Ұлы Абайдың бүгінгі күнге жетіп отырған мұрасы қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған мол рухани қазынасы екені баршамызға аян. Жалпы Абай тақырыбы, оның поэзиясының тереңдігі, айтқысы келген ойы, көтерген жүгі таусылмайтын телегей теңіз сынды. Абайдың сөзі, поэзиясы қазақтың бойтұмары десек, артық айтпаймыз. Абайды тану әлі де жалғасып жатыр. Абайдың жаңа қырын ашу кез келгеніміздің ой-санамызда тың серпіліс тудыруы мүмкін. Сондықтан заман ағымына сай Абай поэзиясының, қарасөздерінің жаңа қырларын ашыла бермек. Ал бүгінгі ұрпақтың міндеті –
Абайды жаңаша тану, ғылыми тұрғыдан көзқарас қалыптастырып, тың дүниелерге көз жүгірту, жаңа байламдар жасау. Биылғы ұлы ақынның 175 жылдығында бұл міндетті орындау нағыз таптырмайтын уақыт болып тұр.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Абайдың 150 жылдық мерейтойында (1995 жылы) сөйлеген сөзінде былай деген еді: «...Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмайтын жарқырап тұратын темірқазық іспетті. Тіптен Абайдың шығармашылығына қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген басымыздағы көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен еді. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болар еді. Техника дамыған заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір рет үңіліп қоймаса болмайды. Сонда жанымызды қинап жүрген бар күмәннің бәріне де жауап таба аламыз», - деген бұл жүйелі терең ойы қай жанға болсын бағыт-бағдар беріп тұрғаны шындық.
Ал жыл басында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Елбасының пікірін жалғай түседі: «Абайдың туындыларына мұқият зер салсақ, оның үнемі елдің алға қарай жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын көреміз. Осы идеяны барынша дәріптегенін де байқамасқа болмайды. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда жатыр. Абай қазақтың үздіксіз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалаған еді. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді толық игермейінше биіктердің бағына қоймайтынын бізден бұрын айтып кетті. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдайды. Ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне ерекше назарын аударып отырады. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет», - деген еді.
Осы орайда ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осыдан үш жыл бұрын жарық көрген болатын. Қоғамдық сананы қайта түлетуді көздейтін бағдарламалық мақаладағы ұлттық кодты сақтау, сананы қайта жаңғырту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы жаңа менталитет қалыптастыруда Абай мен оның шығармашылығымен үндесіп жатқанын байқамау мүмкін емес. Егер Абайдың туындыларына өзіндік көзқарас тұрғысынан талдау жасасақ, мақаладағы негізгі бағыттардың жүзеге асуына үлесімізді қосатынымыз сөзсіз.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ұлы Абай шығармашылығы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймай келе жатқан асыл қазынасы, ұлттық әдебиеттану ғылымының алтын асығы. Абай өмір сүрген заманнан қанша уақыт өтсе де, жылдар өткен сайын оның шығармасы әр қырынан танылуда. Абай шығармашылығы – әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Сондықтан қуанса да, қиналса да Абайға бас ұрмайтын қазақ жоқ.
Жоғарыда айтқандай, Абай шығармалары жылдар өткен сайын әр қырынан танылып, әр қырынан зерттелінуде. Абай – «Абай» болып танылған күннен бүгінгі күнге дейін зерттеушілер де, олардың ашқан жаңалықтары да жетерлік. Алайда, олардың зерттеулері Абай шығармашылығын толыққанды танытты деуге әлі ерте. Оны тану ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр.
Абайтану туралы сөз айтпастан бұрын ең алдымен оның бастау бұлағына келейік. Абайтану ілімінің қалыптасуына салмақты үлес қосты деп алаш зиялыларын айтар едік. 1930 жылдары Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсынұлының, М. Дулатовтың, Ж. Аймауытовтың және Қ. Жұбановтың абайтануға қатысты қалам тербеген еңбектері ғылымға бастар жолды ашып, әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатыр.
Екі жыл бұрын Алаш қозғалысының ғасырлық мерейтойы кеңінен аталып өткен болатын. Алаш қайраткерлерінің абайтануға қосқан еңбектерін саралаған кезде, осы ғасырлық мерейтойдың ыстық табы әлі толық сезіліп тұрғандай көрінді. Осы тұста олардың тек қоғамдық қызметте ғана емес, сонымен қатар халықты рухани тәрбиелеуге бағытталған зор қызметтерінің бір парасы абайтануға қатысты еңбектері екенінен еш күмәніміз жоқ. Себебі, Абай ілімі – қазақ халқын ұлттық негізінен жаңылыстырмайтын рухани діңгек, адастырмайтын жол. Атап айтқанда, алаш зиялыларының арасында Абайдың дүниетанымдық көзқарасына қатысты тұстарының абайтанудың негізін қалағандардың бірі Қ. Жұбановтың осы мәселені тереңдей қозғағаны айқын көрінді. Оның «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» мақаласындағы Абай дүниетанымы мен шығармашылығының үш қайнары (қазақ фольклоры, Шығысы мен Батысы) жөніндегі ой-пікірлерімен үндестігі ерекше жазылған.
Д.Қамзабекұлының «Алаш және қазақ әдебиеті» атты зерттеуінде осы мәселе терең қарастырылған. Мәселен Ә. Бөкейхановтың «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы», А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», Екеудің (Аймауытов пен Әуезовтің), Р. Мәрсекұлының және М. Дулатовтың мақалалары аталған. Бірақ зерттеулерде ең басты мақсат ретінде Абайды жалпы таныстыру, әдебиеттегі орнын белгілеу болып табылады және автор өзінің діттеген мақсатына жетеді. Оған қоса «Алаштың қилы тағдыры билік пен әдебиет қатынасы» жайлы сөз болады.
Ә.Бөкейхановтың абайтанудағы тырнақалды еңбегі бар. Ол «Абай (Ибраһим Құнанбаев)» деп аталады. Бұны Әлихан Абай дүниеден өткеннен кейін ақынды халыққа кеңінен таныстыру үшін жазған болатын. Дәлірек айтқанда, 1905 жылы Семейде шығатын «Семипалатинский листок» газетінде орыс тілінде ақынның қайтыс болағаны жайлы, яғни азалы ғұмырнамасы (некролог) ретінде жариялаған еді. Әлихан бұл ғұмырнамада Абайдың хатқа түскен шын аты мен оның барша жұртшылық білетін Абай атануының қыр-сырынан бастап оның шығармашылық дүниетанымына дейін мәлімет береді.
Ә.Бөкейхановтың мақаласын негізге алатын болсақ, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Абай мұрасын түсіндіру, насихаттау және қорғау мақсатындағы оның дүниетанымының негізі саналатын ақынның үш қайнарына қатысты тікелей алаш қозғалысына араласқан және тікелей араласпаса да сол ұлт-азаттық қозғалысқа ниеттес азаматардың ой-толғаныстарындағы үндестік бар екенін байқауға болады.
Әлиханның мақаласынан кейін, яғни сегіз жыл өткен соң Алаштың тағы бір көрнекті тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы жарық көрген еді. Бұл мақалада Абай мұрасы бұрынғы жарыққа шыққан еңбектерден кеңірек зерделенген. Ақын шығармашылығының негізгі үш қайнарының бағыты сөз болатын бұл зерттеу абайтану ғылымындағы бір белес болып саналады. Аталған мақала әлі де өзекті.
Одан кейінірек 1918 жылдан жарық көре бастаған «Абай» журналында Жүсіпбек Аймауытовтың «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» және сол журналдың мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған «Журнал туралы» үш мақаласы жарық көрді. Жүсіпбек бұл мақалаларында Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттаумен қатар, зерттеу жұмысымызда негізге алып отырған мәселеге орай Абайдың өзге ақындардан артық өзгешелігі және ұлы ақында философияның ерекше қуаты бар екендігіне дәлелдер келтірілген нақты мәліметтер де бар.
Ұлы ақын дүние салысымен, оның өмірі мен мұрасын қазақ халқының рухани мұрасында орнын белгілеу мақсаты тұрды. Бұл мақсатты алғашқылардың бірі болып Міржақып Дулатов орындады. Оның Абай мұрасын жаңғыртуға оның қосқан үлес орасан зор болды. Оны біз «Ибраһим ибн Құнанбаев» (1908) және «Абай» (1914) атты тың әрі шағын екі мақаласынан көре аламыз.
1930 жылдардың басында Абайдың жеке басын және шығармашылығын сынаушылар көбейді. Абайтану ғылымының басына қара бұлт үйірілді. Сол кезде ақын мұрасын қорғап, Абайды қазақ әдебиетінің классигі деңгейіне көтерген, оны терең дәлелдегендердің бірі әрі бірегейі Құдайберген Жұбанов болды. Бір өкініштісі, көлемді мақала аяқталмай қалды. Ғалымның өзі қуғын-сүргінге ұшырап кеткен еді.
Алаш зиялыларының еңбектеріндегі бір арнаға бағытталатын ортақ мәселенің бастыларының бірі – ұлы ақын нәр алған қайнарларының алғашқысы, яғни Абай поэзиясындағы төл әдебиеттің орны. Ақынды классик дәрежесіне көтеретін қасиеті де осында екенін олар дөп тапқан.
Жоғарыда сөз еткен Ә.Бөкейхановтың «Семипалатинский листок» газетінде жариялаған азанамасында мынандай құнды мәлімет бар: «Өзінің (Абайдың) әр нәрсені білуге ерекше құштарлығы мен ой зерделігінің арқасында қазақтың ғұламаларының халық аузындағы нақыл сөздерін, мақалдарын және ертегілерін еркін меңгереді» [3, 111] дейді. Иә, осы қысқа мәліметте Әлихан Абайды Абай еткен ақынның халықтың ауыз әдебиеті екенін, оның нәр алған бастауы сол ауыз әдебиетте екенін тілге тиек етеді.
Енді А.Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласындағы мына бір жолдарға көңіл аударайық: «Абай өлеңдері қазақтың басқа ақындарынан ерекшеленеді, оның өлеңдерінің үздік артықтықшылығы бар. Ол әр нәрсенің бергі жағын ғана ала салмай, арғы асылынан қарап бірақ сөйлегендіктен, мұқият зерделегендіктен болар» [4, 219] дейді. Соңғы «арғы асылынан қарап бірақ сөйлегендіктен, мұқият зерделегендіктен болар» деген тіркестегі арғы асылын, яғни сөздің асылын ақын қайдан алады деген сұраққа жауап береді. Ол, әрине, халық қазынасынан, ауыз әдебиетінен. Барлық тіл шұрайы халықта екені рас. Абайдың бұдан айналып өтпегені де заңдылық. Ахмет осы сөздеріне дәлел ретінде ақынның «Аттың сыны» өлеңін талдайды. Талдау барысында Абай сөздің дәлдігіне, қарапайымдылығына ерекше мән бергенін атап өтеді. Тіптен «көз алдыңа сол жақсы аттың өзі тұрған сықылды, пішіні келіп елестеп кететінін» таңдана жазған болатын.
Ж.Аймауытовтың «Абайдың өнері һәм қызметі» деп аталатын еңбегінен мысал келтірейік. Абайдың ақындық өнері, оның қазақ тілінің хас шебері болғандығын автордың мына сөздерінен анық көруге болады: «Көкірегіндегі асыл қазынаны барлық ырғағымен, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді» шешендігі» [6, 130] деп баға береді.
Сонымен қатар, ол өзінің еңбегінде Абайдың ақындық өнері әр тараулы, сегіз қырлы екендігін былай санамалап көрсетеді: «мінез түзететіндік, яғни ахлақ; тереңнен толғайтындық, яғни пәлсапа; сыншылдық, яғни критика; суретшілдік, яғни художественность; жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық, яғни лирика; ащы тілдік, ызалықпен күлетіндік, яғни сатира және керемет переводшиктік, яғни аудармашылық» [6, 130]. Бір сөзбен айтқанда, аталған мақаласында Абайдың пайдасыз сөзі жоқ екенін дәлелдейді.
Ал Қ. Жұбанов Абай жайлы еңбегінің бірінде халық әдебиетін терең білгенін әрі ауыз әдебиетін сәтті пайдаланғанын жазады. Абай өз поэзиясында өнерін орынды және дәл орайластырғанын, әсіресе жететін жеріне жеткізіп жазғанын жазып, өзінің мақаласының үшінші тарауын ақынның жазба өнерінің ерекшелігіне түгел арнайды. Бұл бөлім «Абай және халық әдебиеті» деп аталады. Жинақталған бүкіл материалдың алпыс пайызына жуығында Абайдың халық әдебиетіне жақындығы, оның ауыз әдебиетін ұтымды пайдаланғаны жайлы қамтылған.
Әр бөлімді жеке-жеке қарасақ. Мақаланың алғашқы «Еленбеген ерекшелік» деген бөлімінде ғалым Абайды Еділ бойы, Кавказ және басқа түркі классиктерімен салыстырады да, қазақ ақынының оқ бойы озықтығының сырын ашып көрсетеді. Оның пікірінше, басты себеп Абай өлеңдерінің таза, төл қазақ тілімен жазылғандығында, ал өзгелердің поэзиясы араб-парсы сөздерімен араласып кеткендіктен, яғни «ластанғандықтан» дейді. Осындай тұжырымын дәлелдей үшін автор Татарстанның Абаймен қатар өмір сүрген екі адамның реформаларын мысалға келтіреді. Біріншісі – Ш.Маржани. Ол дінге қатысты жаңалықтарын ұсынған, сондықтан тарих жайындағы зерттеулерінен әрі аса алмаған деп аздап сынайды. Татар тілін араб тілінен, ислам мәдениетінен арылтудың орнына, кітаптарын араб қарпімен жазып, көбінесе арабша сөйлеген деген пікір білдіреді. Салыстыруға алғандардың екіншісі – Қ.Насири. Ол Маржанидің осы кемшілігінің орнын толтыруға тырысады, татар әдеби тілін Қазан төңірегінің тіліне жақындатқысы келеді. Алайда оның да татаршасы Абай қазақшасындай таза бола алмай, араб-парсы сөздерін көп кіргізген «шұбар тіл болатын» [8, 15] дейді.
Қ.Жұбанов аталған еңбегінің «Абай және халық әдебиеті» атты бөлімінде Абайдың қалай сөзді орайластырып пайдаланғанын, ауыз әдебиетінің мол мүмкіндігін қалай пайдалана отырып шыңдағанын көрсету үшін ақынның сөз шеберханасына үңіледі. Алдымен ғалым бұрынғы ауыз әдебиеті үлгілерінің кемшілігін сынайды. Оған қоса Абай «қазақтың өзге жұрттан қарағанда сөзі ұзын» екендігін, өйткені онда басы артық қосарлар жүргенін байқағанын жазған. Қ. Жұбанов ондай артықтардың немесе қыстырма әңгіменің үш түрлі пайдасы барын да жасырмайды. Олар: әңгіменің ұзынынан ұғуға кемшілік қылмайтын түрі бар екенін, тыңдаушының зейінін өзіне аударып, миға машық (гимнастика) болатындығы және әңгіме образ жағынан дұрыс құрылатын болса, негізгі тақырыпты жанды түрде түсінуге себеп болатыны. Осындай пайдаларын тізбектеген соң, мысалға «Шора батыр» жырынан үзінді келтіре отырып дәлелдейді.
Автордың келтірген әдісі фольклорлық туындыларда ең қолайлы әдістердің бірі болып саналады. Бірақ жазба әдебиетке келгенде бұл тәсіл шығарманың мағынасына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан оның орнына образдылық келе алады. Абай осы айырмашылықты көріп қана қоймайды, соынмен қатар керексіздерін арылтып, артығын тазартады. Қажет жағдайда ескінің шұбалаңын өз қалыбында қалдырмай, икемді әрі нақты бейнеге келтіруге ат басын бұрады [8, 27].
Оның ауыз әдебиетіне қатысты еңбегіндегі бір тарауының соңында Абайдың өлең өнері жайлы айтылады. Онда ұлы ақынның жаңашылдығын «ұлы сыншылық, барды қайта құрушылықты» дәлелдейтіндей алты баптан тұратын тұжырымды қорытындымен аяқтайды. Осындай жинақтау арқылы автор мақаласының атауын «Абайдың қазақ әдебиетінің бірден-бір классигі екендігін» толық, жан-жақты, ешкім таласпайтындай көнуге болатынын айтады.
Алаш абайтанушы азаматтарының тағы бір көпшілігіне ортақ дүниесі – ол Абайдың шығысқа, исламға қатысы мәселесі. Негізі бұл жерде аздап кереғар пікірлер баршылық. Біраұ біз оған тоқталмаймыз. Ә.Бөкейхановтың мақаласында ақын өмірбаяны туралы мәліметтер келтіріледі. Солардың арасында оның «Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түскендігі» аталып өтілетін тұсы бар. Автор алдымен ел билігі мәселесін қозғайды, артынан Абайдың шығыс мәселесіне қайта оралады. Бір сөзінде «Ислам дінінің далаға берік орнығуының пайда-зиянына орай жаңа заман талабына сәйкес... араб, парсы, түркі тілдерін кітап арқылы үйренеді» дейді. Яғни Абайдың ел арасындағы дүмше молдалыққа, сондай ілімді таратушыларға теріс көзқарасы болғандығын, дінбұзарлыққа қарсы сыны айтылады [3, 111].
Абайдың шығысқа, ислам дініне қатысты мәселесі Ж.Аймауытовта да көтерілген. Ақынның шығысқа, дінге байланысты маңызды туындысы ретінде ақынның «Алла деген сөз жеңіл» өлеңі мысал ретінде беріледі. Бұл терең ойлы философиясымен өрілген туындысында ақынның сөз етілетін шеберлігі атап өтіледі.
Ал М.Дулатовта Абайдың шығармашылық тұлғасын байыптағанда «тілі ләззатты араб, парсы түрік, қалмақ тілдерінен хабардар болғандықтан...» деп көрсетеді.
Абайдағы шығыс, дін мәселесі А.Байтұрсынұлында да бар. Бірақ оның мақаласында бұл мәселе қысқа қайырылған. Ол былай жазады: «...бала кезінде «қырда мұсылманша оқыған екен», «13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған» [4, 217] деген біз білетін жалпы мәліметтерді ғана береді.
Есесіне Қ.Жұбанов өзінің мақаласында Абайдың шығыс әдебиеті жайлы кеңінен қамтыған. Оның еңбегіндегі «Абай және шағатай әдебиеті» деген тарауының басты әңгімесі негізінен біз сөз етіп отырған тақырыптар өзекті болып табылады. Бұл тарауда Абайдан бұрын, Абайдың шығыс әдебиетіне келместен алдымен жалпылама шығыс әдебиеті мәселесі қарастырылады. Солардың ішінде ортаазиялық түркілердің төл әдебиеті болып есептелетін осы шағатай әдебиеті сөз етіледі. Осыдан барып шағатай әдебиетіне жататын жас Абайдың еліктеуден туған үш өлеңі («Иүзи – рәушан, көзі – гәуһар», «Фзули, Шәмси, Сәйхали», «Әлифби») жан-жақты талданады. Жұбановтың пікірінше, бұл туындылар ақынның «жалпы шағатай өнеріне әлі де сын көзбен қарауға шамасы келмеген тұсы, шығыс әдебиетінің ақындық беті толық ашылмаған кездегі өлеңдерінің үлгісі деп бағаланады. «Иүзи – рәушан, көзі – гәуһар» мен «Фзули, Шәмси, Сәйхали» өлеңдеріне қарағанда «Әлифбиге» автордың көзқарасы бөлектеу. Құдабергеннің пікірінше, Абай бұл соңғы өлеңді шағатай дәстүрінен біртіндеп алшақтаған кезде жазған деп топшылайды. Өз сөзінде «қазақтың өзіндік төл үлгісіне қайта бейімделе бастаған кез» деген қорытынды жасайды.
Бұл еңбек негізінен шағатай әдебиетіндегі мистицизм (табиғаттан бөлек, құпия бір нәрсеге сену) мәселесі туралы айтылғанымен құнды. Осындай лирика Абайдың пікірінше негізінен жалындаған махаббаттан тұрады. Бірақ ынтықтықтың нысаны беймәлім, ол бәлкім жыныссыз ғашықтық болуы мүмкін. Ғалым «иран-шағатай лирикасына тән «мені» – «нәпсі» деп жобалайды. Ал ұлы ақында ғашықтық өзегін өртей суреттеледі. Соған қарамастан ол ғашығының аяғына жығылып, оған басын бүкпейді. Шығыстық мистицизміндегі көнбістілікке, құлдық идеяға бармайтыны бірден байқалады. Әрі барғанда «саған құрбан мал мен бас» дейді, бірақ «мендігін» сақтап, намысына дақ түсірмей өледі. Осыдан қорытынды шығарсақ, Қ.Жұбановтың түйгені – біріндегі «меннен» қашу, біріндегі «менді» ардақтау Абай мен шағатайдың басын қоспайды» дейді. Дегенмен сопышылдық Абай поэзиясына шалалығын тигізгендігін мойындайды [5, 18].
Алаш қайраткерлерінің Абайға қатысты жазған мақалаларында олардың жеке басының ізденістері көрінеді. Сонымен қатар, зерттеулерінің ой тереңдігі, өзі өмір сүрген қоғам дамуына, әлеуметтік ортаға көңілі толмаушылық, жалғыздық, түңілушілік сияқты ойға әсер ететін толғаныстары бірге қамтылғанын көріп отырмыз. Жоғарыда айтқан үш алаш азаматы да қарастырған бұл мәселелер кең қамтылмағанымен, олар аталған тақырыптан айналып өте алмағанына да көз жеткіздік. Қалай дегенмен, Абай шығармашылығы үшін бұл мәліметтер өте маңызды.
Тағы бір мәрте Әлихан Бөкейхановтың мақаласына оралайық. Автор бұл мәселеге, яғни жоғарыда айтып кеткен ойшылдыққа, ізденіске Абайды бір табан жақындатқан орыс достары екенін баса айтады. «Күншығысым күнбатыс болды» деген атақты Абайдың нақыл сөзге айналған сөзінің тап осы кезге қатысты деп те ойлауға негіз бар. Ақын дүниетаным көкжиегін кеңейту мақсатында Спенсердің «Тәжірибелер», Льюистің «Позитивті философия», Дрепердің «Европалық ақыл ойының дамуы», Н.Г.Чернышевскийдің «Современник» еңбектеріндегі қоғамдағы үдерістер терең талдалған саяси-әлеуметтік мақалаларын оқиды. Сонымен қатар, орыс әдебиетінен Лемонтовтың шығармаларын сүйіп оқып, оның көптеген өлеңдерін қазақшаға аударады. Орыс ақынының «Ой» деп аталатын туындысындағы «Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмас...» жолындағы Ресей қоғамындағы кертартпалық пен қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік жағдайлар үндестіріліп баяндағандай. Әділетсіздікке қарсы қыжылы Абайдың өз заманының, өз ортасының керенаулығына деген өкпе-назына ұласып тұр. Осы жағынан Абай мен орыс достары арасында мықты ой байланысы бар. «Дүниеге көзімді ашуға үлкен себепкер болғаны» дейтіні де сондықтан.
Ал А.Байтұрсынұлының мақаласында Абайдың терең ойшылдығы оның өлеңдерінде көрініс беретіні айтылады. Оны автордың қолына алғаш Абай өлеңдері жазылған дәптер түскен кезде байқайды. Сол кезде ақын өлеңін түсініңкіремей, біраз абдырап қалғанын жазады. Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын біреу баяндағанда ғана түсінетінін жасырмай жазады. Осы мақаласында Абай сөздері адамның түсінуіне ауыр екенін мойындайды және оның себептерін де ашуға тырысады. А.Байтұрсынұлының пікірінше, ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес екен. Ақын «не жазса да мәселенің түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін жазады» дейді. Түсіне алмаушылықтың бар сыры жазғандарының мағынасының тереңдігінде екенін айта кетеді. Одан кейін терең мағыналы өлеңді немесе қара сөзді «оқушыларының түсіну дәрежеге жете алмағандығы себебінен, яғни өз кемшіліктерінен» деген қорытындыға келеді. Қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған ғалымның бұл айтылған дұрыс тұжырымына келіспеске амалымыз жоқ.
