ҰЛЫЛАР МЕКЕНІ - ҰЛТ ҰСТЫНЫ

Қазақ байтағының кез келген нысаны, тау-тасы киелі. Дегенмен дана ақын, данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлы туған, ғұмыр кешкен Семей елінің жөн-жосығы қашанда бөлек. Семей – Абай қазір де егһһһіз ұғым іспетті. Бірін атасақ, екіншісі ойы­мызда тұрады. Жақында осынау киелі мекенге жолымыз түсіп, Абай еліне тәу етіп қайтқан едік. Абайды, Абай елін пір, кие тұтатын біз бір емес, айтылып, жазылып жүрген әңгіме, дегенмен сапар барысында өзіміз көңілге түйген бірқатар мәселелерді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

1. ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ
СЕМЕЙГЕ ОРАЛУЫ
«Сабақты ине – сәтімен» демекші, са­пары­мыз Семей қаласындағы Әлихан Бөкей­хан атын иеленген университеттің сал­танатты рәсіміне қатысумен басталды. Бұры­нырақта «Қазақ инновациялық гу­ма­нитарлық-заң университеті» деп аталып кел­ген оқу орны Alihan Bokeihan university бо­лып өзгерді. Университеттің бас ғима­ра­ты­ның кіреберісіне Әлихан Бөкейхан бюсті қойылды. Ұлы тұлғаның айбынды да асқақ бейнесін белгілі мүсінші, Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры, ҚР Суретшілер одағының мү­шесі Тал­ғат Анарбеков сомдапты. Бюсттің ақ шы­мылдығын Әлихан есімді жасөспірімдер түсірді.
Кешенді іс-шаралар «Әлихан Бөкей­хан тұлғасы отандық ғылым кон­тек­­­сінде: жаңа пә­наралық зерттеулер мен ізденістер» ғы­лыми-тәжірибелік кон­ф­е­рен­циясымен жал­ғасты.
Алғашқы болып сөз алған университет ректоры Шырын Құрманбаева: «Пре­зи­ден­тіміздің тапсырмасын жүзеге асыру мақса­тында және республика жұртшылығының қолдауымен университет атауы Әлихан Бөкейхан (Alikhan Bokeikhanov University) болып ауысты. Замана ағысында ұлт көш­бас­­шысы болған тұлға есімінің универси­те­тімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл со­нымен қатар университет құрылтайшы­лары мен білім алушыларының ел мен Се­мей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрметі», – деп атап көр­сетті.
Университеттің жаңа атауымен алғаш­­қ­ы болып құттықтаған Қазақ­стан Прези­ден­тінің баспасөз хатшысы Берік Уәли: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алаш арыстары заманның сын-қатерлеріне қарамай, қазақ елінің мемлекетшілдік идея­сын жаңғыртты», – деп Алаш қозға­лысына сая­си баға берсе, ұлт көсемі Әлихан Бө­кей­хан мен оның серіктері туралы «Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері, Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы, Міржақып – ұлт бірлігі ұранынан айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер, үш қайраткер де бірегей тарихи тұлға» деп атап өтті. Бұл мемлекеттің ұлы тұлғаларымызға деген көзқарасы мен құрметі болса керек», – деді.
Қазіргі талаптарға сай онлайн және оффлайн жүйесінде жүргізілген жиын барысында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділ­дин, абайтанушы, алаштанушы, жазу­шы, ғалым Тұрсын Жұртбай, Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Мәмбет Қойгелді, Қазақстан Парламенті Сенатының де­путаты Алтынбек Нұқұлы т.б. құттықтау сөз­ін жолдады.
Тікелей байланысқа шыққан Қара­ғанды мемлекеттік университетінің ректоры, заңгер ғалым Нұрлан Дулатбеков Ә.Бөкейхан өмірінің көпке соншалықты мәлім емес қырлары туралы сөз қозғады. «Бостандыққа апарар жол – ұлттық ын­ты­мақ қана» деген ұстаныммен өмір сүрген ұлы тұлғаның – көрнекті қоғам және мем­лекет қайраткері, ұлт азаттық және Алаш қозғалысы жетекшісінің ел тарихында алатын орнына, оның артында қалған мол мұрасын насихаттау ісінің мән-маңызына қысқаша тоқталып өтті.
Жиналысқа қатысып отырған Шә­кә­рім атын­дағы Семей мемлекет­тік университетінің ректоры, белгілі ғалым Бауыр­жан Ердембеков, Қазақстан Жазу­шылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиа­лының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы т.б. кезегімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Алаштанушы ғалымдар: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Қазақстан Ұлт­тық ғылым ака­демиясының академигі Ди­хан Қамзабекұлы, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының ди­ректоры, әлихантанушы Сұлтанхан Ақ­құлұлы, филология ғылым­дарының док­торы, профессор Амантай Шәріп т.б. маман, ғалымдар түрлі тақырып­тарда баяндама жасады.
Салтанат соңында Қазақстан Ұлттық ғылым академия­сының академигі, абайтанушы ғалым Ғари­фолла Есімге, Семей қаласындағы Шә­кәрім атындағы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әде­биеттанушы ғалым Арап Еспенбетовке, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбайға «Әли­хан Бөкейхан университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
Құрылғанына ширек ғасырға жуық мерзім өткен университетте бака­лав­риат, магистратура және докторантура деңгейлерінің күндізгі және қашықтан оқу бөлімдерінде мемлекеттік грант есебінен және ақылы бөлімдерде 7000-нан астам талапкер білім алады. Оқу ордасының бірнеше буын түлектері бүгінде мемлекет құрылымы мен ел экономикасының сан саласында жемісті еңбек етіп жүр. Шығыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі, көп салалы жоғары оқу орындарының бірі алдағы уақытта да маман даярлау ісіне өз үлесін қоса береді деуге негіз мол.

2. АБАЙ АЛҚАҒАН
АЛАШ ҚАЛАСЫ
Семей қаласының екінші аты – Алаш. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, жазу­шы Жүсіпбек Аймауытовтың кезінде «Семей – бір губерния елдің миы. Ертістің оң қабағында – Семей, солында Алаш қа­ласы» деп жазғаны тегін болмаса керек. Үш жүз жылдан астам тарихы бар көне қала­ның кез келген көрінісінен, қиылы­сынан ғасырлар қойнауынан тамыр тарта­тын тарихтың жібек желісін, Алаштың ас­қақ рухын байқауға болады. Сырт келбеті-ақ сөйлеп тұрған ескілікті ғимараттар, түр­лі кешендер, сондай-ақ соңғы жылдары бой көтерген заманауи құрылыстар, сәулет­ті сарайлар бұл қаланың ерекше мәртебесін паш еткендей. Ұлы өзеннің қос қапталынан орын тепкен қалада қайда барсаң да, қайда қарасаң да көз алдыңнан көне тарихтың көшелі сілемдері елес береді.
Қаланы аралауды, бұл топыраққа та­бан тіреген қандай да саяхатшы­ның салты бойынша, Абай музейінен бастадық. Мемлекет тарихындағы алғашқы әдеби му­зей болып есептелетін мәдени кешен ұлы ақынның 150, 175 жылдық мерейтойлары қарсаңында ұлғайтылып, түбегейлі жаңар­тылып, жөндеуден өткен.
Қазір күмбезді ғимараттағы музей экспозициялары жаңадан жабдық­тал­ған 11 залда орналасқан: «Абай. Жыл мез­­гілдері», «Дала әуендері», «Ақынның ба­ла­­лық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абай шығармашылығы», «Абайдың ақын­дық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөз­дер», «Абай мұрасы», «Мультимедиялық зал» және «Балалар бөлмесі» атты залдарда ақын­ның өміріне қатысты архивтік мәлі­меттер, кұнды құжаттар, сол заманда өмір сүрген халықтың тұрмыстық-этнография­лық өмірін бейнелейтін заттар, қол өнері мен бейнелеу өнерінің үздік туындылары, Абайдың ақын шәкірттерінің қолжазба мұра­лары мен фотосуреттер, сирек кез­де­сетін кітаптары рет-ретімен қойылған.
Қаланың бүгінгі келбеті дегенде өткен жылы пайдалануға берілген Абай мешітін, әуежайын, спорт кешенін, төрінде Әлихан Бөкейханның келісті ескерткіші орнатылған «Алаш ардақтылары» аллеясын, айрықша көз тартар аспалы көпірді, т.б. атап өтуге болады. Бір сөзбен, қаланың тыныс-тіршілігі тәуелсіз Қазақстанның жанды бір бөлігіндей, Абай елінің, ұлы ақын­ның өткен жылғы 175 жылдық мерей­тойының серпінімен, қарқынымен, жасап, жайнап жатқанының куәсі болдық.
