Нұрай ҒАЗИЗОВ: АБАЙ МЕН ӘЛИХАН КЕЗДЕСКЕН БЕ?

 

Жұмыстың өзектілігі - еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында атап айтқандай, келер жылдағы мемлекетімізде атаулы мерейтойлардың күтіп тұрғанын бізге мәлім етіп, оның үлкен дәрежеде тойланып өтетіндігі жайлы айтқан еді [1]. Ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек екендігін нақтылап кетті. Осы тақырыпты таңдауға себеп болған Абай мен Әлиханның кездескені жайлы арнайы мақалалар жарияланбағанына көзім жеткеннен кейін, көптеген атақты ғалымдардың пікірлерін біле отырып, осы жайлы ізденуді ұйғарған болатынмын. Кез келген тың тақырыптың өз жауабын тапқаны барлық зерттеушілер үшін жағымды әсер қалдыратыны сөзсіз. Өзімнің ойымды бір арнада тоғыстыруға тырысу үшін, мақалада фактілер мен аргументтерді алға тарта отырып, салыстырмалық зерттеу әдісі бойынша әр түрлі дереккөздер келтірілді.

Ғылыми зерттеу нәтижесі -  бұл мақала қазақтың екі кемеңгер тұлғасы Абай мен Әлиханның кездескені жайлы ғылыми негіздегі дәлелдеулерге арналды. Осы тақырыпқа сай тарихи оқиға мен ғылыми гипотезаның салыстырыла келтірілуі, олардың  болған уақыты мен деректердің сәйкестігі арқылы жасалған тың тұжырымдар назарға ұсынылды.  

Аңдатпа - Абай мен Әлиханның ғұмырнамасына байланысты тарихи деректерді ғылыми тұрғыда саралай отырып, олардың жүздесуі, пікірлес болуына  нақты айғақтар мен дәлелдер арқылы жан-жақты зерделенді. Ғылыми мақаланың арқауы бойынша  қазақтың екі ұлы перзенті, ұлт мүддесі жолында бір мақсатта болды деген тұжырымға тоқталдым.

 

Ғалымдардың осы тақырыпқа байланысты берген сұхбаттарының қысқаша қорытындысы

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор – Ш.Ш.Ыбраев

 

«Бұл деректі мен нақтылы білмеймін. Кездессе ол жайлы айтар едім, жазар едім, кездеспеді деп ойлаймын».

Филология ғылымдарының докторы, профессор – М.І.Әбдуов  

 

«Ол туралы нақты деректеме сақталған жоқ, кездестірмедім. Ол екі адам кездеспеген тәрізді».

Филология ғылымдарының докторы, профессор – Ж.Ж.Жақыпов

 

«Кездескені жайлы менде дәл мәлімет жоқ. Арнайы іздеген жоқпын. Кездесті деп ойламаймын».

Филология ғылымдарының кондидаты, доцент – С.У.Такиров  

 

«Екеуінің кездесіпті, сырлысыпты дегеніне күмәнім бар».

Филология ғылымдарының докторы, профессор – Ж.Қ.Смағұлов

«Абай мен Әлиханның кездескені анық».

 

Әлихан мен Шәкәрімнің шешелері   - Тобықты-Жуантаяқ руының  атақты батыры Мамайдың қызы екені бізге мәлім. Яғни, бұлар бір адамнан туған  апалы-сіңліліден туған  бөлелер. Бұл - тарихи фактор. Әлекеңнiң Абайға туысқандығы  Құнанбайдың iнiсi Құдайбердiнiң әйелi жағынан туысады. Құдайбердiнiң бәйбiшесi  Төлебике мен Әлекеңнiң шешесi Бегiм ханым апалы-сiңлiлер. Осыған байланысты тарихи дерек: Әлиханның інісі Смахан төренің естелігі бойынша  олар жасөспірім кезінде нағашылап барған. Сол уақытта кездескен [2].

Абай мен Әлихан осы Географиялық қоғамның ғылыми мәжілістері мен жиындарына қатысып, қазақтың мәдениеті, тұрмыс салты, өнері  туралы баяндамалар жасап, дәрістер оқыған. Дерек: «Семипалатинский областные­ ведомости» газетінің 1904 жылғы №8-­санында Семей облысы статистика комитетінің атқарған істері туралы есебі жарияланған. Міне, осы есептегі комитет мүшелерінің қатарында «Ибраһим Кунанбаев», «А.Букейханов» деп жазылған. Бұл оқиға 1886 жылдар мен 1904 жылдар аралығында болды. Қазақтың екі ұлы зиялысы  Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің зерттеу жұмыстарына белсене араласу барысында кездесіп қана қоймай, пікірлес болған,  Әлекең мен Абай бiр комиссияның құрамында болған. Осыған қарап, қос тұлғамыз кездескен деген тұжырым  жасауға болады.

Келесі тарихи оқиға Абайдың аса зор үміт күткен  ұлы  Әбіштің, 1904 жылы мамырдың 14 жұлдызында Абайдың сүйікті ұлы Мағауияның қайтыс болуларына байланысты. Атақ-даңқы қазақтың үш жүзіне мәлім Абайдың бұл қайғысына Ә.Бөкейхандай тұлғаның барып көңіл айтпауы, қазаға ортақтаспауы мүмкін емес. Бұған Шәкәріммен бөле екенін қосыңыз. Ол қазаларға  Әлиханның ата-анасы міндетті түрде барды. Әлихан Бөкейхан 1894 жылы Омбы қаласы Орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болады. Семей мен Омбы арасы онша қашық жер емес. Олай болса Әлиханның Әбіш өліміне байланысты Абай ауылына барған. Шәкәріммен бөле екенін былай қойғанда, оқыған азамат деген атына сын. Бұл оқиға 1895 жыл және 1904 жыл аралығында болды.

Ресейдің Жер министрлігінің ұйымдастыруымен Ф.А.Щербин басқарған ғылыми экспедиция құрамына алғашқыда статистик ретінде шақырылып, кейін оның жеке зерттеу тобын басқаруға дейінгі құрметке ие болады. «Щербин экспедициясы» 1896-1901 жылдар аралығында  бүкіл қазақ даласының үштен бір бөлігінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1903-1905 жылдары 13 том ғылыми еңбек жарыққа шықты. Қайым Мұхамедханов: «Әлиханның Абаймен, оның Тұрағұл, Кәкітай, Шәкәрім сынды туыстарымен, Көкбай, Мұқа, Әріп сықылды шәкірттерімен таныстығын 1899 жылы Ф.А.Щербиннің ғылыми экспедициясымен қазақ даласын зерттеуге шыққан кезінен басталды», - деп жазады [3, 42-б.].

Олардың таныстығы нақты қай жылдан басталғаны, неше рет кездескені анық айтпаса да, «Әлихан Абайды сүйіп оқыған» деп атап көрсетеді. Экспедиция Ақмола және Семей облыстарының 12 уезінде жұмыс атқарған болса, Ә.Бөкейханов оның Павлодар, Семей, Қарқаралы, Омбы уездеріндегі ғылыми жұмысқа тікелей қатысқандығын жазған еңбектері дәлелдейді. Қарқаралы уезінде 22 болыстық болса, экспедиция оның 16-сын түгел аралап шыққан, ал Семей уезінде 19 болыстық  құрылған. Ә.Бөкейханның 1995 жылғы «Таңдамалы»  жинағындағы «Түсініктерде» Қарқаралы уезінің 1898, 1899 жылдары зерттелгенін, үш партия жұмыс жүргізгенін айта келіп: «...первая с А.Н.Букейханом во главе, имевшим помощником Д.Сатыбалдина и регистратором Е.Итбаева. Абралинская и Дегеленская волости так же были исследованы партией во главе с А.Н.Букейханом», - деп ашық жазылған [4, 459-б.].

1896-1901 уақыт кезеңінде орын алды. Бұл болыстарда Абай өлеңдері мен әндері шырқалмады дей алмаймыз. «Шыңғыстауда «Көкен болысында» 1899 жылы болдым» деп жазғанының өзі экспедиция жұмыстарына сәйкес келіп тұр. Осы уездің «Көкен болысында» «Татьянаның хатын» естігенде Абай туралы сұрамауы, барып жолығуға ынтық болмауы мүмкін емес. Бұл Абай атақ-даңқының бүкіл қазақ даласына кеңінен тараған кезеңі болса, Ә.Бөкейхан экспедиция жұмыстарының мүддесімен де жолығуға тиісті  ғой деген ойдамын.

Қонақ таңдап қонады демекші, келесі тарихи оқиға Әлиханның Абай ауылына қонақ болып баруы. Ә.Бөкейханов өзінің 1910 жылы шыққан «Қырғыздар» (Қазақтар) аталатын еңбегінде: «В глубокой степи, за 700 верст от Сибирской ж.д., сидя в гостеприимной юрте богатого казаха, я рассказывал собравшимся старикам и молодежи о русских писателях и, в частности, о Л.Н.Толстом. Хозяин дома, богатый влиятельный казах, выслушав меня, улыбнулся, попросил жену достать его шкатулку, где он держал свой архив и вынув оттуда бумагу, передал мне. Оказалось, что казахи все знали ее содержание и, не желая обидеть подозрением мой рассказ, они высказали мнение, что они, т.е. русские писатели, вероятно не русские, особенно Л.Н.Толстой. Все они должны быть мусульмане, иначе и быть не может. «Кто знает, они может быть, казахи», заметил один старик», - деп жазады [4, 429-б.]. Бұл оқиғаның болған жылдары белгісіз. Шамамен 1897-1903 жылдар аралығы. Осындағы Л.Толстой мен басқа орыс ақын-жазушыларын жақсы білген ауыл - Абай ауылы болмауы еш мүмкін емес, ал беделді қазақ Абай болмаса да, Шәкәрім болуы керек. Қазақ даласында әлем және орыс әдебиетімен кең  таныс басқа ауыл болды дегенді естіген де, оқыған да емеспіз. Бұл  менің Абай мен Әлихан жүздескен деген ойымды нақтылай түседі.

Ә.Бөкейхан 1900 жылы Семейде Абайдың ұлы Кәкітаймен кездеседі. Ұлы ақын өлеңдерімен толықтай танысады. Ә.Бөкейханның 1995 жылғы «Таңдамалы» жинағында «Кәкітай» атты азанамасында: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күзді күні көрдім, қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы Біләлді гимназияға берем деп Семейге келгенде. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін оқып, мәз-мейрам болыстық. Анық таныстық»,  - деп жазады. Бұл кезде Ұлы Абай әлі тірі болатын. Осыншама таныс-біліс, сыйлас болғанда Кәкітай Әлиханды елге меймандыққа шақырмауы еш мүмкін емес. Ендеше Алаш көсемі Абай елінде қонақ болу барысында Абайға барып сәлем беруі, танысуы анық.

Ұлы ақынның қайтыс болуы Әлиханға арнайы хабарланып, жаназасына қатысуға шақырылған. Әлихан: «Өзіме Абайдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар келгенде, отыра салып балаларына бірден хат жаздым»-дейді. Айтып отырған балалары – Тұрағұл мен Кәкiтай. «Дереу Абайдың өлеңдері мен жазбаларын хатқа түсiрiп, кітап қылып басыңдар. Әйтпесе, ұмытылып, жоғалып кетеді»-депті. Кәкiтай осы шаруаны қолға алып, арнайы киіз үй тiгiп, Мүрсейіт Бікеұлы есімді молданы отырғызып, Абайдың есте қалған барлық өлеңдерін құсни көркем жазумен әдіспен хатқа түсiрткiзедi. Кәкiтай Абай өлеңдері мен жазбаларын хатқа түсiрту барысында Әлиханмен ақылдасып отырған. Кәкітай мен Әлихан Омбыда кездесіп, Абай өлеңдерін он жеті тақырыпқа топтастырады. «Ақын шығармаларын топтап бастыру сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету мақсатынан туған болатын» дейді Қайым Мұхаммедханов. Қысқасы, Әлихан мен Кәкітай қияндағы Петерборға бірге барған. Кәкітайдың еңбегі жөнінде Мұхтар Әуезов былай дейді: «…Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған Кәкітай Ысқақұлының еңбегін ерекше айту керек. Кәкітай Абай шығармаларының ең алғашқы таңдамалы жинағын Петербургтегі баспаханасында 1909 жылы шығарды. Сол жинақтың аяғында ақынның Кәкітай жазған бірінші өмірбаяны беріледі» [5, 45-б.].

Шындығында, бұл Әлиханның Абай өмірі туралы толықтырып жазған үшінші мақаласы еді. Оның алғашқы нұсқасы «Абай (Ибраһим) Кунанбаев», — мүнаһиб (некролог) деген мақала. Ол Семейдегі — «Семипалатинский листок»  газетінде 1905 жылы 25, 26, 27 қарашада  250-252 сандарында жарияланады. Бұдан соң «Семипалатинские областные ведомости» газетінде (1906 жыл) қайта орыс тілінде басылды. Бұлар – ұлы Абайдың  қағаз бетіне түскен ең алғашқы ғұмырнамасы болатын. Бұл үшінші мақала 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела» деп аталатын кітапта басылып шықты. Мақаланың соңында: «Биографические данные для этого некролога доставил племянник Абая Какитай Скакович Кунанбаев», - деп жазылған [6]. Абайдың өмір деректерін Кәкітай мен Тұрағұлдан сұрап ала отырып, ғылыми ғұмырнамалық сипаты анық танылатын бұндай зерттеу мақаланы жазу үшін еуропалық деңгейдегі білім қажет. Бұған қоса әдеби-теориялық тұрғыда талдау жасап отырған ақынмен аса жақсы  таныстық керек. Әлихан Бөкейхан  Абай шығармалары  Европаның ең атақты ақындарына абырой-даңқ әперер еді деген байлам жасайды. Бұл оқиғалар шамамен 1905-1909 жылдар аралығында орын алды.

Абайдың сөз өнері мен ақындық даңқының әлем елдеріне таралуына Әлиханның тікелей қатысы бар. Абайдың көзі тірісінде 1903 жылы ұлы ақынымызды орыс оқырмандарына тұңғыш таныстырған да осы – Әлихан Бөкейханов еді. Дерекке сүйенсек, «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдықта  «Киргизский край» атты 18-томының  «Население»  бөлімін жазған Әлихан еді. Осы бөлімде ұлы Абайға ерекше ден қоя отырып: «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңашыл бағыттың көш басшысы А. Құнанбаев», - деп бағалайтыны белгілі [7, 102-б.]. Абай мен Әлихан­ның жас айырмасы біржарым мүшелдей ғана, екеуі де бір атыраптың – Семей губерниясы,  Қарқаралы уезінің адамдары, сондықтан бұлар­дың көзі тірісінде таныс болуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал,  бірақ ондай сөзді Әлихан жазбайды. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, туыстары  Шәкәрім, Кәкітайлармен қалай танысты, қалай достасты, қалай хат жазысты – бұлар туралы анық деректер келтіреді.

Әлихан «қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тура жолға салған»-деген Е. П. Михаэлис. Неше жыл Михаэлис Семейде тұрғанда, Абай әрқашан декабрьден мартқа шейін қалада жатып, кеш сайын Михаэлиспен көріседі екен». Е.П.Михаэлис жазда Шыңғыстауға барып, айлап жатып қымыз ішкен. Бұл Әлихан Абаймен кездесетін жолы болды ма, жоқ па деген жоғарыдағы сауалға толық жауап бере алатын бірден-бір факті болып отыр. «Офат» мақаласында «Қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тура жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше «менің көзімді ашқан, маған жанашырлық қылған Михаэлис еді», - деп айтып отырушы еді», - деп жазды. «Айтып отырады екен, солай дейді екен» демейді. Бұл жерде Әлихан өз құлағымен естіген сөзді жазып отыр.

1904 жылы «Семипалатинские областные ведомости» газетінде статистика комитетінің 1903 жылы ішінде атқарған жұмысының есебі басылған. Есептің бас жағында комитеттің толық мүшелері мен басқарма мүшелерінің тізімі де берілген. Осы толық мүшелерінің қатарында бәріміз де әдебиеттен жақсы таныс Е.П. Михаэлис, оның «шәкірті» - Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы және бірнеше кісілердің есімдерінен кейін Әлиханның аты-жөні де көрсетілген. Е.П. Михаэлис есімі Әлиханның Абай туралы жазып қалдырған барлық еңбектерінде дерлік аталады. Оған қоса 1913  жылы оның өліміне орай «Қазақ» газетінде «Офат» деген азанама жазды. Батыс-Сібір Географиялық қоғамы Семей бөлімшесі «Запискиінің» 1914 жылы Е.Михаэлиске арналған VІІІ шығуында «Қазақ халқы да Михаэлисті жоқтайды»-деп Әлиханның осы аза сөзін ерекше  атап өткен.

 

Көркем шығарма және ғылыми зерттеу еңбек.

 

Абай мен  Әлиханның кездесуі туралы көркем образ немесе прототип

 

Шыққан жылы

 

Тұжырым

 

 

М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы

 

 

М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясының 4-кітабында Абай мен  Әлиханның кездесуін суреттейді. Осындағы ұлтшыл-оқыған Әзімханның прототипі – Әлихан. Бірақ кеңестік идеологияның қатаң талабынан сескенгендіктен жазушы Әлиханның атын Әзімхан деп алады және алашордашылдыққа қарсы көзқарас әсерінен біржақты суреттейді..

 

 

1948

 

 

М. Әуезов екі ұлы тұлғаның жүздесуі туралы білгендіктен де осы эпопеяда олардың кездесуін шығарма арқауына алған. Бірақ кеңестік идеологияның Әлихандай тұлғаға деген теріс көзқарасы әсерінен ашық жаза алмаған.

 

Кәмен. Оразалиннің «Абайдан соң» атты романы

 

К. Оразалин де өз шығармасында ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары туралы жазған жерінде Әлиханды «ұлтшыл-алашордашылардың» басшысы ретінде тарихи шындықты бұрмалай баяндайды.

 

1972

Абайдың Батыс-Сібір Географиялық қоғамы Семей бөлімшесі статистика комитетінің атқарған жұмысы туралы жазғанында Әлиханмен бірге қызмет атқарғаны туралы ой айтылады.

Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романы.

 

Бұл шығарма тәуелсіздік алған соң жазылды. Романда Әлиханның Абайды іздеп барып ел мен жер тағдыры туралы пікірлескені баяндалады.

 

1999

Р.Тоқтаров Абай мен  Әлиханның кездесуін жоғарыда көрсеткен тарихи деректер негізін арқау ете отырып көркем түрде бейнелейді.

Ғалым Рымғали Нұрғалидің «Ә.Бөкейханның  шығармашылық мұрасы» атты ғылыми зерттеу мақаласы. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы. 1995.

 

Академик Рымғали Нұрғали: «Шындығына келгенде, Абай мен Әлиханның жас айырмасы екі-ақ мүшел, екеуі де бір атыраптан, Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің адамдары, сондықтан бұлардың көзі тірісінде ұшырасуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал, бірақ ондай сөзді Әлихан жазбайды. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, ағаларының балалары Шәкерім, Кәкітайлармен қалай танысты, қалай достасты, қалай хат жазысты – бұлар туралы анық деректер келтіреді. Қалай дегенде, Әлиханның Абайды, оның айналасын, шығармаларын өте терең білгендігін айтылмыш мақаладан анық көреміз», - деп жазады. (429-б).

 

1995

Қалай дегенмен де ғалым Р. Нұрғали  Абай мен Әлиханның жүздесуін жоққа шығармайды. Оған «бұлардың көзі тірісінде ұшырасуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал» деуі дәлел. Мақала Әлихан Бөкейхан «Таңдамалы» жинағын шығаруға сай асығыс жазылғандықтан автордың оны түбегейлі зерттеп нақты ой айтуына мүмкіндік бола қоймаған.

 

 

Менің ойымша, Әлихан Абаймен көзі тірісінде кездескен және пікірлес болған. Оған үш түрлі дәлелім бар. Біріншіден, Орыстың императорлық география қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің статистика комитетінде Г.Потанин, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Е.П.Михаэлис және А.Құнанбаевпен бірге мүше болады. Екіншіден, Ф.А. Щербин басқарған ғылыми экспедиция құрамында  Семей уезіне қарайтын 19 болыстықта зерттеу жұмысын жүргізген Ә.Бөкейхановтың Абыралы, Дегелең болыстығында болғаны нақты деректер. «Көкен болысында 1899 жылы болдым» деп жазғаны экспедиция жұмыстарына сәйкес келіп тұр. Үшіншіден, осы уездің Көкен болысында «Татьянаның хатын» естіген ол Абай туралы сұрастырмауы, барып жолығуға ынтық болмауы мүмкін емес. Ә.Бөкейханов экспедиция жұмыстарының мүддесімен де жолығуға тиісті еді деген ойдамын. Себебі экспедицияның негізгі мақсаты қазақтың жер қоғамдастығы болғандықтан, ол қазақ руларының мекенін, тиесілі жерін белгілеп, оны картаға түсірумен шұғылданғаны мәлім. Ал бұл секілді ел тағдыры шешілетін әлеуметтік мәселеден Абайдың шет қалуы ешбір ақылға сыймайды. Ғалым Ж. Қ. Смағұлов өз пікірі бойынша Абай мен Әлихан кездескен деген тұжырымға ден  қояды. «Ұлтымыздың екі данасы қайтсе де кездескен» деп санайды [8, 155-б.]. Оған жоғарыда көрсетілген деректер дәлел.

Қорытындылай келе,        ғылым қашанда күдіктен туады. Осы жоғарыда келтірілген  түрлі тарихи айғақ, көркем шығармалар, ғылыми деректерге сүйене келе, мен кемеңгер ақынның жақындарымен,  ортасының адамдарымен осындай достық қатынаста болған Әлихан Абайдың шығармаларына ертеден-ақ қызығып, танысып, мақала жаза бастаған. Әлихан онымен жүзбе-жүз кездесіп, көрісуді ойламады дей алмасақ керек. Сондықтан Абайдың өзімен көзі тірісінде кездескен, араласып тілдескен, пікірлес болған деген тұжырымға келемін. Әрине әлі де болса мұрағат ақтарып, тарихи нақты деректермен дәлелдей түсу қажет екенін түсінемін. Ол - алдағы күндердің міндеті мен мақсаты.

 

 

Әдебиеттер:

 

1. «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 3 қыркүйек күнгі №169 (29648)  нөмірі.

2. Бөкейханов. С.Р.  «Өткен күннен белгі бар».  Астана, 2010.

3. Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы: РГЖИ «Дәуір». 1994.

4. Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы:  Қазақ энциклопедиясы. 1995.

5. Абай. Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, Атамұра: 1995.

6. «Семипалатинский листок»  газетінде 1905 жылы 25, 26, 27 қараша.

7. Бөкейхан Ә. 15 томдық шығармалар жинағы. Астана: Сарыарқа, 2016.

8. Смағұлов Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымы тарихы. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. 

 

Нұрай Ғазизов

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті