Аңдатпа
Ғылыми мақаланың сипаттамасы:
Абай – ақиқат шырақшысы, терең ой дариясы. халықтың рухани бай мұрасынан күш-қуат алған Абай мұрасы сан-салалы. Адамның ой-сезіміне терең үңілу арқылы оның іс-әрекетінің, тағдыр талабының заңдылықтарын ашу, ойдан жырақтап бара жатқан оқырманды ойлануға меңзеп, ой мен сөздің бірлігіне, парасаттылық пен кемелділікке жетеледі, ақындық өнердің болмысын ашып, өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтап қалды. Жұмыс барысында Абайдың философиялық ойларына, өсиетке толы өлеңдері мен қара сөздеріне терең бойлау арқылы талдау жүргізілді.
Мақаланың мақсаты:
Рухани кемелділікке жетудің тура жолы – Абайды тану, сол арқылы адами құндылықтарды, ұлттық тәрбиені бойға сіңіру, адамға ой салар бай мұрасына үңілу, Абай даналығы арқылы қазіргі оң үрдіспен үйлестіре дамыту;
Зерттеу тәсілдері:
Зерттеу барысында талдау, салыстыру, жинақтау, сипаттау әдістері қолданылды.
Зерттеу нәтижелері:
Оқырман Абай мұрасы нәрімен сусындап ұлттық дүниетанымы кеңейеді, ұлттық тәрбиені бойына сіңіреді, Абайды тану арқылы өзін таниды.
Адамзат өмір есігін ашқан соң тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта рухани кемелденудің сан түрлі сатысынан өтеді. Ойлауды, сөйлеуді, қоршаған ортасын тануды үйренеді, елінің тарихы мен салт-дәстүрін меңгеріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге талпынады. Бірақ мұның бәрі – рухани кемелдіктің «әліппесі» іспеттес. Ал «нақты рухани кемелдікке апаратын жол қандай жол? Оған нұсқайтын бағыт-бағдарды қайдан аламыз?» - деген сұрақтар, әрине, адамды мазалайды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» – деп көрсетті. [1] Демек, біз кемелдікке жетуіміз үшін Абайдай ғұламаның даналығына үңілуіміз керек, үңіліп қана қоймай сонымен бірге өмір сүруіміз керек. Абай даналығы арқылы ұлттық мұраны қазіргі оң үрдіспен үйлестіре дамытуымыз қажет деген мақсат алдымызда тұр. Себебі, Абайды тану – кемелдіктің айқын бейнесі. Абай – ұлттық мәдениетті көтеруші, парасаттылық мектебі. Абай өз заманынан асып туып, ойшылдығымен, кемеңгерлігімен талай ғасырға өшпес із қалдырды. Интелектуалды ұлт болып қалыптасуымыздың өзі дана Абайдан негіз алады. Абайды оқып адам толғанады, Абайды оқып көп ісіне ұялады, Абайды оқып рухани нәр сіңіреді, Абайды оқып өмір сүре білуді меңгереді.
Абай өлеңдері мен ғақлияларында ұлттық мінез, ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным, дін мен діл жатыр. Абай қазақты жамандап сынға алған жоқ, өз халқын, өз ұлтын сүйгендіктен сынға алды, ол ұлттық сананы қалыптастыру мен мәдениеттілікті жаңа белеске шығаруды арман тұтты. Соның ішінде қазақ жастарын көп жырлады, ұлтжандылық сезімдері оятуға талпынды, елі мен жерін сүюге шақырды. Ол осы арқылы әділетті, саналы қоғамның пайда болатынын білді. «Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес» деп маңғаз Мағжан ақын жырлағандай, Абай елдің санасында өмір сүруі қажет. Өсиет пен өнегеге толы Абай мұрасы адамзатқа рухани азық сыйлайды, жан дүниесіне кемелділік дәнін себеді, саналы өмірге есік ашады.
Қоғамның дамуы мен құлдырауы сол қоғамның әр адамына байланысты екенін ескерген Абайдың негізгі мақсаты – әлеуметтік тәжірибені меңгерген, мәдениетті тұлға мен өнер-білім қуған зерделі ұрпақ қалыптастыру арқылы қоғамға қозғау салу. Қазақтың рухани болмыс-бітімін, мәдени өмірі мен ұлттық мінез-құлқын әр адамның бойына сөз құдіреті арқылы сіңдіргісі келді. Адамзатты мақтаншық, жалқаулық, өсек, арсыздық, ойсыздық, бекерге мал шашпақ сияқты жаман әдетке қарсы қойғысы келді. Демек, оның өлеңдері мен ғақлияларында ұлттық психология жатыр. Сондықтан да оның әр еңбегінде «толық адам», «адамдық», «адам болу» сияқты ұғымдар жиі кездеседі. Себебі ең асыл да, ұлы қасиет ол – адам болу. Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп осы үш қасиет арқылы адамды кемелділік биігіне жетелейді. Ыстық қайрат арқылы адам ізденеді, жасампаздыққа ұмтылады. Нұрлы ақыл арқылы ізгі амалдар жасайды, тек жақсылық жсауға бейімделеді. Жылы жүрек арқылы имандылыққа бет бұрады, әр адамға жәрдемші болады. Демек, осы үш қасиет бойынан табылған адам толық адам тұғырынан көрінеді.
Елбасының жоғарыда айтылған мақаласында: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» – делінген. [1] Демек, адамзат Абайды оқу арқылы ақиқатқа жетеді, халықтық тәрбиеге ие болады. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ақынның өзі айтқандай, Абайдың жұмбағын шешуге талпынған сайын, оның даналығының тұңғиығы тереңдей бермек, көксеңгірі биіктей бермек. Ал сол жұмбаққа айналған «толық адам» ілімінің бар болмысы мен пәлсапалық танымдарын кеңінен тану, жан-жақты тереңірек зерттеу ғылымдар саласына бүгінгі күннің мәселесі болмақ.
Абай өмір ұғымын жүрегінен өткізген, санамен салмақтаған, жан-жақты зерделеген. «Қолын мезгілінен кеш сермесе де» өмір философиясын өзінше жазып, барынша құнды етті. Жазушы Роллан Сейсенбаев «Абайдың философиялық толғаулары – өмірге өзінше қарау, адамның тіршіліктегі позициясын айқындау. Абайдың ойлы поэзиясы – этикалық бағдар мен тағылым биігін көрсетеді. Ақын санасы бір ортаға – адамгершілік бірлігін іздеуге ұмтылған, сол арқылы ақын адамды өлімнен қорықпауға, өмір сырын ұғынуға шақырады.
Абайға керегі – адам, адамның рухани болмысы мен адамгершілік нысанасы. Сонан да Абай өлеңдерінде адам табиғат аясында жоғалмайды, ал табиғат адамның ішкі кеңістігіне сыйып кете береді» [2, 92] – десе, осы ойды абайтанушы Омар Жәлел: «Абай кімге көмектесу керек дейді? «Мазлұмға» дейді. «Мазлұм» дегені «Зұлымдыққа ұшыраған адамға жаның ашысын» дегені. Ал «харекет қыл дегені», көпке пайдалы іс істе дегені. Яғни, көпшілікке пайдалы істі Абай «харекет» дейді, Неге ол «Харекет қыл пайдасы көпке тисін» деді? Себебі, Құдайға жағу үшін көпті сүю керек» – деп аша түседі. [3, 22] Яғни, Абай қоғамның өсу, рухани даму жолын біліп надандыққа бой алдырған тобырға емес, өз-өзін тануға талпынған, өз орнын іздеуші адамға жәрдем беруді жөн санайды. Бұл пікірлерге Абайдың мына өлең үзіндісі дәлел болады:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті. [4, 212]
Біздің бұдан байқағанымыз, Абай ақиқатты тану арқылы, адамзаттың бәріне жанашыр болу арқылы ол «Адам» концептісін жасаған. Демек, адам Абайды оқып рухани кемелденумен қатар өз-өзінің жан-дүниесін ұға түседі, өзін тереңірек тани түеді.
Расында, Абай бәрін өмірден алды, оған бәрін өмір үйретті. Абай адам бойындағы ар, ұят, намыс, талап, еңбек, ақыл, қанағат, сабыр сияқты асыл қасиеттерді биік қояды және осы қасиеттер оның өлеңдері мен қара сөздерінде жиі ұшырасып отырады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» - деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» [5] – деген пікірін жалғай отырып, Абай ой маржандарына үңіліп, оның парасаттылық әлемі мен даналығына бойлап көрелік.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан ала ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді,
Ол – арсыздық белгісі». [4, 40]
Қоғам ішінде алауыздық пен арсыздық жайласа, онда ол қоғамның рухани кемелденуі екіталай. Көрсеқызар, алауыз болса, онда адам талаптануды, сананың дамуын ойламайды, керісінше, басқаны аяқтан шалып құлатып орынын бассам деген сияқты арам ой қаптап кетеді. Өсектеу, сынау, мінеу, күншілдіктен арылу арқылы, адамзат бір-біріне жәрдемдесу арқылы ғана парасаттылыққа, кемелдікке қол жеткізеді. «Құдай береді», «бір жөні болар», «ертең кірісемін» деген ұстаныммен жата бермей, еріншектік пен жалқаулыққа бой алдырмай, адам өз тірлігін жасаса, рухани даму мен ой-сананың жетілуіне қызмет етсе ғана адам психологиясы өзгеріп, ұлт та, қоғам да зияткерлік биігіне көтерілмек.
«Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
Жүрегі – айна, көңілі – ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?» [4, 67]
Жас ұрпақ халқының түпкі тарихын, әдебиеті мен мәдениетін оқып, меңгеру арқылы ғана өседі. Көзі ашық, көкірегі ояу, зерделі ұрпақ өз айналасына тың өзгеріс, серпіліс әкеледі. Жүрегін тыңдап, ақылмен іс атқарса, «дүние кетігін тауып, кірпіш боп қаланбақ». Көкірек көзі ашылуы үшін ұлттық бай әдеби-мәдени мұраны ақтарып, ұлттық салт-сана, дәстүр, әдет-ғұрыпты білеуі керек, сөз нәрімен сусындауы керек. Абай «жүрегі – айна» дегендей, таза жүрек – ізгі адамның бет-бейнесі, жүрек таза болса ауыздан жақсы сөз шығады, сана құнарлы ойды жинайды. Ал «көңілі – ояу» адам әр іске зерек келеді, ізденуден талмайды, үнемі рухани қорек жинауға бар күш-жігерін салады.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап». [4, 188]
Абайдың осы бір шумағында үлкен ой жатыр. Адам қай салада қызмет атқарса да, қай ортада жүрсе де адамдық ұстанымнан ажырамауы керек, әр іске ұстамдылықпен, байсалдылықпен қарағаны абзал. Кішігірім шаруа тындыра салып мақтан қуып, тоқмейілсіп жүру – ағаттық, әрине. Адам кемелдікке қадамын бүгіннен бастауы керек және өзіне деген сенім мол болуы керек. Себебі адамның өзін-өзі жетілдіруі үшін, өзгені араластырмай-ақ өз күші де жеткілікті. Адамның ақылы серік болса, адал еңбек атқара білсе алдына қойған мақсаты мен арман-мұратына оңай жетпек. Осы ой мына үзіндіде де анық айтылған:
«Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық». [6, 31]
Адамды құртатын, абыройын түсіретін осы – кеуде соғу, мақтаншақтық. Ал жетістікке талаптану арқылы жетпек. Саналы, талабы бар ұрпақ – ұлт жемісі, ел болашағы. Үзіндіде ақын лирикалық кейіпкер ретінде «бозбаланы» алған. Бозбала жасынан әр іске бейім болуы шарт, ерге тән мінез, ата жолын қуу, бірнеше өнердің иесі болу сияқты асыл қасиеттер тұла бойынан табылса, ол да рухани кемелділікке жол салғаны. Мысалы, қазақтың әр өнерінің астарында өз тарихы, өз тәрбиесі, өз ғибраты жатыр. Сол арқылы жастардың сана-сезімі де өседі. Ал бозбаланың жасынан ер мінезді боп өсіп, бір сөзді, байсалды болуы қазақ ұлтына тән қасиет.
Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі де өнеге, өсиетке толы. Рухани кемелдікке бастайтын асыл қасиеттерді өлеңнен біле аламыз. Адам «ғибрәтләну» керек, жанамын деп сөніп қалмай, ғылымға талпануды жөн дейді. Себебі ғылым арқылы мал да, дүние де қолда болады. «Ақыл – мизан» дегендей, осының бәрін жүрекпен сезіп, ақылмен таразылаймыз. Қандай заман болмасын ақылдыдан ақымақтың, жақсыдан жаманның саны артық дейді. Сол үшін адам өзін қалыптастыру үшін, өзі арқылы ұлтын, халқын қалыптастыру үшін еңбек етуі қажет, әйтпесе «біреу үшін үйренсе» «білгенінің бәр – тұл» болмақ, еңбектің де, білімнің де, уақыттың да зая кеткені.
«Иждиһатсыз, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге». [7, 58]
Абай өз халқын білім-ғылым қуып, басқа ұлттардың пайдалы жағын үйреніп, өз салт-дәстүрімен сабақтастуын қалады. Адам бойында талап пен жігер болмаса, еңбектеніп істің бейнетін көрмей зейнетіне жете алмайды, ғылымға жете алмайды. Аз ғана біліммен толдым, білдім деу үлкен қателік, адам өзін рухани дамыта отырып, ұлтына пайда әкелуі тиіс. Тың оймен, тың жаңалықпен келсе, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегендей адамның әр ісі, әр еңбегі, әр сөзі өміршең болмақ, ғасырдан ғасырға жетпек.
«Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді». [7, 84]
«Мыңмен жалғыз алысқан» Абай қоғамнан оқыған, оқитын адамды іздеген, себебі оқыған адам надандай әр нәрседен бейхабар болмайды, «надандай болмас ақ көзді» деуі сондықтан. Наданның ойында тек біреуді сынау, өсектеу, «ақыл» айту, шәргез, қыңырлыққа бой алдыру.
Қазақтың ауыз әдебиетін, көркем әдебиетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ақтарсақ, ішінде философия тұнып жатыр. Адамға ой салар, ой сала отырып түгел өмірін кемелділік жағына өзгерте алатын рухани мұралар жеткілікті. Тек қана ынтамен іздене отырып, оқи отырып жүрек пен ақыл сандығына құя беру керек. Абай өз әлеуметтік ортасының шындығын жазса да, болашақты да болжап өткендей, адам мен қоғам өзгергенмен, біз әлі күнге дейін Абайдың өсиетіне, өнегесіне, даналығына мұқтажбыз, зәруміз. Соның барлығын білген Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегені бекер емес.
Имандылық – тікелей кемелдікке жетелейтін қасиет. Абай үшін өмірдің мәні тек иман арқылы ғана ашылмақ, иман арқылы адам өз өмірін, өз тағдырын түсінеді.
Иман мен адамның рухани дүниесі ұштасса саналы өмір пайда болады. Иман тек құдайшылыққа ғана апармай, қоғам ішінде әділдік, мейірімділік орнатады. Діннің өзі үлкен ғылым. Ислам діні ғылымға ерекше мән берген. Абай елші емес, ол Құдайды танушы. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Алланың бар екенін ғана емес, оның пендесіне жеткен сөзі де ақиқат екенін айтады. Ақыл-ес арқылы ғана Алланы тану жеткіліксіз, Алланы жүрекпен тану қажет, себебі адамның жаны жүректе. Бойда иман болса әділдік те, қайырымдылық та, махаббат та болады. Абайдың діни көзқарасы Қожа Ахмет Йассауи мұрасымен үндесіп жатыр. Абай түсінігі бойынша, адам өз рухани дүниесін дамыту арқылы Аллаға жақындай түседі. Адамзатты дүниеқоңыздық, мақтаншақтық, жалқаулық секілді жаман әдеттен арылуға шақырып, тура жол арқылы Алланы тануды үндейді. Ақылы жоқ адам басында дақылы жоқ бидай сынды, кеуде керіп, мақтаншық болса – ол, әрине, білімсіздіктен шыққан әдет. Дүниенің жалған екенін ұғып, бар уақытты адамды сыйлауға, Алланы мадақтауға жұмсауды жөн санайды. Осы ой ақынның мына өлеңінен айқын көрінеді:
«Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Кез жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!» [8, 46]
Жүрек соқырлығы көз соқырлығынан да жаман екені белгілі. Адам жүрегі мен санасы түрлі жат дүниеден тазара түскен сайын, ол ақиқатты таниды. Ал жат әдеп, теріс шаруа, кертартпа ойдан арылса, оның орны бос қалмайды, керісінше, ізгі қасиеттермен толыға түседі.
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі». [7, 126]
Адалдықты ту етсе, ақиқатпен өмір сүрсе, «іші өлген, сырты саудан» сақтанса, әрине, адам дегеніне жетеді, рухани өмірі айқын, еңбегі мен естелігі өміршең болады. Жоғарыдағы мысалда «іштегі кір» деген тіркес – жаман ой, арам пиғыл, теріс жол, зұлымдық, сауатсыздық, мәдениетсіздік білдіреді. Абай осы жат дүниелермен, «мыңмен жалғыз алысып», тегіс елді қараңғылықтан құтқаруға талпынды. Болат Жүнісбековтың: «Ұлы ақын аманатын, біріншіден, оның жалпы надандыққа, яғни иісі адам баласының қараңғылығына арналған тұрғысынан, ал екіншіден, сол адамзатқа ортақ кемшіліктерді туған қазағының бойынан көргендегі жан ашуы ретінде қарастыру орынды» дейді бір пікірінде. [9, 5] Абай қазақты жек көрген соң сынаған жоқ, сүйген соң сынады, зиятты болуын көздеді.
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі хаққа жол емес.
Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін». [4, 189]
Құдай жер жүзін, дүниені жауыздық пен зұлымдық мекені етіп жаратпаған, пендесі үшін жаратқан, себебі жер бетіндегі ынтымақ, кемелдік бәрі адаммен жасалады. Адамға берілген ақыл, сана, ой – Құдайдың ғажап туындысы. Ғаламды, әлемді, өмір құбылыстарын білу үшін, зерттеу үшін, хақты тану үшін осы қабілеттерді берді. Демек, ынта, шын ниет пен таза көңіл, ыстық махаббаты арқылы ғана адам Құдайға жол ашып, жақындай түседі, сонымен қатар еңбігенде береке болмақ.
Рухани кемелділікке жол бастайтын Абайдың ғақлиялары (қара сөздері) өсиетке, терең философияға толы. Адам оны оқығанда бірден түсінбеуі де мүмкін. Бірақ астарына үңілсе, адамның өмір жолына жарық беріп, ұлттық құндылық, ұлттық болмыс, халықтық тәрбие сана саңылауынан сәуле болып төгіледі. Абай – қазақтың айнасы, Абайды танып адам ұлтын да, өзін де жақын таниды.
Абай төртінші қара сөзінде: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» [10, 161] – дейді. Абай өлеңдерін де, ғақлияларында да еңбекті жиі айтқан. Физикалық еңбек арқылы мал табу, тірлік жасау бір бөлек, ол рухани еңбекті де айтқан. Өмірді зая өткізбеу үшін адам екі еңбекті де қатар алуы керек, себебі қанша дүние жисаң да өмір сатып алу мүмкін емес. Бұл – өмірлік философия. «Өнерсіз ит» – надан, жалқау адам. Біреуді пайдаланып күн көру, қулық арамдықпен мұратқа жету – адамның ісі емес, керісінше, маңдай терінің жемісін көргені абзал. Ол үшін талпыныс, қайрат, сабыр қажет.
«Ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен» [10, 162] – дейді бесінші қара сөзінде. Абай қайран жұртының парасаттылыққа, кемеліділікке жеткенін аңсады, өз ұлтының рухани мұрасын сіңірген соң, шетелден де ұлтқа керек жақсы қасиеттерді меңгергенін қалады, себебі қара жұмыс істеп қана емес, ғылым-білім қуу арқылы да мал табуға болады. Ол үшін адамның әр шаруасында әділет болуы шарт.
Ал сегізінші қара сөзінде: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді» [10, 164] – деп көрсеткен. Адам санасы соқыр болса, білімге сауатсыз болса, онда жиған малынан да қайыр болмас. Адам асып, толған сайын Құдайын ұмытып, адамдық қасиеттен арыла бастайды деген ойды айтады Абай. Иманнан, адамгершіліктен, білімнен айырылса, онда рухани кемелділікке жолының жабылғаны деп есептейді.
Он төртінші қара сөзінде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді» [10, 170] – дейді. Адам ғұмыр бойы оқығанмен білімді тауысып бітпейді. Тыңдай білу керек, естінің, даналардың сөзін құлаққа құйып, ойда қорытып, санада сақтай білуі керек. Әйтпесе, зейінсіз, жауапкершіліксіз адамның білім тергені құр далбаса болмақ. Адамды рухани жағынан аздыратын да, тоздыратын да сол.
Білімі, ғылымды адам не үшін іздейді? Өмірде, практикада қолдану үшін, өзіне пайда табу үшін іздей ме? Бірақ білімді соңына дейін тауысып бітіру мүмкін емес. Адам бір нәрсені біліп, үйренген сайын оның махаббаты одан сайын ашыла түседі, содан іздене түседі. Адам білімге уақытша, асығыстық танытып келмейді, шын ықылас, шын көңілмен келсе ғана, білім де оған сондай жауап қайтарады.
Адам білімді біреу үшін, біреуге кесірі болсын деп жинамайды, сол мақсатта білім қуса адам жолынан жаңылады, адамдық болмыстан ажырайды. Ақиқат жолында білім іздеген адам өзіндей есті адаммен тәжірибе алмасуы керек, жинаған дүниесін санада сақтай алуы қажет, оны қорғай алуы қажет. Олай болмайтын жағдайда білім де артылмайды. Ғылым жиярда адам бойкүйездік танытса, сол жолда немқұрайлы болса «ақыл кеселіне» тап болары аян. Сондықтан ісіне салғырт, ат үсті атқармауы керек, білімнің түбіне сүңгуі керек. Жоғарыда өлең талдағанымызда мінез жайлы атап өтіп едік, адамға керегі мінез, мінез барда ар берік, ақыл қорғанды болмақ. Осы ойларды Абайдың отыз екінші қара сөзінен табамыз.
Қорыта келгенде, Абай мұрасы – адамзат үшін, расымен, құнды. Абайды тану арқылы өмірдің жарқын жолдары ашылады. Абай тек бір нәрсені жырлаған жоқ, тек бір тақырыпты өлең қылған жоқ, ол адамзатқа нағыз керекті, рухани кемелдікке апаратын жолды нұсқады. Білім, ғылым, салт-сана, ұлттық болмыс, ұлттық және халқтық тәрбие, т.б. Абайдың мұрасында тұнып жатыр. Соны ақтару үшін адамда ынта, ықылас, зейін, талап болуы керек. Адам мен өмір философиясын ашып көрсеткен Абай өз ұлтын, өз халқын, жалпы адамзатты кемелділік шыңына шығарғысы келді, интеллектуалды ұлт болуын қалады. Өмірді, дінді, ділді, қазақты таныу үшін Абайды тану жеткілікті. Абай әлем ойшылдарынан артық айтпаса кем түспейтін ойлар айтты. Өз мұрасы арқылы парасаттылыққа жол нұсқайтын даналық темірқазығына айналды. Өміршең өлеңдерге, баға жетпес ғақлияларға толы Абай мұрасы ғасырлар бойы рухани кемелділіктің өзгегі бола бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Н.Ә.Назарбаев. Мақала. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». 2017;
- Абай Құнанбаев. Адам деген даңқым бар. – Алматы, RS; Халықаралық Абай клубы, 2018. – 276 б;
- Аңыз адам. Журнал. Абайтану. №11 (191) 1-15 маусым, 2018;
- Абай. Қалың елім, қазағым. Өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 б;
- Қ.Тоқаев. Мақала. «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан». 2020;
- Абай (Ибраһим Құнанбаев). Шығармалары. – Алматы: Жібек жолы, 2019. – 488 б;
- Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Алматы: Жазушы. Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. 2016. – 296 б.)
- Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Алматы: Жазушы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар. 2016. – 336 б.)
- Абай. Республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журнал. – Семей: Зияткер. 2017;
- Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жыйнағы. – Алматы: Көркем әдебиет, 1957. – 267 б;
Назгүл Айсенова
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің 4 курс студенті