Алтай ТАЙЖАНОВ: АБАЙ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Алдағы жылы Қазақстанның тәуелсіз даму жолына түсіп, егемен ел ретінде әлем кеңістігінен өз орнын алғанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Нәтижесінде «біз мемлекетіміздің рухани мәселелері экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келдік» және рухани дамусыз, жетілусіз қоғамның ілгері басуы барған сайын қиындай түсетініне көз жеткіздік. Міне, осы тұста болашаққа бағдар ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл бұрын да, бүгін де еліміз басынан өткізіп жатқан қиындықтарға қарамастан, біздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басуымыз, жаңа мақсаттарға жетуіміз біздің санамызбен, саналы, мәнді ісімізбен тікелей байланысты екенін көрсетті. Біздің санамыз ісімізден бұрын жаңғырып отыруы тиіс екеніне көз жеткіздік. Осындай түсінік нәтижесінде біз ХХІ ғасырдағы Ұлттық Сана туралы ойланып, оның біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігімізге, бірегейлігімізге, біркелкі дамуымызға, әлемдік әлеуметтік өзгерістерге ашықтығымыз бен үн қосуымызға тигізер әсеріне назар аудара бастадық. Сонда түсінгеніміз, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодымызды сақтау, елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту екендігі.

Өйткені бұрын да, бүгін де ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ауыз әдебиетімізсіз, Абайдың даналығынсыз, Әуезовтің ғұламалығынсыз, Құрманғазының күйлерінсіз, бір сөзбен айтқанда, бабалар үнінсіз біздің рухани мәдениетіміз де, рухани болмысымыз да тұтастанбақ емес. Қазақ ұлтының рухани паспортына айналған сондай тұлғалардың бірі және бірегейі — биыл туғанына 175 жыл толған — дана Абай. Бұл — ұлтымыз үшін атаулы күн. Мемлекет басшысы оған зор мән беріп, бұл мерекенің біздің қоғамдық санамызды жаңғыртып, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара деп бағалады.

Жаңғыру өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес, шын мәнінде, бұл — ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үдерістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Сондықтан да ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған», — деп халық жадын жаңғыртып, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялады. Бұл кездейсоқтық емес, бүгінгі өмір қажеттілігінен туындап отыр.

Абайдан қайсыбір әлемдік ойшылдар мен ақын-жазушылардай том-том шығармалар қалған жоқ. Одан қалған мұра — 176 өлең, 3 поэма және 45 қарасөз. Бірақ соның өзі бізге Абайды дара да дана деп тануға мүмкіндік береді. Әңгіме санда емес, сапада. Мемлекет басшысы жоғарыда аталған мақаласында Абайды «ұлттық болмысымыздың үлгісі; мемлекет ісінің мүдделесі; жаңа қоғамның жанашыры; әлемдік мәдениеттің тұлғасы; тағылымды тұлға» — деп бағалап, осы ойларын тиянақты дәлелдеуі бізді ойлантса керек. Осы аталған ауқымнан Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі ұлттың, елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ол — ұлттың өсуін де, жаңғыруын да адал еңбекпен, оқу-біліммен, ғылыммен, өнермен байланыстырған ойшыл. Және олардың ұлтқа баянды қызмет етуі үшін ұлт саналылығы, бірлігі, өзара ұғынысулары мен достықтары қажет деп түсіндірген тұлға.

Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін, таным көкжиегінің кеңейгенін бар жан-тәнімен қалады. Оқу, білім, тәрбие ұлт санасын жетілдіреді, рухани жаңғыруға, жаңаруға әкеледі деп есептеді. Сондықтан жас ұрпақты «ғылым таппай мақтанбауға», «малды сатып, ғылым іздеуге», «пайда ойламай, ар ойлауға, артық білуге талап қылуға» шақырды. «Малыңды, байлығыңды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын», — дейді. Ойшылдың түсіндіруінше, «білімсіздік хайуандық болады, адамзатты қор қылатын үш нәрсе: надандық, еріншектік, залымдық — осы білімсіздік пен тәрбиесіздіктен туындайды». Білім-ғылым — Абай шығармаларының өзегі. Оның түсінігі бойынша адам білімді, ғылымды жастық шағында алулары керек. Баланы заман ыңғайына қарай оқуға, білімге, білуге, танымға тәрибелеу, жетектеу — ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Рухани жаңғырудың басты идеяларының бірі — «қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімдар, интеллектуалды, зиялы адамдардың қажеттігі». Ақын ел-жұртын, ұлтын түрлі өнерді, еңбектің жаңа түрлерін игеруге, үйренуге үндеді. Қазіргі заманғы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар өкілдері айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясының өзі Абайдан бастау алады. Өйткені Абай адамның, ұлттың өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге, өнерге, еңбекке басымдық беруі кемелдіктің көрінісі деп түсінді. Ендеше, «Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру — ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі».

Рухани жаңғыру бағдарымызда көрсетілгендей, біздің көзқарасымыз, болмысымыз, өзіміз өмір сүріп жатқан жаңа заманның талабына сай болуы керек. Яғни біз тарихи тұрғыдан жаңартылған құндылықтарға бет бұруға тиіспіз. Бізге қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беретін ақыл-ой тұжырымдары қажет. Шынайы тұрғыдан іздесек, ақыл таразысына салсақ, Абайдың ақыл мен парасатқа ерекше көңіл аударғанын да, бұндай тұжырымдаманың негізін де біз ақын өлеңдерінен, әсіресе, қарасөздерінен табамыз. Ол «ақылсыз, арсыз, ойсыз, тойымсыз, тыйымсыз адамдарды «имансыздар» дейді. Болыс сайлау кезінде, басқа да сайлау мен тағайындау, кейін қызметтерін атқару барысында олардың осы имансыздықтары көрініп жатады.

Осы орайда рухани жаңғыру тұсындағы ақыл-ой, ақыл-ес тұжырымдамасы туралы сөз еткенде, біз дана Абайдың: «Есті адам — Есер адам» туралы тиянақты пікірін айналып өте алмаймыз. Ол өзінің 15-сөзінде былайша ой толғайды: «Есті адамдар, есті кісілер орынды іске құмарланады, қызығады, ел сүйсінер еңбек етеді… күніне, болмаса жұмасына, ең болмаса айына өзіне есеп береді… Көп нәрсені ақылға жеңдіріп, имансыздықтан бойларын аулақ ұстайды; Есер кісілер — орындарын таппай, баянсыз, бағасыз нәрселерге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шақтарын итқорлықпен өткізіп, …ақылының көзі байланып, имансыздыққа қарай жүреді». Абай жоғарыдағы келеңсіздіктердің себебін осылайша ашады. Ендеше, ел тұтқасының кез келген деңгейін есті адамдар ұстап, елді билеп, халықты бірлікке, имандылыққа шақырып, өзі де соған үлгі болуы керек. Абай ары қарай өзінің осы ойын 37-қарасөзінде нақтылай түседі: «Адамның адамшылығы, ақыл-парасаты істі бастағанынан білінеді… Ер артық сұраса да, азға разы болады (бұл — қанағат — А.Т.), …Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас (бұл — қанағатсыздық — А.Т.)». Міне осы соңғы топ ішіндегілер, ашкөздікпен, арсыздықпен елдің сиқын бұзып жүргендер, ұлт болмысына нұқсан келтірушілер. Жоғарыдағы аталған жайлар халықтың билікке деген құрметін төмендетеді, халық пен биліктің арасын алшақтатады, бірлігімізге, елдігімізге нұқсан келтіреді.

Дана Абай өз шығармаларында елдік мұраттарды асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті, бірлікке шақырды. Ел бірлігі, достық, адамзат арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмалдық — Абайдың басты тақырыптарының бірі.

Абай:

Берекелі болса ел — жағасы жайлау ол бір көл,

Берекесі кеткен ел — суы ашыған батпақ көл

Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы — сол, — дейді.

Абай осы берекені, бірлікті бұзатын адам бойындағы кінәраттар: білімсіздік, надандық, пасықтық, ақылсыздық, жалқаулық, мақтаншақтық, т.б., ал елді біріктіретін ақыл, парасат, сүйіспеншілік, әділдік, білім мен білік, т.б. деп біледі.

Абайдың пайымдауынша, елді бұзатын — білімсіздер. Қазіргі заманда оқымаған адам жоқ, бірақ оқыған-білімсіздер, біліксіздер, надандар, «кісімсінген, жеп кетер, білімсіз көп, қас надан нені ұға алар», — дейді Абай. Сондықтан «мың наданнан пайда жоқ, бір есті мәселенің ішкі сырын аңғарғаны» жөн.

Ел бірлігі әлеуметтің сауаттылығымен тікелей байланысты. Жұрт ұғымсыз, надан болса, «түзу сөзге» сенбейді, «түзу жолмен» жүрмейді, өздерінің құқығын да қорғай алмайды. Бірақ берекетсіз, нәтижесіз әрекеттерін де тоқтатпауы мүмкін. Абай бұндайлар туралы «жұрт тынымсыз, бәрі ұғымсыз» деп ашынып, «түзу сөзге сенер ме, түзелмесін білген ез», — дейді. Ақын үшін достыққа, өзара құрметке, сүйіспеншілікке негізделген ел бірлігі маңызды. Ол: «Алланы сүй, Адамзатты сүй, әділетті сүй, Осы үш сүю болады — имани гүл» — дейді. Бұл, әсіресе, ел бірлігі үшін, ынтымағы үшін бұрын да қажет болған, бүгін де аса қажет. Бір-біріне сүйіспеншілікпен, ынтымақтықпен қараған адамдардың да, елдердің де арасында түсіністік болады, яғни бірлік болады. Алдымен ол өз ұлтымыз арасында болуы керек. Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» — деуі содан. Ендеше, бүгін арасы алшақтап бара жатқан биліктегі қазақ та, бай қазақ та, бұқара да бірлікте болуы қажет. Өйткені біздің Тәуелсіз ел ретінде мүддеміз бір. Олай болмаса, Абай айтқандай, «Бөтендер келіп кетіп, көп жүріп, мен досыңмын деп жүріп, Дұшпандығын оздыруы» әбден мүмкін. Сақтану керек.

Рухани жаңғыру, жаңа идеялар арқылы болашағымызды баянды ету біздің қоғам үшін аса қажет. Жаңа жаһандық үрдістер кезінде заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сонымен қатар жаңғыру да, тарихтың өзі сияқты, жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өлара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру үшін тек қана жаңа идеялар емес, өткенімізді, бүгінімізді және болашағымызды парасатты пайымдаулар керек, артық ауыз сөзге, ел мүддесіне нұқсан келетін пікірлерге орын жоқ. Сондықтан да Абай бізді «әр сөзімізді салмақтап айтуға, ой елегінен өткізіп барып айтуға» шақырады. Ендеше, артық, ойланбай айтылған сөз ел бірлігіне зиян тигізеді.

Абай: «Адамзатқа не керек, Ақылмен ойлап сөйлемек», — дейді. Ойламай сөйлесек, бізді бағып отырған сыртқы күштер, мүддесі бөлек елдер онан астар іздеп, өз пайдаларына шешіп отырады

Ендеше, бізге қазіргі уақытта Абай айтқан «Ақылмен ойлап сөйлемек» керек.

Жоғарыдағы ойын Абай былайша жалғайды: «Биі — саспақ, байы — баспақ, Ел қағынды, мал сабылды, ұрлық, өтірік гу де гу». Дәл осы жағдай бізде бар ғой. Абайдың би, бай деп отырғаны ел басқару ісіне араласып отырған немесе оған ықпал ететіндер. Ал олар не жасарын білмей дағдарып отырса, «баспақ» болмағанда қайтеді? Қазір де солай, билік басындағылар бар, өздері жарты патша сезініп жүрген олигархтар бар. Соңғыларының ықпалдары да зор. Ел бірлігіне зиянды топтардың бірін Абай: «Партия жиып пара алғандар, бейілі (парасаты) кедей байлар» деп, 40-сөзінде: «Елді пысық билегені несі» — дейді. Абайдың пысық деп отырғаны — ақылсыз, парасатсыз, жалтақ, жарамсақ, бір сөзбен айтсақ, ұятсыз адамдар, кемел адам емес.

Рухани жаңғыру тұсындағы басты идеялардың бірі — кезінде Абай көтерген әділеттілік идеясы. Ақын: «Досыңа достық — қарыз іс, дұшпаныңа да әділ бол» — дейді. «Абайдың әділетті қоғам құру идеясын көтергенін, Абайдың көзқарастарының ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды» екенін Абай туралы келелі мақаласында ҚР Президенті Қ.Тоқаев та атап өтті. Дана Абайдың өз заманындағы қоғамдық-әлеуметтік ұстанымдары бүгінгі өркениетті мемлекет қағидаларымен де үндеседі. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасында да әділетті қоғам идеясын дамыту көзделген. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескерулері керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп түсінгеніміз жөн.

Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдерінің белсене араласуы жүзеге асырылғанда ғана қоғамда Абай армандаған әділеттілік берік орын алады. Әзірге ол жүзеге аспаған соң елге  билік жүргізетіндерге көптің көңілі тола бермейді. Осыдан келіп әлеуметтік желілерде — өтірік-расы бар толған өсек-аяң, сыбыс. Абайша айтсақ, «келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды». Оның басты себебін де Абай: «Сыбырдан басқа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ» — деп дөп басып айтқан. Осыны ескерген Президент өзінің соңғы Жолдауында билік басына келетіндерді іскерлігіне қарай іріктеу қажеттігін атап өтті.

Абай кезінде: «Елді пысық билегені несі? Тоқал қатын өр келетіні несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі?» — деп күйіне жазды. Әсіресе, ондай адамдардың белгілі сатылардан өтпей билік басына келуі қауіпті деп есептеді. Бұл сұрақтар бүгін де көпшіліктің көкейінде тұр. Оны шешудің бірден-бір жолы — саяси жаңғыру үрдісін жалғастырып, билікке белгілі деңгейде тәжірибе жинаған, талапты, талантты жаңа буын өкілдерін әкелу. Бұны меритократиялық қағида деп атайды. Айта кеткеніміз жөн, Абай шығармаларында да меритократия мәселесіне ерекше мән берілген. Ол адамды мәртебесіне немесе байлығы мен барлығына қарай емес, еткен еңбегіне, талабы мен талантына, білігіне қарап бағалау қажет деп есептеген, жастарға қолынан келгенше үлгі көрсетіп, үміт артқан.

Рухани жаңғыру біздің әлеуметтік саламыздың барлық жағын қамтып, оларды ұлттық сана тұрғысынан қабылдап, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Соның бірі — Дін және Діни сенім, дәстүр-салтымыз. Дін қоғамдық сананың бір түрі және Сенімге құрылған таным ретінде қоғаммен бірге өмір сүреді. Қоғамдағы әлеуметтік-рухани ахуал, бағдарлық негіздегі идеология оған аса зор әсер етеді. Бұған біз кешегі кеңес өкіметі тұсында әбден көз жеткіздік. Ал бүгінгі Тәуелсіздік тұсында Дінге деген көзқарасымыз да өзгерді, ол Конституцияға сәйкестендірілді. Алайда ел ішіндегі осындай еркіндік біздің ғасырлар бойы қалыптасқан діни салт-дәстүрлерімізді, ұлттық бағдарымызды, қалыптасқан сенімдерімізді бұзбауы керек. Қазір ел ішінде сауатсыз діндарлар жыртылып айырылады. Олардың бір бөлігі әр жерлерден көрген, естіген, білгендерін айтып, сауатсыз үгіт-насихат жүргізуге әуес, Абайша айтсақ, «Аллалап антұрғандық қылығын еш қоймағандар, Дін ісін, Құдай ісін айыра алмастар», қаптаған қажылар мен молдалар көбейді. Міне, осындай кезде де бізге дана Абай өз шығармашылығымен қажетті кеңес бере алады.

Абайдың толық шығармалар жинағына зейін салып, тереңдей оқысақ, ақынның өлеңдерінде, қарасөздерінде Дін, Мұсылмандық, Құдай, Алла, Тәңір, Жаратқан, Мұхаммед пайғамбар, Пайғамбар, Хаж, Молда, Мұнафық, Шайтан, Өмір мен өлім, Жан мен тән, Махшар, Садақа, Зекет, Тағдыр, Ант, Тәубе, Иман, Аят, Хадис, Дұға, Ар, Ұят, Ақыл, Сабыр ұғымдары жиі ұшырасады. Қарасөздерінде бастан-аяқ, ал өлеңдерінде Құдай сөзі — 51 рет, Алла — 42 рет, Тәңір 19 рет кездеседі. Шын мәнінде бұлардың бірінің-бірі синонимдері екенін ескерсек, ҚҰДАЙ сөзі 112 рет кездеседі екен. Ендеше, өз заманының тарихи тұлғасы Абай болмысы сол кездің наным-сенімдерімен, таным-тағылымдарымен, әлеуметтік болмысымен қалыптасқан. Сондықтан Абайдан атеист жасаудың да, діндар етіп көрсетудің де қажеті жоқ. Ол ойшыл, дінге деген сыни-танымдық көзқарасы, өз заманындағы әлеуметтік ортасын (қазағын) сынауы — жетілген сананың жемісі.

Өзінің өлеңдері мен қарасөздерінде Абай бізге Мұсылмандық туралы мол танымдық деректер береді. Аллаға тән 8 сипаттың мәнін түсіндіреді, Мұсылман жолы, Құдай жолы, Имандылық, Пәни мен Бақи арасы, Ғылым мен Діннің мұсылман қауымындағы орны, т.б. жан-жақты талданады. Пендеге тән кемшіліктерді сынап қана қоймай, дін жолындағы жалған, әсіресе, діншіл екіжүзділерді «мұнафық (екіжүзді — А.Т.) намаз қылмап па, мағұлым ғой ол!» — деп қатты сынайды. Абайдың дінге көзқарасы туралы айтқанда, біздің ойымызша, оның 38-қарасөзіне ерекше назар аударғанымыз жөн. Бұл — ерекше сөз. Онда бастан-аяқ Мұсылман қауымға арнап ЯДКАР (парсыша — ескертпе сөз — А.Т.) айтады. 38-сөз көлемі бойынша өте үлкен, онда бүгінгі қауымға түсінікті болуы үшін берілген сілтеме-түсініктің өзі 200-ге жақын. Оқуға ауырлау. Алайда мен бүгінгі дін жолында жүргендердің Абайды түгел оқымаса да, осы 38-сөзін қайта-қайта оқығандарын және түсініп оқығандарын қалар едім. Бұл сөзді оқу дінбасыларымыз бен білікті мамандарымызға да артық болмас еді. Өйткені онда, түгелімен алғанда зайырлы қоғам діні қандай болуы керек, соған жауап табамыз.

Бүгінгі рухани жаңғыру тұсында ел-жұртымыз ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуі тиіс. Сондай тұлғалардың бірі — өз замандастарынан оза туған, шығармашылығы арқылы бізбен бірге жасасып келе жатқан дана Абай. Оны тұстастары түсінбеді, сондықтан ол:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…

Өзімдікі дей алмай өз малыңды

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың…

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла,

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!…

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ, — деп өмірден өтті.

Абайдың өз қазағының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бәрімізге ой салады, рухани жаңғыруға, рухани тазаруға жетелейді. Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Бұл бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы болса, келер ұрпақтың үлгілейтін ісі болмақ.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор