АБАЙ МҰРАСЫ ЗЕРТТЕЛЕ БЕРМЕК

Абайдың білім саласындағы орнын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында арнайы атап көрсеткен болатын: «Алға ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болу үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты - биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

«Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек», – деген еді Мемлекет басшысы.

Президенттің осы сөзі білім саласындағы біздерге аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Абайдың даналығын насихаттау біздің тікелей парызымыз. Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толған мерейлі жылды Семейдегі Шәкәрім университеті жүйелі түрде атап өтті. Адамзат баласына қауіп төндірген пандемия жағдайына байланысты көптеген мәдени-ғылыми, білім-тәрбие жұмысына байланысты іс-шараларды онлайн мәнерінде өткіздік, оған профессорлық құрам, студенттер белсене қатысты.

Сонымен қатар, университет жанынан «Абай институтын» ашып, сол орталық арқылы Абай мұрасын насихаттауды жолға қойдық. Осы жобаның аясында университетте «Абай жылы – оқу жылы» деп жарияланып жүйелі шаралар өтті. Жидебайдағы кешеннің амфитеатрында «Өлең толқыны» поэзия плэнері ұйымдастырылды. Университеттің ғылыми кітапханасында ашылған Коворкинг орталығында ғалымдар Абай шығармашылығы туралы студенттерге тұрақты түрде дәріс оқыды.

Университет ғалымдары қаламыздағы Абай музейімен бірлесіп ақынның 1909 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының репринттік басылымын, «Абайтану. Таңдамалы» 5 томдық және «Абай және ақын шәкірттері мұрасы» 4 томдық еңбектерін жарыққа шығарды.

Абайдың білім жолы бір ғасыр бұрын насихаттала бастаған болатын. Мәселен, біздің университет атын алып отырған Шәкәрім Құдайбердіұлы хакім Абайға қаратып былай деген еді:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық.

Барша жастарды Абай біліміне үндеген, оның даналығынан сусындауға шақырған.

Хакім Абайдың өзі ғылымның орнын ерекше атап айтқан: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».

Жоғарыда атап өткеніміздей мемлекет басшысы Абайға арнап мақала жазып насихаттауы сондықтан. ХХІ білім ғасырындағы Абайдың орнын сол мақаласында жан-жақты ашып берген.

Шәкәрім университеті ақын мерейтойына орай түрлі бағытта рухани бас қосулар, кездесулер мен семинарлар, сайыстар өткізді. Атап айтқанда, қазан айында өткен «Абай мұрасы және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясында абайтанудың өзекті мәселелері қарастырылды. Қазақстан, Ресей, Нидерланды, Түркия елдері ғалымдары өз ойларын ортаға салды. Абай жылында өткен бұл ғылыми бас қосу абайтанудың өзекті мәселелерін айқындауға мүмкіндік берді. 

Шәкәрім университеті студенттердің тұлғалық дамуын қамтамасыз ету ісінде ерекше орын алады. Ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыспен қоса университет жастарының жетістіктері мақтанарлық. Университетте жұмыс істейтін студенттік театр, ақындар мектебі, студенттер Альянсы, «Жас Отан» жастар комитеті, әр түрлі бағыттағы үйірмелер мен спорт секциялары осының жарқын көрінісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жоғарыда аталған іргелі мақаласында: «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан, Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – деп түйін жасады.

Абай мұрасын тану, насихаттау тек мерейтой аясында ғана жүзеге аспайтындығы белгілі. Сондықтан да, университет ұжымы ұлы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу, насихаттау ісінде қашанда алдыңғы орында болмақ. Университетте бірнеше жылдан бері осы мақсатқа қызмет етіп отырған құрылымдар жас ұрпақтың толыққанды тұлға болуына, Абай сөзін саналарына түюіне өз үлесін қоса беретіні анық.

Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы абайтанудың жаңа бір белесі болды. Абай Құнанбайұлының қазыналы мұрасын зерттеу, зерделеу – уақыттың бізге қойып отырған талабы болса, осы бағыттағы жұмыстарымыз жандана береді деп есептейміз.

Тек қана ақын Абайды емес, жырау Жамбылды, күйші Құрманғазыны, жалпы қазақ елін әлемге танытқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол даналарының арманы тәуелсіздік жылдары орындала бастағанын өзінің «Абай аманаты» деген мақаласында атап айтқан болатын: «Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Батыс пен Шығыстың ілімін толық игерген Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университтерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан «Абай аманаты» білім саласындағы біздерге жауапкершілік жүктейтіні анық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, білім-ғылым саласындағы біздер жоғарыда айтылған даналық сөздерден үлгі алып, болашаққа қызмет еткеніміз абзал.

 

Мұхтар Байжұманов,

Семей қаласының Шәкәрім

атындағы университетінің

Басқарма төрағасы - ректоры м.а.