Ақынның туғанына 150 жыл мерейтойы қарсаңында біршама абайтанушы ғалымдар Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін халыққа жақындату мақсатында ой елегінен өткізіп, көптеген еңбектерді жарыққа шығарды. Олар бұрынырақта басылған «Қазақстан коммунисі», кейіннен «Ақиқат» журналында және т.б. баспа беттерінде ақын туындыларын терең талдады. Олардың арасында Ғарифолла Есім мен Тұрсын Жұртбаевтарды ерекше атап өтуге болады. Себебі, бұл жұмысқа осы екі ғалым белсене кіріскен еді. Сол кезде «Ақиқат» журналынан екі зерттеушінің кейде кезекпен, кейде қатар, бір нөмірді жіберместен Абай өлеңдерін жұртшылыққа ұғынықты етіп талдап жүрді. Олардың терең талдауларын оқырмандар асыға күтетін. Уақыт өте келе сол талдауларын Ғ.Есім «Хакім Абай» кітабына енгізіп бастырса, Т.Жұртбай сол мақалалары негізінде «Күйерсің, жүрек,.. Сүйерсің!» деген жинағын жарыққа шығарды. Бұл еңбектер қазір ғылыми зерттеу жұмыстарында кеңінен қолданылып жүр. Ал Абай өлеңдерін герменевтикалық тәсілмен Мұзафар Әлімбаев терең зерттеген болатын.
Туындылары сөз болған алаш азаматтарының еңбектерінде Абай поэзиясындағы төл әдебиеттің алатын орны мен Абайдың Шығысына қатысты мәселесі ғана басшылыққа алынды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында жарық көрген еңбектерде Абайдың ойшылдығы туралы пікірлері сөз болғаны рас. Талдаулар мен ой-түйіндеулерді жеткізу барысында олардың көпшілікке белгілі еңбектеріндегі үндестік әңгіменің өзегі ретінде көрінді. Қарастырылған осы үш мәселенің өзі абайтануда өзіндік орын алады. Туындыларын әр жылдары, түрлі жағдайда жазған ұлт жанашырларының ұлы Абайға деген ой-тұжырымдарының бір сәтке жақын екенін толық көрсетті. Қорытындылай келе, қазақтың бас ақынының шығармашылығына алаш зиялыларының берген бағасы осындай екеніне көз жеткіздік.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Т. 1. – Алматы: «Жазушы», 1995. – 336 б.
2. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Т. 1. – Алматы: «Жазушы», 1995. – 382 б.
3. Бөкейханов Ә. Абай (Ибраһим Құнанбаев) (Ғұмырнаманың алғы сөзі Т. Жұртбайдікі). (1905) // «Жұлдыз» журн. – № 9. – 1991. – Б. 110–114.
4. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны. (1913). // Шығармалары. – Алматы : «Жазушы», 1989. – Б. 298–304.
5. Аймауытов Ж. Абайдың өнері һәм қызметі. Абайдан соңғы ақындар, Журнал туралы. // Алты томдық шығармалар жинағы. – Т. 6. – Алматы : «Ел-шежіре», 2013. – Б. 125–129, 129–135, 135–141.
6. Дулатов М. Абай (1904). Ибраһим ибн Құнанбаев (1908) // Бір томдық таңдамалы шығармалары. – Алматы : «Ана тілі», 2010, 171–172 б.
7. Жұбанов Қ. Абай – қазақ әдебиетінің классигі. // Абай тағылымы. – Алматы, «Жазушы», 1986, 14–32 б. Материал 17.09.18 баспаға түсті.
Зейнегүл Жұмабекова
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік
университетінің 1-курс магистранты