Қазақтың бас ақынының туындылары бүгінде әлемнің ондаған тіліне аударылған. Биылғы 10 тамызда алғаш рет атап өтілген Абай күні қарсаңында бірқатар шетелдік аудармашыларға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградалар берілді.
Сондай-ақ ұлы ақынның мерейтойы аясында оның шығармаларын әлемнің ең танымал 10 тіліне аударып, бұл кітаптарды жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жолдау көзделіп отыр.
Негізі, Абай шығармалары өзге тілге ХІХ ғасырдың соңынан бастап аударылған деген дерек бар. Оның туындылары басқа тілдердің арасында ең алдымен орыс тіліне аударылған. Атап айтқанда, 1889 жылы «Жаз» өлеңі жолма-жол аударылып, жергілікті газетке шыққан. Бірақ бұл кімнің аудармасы екені әлі күнге дейін белгісіз. Зерттеушілер аударма авторы Евгений Михаэлис болса керек деп жорамалдайды.
Ал Абай шығармаларын басқа халықтарға насихаттау ісінің басында тұрған есімі нақты белгілі тұлғалардың арасында оны орыс тіліне алғаш аударған Нәзипа Құлжанова еді. Біз оны қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш журналист ретінде білеміз.
Тәкен Әлімқұлов өзінің Абай Құнанбайұлы хақындағы «Жұмбақ жан» атты деректі хикаясында 1915 жылы суретші, семейлік В. Белослюдовтің «Студент Сибири» журналына былай деп жазғанын келтіріпті: «…Біз, орыстар, Абай Құнанбаевты да, Ыбырай Алтынсаринді де білмейміз. Абай Құнанбаевтың шығармалары оның баласы Турағұл арқылы жиналған, бірақ әлі де орыс тіліне аударылмады, әлі басылмады. Алтынсариннің өлеңдерінің ішінен орыс тіліне аударылғанынан маған белгілісі біреу ғана. Ол — «Көктем». Ал Абай Құнанбаевтың өлеңдерінің ішінен белгілісі — «Махаббат туралы». Бұл екі өлеңді де қазақ әйелі Нәзипа Құлжанова аударған».
Зерттеушілердің айтуы бойынша, Нәзипа Құлжанова Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін де орыс тіліне аударған және ол жоғарыда айтылған «Студент Сибири» журналына шыққан.
Абай шығармашылығына арналған ең алғашқы мәдени кештің ұйымдастырушы ретінде де Нәзипа Құлжанованың аты аталады. Бұл жөнінде зерттеуші, Абайдың жиені, бірқатар жыл Семей облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарған Балтабек Ерсәлімов анықтаған деректерде баяндалады.
Нәзипа Сегізбайқызы Торғай қаласында дүниеге келіп, 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын бітірген. Кейін Нұрғали Құлжанов есімді мұғалімге тұрмысқа шығып, жас отбасы 1905 жылы Семейге көшіп келеді. Осы жерде Нәзипа Абайдың отбасымен, туыстарымен араласады, оның шығармашылығымен жақынырақ танысады. 1914 жылы Нәзипа Семейде Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланысты еске алу кешін ұйымдастырады. Беріде табылған осы кештің бағдарламасынан белгілі болғандай, онда Нәзипа «Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы және оның поэзиясы» атты баяндама жасаған. Сондай-ақ Абайдың әндері орындалып, екі тілде өлеңдері оқылған.
Жоғарыдағы В.Белослюдовтің «бір өлеңін білемін» дегені осы Нәзипа өткізген кеште оқылған өлең болса керек. Кешке қазақтармен бірге, Семейде тұратын орыс, татар ұлтының өкілдері қатысқан. «Айқап» журналы сол кезде: «Абайды қазақтардың көбі әлі білмейді екен. Ол кісіні бір қазаққа емес, барша Семей жұртшылығына кеңінен таныстырған — Нәзипа Құлжанова», — деп жазған. Кеш табысты өткендіктен, 1915 жылғы 15 ақпанда екінші рет ұйымдастырылған. Түскен табыстың бір бөлігі Ресейдің түрлі қалаларында оқып жүрген қазақтар — Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Марфуға Найманқожақызы, Мағжан Тұрғанбаев, Мұқтар Саматов, Жүсіпбек Аймауытовтарға, тағы бір бөлігі Санкт-Петербургтегі соғыста жаралы болған мұсылмандарға арналған ауруханаға жіберілген. Сол тұста «Айқап» журналы тағы да: «Бұл ойынды ойнауды шығарған да, басқарған да Нәзипа ханымға қанша рақмет айтсақ та, артық емес. Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс», — деп жазғанындай, бұдан ғасырдан астам уақыт бұрын ұлы ақынды өзге жұрттарға насихаттаған Нәзипа Құлжанованың еңбегін бүгінгі ұрпақ та біліп, үлгі тұтуы керек.
Айна САРЫБАЙ