Э.Бауыржанова: ҚУҒЫНДАЛҒАН АБАЙТАНУШЫЛАР: Қ.МҰХАМЕДХАНОВ

«Абай әлемі» байқауында 3 орынға ие болған Х.Досмухамедов

атындағы Атырау университетінің 1 курс магистранты

Бауыржанова Эльза Бауыржанқызы

 

Құрметті «Абай әлемі» ғылыми байқауын ұйымдастырушы, әділ  қазылар алқасы! Бұл қуанышты естіп, тіпті не дерімді де білмей қалдым! Сіздерге алғысым шексіз, бұл хабарды көптен күткен едім! Үмітім ақталды!  Бұл әрбір студент мен магистранттар үшін, әр ғылым жолын тандаған тұлға үшін үлкен мүмкіндік! Сіздерге алғысым шексіз! Сіздерге тек толағай табыстар мен шығармашылық жетістіктер тілеймін!

 

 

ҚУҒЫНДАЛҒАН АБАЙТАНУШЫЛАР: ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ

Аңдатпа.

Мақалада абайтанушылар еңбектері, олардың кеңестің саясат тұрғысынан бағалануы, ұлы ақынның әдеби мектебін, ақын шәкірттері мұрасын зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп, сол үшін қуғындалған ғалым  Қайым Мұхамедханов туралы сөз болады. Абайтанудың тарихын қарастыра отырып, ақын мұрасын зерттеуге қатысты туындаған полемикалық айтыстың абайтанудың дамуына әсері талданады. Қ.Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын жинақтап, жүйелеп, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізген зерттеуші. Сол үшін де 25 жылға сотталған жан. Қайым Мұхамедхановтың абайтану үшін қудалануын талдауда жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы әдістерге сүйендік.

Балтогаева Ж.Е., Бауыржанова Э.

Атырауский  университет имени Х.Досмухамедова

Атырау, Казахстан

 

ИЗГНАННЫЕ АБАЕВЕДЫ: КАЮМ МУХАМЕДХАНОВ

Аннотация.

 В статье будет рассказано о трудах абаеведов, их оценке с точки зрения политики Совета, о литературной школе великого поэта, о его учениках, о выдворенном за нее ученом Каюме Мухамедханове. Рассматривая историю абаеведения, анализируется влияние полемического айтыса, возникшего в связи с изучением наследия поэта, на развитие абаеведения. К. Мухамедханов является первым исследователем, который обобщил, систематизировал и впервые ввел в научный оборот жизнь и творчество учеников поэта Абая. За что и осужден на 25 лет. В анализе преследования Каюма Мухамедханова за абаеведение мы опирались на системно-комплексный, историко-сравнительный методы.

Baltogaeva ZH.E., Bauyrzhanova E.

Atyrau University named after Kh.Dosmukhamedova

Atyrau, Kazakhstan

 

EXILED ABAYEVEDS: KAYUM MUKHAMEDKHANOV

Abstract.

The article will tell about the works of Abayevists, their assessment from the point of view of the policy of the Council, about the literary school of the great poet, about his students, about the scientist Kayum Mukhamedkhanov who was expelled for it. Considering the history of Abai studies, the author analyzes the influence of polemical aitys, which arose in connection with the study of the poet's heritage, on the development of Abai studies. K. Mukhamedkhanov is the first researcher who generalized, systematized and for the first time introduced the life and work of the poet Abai's students into scientific circulation. For which he was sentenced to 25 years. In the analysis of the persecution of Kayum Mukhamedkhanov for Abai studies, we relied on system-complex, historical-comparative methods.

 

Абайтану – қазақ әдебиеттің арналы саласы. Ұлттық мақтанышымызға айналған ұлы ақынды тану ісінің қалыптасқанына ғасырдан астам уақыт өтті. Бүгінде кемеліне жетті, толысты. Дегенмен де Абайды танып болдық деп айта алмаймыз. Себебі әр уақыттың, әр қоғамның өз сұранысы бар. Соған сай Абайды тану да өрістеп дами бермек. Бұл – уақыт талабы. Абай мұрасы – мәңгілік, Абай айтатын рухани ой – өміршең. 

«Абай да басқа ақындар сияқты өз дәуірінің төлі, өлеңдері де сол кезеңнің негізгі мәселелерін қамтиды. Бірақ күні өткен, ескірген дүние емес. Ол – заманының алдыңғы қатарлы ой-санасын жырлап, кейінге өшпес мұра қалдырған, шығармашылық рухы өмір сүре беретін мәңгілік тұлға. Абай жасаған керемет поэзия, тамаша картиналар – әлі көп замандарға қызмет етерлік, тәлім берерлік құрал, көркемдік үлгі» [1, 21] – деген әдебиет зерттеушісі Х.Сүйіншәлиевтің пікірі қашан да өзектілігін жоғалтпайды.

Ал ұлы ақынды тану тарихына көз жіберсек, тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерген ғылым. Коммунистік дүниетанымның қиянаттары Абай мұрасын, оның жеке басын бағалауға теріс әсерін тигізбей қоймады.

Абайтанудың бастауында алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың тұрғаны баршамызға белгілі. 1905 жылы ұлы ақын туралы азанама мақаласын жариялайды. Аталған мақала туралы алаштанушы Дихан Қамзабекұлы мынадай пікір білдіреді: «Әлиханның шынайы тұрпатты авторлық әдебиетке айрықша үмiт артуы 1905 жылы жарияланған Абайға арналған мұнақып-мақаласынан («Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы») бастау алады… Абайды тану мен танытуға деген ықылас алғаш Ә.Бөкейхан тарапынан байқалған… Ә.Бөкейханның «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» мақаласында ұлы ақынның ғұмырбаяны алғаш рет мүмкіндігінше толық сипатталған…» [2,194].

Ал 1906 жылы Ә.Бөкейханов Патша өкіметіне қазаққа дербес құқық беру туралы мәлімдемеге қол қойдыру мақсатымен өңірлерді аралап жүргенде, түрмеге қамалады. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың дерегіне сүйенсек, Әлиханның қолында Абай өлеңдерінің қолжазбасы болған. Оны аман сақтап қалу турасында, адвокат арқылы өтініш жазған.

Әрине Ә.Бөкейхановтың бұл тұтқындалуы Абаймен, оның шығармашылығымен тікелей қатысты болмаса да, ақынның шығармалар жинағының кешеуілдеп шығуына көп кесірін тигізгендігі аян. 

1923 жылы С.Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген мақаласы жарық көрді. Ал 1928 жылы жарияланған «Әркім өзінше ойлайды» мақаласы әдебиет майданындағы айтыс-тартыстың айқын дәлелі бола алады. Бұлар – Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиеті тарихындағы орны жайлы жазушы пікірін анық көрсеткен мақалалар. С.Мұқанов: «Пушкин де, Абай да орыс пен қазақ әдебиетін бастап жаратқандар емес, түйінін түйіп қорытқандар. Қазақтың әріден келе жатқан жақсылы-жаманды әдебиеті болды, сол әдебиет те сарқылып келіп Абай заманында бір қазық қағылды. Осының кезеңіне Абай кез келген соң даяр таяқтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр қазықтың қағушысы болды да жүре берді», - деп Абайды байшыл табының ақыны деген пікірді анық айтып өтеді [3].

Абайтанудың өсіп-өркендеуі, ғылыми нысан алып дамуы Мұхтар Әуезов есімімен тығыз байланысты. М.Әуезов алаш арыстарымен бірге 1930 жылдың 16 қыркүйегінде тұтқынға алынады. «Айыбын мойындаған» соң ғана, яғни «Ашық хаты» арқасында ғана шартты түрде жазасын өтеуге кесіледі. Бұл азаттықтың құны жазушының Абай туралы зерттеулерінен, «Хан Кене», «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» шығармаларынан бас тартуынан алып келді. Міне бұл ащы қоғамның – улы зардабы. 

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Абайдың рухани мұра­сы жайлы туындаған айтыстың басты себебі Абай дүниетанымы болды. Бұған әрине тұрпайы социологиялық, формалистік, компаративистік көзқарастардың ықпалы орасан болғандығын баса айтып өтуіміз керек. Қазақ әдебиеттінің, жалпы ұлтымыздың ардақты тұлғалары тұтқындалып, қуғындалған қилы кезеңде Абай шығармашылығын кеңінен зерттеу мүмкін болмады. Тек кеңестік идеология тұрғысынан Абайға баға берілді. «Абай – қиялышыл. Оңдап зерттеген кісіге байшылдықтың түп қазығы – Абай. Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ... Абайды орынсыз көтеретіндер бар, ол дұрыс емес», – деген  сынды пайымдаулар отызыншы жылдардағы абайтану ғылымының эволюциясынан анық хабар береді.

М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановты бір-біріне ағалы-інідей жақындастырып, табыстырған ол данышпан атамыздың мәңгі қайталанбас жырлары, «жұмбақ адамның түбіне терең бойлауға» итермелеген ұстанымы еді. Болашақ ғалымның әдебиетке емін-еркін араласып кетуіне игі әсер еткен оның бала жасынан тәлім-тәрбие алып өскен ортасы, ұшқан ұясы екені сөзсіз. Кемелдікке жетелеген әке ұлағаты жөнінде Қ.Мұхамедханов былай еске алады: «Әкем сауатты, әрі орысшаны да жетік білетін адам еді. Өзіне жетерлік кітапханасы да болды. Алаштың туын көтерген арыстар әкемнің қамқорлығын көп көрді. Біздің үйге Мағжан, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Әлихандар ат басын тіреп келетін. Әкемнің айналасындағы адамдарды жатсынбай бауырына тартуының арқасында М.Әуезовтей дарынды адамдар туғанымыздай бізбен араласып кетті. Бұл менің болашағыма үлкен мектеп болды» [4]. 30-жылдар тұсында М.Әуезов негізін қалаған абайтану ғылымының мәнерлі  болуына Қ.Мұхамедханов бүкіл ғұмырын сарп етті. Жас таланттың ұшталып, тас қияға өрлеуі М.Әуезов есімімен тығыз байланысты. Абайдың әдеби мектебі сынды зерттелінбеген тың  мәселені жалынды жас жігіт Қайымға тапсырады да: «Абайға байланысты істейтін көп жұмысың бар. Ол – сенің қолыңнан келетін жұмыс. Абайдың ақын шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның, Көкбайдың, Тұрағұлдың тағы басқалардың өлең-жырлары, дастандары түгел жиналған жоқ. Осыларды жинап, зерттеп, жазу жұмысын қолға алуың керек» деген  міндет қояды [5].

1938 жылы мамыр айында Жамбылдың ақындық қызметіне 75 жыл толған мерейтойына келген жас ақын, ұлы ұстаз, қамқор ағадан осындай тапсырма алып қайтады. Кейіннен (1939) бұл тақырып Мұхамедхановтың ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы болып бекітіледі де, шығармашылық өмірінің өрісті өзегіне, мағынасы мен мақсатына айналады.

Аталған мәселені қарастыра, ел аузынан жинай жүріп, ол 1940 жылы Семейдегі Абай музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Абайдың мемлекеттік әдеби музейінің1940-1941 жылдары берген есебінде былай делінген: «По теме «Литературная школа Абая» товарищ Мухамедханов собрал большие материалы (рукописи и другие).

Подготовлено и включено в план издательства 1941 г. полное собирание сочинений одного из ближайших учеников Абая поэта Арипа Танирбергенова. Это будет первый научный труд работником музея Абая 1941 г.» [6]. Музей тарихында алғашқы ғылыми еңбектің ізін сала отырып, баспасөз беттерінде мақалаларын да жариялай бастайды. «Абайдың әдебиет мектебі» деген атпен 1945 жылы Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Әубәкір мен Әріптің шығармашылық өмірлеріне арналған мақалалары жарық  көреді [7].

Кеңестік идеологиялық саясат тұрпайы түсінік, таптық тұрғыдан талдау тәсілін ұстанды. 1947 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Ж.Жұмақанов «Абайға ешбір қоқыс жараспайды» атты мақаласын жариялайды. Семейдегі Абай музейінің жайынан хабар беретін бұл мақала музейдегі «жанды-жансыз қоқыстардың бәрінен дереу тазарту» қажеттігін сөз етеді. Ғылыми қызметкерлердің уақытты қалай өткізетіндігін айта келіп, «Қ.Мұхамедханов жолдас Әріп ақын жайында мақала жазып отыр. Бұл «еңбегінің» Абайға қаншалықты қатысы бар десеңізші», – дейді автор [8]. 

Бұл Абайдың ақын шәкірттерін зерттеу тұрғысында айтылған сыңаржақ пікірдің басы еді. «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған мақалада: «Семейде бір топ әдебиетшілер бар, олардың бірсыпырасы Абай музейінде «ғылыми» қызметкер болып істейді, өздерін «Абай ауылынанбыз, Абайдың мирасқорларымыз деп санайды», – деп түйрей келіп, облыстық  «Екпінді» газетінің 1947 жылғы мамырдың 14-дегі санында жарық көрген Қ.Мұхамедхановтың «Қазақ әдебиеті заманымыздың талабына сай болсын» деген мақаласын сынайды. Ол мақаласында Қ.Мұхамедханов қазақ әдебиетін дәуір-дәуірге бөліп зерттеу, ғылыми негізде баяндау, оны жоғарғы және орта мектепте оқыту мәселелерін  жан-жақты саралап, Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті, оның ақындық мектебінің концепциясын жасау, оның талантты шәкірттерінің шығармашылығын бағалауға ғылыми тұрғыдан келу мәселелерін көтереді. Зерттеуші Абайдың ақын шәкірттері қатарына жатқызғандардың барлығын (Турағұл, Әріп, Шәкәрім) «Социалистік Қазақстан» газеті «совет үкіметіне, партияға қарсы адамдар. Бұл мақала авторы оларды «прогрессшіл еді», «шәкірті еді» деп босқа лағып отыр», - деп біржақты пікір білдіреді. Қазақстандағы ұлтшылдық айыптаулармен байланысты науқан осылайша Абайды зерттеушілерді сынаумен басталып, Абайдың әдебиет мектебін де үлкен айтысқа тиек қылғаны белгілі. Абайдың ақындық мектебі төңірегіндегі айқай-шу абайтану ғылымының әлі де темір құрсау торында екенін көрсетті.

Ал 1951 жылдың 7 сәуірінде Қайым Мұхамедханов «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Қорғау барысында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов пен шәкірті Қайым Мұхамедхановты кінәлап, тырнақ астынан кір іздеушілер көп болды. Бұл – ғылыми айтыс емес, М.Әуезовке бағытталған қасақана шабуыл еді.

Қорғауда С.Нұрышев пен Қ.Жұмалиев диссертацияның «зиянды» тұстарын әшкерелеп қарсы шығады. «...Ауэзов утверждает, что идейно творческое направление Абая, школа Абая – это панисламизм. Если бы он вышел за рамки аула, он пошел бы по пути панисламизма. Даже поворот Абая к русской культуре он объясняет панисламизмом. Считать ли это только ошибкой, которую можно было бы заметить как это делает М.Ауэзов? Нет, нельзя. Это можно считать протаскиванием в советскую науку антимарксистских взглядов, как со стороны диссертанта, так и со стороны М.Ауэзова» [9]. Қ.Жұмалиев сөзінің қорытындысында: «Диссертация тов. Мухамедханова, представленная и соискание ученой степени кандидата филологических наук, не соответствует требованиям, предъявляемый к кандидатской диссертации, потому что она носит антинаучный характер. В ней сосредоточены восхваления поэтов, идеализирующих Кенесары Касымова, протаскиваются идеи пантюркизма, находят себе оправдания поэты, чуждые народу по своему мировоззрению. Поэтому я, как член Обьединеного Ученого Совета гуманитарных институтов АН КазССР, при всем своем уважений к официальным оппонентам, не могу ходатайствовать перед Ученым Советом о присуждении автору диссертации ученой степени кандидата филологических наук без коренной переделки его работы», – деген пікір білдіреді.

Қайым Мұхамедхановтың тағдырына қауіп төндірген бұл әсіре бағалаулар қуғындалудың жаңа кезеңінің басталуына әкелді

Бұл қорғау екі айдан кейін, 1951 жылы 15 маусымда, Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Совет Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналғын ғылыми айтысқа» ұласты. Үш күнге созылған жиналыста «Абайдың әдебиет мектебі және оның шәкірттері», «Абай мұраларын танудағы кейбір талас мәселелер», «Абай творчествосының идеялық арналары туралы», «Абай мұрасын танудағы жетістіктер мен кемшіліктер» деген тақырыптарда жазушы С.Мұқанов, филология ғылымының кандидаттары С.Нұрышев, М.Сильченко және профессор М.Әуезовтер баяндама жасайды. 

«Выступивший на дискуссии писатель С.Муканов в своем докладе «О литературной школе Абая и его учениках» справедливо назвал К.Мухамедханова «тенью Мухтара Ауэзова». Действительно, если проследить работы профессора М.Ауэзова по абаеведению на протяжении ряда лет, то станет ясным, что К.Мухамедханов шаг за шагом, а подчас и слово в слово повторяет мысли, положения и формулировки М.Ауэзова», – шынында да Қайымды Мұхтардың «жан торсығы» деушілер көп болды. Өкініштісі сол, ол сөзді тек саяси мақсатта ғана ұтымды пайдалана білді. М.Әуезов Қайым арқылы өз ойын, өз мүддесін жүзеге асырды деп сын айтушылардың басты ұстанымы осы болды.

Ғылым академиясының Президиумы мен Қазақстан Совет Жазушылар одағының Президиумы: «Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың өмірі мен творчествосын ғылыми жолмен зерттеу жөніндегі айтыстың қорытындысы туралы» деген қаулы қабылдап, төмендегідей айып тағады:

«Абай мектебінің» концепциясын тұңғыш рет қазақ әдебиетінің тарихында проф. М. Әуезов енгізді. Тіпті, мынаған дейін жетті, 1951ж апрельде ҚазССР Ғылым академиясының гуманитарлық институттарының бірінен Ғылыми Советі Қ. Мұхамедхановтың «Абайдың әдеби мектебі туралы» деген саяси зиянды диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды, бұл диссертациясында Совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның қас жауларына айналған буржуазияшыл- ұлтшылдар да Абай шәкірттері» деп  мақталды.

Абай мұрасын зерттеу жайында өткізілген айтыста «Абайдың ақындық мектебі» деген концепция болып айыпталды» [10].

Қ.Мұхамедханов қорғаған диссертация кеңес өкімет идеологиясына жат деп бағаланып, жарыққа шығуға тиіс «Абай шәкірттері» еңбегі баспадан шығып тұрған жерінде құртылды. Осы қым-қуыт уақиғадан кейін Әуезовтің «Ақын аға» романы да «Абай шәкірттерінің» кебін киіп, өзі Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының мүшелігінен шығып, университеттен қуылады.

Қ.Мұхамедханов «теріс пиғылды» диссертацияның кесірінен Семейдегі Абай музейінің директорлығынан босап, халық жауы ретінде тұтқынға алынып, ҚазССР Жоғарғы Сотының шешімімен 58-бапқа сәйкес 25 жылға сотталады. 29-31 мамыр аралығында Семейде өткен сотқа «айыптаушыны» Алматыдан арнайы Семейге әкеледі. «Кінәсін» мойындамаса да, «көз көргендердің» сөзі ескеріліп, тағы да 5 жыл қосылып беріледі. ССР-дің фашистік Германияны жеңу құрметіне орай ату жазасына өзгерту енгізуі ғана ғалымның жазасын жеңілдетеді.

