САНДЫҚТАН ЖИНАҚҚА ДЕЙІН

Отаршылдықтың езгісінен есеңгірегеніміз сонша, Кенесарының басы ғана емес, Абайдың жеке жазбалары сақталған сандыққа да ие бола алмай қалыппыз-ау. Абайдың үйін тінткенде «ішінде не сайтан бар?» деп, Омбыға әкеткен жерінен қайтарылмағаны «Egemen Qazaqstan» газетінде де жазылды. Сол қалпы сол жерде қалды ма, босқындармен бірге шетел асты ма, өртеніп күлге айналды ма, белгісіз екені айтылды. Не болса да Абайдың шешілмеген бір жұмбағы сол сандықта кеткендей көрінеді. Өткен жылдың соңында шыққан Абай шығармаларының үштомдық академиялық толық жинағын қолымызға ұстаған бетте, кейінгі кездері құлағымыз шалған осы әңгіме бірден ойымызға оралды. «Абайтанушы Зарқын Тайшыбай айтып жүрген бұл сандық іздеуге тұратын үміт бар дүние ме? Осының басын ашып берсеңіз, бек жақсы болар еді» деген сұрағымызға жинақты шығарушы топ жетекшісі, әдебиеттанушы ғалым Кенжехан Матыжанов: «Бұл басы ашық мәселе, әрине іздеуге тұратын асыл мұрамыздың біреуі. Абай тағдырына қатысты әлі де іздейтін дүниеміз өте көп. Абайдың көрген соққысы еліміздің тарихындағы басынан ұрып есеңгіреткендей ең бұралаңы көп жолдың бірі болғанына тәуелсіздік алғаннан кейін көзіміз жетіп отыр. Абайдың өз өмірі де, шығармашылық ғұмырбаяны да талай шырғалаңға түскен. Оны бұрынғыдай өз ортасынан көру аз, отаршылдықтан да көру керек. Патша өкіметінің тұсындағы Абайдың үйін тінтуді айтпағанда, Кеңес өкіметінің кезіндегі тоналған дүниесі орны толмас орасан зор шығын деуге болады», деп жауап берді.

 

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Он бірінші жинақ

– Сандық дегеніміз кәдімгі сандық па, әлде символдық түрде айтылған нәр­­­се ме?

– Сандық екені сенімдірек. Бірақ қа­лай болғанда да Абайдың үйін тінткені рас. Сандық қана емес, басқа мұраларды да алып кеткен. Сондықтан Абайдың қол­­жазбасы бізге жете алған жоқ. Абай сол кезде мырзақамақта айлап отырған.

– Иә, ол жағын әрі қарай қазбала­ма­­сақ та белгілі. Бастысы, Абайдың қол­­­жаз­ба­ла­ры екі дәуірде де қиянатқа ұшы­­рағаны анық. Жалпы, осылай тір­нек­теп жинаған дүниелер толық жи­нақ ретінде осымен нешінші рет жа­рық көріп отыр?

– 1909 жылғы Санкт-Петербургте Кәкітай мен Тұрағұлдар жинап, Әлихан Бөкейханның көмегімен шығарған алғашқы кітабын есепке алсақ, мына жинаққа дейін толық жинақ ретінде он мәрте жарық көрген. Сонда мынау он біріншісі болады.

– Біз толық жинақты ғана айтып отыр­мыз. Толық жинақ кейде түп­нұ­с­­қаның да орнына жүрсе керек. Ға­лым­дар: «Пәленінші толық жинағынан ал­дық» деп жатады. Академиялық деп отыр­ғандағы мұның ерекшелігі неде?

– Әлемдік өркениетте академиялық жинақ – қалыптасқан ұғым.Бұның толық жинақтан ерекшелігі – ғылыми текстологиялық талдау жасай отырып, суреткердің барлық мұрасын ішіне кіргізіп, ғылыми түсініктеме берген жинақты академиялық жинақ немесе ғылыми жинақ дейміз. Абайдың он бірінші академиялық толық жинағы осындай талап бойынша шықты.

– Бұған дейін де талай талқыдан өтті. «Ұлы­лардан қалған сөз бар ма?» де­­­ген де сұрақ туады. Жаңалығы бар деп сене­міз бе?

– Әрине, бар. Бірінші жаңалығы – Абайдың осы уақытқа дейін шыққан жи­нақ­тары қайтадан текстологиялық зерттеуден өтті. Абай шығармаларының қолжазбасы деген атпен белгіленген оннан астам қолжазба жинақталған. Соның ішінде Абайдың өзінің төл мұрасы деп аталатын қолжазбалар да бар. Ол бірінші жартысы дейік. Ал екінші жартысы 1909 жылғы жинақтан кейін содан көшірілген қолжазбалар. 1909 жылдан бері шыққан жинақтардың ішіндегі 4-5 жинаққа Мұхтар Әуезов жетекшілік еткен. Сондықтан сол мәтіндердің бәрін салыстыра отырып, текстологиялық зерттеулер жасалды. Екінші жаңалығы – Абайдың музыкалық шығармалары жинақталып енгізілді. Үшіншісі, он екі қолжазбаның ғылыми сипаттамасы жасалды. 1909 жылғы жинақтың факсимилелік көшірмесімен қоса, оның қазіргі кирилл қарпімен берілген нұс­қа­сы түгел салыстырылып берілді. Абай­дың Мағауияға, Ақылбайға, Сенат­қа жазған хаттары, «Қазақтың қайдан шық­қаны туралы бірер сөз» деп аталатын шығармасы үшінші томға жинақталды. Тағы бір айта кететін жайт, Абайдың шы­ғар­машылығында көп кездесетін араб, парсы сөздері де сарапталды. Абай араб, парсы тілдерімен қоса, сол кезде ортақ түркі тілі болған шағатай тілін де жетік білген. Сондықтан қарасөз­д­ері араб сөздерімен араласып келіп оты­рады. Соның ішіндегі Отыз се­гізінші сөз «Кітаби тастиқ» деп ата­лып жүрген шығармасын Төреәлі Қы­дыр қайтадан салыстырып, аудармасымен беріп жүр. Соңғы рет 1999 жылы Абайдың 150 жылдығының қар­саңында шыққан. Қазіргі жинақ сондай ізденістердің негізінде толық­ты­рылып, құрылымы жаңарып отыр деуге болады. Осылай әр жерден шыққан Абай шы­ғар­машылығына қатысты жаңа­лық­тарды жинастырып, салыстырып, енгіздік.

– Абайдың өлең­дері мен қарасөз­де­ріне қаншама ғұлама бас қа­­тыр­ған, әр әрпіне дейін түген­де­ген. Олар да талай таласқан, ал сіз­дер қа­лай та­лас­тыңыздар? Акаде­мия­лық жи­­нақ­ты дайындағанда ауыз­бір­шілік бол­ды ма?

 – Идея бірлігі болды. Шама жеткен­ше барлық абайтанушы атсалысты. Бірақ Абай шығармаларын дайындау қай кезеңде де оңай болмаған. Мәселен, бізде Абайдың өзі жазған қолжазба қалған жоқ. Мүрсейіттің көшірген үш кө­шір­ме­сі бар. Барлығын салыстырған кезде әр жинақ пен әр қолжазбаның арасында әркелкілік шығады. Пікірталас өте көп болды. Әрбір өлеңнің бір жолын оқыған сайын сұрақ қойылып отырады.

– Негізгі талас қашаннан Абай шы­ғар­­ма­ларының текстологиясына бай­ла­­ныс­ты жүреді ғой. Осыған қатысты мы­сал айта аласыз ба?

– Мысалы, бізге белгілі кейбір өлең­де­рінің өзін әртүрлі жариялап жүр­ген жағдайлар бар. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дегендегі сөз басы «жүрегімнің» деп жатталып қалған. Ал қолжазбаларда «жүрегіңнің» деп берілген. Бұл күнде айтылып, күнде жатталып жүрген өлеңінен алынып отыр. Ал басқа өлеңдерінде әртүрлі айтылатын сөздер біреу-екеу емес. Мұхтар Әуезовтің өзі екі түрлі жазған. Біріншісінде «жүрегім» деп, екін­шісінде «жүрегің» деп жазыпты. Сондай-ақ «Жүректің ақыл суаты» деп те, «сауыты» деп те жүр. Біз «суаты» де­г­енге тоқталдық.

 

Бұл да соңғы нұсқа емес

– Осы арада абайтанушы ғұла­ма­­лар­­дың көзін көрген ғалым Мекемтас Мыр­зах­метұлын әңгімеге аралас­тыр­­ғым келіп отыр. Тоқсанға келген жа­с­ына қара­мастан осы үштом­дық­тың шығуына бас-көз болған ғалым. Мекемтас аға, ака­де­миялық жинақ­қа көңіліңіз толды ма? Бұрын қалай шы­ғушы еді? Қазір­гі­лер қалай шы­ға­рады екен?

– Бұрын аздап «диктовка» болатын, ал қазір демократиялық түрде жұмыс істе­дік.

– «Диктовка» дегеніңіз қалай?

– Үлкен кісілер бұрмалап жібереді. Айтқанынан қайтпайды. Ал қазір ойын еркін айтады. Санамызға қондыруға болатын нәрселерді қабылдап отырдық. Мәселен, Абайдың өлеңінде «Ақыл мен Қауас барлығын» деген жол бар. Сәбит Мұқановтың айтуымен «Ақыл ме­н Қауас» деп осылай үш сөз болып жа­зыл­ған. Қисынға келмейді. Қауас деп Алла тағаланы да айтады. «Ақылыңмен Алланы тани алмайсың, жүрекпен сезе­сің» деген сопылық пәлсапа тұр мұ­ның ар жағында. Міне, солай «ақылмен» дегені бірігіп жазылуы керек. Бұрынғы басылымында үстемдік жа­сап кетіп ескіше бердік. Бұл жолы жа­ңаша бердік.

– Жас ғалымдар қалай екен, аға?

– Жас ғалымдар әлі қанаттанбаған ғой. Текстология артта қалған. Енді қа­л­ып­тасып келе жатқан ғылым. Біле-білсе­ңіз біздегі текстология Абай ар­қы­­лы қалыптасып жатыр. Өз басым Абайдың шығармашылығына ерте араластым. Бірінші рет осының толық библиографиялық көрсеткішін жасадым. Жасап қана қойғаным жоқ, толық оқып шықтым. Сөйтіп «байып» алған жағдайым бар, білгенімше ақылымды айттым. Бұл жолғысы тұрақтанған ка­нон­дық мәтінге бағытталды. Келесі ұр­пақ дәлел тапса, өзгеріс енгізуі мүмкін, дәлел болмаса, осы бойы тұрады.

 – Мекемтас аға, осы соңғы нұсқа болуы мүмкін бе?

– Жоқ, өйтіп айта алмаймын. Өйткені заман өзгерген сайын, Абайға көзқарас та өзгере бастайды. Ендігі келетін ма­ман­­дардың Шығыс тақырыбына даяр­лы­ғы болу керек. Егер олай болса, өзге­ріс болуы мүмкін.

– Абайдың өзінің қолжазбасы жоқ­қа тән емес пе?

– Анау екі бет, қазақтың қайдан шық­қа­ны туралысы ғана сақталған, қалғаны жоқ. Хаттары бар. Абайдың өз қолымен жазғандары сақталса, бүйтіп әуре болмас едік. Мұнда Әуезовтің рөлі өте үлкен. Кейін Әуезовтегі билікті Сәбит Мұқанов алып кетті. Сөйтіп Абайдың қолжазбасы бір ізге түспей кетті.

– Аға, бұл әңгімені бекер айтып отыр­ға­н жоқпыз. Абай шығармаларының ендігі тағдыры кімнің қолында болады деген алаңдаушылық біздің де, сіз­дің де ойыңызда бар. Енді Абайдың текс­то­­ло­гиясына қатысты белсеніп жұ­мыс істеген ғалым Төрәлі Қыдырды тыңдайық.

Ендігі тағдыры кімдердің қолында?

– Абайдың шығармаларын әр шы­­ғар­ған сайын талай дүние еске тү­сіп отырады. Талай дүниені түзеп те келе жатырмыз. Кешегі Әуезовтен бас­тап біршама ғұламаларымыз да түзеді. Олардың орнына келіп, сіздер де түзеп жа­тырсыздар. Осының мәнін түсін­ді­ріп беріңізші?

– Академиялық жинақтың негізгі объектісі қолжазбалар болды. Ғылымға белгілі және белгісіз қолжазбаларды жи­нақ­тағандай болдық, оның бәрі қазір институттың қорында тұр. Осы уақытқа дейінгі жинақтарда Мүрсейіттің қол­жаз­баларына сүйенген. Ал инс­титуттың басшылығы осы жобаны қол­­ға алған күннен бастап жан-жақтан қол­­­жазбалар жинақталды. Әлбетте, Аба­й­­­дың өзінің қолжазбасы жоқ, бірақ Абай шығармаларының қолжазбалары арысы 1897 жылға барады екен. Сол жылы князь Кудашев деген кісі Абай­дың он бес шақты өлеңін көшірген. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің үлгілерін де жинаған. 1897 жылы Сәдуақас Шорманов деген атақты қоғам қайраткері, қолжазбатанушы Абайдың қолжазбасы мен халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, бастыру үшін Санкт-Петербургке барған. Сол уақытта атақты түрколог, Петербург университетінің профессоры Мелиоранскийдің қолына түседі. Шорманов сырқаттанып, қайтып кетеді. Қолжазба Мелиоранскийдің қо­лында қалады. Қазіргі уақытта Салты­ков-Щедрин атындағы Ресей Ұлттық кітап­ханасында атақты түрколог Смай­ло­вич қорында тұр екен. Біз бұны да пайдаландық. Одан кейін хронологиялық тұрғыдан келетін болсақ, 1897 жылы Кудашев пен Шорманов қолжазбасы, 1906 жылы Мекаилға арнап көшірілген қолжазба, 1907 жылы тағы бір рет кө­шірілген, 1910 жылы Қожанұлы деген бі­реуге арнап көшірген. Бұл Мүрсейіттің көшіргендері. Сосын 1913-1914 жылдарда да Төлеу Түгелбайұлы дегеннің, Ахат Шәкәрімұлының, Тұрағұлдың, Шериазданның және есімдері белгісіз тағы екі адамның көшірген қолжазбасы бар. Жоғарыда айтқандай, барлығы он екі қолжазба қаралды. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі келді. Бұрынғы қадым жазуды бүкіл түркі халқы түсіне беретін. Абайдың 1866 жылы інісі Қалиоллаға жазған хаты қа­дымша еді. Одан кейінгі көшірмелерге жә­дидше сөздер араласа бастады. Мүр­сейіт­тің қолжазбалары қадым үлгі­сінде жазылған болса, кейінгілерінде Байтұрсынұлы әліппесінің ықпалы бар. Біз білетін «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген жол бар. 1909 жылғы жинақта «Қартайдың, қайғы ойладың, ұйқың сергек» болып берілген. Жоғарыдағы қолжазбаларда да осындай әртүрлілік бар. Осындай жерлерге келгенде біраз пікір қайшылықтары болды.

– Осыны Кенжехан Матыжановтан тағы сұрайыншы. Сіз, Кенжеке, ауыз­­бір­ші­­лігіміз­ мықты болды деп еді­ңіз. Жаңа Мекемтас ағамыз да бір әң­­г­і­­менің шетін шығарды. Төрәлі Қыдыр да әл­денені меңзеп отыр. Со­ған қа­ра­ған­­да, кейін де бір әңгі­ме­лер туады-ау?

– Бұл жинақты құрастыруға еліміз­дегі ең мықты абайтанушылар жи­налды және солардың әр кезеңдегі ұр­пақ­­тары болды. Мәселен, Мекемтас ағамыз тоқсанға келіп отыр, академик Сейіт Қасқабасов сексенде, белгілі абай­танушылар Тұрсын Жұртбай мен Қа­нипаш Мәдібаева жетпістің ішінде, одан кейін Тұрсынжан Шапай екеуіміз алпыстың ішіндеміз, мына Төрәлі мен Еркін Шүкімән елуді алқымдап қалды. Бағашар Тұрсынбайұлы деген жас жігіт отызға келген. Міне, осы атал­ған ұрпақ өкіл­дерінің Абайды тануда өз көз­қа­раст­ары бар. Соның ішінде Тұрсын Жұрт­байдың соңғы зерттеулері оқыр­ман­ды қызықтырып жүр. Бірақ сонда да бұрынғыдай бір адамның ғана пікіріне байланып қалған жоқпыз. Әр өлеңді оқып отырып, қырық пышақ болып дауласып, ақырында бір жүйеге келтіріп жасағанымыз да рас.

– Е, бәсе!.. Абай шығар­машы­лы­ғын­да ерекше орын алатын және халыққа ең танымалы оның әндері емес пе? Осы та­қырыпта үштомдық академиялық жи­нақ­қа жұмыс істеген белгілі дәстүрлі ән­шіміз Еркін Шүкімәнға да кезек беріп көрейік онда.

 

Абайдың қанша әні бар?

– Ереке, осыған дейін Абайдың жиыр­ма шақты әні бар деп жүрміз. К­е­йінгі кезде Абайдың сөзіне ән шы­ға­рып жүр­ген­дер де бар. Барлығын жинап енгіз­діңіздер ме, тек әлде халық­­тық болып кеткен әндерді ғана енгіз­діңіздер ме?

– Абайдың өзінің ғана әндері кірді. Бірақ бір қызығы әр жыл сайын Абай ән­дерінің саны көбейіп отырған. Абай­дың әндерін алғаш нотаға 1920-1922 жылдары қазақ ауылдарын аралаған музыкант, этнограф Бимбоэс Альвин Эрнес­то­вич түсірген екен. «Сегіз аяқ» пен «Татьянаның хатын» жазып алған. Онан кейін Затаевич, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбановтар нотаға түсірген. Одан бөлек М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қо­рын­­да Тұрағұлдың қызы Мәкен Мұ­ха­­мед­жанова апамыздың орындауында он жеті ән сақталған. Ол кісі орын­да­ған біраз ән консерваторияның да қорында сақтаулы тұр. Жалпы, Мәкен апа­мыздан екі рет жазылып алған екен. Кон­серваторияда 1960 жылы жазылған, бірақ қанша ән жазылғаны белгісіз. Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 1984 жылы он жеті әні жазылған екен. Абай әндері 1920-1922 жылдары алғаш нотаға түссе, әрі  қарай жинақталып, 30-40-жылдардан бастап Абай әндерін зерттеу басталды. Қырқыншы жылдары шыққан толық жинақта он алты әні жарияланған. Кейбір әндер екі нұсқасымен жарияланған. Сол екі нұсқасын қосып есептегенде, қырқыншы жылғы жинаққа жиырма ән еніп отыр. Содан кейін 1954 жылы тұң­ғыш рет «Абайдың музыкалық творчест­во­сы» деген жинақ жарық көреді. Оған 35-36 ән енген екен. Кейін 1986 жылғы «Айттым сәлем, Қаламқас» жинағында 65 ән, 3 күй топтастырылыпты. Қарап отыр­саңыз, жыл сайын көбейіп отырған. Мұның барлығы Абайдың әндері түрге және нұсқаларға бөлінгенінен деп ойлаймын. Мысалы, бүгінгі күнге дейін «Сегіз аяқтың» төрт түрлі нұсқасы бар. Біріне бірі ұқсамайды. Түрге бөлдім, оның ішінде нұсқаларға бөлдім. Сонда «Сегіз аяқтың» 17-18 түр-нұсқасы шық­ты. «Татьянаның хаты» да солай. Тіпті «Желсіз түнде жарық айды» Әлкей Мар­ғұ­лан «Қараңғы түнде тау қал­ғып­тың» әуенімен айтып берген. Кеңес өкіметі кезіндегі жинақтарға енбей қалған зерттеу еңбектердегі әндер, Абай әні деп жеткен консерваторияның ғылыми зерт­ха­насынан табылған көптеген аудио­жаз­бадағы әннің барлығы қарас­тырылды. Абайға қатысты музыкалық мұралардың барлығын тегіс жинадық. Соның ішінде Абайдікі дегендерді бір-бір нұсқадан, тек 6-7 ән ғана екі нұсқадан берілді. «Көзімнің қарасының» екі түрі жеткен. Ешқандай талассыз оны бердік. «Қор болды жаным», «Біреуден біреу артылса» деген әндерін екі нұсқадан бердік. Кім жақсы айтты, соның орындауында емес, Абайдың тәрбиесін көрген немересі Әрхам Ысқақов пен тікелей ұрпағы Мәкен Мұхамеджанованың айтуын­дағы, Мұхтар Әуезовтің жа­зуын­дағы, Әміре Қашаубаев пен Жүсіпбек Елебеков сияқты үлкен әнші­лер­дің жеткізуіндегі әндерді бер­дік. Сонда Абайдың 24 әні бар. Бірақ соның ішінде екі әнге күдік-күмән туып тұр. Олар «Татьянаның өлердегі сөзі» мен «Қара­шада өмір тұр» деген әндері. «Татья­на­ның өлердегі сөзі» он бір буынды қараөлең типінде болғанымен, айтылуы жағынан жоқтауға ұқсайды, әуені жағынан Абайға жақын емес. Бірақ өзінің ұр­пағы Мәкен апамыз айтып отырғаннан кейін енгіздік. «Қарашада өмір тұр» әнін Бимбоэс Альвин Эрнестович 1920-22-жылдары алғашында Шәкәрімдікі деп жазып алады. Сол тұста Затаевич «Тілек-батам» деп түсірген екен. Хамиди 1944-жылдары Жүсіпбек Елебековтен «Қарашада өмір тұр» деп жазып алыпты деседі. Бірақ Хамиди оны Жүсіпбек Елебековтен емес, Әрхам Ысқақовтан жазып алғанын анықтадық.

 

P.S. Кейде біз тіліміз бен ділімізді, дәстүр-салтымызды ғана емес, Абайды да қорғауға мәжбүр болып қаламыз. Бір кезде Абайды кришнаит жасады, енді келіп Абай сондай данышпан болса, қолжазбалары неге сақталмаған деген әңгімелер шығып жатыр. Бір сәтке босаңситын болсақ, Абайды иеленіп кеткісі келетін күштер бар екеніне де көзіміз жетті. Шындап келгенде, абайтануға ішкі-сыртқы саяси күштер де араласып кетуі ғажап емес. Сондайда қолымызда мықты дәйек, бұлтартпас дерек, тапжылтпас тұжырым болуы керек. «Абайдың үштомдық академиялық толық жинағы» осы мақсатқа қызмет етеді ғой деген ойдамыз.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

Егемен Қазақстан