Қанша қиындық көргенімен Қ.Мұхамедханұлы «Абай шәкірттерінен» бас тартпады. Кейінірек, 1959 жылы алғашқы тақырыпты сәл өзгертіп, «Абай төңірегіндегі ақындар» (Поэты Абаевской поры) деген тақырыпта диссертациясын қайта қорғады. Өйткені «Абай мектебі» деген атау кеңестік әдебиеттің қалыбына сыймады.
1951 және 1959 жылғы екі диссертацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдыңғысында Турағұлдың аты аталмаса да, бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көкбай Жанатайұлына, оның атышулы «Абылай» дастанына байланысты болғандықтан, Абайдың қасында 25 жыл дос болған, талантты ақын Көкбай да құрбандыққа шалынды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көкбай мен Турағұлсыз, ал бар ақындардың өзі тек «советтік шеңберге» сыятын шығармалары арқылы танылып, бір сөзбен айтқанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты. Оның өзінде Қ.Мұхамедханұлының бірбеткей табандылығының, төзімділігінің арқасында.
Сөз арасында айта кетуіміз керек, 2005 жылдан шыға бастаған зерттеушінің көп томдық шығармалар жинағына (Алматы: Алаш, 2005) ғалымның 1959 жылғы екінші қорғаған диссертациясы ғана енген. Қайталау делінген бе, 1951 жылғы еңбек жинаққа енбеген, тек Көкбай туралы тарау ғана 1959 жылғыға қосылып енгізілген. Кеңестік сүзгіге іліне қоймаған, кезінде үлкен айтыс тудырған 1951 жылғы еңбекті де жинаққа кіргізсе, көп томдықтың салмағы артпаса, кемімейтін еді. Екі диссертациядағы өзгешеліктер, түзетулер, толқтырулар мен қысқартулар салыстырған адамға тек автордың жанкешті еңбегінің ғана емес, сол заманның Абай айналасына деген жат пиғылының анық көрсеткіші болар еді.
Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сын тырнағында қоса кетті. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы болғандығын сол кездегі қырағы сын қалт жібермеді. Мұхамедханұлының диссертациясы сыналған кезде-ақ: «…Остальные исследователи доверились ему (Ауэзову Б.Е.) как знатоку Абая и эти данные считались до сегодняшнего времени достоверными… что Абай Кокпаю сам давал тему и т.д. Это он снова утверждает в романе «Акын аға», который недавно вышел из печати», — деп шүйлікті Қ.Жұмалиев (Мұхамедханов Қ. Мұхтар кешкен қилы заман. Абай. 1992. №3). С.Мұқановтың «Абайдың шәкірттері туралы» мақаласында: «Ақын аға» атты романда «бұл шәкірттер тағы мақталып, романның өзекті уақиғаларының бірін өрбітіп отырушылар болады. «Абай шәкірттері» деп атаған адамдардың кейбіреулерінің көрінеу көзге реакциялық бағытта жазылған шығармаларын майлап өткізу үшін Абайдың беделді атын жамылып, «бұл темаларды оларға Абай беріп, жазылғаннан кейін Абай түзеп еді» дейді (Шәкәрім мен Мағауияға тел тема — «Еңлік-Кебек», Мағауияның «Шәмилі», Көкбайдың «Абылайы», тағы басқалар)». Сөйтіп, Абайдың ұстаздық құдіретін, З.Қабдоловша айтқанда, «Абай — ақындардың ақыны» деген қағиданы көркем әдебиетте сомдаған «Ақын аға» романы қыңыр саясаттың салдарынан жарыққа шықпай жатып, жөргегінде тұншықты. Бір таңғаларлығы, кезінде аяусыз тәркіленген романмен қауышуға оқырман қауым жарты ғасырдай уақыт дәрменсіз болып келді. Тек араға жылдар салып тағдыры тәлкекке түскен «Ақын аға» жазушының елу томдығына еніп, көзайым болған оқырманымен қайта қауышты. Әдеби ортаға белгісіз болғаннан шығар, бәлкім, зерттеуші қауым осы бір тағдыры ауыр туындыға қалам батырудан тартыншақтай береді. Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай шыққан «Мұхтар Әуезов тағылымы» деген жинақта бұл шығарма туралы: «Алғашқы «Ақын ағадан» осы үшінші кітаптың (кейінгі басылымды айтады, — Б.Е.) өзгешелігі неде? Бұл басы Абай бейнесінен бастап ұнамды, ұнамсыз бейнелерді ажарландыру, олардың әлеуметтік топтың қырлары мен сырларын нақтылай түсу мақсатынан туған», — деген белгілі абайтанушы-ғалым З.Ахметовтің кеңестік таным тұрғысынан сипай қамшылай, біржақты баға беруі тоңның әлі қалың жатқанын байқатқандай (Эпопеяның туу тарихынан // кітапта: Мұхтар Әуезов тағылымы. – Алматы, 1987).