Семейдегі Абайдың әдеби музейінің жайына арналған тарих ғылымдарының кандидаты Т.Елеуовтің баяндамасында осы уақытқа дейін орын тауып келген «ұлтшылдық, контрреволюциялық» материалдардан, «бағалы экспонат» саналып келген «қоқыстардан»: халық бұқарасының қас дұшпаны Кенесарының, оның баласы Сыздықтың, басқа да хандар мен билердің суреттері, «алашордашылардың» газет-журналдарынан Абай  музейін  тазарту керектігін айта отырып: «Руководства музея Абая в лице директора К. Мухамедханова и ученого секретаря Т.Аккермана в направлений и содержании работы музея отошли от марксизма. Буржуазио-националитическая антинаучная концепция «Школы Абая» оказалось в центре научно-исследовательской работы музея. Это привело к популяризации политически сомнительных лица врагов народа» – делінген және Семей қалалық Комитеті музейдегі басшылық қызметін қамтамасыз етпегендігі үшін Қ. Мұхамедханов пен Т.Аккерманды жұмыстарынан босату туралы шешім қабылданғандығы  баяндалды.

Осы шешім негізінде НКВД-ның Семей облыстық басқармасы Қ.Мұхамедхановты 1951 жылы бірінші желтоқсанда антисоветтік, ұлтшылдық қызметі үшін тұтқынға алады. 1952 жылы ҚазССР-і мемлекеттік қауіпсіздік министрі генерал – лейтенант П.Фитин бекіткен айыптың қорытындысында ғалымға мынандай кінә тағылған: «К.Мухамедханов обвиняется в том, что на протяжении ряда лет проводил антисоветскую националистическую работу: протаскивал в казахскую литературу и пропагандировал реакционных, антисоветский настроенных поэтов и их враждебные националистические «идей»; хранил у себя в квартире антисоветскую литературу и контрреволюционные издания, используя их в своей антисоветской работе».

«Біз атақты Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайлов, Бекежан Сүлейменов – төртеуіміз айдалдық, артымыздан Қажым Жұмалиев сотталды. Сегіз ай тергеуде жатқанда жеті тергеушіні аустырдым. Алған бетімнен қайтпай қойдым. «Мұхтарды сат, диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді», – дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін», – дейді Қ. Мұхамедханов сыр-сұхбатында. Адамды да, әдебиетті де саясаттың құлы еткен қоғамның зәрлі зардабының көрінісі зерттеушіге жала жауып, Карлагтың қан шеңгеліне жөнелтіледі.

Түрме тауқыметін ғалым былай еске алады: «Бір күні ыстық карцерге қамады. Жалаңаш күйімде оймақтай тесіктен сәуле себезгілеген қара түнек камераға енгізді. Тас еденнің суығы миыңа жетеді. Ортада жез табақ қағылған діңгек – орындықтан басқа ештеңе жоқ. Бір сәтте табаным жылына бастады. Жылу күшейді, табаның күйгенде шыдай алмай билейсің. Жанымды қоярға жер таба алмай, діңгек – орындыққа атып шықтым. Жез табағың одан бетер жалындап тұр екен. Қабырғаның бәрі жалын шашады. Тынысым тарылып, тамағым құрғады, тілім аузыма сыймайды. Осы сәт темір есік сықырлай ашылды да, екі езуі екі құлағына жеткен күзетші жыртық аяққа құйылған су ұсынды. Бір ұрттам суды жөндеп іше алмадым, ағып кетті. О дүниедегі нағыз тамұқ осы екен ғой деп ойладым» [4]. Абай үшін азапқа түскен ғалым рухын жан түршіктірер жауыздық жасыта алмады. Қ.Мұхамедхановтың Абайдың ақын шәкірттері мұраларын зерттеуге бағытталған ізденістері темір тегеуріннің құрығына ілініп, зорлық – зомбылықты басынан кешіруге мәжбүрледі. Алайда өр мінезі мен жігері мұқалмай, «Абайға өмірімнің ақырына дейін қызмет етем» деген сертіне адал болды.

Кеңестік құрылыстың жылымық уақыты қазақ әдебиеттану ғылымына, абайтану саласына недәуір оң өзгерістер әкелді. 1954 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғары Сотының Қаулысы бойынша Қ.Мұхамедхановқа қатысты сот үкімі күшін жойса да, саяси тұтқынды босатуға асықпады. Тек 1955 жылы ғана азаттық алып, еліне қайтып оралады.

Қайым қамқор досы, әрі ұстазы Мұхтар Омарханұлының 1953 жылғы «Правда» газетінде жарияланған П.Кузнецовтің мақаласына берген жауабында өзінің Абайдың ақын шәкірттері туралы идеяларынан бас тартқандығына ренішін мына өлеңмен білдіреді:

                                               Отқа салдың, отырдым көзім жайнап,

                                               Тордағы арыстандай жігер қайнап.

                                               Шыңдалып, шым болаттай шықтым міне,

                                               Отырмын достарыммен күліп ойнап

Сонда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «– Әй, Қайым-ай, сен нені түсінесің? Түрме саған ештеңе үйретпеді ме? Олардың аңдығаны – сендер емес, менмін ғой. Мен өзім үшін емес, сендер үшін осындай әрекетке бардым. Сендерді сөйтіп қорғадым. Егер мен қасарыса берсем, сендерді қысады. Мен жұмсарсам – сендерге де жұмсарады. Мұны тактика дейді», – деп заманының сұрқия мінездерін айтыпты [11, 7]. 

Мұхтар Омарханұлының бұл әрекетін ұлт зиялыларын Сталиндік репрессия түгесіген шақта, Абайдың ақын шәкірттерінің тағдыры  қыл үстінде тұрған  тар кезеңде жол таба  білген ерлікпен пара-пар деп бағалауымызға болады. Әуезов осылайша «өз қателігін» мойындай отырып, халқына Абайын сақтап қалды.

Сталиндік қанды қырғынның дәуірінде ардақты тұлғаларымыздың өмірі үнемі үрейленумен, өксумен өтті. Елінің қамын ойлаған боздақтарымыздың талайы репрессия құрығынан аман қалмағаны да белгілі. 37-нің қырғынан кейін, қазақ елі тарихында 50-жылдар зұлматты кезең болып мәңгіліке халық жадында сақталып қалды.

Абайтану ғылымы М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановты телқоңырдай жақындастырып, Қайымды Мұхтардың рухани інісі атандырды. Абайтану ғылымының дамуы жолында бар ғұмырын арнаған Қайым Мұхамедханов есімі қашанда алтын қордан саналмақ. Ғалымның Абайдың әдеби мектебі мен ақын шығармалырының тектологиясын зерттеудегі еңбегі ұшан-теңіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Сүйіншәлиев Х. Абайдың қарасөздері мен нақылдары. Кітапта: Абайтану. Таңдамалы еңбектер. Х томдық. 3-том. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 272 б.

2. Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры. – Астана: Ел-шежіре, 2008. – 357 б.

3. Мұқанов С. Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер // «Еңбекші қазақ», 1923, 1 март.

4. Тоқпатаев У. Ұлттық рухтың қазынасы // Дидар, 2000, 4 қазан.

5. Мұхамедханов Қ. Ұлы ұстаз, қамқор аға // Парасат, 1997, №8, 6 б.

6. Смағұлова А. Ғалым мұраты (Қ.Мұхамедханов туралы зерттеу). – Семей: интеллект, 2007. – 166 б.

7. Мұхамедханов Қ. Абайдың әдебиет мектебі //Екпінді, 1940, 23 қыркүйек

8. Жұмақанов Ж. Абайға ешбір қоқыс жараспайды //Социалистік Қазақстан, 1947, 2 тамыз.

9. Қайым Мұхамедханов: Абайдың әдебиет мектебі (Диссертациялық Кеңес Стенограммасы). https://adebiportal.kz/kz/news/view/13633

10. Абайтану мәселелеріне арналған айтыстан //Лениншіл жас, 1951, 22 маусым.

11. Мұхамедханов Қ. Зерттеулер мен мақалалар.1-том.-Алматы: Алаш, 2005, -352 бет.