Серік НЕГИМОВ: «КІСІГЕ БІЛІМІНЕ ҚАРАЙ БОЛЫСТЫҚ ҚЫЛ...»

 

Абай ілімінде өміріңнің мағынасын түсіндірерлік, қуатыңның қайнар көзін көрсетерлік, кімге қамқорлық жасап, кімнен қашық болуға, жүрекке, халыққа жол нұсқарлық даналықтың дәніндей «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл: татымсызға қылған болыстық адамды бұзады» деуінде ұстамды, ойлы, бекзат әрі білікті-білімді, мәдениетті, әдепті қасиеттерге ие бола тұра, сүтке тойған қозыдай қалып танытса, егер оған жақсылық, қайырым жасасаң, ол қанаттанып, қайраттанып, сені ілтипатпен тебіреніп, алғысын жаудырады, ғұмырын берекелі, көркем іске бағыттайды.

Ал мысықтілеу пысықтар өзің­ді зымияндықпен, айла­керлікпен, жағымпаздықпен қақпанына түсіріп, белгілі бір жетістіктерге жетсе, ол өзінің айналасын қоян­жүректерге толтырады, жаман­шылығы шырмауықша шырмап, битше өріп, қоғамды да, заманды да іштей шірітіп, теріс жолға бас­тайды. Дауылша үдеп, жалғанды жалпағынан басып, нешеме алуан жақсылықтарға кенеледі. Қа­ра жұрт қарғаса да, «борсық ұр­ған сайын семіреді» дегендей, рыз­дық-несібесі оңынан үйіріледі, сасық байлықтың қожасы атанады.

Жаны да, ары да, қолы да таза шынайы лидердің мақсаты – қи­сықты түзететін жаңалыққа құмар әділдіктің шамын ұстаған саналы мақсаткерді, халық тағдырын, келешегін ойлайтын жүрегі ма­хаб­батқа толы ізгі мінезді, тәжі­рибелі мейірбанды тауып-танып, түзу, дұрыс жолға салған жөн дегенді қуаттайды.

Абайдың осы бір көсем де кө­шелі пікірі үнді халқының көне жәдігері «Бес бәйітте» (яғни «Пан­чатантрада») былайша тұп-тура айтылған: «Опасызға көрсеткен құрмет, жаманға еткен жақсылық, санасызға берген тәрбие, сенімсізге айтқан сыр – осының бәрі босқа кеткен пайдасыз еңбек. Жемісі ащы ағашқа бал жақсаң да, май жақсаң да жемісі ащы күйінде қалмақ. Жақсы адаммен дос болсаң, жақсылыққа кезігесің, ал парықсызбен достасу пәлеге ұшыратпақ. Бұл жағдай жел тәрізді – сасық заттың үстінен өткен жел сасық иісті таратып мүңкітеді, хош иістің үстінен өткен жел, оны өзімен бірге ілестіреді». Расында, қоғам жетесіздерден, білгішсінгендерден, ішмерез­дер­ден, суайттардан, бұзық пи­ғылды керауыз арамзалардан, көл­денең көк аттылардан ада болса, сәулеттенер еді-ау!

Абайдың поэзиялық пайым­даулары – өмір тәжірибесі мен ой­ланудан туған мейлінше мағы­налы қағидаттар.                 

Жасымда албырт өстім,

ойдан жырақ,

Ақылға, айлаға да жақтым

шырақ –

дегенінен сырқат қоғамның дер­тіне дауа, елді гүлдендіремін де­ген жанталасқан әрекеттерін көруге болады. Дұшпанын жеңе де білді, көндірді де, кейде ұпайынан да ұтылды. Адамшылық жолын, әділет жолын, тәлімгерлік жолын тағдырының темірқазығы етті.

Күшік асырап, ит еттім

Ол – балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол – мерген болды,

мені атты.

Абайдың өмір-тіршілігінде осын­дай бір сатқындық, опа­сыздық болғаны мәлім. Халық өмі­рінде, ел ішінде мұндай көрік­сіз, жексұрын әрекеттер ежелден-ақ бар.

Ортағасырлық қыпшақ ақы­ны Сәйф Сарайда мынадай тәмсіл­дер бар екен.

Бір атақты балуан үш жүз ал­пыс түрлі күрес тәсілін біле­тін еді. Әр күні әртүрлі тәсілді қол­данатын. Шәкірттерінің ішінен бір көркем жігітке ықыласы ауып үш жүз елу тоғыз түрлі кү­рес тәсілін үйретті. Жігіт биік дәрежеге жетіп, абыройы асқақ­та­ды, бұл елде қандай балуан бар еді, баршасын жықты, жас нау­ша патшаға келіп, жер өбіп тұ­рып: «Ұстазымның менде тәрбие хақы бар, қуат және өнерде одан артықпын», деді.

Бұл сөз патшаға ұнамады. «Кү­рестіріңдер!» деп бұйырды. Арена дайындады. Мемлекет қайраткерлері, әмірлер мен уәзір­лер, ақсүйектер мен мырзалар жиналды. Жігіт есірік піл сияқты аренаға шығып: «Темірден тау болса да жерінен қопарғаймын», деп дандайсыды. Ұстазы (мұның) күш жағынан артық екенін біл­ді. Ол бір тәсілді бұдан жасырып еді, соны амалға келтірді. Жігіт қорғана алмады. Жігітті көтеріп, ауадан жерге ұрды. Халық шулап кетті.

Сұлтан: «Ұстазына шапан жауып, сыйлық беріңдер», деді. Жігіт­ке: «Сен ұстазыңмен таластың. Одан ештеңе шықпады», деп кі­нә­лады. Жігіт: «Ол менен күш жа­­ғынан басым болмады, бәлкім, кү­рес тәсілінен біреуін жасырып қал­ған, сол арқылы жеңіске жет­ті», деді.

Ұстазы: «Бәлі, ол тәсілді бүгін үшін жасырып едім». Өйткені данышпандардың: «Досыңа сондай дәрежеде жәрдем ет, кейін дұшпан бола қалса, сені жеңе алмайтын болсын» деген сөзі бар», деді.

Я болмаса:

Не опа жоқ бұл әлемде,

Не кісі қылмады

жаһанда оны.

Менен оқ атуды үйреніп

кеткен,

Соңында қылды ол

нысана мені.

Адам – жұмбақ, себебі түр­лі теріс мінезді (арамдық, залым­дық, сөз тасушылық) жасы­рын ұс­тайды, бүркемелеп көрсет­пей­ді. Бұ да әлімсақтан бар-ау. Әбу На­сыр әл-Фарабидің көр­се­туінше, «біз нақты сенімді бол­мағандықтан жақсы деп ойлап жүрген адамымыз сұмпайы әрі өтірікші болып шығуы мүмкін немесе өзімізді алдап, мазақ етіп жүрген адамды білмей қолдап жүруіміз де ықтимал.

Қай дәуір, қай заман болмасын жақсы қауым, әділетті орта бар. Мұның жай-мәнісін оның «қайсыбір салада оң нәтижеге қол жеткізуге қабілеті мол адам қабілеті жоқ адамға басшы болады» дейтін афоризмі дәлелдейді.

Мейірбан көргенділер жақсы­лық, қайырым жасауға жаратылысынан бейім. «Жақсылық жа­саған адам жасағанын сол сәт­те ұмытуға тырыссын. Жақсылық көрген адам оны ешқашан есі­нен шығармасын», «Адамға жақ­сы­лық етсең қарымта күтпе» деп мәлімдейді (Ә.Дербісәлі. Әбу Насыр әл-Фарабидің на­қыл сөз­­дері мен ғибратты ойлары. «Egemen Qazaqstan», 08.01.21). Қазақ­та «Балық берсең бай­лап бер, басы-көзін шайнап бер» деген ғибратты сөз Фа­ра­би ойымен үйлеседі. Жақ­сы­лық етсең бәлсінбе, бұлданба, талап­кердің мойнына мініп алма, дә­метпе дейді. Шындығында, зиялы­сы­мақтар өмір бойы істеген жақсы­лы­ғын тоқылдақтың тоқ-тоқ дау­сын­дай көрген сайын қа­қыл­дап мазалайды.

1989-1992, 1993-2003 жылдар­да Чехия Президенті болған Вац­лав Гавел 1990-жылдың 1 қаң­тарында Чехословакия хал­қына арнаған «Біздер уланған мо­раль­дық ортада» деген зарлы, мұң­лы үндеуінде ешнәрсеге сенуден қалдық, бір-бірімізді жоққа шы­ғарамыз, мойындамаймыз, шын пікірімізді бүркемелеп, ора­ғытып, өтірік айтамыз, өзім­шілміз. Махаббат, достық, жана­шырлық, байыптылық не­­ме­се кешірімпаздық көне за­ман­­­дардан үзілмей келе жат­қан терең мағыналылығын жо­ғалт­ты, тотаритарлық жүйе мен маши­наның құрбаны болдық деп күйініп айтқан.

Айтса айтқандай, Мәшһүр Жүсіптің «Сайтанның саудасы» дейтін мысалында біреу үш бір­дей есекке «өтірік-өсек», «жала-пәле», «қысастық-қиянат» артып ап, қан базарға екпіндеп бара жат­қанда, оның көзтанысы «мұны не істейсің?» деп шошына айтыпты. Сонда ол көр де тұр мұның бәрі пышақ үстінде тарап кетеді депті.

Дәл қазір дөңгеленген дүние беймәлім сойқан індеттің, траге­дияның құрсауында. Тұйыққа тірелу, құрдымға жұтылу, азғын-тозғын күйге түсу бір адым жерде сияқты. Адамзаттың қасіретке душар болуы – гуманизмнің, патриотизмнің әлсіреуінен бе, әлде дүниеқоңыздықтың, Абай­ша айтқанда, «бейілі кедей бай­лардың» өршіп кеткенінен бе, я бол­маса елдің алдында жүр­ген­дердің «біліміне қарай бо­лыстық қыл­май», қулық-сұмдығы мол то­ғышар жүгенсіз жалпылдақ қуыр­шақ сумақайларды қаптатып жі­бергендіктен бе, әлде ел тал­қы­сы мен таразысының құны кет­кенінен бе?.. Бұған бір ғана дә­ле­ліміз – вакцина жайында сан-саққа жүгіріп қаңғырған жұрт­тың ақыл-есін жаңылдырған, құла­ғын сарсытқан қаңқу жел сөздер. Бұл ретте Әл-Фарабидің ой жүгірту қуаты мен жоғары тәжірибелік ақыл­ға ие басшы халықтың көкі­рек көзін сөз арқылы ашып, жол көрсетуі, ойшылдық қасиеті жо­ғары дәрежеде болу керек дей­ді. Ендеше, ел сасқанда көп даң­ғаза-дабыраға, желөкпелікке бе­рілмей, салиқалы мінез, көр­кем өнеге танытқаны абзал. Ата­­ларымыздың «қырық жыл тоқ­шылық жоқ, қырық жыл мол­шы­лық жоқ» дегені бар ғой және де Ұлы даланың ұлы қасиет­терін – дәстүрін, тілін, дінін, шаруа­шылық-кәсібін, өнерін, өнегелі қағидаттарын ұстану, жетілдіру – Мәңгілік Ел өркендеуінің негізгі шарттары.

Абайдың ұлы қағидаты: адам баласының ізгілік жолы, кісі­лік келбеті, толық адам бейнесі. Абай­ды «қазақтың жалғызы» деп та­ныған Әлихан Бөкейхан: «Өзін өзі қасқырша шауып отыр­ған жұртта оқу, шеберлік бол­май­ды» деп шүйлігіп айтқан («Бас қосу турасында» дейтін мақа­ласынан). Қазір ақылдасу, пікірлесу, тәжірибе бөлісу деген атымен жоқ. Тыңдайтын құлақ, ұғатын зерде, пейіл-құлық та жоқ. Оларға кінә да қоюға болмай­ды, өйткені аткөпір қоқыстан үйілген материалдардың астында ыңырсып-тұншығып жатыр. Сонда қайдағы шеберлік? «Жыр­тық ерінге кетік тостаған» деген осы. Ұлттың ұлы суреткері Жү­сіпбек Аймауытұлының: «Қазақ­қа зор кеуде ақсүйектің, ақша же­гіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ беттің керегі жоқ, адал күшімен өгіздей өрге сүй­рейтін жұмысшы керек» де­гені ХХІ ғасырдың төрінде де кө­кей­кесті.

Жинақтай айтқанда, ел боламыз десек еңбекшілдігімен, зейін-зеректігімен, елгезектігімен ерекшеленген естілерге білім-ғылымның, өнер-кәсіптің есігін еркін ашуға тілегімізбен де, жүре­гімізбен де, ақ адал ісімізбен де қолдау абзалдық болар еді.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор