АБАЙ ЖӘНЕ МАРҒҰЛАН

Академик Әлкей Марғұлан ұлы суреткер, классик жазушы Мұхтар Әуезовке еріп, 1924 жылы Шыңғыстауда болғанында ұшан-теңіз әсерге бөленіп, қызықты әңгімелер естіп, Абай туып-өскен өрелі жұрттың «үлкені де, кішісі де ойға батқан, тұңғиық, өзгеше тыңдаушылардың алдында «данышпан қариялары шалқыған ойларын тебіренте салмақпен құйылтып ой қозғап, толғаулармен, термелермен адамды еріксіз өзіне тартып, кейде сөз арасында атақты ойшылдардан мысал келтіріп отыратынын» тебірене жазады.

Өнер, білім биігіне ұмтылған өрен жүйрік кесек ой мен кестелі сөздің нағыз шеберлеріне тәнті болған екен-ау! Әлкей Марғұлан Шыңғыстаудың асқақ әншілерінің өнер­паздық өнегесін, шеберлік қыр­ларын былайша сипаттайды: «Адамның жан күйінен шы­ғатын сұлу үнді ойға бөлеп, та­мыл­­жыған әдемі қоңыр дауыс­пен домбыраға қосып, әнмен философиялық ойларды айтып жеткізгендей болатын. Мекайл, Ісрайл, Жебрайлдардың үнінен кейде еуропалық музыканың сәулетті ырғақтары шығатын. Ең ақыры науша жасөспірімдердің өзі Байрон, Гете, Лермонтовсыз сөйлемейді, ойнап жүріп олардың қазақша аудармасын өлеңдетіп жырлайды» деп ерекше сүйсінеді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1963 жылдың 16 тамызындағы санында жарияланған «Абай қолжазбасы» дейтін мақаласында Абай мен Шоқан өміріне қатысты жазба деректермен 1927 жылдан бастап шұғылданғанын айтады.

Әлкей Марғұлан 1868 жылы түсірілген Абайдың фотосының тарихы туралы былайша әңгіме­лейді: «Россия Императоры Алек­сандр ІІ-нің баласы князь Вла­димир бастап қасында академик Мейндорф және граф, контр-адмирал, генерал, дәрігер, хатшы, сақшылар, оққағарлар, аспазшылар, аңшылар бар тастүйін топ Батыс Сібір аймағын толық көріп-білу мақсатында Омбыға келеді. Бұл салтанаттың жоғары дәрежеде өтуіне Батыс Сібір губернаторының құпия кеңесшісі Тұрлыбек Көшенов, Ақмола, Көкшетау, Ат­басар, Қарқаралы дуандарының азуын айға білеген сұлтандары Ыбырай Жайықбаев, Мұса Зілқараұлы, Шалғымбай Бралин, Жантөре Жанайұлы атсалысады. Және бұл тойдың ішін­де Шыңғыс Уәлиханов, Жүсіп Алшынбаев, Мұсатай Тәттімбетов те болған. Патшазаданың құрме­тіне елу төрт киіз үй тігіліп, үш мың адам жиналып, үш мың жылқы, сегіз мың қой сойылып, салтанатты той өтеді. Князьдың тойында журналист Владимир Войнов және білгір, тәжірибелі фотографтар Кесслер мен Булан­же болған. Академик Әлкей Мар­ғұлан­ның көрсетуінше, сахара елінің түкпір-түкпірінен жиналған ақындардың, әншілердің, күйші­лердің тобын Кесслер киіз үйдің сыртқы жақ іргесінде түсірген­дерін «Певцы и музыкант» деп атаған. Бұлардың ішінде скрипкада ойнаған Жаяу Мұса бар. Сон­дай-ақ «Қазақтың болыс-билері», «Көкшетау аймағының сұл­тандары, билері», «Ақмола қазақ­тарының өкілдері» түсірілген. Ал Кесслерд­ің «Депутация Киргиз Семи­палатинской области» дейтін топ­тың ішінде Абайдың суреті бар. Жас ойшылдың келбетін сон­шалықты жан-тәнімен тебірене қа­былдаған көркемдік көзқарасы кемел Әлкей Марғұлан: «Оның бай­салды маңғаз түрінен білімнің, ой­дың, сезімнің, сұлулықтың аң­қы­ған күшті лебі көрінеді». Немесе: «...Абайдың жаратылыс тұл­ға­сында еш мін жоқ, мүлтіксіз мөлдір ғажайып бір құйып жасаған сұлу мүсін тәрізді». Оқымысты Абайдың ойшылдық, ақындық рухы жарқын көрініс тапқан те­рең, тұңғиық көзқарасы мен келешекті де болжағыш қасиетін, «сұлулықтың көркемдік бейнесі» ретінде пайымдай отырып, «ақыл­ға ұйытқы болған саңлақ маң­дайы, (білімдар Әбдірахман Сағ­дидің «Абайдың суретте көрінген маңдайы – өлеңдерінде көрінген маңдайының өзі. Абайдың маң­дайында ойшылдық пен толқын­даушылық бірлеседі» деген үздік пікірі бар), ботаның көзіндей қабағы жаудыраған әдемі көздер, сызыла біткен қанатты қастары...» деп сипаттайды. Тіпті Абайдың іші­гіндегі «тізбектеп қадаған жұмыр түймелеріне» дейін қызықтап, мұның халқымыздың киім кию мәдениетіндегі әше­кей­­леу екендігін айтады (Әлкей Марғұлан. Шығар­малары. 14-т. Алматы, 2012. 228-231 беттер).

1938 жылы Санкт-Петербург­тегі Күншы­ғыс халықтарын зерт­тей­тін мұрағаттан Құнан­бай­дың, Абайдың, Ғабитханның 1865-1866 жылдарда жазылған хаттарын (Ф.5.№13, лл. 50-51) таптым дейді Әлкей Хақанұлы. Солардың ішінде «Абай шығармаларының төрт тізбегін таптым. Олар: Бірінші – князь Кудашевтың тізбегі, екінші – Садуақас Мұсаұлының тізбегі, үшінші – Г.Н.Потаниннің жинағы, төртінші – Н.Я.Коншиннің жинағы. Бұлардың ішіндегі ең ертеректе жазылғаны Г.Н.Потаниннің жинағы, бұл 1884 жылы жазылған. Абай шығармаларының топталмай, жеке-жеке шығып жүрген кезі. Г.Н.Потанин­нің өтініші бойынша, бұл өлеңдер тобын Абай өз қолымен жазып, конвертте «Из Чингизской волости от А.К.» деген. «Он мың беттік бұл мұрағатты мен әлі толық зерттеп жеткенім де жоқ» деп те көрсетіпті.

Төрт тізбектің ішіндегі баға­лы­сы, жүйе­лен­ген, «маржандай тізіл­ген көркемінің бірі» – Са­дуақас Мұсаұлынікі (1897 жыл, 18 октябрь). Бір ескертерлік нәрсе, бұл қолжазба Мәшһүр Жүсіптен көшірілген тәрізді. Негізінде, Садуақас Мұсаұлы Петербургке 1897 жылы сапарлағанда Петер­бург университетінің профе­ссоры, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, профессор П.М.Мелиоранскийге сыйлаған. Содан соң бұл жәдігер Салтыков-Щедрин атындағы кі­тап­хананың шығыс тілдерінің маманы, академик А.Н.Самойлович (1880-1938) қорында сақтаулы. (ГПБ, ф.671. №94).

Саңлақ Садуақас Мұсаұлының дәптерінен дәлме-дәл көшіріл­ген нұсқасын 1897 жылы орыс­­тың зиялы оқымыстысы, жыл­қыта­нушы, журналисі В.А.Куда­шев Петербургтің география қо­ғамының кітапханасына тапсыр­ған. Ол осы күнге дейін сол қоғам­ның мұрағатында сақтаулы тұр. В.А.Кудашев «Перевод киргизских песен и легенд» (Архив госуд.Геогр.Общ.разряд №53 оп.І, №107, лл. 50-85).

В.А.Кудашевтің 145 беттік қолжазбасы «О положении современных киргиз: Стихот­ворения А.К.» және «А.Құғлұның қа­зақ елі­нің үшбу замандағы ахуал­да­рына мұнасып (толғау) шығыр­ларынден» деп аталған. Және бұл жинақ Россия географиялық қоға­мының «Записки географического общества» журна­лының 1900 жылғы №9-нөмірінде жарық көрмек­ші екен. Әрбір шаруаға мұқият қарай­тын ғұламалардың кеңесінен кейін, География қоғамының басшысы П.П.Семенов – Тяньшанский ака­демик В.В.Радловтың шәкірті, Петер­­бург университетінің про­фес­соры, түркітанушы П.М.Ме­лио­ранскийге (1868-1906) 1901 жыл­дың 16 ақпанында хат жазып, мәтіннің сапалы болуына мән бе­руін өтінеді. Қазақ тілін зерттеуші және араб, парсы, татар тілдерінің білгірі П.М.Ме­лио­ранский аталмыш қолжазба мұраның тілін, көр­­кемдік маз­мұнын, стильдік ерекшелігін, фо­не­ти­калық эвфониясының келісті екендігін мәлімдейді.

Түптеп келгенде, академик Ә.Марғұланның көрсетуінше, бұл айтулы қымбат қолжазбалар (Абай­дың Халиуллаға жазған хаты және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының варианттары) Петер­бург университетінің про­фессоры, түркітанушы И.Н.Березин (1818-1886) арқылы түс­кен. И.Н.Березин үш томдық «Түрік хрестоматиясы» (Қазан; СПб., 1857-1890), «Петербург кі­тапханасында сақтаулы тү­рік-татар қолжазбаларының сипаттамасы» (1846) және Рашид-ад-Дин, Қадырғали Жалаири, Әбілғазы еңбектерінің орысша аудар­малары топтастырылған «Шығыс та­рихшыларының кі­тап­ханасы» (1849-1854) атты зерт­теулердің авторы. Бұл жазбалар­ды хаттап жинақтаған – Омбы Ка­дет корпусының оқытушысы, И.Н.Березиннің мұраттасы, қазақ тілінің білгірі Н.Ф.Костылецкий.

Академик Ә.Марғұлан Абай­дың қоғам­дық-саяси ой-пікіріне қа­тысты 1876-1878 жылдарда орыс-түрік соғысы тұсында жа­зыл­ған ашық хатының (УГИАЛ ф.1282, оп.1. №807) мазмұнын бы­лайша түсіндіреді: қазақ халқын орыс әскеріне ат, киіз үй және тағы да түрлі­ше көмек көрсетуге ша­қырады. Ендігі кезекте хаттың мәтінін тауып, жариялау, зерделеу абзал.

Әлкей Марғұланның Абайдың інісі Халиулла (1848-1870) жайын­дағы деректері: Ғабитхан мол­да­дан арабша оқып, Шығыс әде­биетімен танысуы, 1858-1866 жыл­дарда Омбы Кадет корпусында оқып, офицер (корнет) дәре­жесіне ие болады, осы жылдарда орыс тіліне «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дастандарын аударады. Сондай-ақ Кеңгірбай би, Қараменде би, Құнанбай тәрізді білгіштердің айтуынан «Жеті Жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» дейтін ескі билік-кесім ережелерін орыс оқымыстыларына таныстырмақшы болғаны, Мәс­кеу­де әскери мектепте екі жыл оқуы айтылған. Сонымен қатар 1866 жылдың 4 ақпанында Ғабит­қан молда хатының мәтінін де ұсын­ған. Құнанбайдың Халиуллаға жазған хатындағы (1865 жыл, 8 ноябрь) мына бір тілегі: «Әрқайсымызға тауриқ, хидаят, шәри­фләрімізді берсін!». Яғни әр қайсымызға ұстамдылық, әдемі үлгімен өсу, көру, жақсы үлгі алу, адалдық, асыл өмірді тілеу берсін дегені. Білгір, шешен, ойшыл Құ­нанбайдың адамның рухани жетілуіне, тұйғындай түлеуіне керек шарттар осы екендігін бажайлап байыптайды.

Жинақтай айтқанда, ХІХ ға­сыр­дың ішіндегі Абай қолжаз­баларының тағдыры мен тарихына қатысты академик Әл­кей Марғұланның ғылыми ізденіс­те­рінің сорабы осындай.


Серік Неғымов

"Егемен Қазақстан"