хас шебері, поэзияның патшасы Абай – мәңгілік тақырып. Қазақ халқының маңдайына біткен мақтанышы Абайды тану, түсіну – адамзат баласының қолы жете бермейтін, шыңы биік рухани белеске алып баратын дара да сара жол. Ал осындай дара тұлғаның мұрасын бүгінгі күнге жеткізген, қуғынға ұшырап, қиындық көрген абайтанушы ғалымдар – нағыз қаһарман, ұлттық рухы биік, ұрпақ жадында мәңгілікке сақталар тау тұлғалы азаматтар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Мырзахметұлы М. Түркістан Тараз арасы... – Астана: Білге, 2002. – 432 б.
2. Мырзахметов М. Абайтану тарихы. – Алматы, «Ана тілі», 1994. - 192 б.
3. Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Жазушы»,1985. – 18т. – 448 б.
4. Қайым Мұхамедханов. «Тағдыр және Қарлаг». – Алматы: 2008. – 296 б.
5. «Абай» Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал. – Семей: «Зияткер», 2020. – 94 б.