ХХІ ғасыр – білім мен біліктіліктің, тың ізденістердің ғасыры. Семейге ат басын бұрған адам алдымен Абай еліне келдік деп біледі. Сол ыңғайда мұнда келген қонақтар мен туристерге дана данышпанның өмірі мен шығармашылығын танып-білуге барын­ша жағдай жасай білсек, өткенімізге байыпты көзқараспен қарап қана қоймай, елдің туризм, ішкі саяхат саласын дамытуға үлес қосқанымыз. Бұл – біздің бабалар алдын­дағы аманат парызымыз. Осындай ой же­тегінде біз «Абай жолына» түстік, Қарауыл­ды бетке алдық.

3. ҚАРАУЫЛДА
БАНАН ӨСЕДІ
Абай – бір ұлттың салт-санасының құн­дылық-құбылыстық рухани жаңғыруының көш басында тұрған ұлық ұстаз. Оның ғиб­ратты ғұмыры тұтас бір халықтың бойына парасаттылық пен адамгершілік ұста­ным­дарын қалыптастырды. Сол тұрғыда ақын атын иеленген ауданның барша рухани-мәдени тыныс-тіршілігі негізінен Абай есімімен байланысты болып келетіні де өзінше бір заңдылық. Аудан орталығы – Қарауыл кентінің бірнеше жеріне Абай ескерткіштері орнатылған. Сондай-ақ Әнет баба, Құнанбай ескерткіштері бар.
Мұнда ұлы ақынның шығарма­шы­лы­ғы­на арналған республи­ка­лық «Абай оқулары», көр­мелер, шолулар, оқыр­мандар конфе­рен­циялары дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады, олар­да Абай әндері шыр­қалады. «Абай оқуларында» республиканың бар­лық облысынан және Нұр-Сұлтан, Алма­ты қалаларынан келген жас таланттар Абай, Шәкәрім шығармаларын мәнерлеп айтудан, әндерін орындаудан және өз шығарма­шы­лықтары бойынша сайысқа түседі. Аудан халқы даңқты жерлестерінің рухани мұра­сына үлкен жауапкершілікпен, зор құрмет­пен қарайды, талмай оқып үйренеді және ерекше қастерлейді.
Жолбасшымыз, Қарауылдағы Абай мектебінің директоры Р.Тілеуха­нов ауданның бүгінгі бағыт-бағдары, әлеу­меттік-экономикалық, шаруашылық жағ­дайы жөнінен хабардар етті. Бірқатар тари­хи, рухани, кәсіби нысандармен, олар­дың жұмыс барысымен жақын таныстырды.
Кеңес өкіметі тұсында, 1929 жылы атышулы елді ұжымдастыру науқа­ны кезінде Құнанбай ашқан «Ескі тамдағы» тарихи бастауыш мектеп, мүлкі Жидебайға (кейінгі музей-қорыққа) көшіріліп, өзі жаңа құрылған Шыңғыстау ауданының орталығы Қарауылда 5 сыныптық шаруа жастар мек­тебінің іргетасы болады. 1935-1936 оқу жы­лының басында 5 сыныптық шаруа жас­тар мектебі Үкімет қаулысымен «Қарауыл орта мектебі» болып қайта құрылды. 1939 жы­лы желтоқсан айында «Ескі там» мекте­бінің түлегі, болашақ классик жазушы Мұх­тар Әуезовтің ақыл-кеңесімен мектепте «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы жа­рық көреді. 1940 жылы ұлы ақынның туға­нына 95 жыл толуына орай мектепке Абай есімі беріледі. Мектеп 1970 жылы 19 қаң­тарда жаңадан салынған үш қабатты ғи­маратқа көшті. Бүгінде мектеп-лицей дең­гейінде өсіп-өркендеп, заманауи тех­но­логиямен жабдықталған. Жас ұрпақты бәсе­кеге қабілетті ету жолында сапалы тәр­бие мен білім беруді жалғастырып ке­леді.
Осы сапар алдында «Қазақстан» ұлт­тық телеарнасынан «Қарауылда ба­нан өседі» деген қысқа хабарды естіп қал­­ған едік. Әуестікпен сол жөнінде сұра­ға­нымызда Роллан мырза:
– Иә, мектептің қосалқы шаруа­шы­лығында банан өсіріп отырғанымыз рас. Бұл жақтың табиғаты қатал, тропикалық жеміс-көкөністер өнім бермейді деген бос сөз. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, шын­дап шұғылданса кез келген өсімдіктің жемісін татуға болады. Біз бұл бағыттағы жұ­мысы­мызды аяқсытпаймыз, алдағы уақыт­та да жалғастырамыз. Тек жеміс ағаш­тары емес, түрлі гүлдердің дәнін, тұқымын тауып ексек пе деген ойымыз бар, – деді нық сеніммен.
Екінші бір ойландыратын, қолға ала­тын мәселе – жоғарыда аталған «Абай ұрпақтары» қолжазба журнал­дары­ның жай-күйі. Ертеректе, қазіргідей емес, баспа өнімдері, ақпарат құралдары тапшы кезде үзбей жазылып отырған қолжазба жур­налдар бүгінде мектеп қорында сақ­таулы тұр. Біз бірнеше санын парақтап көр­дік. Құдай-ау, мұнда не жоқ дейсіз?! Абай өлеңдері мен өмірбаянынан бастап, оның заманындағы, айналасындағы би-шешен, ақын-жыршылардың шығармашылығы, ел мен жер шежіресі, ел аузынан жиналған ғибрат сөздер, билік, шешендік кесімдер, т.с.с. құнды, сирек дерек-дәйектерге тұнып тұр. Жергілікті ақын-жазушылар шығар­ма­шылығына, жас тарихшылардың ізденіс­теріне де орын бөлінген. Осында сапарлап келген құрметті қонақтардың, белгілі тұл­ғалардың қалдырған қолтаңбалары өз алдына бір төбе. Тіпті журнал соңында, сол кез­гі тәртіппен берілген, журнал қыз­мет­керлері, мектеп оқушыларының өздері құрас­тырған кроссворд-сөзжұмбақтардың өзі өте тартымды, көзге ыстық. Алдағы уа­қытта телегей теңіз Абайтану ілімінің бір жылғасы ретінде журнал материалдарын эпис­толярлық жанр үлгісімен, іріктеп бол­сын, таспаға түсіріп, басып шығарған жөн сияқты. Бұған осы сала бойынша ізденіп жүр­ген мекеме-институттар, жекелеген маман-ғалымдар назар аударады, атсалы­сады деп сенеміз.

4. АЙПАРА АНА, ӨСКЕНБАЙ
БИ БАСЫНДА
Ұзыннан ұзақ көлбей созылып жат­қан Шыңғыс тауынан бастау алатын Бөкенші өзенінің оң жағасында, Құлыншақ-Ақберді қыстауларынан қозы көш жерде орналасқан Айпара ана кесенесі, Өскенбай би қорымы «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық кешені нысандары қатарында да аты аталмайтын, сәл жырақта жатқан киелі мекен. Бастап апаратын арнайы жол да жоқ, дала жолымен, тау-тасты құлдилап жүріп отырып жетеді екенсің. Есесіне – жатаған жоталардың ортасына орналасқан кесене келісті құрылыстық шешімімен бірден көз тартады.
Өскенбай Ырғызбайұлы – Абайдың атасы, атақты би. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай туған. Өскенбай жасынан зерек, есті болып өседі. Кеңгірбай би Ырғызбай жастай өлген соң, інісінің орнына оның баласы, осы Өскен­байды сүйеніш етеді. Қартайған кезінде жол өз баласы Ералынікі бола тұра, батасын беріп, Өскенбайды би қояды. Өскенбайдың әділдігіне тәнті болған ел арасында «Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ера­лыға бар» деген тәлімді сөз пайда бола­ды. Өскенбай үлкен әйелі Зере бәйбішеден Құттымұхамбет, Құнанбай, Тайбала есімді екі ұл, бір қыз сүйеді. Құттымұхамбет жас­тай қайтыс болған. Зереден кейінгі төрт то­қалынан Өскенбай би тоғыз ұл көрген.
Өскенбай би дегенде ойға оралатын бір оқиға – баласы Құнанбайдың 1851 жылғы шілде айында, Көкшетаудың Арғын-Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ деген жерде әкесіне арнап, үш жүзге сауын айтып берген атақты асы. Аруақты атасы Өскенбай биге берілген ұлан-асыр асқа бес жасқа толған кезінде бала Абай да Зере әжесіне еріп барған. Бұл ас бұрын-соңғы астардың ең ірісі, айтулысы болады.
Асына Өскенбайдың ел жиналды,
Бас қосып үш жүз бірдей мұнарланды.
Бойында Қарқаралы, Қу, Ереймен,
Мың сан қол бұлтша шөгіп жатып алды. (Ілияс Жансүгіров).
Ең бастысы – Құнанбайдың құнан­бай­шылығын барынша танытқан, бұдан былайғы билік-төрелігінің бастау кө­зіндей болған астың арты аңыз болып тара­ған. Дәстүрлі теңге алу, қыз қуу, жамбы ату, жаяу жарыс, құнан бәйге, түйе жарыс­тардан бөлек екі түрлі ойын түрі сыналған. Бірі – ұйыған қатық толы тайқазанға алтын теңге тасталып, тістеп алып шығу бәсекесі. Екіншісі – қайымалы інгеннің бұйдасын бір әйел адам жалаңаш келіп шешіп алса, түйе соныкі деген бәсеке… Бес жүз үй толған қонақ­ты ет пен қымызға апталап мелдек­тет­кеннен кейін артылып қалған мал-мү­ліктің өзі орасан мол болған. Астың жай-жапсарын барынша білгіңіз келсе, жазушы С.Ләмбековтің «Тәттімбет» хикаясын, алаш­танушы, абайтанушы ғалым Т.Жұрт­байдың «Кешегі өткен би Құнанбай» зерттеу ең­бегін оқыңыз деп кеңес береміз.
Өскенбай би басына да сәулетті тас­тан ескерткіш белгі орнатылған екен, қорым қоршалған, бейіттің қақпасына биге қатысты тағылымды сөздер, өлеңдер қа­шап жазылыпты. Бар әттеген-айы, жо­ғары­да айтқанымыздай, аңыз ана мен атақ­ты бидің басына апарар арнайы жолдың жо­ғы. Алдағы уақытта асфальт болмаса да, көтерме жол төселіп, жол бойына сілтеме тақталар орнатса жөн болар еді. Сондай-ақ Ақшоқыға, Құнанбай би қорымына бастап апаратын жолға да әлі күнге асфальт төсел­меген. Күре жолдан Ақшоқыға дейінгі 20-25 шақырым жолға асфальт табылмай қалғаны ақылға сыймайды… Әйгілі Қоңыр әулие үң­гіріне асатын жолдың жайы тіптен нашар! Жалпы, осы мемориалдық кешен құрамына кіретін негізгі нысандардың арасын оң­тайлы, жедел байланыстыратын жол тора­бын ойластырып, жүзеге асыру жобасы сұра­нып-ақ тұр.

5. ЖЕР КІНДІГІ –
ЖИДЕБАЙ
Жидебай! Қазақ тарихындағы, әсіре­се оның рухани әлеміндегі аса айшықты, аса айбынды, шын мәніндегі ренес­санстық тұлға, ұлы Абай жерленген қа­сиетті топырақ. Дана Абай ойы-қыры, тау-тасына көз суарып, дархан даласының бау­райында өсіп-өнген құтты мекен. Ұлы ақын­ның мәңгі өлмес туындылары жер-жаһанға дәл осы жерден тараған.
Жидебай – Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан шұрайлы аумақ. ХІХ ғасырдың орта тұсында Жиде­байды аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өз иелігіне алып, қыстау салдырған. Құнан­бай дүниеден өткен соң бұл мекенді ха­кімнің інісі Оспан иеленген. 1891 жылдан кейін қыстау Абайдың еншісінде болды. Еуразияның кіндігі саналатын, соны айғақ­тайтын белгі қойылған осы жерде ақын­ның музей үйі бар. «Абай-Шәкәрім» кесенесіне кел­ген адам ат басын ең алдымен осы му­зейге тірейді. Бірнеше рет күрделі жөндеуден өткен, реставрацияланған музей үйінің арнайы жабдықталған бөлмелері мен ауласында сол кездергі тұрмыс-тіршілікті бейнелейтін заттар, бұйымдар көрмеге қойыл­ған. Атап айтқанда, ас үй заттары, ат әбзелдері, шаруашылық құралдары, аңшы­лық тақырыбындағы экспозициялар т.б. рет-ретімен орын тепкен. Бір бөлмеде ха­кім­нің Еркежанға сыйға тартқан күміс ерто­қымы, генерал-губернатор сыйға тарт­қан үш ауызды берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісе белбеуі, Ұлжан ананың өз балаларын нәресте кезінде қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені мен қазмойын құманы, бір бөлмеде Абай пайдаланған тоғызқұмалақ, дойбы тақталары, шақшасы, есепшоты тұр.
Қалай дегенде де, Абай елі – еліміздің қай бұрышынан қарасаң да көзге түспей қалмайтын рухани мекеніміз. Абай – біздің ар-намысымызға, өмірлік өлшемімізге, ұлт­тық парасат-пайымымызға айналған абы­зымыз. Біз Абай мұрасын тек бір халық­тың, тек бір мемлекеттің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік өркениет ауқы­мында қарас­тыруымыз керек.

Жомарт ОСПАН

Нұр-Сұлтан – Семей – Қарауыл – Жидебай – Нұр-Сұлтан