ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Гүлжанат ОРАЗБЕКҚЫЗЫ: АБАЙ МЕН АЛАШ ҮЙЛЕСІМІ

Гүлжанат ОРАЗБЕКҚЫЗЫ: АБАЙ МЕН АЛАШ ҮЙЛЕСІМІ

Оқылған 3321 рет

Қосылған күні: 09.04.2021

АБАЙ МЕН АЛАШ ҮЙЛЕСІМІ

(Алаш құндылықтары мен Абайдың «Қара сөздерінің» өзара байланысы)

 

Абайтануды алғаш жүзеге асырғандар – ХХ ғасырдың басындағы

қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұланғайыр істердің бастау көзі ұлы Абайды тану мен танытуда деп біліп, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық қасиетін ардақтауға ұмтылды. Абайды өздері ғана қадір тұтып қоймай, оның ұлт абызы ретіндегі кемеңгерлік тұлғасын өздері айтпақшы «жұртқа»,

яғни көпке танытуды мақсат тұтты.

(Өмірхан Әбдиманұлы)

 

     Әңгіменің әлқиссасын «үйлесімділік», «үндесім» дегеннен бастағым келеді. Жаратылыста үйлесім көбірек көрініс тапқан. Сондай-ақ әдебиетте де үйлесімділік тапқан дүниелер көп. Бұдан бұрын ақын Т.Айбергенов пен М.Шаханов шығармашылығының рухани үйлесімділігі жөнінде қалам тартқанмын. Мен сонда екі бөлек адамның шығармаларынан үндестік байқап, егіз ойлар, егіз сезімдерге таңдай қақтым. Бұл жолы қазақтың бас ақыны Абайдың қарасөздері мен Алаш құндылықтарының байланысын екі аспектіде қарастырмақпын. Оның бірі - «Алаштың демократиялық құндылықтары мен Абай қарасөздері», екіншісі - «Алаш арыстарының асыл сөздері мен Абай қарасөздері» болмақ.

     Абайдың ғақлия қарасөздері – Сайын Назарбекұлы айтқандай, тек бір адам емес, бүкіл адамзат пенделерінің мүддесіне сәйкес келетін ойлар жиынтығы. Шағын прозаның осындай ерекше түрі мен «Алаш» партиясы бағдарламасындағы ойлар сарындас.

«Алаш» партиясы –1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде құрылған қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы.Партияның бағдарлама құрылымы: «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «Ғылым-білім үйрету», «Жер мәселесі» атты он бөлімнен тұрады [1, 59-б].

     «Жергілікті бостандық» атты бапта: «"Алаш" партиясы қазақтың би, болыс, ауылнайлары сияқты орындарында қызмет ететін адамдар жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етерге көңілді адамдар болуына жаһид қылады (тырысады). Земстволардың управаларында, милицияларында таза қызметші боларлық адамдардың атын халық қалауына салады. "Алаш" партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жәбірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарақи ету жағына бастайды (дамыта бастайды)»,- делінген. Ал Абай заманында сайлау қалай болды? Ол өзінің үшінші қарасөзінде былай дейді: «Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание - тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Ол болыс болғандар өзі  қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан  келеді деп» [2, 105-б]. Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадірлі орысша білім алған кісі болуын, бұған қоса бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білуін құптайды. Ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, түзету енгізу қажеттігін айтады.

Абай алтыншы сөзінде:

Кеселді, жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың – пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас

- дей отырып, ең қорқыныштысы – осындай тұрпатты адамдардың қолына тиген билік екенін меңзейді. Сайын Назарбекұлы бұл сөзді былай түсіндіреді: «Әлгі қасиеттерімен ел басына жіберілетін «құрметті қайраткерлер» ішінің настығын байқатпай, пысықсынып, ел сөзін сөйлегенсіп, алып қал, жұлып қал принципімен өмір сүреді»,- дейді [3, 27-б]. Абай аңсаған татымды билік шығаратын болыс кісі ол заманда аз болғанмен, «Алаш» партиясы тұсында мүмкін еді.Отыз жетінші қарасөзінде: «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады», «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»,- деген қанатты сөздер бар [2, 62-б].  Қай дәуірде де халық қамын ойлайтын адал болыс – елдің арманы болды. Оған зар заман ақындарының жырлары куә. Абайдың өзі де болыс болған. Оның Күшік Тобықтыға болыс боп сайланғанын тарих жоққа шығармайды. Елді дұрыс жолға салатын, әділ де мықты болыс болып, губернатор тарапынан жоғары баға алған деседі. Өзге сайланған болыстарға берілмейтін 300 сом еңбек ақыны Абайдың алып отырғаны туралы да мәлімет бар.«Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап»,- дей жөнелетін көлемді өлеңінде көз көрген ащы шындықты жайып сап, өтірікті әшкере қылатын тұстары жетерлік.

     Өркениетті елдерде ел басқарушылардың, әлемге есімі танымал ақындар мен жазушылардың қолтаңбасын зерттеу бұрыннан қалыптасқан. Бұл тарихи, құнды құжаттар қатарында есептеледі. Ал, бізде, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында, арғы жағын айтпағанда, Жәңгір ханнан бастап ел басқарушылардың (жергілікті болыстар мен билердің) қолтаңбалары мен мөр бедерлерінің көпшілігі сақталған. Оны зерттеу, халыққа таныстыру, насихаттау қолға алынбай отыр. Абайдың болыс, төбе би болған кездеріндегі құжаттар қолда болмағандықтан, оның араб әрпінде қойылған қолтаңбасы кездеспеді. Тек Семей уезінің бастығы Навроцкийдің 1903 жылы 25 сәуірде Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың үйіне тінту жасаған кезіндегі қаулыда ғана оның «Ибр.Кунанбаев» деп ширатып қойған қолы көзімізге ыстық көрінді [4, 41-б]. Бұл мәліметтер Зияда Ижановтың «Асыл қазына» еңбегінен алынды. Онда автор ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатынан Абайдың өз қолтаңбасын тапқанын айта келе, оқырмандарға түсінікті болу үшін «Ибр.Кунанбаев» деген қолтаңбаның орысша қойылу себептерін әңгімелейді. «Абай болыс, төбе би болған кезде іс қағаздары орыс тілінде, ал қазақша іс қағаздары орыс графикасымен жүргізілді. Оның үстіне жоғарыдағы қаулы орыс тілінде. Сондықтан Абай бұл қаулының уезден асып, облыстық әскери губернатордың қолына тиетіндігіне зердесі жетті. Оның үстіне Абай 1876-1877 жылдан бастап қазақ болыстарының іс қағаздарының орыс графикасына көшкендігінен толық хабардар. Сондықтан бұл жерде Абайдың қолтаңбасын орысша емес, қазақша қойылған деп ұғуымызға толық негіз бар,- деп топшылайды. Бұл деректер Абайдың болыс, төбе би болғанын тағы бір қуаттай түседі.

     Ол кездегі «болыс» лауазымын бұл кездегі «ауыл әкімі» қызметімен пара-пар деп түсіндім. Осы тұста 1150 жыл толып отырған әлем ұстазы Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатын» тұздық қылсақ. Мемлекеттің күш қуаты мен биліктің мығым болуы әрдайым өзекті болып келді. Фарабтық ғұлама осы еңбегінде мемлекет басшысының бойынан табылуы тиіс он екі қасиетті санамалай келе, «Қайырымды қаланы» дәл осындай адам билеу керек деп нықтап айтады. Ол он екі қасиет: басшының он екі мүшесі сау; ақыл есі бүтін; алғыр да аңғарымпаз; сөзі өткір, тілге шешен; өнер білімге құштар, білімпаз; орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ; шыншыл; рухы биік, ар-намысты; игі істерге ынтызар; ашкөздіктен аулақ; қайырымды да мейірімді; бір сөзді; батыл да ержүрек. Осыған зер салсақ, мұның барлығыАбай мен Алаш партиясының би, болыс, ауылнайларға арнаған талап-тілектеріне сәйкес келеді.

    Алаштың «Сот мәселесі» бабында мынадай қаулы бар: «Осы күнгі қазақтың народный соты жоғалсын. Өзгертілетін соттың орнына қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылсын» [5, 40-б]. Яки, Алаш партиясы елдегі сот мәселесін түбегейлі өзгертуді қолға алған. Басқару ісінде Абайдың өзіндік ұстанымы болды. Ол әділ емес адамдарды билік ісіне, лауазымды орынға, сайлауға жіберуге болмайды деп есептеді және көп оқып, көкейіне түйгені мол адам болуы керектігін талап етті. Сонымен қатар, Абай әйелдердің құқықтарын қорғаған.Әйел  теңдігі  тақырыбы  Абай  өлеңдерінде  кең  қамтылып,  жалпы адамгершілік  идеясымен  қабысты. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі [6, 106-б].  Әйел құқығы демекші, «Қажеке, күні құрысын ұрғашының. Билігі болмаған соң бір басының» - деп тағдырын тілдеген ақын Сараның мұңы ойға оралады. Алаш партиясы әйел құқығына аса ден қойған. Ол жайлы «Ақиқат» журналының 1993 жылғы №1 санында тарқатылған қаулылар бар. Алаш партиясы әйелдердің саяси құқықта ерлермен тең болуын, күйеуге тию еркі әйелдің өзінде болғанын қалады. Сонымен қатар қалың малдың жойылуын, 16-ға толған қызға құда түсуді тоқтату, жесір әйелді әмеңгерім деп зорлықпен алуға тыйым, екінші әйел аламын деген адамның бұрынғы әйелінің ризалығымен ғана адам алуын, жеті атадан аспай жатып қазақтың қыз алмауын қатаң үндеген.

«Алаш» партиясының «Ғылым-білім үйрету» бөлімі мен Абай Құнанбайұлының ғылым-білімге үндеген барлық қарасөздері байланысты деп ойлаймын. Алаш зиялылары бұл бапта: жұртқа жаппай оқу тарағанын, мектепті ана тілінде оқығанын, қазақ тілінде орта мектеп, университет ашылғанын, ел ішінде кітапханалар ашылғанын құптады. Абай қарасөздерінің көпшілігінде «ғылым» мәселесі сөз болады. Ол бірінші қарасөзінде былай дейді: «Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік» [2,102-б].Демек, ақын айналасынан білгенін үйретер, білмегенін сұрар жан іздейді. Өзі секілді ғылым сөзін сөйлер кісіні күтеді. Әйтпесе ғылым бағудың керегі жоқ деп күйінеді. Оқу мәселесі хақында: «Жалпы міндетті бастауышта аса оқу қажет. Бастапқы екі жылда оқу ана тілінде болсын. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бәрі де «қазақ» емлесімен жазылсын»,- деген бұйрықтар Алаш партиясы бағдарламасында бар. Ал қазір ше? Мектеп табалдырығын енді аттаған баланың иығына 1-сыныптан бастап, орыс және ағылшын тілдерін іле салады. Дайындық сыныбымен қосқанда, бала үш жыл таза ана тілінде білім алса, сонан кейін де өзге тілді оқытса болмас па?

     Ал бесінші қарасөзінде қазақтың тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейтінін, керісінше мал үшін қам жейтінін айтады. Мал табу үшін ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылатынын айтып, пұшайман болады. Олоныншы қарасөзінде қазақтың Құдайдан: өлсем орнымды бассын деп, артымнан құран оқысын деп, қартайған күнімде асырасын деп бала тілейтінін құптамайды. Сондай-ақ мал тілейтінін, алайда мал табу үшін Құдай Тағаланың  еңбек қылып, мал табуға берген қуатын адал кәсіп қылуға жұмсамайтынын айтады. Тіпті сол қуатты орнын тауып, сарып қыларлық ғылым бергенін, бірақ оны оқымайтынын, берген ақылды да жаратпайтынын өткір сынға алады. Яғни, ғылым оқып, ақыл үйреніп, еңбектеніп қана мал табуға шақырады. «Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды»,- деп шегелей түседі [2, 114-б]. «Әли-Имран» сүресінің 180-ші аятынан: «Алланың шексіз шарапатымен үйіп-төгіп берген мал-дүние, ілім, күш-қуат сынды нығметтерін игі жолда жұмсамай, сараңдық қылғандар бұл қылықтары үшін қайырлы болады деп ойламасын»,- деген сөзді оқыдым [7, 73-б].  Демек, Абай да, Алаш қайраткерлері де – Хақтың сөзін таныған, иманға берік тұлғалар.

Екінші бағытқа ойыссақ... Алаш қайраткерлері мұрасының құндылықтық өзектілігі жеткілікті деңгейде ескерілуі қажет. Әрі қарай Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды ұлт зиялыларының азаматтық ұстанымдары мен шығармаларынан құндылықтық бағдарды анықтайық.

Кемеңгер ақын – Абай шығармашылығына оның көзі тірісінде-ақ қызығушылық танытқан азамат–Әлихан Бөкейханов. Абайтану ғылымының алғашқы адымы Әлиханнан басталатыны рас. Себебі ол Абай шығармашылығын сипаттайтын тараулар мен мақалалар жазып, ақынның жақындарымен тығыз қарым-қатынаста болған. Оның мұраларын жинап, кітап етіп бастыру жолында өлшеусіз еңбектенген.

«Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деп ұран еткен Әлиханның ғылым-білім жайлы толғамдарына зер салайықшы:

  • Ø Білімге жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына

алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі.

  • Ø Рухани мәдениеттің бір белгісі – жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым

жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.

  • Ø Менің ойымша, қазір бар күшті жұмсап, қауырт кірісетін екі нәрсе деп

білемін. Бірі – милиция-әскер жасау, екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқталсын демеймін. Бірақ, бұл екеуі өзгелеріне негіз, бірі кейін қала тұруға болмайды.

  • Ø Надан жұрт – алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған ескісін кимек.

Ә.Бөкейханұлының пайымдары ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының:

«Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болу керек. Бай болуға кәсіп, білімді болуға оқу, күшті болуға бірлік керек. Сол керектің жолында жұмыс істеу керек», «Білім –бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді»,- деген сүбелі сөздерімен сарындас. Алаш қозғалысының белсендісі Отыншы Әлжан бұл тұста: «Мал, дәулет – ғылыммен табылады. Балаларыңа жақсы өнеге беріп, ғылым, өнер үйретсең, бұлар сізге бек разы болар һәм ол дүниеде де сіздерді Алла тағала жарылқар. Кім-кімге болса да балаларына тәрбие беріп, бұларды оқуға бермек – сын»,-дейді. Ал Халел Досмұхамедұлы болса: «Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары»,- деді [8]. Бұл тұста маған мынадай ой келді. Мектепте «Абайтану», «Әбіштану» сияқты, «Алаштану» факультативтік курсын неге тұрақты өткізбеске? Алаш – бөлек бір ғылым. Жас ұрпақ өткені мен бүгінін бағамдап, Алаш зиялыларын жете тануы керек деп есептеймін.

Ал Ұлы Абай білім-ғылым төңірегінде не дейді? «Қайрат, ақыл, жүрек

үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп басталатын он жетінші қарасөз баршаға аян. Мұнда ақын қайрат, ақыл, жүректің тартысын баяндау арқылы ғылым дәрежесінің биік әрі жүрекке жақын екенін байқатып тұр. Яғни, ғылым – тұжырым жасаушы. Ал отыз екінші қарасөзінде білім-ғылымды үйренем деушілерге бірнеше талаптар қояды. Ол әуелі былай дейді: «Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі.  Шала мейір шала байқайды» [2, 134-б].  Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керектігін айтады. Сонан соң: мұлахаза қылу (ойласу, пікір алысу) және берік мұхафаза қылу (сақтау, қорғау) керектігін ескертеді. Бұлар - білім-ғылымды көбейтетін адамның ішкі қарулары. Ой кеселді нәрселерден аулақ болуды, ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыттың бұзылмауын тапсырады.

     Адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерден болады. Абай айтқан «толық адам» болудың бір ұшы – білімде.Отыз сегізінші сөзінде:«Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»,- деуі сондықтан [2, 142-б]. Қазір ХХІ ғасыр – жаңа заман. Ақпараттық технология дәуіріне лайық, көш ілгері жас ұрпақ – көзі ашық, көкірегі ояу ғана емес, бәсекеге қабілетті болуы шарт. Ғылымның бір тұтқасын ұстап, жаһанға есік ашу арқылы, өз еліне жаңашылдықтың сәулесін түсірсе қандай ғажап! Кешегі өткен қайраткерлер ұрпақты білім-ғылымға шақыру арқылы осыны көкседі емес пе?

Абайдың үшінші қарасөзінде айтылатын: жалқау, қорқақ, мақтаншақ, арсыз, надан, сұрамсақ, тойымсыз, өнерсіз секілді сүйкімсіз қасиеттерді Алаш арыстарының көбісі сөз қылады. Мәселен, Шәкәрімнің мына өлең жолдары соның айғағы:

Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,

Арамдық, өтіріктен - ерте сақтан.

Күні бұрын жуытпа маңайыңа,

Есер, есірік, ынжықтық - солар жақтан.

Немесе: «Өзімшілдің іші – тар, ойы – шартық», «Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан»,- деген сөздері негіз болады.

Еңбек турасында да Абай мен Шәкәрімнің ойы бір. Шәкәрім:

Байлық жақсы екені елге мәлім,

Өзің істеп әдет қыл - келсе халің.

Қолың білсе біреуге жалынбайсың,

Шыдамды бол, еріншек болма, жаным

- деген сөзін, «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл», «Адал еңбек еткен ел-жұрттың – көңілі шат» деп толықтыра түседі [8].  Ал Абай қырық екінші қарасөзін былай бастайды: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі - жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар» [2, 166-б]. Халық жанашыры Міржақып Дулатұлының ойы былайша өрілген: «Тұрмыстың тетігі – кәсіпте, кісінің ақылын да, мінезін де, тәрбиелеп шығатын – оның қолданған кәсібі. Бұл тұрмыстың негізгі заңы, аспанның астында бұл заңға бағынбайтын жан жоқ» [8]. «Ниса» сүресінің 32-аятында еңбекке қатысты былай делінген: «Ер адамдардың істеген ісіне, еткен еңбегіне қарай алар сыбағасы (сауабы немесе күнәсі) болғанындай, әйелдердің де істеген ісіне, еңбегіне қарай сыбағасы (сауабы немесе күнәсі) бар. Ендеше, (не тілесеңдер де тиісінше дұға әрі адал еңбек етіп) Алланың шексіз шарапатынан тілеңдер. Шүбәсіз, Алла бәрін біледі һәм әр ісін біліп істейді» [7, 83-б]. Хакім Абай төртінші қарасөзінде: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау. Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды»,- деді емес пе? [2, 107-б]. Ақын Ықылас Ожайұлы «Абайды тани алдық па?» атты мақаласында: «Абайдың «алтын сандық кеудесінің кілті» тек қана дін. Дінді білмеген адамды Абай маңына да жолатпайды. Абай сөзі – Құран мен хадистің синтезі, осы қос құндылықтың өлең боп сөйлеген формасы. Осы дінді білгенде ғана Абай біздің өмір сүруіміздің стихиясына айналады»,- депті [9]. Бұдан не ұқтық?  Абайдың әрбір сөзі қасиетті құраннан бастау алғанын ұқтық.

 Жоғарыда айтылған жағымсыз қасиеттер әлі де қыр соңымыздан қалмай келеді. Еңбек етуге деген енжарлық, арзан күлкі, қылжақбастық – қазіргі қоғамдада бар. Одан арылу үшін «толық адам» болуға талпыну қажет.

        Абай мен Алаш – үлгілі үйлесім, рухани үндесім. Жоғарыда айтылған ғибратты сөздер үшін ғана емес, Абай мен Алаштың бет алысы бір бағытта болғаны үшін де есімдерін қатар атауға болады. «Құндылық» ұғымының қолданысы кең. Соның бірі ретінде, құндылықты — объектінің жағымды немесе жағымсыз жақтарын білдіретін философиялық-социологиялық ұғым деп түсінуге негіз бар. Алаш құндылықтары – Абай қарасөздерімен байланыста.Бұл мәселе жаңа сатыға жол тартып тұр. Абай және Алаш қайраткерлерінің мұралары жан-жақты талданып, қыр-сыры ашыла түссе дейміз. Осылайша, Алаш құндылықтары Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос; Көрмесең – істің бәрі бос», - деген адам болу бағдарламасымен астасып жатқандай...

Мағжан Жұмабаев «Алтын хакім Абайға» өлеңінде:

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:

«Қор болды қайран сөзім босқа!» - деме.

Артында қазақтың жас балалары мен

Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге!

Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,

Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын

Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар!

- дейді [10, 1-б].  Ақынға айтылған  арнаулар, берілген бағалар бұрын-соңды болған да, бола да бермек. Жыл керуені алға жылжыған сайын, Абай мұраларын ұлықтау бұрынғыдан да жаңғыра түсуде.

     Ұлы ақынның жетпіс жылдығына және қайтыс болғанының он жылдығына орай ұйымдастырылған Семейдегі кеште Нәзипа Құлжанова: «Абайды туғызған қазақ даласы, тағы да талай Абай секілді, бәлки одан да артық данышпандарды туғызар»,- депті.  Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Алайда, Абайдан асқан данышпан қазақ даласында әлі де туа қоймады...

 

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы,

«№7 мектеп-лицейі» КММ.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Оразбекқызы Гүлжанат

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қойгелдиев Мәмбет. Алаш өткен жол. Мақала. «Ақиқат» журналы.  №3, 1994 ж.

2. Құнанбайұлы Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Алматы: «Жазушы». – Т.2: Өлеңдер мен аудармалар. Поэмалар. Қарасөздер. – 2020. – 400 бет.

3. Назарбекұлы Сайын. Абай әлеміне саяхат: Шығармалар. 9-том. – Алматы: Жазушы, 2011. – 296 бет.

4. Ижанов Зияда. Асыл қазына. 2-том. – Алматы:Өлке, 2016. – 352 б.

5. «Ақиқат» журналы.  №1, 1993 ж.

6. Әуезов Мұхтар. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 31-т. 2008.-402 бет.

7. Құран кәрім. Қазақша түсіндірмелі аударма. Асқар Әкімханов, Нұрлан Анарбаев. – Алматы, 2020. – 624 бет.

8. Уәли Б, Жолдасбай С, Ерланұлы Е. Алаш айтқан асыл сөз. 2016.

9. Ожайұлы Ықылас. Абайды тани алдық па? Мақала. «Жалын» журналы. №7, 2010 ж.

10. «Қазақстан әйелдері» журналы. №7, 1995 ж.