Ұлы ақын, дана, ойшыл Абай Құнанбайұлының алғашқы кітабы 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан. Кітапқа аудармаларды қосып санағанда 145 өлең және 2 дастан енген.
Әлихан Бөкейхан — ХХ ғасыр басында қазақтың мемлекеттілігі мен жері үшін ғана емес, тілі үшін де күрескен тұлға. «Анық түрік затты халықтың тілі біздің қазақта», — деп, соның нақты дәлелі ретінде қазақтың фольклорын, қазақтың көне ақындарының еңбектерін жинастырып, алға тартқан. 1909 жылы Абай өлеңдерінің баспа бетінен жарық көруі де Әлихан көсемнің бастамасымен қолға алынған іс.
1913 жылы Кәкітайдың қазасына байланысты «Қазақ» газетіне жазған мақаласында ол былай дейді: «Кәкітайдың әкесі Ысқақ — ақын Абайдың інісі. Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Абай қасында жүріп, школ көрмей, Кәкітай орысша жаза да, оқи да білген…
1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылғы апрель аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді».
Кейінгі зерттеушілердің жазғанындай, Кәкітай қолжазбаны Санкт-Петербургке алып кеткен. Бірақ кітап арада бірнеше жыл уақыт өткен соң ғана жарыққа шыққан. Мұның себебі сол кездегі Ресейдегі дүрбелеңдермен байланыстырылады: 1905-1907 жылдардың аралығы Бірінші орыс революциясы кезеңі ретінде тарихта қалғаны белгілі. Революцияны басып-жаныштағаннан кейінгі тергеу-тексерулер де бірер жылға созылды. Сөйтіп, Абайдың кітабын шығару мақсаты 4-5 жыл күттіріп барып орындалды.
Жалпы, бұл кітаптың шығып үлгергенінің өзін сәттілікке баласақ болады. Олай дейтініміз, кітап Қырым татары Илияс Бораганскийдің баспасынан шыққан. Ол баспа ісін 7 жыл Стамбұлда оқып, меңгеріп келген адам екен. Ресей сыртқы істер министрлігінде каллиграф болып істеген. Петербург университетінде осман тілінен сабақ берген. Ал 1911 жылы Бораганскийдің баспасынан мұсылмандардың кітабын шығаруға тыйым салыныпты. Олай болса, Абайдың жыр жинағы дер уағында шығып үлгерген.
Ұлы ақынның алғашқы жинағын жоғарыда аталған Кәкітай мен Абайдың өз баласы Турағұл құрастырған. Жинақталған өлеңдерді Мүрсейіт Бікеұлы арабша қаріптермен көшіріп жазған.
Мүрсейіттің өзі — Абайдың 7-ші атадан қосылатын туысқаны. Ол 1860 жылы туған. Төрт жыл Семейде, одан соң Бұқарада оқып, білім алған. Орысша сауатты, Семейдегі облыстық, ал кей деректерде уездік кеңседе писарь, тілмаш болып жұмыс істеген адам. Бірақ бір қыздың дауында, қызға болыспақ болып, лауазымды тұлғаның рұқсатынсыз, сыртынан мөрін басып жібереді де, бұл ісі ашылып қалып, Өскемен уезіне жер аударылады. Кейін туған жеріне қайта оралғанда Абай өз ауылына алдырып, бала оқыттырады. Сонымен бірге ақын оған өзінің өлеңдерін жинап жүруге де тапсырма берген деседі.
Зерттеушілердің жазуынша, қазір Мүрсейіт жазып қалдырған Абай өлеңдері үш дәптер болып сақтаулы: екеуі — ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолжазбалар қорында, біреуі «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында тұр. Абай өлеңдерінің өзі жазған түпнұсқалары сақталмаған, сондықтан Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа болып саналады. Жалпы, Абай туындылары бізге Мүрсейіттің 1905, 1907, 1910 жылдардағы қолжазбалары арқылы жеткен. Мұхтар Әуезовтің өзі: «Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» — деген екен.
Абайдың алғашқы кітабына жинақталған өлеңдерді Мүрсейіт өзіне арнайы тігілген үйде оңаша отырып, әдемі жазумен бір ай бойы көшірген. Ал оларды іріктеу, кітапқа әзірлеу жұмысына Кәкітай мен Турағұлдан басқа, Әлихан мен Шәкәрім қажы да атсалысқан деген дерек айтылады. Кітаптағы өлеңдер 17 бөлімге топтастырылған. Бұлар: «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ой туралы», «Замандастар туралы», «Жаз», «Жазғытұры», «Күз», «Қыс», «Аңшылық туралы», «Переводтар», т.б.
Сондай-ақ кітаптың соңында Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны бар. Кітаптың мұқабасына: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбайұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Турағұл Құнанбай ұғландары» деп жазылып, жарық көрген жылы, баспа аты берілген. Кітап 120 бет болып шыққан.
Биыл ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы «Біздің Абай/Наш Абай» электрондық кітапханасы арқылы Абай шығармаларын оқырманға 29 тілде ұсынып отыр. Осы нұсқадан Абайдың алғашқы кітабының фотокөшірмесін де көруге болады.
ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ЕСІМІ…
ҚР Әділет министрлігі хабарлағандай, елімізде 18 мыңнан астам адам ұлы ақынның құрметіне қойылған Абай есімін иеленген. Ал өз аты — Абай, әкесінің аты Құнанбай, яғни Абай Құнанбайұлы болып сәйкесетін 31 адам бар екен. Олардың екеуі Ақтөбе облысында тұрады.
Соңғы он жыл ішінде елімізде 2470 сәбиге Абай есімі қойылған. Олардың бестен біріне жуығы қасиетті Түркістан өңірінде дүниеге келген. Жалпы, Түркістан өңірінде 2,1 мыңнан Абай есімді адам бар. Сондай-ақ басқа өңірлермен салыстырғанда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында дүниеге келген сәбиге Абай есімі жиірек қойылады.
Еліміздегі Абай есімді жандардың ең үлкенінің жасы — 92-де.
Абай ақынның азан шақырылып қойған аты Ибраһим екені белгілі. Бұл есімді әдетте қазақтар өз тіліне Ыбырайым, Ыбырай деп ыңғайлайтыны белгілі. Ал ұлы ақынның «Абай» атануы оның бала күнінде әжесінің еркелетіп қойған атымен байланыстырылады. Немесе «Ыбырай»-дың қысқарған түрі «Ыбай»-дан шыққан, соның өзгерген нұсқасы деген де болжам айтылып жүр. Осы орайда есімізге түседі: соңғы кезде Әлия Молдағұлованың да азан шақырылып қойылған атының «Ылия, Ілия» екені жөнінде айтылып жүр…
«Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп ат қойған шешесі (қазіргі зерттеушілердің пікірінше, әжесі — ред.) екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады» — десе, ал Сәбит Мұқанов өзінің «Абай Құнанбаев» атты монографиясында: «Ескі ауылда «Құнанбайдың Абайы» дегеннен гөрі, «Құнанбайдың Ыбырайы» деген ат көп жайылған», — деп, замандас-тұстастарының бір бөлігі Абайды «Ыбырай» деп те атағанын жеткізеді. Сонымен қатар жазушы, жалпы, Абай деген есімнің қазақта ерте заманнан бар екенін, оның мағынасы «панам, бақылаушым» дегенге келетінін айтқан.
Ал ақынның тарихқа, әдебиетке, ұрпақтар жадына әжесі қойған атпен енуіне ықпал еткен адам — Әлихан Бөкейхан.
Ұлы ақынның әжесі Зере мен екінші әйелі Әйгерімнің аттары да бүгінде қазақта қыз балалар арасында көп қойылатын есімдер қатарында екен. Елімізде 12,4 мың Зере, 11,1 мың Әйгерім бар.
Деректерді жинастырған Айна САРЫБАЙ