Құндылығын жоғалтпаған «Құнанбай»

Елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры ұжымы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейінгі бірнеше айға созылған үзілістен соң алғашқы премьерасын көрермен назарына ұсынды. Жыл келгендей жаңалықтың жаршысы болған қойылым қазақтың ардақты тұлғасы Құнанбай Өскенбайұлының сахнадағы көркем бейнесін жаңаша қырынан ашуға бағытталды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, авторы – Таласбек Әсемқұлов.

«Абайдың шыққан биігі – Құнанбай­дың иығы» деген ел арасында жақсы бір сөз бар. Алайда Алашқа Абайдай алыпты сыйлаған таутұлғаның қайраткерлігі түр­лі саяси себептер астарында көмес­к­іленіп, ел үшін сіңірген ересен ең­бегі ұзақ уақыт бойы өзінің тарихи әді­летті бағасын алмай келді. Олай дей­тініміз, ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай бейнесі бізге тұлғаның шынайы бейнесін бүркемелеп, әділетсіз, қатыгез, зорлықшыл озбырдың сыр-сипатын беріп, жалпы қайраткер жайлы түсінігіміз сол негізде қалыптасты емес пе?!

Араға сандаған жылдар салып, тұл­ға бейнесін жаңаша қырынан тануға ба­ғытталған соны талпыныстар бүгінде Құнан­бай қажыға деген бұрынғы түсі­нік-танымды түбегейлі өзгертті. Оның айқын айғағы – жазушы Таласбек Әсем­құлов киносценарийі негізінде Қазақ­станның халық әртісі Досхан Жол­жақ­сынов 2015 жылы түсірген «Құнан­бай» тарихи драмасы болса, міне сол ізденіс іздері үзілмей араға тура алты жыл уақыт салып театр сахнасы арқылы және бір соны сараптауларға ұласып жатқандығы көңілге есепсіз қуаныш сыйлағаны сөзсіз.

Рас, Қ.Қуанышбаев атындағы ака­де­миялық Қазақ музыкалық драма
театры ұжымының Абай, Абылай хан, Кенесары, Зере, Шоқан, Әміре, Сәкен, Мұқағали, Фариза сынды тұлғалар табиғатын сөйлетудегі бай тәжірибесі Құнанбайдың көркемдік әлемін ашуда да сүрінбейтіндігіне сендік. Алайда «Біртуар Таласбек Әсемқұловтың әлде­қашан кино тілінде сөйлеп, көрер­ме­ніне кеңінен танылып үлгерген бел­гілі киносценарийін сахнаға әкелу қан­ша­лықты ұтымды болар екен?» деген күмән­нің де көңілде қылаң бере қалғаны жасырын емес. Ол күдікті біз ғана емес, режиссердің өзі де сезініп, жаңа қойы­лымға үлкен тәуекелмен кірісіпті.

– Бұл «Құнанбай» – менің көруімдегі, режиссерлік төл тануымдағы Құнанбай. Әу баста шығарманы алғанда әлбетте кү­мән болды. Өйткені Таласбек Әсемқұ­лов ағамыздың киносценарийі бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын фильм түсіріліп, көрерменнің бағасын да әлде­қашан алып үлгерді емес пе? Енді сол дүние­ні сахнаға шығарып қандай жаңа­лық әкеле ала­мын деп ойладым. Сондықтан болар, атал­ған материалды театр актері Ерлан Малаевтың 50 жылдық мерейтойына орай әріптестердің ұсынысымен оқуға кіріскеніммен, сценарий спектакльге айналып кетеді-ау деген ой-құлшыныс менде мүлдем болған жоқ. Тек белгілі туындыны тағы бір мәрте оқып, жақынырақ танысып, ойланып көрейін дедім. Бірақ шығарманы қолға алғанда Құнанбайдың абақтыға түсетін эпизоды, ондағы бас кейіпкердің ішкі жан дүниесінде өтетін өзгерістер мені қатты толқытты. Осы негізде спектакль жасағым келді. Яғни қаһарымен маңайын қалтыратқан Құнанбайдың түрмеде өткен бір жарым жылдағы түсі­нігіндегі түбе­гейлі төңкеріс, рухани кемел­дену жолына бастаған гуманистік ойы жаңаша бір қойы­лымға сұранып тұр­ғанын түсіндім, – дейді спектакль режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Иә, күллі Тобықтыға пір болған Құ­нан­­бай қажының өмір тағылымы һәм ұс­танымы қай кезде де өзінің тура­шыл­дығымен, әділеттілігімен құнды, бағалы. Оны Ахат Шәкәрімұлының есте­лігіндегі Құнанбайдың немересі Шәкәрімге айтатын мына бір ақыл-өсиетінен де айқын аңғаруға болады: «Мен абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл» – дедім. Бірақ балаларымды, туысқандарымды тату-тәтті қыл деп тілемедім. Оны да тілесем, беретін еді. Сол үшін тілегімді алдым. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адал­дыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиын­нан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді? Туыстарым! Сырттан келіп жаға­ласпады. Ішімнен жау шығып жаға­ласты! Сырттан іш жауы жаман. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң да, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәр­дем ет! – деп, құлағыма құя беретін дей­тін Шәкәрім», деп жазады естелік авторы.

Бұл үзіндіден Құнанбай қажының әуел бастан-ақ алдына ұлы мұрат қойып, әді­леттің жолына ерте түскен, алды-артын, алыс-жақынын айқын болжай білген көрген һәм кемеңгер келбетін, аса соқталы тұлғалық болмысын аңғаруға болады. Демек, Құнанбай табиғатына тек сыртқы факторлар мен маңайындағы адамдардың, сыртқы күштердің әрекеті мен пікірі негізінде баға беруден гөрі, тұлғаның қатпарға толы күрделі болмысын өзінің ішкі арпалысы, толқынысты ойлары ар­қылы сараптау әлдеқайда ұтымды қадам болар еді. Осыны негізге алған режиссер сах­нада сәтті ізденіс көрсетеді. Біздегі кино, театр әлеміндегі көп қайталанатын үрдістей – кино нұсқаны айна-қатесіз сахнаға көшіріп алмай, ойлы туындыдан режиссер өзінің соны сүрлеуін табуға ұмты­лады, тың формалық сараптауға барады. Осы жағынан келгенде Құнанбайдың сах­надағы портреті қарапайым адами һәм пен­деуи тұрғыда барынша сәтті ашылды деуге болады.

Ал енді актерлік ізденіске келсек, бұл жағынан таласты сұрақ та, көрермен ре­тін­де қабылдауға қиындау олқылықтар да кездескендігін атап өтуге тиіспіз. Басты рөлдегі екі құрамда ойнаған қос актер – Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ерлан Малаев пен Нартай Сау­данбекұлының Құнанбай бейнесін сараптаудағы ізденістері тұлға табиғатын тану тұрғысынан да, типтік бейне бояуын берудегі ізденісі жағынан да бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленгенімен, алайда қос сахнагер ойынынан естеліктерден оқып таныған қажы, болыс, тұлға, қай­раткер Құнанбайдың мысы мен тереңдігін, өкінішке қарай, көре алмадық. Әсіресе, бұл жағы Ерлан Малаев ойынында тіпті сол­ғын. Басқаны айтпағанда, қарапайым ғана антропологиялық һәм типтік бейне ұқсастығы жағынан да актер Ерлан Малаев бейнесі Құнанбай болмысынан көп алшақ. Әлбетте, бұл заманда ол дәуір­дің Құнанбайын көрген ешкім қалған жоқ дерсіз. Әйтсе де, театрға келген бес қа­зақ­тың кемінде үшеуі «Абай жолын» оқыды емес пе?! Сондағы Құнанбайдың кескіндемесін, жалпы тұлғаның бар болмысын ойша көз алдыңызға әкелткізетін мына суреттеуді оқудың өзі-ақ кейіпкердің жал­пы бейнесін айқын көрсетіп тұрған жоқ па?! Ендеше, алысқа бармай-ақ, көңіл­де жат­талып қалған сол үзіндіні еске түсіріп көрейікші:

«...Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор дауысында ыза мен зіл бар... Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлейді», деп суреттейді Мұхтар Әуезов.

Ендеше, театрға келген көрермен ең әуелі осы ұқсастықты іздері анық. Біз­ де сөйттік. Сыртқы ұқсастықты айт­па­ғанда, жалпы актер Ерланның сахна­лық характерін, актерлік амплуасын жіті­ танитын көзі қарақты көрермен кесек рөл актердің оң жамбасына кел­ме­ге­нін, яғни Құнанбайдың Ерланды аздап «жатырқағанын» бірден байқайды. Кері­сінше, дайындық уақытының тым қысқа болғанына қарамастан небәрі 15 күннің ішінде күрделі бейненің кіл­тін табуға ұм­тылған актер Нартай Сау­дан­бекұлы ойы­нындағы бірді-екілі кем­шілікті ескермегенде, сахнагер сараптауынан жалпы табысты ізденіс іздерін көре алдық. Ұзақ уақыт үзілістен соң сахна төріне қайта шыққан әртіс ойынында кейіп­­керіне деген шексіз сүйіспеншілікпен бір­ге қалың көрерменіне бағытталған сағы­ныштың ыстық лебі де айқын сезіліп тұр­ды.

– «Құласаң – нардан құла» дейді ғой. Құнанбай рөлінде бағымды сынап көрсем деп режиссерге ұсынысты өзім айтқаныммен, рөлді алған соң оның жауапкершілігін сезініп, қатты қобал­жыдым. Бірақ «шешінген судан тайын­бас» демекші, бірден дайындыққа кірістім. Тура мағынасында күндіз күлкі, түнде ұй­қыны ұмыттым. Құнанбай – мен үшін асу бермес асқар болды. Алайда бұл қиындықты қалай да жеңуім керек еді. Өйткені бізде, қазақ театрларында фактурасы келіскен, бойы ұзын, алып актерлердің үлкен трагедиясы бар. Оларды режиссерлер кілең ұр да жық батыр, балуандардың, қара күштің иесі ретінде көрінетін бір пландағы рөлдерге салады. Менің де осы уақытқа дейін ойнаған рөлдерімнің көпшілігі Балуан Шолақ бастаған алып күш иелерінің адуын бейнелері екен. Осы қағиданы бұзғым келді. Актер ретінде көрерменіме өзімді ойлы, ойлантатын бейнеде көрсетуді көкседім. Кезінде Дос­­­хан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінде Құнанбайдың көмекшісінің рөлін ойнағанмын. Сонда жүріп Құнанбай бойы ұзын, иығы киіз үйдің уығына тиіп тұратын алып кісі болған деген дерек естідім. Кейін өзім үшін ізденіп, Құнанбай жайлы қызықты деректерге кезіктім. Осының бәрі маған дайындық барысында көмекке келді, – дейді актер Нартай Сауданбекұлы сомдаған кейіпкері туралы толғанып.

Иә, Құнанбай – күрделі бейне. Бұған тәуекел ету кез келген сахнагерге қол емес. Әйтсе де алда кездесер қиындықтардың жауап­кершілігін сезініп, батыл іске кіріс­кен труппа еңбегі шын мәнінде құр­метке лайық. Осы тұрғыда қойылымды музыкамен көркемдеген Олжас Жақыпбек, сценограф – Қанат Мақсұтов, костюмдер бойынша суретші Шынар Елембаеваның жұмыстарын айрықша атап өткіміз келеді. Тек бір ғана мәселе – жарық қоюшы мамандар жарық қоюда әлі де жан-жақты ізденсе деген тілегіміз бар. Өйткені қойы­лым бойы бірыңғай күңгірт бояуға арқа сүйеу – спектакль динамикасын тежеп, қойылымның бірсыдырғы сипат алуына әсер еткені анық. Осындай азды-көпті кем­шіліктерді ескермегенде, жалпы жан-жағы теп-тегіс, оқиғасы ширыққан, мазмұны жұмыр шыққан жақсы қойылымның куәсі болдық. Ақыш Омар, Жанат Шай­кина, Жанқалдыбек Төленбаев, Кеңес Нұрланов, Сырым Қашқабаев, Жәні­бек Мұсаев, Қуандық Қыстықбаев, Нұр­кен Өтеуілов, Асхат Сұлтан, Жанат Оспа­нов, Олжас Жақыпбек, Шах-Мұрат Ор­да­баев, Жасұлан Ерболат, Нұрсұлтан Есен бастаған актерлер ізденісіне риза көңіл­мен көрерменге қосылып біз де толассыз қол соқтық, өнерлі ұжымға шексіз ықы­ласымызды арнадық. «Құнанбай» – қазақ театр қоржынына қосылған кесек туынды.

Назерке Жұмабай

Егемен Қазақстан