АБАЙДЫҢ ӨЗІ ТАПСЫРҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР

 

Жуырда Семей өңіріне, оның ішінде Қазақстандағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне жол түскен болатын. Алған әсерлерімді сөзбен өрнектеп жеткізу мүмкін емес.

Абай атамыздың мұражайы қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша Ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қар­саңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нің Халық комиссарлары кеңесінің сәуір­дегі қаулысымен құрылған екен. Сол жылы ақын мұражайының тұңғыш экспозициясы Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі – Бекбай Байысовтың шаңырағында (қазір сақталмаған) ашылыпты. Бізге бұл жөнінде Абай мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орын­басары Мейрамгүл Қайрамбаева айтып берген болатын.

 

Музей ашылған күннен бастап, Абай­дың немере інісі Әрхам Ысқақов қызметке алынып, Абай туыстарының, ұрпақтары­ның, замандастарының қолында сақталған ұлы ақынға қатысы бар заттар жинала бастайды. Сондай-ақ, Абайды көзі көрген адамдардың естеліктері, ақын шығарма­лары қағазға түсіріліп, музей қорына қабылдау жұмыстары да қолға алынады. Бүгінгі таңда музей қорында барлығы 20 мыңға жуық экспонат болса, оның 11 500-ден астамы негізгі қорда. Солардың арасында Абай Құнанбайұлына тікелей қатысты жәдігерлер де бар.

Қазіргі таңда Абайдың бейнесі сақта­лып қалған екі фотосурет қана белгілі. Иә, 1896 жылы Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай мен Әйгерімнен туған Тұрағұл­мен түскен фотосурет музей қорына түскен алғашқы жәдігерлердің бірі. Семей қала­сындағы Н.Кузнецов деген фотограф түсірген бұл суретті Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Мұхтар Әуезовтен алып келген деседі.

Ал екінші фотосурет 1903 жылы киіз үйдің ішінде түсіріліпті. Онда Абай, ұлдары Мағауия мен Тұрағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия (Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежанның бейнелері бар. Бұл фотосурет те музей қорына М.Әуезов арқылы 1959 жылы түскен екен.

Музей қорындағы тарихи құндылығы басым тағы бір жәдігерді атап өткеніміз дұрыс. Ол Абайдың 1896 жылы ұлы Мағауияға жазған хаты. Бұл хат Мұсахан Балтақайұлы қолжазбаларының ішінен 1997 жылы араб графикасынан қазіргі әріп­ке аударма жасау кезінде табылыпты. Хат жұқа ақ қағазға жазылған. Түпнұсқа. Жо­ғарғы шетінің оң жағы, орта тұсының сол жақ шеті және төменгі шетінің сол жағы  ұзақ сақталуға байланысты жыртыл­ған.

1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Долгополов жаз мезгілінде Абай ауылында екі айдай болып, қайтып келгенінде, Семейдегі өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатыс­ты елуден астам зат тапсырыпты. Бұл заттардың барлығы Абай ауылынан әкелінген заттар екен. Олар асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піс­пек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құты­лар, бесік, ұршық сынды үй-ішінің жаб­дық­тары; айбалта, найза, шоқпар сияқты қару-жарақтар; көрік, төс, қысқаш (ұста саймандары) және қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра сынды музыка аспап­тары да болған. Тіпті, күнделікті тұрмысқа қажетті қара сабынға шейін тапсыры­лыпты.

1963 жылы «Ертіс» газетінің қыр­күйектегі нөмірінде Абай музейінің алғаш­қы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген. Нәтиже­сінде Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан көрінеді. Бір жылдан кейін Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттар­дың 17-сі ақынның өз музейіне беріледі. Қазіргі уақытта бұл экспонаттар Абай музейінің баға жетпес жәдігерлері.

КІСЕ БЕЛБЕУ. Ұзындығы – 110 см., бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.

Белбеудің өзінде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әр түрлі пішінде жасал­ған: төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді.

Кісенің биіктігі 18 см. жарты шеңбер пішінінде жасалған. Кісенің жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген металл әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см. үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдыз­шалар орнатылған. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек те бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан.

 

ҚҰРСАУЛАНҒАН КЕСЕ. Қазақ даласында фарфор жасау өндірісі бол­маған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың сынғаны болса лақтырмай, оларды әлі де қолдануға мүмкін болатын­дай етіп, құрсаулап жөндеп алуды сол заманда қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген. Кесенің бір жақ шеті 4 үлкен, 1 кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімденіп қойылған.

Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей әсер аласыз. Себебі, ұста металды кесенің жиегіне соншалықты шебер жапсыра білген.

 

АСАТАЯҚ. Бұл – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Оны ертеде абыздар мен бақсылар қолданған. Аса­таяқ­тың ұзындығы 128 см. Сабы жұмыр ағаштан жасалған. Аспаптың басы со­пақша жапырақ пішінді, шеті ирек жа­салған. Екі беті де әшекейленген. Бетінде ағашқа арнайы сегіз ойық жасалып, оларға жез қаңылтырдан жасалған өрнекті, оюлы әшекейлер, тастар орнатылған.

 

СЫБЫЗҒЫ. Қазақтың үрлемелі көне музыка аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден де жасалады. Ойылған ағаштан жасалған аспаптың ұзындығы 64 см. Ортасы ойылған екі ағашты бір-біріне желімдеп, алдымен жіппен орап, оның сыртынан малдың ішегі киілген. Бір жақ басының диаметрі – 1,7 см., екінші жағы – 2,2 см. Үрлейтін жағынан арасы 5 санти­метрден 3 ойығы бар.

 

ПІСПЕК. Қымыз пісуге арналған құрал. Піспек сабаның бойынан екі-ұш тұтамдай ұзын, төменгі жағына айқастыра бекітілген екі ағаш немесе төңкерілген тостаған тәрізді ағаш бекітіледі. Піспектің үлкендігі сабаның көлеміне қарай жаса­лады. Кезінде өлкетану музейіне піспек жалғыз емес, сабамен бірге тапсырылып, сабаның сақталмай қалуы әбден мүмкін дейді мамандар.

Піспектің ұзындығы 59 см., төменгі жағы жарты сфера тәрізді ойылып жасал­ған. Піспектің жоғарғы жағы төрт қырлы үшкір жебе сияқты. Піспек орта тұсынан кезінде қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанастыра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітілген.

АЙБАЛТА. Ұлы ақынымыз тапсырған айбалта әшекейсіз, қара металдан жасал­ған, жүзі уақыт өте мүжіліп, сабы қолда­ныста көп болғандықтан ағашы жарыла бастаған.

Айбалтаның ұзындығы – 98 см., жалма­ны – 7,2 см., жүзі бас жағынан мүжіл­ген, шүйдесі – 10,9 см., жалманының ұңғысы жағынан өлшемі – 2,5 см. Сағағынан сынып кетпес үшін айбалта ұңғысының шүйде жағы ұзынырақ жасал­ған және екі жағынан да бекітпе темір орнатылған.

ШОҚПАР. Қайыңнан жасалған. Ұзындығы – 86 см. Шоқпардың басы сопақша. Өлшемі – 12 х 7см. Сабының ұзындығы – 74 см., түбінен – 6 см. мөл­шерде ағашта бүлдіргі өткізу үшін арнайы тесік жасалған, бірақ бүлдіргісі сақтал­маған. Шоқпардың сағағы – 4,5 см., сабы түбіне қарай жіңішкерген.

Абай Құнанбайұлының өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлерін Семей қаласындағы Бас экспозиция залдарынан және Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі экспозициясынан көруге болады. Сондай-ақ, музей қорында Абай оқыған имам Ахмет Риза медресесінің шатырынан табылған алуан түрлі тақырыптағы 250 кітап сақтаулы. Арасында діни кітаптар­мен бірге әлем тарихы, география, астро­номия, математика, биология, анатомия, тіл-әдебиетке байланысты оқулықтар, шығыс ақын-жазушыларының шығарма­лар жинақтары да кездеседі.

Ұлы тұлғадан қалған баға жетпес осындай құнды жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан музей қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығымды білдіруді де ұмытпадым.

Маржан ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ

almaty-akshamy