ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Семейде өткен шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесуде Абай шығармаларын әлемнің он тілінде (ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері) жарыққа шығарудағы Ұлттық аударма бюросының (директоры Рауан Кенжеханұлы) жұмысын атап өтті. Ұлы Абайдың дүниежүзінің осы тілдерде шығатын кітабына жүз елу өлеңі мен үш поэмасы және қара сөздері енген, көлемі 500 беттен астам, әр томының таралымы 3000 дана. Осы орайда ақын Бақытжан Қанапияновтың Абай шығармаларының аудармалары, ұлы ақынның алғашқы кітабының жарық көруі және туындыларының түрлі тілдерге тұңғыш тәржімелену тарихы туралы мақаласын ұсынып отырмыз. Ол құрастырушы және әдеби кеңесші ретінде Ұлттық аударма бюросының шығармашылық процесіне белсене қатысып, ақын шығармаларын әлем халықтарының игілігіне айналдыруға үлкен үлес қосты.
Абай дүниеден өткеннен кейін, 1905 жылғы көктемде інісі Ысқақтың ұлы Кәкітай мен өз ұлы Тұрағұл ақын өлеңдерін жинастыруды қолға алады. Жидебай, Бөрілі және Семей маңындағы басқа да ауыл адамдарының көкейінде жатталып, жүрегінде сақталып қалған ақынның өлмес туындыларын – барлық өлеңдері мен әндерін сол заманның оқыған азаматы, әдеби сауатты, қолы жатық Мүрсейіт Бікеұлы бір ай ішінде қазақ-шағатай тілінде араб қарпімен қағазға түсіреді.
Ақындық талант бойына туа біткен Абай бала жасынан араб-парсы поэзиясының ықпалымен тәрбиеленіп, түрік мифологиясы мен эпосын жақсы біліп өскені аян. Ол сондай-ақ әр қазақтың шаңырағындағы қоңыр үнді домбыра шанағынан әуен төгіліп тұратынын әрі осы бір киелі аспап пен халықтың өшпес жадының арқасында фольклорлық шығармалар ғасырлардан ғасырларға жалғасатынын терең түсінген.
Сондықтан да ақын өз шығармалары: өлеңдерін, әндері және аудармаларын болашаққа аманаттаудың ең ұтымды жолын дәл тапқан, ол – сазды әуен еді. Қыр төсінде «Татьяна әні» осылайша дүниеге келді. Ол бір киіз үйден екіншісіне, ауылдан ауылға тарап, қазақ сахарасына еркін жайылып кетті. Тіпті Лермонтовтың прозалық туындысы «Вадимді» Абай өлеңге айналдырады. Ал ақынның ізбасары Шәкәрім «Дубровскийді» поэзия тілінде сөйлетіп, оған жаңаша дем беріп, жан бітірген…
Омбы баспасөзінде жарияланған бірді-екілі өлеңдері болмаса, Абай көзі тірісінде тасқа басылған шығармаларын көре алмай кетті. Жаңа, жиырмасыншы ғасыр таңы атқанда уақыт талабына орай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және сол кездегі көкөрім жас Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров тәрізді қазақ зиялыларының озық ойлы өкілдері қалыптаса бастаған кезеңде Абай өлеңдерін халық үшін жарыққа шығару аса қажеттілікке айналды.
Бұл игі мақсатты – ақын мұрасын қағазға түсіріп, басылымға дайындауды жүзеге асыру үшін Мүрсейіт Бікеұлына жеке киіз үй тігіліп беріледі. Ал 1905 жылы маусым айының аяғында Кәкітай Ысқақұлы дайын қолжазбаны алып, Әлихан Бөкейхановқа барады. Қолжазба 17 бөлімнен тұратын соңында Абайдың толық өмірбаяны (Кәкітай жазған), әкесі Құнанбай мен анасы Ұлжан жайлы деректер берілген еді. Бұл ақынның бірнеше жылдардан кейін (1909 жыл) Ілияс мырза Борагинскийдің баспаханасынан өлеңдерімен бірге жарық көрген тұңғыш өмірбаяны болатын. Әлихан Бөкейханов бірқатар түзетулер мен анықтаулар енгізгеннен кейін қолжазбаны қайтарып, болашақ кітапты Петербургте шығару жайлы ақыл-кеңес береді.
Сөйтіп, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының кітабы 1000 данамен жарық көріп, түгелімен Семей өлкесіне, Кәкітай Ысқақұлының атына жөнелтіледі. Кейбір деректерде кітапты баспагер Ілияс мырза Борагинский өз есебінен шығарғаны айтылады, ал енді бір деректерге сүйенсек, Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл басылымға қажетті қаржыны өздері жинаған. Менің ойымша, басылым екі жақтың ортақ қаржысына шығарылған тәрізді. Өйткені олардың көздеген мақсаты бір – Абайдың өлеңдер кітабын болашаққа жеткізіп, халқына аманаттау еді.
Әлихан Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде-ақ ақын талантын жоғары бағалап, ол туралы қалам тербегені мәлім. Ал 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде ақынның өмірбаянын орыс тілінде жариялады. Екі жылдан соң, 1907 жылы «Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің Жазбаларында» Абай өмірбаяны (авторы Ә. Бөкейханов) фотосуреттерімен қоса тағы да жарық көреді. Бұл мақаланың соңында ақынның кітабы таяуда шығатыны туралы айтылады. Алайда бұған патша үкіметінің Әлихан Бөкейхановты тұтқындауы (1906–1908 жж.) бөгет болады. Сөйтіп, ақын өлеңдерінің қолжазбасы Павлодар түрмесінде отырған Әлихан Бөкейхановтың портфелінде жатып қалады.
Кейінірек, ақын кітабы жарыққа шыққанда, Міржақып Дулатов басылымға ерекше көңіл бөліп, «Қазақ» газетінде «Абай» атты мақала жариялайды.
Абай мұрасын алғаш жарыққа шығарушы Ілияс мырза Борагинский 1852 жылы Бақшасарайда, түп тегі қырым татарлары мен құмық хан князьдері әулетінен тарайтын Бораган руының дәулетті дворян отбасында дүниеге келген. Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов өзінің шағын болғанымен мазмұны терең «Ілияс Бораганский – Абай кітаптарының алғашқы шығарушысы» атты кітапшасында 1882 жылдан бастап жарық көрген «Тәржіман» газетін қалай тауып алғаны туралы жазады. Аталмыш газетте осы бір қайырымды жан туралы мәліметтер жарияланған екен.
Бір айта кетерлігі, «Тәржіман» газетін XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Абайдың өзі және Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов жаздырып алып тұрған. Қайым ағаның көп жылғы ізденістері нәтижелі аяқталды – баспагер Ілияс Борагинскийдің өмірі мен тағдыры туралы ғылыми еңбек жарияланып, оның тұлғалық, ағартушылық бейнесі алғаш рет қалпына келтірілді. Бұл ретте башқұрт әдебиетінің классигі Сайфи Құдаш пен түркітанушы ғалым, профессор А.Н. Кононовтың көмек қолын созуы да зор септігін тигізгенін айта кеткен ләзім.
Осы деректердің, сондай-ақ интернеттегі мағлұматтардың негізінде бізге Ілияс Бораганскийдің 15 жасынан бастап Түркияда баспа ісінің әліпбиін танып-біліп, алғаш машықтанғаны белгілі болып отыр. Бұдан кейін ол Қырымға қайтып оралады. Ал 1876 жылдан бастап Ресей қалаларын аралап, саяхаттауға шығады. 1917 жылға дейін Петербургте тұрады, 1898–1908 жылдар аралығында Петербург университетінде түрік тілінде дәріс оқиды, онымен қоса Ресей империясының Сыртқы істер министрлігінде көркем жазу шебері (каллиграф) міндетін атқарады.
Осы кезде баспа ісімен айналысып, баспахана ашқан ол араб, орыс, түрік және парсы тілдерінде кітаптар шығарады. Шығыстанушы А.Н. Самойловичтің еңбектерін, ал 1899 жылы А.С. Пушкиннің мерейтойына орай «Бақшасарай фонтанын» қырым диалектісімен татар тілінде басып шығарады.
1911 жылы патша үкіметі оған мұсылман діні мазмұнындағы кітаптарды шығаруға тыйым салады. Бұдан кейін тек орыс шығыстанушыларының еңбектерін жарыққа шығаруға тура келеді. Алайда мұндай қатаң тыйым мен талапқа қарамастан, 1913 жылы І. Борагинский Әбу Ханифаның ілімі жайында діни әдебиетті басып шығарғаны мәлім.
1917 жылғы революциялық төңкерістен кейін Ілияс Борагинский башқұрт атты әскер дивизиясына арнап «Салават» газетін шығарып, башқұрт қызыләскерлерін баспа ісіне үйретумен айналысады. Бұл астананы ақгвардияшы Юденичтің шабуылынан қорғау үшін Петроградқа башқұрт атты әскерлерін әкелдірумен тікелей байланысты болатын. Ал өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Петербургтегі баспаханасын Стерлитамакқа көшіріп, сонда тұрады. Өз ісіне шексіз берілген әрі ағартушы, әрі баспагер Ілияс Борагинский, байқап отырғанымыздай, сталиндік қуғын-сүргіннің қармағына ілікпеген тәрізді. Өйткені ондай ешбір дерек жоқ. Ілияс мырзаның өмірден көшкен уақыты жайлы да (жорамалмен өткен ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 1942 жылдар аралығы) айтылады. Шамалауымызша, Стерлитамакта жерленген болуы керек.
1909 жылы Петербургте араб қарпімен Ілияс Борагинский шығарған Абай кітабы, жоғарыда айтқанымыздай, 17 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге 1886–1891 жылдары дүниеге келген өлеңдері енген. Бұл Абайдың шығармашылық шеберліктің шыңына жетіп, поэзия әлеміндегі қайталанбас қолтаңбасы мен өзіндік өрнегі қалыптасқан тұсы болатын. Екінші бөлімдегі туындылар ішінен «Өлең – сөздің патшасы» және «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты бағдарламалық жырлары бөлекше атап көрсетуге тұрарлық.
Үшінші бөлімге он жеті өлең енген. Төртінші бөлім түгелімен махаббат тақырыбына арналады, атақты «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі осында енгізілген. Бесінші бөлімдегі он туындының ішінде көкейкесті тақырыпты арқау еткен «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңі бар. Он бір өлеңнен тұратын алтыншы бөлімнен «Базарға әркім барады-ны» ерекше атап айтқан жөн. Жетінші бөлімге екі-ақ өлең енген.
Сегізінші бөлімді Абайдың философиялық поэзиясының шыңы саналатын «Сегіз аяқ» құрайды. Тоғызыншы бөлімге қыз сұлулығын суреттейтін үш өлеңі енгізілген. Ал оныншы және он үшінші бөлімдерге жыл маусымдары («Жаз», «Күз», «Қыс», «Көктем») туралы хрестоматиялық сипаттағы және басқа тақырыптағы өлеңдері топтастырылған. Он төртінші бөлім қазақтардың бүркітпен аң аулау кәсібі тақырыбына арналады. Он бесінші тарауда Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой және Гете, Шиллер, Байрон, Мицкевич өлеңдерінің тәржімелері, барлығы 42 аударма өлеңі қамтылған. Он алтыншы бөлімдегі «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» («Аттың сыны») өлеңіндегі «қамыс құлақ» тіркесі тамаша метафоралық көркем теңеу ретінде ерекше назар аудартады. Он жетінші бөлімде Абайдың шығыс дастандарының рухында жазылған екі туындысы – «Масғұт» және «Ескендір» поэмаларына орын берілген.
Кәсіби аудармашы ретінде маған Абайдың тәржімешілік қызметі жақын. Осыған толығырақ тоқтала кетейін.
Қазақ поэзиясы кемеңгерінің аударма туындыларына зер сала қарасақ, оның Ресеймен әдеби шығармашылық байланысының негізі молекулалық деңгейде, тереңнен тамыр тартады деуге болады. Пушкин, Лермонтов, Крыловтың Абай аударған өлеңдері жұртшылыққа кеңінен танымал. Бұл құбылысқа қазақ және орыс әдебиеттанушы ғалымдары көптеген ғылыми мақалалар мен том-том зерттеу еңбектер арнағанымен, оның аудармашылық мұрасы аса терең зерделенген жоқ. Бұған Антон Дельвиг, Яков Полонский және Иван Бунин өлеңдерінің аудармалары жатады. Дельвигтің «Сұрғылт тұман дым бүркіп…» романсын Абай домбыра пернесіне салып, қазақы әуенмен жеткізген. Орыс ақынының кең тынысты романсы Абай аудармасы арқылы дала аспабының үнімен үйлесіп, соны мәнерге ие болуы заңды да.
Ал Абайдың өз шығармаларына келетін болсақ, оларды В. Шкловский, В.Рождественский, С.Липкин, М.Петровых, В.Звягинцева, Л.Озеров аударды. Бұл игілікті іс негізінен Мұхтар Әуезовтің үлкен күш-жігер жұмсауының арқасында жүзеге асқаны белгілі. Осы шығармашылық эстафета М.Дудин, Ю.Кузнецов, Ә.Қодардың тәржімелері арқылы өткен ғасырдың соңына дейін жалғасты. Ал жаңа ғасыр басталысымен осы ізгілікті миссияға астрахандық ақын-аудармашы Юрий Щербаков атсалысып келеді. Астана мен Алматы епархияларының епископы міндетін атқарған кезде архимандрит Геннадий (Гоголев) ағартушылық либеральдық ислам негіздеріне сәйкес, қазақ және орыс мәдениеттерін жақындастыру рухында Абайдың «Қара сөздер» кітабының үзінділерінен поэтикалық аударма жасады.
Заманауи қазақ әдебиетінің хатқа түсіп, баспа жүзін көруі Абай кітабының 1909 жылы алғаш жарыққа шығуынан бастау алғаны аян. Арада үш жыл өтер-өтпесте Қазандағы Кәрімовтер баспасынан Мағжан Жұмабаевтың «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы шықты, онда ақынның «Алтын хәкім Абайға» өлеңі жарияланған-ды.
1970 жылы Мәскеудегі «Прогресс» баспасынан Абайдың ағылшын және араб тілдеріне аударылған шығармалары жарыққа шықты.
Ал жиырмасыншы ғасырдың соңында, 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО аясында аталып өткен кезде ақынның шығармалары әлемнің түрлі тілдерінде жарық көріп, дүниежүзінің мәдени орталықтарында, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде де салтанатты шаралар өтті. Қазақстанда «Абай» энциклопедиясы дүниеге келді. Абай шығармалары қай елде, қай тілде жарыққа шықпасын, қазақ жазба әдебиеті атасының даналыққа толы поэзиясы сөз өнерін сүйетін талғампаз жұртшылықтың жүрегіне қашанда жол табары хақ. Өйткені Абай даналығы уақыттың да, кеңістіктің де сынынан өтіп, жалпыадамзаттық рухани құндылыққа айналып кеткен. Белгілі орыс ақыны, Абай шығармаларының аудармашысы Константин Алтайскийдің сөзімен түйіндесек, Жер-жаһанның қай түкпірінде болсын Абай ақынға есік біткен әркез айқара ашық.
«Литературная газета».
Мәскеу. 15–21 шілде. 2020 жыл.
Аударған Балжан ХАБДИНА.