«Абай» энциклопедиясында «Ақын аға» романы туралы: «Жазушының романды бұлайша атаудағы басты мақсаты — Абайды ақындар ағасы етіп көрсету болатын. Бірақ бұл сөзді орыс тілінде дәл жеткізу қиынға түскендіктен, эпопеяның жалпы атауын «Абай жолы» деп өзгертеді», — деп жазғаннан соң басқаға не жорық (Сахиев Ж. Ақын аға // Абай. Энциклопедия. Алматы, 1995).
«Абай жолы» роман-эпопеясының ішінде ең бір тағдыры ауыр, кеңестік идеология салдарынан дүркін-дүркін өзгерістерге түскен бөлігі — осы «Ақын аға» еді. 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бірнеше санына «Ақындар ағасы» деп басылған туынды біршама өзгерістермен 1950 жылы «Ақын аға» деген атпен жеке кітап болып басылды. Журналдық нұсқа мен кітап арасындағы өзгерістер: алып-қосулар, толықтырулар туралы аталмыш туындыға ғылыми түсінік жазған Т.Әкім былай дейді: «Сол толықтырулардың астарында өңдеп-жөндеудің, жаңартып-жаңғыртудың, жетілдірудің неше алуан қиын асулары мен шытырмандары жол-соқпақтары бүгіліп жатты, ол бүгіліс кітаптың қандай жол, қандай бейнетпен дүниеге келгендігін елестетіп, бар бітім-болмысы мен келбетін көз алдыға келтіре алады» (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 26-т. -Алматы, 2007). Алғашқы шыққан журналдық нұсқадан кейінгі романды жетілдіре түсу үшін жасалған өңдеулер мен толықтырулар, бір сөзбен айтқанда, жазушы мехнаты зая кетті десе де болғандай. 1949 жылғы «Ақын аға» саяси зияны шығарма ретінде оқырманымен қауыша алған жоқ. Тек 2007 жылы ғана елу томдықтың жиырма алтыншы томында араға алпыс жылдай уақыт салып жарық көрді. «Ақын ағаның» бар кінәсі — Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шынайы бейнелеуі еді. «Ақын аға» тәркіленгенмен ұлы эпопеяның аяқсыз қалуы М.Әуезов үшін де, қазақ әдебиеті үшін де үлкен қасірет-тін. Әуезовке тағы амалдауға, дәлірек айтқанда соцреализмнің ыңғайына көнуге тура келді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея — Абайдың ақындық мектебі көмескіленіп қалды. Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды (қараңыз: М.О.Әуезовтің қолжазба мұрасы. -Алматы, 1977). Әсіресе, Көкбай бейнесі қатты зардап шекті. Сөзіміз дәлелді шығу үшін қос нұсқаны қолға алайық. Романның басындағы төрттік жырды төрт ақын боп айтатын жарыс үлгісін ұсынатын Көкбайдың орнына кейінгі нұсқада Ақылбай аталса, «Ақын ағада» «Еңлік-Кебек» жырына таласқан Дәрмен мен Шұбарға билік айтушы Көкбай кейінгі нұсқада Ерболмен алмастырылған. Дәрменнен Еңлік жыры сенікі деп, — сүйінші сұрайтын да Көкбай болмай, Мағаш болып өзгерген. Тізе берсек, осындай ауыстырулар жетерлік. Анығы, Көкбайды Абай қасына аса жуытпауға мәжбүр болған суреткер. Көкбай тек Абайдан ажырамаған, социалистік талаптарға сай жағымды жағы сылынып тасталып, ұнамсыз бейне жасалған. «Ақын ағада» жоқ Ерболдың төмендегі ойы кейінгі нұсқада былайша өріледі: «…өз ішінен қасындағы Көкбайға бір үлкен наразылық ойды да ойлап қап еді. Оразбай, Жиреншелерге не сорым, оңаша сөйлеген бір күні жаңағы Абай айтқан жайлар туралы Көкбай да бір суық сөз сөйлеген. «Абайдың бір міні болса — ол аса орысшыл боп кеткені ғой, тек соларға ғана қарап отырмақпыз ба?» деген еді» (Әуезов М. Абай жолы. 2-к. -Алматы, 1990). Сондай-ақ Базаралының айдаудан келгендегі кезіндегі Көкбайға берілген әділ баға кейінгі нұсқада күзеліп қалған. Мәселен: «Көкбай да шабытты ақын…Тынысы кең, боздағандай, зор үні бар Көкбай өз өлеңін ұзақ әнмен айтып отырды. Жақсы тілеу, дат құрмет, қуанышты тағзым — бәрі де үлкен сыпайылықпен тәтті айтылды», — деп жалғаса беретін Көкбайды жағымды жағынан көрсететін тұстар екінші нұсқада кездеспейді. Осылайша түбегейлі өзгеріске түскен Көкбай бейнесі романда Абылай туралы жыр жазар тұста да саяси цензураның салдарынан еріксіз бұрмаланып, құрбандыққа шалынып жүре берді. «Көкбайда Абылай жайын жыр етемін деген ой көптен бар-ды. Қазақ пен қалмақ жаулығы турасындағы ескі сөз атаулыны ол жия жүретін. Абаймен оңаша әңгімесінде өзінің жиған-тергендерінің талайын айтып шыққан. Сол кеңес соңында Абай да бұған қосымша қызық әңгімелер айтқан. «Абылай жорықтарын өлең етсеңші» деп, Көкбайға аға ақынның айтып жүретін ақылы да бар еді. Жалғыз-ақ екеуінің де ұғысып, келіскен бір жайы бар-ды», — деген шындыққа суарылған жазушының көркем ойлары басқаша өрбиді. Абай мен Көкбайды жақын ұстаудан сақтанған Әуезов дәл осы тұста Дәрмен аузымен Абай мен Көкбай арасын аша сөйлейді. Абай тапсырмасымен қазақтың Абылайын жырға қоспақ болған Көкбай ақынның ізгі мұраты кейінгі нұсқада «бір жаққа лағып кеткіш қыңырлығы» боп беріліп, құрбыларының алдында келекеге ұшырайтыны бар. «Ақын аға» «Абылай» жырын шабыттана оқыған аса дарынды ақын Көкбайдың ұстазының алдында есеп беруімен аяқталатыны тегін емес еді. Көкбай дастанының жазылу тарихынан жазушы алыс кетпеген-тін. Дәл осы «Абылай» дастанының Абай алдында тұсауы кесілуі түзетілген нұсқада алынып тасталмағанмен, сол кездегі саясаттың ықпалына жығылды. Жығылғаны сол —Көкбайдың «Абылайы» Базаралы аузымен бауыздалады: «Айтсам, Көкбай «алдияр» дедің, «асыл ханым» дедің, «аруағыңнан айналайын» деп те жалбарынып жатырсың. Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне де тауап қылар түрің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған, Көкбай, мұның. Осы хан-сұлтанды көксеп, маңырап талай ақын, баяғының өзінде тоздырып болмады ма, Абай?!» — деген сөздерді Абай бас изеп, қостап әкететіні тағы бар. Тарихи шындықты осылайша саяси қалыптан аса алмаған, көнбіс көркемдік шындық өз ырқына салды. Базаралы большевиктің сөзін «сөйледі». Абай Абылай туралы басқаша «толғады». Осының бәрі романды аман алып қалу үшін жасалған жазушының жантәсілім амалдары еді. Абайды әлемге таныту үшін Құнанбайды ғана емес, романда аты аталмай кеткен Шәкәрім, Турағұл сынды Абайдың туыс-балаларын да құрбандыққа шалды. «Ақын аға» романында Абай мектебі деген негізгі идеяның салмағын Көкбайға қарай аударып амалдаған Әуезовтің жанкешті жоспары да іске аспай қалды. Ақыры Абайдың ең жақын досы, ақын шәкірті Көкбай да жағымсыз кейіпкердің шапанын жамылып шыға келді. Құнанбай сынды Көкбай да Абайға қарсы таразының екінші басында қалды. Сөйтіп, шәкіртсіз тұл қалған Абайдың қасына жазушы еріксіз қолдан жасалған кейіпкер Дәрменді қосты. Кейінгі нұсқада Көкбай ысырылып, Абайдың қасынан Дәрменнің орын алуы — суреткердің лажсыздан барған жандәрмен тәсілі.
Романдағы Көкбай бейнесіне үңіле назар аударуымыздың себебі енді анықталғандай да. Абайдың аяулы шәкіртінің есімі бүкіл бір романның тағдырына қаншалықты әсер еткенін байқау қиын емес. Құнанбайды тарихи тұлға ретінде сомдаса, эпопеяның алғашқы кітабымен қауышпас едік десек, Шәкәрім, Көкбайларды құрбандыққа шала отырып, Әуезов «Абай жолын» әупіріммен алып шықты. Қиыспас жерінің қисынын келтірді, айтылмайтын тұстан амалдап жол тапты, әйтеуір, кеңестік идеологияның қайраулы қылышы кеңірдектен алып тұрған кезеңде ұлттың тарихы мен мәдениетін дестелеген ең таңдаулы туындыны дүниеге әкеле алды. Бұл — жазушы қаһармандығы. Ал осы эпопеяда Әуезов нені айта алмай кетті, нені меңзеді, астарлы ойы нені аңғартады деген мәселенің түйінін шешу — бүгінгі әдебиеттану ғылымының еншісінде…
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор