Түркияның Алания қаласындағы саябаққа қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абайдың 175 жылдығына орайластырылған шара ҚР Түркиядағы Елшілігі, ҚР Анталия Консулдығы, Алания муниципалитеті мен Аланиядағы қазақстандықтар қауымдастығының ұйытқысымен өтті.
Салтанатты рәсімге ҚР Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Алания муниципалитеті басшысы Адем Мурат Южел, ҚР Анталиядағы консулы Мәулен Ыбырайкұлов, Қазақстанның Аланиядағы құрметті консулы Ахмет Джебежи, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Шараның шымылдығын түрген Елші Абайдың 175 жылдығына демеу болып, саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен Түркия еліне алғысын білдіріп, осы текті шаралардың екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығаюына септігін тигізетіне сенім білдірді.
«Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық болмысымыздың айнасы саналатын ұлы ойшыл мұрасының бауырлас Түркияда ерекше дәріптеліп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді» деген еді. Абай атамыздың артынан қалдырған өсиет – өнегесін түсініп, ұғына алсақ, халқымыздың және жалпы адамзаттың өркендеуі жолында өлшеусіз үлес қосатынымыз сөзсіз», деді Елші.
Өз кезегінде, жүрекжарды тілектерін білдірген Алания муниципалитеті басшысы Адем Мурат Южел, «қала орталығындағы саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін берілуі – қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығының кезекті дәлелі» дей келе, қазақтың ұлы ойшылының есімі Алания тарихында мәңгі сақталатынына назар аударды.
Ал, ҚР Құрметті консулы Ахмет Джебежи Алания тұрғындары мен қонақтары саябақ арқылы Абайды тануына түрткі болатынына зор сенімін жеткізді.
Шара Анталия, Алания қалаларында өмір сүретін отандастарымыздың ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Гүлнұр Ерманова мен балалар хорының орындауында «Көзімнің қарасы», Нұрлан Өтеповтың орындауында Абай Құнанабаевтың «Сегіз аяқ», Гүлнұр Ерманованың жеке орындауында «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалып, ақынның өлеңдері оқылды. Мың бұралған қазақ қыздары «Қамажай» биін билеп, көрерменге таң қалдырды.
Айта кеткен жөн, Алания саябағында бой көтерген ақын ескерткішінің авторы – Нұрлан Ахметов. Аталмыш шара, 2020 жылға жоспарланған. Дегенмен, COVID-19 пандемиясы салдарынан кейінге шегерілген болатын.
Бұған дейін Анталияның Муратпаша ауданында да Абай саябағы ашылған болатын.
Абай атындағы саябақтың ашылуымен Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу, Ішкі істер министрі Cүлеймен Сойлу, Ұлттық қозғалыс партиясы төрағасы Девлет Бахчели және бірқатар өзге де лауазымды тұлғалардан құттықтау жедел хаттары келіп түскен.