Құнекең Абайды қаршадай кезінен қасына ертіп, жақсы-жайсаңның әңгімесін тыңдатып, ісін өнеге қылған екен. Сөйтіп, тамырын тереңге жіберіп, адамзаттық ақыл-ой биігіне шығуына алтын көпір болған. Әке мен бала арасындағы бұл қарым-қатынас ұлттық тәрбиенің озық үлгісі десек, қателеспеспіз…
Екі ұлым тете өсіп келеді. Оларға өмірде балмұздақ жеп, шырын ішкеннен басқа да маңызды дүниелер бар екендігін өз әрекеттеріммен ұқтырып келемін. Бірақ, баланың аты бала ғой. «Балаңа мына дүние мен ақіреттің мәнін ұқтыра алмасаң, берген тәрбиең мен оқытқаның – бір тиын» деген мағынадағы хакім Абайдың сөзін жиі ойлаймын. Ойлаймын да әкесі Құнанбайдың данышпандығына таң қаламын.
Әкемнен бойыма сіңірген бар жақсы қасиетті ұлдарымның бойына дарытқым келіп аласұрамын. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген халық даналығынан асырып не айта алам? Абай да халықтың сан ғасырлық інжу-маржанын бойына жиып өсті емес пе?..
Қол қит етсе, ұлдарыма Абайдан бір шумақ өлең жаттатамын. Ең болмаса, бір жолы есінде қалады ғой. Мағынасын жүре келе ұғар. Өйткені, бәріміз де «Ғылым таппай мақтанба» деген бір жолдың мәнін өскенде бір-ақ түсіндік.
Қазір айналаның бәрі толған қатыгездік, ғаламтор қырып-жойған жазбаға сіресіп тұр… «Неге Абайды көп оқытасыз?» деп сұрайды үлкен ұлым. Хакімді мақтағым келмейді. Ертең ұлымның кемеңгер ақын шығармаларын оқымай, босқа мақтағанын қаламаймын. Сол себепті, хакімнің бір ауыз сөзін болса да өмірмен байланыстыруға тырысамын.
Өткен жолы кешке қарай ұлдарыммен аулада асық атып жатқанбыз. Бір топ бала үйдің артынан ытқып шықты. Сөйтсем, қаңғыбастарға тас лақтырыпты. Өздерінен төмен көрген болар. Қаңғыбас болса да адам баласы ғой. Өмір үшін күресуге шамасы жетпегендерге, жол сілтеу – адамдық парыз. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген хакім сөзін қалай ұмыттық?..
20 ғасырдың балалары түрме тұтқындарына құрт лақтырып, жанын аман алып қалса, 21 ғасырдың балалары қаңғыбасқа тас лақтырып, келекелеп жүр.
Абайдың өзі де әкесі Құнанбай қажыдан алған өнегесін ұлдары мен бауырларына, маңайындағыларға үйреткен екен. Оқытып, ел игілігіне қызмет етуге баулыды. Оларды көзден таса қылмауға тырысатын болыпты. Дерекке сүйенсек, жеке киіз үй тігіп, жастарды маңына жиып, кітап оқып, тоғызқұмалақ ойынын да ойнайды екен. Бұл – соңына ерген ұрпағы мен ауыл жастары пайдасыз дүниеге әуес болмасын, бұзақылардан аулақ жүрсін деген жанашырлық.
Бізге қазір дәл осы әке мен бала арасындағы бекем достық қажет. Өйткені, «баланың толық адам болып қалыптасуына ата-анасы, достары, ұстаздары тікелей әсер етеді. Осы үшеуінің біреуі шала болса, бала да шала жетіледі» деген мағынадағы сөзі бар Абайдың. Ендеше, оның шығармаларын насихаттап, ұлттың басты қағидатына айналдырған жөн. Бұл бағытта аймақта түрлі шара қолға алынуда. Былтыр Қарағанды қаласынан хакім атына көше беріліп, Абай ауданында еңселі ескерткіші бой көтерді. Абай күні жыл сайын аталып өтіледі. Биыл да мереке қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Осылардың бәрі Құнанбай мен Абайдың арасындағы ғаламат түсіністік пен Абайдың соңына ерген ұрпағына деген жанашырлығын еске салады. Айналып келгенде мұның бәрі ұлт тағдырын құрайды. Себебі, «Отан – отбасынан басталады». Ал, біз ше, Құнанбай бола аламыз ба?
Жәлел ШАЛҚАР.