Мәңгілік елдің мұраты

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада адамзаттың Абайы атанған кемеңгер ақынның 175 жылдық мерейтойының қорытындысы есебінде хакім мұрасын насихаттау жолында еңбек етіп жүрген азаматтар «Абай» мерейтойлық медалімен марапатталды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау орталығы ұйымдастырған салтанатты жиында еліміздің рухани-мәдени әлеуетін одан әрі нығайту жолындағы үлесі мен еңбегі үшін айрықша құрмет көрсетілді.

Абай өлеңдерінен үзінді оқып, эстафетаны жалғастыруды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған оқушы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы бүгінгі салтанатты жиынның беташарын хакім жырымен ашып берді. Бұдан соң ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу мақсатында бүкіл Қазақстан халқы белсене атсалысқан игі бастаманың жаңа биіктерге жетелейтін өнегесі жайында сөз қозғаған белгілі абайтанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай хакім мұрасының құндылығы турасында кеңінен әңгі­мелей келе, «Менің ойымша Абай бір күндік, бір жылдық, бір ғасырлық емес. Қазақ қазақ екені рас болса, оның түйсігі ақыл-есі дұрыс ұрпақ болатын болса, Абай қазақпен бірге мәңгілік жасайды. Өйткені Абайды түсіну – қазақты түсіну», деп атап өтті. Ал ақын Несіпбек Айтұлы қоғамдық сананы жаңғыртуға бастаған Абай жылының дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде мәні зор екендігін, кемеңгер ақынның мұралары жарқын болашаққа бастайтын жаңаша жол екендігін айта келе, Абай рухына қызмет еткен бүкіл қазақ жасай берсін деген бәтуалы батасымен баршаға жақ­сы тілегін арнады.

Абайдың тұлғасы мен мұрасын шетелдерде алғашқылардың бірі болып ұлықтаған Халықаралық Түркі академиясының кейбір жұмыстарын таныстырған академия президенті Дархан Қыдырәлі Абай мұрасы ба­уырлас түркі тілдеріне аударылғанын, атап айтқанда Абай шығармаларының түрік тіліндегі толық жинағының және Мұхтар Әуезовтің 2 томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясының жарыққа шығуы оқырман қауым үшін елеулі жаңалық болғанын атап өтіп, атаулы мерекеге орай құттықтауын жеткізді. «Ұлттық руханиятымыздың ұстыны болған Абаймен басталған жыл қорытындыланып жатыр. Ол түркі әлемінің мойындалған бас ақыны атанды», деген Дархан Қыдырәлі Абай мерейтойына орай «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастырған арнайы сараптамасы екі томдық жинақ ретінде баспаға әзірленгенін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған Абай атындағы ха­лықаралық мәдениет пен өнерді қолдау орталығының басқарма төрағасы Ермек Бейсембаев Абай мерейтойында атқарылған мәдени, рухани шаралардың жоғары деңгейде өткізілгенін, бұл ретте қаламгер Мұхтар Мағауиннің ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін аталған «Абай» медалімен марапатталғанын айта келе, жазушының елге деген айрықша сәле­мін жеткізді. Халықаралық қордың ат­қарушы директоры Аслан Ғафуров ұзақ жылдар бойы руханият саласында талмай еңбек етіп келе жатқан алдыңғы аға буын өкілдері Тұрсын Жұртбай, Шәкір Ыбраев, Несіпбек Айтұлы, Серік Негимов, Көпен Әмірбек, Дархан Қыдырәлі, Асан Омаров, Майра Ілиясова, Ерлан Рысқали сынды зиялы қауым өкілдері мен Ләйлім-Шырақ Ерланқызы, Диас Мүслимов, Айдос Есмағамбет сынды кейінгі жас­тарды «Абай» мерейтойлық медалімен марапаттап, жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтады.

«Академиялық кітапхана ұжымы мен шақыртуды қабыл алған зиялы қауым өкіліне алғыс білдіреміз. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтуді ресми жариялағалы бері, еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шара ұйымдастырылып, шетелдерде кеңінен насихатталып жатты. Абай мен Жамбыл есімі қазақ ұлтына мақтаныш қана емес, рухани күш-жігер беретініне сеніміміз кәміл. Абай мұрасын насихаттаушы алдыңғы толқын ағаларымыз бен апаларымыздың сара жолы ары қарай ұлт мақтанышы, руханияттың алтын тірегі Абай Құнанбайұлы есімімен бірге келер ұрпаққа мәңгі жалғаса береді», деген Аслан Ғафуров Абайдың өсиет-өнегесі елімізді жаңа биіктерге жетелейтін даң­ғыл жол екенін атап өтті.

Мәдениет пен өнер рухани өмі­рі­міздің мәйегі десек, мемлекет пен қоғамның шығармашылық адамдарына айрықша құрметінің белгісі ретінде күнтізбеден орын алған кәсіби мереке күнінің маңызы ерекше.  «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түр­лі үдеріске қатысты көзқарасы бү­гінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз за­манының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұ­раттың айнымас темірқазығы», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойы қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде атқарылуы тиіс деген болатын. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмей­тұғын артында сөз қалдырған» деп жырлаған Абай мұрасы бір жылдың ғана еншісіндегі науқан емес, мәңгілік елдік мұраттың айнымас темірқазығына айналуы тиіс деген уағдалас байлам айтқан игі жақсылар ақын тұлғасы мен мұрасының зерттелуі жалғаса бермек деген қанаттас ойды жеткізді.