XX ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ұлттық баспасөздегі
Абай туралы көзқарас
Абай еңбектерін жинақтау, насихаттау және бағалау жұмыстары XX ғасырдың алғашқы онжылдығында қазақ баспасөзінде қалыптасты. «Қазақ» газетінің өзінде Абайға қатысты 40-қа жуық әр түрлі жазбалар кездеседі. Қазақ зиялылары Алаш идеясының рухани құндылықтарын Абай еңбектерінен ала отырып, Абай шығармаларын зерделеуді басты мақсат тұтқан. Алғашқы ұлттық баспасөздегі Абайға қатысты еңбектерді саралай келе, осындай нақты қорытынды жасауға болады. Абай еңбектерінің 1922 жылы Қазан баспасынан 2-ші, Ташкенде 3-ші басылуының ұйтқысы болған Алаш азаматтары еді. Ізденіс барысында 1928 жылы ақпанда Абай шығармаларын 10 000 тиражбен шығару жоспарланғанымен, басылмай қалғаны туралы да мәлімет кездесті. Бұл мәселе алда толықтай зерттеуді қажет етеді.
Мақала
Қазақтың Бас ақыны, шебер аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ұлы ойшыл – Абай Құнанбай ұлының туғанына 175 жыл толды. XX ғасыр басында қалыптасқан Алаш қозғалысының рухани құндылықтары Абай еңбектерімен жазбаларынан мысал келтіру арқылы дәріптелді. Алаш зиялылары Абай сөздерін ұлттық баспасөздегі өз жазбаларында жиі қолданды. Кітаптарын жаппай сатылымға шығарды. Еске алу шараларын ұйымдастырып, Абай ұрпақтары туралы да мәліметтер жариялап тұрды.
1) Абай кітабы һәм Абай туралы мақалалардың жариялануы
Абай тағылымы Абайдың алғашқы шығармалары 1909 жылы Петербордан басылып шығып, халық арасына жаппай таралған соң кең көлемде қалыптаса бастады. Абай кітабы туралы «Айқап» журналында (1911-1915) хабарлар бар. 1911 жылы Міржақып Дулатұлының Семейде тұтқындалуы және пәтерін тінту кезінде Абай өлеңдері тәркіленгені айтылады. Қазақ, татар һәм орыс тілдерінде әр түрлі кітаптар, газеттер, қол жазбалар тартылып алынған. Бұлардың арасында «Қазақстан», «Уақыт», «В мире мусульманства» газеттері, А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал», «Маса», А.Құнанбаевтың кітабы, М.Дулатовтың өзі жазған «Оян қазақ!», «Бақытсыз Жамал» һәм бастыруға әзірлеп жүрген бір кітабының жазбалары болды [1]. Демек, Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатұлы өзге кітаптар сияқты, Абай өлеңдерін де өзімен бірге алып жүрген және үлгі тұтты.
Қазақтың жалпы ұлттық басылымы «Қазақ» газетінің (1913-1918) алғашқы сандарында «Жаңа шыққан кітаптар» деген бөлімде Абай өлеңдері туралы: «Неше түрлі нәсихат өлеңдер – Қазақтың атақты ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңдері. Бағасы 50 тиін» [2], деп жарнама ретінде беріліп отырды. Жұрт жаппай сатып алып, кітаптың сатылымда таусылып қалғаны туралы да хабарлар басылды. «Басқармадан: Шаһмардан Жалмұхамедұғылына: Ибраһим Құнанбайұғлы һәм Шакәрім Құдайбердіұғылының кітаптары Семейде өз үйінде тұратын Көпбай Байысовтан басқа жерде сатылатынын білмейміз, Орынборда жоқ [3]. Сондай-ақ, Абай кітабын сұраушылардың сұрақтарына арнаулы жазба арқылы жауап берілді.
Абай өлеңдері ХІХ ғасырдағы қазақ халқының рухани өмірі мен тұрмыс тіршілігін бейнелеумен қатар, өз халқын өнер-білімге жетеледі. Алғашқы кезде Абай кітабының бағасы 50 тиынан болған. 1914 жылы тағы да «Абай өлеңдері келді» деп, «Қазақ» басқармасына арнаулы түрде кітаптардың келгені һәм бағалары хақында айтылады. «Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев жазған өлең кітабы. Бағасы 75 тиін. Поштасымен 80 тиін, скидкесі бар. Адрес: «Қазақ» басқармасы» [4]. Кітап туралы хабарлар мұнан басқа газеттің №72, №74, №76, №77 сандарында басылды. Нарық бағасына қарай кітап бағасы көтерілген болса да, халық жаппай сатып алып отырған.
Абай һәм Абай кітабы туралы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді жазбасы бар. Ахмет Байтұрсынұлы Абай өмірі мен шығармашылығы туралы айта келе, Абай кітаптары жаппай тарату туралы айтады. «...Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, кіли қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді» [5]. Абайтану дәстүрі «Қазақ» газетінің алғашқы сандарынан бастап, жалпы ұлттық сипатқа ие болып, насихаттала бастағаны – Алаш қозғалысының рухани тұтастығымен кең өріс алуына өз ықпалын тигізгені мәлім.
Абай шығармашылығы мен дүние танымына елеулі ықпал еткен тұлғалардың бірі – Михаэлис. Михаэлистің қайтыс болуы туралы хабарды жариялай отырып газет қауымы Абай ұстазының ізгі істерін еске алады.
«...Қазақтың жалғыз ақыны Абайды тура жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше менің көзімді ашқан, маған жаны ашырлық қылған Михаэлис еді деп айтып отырушы еді». Михаэлис қазасына қайғыра отырып Қыр Баласы: «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма - деген Абай өлеңі Михаэлиске дәл-ау!» [6] , – дейді. Осылайша «ұстазссыз шәкірт тұл» дейтін қазақ халқы, Михаэлис қазасына Абайдың өз өлеңі арқылы қайғылы көңіл күйін Абай өлеңі арқылы білдірді.
1914 жылы Міржақып Дулатұлы Абайдың қаза болуына 10 жыл толған күніне арнап «Абай» мақаласын жазды. Абай өлеңдерін алғаш рет 1904 жылы Омскіге барғанда Ахмет Байтұрсынұлынан көргенін, Әлиханның орыс газеттерінде Абайға арнап мақала жазғандарын айта келіп: «...жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі жас әдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һәм өлген соң да мәңгі ұмытылмастай болуы-біздің бірінші ескеретін борышымыз. Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар. Бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» [7]. Алаш зиялылары Абайды алаштың жарық жұлдызы «Темір қазығы» ретінде дәл осылай бағалайды.
Газеттің осы санында «Абай кітабына» деген өлең басылып, «Уақ» деп қол қойылған.
«Күніне жүз оқысаң жылықпайсың,
Көз талды, шаршадым деп талықпайсың.
Бір сөзін бір сөзінен артық көріп,
Құмар боп қайта-қайта анықтайсың».
Абай сөзінің салмағы мен мән мағынасының терең екенін сипаттай келе, халқын зиянды нәрселерден алыстатам деп армандап, бұл заманға жетпей ертерек өмірден өткеніне күйініш білдіреді.
«Есіл ер бұ заманда болмады-ау деп,
Қазақта қабырға жоқ қайыспайтын» [8] – деп аяқтайды.
Абай шығармашылығын әлемдік деңгейдегі тұлғалармен салыстырып, Абай өлеңдері арқылы ән құдіретін түсінудің ерекшелігі туралы Арысұғылының мақаласы «Ән – өлең һәм оның құралы» деген атпен жарық көрген. Шопенгауер, Бетховен, Мартин Лютерлердің ән, өлең, күй туралы пайымдарын жаза келіп: «Мартин Лютерлердің дұспандары аңыз қылысқан: «Мартин бізді білімімен алдап ертіп алмады, әнімен елжіретіп ертеді»,-деп. Қазақтың ақындары да ханның қаһары, судың заһарынан ән салып, өлең айтып, күй тартып, басын өлімнен құтқарғандары бар» – дей келе Абай өлеңімен қорытындылайды:
«Өлең – сөздің сарасы, сөз патшасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, құлаққа майда келіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.» – деп қорытындылайды [9] .
2) Абай өлеңдерін дәйексөз ретінде қолданудың қалыптасуы
XX ғасырдың алғашқы онжылдығында қазақ зиялылары ұлттық баспасөз беттерінде көптеген мақала мен жазбаларында Абай өлеңдерінен мысал келтіріліп, тақырыпты толық бейнелеу мақсатында пайдаланды. Олардың арасында интернат мектептерінде білім алып жүрген қазақ балаларының тұрмысы туралы жазылған «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлеңі жиі кездеседі. Мысалы, «Айқап» журналының 1912 жылғы №4 санында «Құрметті Ш.Алжановқа жауап!» атты мақаланың басында Абайдың осы өлеңі дәйексөз ретінде келтіріліп берілген еді.
«Қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлы өзінің «Балаларға да жұққаны» деген мақаласында Ақмоладан Омбыға гимназияға кіруге Шу бойынан келген Дінмұхамед Әділов деген баланың домалақ хат салдарынан оқуға түсе алмай, далада қалғаны, соңынан істі анықтап, оқуға қабылдатқаны туралы баяндайды. Мақаланы Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» өлеңімен аяқтайды [10].
Әлихан Бөкейхан Барлыбек опаты туралы Міржақыпқа жазған жазбасында Абай өлеңдерінен дәйексөз келтіреді. Оның ішінде «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» өлеңі де бар.
«Қазақ» газетінде көтерілген басты мәселелердің бірі – жер мәселесі еді. Міржақып Дулатұлының «Жер аудару» атты мақаласында: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің түбі бос – Абай» – деп бастап, Ақмола, Семей облыстарындағы жер аударудың күшейгенін айтады [11].
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да өз жазбаларында Абай өлеңдерінен жиі мысал келтіреді. «Мұсылман сиезі» мақаласы, тіл туралы жазбада Абай есімі аталып, өлеңдерінен үзінді келтіреді. Абай өлеңінен соң: Шәкәрімнің «Шежіресінен», Ахмет Байтұрсынұлының «Масасы», Міржақыптың «Азамат», Мағжанның «Шолпан» жинақтарынан мысал келтіріп, қазақ тілі туралы: «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар. Абай, Ахмет, Міржақып, Шаһкәрім, Тарғынан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой» - деп, өз ойын жеткізеді. Соңында:
«Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне» – деп Абай өлеңімен қортындылайды [12].
Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» деген атпен жазған «Қара қыпшақ Қобыланды» атты сынын Абайдың: «Өлең сөздің патшасы» өлеңімен бастап, содан кейін сын мақаласын жалғастырады [13].
Семейден шыққан «Сарыарқа» (1917-1919) газетінде де Абайға тікелей қатысы бар және Абай есімі аталатын жазбалар кездеседі. Газеттің №2 санында «Менің құттықтауым» деп аталатын құттықтау сөздері Абай ғақылияларымен бастау алған. «Қазақ туғандарының қамқоры Абай марқұм өз халқының, елінің надандығынан зарлап: «Нәсілім адам болған соң, қайтып надан болайын, Халқым надан болған соң, қайтіп адам болайын» деп күйініп, жылап, қара топырақ астына кірді. Надандықтан құтылу үшін жол ашылды! Міне, қазақтың әр жағынан нұр жарқырап – біздің Семейде «Сарыарқа» туды» – деп бастайды. Соңында: «Әзірге мұсылман елі үшін жалып-еңіреп, көз жасын құйған Абайға:
Заманында ұқпаған ел енді ұғар,
Сөзіңді гауһар таспен жазып қояр.
Көріңде рахат жоқта философым,
Балаларың Сарыарқаға қожа болар! – деп сәлем оқи тұрайық.
Мүбарак қызмет, мұбарак жол! Қайырлы сағат». Абай аманаты, ел мен жерге ие болу, асыл сөзін ардақтау секілді борышын тілек өлең арқылы оқырмандарға жеткізеді. Соңында –Рахметолла Елікбаев деп қол қойған.
Нәзір Төреқұлұлы 1917 жылы «Еркін дала» ұйымы туралы жазбасын Абай сөзінен бастайды.
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан!
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап да бар қалан!
«Еркін дала» ұйымның тіркелгені, жарналық сомаларын айта келе, соңында: «Еркін даланың» төбе басы студент Нәзір Төреқұлов» [14] – деп ескерткен. Жаңадан құрылған «Еркін дала» қауымы арқылы ұлтқа қызмет жасап, кірпіш болып бір кетікті толтыруға іс-әрекет жасады. Нәзір Төреқұлұлы 1922 жылы Ташкенттен Абай кітабын шығаруға белсене көмек берген азаматтардың бірі.
Петропавлдан шығып тұрағн Қошке Кемеңгер ұлы мен Біліл Малдыбайұлы редактор болған «Жас-Азамат» (1917-1919) газетінде Мұхтар Әуезовтың «Ескеру керкек» деген мақаласы басылған. Онда: «Абайдың мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім, деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді» [15] - дейді.
Абай өлеңдерін нәсихаттау мақсатында Ордадан шыққан қазақтың алғашқы педагогикалық басылымы «Мұғалім» (1919) журналының мұқабасында Абай өлеңі берілген:
Махаббатсыз дүние дос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының балаң досың бар.
«Абай» [16].
3) Абайды еске алу шараларының ұйымдастырылуы
Абай есімін ұлықтау мен еске алу туралы іс-шаралар турасында ақынның туған жері алғаш болып іске кіріскен еді. «Абай құрметіне қираатхана» деген жазбада, Семейдегі Абайдың көзін көрген замандастарымен Райымжан Мәрсеков бастаған белсенді топтың іс әрекеті баяндалады. Семейден басқармаға келген бір хатта Заречная Слабодка қазақтары Иахия қажының (Абайдың замандасы) бастауы бойынша атақты қазақ ақыны марқұм Абай атына қиратхана ашуға талап етіп жүр дейді. «Бұл ізгі істің болуына қуанамыз, тілектеспіз. Семей қазақтарының бұл тілегі рас болса, жөн білетін Райымжан мырза Мәрсеков және басқалар басшылық етіп жәрдемінде болса, тым жақсы болар еді» [17]. Бұл хабардың кейбір тұстарында біраз қателік барын және бастамашы топтың жетекшісіРайымжан Мәрсеков екені айтылып, Иахия қажының бұл топты қолдамағаны туралы түсінік «Қазақ» газетінің келесі №57 санында жарияланған.
Абай құрметіне өткізілген алғашқы әдеби кеш туралы «Семейде әдебиет кеші» деген тақырыппен мақала жарық көрген. Кештің сән-салтанатты, мағыналы болғаны және соңында Абайдың данышпандығына таңырқаған жұрттың көңіл-күйін де жазады.
Кешке халықтың көп жиналып, үйге симағандықтан бірсыпыра адамдар кіре алмаған.
«Ол күн атақты ақынымыз марқұм Абай Құнанбайұғылының турасында баяндама оқылады деген хабар халық арасында бұрынырақ таралған себепті, жұрт ол күнді асыққандай күтіп тұрды. Баяндаманы Назипа ханым (Құлжанов жамағаты) орысша оқыды. Баяндамада Абайдың арғы атасын ұзын сөйлеп келіп, Абайдың қырда өсіп аз оқыса да Еуропа данышпандарының кітаптарын оқып, сөзін ұғып, көңіліне тоқып, Русианың Пушкин, Лермонтов, Толстой атты мәшһүр адамдарының сөздерін қазақ тіліне аударып жазып, қазаққа өзі өлсе де, сөзін қалдырып кеткенін сөйледі». Мұнан соң Абайдың қасында көп уақты бірге болған Әлмұхамед деген жігіттің домбырамен Абай әндерін салып, күй ойнатқанын баяндайды.
«Бұл жағрафиа жамиғатының кеші халықты сүйіндіріп көңілін ашты:«Бізде де Абайдай данышпан адам тұрады екен-ау, атағы қазақ түгілі орысқада шығып, өзі өлсе де, терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұртына мирас қылып артына қалдырғандай» деп жұрт шаттанды (Тілші)» [18]. Осылайша Абайды еске алу кешінің мәнді де, мағыналы болғанын,көрермендердің таңданысын «Қазақ» газеті арқылы өзге де оқырмандарға жеткізе білді.
Міржақып Дулатұлы Абайдың қаза болуына 10 жыл толған күніне арналған «Абай» мақаласында Абайды еске алу шаралары болашақта үнсіз қалмайтынын, кейнігі ұрпақ сағынышпен еске алатын іс-шара болатынын айтады. «Зәрдей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. ... «Біріншіақынымыз» деп қабірін халқы жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар» [19], деп болашаққа зор үмітпен қарайды.
Абай есімін ұрпақ санасында сақтау, еңбектерін нәсихаттау бағытында жасалған шаруаның бірі – «Абай» журналының (1918) шығарылуы. Журнал «Қазақ» газетінің жолын жалғастырып, Абайдың рухани мұрасын жұрт жадына сіңірді. Жұртты Абай көксеген жолға салуға тырысты. «Сарыарқа» газетімен қанаттас, пікірлес болды. «Бірлік туры»(1917-1919), «Жас-Азамат» (1918-1919) газеттеріне рухани қолдау көрсетіп отырды. «Бірлік туы»газетінде басылған журналы туралы жазбада қазақта шығып тұрған 5 газетбарын, журнал жоғын алға тартса, «Абай» журналы жазбасында журналдыңалғашқы саны және оның кешігіп шығуы, саны мен сапасына мән бергені айтылады.
Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында былай дейді:«Өнер, ғылым қаражатпен табылады.Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. ...ғылым білімге қонады, білімсіз ғылым сыңар жақ. Ғылым біліміді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасың жазықты» деп Абай айтқан» [20]. Осылайша «Абай» журналы арқылы халықты өнер-білім игеруге шақырып, ағарту жұмысымен айналысты.
«Бірлік туы» газетінде «Абай» журналы деген тақырыппен журналдың алғашқы саны редакцияға келгенін, кешігіп шығусебебі мен сапасы туралы және журналда не жазылғаны айтылған. «Семей жанындағы Алаш қаласында жаңада шыға бастаған қазақша «Абай» журналының бірінші нөмірі басқармамызға тапсырылды. Мұның бірінші нөмірі бастап 15 ианварда шықпақ болса да, басқармадан болмаған себеп бен 4 нші февралда шығыпты. Һәм ақ қағаз табылмағандықтан журнал сары қағазға басылған. Жаңа жолдасымызға тілектеспіз. Алдырушыларға әдірісі: Г. Алаш. (Семип. об.) Редакция журналы «АБАЙ» [21].
«Сарыарқа» газетінің №77 санында журналдың алушылары мен уақытша жабылғаны туралы айтылады. ««Абай»да 900 дей алушы бар. «Абай» бір жола жабылған жоқ. Есебі біткенше жалпы жиылысы болғанша тағы со сиақты себептер мен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қауымы «Абайды» тоқтатбас. Шығарар шығармаған күнде де «Абай» жабылмас. Жалғыз журналын жауып қойып тыныш отыруға оқыған жастардың талапты азаматтардың намысы, ұжданы жібермес. Қайтсе де шығарар деген үмітіміз күшті.
Сондықтан оқушылар «Абайдың» аз күн тоқтап қалғанына ренжімеуін, күдіктенбеуін, күдер үзбеуін, шыдам қылуын өтінеміз. «Абай» шығарушы: Юсупбек Аймауытов». Семейден «Абай» журналын өзі арқылы алдыруға болатынын туралы хабарлама басылды.
Көп ұзамай журнал жабылып, «Абай» қалай жабылды?» мақаласы жарияланды. Онда былай дейді: «Өткен 1918 нші жылдың февралынан бастап, «Абай» журналы дүниеге шығып, 12 номері басылып, он ай өмір сүріп тоқтады. Журналдың қалай һәм не себепті тоқтағанын жұртқа байандап, анықтама қылуды шығарушы болғандықтан, өзіме борыш көремін» [22] – деп, журналдың жабылу себебі қаржы-қаражат себебінен екенін айтқан.
Мазмұны мен сапасы жағынан «Абай» журналы қазақ баспасөз тарихында ең кемелденген басылымға айналып, Абайға қойылған әдеби ескерткіш ретінде қазақ тарихында қалды.
4) Абай ұрпақтарының Алашпен қарым-қатынасы
Абай ұрпақтары мен Алаш зиялыларының қарым қатынасы ертеде басталған еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде Кәкітайдың қазасына арнап жазған қазанамасында Кәкітайды алғаш 1900 жылы Семейде көргенін айтады. «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 інші апрел аяғында Кәкітай, Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. 1905 нші жылы жазғытұры саясат ісі не екенін біздің «Қазақ» оқушылары білер. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық. ...Сонан бері саясат ісінде бір одақ болдық». Абай өлеңдерін жинақтап алғаш баспаға беруге кеңес беріп, саясат жолындабір бағытта болғанын жазады. Досым деп қайғыра көңіл айтады.
«Қазақ» газетінің №169 саныда газетке көмек беруші Абай ұрпақтары туралы мәлімет бар. Тұрағұл Абай ұғылы Құнанбаев арқылы газетке көмекберушілердің аты айтылаы. Арасында: Біләл Кәкітай ұғылы, Тұрағұл Ибраһим ұғылы сынды Абай ұрпақтарының есімі аталады. Жиналған 20 сом 15 тиін басқарма жіберілген.
«Сарыарқа» газетінде Тұрағұлдың «Ел қамы» мақаласы мен Абайдың «Абай сөзі» деген атпен қара сөзі басылған. «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді (6-шы сөзі).«Ел қамы» туралы Тұрағұл былай дейді: «Әкем Абай марқұмның: «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп айтқаны бірсыпыра халықтың ойында бар шығар. Аталарымыздың елдікті бірлік пен ерліктің арқасында сақтап, ел болып жүргені артына қараған Алаштың ұлына мәлім» [23] – деп, жұртты бірлікке, Алаш туы астына жиналуға шақырады.
Тұрағұл Абайұлы өзі бастамашы болып, алаш әскерін жасақтауға қатысты. «Алашорданың Жетісуға баратын әскерді жинауға, қазақ әскеріне бастық болуға, көз болуға Тұрағұл Абай баласы, Шөпіш Әзімбай баласы жүрді. Тұрағұл, Шөпіш екеуіде тобықтыны басқарған Құнамбай қажы тумасы [24]. Тұрағұл Алаш жасағын құруға бас болып Жетісу жеріне жіберілген.
Абайдың тағы бір ұлы Микаил да қоғамдық істерге белсене араласқаны белгілі. Ол туралы да «Сарыарқа» газетінде басылған Шыңғыстағы«Талап» ұйымы туралы жазылған мына мақалада айтылған: « 25-нші октябрде «Талап» ұйымының 35 ағзасы жиылыс жасап, кеңесіп, байлаған һәм еткен істері:«Алаш» партиясының жолын жұртқа ұғындырып, мұрша келгенше қызмет қылу қатарлы 8 мәселені айта келіп 2) Абай атына арналып шықпақшы журналы үшін Алаш дуанындағы мұғалімдер ұйымынан 500 сом жәрдем бермек болғаны айтылады. Соңында: ««Талап» ұйымының председателі Микаил Абайұлы» [25] – деп, қол қойылған. Демек, Абай ұрпақтары Алаштың ақ жолында, ұлт істерін жүргізуде өз азаматтық міндеттері мен борыштарын адал атқарған деп айтуға толық негіз бар.
Абай өлеңдері 1922 жылы Қазан баспасынан 2-рет басылса, Ташкенде 3-мәрте баспа бетін көрді.1928 жылы ақпанда Абай шығармаларын 10 000 тиражбен шығару жоспарланғанымен, басылмай қалды. Тек, 1933 жылы ғана латын қарпімен 6 000 тираж болып жарық көрді. 1939 жылы латынмен толықтырып басылса, 1946 жылы төте жазумен де жарық көрген.
Қорыта келгенде: Абай – қазақ руханиятының «Темірқазығы». Абайтану – Алаш қозғалысымен бірге қалыптасып, Кеңес кезінде Мұқтар Әуезұлы арқылы жалғасын тапты. Тәуелсіздік кезеңінде көркейіп, кемелденіп келеді.
Пайдаланған әдебиеттер және деректер тізімі:
1. «Айқап» журналы. № 6. 1911 жыл.
2. «Қазақ» газеті. №8, №13, №20. 1913 жыл
3. «Қазақ» газеті. №33. 1913 жыл.
4. «Қазақ» газеті. №47. 1913 жыл.
5. «Қазақ» газеті. №39, №40, №43. 1913 жыл.
6. «Қазақ» газеті. №44. 1913 жыл.
7. «Қазақ» газеті. №67 1914 жыл.
8. «Қазақ» газеті. №67 1914 жыл.
9. «Қазақ» газеті. №67 1914 жыл.
10. «Қазақ» газеті. №28. 1913 жыл.
11. «Қазақ» газеті. №8. 1913 жыл.
12. «Қазақ» газеті. № 88. 1914 жыл.
13. «Қазақ» газеті. № 126. 1915 жыл.
14. «Қазақ» газеті. №241. 1917 жыл
15. «Жас-Азамат» газеті. №8. 1918 жыл.
16. «Мұғалім» журналы. №7. 1919 жыл.
17. «Қазақ» газеті. №47. 1913 жыл.
18. «Қазақ» газеті. №51. 1913 жыл.
19. «Қазақ» газеті. № 67. 1914 жыл.
20. Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 8-кітап: Абай. 384 бет. 19-23 бб.
21. «Бірлік туы» газеті. №29. 1918 жыл.
22. «Сарыарқа» газеті. 1919 жыл. № 81.
23. «Сарыарқа» газеті. 1917жыл/Құраст. проф. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. – 400 бет. 151-153 бб.
24. «Сарыарқа». 1918 жыл. № 45.
25. «Сарыарқа» газеті. 1917жыл/Құраст. проф. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. – 400 бет. 294-295 бб.