Бастауын заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан алатын, ұлы ойшылға оның шығармашылығын біліп, зерделеуге деген халықтық ықыластың және Абай шығармашылығының ауқымы айрықша кең, көрегендікпен көтерген мәселелері терең және жан-жақтылығымен қоса күні бүгінге дейін өзекті. М.Әуезовтің «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып жаңа өріс алып тұр» дегені біздің пікірімізді қуаттай түседі. Ғасырдан астам бұрын хатқа түскен ақын шығармалары әлі күнге дейін елге қызмет етіп келеді, өміршеңдігін жоймаған, болашаққа да халқымен бірге жасай беретін рухани қазыналар. Осы қазынада адам болмысы, елдің көкейтесті армандары, халықтың ізгі қасиеттері білім, еңбек, дін мәселесі, ел арасындағы пайдакүнемдік пен зорлық-озбырлықтың көріністері, махаббат тақырыбы, табиғат және азаматтық лирикалар, т.б. ақындық және кемеңгерлік көреген қуатты ойлармен хатқа түскеніне куә боламыз, қайран қаламыз.
Абай өз заманының ойшылы, жыршысы болуымен қатар, тірлік пен қоғамға жат әрекеттердің аяусыз сыншысы. Сөзімізді атақты «Сегіз аяқтан» бастайықшы. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі сүйексіз қызыл тілдей жүректерге өрнек сала алмайтынын» айта отырып, «Білгенге маржан, білмеске арзан» ойларын, жанын жүдеткен пасық әрекеттер мен ел ішіндегі надандықтан өрбитін өресі тайыз тірліктерді аяусыз сынап, мінейді. «Санасыз, ойсыз жарымес» тобырдың сөзді ұқпай, жетекке ермей, жаны ашыған ағайынның, ақ жарылып айтқан насихатын ұғуға өресі жетпей, қамсыз-ойсыз, құлықсыздықпен тыңдауға да ниет таныта алмай, арсыз, ұятсыздығына салып, еш сөзге мейірленбей, «қалғып» кететіні тек сол заманның емес, бүгінгі күннің де өткір мәселесі екендігі кім-кімге де түсінікті. Қазіргі «есекті есек несиеге қасымайтын» нарық заманында Абайдың «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өнегелі сөзін ескеріп жатқандардан гөрі, оңайдан олжа, жан ауыртпай, жеңіл жолдар арқылы пайда іздейтіндер кездеспейді немесе ондайлар сирек деп айтуға ауыз бара ма? Керісінше, қазіргі жаста келеңсіз әрекеттер өрістеп тұрғандай емес пе?
«Атадан бала ойы өзге» заманда бейнеттің зейнетін көру немесе адалдықтан аттамай, иман сауапты ғұмыр кешуді санаға қалыптастырған ата дәстүр азғындап, ел естімеген сұмдықтардың өрбитінін көзбен көргендей етіп болжап кеткен. Ұлылық осындай-ақ болар. Елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуі, тұрмыстық хал-ахуалдың жеңілдеуі, ауыр қол еңбектерін ғылыми-техника жетістіктерінің алмастыруы — қоғам дамуына оң әсер еткенімен, адам санасының жайлы тұрмыста да меншіліктен арылмай, «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп дәл бүгінгі адамның кейпіне налығандай әсер етпей ме? Жә, осымен тоқтайық. Жалғыз «Сегіз аяқ» емес, Хакім Абайдың қай шығармаларында да елдің мұңы, елдің жоғын жоқтау, қуану, өкініш, үміт, күдік, т.б. ұятжандылық сезімдер алдыңғы орында тұрады. Күрсінісі мен күйініші, шарасыздық немесе өз ұлтына көңілі толмайтын өлеңдері де аз емес. Осыған қарап, соңғы кездері жаңсақ, жетпей айтылып қалатын «Абай өз ұлтын жек көрген» деген ұшқары пікірлердің көрініс беруі де «заңдылық» секілді. Әрине, Абай феноменін зерделеп оқығандар бұл пікірлерді мойындамасы анық. Керісінше, «баяғы жартас — бір жартас» екеніне көзі жетіп, Абайша толғанып, Абайша налып, ұлылықтың терең өнегесіне табынары хақ.
Осы орайда тағы бір қосарымыз, осы «Сегіз аяқ» туралы біршама ағайындар, ғалымдар, ақын-жазушылар, мұғалімдер, т.б талдау, сараптау мақалаларын жариялағанынан хабардармыз. Студенттер тарапынан жазылған курстық, дипломдық жұмыстарды да шолып өтетініміз бар. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңі талқыланып, зерттеліп болды деуге аузымыз бармайды. Себебі, данышпандықтың дара биігінің бірі іспеттес бұл шығарма әлі де әр қырынан, әр саладан талқыланатын, таусылмайтын ұлттық рухани жауһарларымыздың бірі екені ақиқат.
Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тия алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді, — дейді Абай.
Туған елің дүниедегі ең қымбатың болса, осы жерді бар болмысыңмен құлай сүйген перзенті екенің рас болса, өзге елге табан аудармай, өз жұртыңның жақсысына сүйеніп, жаманына күйінетін адал сүт емген жан болсаң, неге ел ісіне араласпайсың, атақ үшін емес, елдің абыройы үшін азаматтық істерде, қара нардай қасқайып неге тұрмайсың, елдің телісі мен тентегі де осы өңірдің, өзіңнің бауырың екені рас болса, оны жөнге салатын да елдің өзі, елдің азаматтары емес пе? «Сол азаматтың бірі сен емес пе?» деген тәрізді қаншама үлкен ой алып тұр осы төрт жолда. Ал бұл бүгінгі күннің адамдарына маған, саған, оған қатысы жоқ нәрсе деп айту мүмкін бе?
Немесе:
….Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрі — тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
Бір қарағанда ақыл-нақылға бағытталған, үлгі-өсиет секілді қарапайым ғана өлең, қайталап оқиықшы. Осы шумақта үлкен ой жатыр. Оны түсіну үшін Абайдың «меніне» тоқтала кету керектей, Абайдың «мені» жеке бас емес, ол — қоғам, халық, ел-жұрт, ол — мінез, ол — көзқарас, ол — ой-түйін, т.б. Абай «менінің» ауқымы өте кең. Демек, жүрегі жұмсақ құлға дос керек екен. Айналамызда ой-тілегімізді айттырмай біліп, жанымызға жалау болатын, елгезек досымыз болса, өміріміз, көңілді-жайлы, жанымыз саялы болады ма? Жоқ, ол бір жақты түсінік. Себебі, ондай досты дос емес, «қолбала» деп атаған дұрысырақ.
«Әлі отырмыз» деп көпше сөйлегеніне қарағанда, бұл өлең көпке арналып отыр. Көп біріксе, алынбас асу бар ма, тыйылмас жөнсіз әдеп-ғұрып бар ма? Елдің елдік, өнегелі, тағылымды әрекетке бейжайлығына күйінудің мысалы осы болса керек. Ас ішіп, аяқ босату — елдікке тән емес, тобырлық топас тірлік екенін жан-жүрегімен айтудай-ақ айтып тұр екен. Осы шумақтағы ойды осы заманға тән емес деуге ауыз бармас.
Абайға тағы жүгінейік:
Жасөспірім замандас қапа қылды,
Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды.
Тұрлау қылып ешнәрсе басқара алмай,
Сенімі жоқ серменде өңкей жынды.
Жамандық, жақсылықпен – оған бір бәс,
Дін ісін, құдай ісін айыра алмас.
Арын сатып, ант ұрып іздегені —
Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.
Мұнда да сол пенделік құлқын мен нәпсінің күйін күйттеген, құлықпен, еппен мал табудың, қарын тойдырудың амалы көзге ұрып тұр. Бұл да жекеше айтылып, көпке арналған қоғамды ірітіп, шірітетін кеселдің көрінісі. Тұрлаусыздық, кәсіп, өнер үйренудің орнына оңайдан мал табу, ел үстінен жан бағу, тамақ асырау, күн-көрісін айыптау. Бұл да бүгінгі күннің пандемиясына айналған қоғам дерті.
Ұлы болу үшін көп оқу шарт па?! Шетелден оқып немесе ғылыми дәреже қорғап келген, өз ана тіліне шорқақ болса да, өзге тілде сөйлеп кетсе, «қара суды ұйытатындар», бірнеше жоғары оқу орнын тауысқан, дипломдары ертең қызылдардың бәрі данышпан, ғұлама болса, еліміз неге иранбаққа айналмай жатыр. Бұл бүгінгі күннің сауалы, оған Абайдың қатысы жоқ дейік пе?!
Бүгінгі оқымыстылар мен білгіштер аман болсын. Бұл сұраққа бар оқуы үш жарым жылға жетпейтін Абай өз заманында жауап беріп қойыпты. Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,
Аларында шара жоқ, алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Мал жияды мақтанын білдірмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені «ит» деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп,
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.
Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,
Алтын алсаң, береді боғынан жеп.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті —
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Бұл мектеп қабырғасынан бәрімізге таныс, ойда жатталып қалған өлең болғанымен, оқығандардың зердесіне ой қосар деген ниетпен, толық келтірдік. Мақаланың ауқымына сыймайтын болғандықтан, жілігін шағып талқыламай-ақ қоя салайық. «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлайтын» өз буына өзі пісіп, көзінің еті өскендер «Аларында алдаудан басқа шарасы жоқ» жәдігөйлер «өзінде бармен көзге ұратын» пенделіктен асып, Құдайға айналғандар, қайсыбірін айтарсың, бәрі, бәрі толып жатыр. Ондайлардан ар-ұят, ел қамына бағышталған шафхат-қайырым дәметудің жөні жоқ секілді. Елге жылы жүрегінің шұғылалы өткен ыстық қайратын сыйлап, нұрлы ақылының таразысынан өткен ыстық қайратын пайдалы іске арнаған қабырғалы қайсар ерлер ғана ел-жұртының шырайын шығармақ. Ақын өлеңдерінің қай-қайсысы да ағайынды ащы тілімен сынай-міней отырып, жат әрекеттер мен жағымсыз тірліктерден жиіркендіре отырып, елдің тұтастығы мен тыныштығының басты құндылық екендігін жалықпай насихаттаған жан-жүректің шырылы деп бағалаймыз.
…Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын,
— деген жолдардан да Хакім Абайдың елдің, ел тұтқасын ұстаған ердің көңілі жаңғырып, жаңаға, жақсыға құштарлансын деген ұстанымы қапысыз көрініп тұр.
Абай да пенде. Ол да ет пен сүйектен жаратылған. Жақсыға сүйініп, жаманға күйіну — адами эмоциялар да оған тән. Сондай бір сәттерде «Қайран сөзім қор болды-ау, Тобықтының езіне» деп бір күйінсе:
…Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе — жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл, — деп ақ параққа қалам арқылы шерленген, жүректің запыранын ақтара салады. Күнделікті күйбең тірліктен аспаған, аяқ жолынан ары қарауға құлықсыз, ұйқы мен тамақтан басқаға уайымы жоқ жандар арасында өмір сүру — тозақ азабын тірілей тартумен пара-пар қиямет. Сондай жалғыздықтың тақсіретін тартқан парасат иесінің ой мен қалам ғана сырлас серігі. Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойы егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп, күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар, — деп, өз көңіл күйін сурет салғандай етіп, өлеңге көшіреді. Көшіреді де, өзін сабырға шақырғандай:
Атымды адам қойған соң
Қайтіп надан болайын.
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын, — деп, күрсініспен қайыратын секілді.
Халқымызда «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген ұлағатты сөз бар. Кейінгіге қалдырған хаты өлмейтін ғалым да, аты өлмейтін жақсымыз да Хакім Абай. Оның шығармалары заманымен бірге жасап, біте қайнасып, өлмейтін өміршеңдігін қапысыз дәлелдеумен келеді. Біздің сөз еткен жайларымыз Абай шығармаларының сансыз қырларының бір парасы ғана, Абай — мәңгі, шығармалары — мәңгілік. Абай мұраларын зерттеу жалғаса беретін, жаңарып, жарқырай беретін, ұлттық ұлы қазынамызды бойына беретін игілікті де ізгілікті іс. Екіншіден, Абай мұраларын зерттеу оны әлемге насихаттаумен қатар жүретін елдігіміздің, өркениетіміздің мәртебесін көтеретін ұлы мұрат деп танимыз.
Нұрлыбек ҚАЛАУОВ,
ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаменті ардагерлер ұйымының мүшесі.
Ақтөбе қаласы.