Данагөй Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы аталы сөзге құрметпен қарап, тағатын да, тәубесін де өз уағында істеп, адамдық парызын ада қылып орындаған. Барлықты мақтан тұтпай, қолындағы малын адамдық жолына аманаттап, халықтың игілігі үшін қарқаралыға мектеп салдырған. Жасы жетпістен асқан шағында мойнындағы қажы парызын өтеу үшін Ғарабат тауына барып, өз қаржысынан құрбан шалып, міндетін ада қылған.
Салауаттылық пен ізгілік жолына бекем бел буған жан ел ішіндегі игі жақсылармен үнемі тонның ішкі бауындай жақсы қарым-қатынас орната білген. Оның өн бойында ретті жерінде салиқалы да салмақты пікір айтатын от ауызды, орақ тілділік қасиет де болған.
Бірде Жарқынбай құдасының қолында қыран құсы бар екенін естіп, Құнекең арнаулы кісі жіберіп құсты сұратады. Құс бір туысы Айнабайдың қолында екен. Жарқынбай би келген кісіге: «Алдым деп қайт. Өзім жеткіздіртіп беремін», - деп уәде етіпті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Өмірбек деген кісіні шақырып алып, бүркітті құндақтап, Құнекеңе апарып беруге жұмсапты. Бұл кісі билікті әділ айтатын болғандықтан халық «Байлау» деп атап кеткен екен. Қыстың күні болса керек. Байлау қонаға Сағындық ауылына келіпті. Сағындық қонағының жөнін сұрайды.
– Атым – Байлау. Жарқынбайдың берген құсын Құнанбайға әкетіп бара жатырмын, - депті.
– Қане, құсыңды көрейікші, мынауың қалжыр ғой (құстың бір тегі). Бекер бейнет арқалап жүр екенсің. Мына менің құсымды көр, - деп мақтаныпты ол.
Сонда байлау:
– Сен аспанда ұшып жүрген екі қанат, бір құйрықты түз тағысының жақсы-жаманын, қадырын қайдан білесің? Жердегі екі аяқты, бір басты Құнанбайдың қадырын білмей отырғанда... Ұстағаның күшіген, құсбегің есім, баптаушың қаракүшік балтай болса, иесі керме қолтық сен болсаң, құсыңнан не шығады? - депті.
– Бәлем, аяғыңа кісен салып байлап тастайын ба? - депті сағындық кіжініп.
– Не қылсаң да өзің біл. Аузымнан шыққан сөзді қайтып ала алмаймын! - дейді қарсыласы.
Бұл үйде байлаудан Басқа екі мейман бар екен. Бірақ олар таң атысымен ерте қамданып жүріп кетіп, өздерінің жеке басының шаруалары жайында Құнекең ауылына барып әңгімелесіп отырғанда Байлау мен Сағындықтың қағысқанын айтады. Құнекең езу тартып, күлімсіреп: «Айтқан жерден табылу деген өте қиын ғой. Жақаң менің бір ауыз сөзімді сыйлап, уағдасын орындаған екен», - депті. Сол күні кешке сәлем беріп, Байлау да Құнекеңнің үйіне келеді.
– Төрлет, жоғары шық, - деді Құнекең. Төрлеп, жайласып отырғаннан кейін байлау ел амандығын сұрасып, құстың жайын, Жарқынбайдың сәлемін айтып, әңгімелесіп отырғанда сөзін жалғап: «Мен осы құсты өрдегі найман терістаңбалы елі аман, көшерден әкелгенмін. Бұл – Алтайдың ақиығы. Қыран қабақ, қайқы төс. Судыр қанат, жуан топшы. Көргенін жібермей іліп тастап, өткір тұяғымен бүріп, отыра қалатынның нақ өзі. Иесі келгенде ғана олжасын береді. Тоятын танығанда да албаты жемтікке көз салмайды», - деп қалады.
– Нағыз қыран құстың сипаты өзінде екен. Найманның төріне, Алтайдың шыңына қолың жетіп отырған саған қыранына таласып Сағындықтың айтқаны анау. Сағындықтың сені байлап тастауға да шамасы келеді. Біздің ел тентектікті қолына ұстаған халық қой. Сенің өткір сөзіңнің ажарынан және Жарқынбайдан жасқанған ғой. Рахмет сізге, мен жүк ауған түйеге байлайтын байлау ма десем, сен анық алтын сөздің, ақыл ойлаудың байлауы екенсің, - деп Құнанбай мейманын күтіп, шығарып салыпты.
6alash ұсынды