Махаббатын сатпаған...
(Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың 105 жылдығына)
Хәкім Абайдың Әбдірахманға арнаған осы өлеңін оқыған сайын есіме абайтанудың алыптарының бірі Қайым Мұхамедханов аға есіме түседі. Абайдың Әбдірахман ұлын көрмесекте, оның осындай есті ұлдың дүниеге тағы да келерін меңзегенін, сол үшінде өлеңнің өшпес өнегесін Қайым аға бойынан көргендей болам. Өлеңдегі:
Орынсызды айтпаған,
Түзу жолдан қайтпаған;
Жақсылық қылар орында
Аянып бойын тартпаған.
Ортасында кәпірдің
Арамынан татпаған.
Өмір бойы талпынып,
Ғылым іздеп, жатпаған – деген өлең жолдарын оқығанда «осындай болсам екен» деп кім аңсамайды дейсіз!?!
Абайдың 150 жылдығына арнап академиялық екі томдығын дайындау үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану бөлімінде жұмысшы тобы құрылды. Құрамында академиктер Серік Қирабаев, Зәки Ахметов және Қайым Мұхамедханов, Мекемтас Мырзахметұлы, Бейсенбай Байғалиев, Қойшығара Салғарин, жауапты хатшы ретінде менде болдым. 1990-1995 жылдар аралығында Қайым ағаның жеңіл-желпі, артық ауыз орынсыз сөз айтқанын көрмеппін. Аузынан көбінесе Абай туралы ғана сөз шығады, қолжазбасы қалмаған Абай шығармасы туралы айтқанда айтарын аянып қалмайды, оқығаны мен тоқығаны мол екені өмірін ғылым іздеумен өткізгені бірден байқалатын. Ал хәкімнің «Жүз мың теңге келсе де, Махаббатын сатпаған; Жүйріктікпен шалқымай, тура сөзді жақтаған» дегеніне келетін болсақ, бұл қасиеттерді де Қайым аға бойынан тапқандай болам. Академик Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен 1951 жылдың 7 сәуірінде Қазақ ССР-і Ғылым Академиясында «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды да, 8 ай өткеннен кейін «Құдайсыздар қоғамының» яғни коммунистік партияның идеологиясына қарсы пікірлер бар деген жалған жаламен 1951 жылдың 1 желтоқсанында «халық жауы» деп 25 жылға соттап, түрмеге жабады. Қайран ағам-ай, «Жүз мың тең келсе де, Махаббатын сатпаған»!!
Қайым ағаға сұр шинель киген, қара ниетті Сталин жендеттері мүмкіндік берген еді, себебі олардың басты көздеген Алаш ұландарының тірі қалған тұлғасы, олар туралы көп білетін, қазақ тарихын тереңінен танитын Мұхтар Әуезовтың көзін жою еді, ол үшін оның ең жақын ізбасар шәкірті Қайымның «Мұхтар Әуезов маған бұл тақырыпты зорлап, еріксіз берді, өзінің Совет Одағының дұшпандарымен ауыз жаласқан, байланысы бар еді» деп бір параққа жазып қол қойып берсе жетіп жатыр еді. Олар жазадан құтыласың, айырылған атақтарыңды қайтарамыз, мансабың жоғарылайды, жағдайың болады» деп уәдені үйіп төкті. Айтқандарына көндіру үшін талдырмаш келген, жас шыбықтай солқылдақ бірбеткей жігітті ұрып-соқты, жеке камераға қамап тікесінен тік тұрғызып күндіз-түні отырғызбай азаптады, есінен тандырды, оған көнбегесін ыстық бу жіберіп тәнін күйдірді, тұншықтырды, есінен танған кезде сүйреп шығарып, үстінен мұздай су құйып, есі кіргенде қалына қалам беріп «параққа қолыңды қой» дейді, жаны көзіне көрініп қанша қиналса да, басын шайқап көнбеді, өлуге, өлімге көнгендей еді... Не деген махаббат!!! Отбасына, Отанға, туған жерге деген махаббат, адалдық-сатқындыққа жібермейді, ер жігіт ел үшін берілмейді! Мұхтар Әуезовті сату – Абайды сату, Абайды сату – қазақты сату деп түсінген Қазақстанның алғашқы әнұраны мәтінінің авторы Қайым аға сол мәтіндегі «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Азаттың жолында ар үшін қиған жан», – деген сөзіндегі «Ер қазақ» екенін, «ары үшін жанын қиятынын» сөзбен емес шынайы ісімен, көзсіз ерлігімен дәлелдеген еді! Ердің ерінің ғана, миллионнан бірдің ғана қолынан келетін ерлік!
Отанды сүю отбасынан басталатынына Қайым ағаның темір тордың ішінде қаратүнек абақты Карлагтан жары, балаларына арнаған өлеңдерін оқығанда көзім жеткендей болады.
«Балаларына» өлеңінен:
Тасқа тиіп, тасырқады табаным,
Жүрегіме тұр қадалып қаламым.
Дүниеге жаңа келген нәрестем,
Мейірімсіз деме әкеңді қарағым.
Жүрген күнде еркін басып өмірде,
Қолымен соқтым көріксіз көк темірді.
Күнім түн боп, жігер құм боп жасыдым,
Жалғыздығым енді ғана көрінді.
Жүрек жара, аяқ ақсақ, бел жауыр,
Амалың не сұм тағдырға тас бауыр.
Құлындарым көріскенше күн жақсы,
Бәрінен де сорлы анаңның күні ауыр.
«Сүйген жарға» өлеңінен:
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп, адал жолдан таймадым.
Сұғанақ боп арам астан татпадым.
Мен кісінің қол созбадым бағына,
Мен ешкімнің таласпадым тағына.
Кең дүние жолына даңғыл боп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма.
Отбасын жанындай сүйген, ұстазына адалдық танытқан, Отанына, ұлтына деген сенімі күшті абайтанушы ғұлама ғалыммен тағдырдың тартуымен қызметтес болған сәтімді әр кез есіме алам, толғанам, өзімнен кейінгі ұрпаққа да өнегесі жетсе екен деген оймен жазған естелік еді.
Жабал Шойынбет
Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай»
ғылыми-зерттеу орталығының директоры