Жуырда Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріне Абай Құнанбайұлының портреті бейнеленген мурал салынды. Бұл — биылғы жылы ұлы ақынның 175 жылдығына орай салынған екінші мурал. Бұған дейін Абай көшесіндегі тұрғын үйлердің біріне ұлы ақынның бейнесі салынған мурал көпшілікті таңғалдырған болатын. Аталған екі муралдың авторы — ақтөбелік суретші, мүсінші Төлеген Дарбаев.
Төлеген Дарбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кәсіби-шығармашылық факультетін бітірген. 2015 жылдан бастап мурал, граффити салумен айналысады. Бұған дейін ол Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында Әлия мен Мәншүктің, сондай-ақ «Батырлар» жырындағы кейіпкерлердің муралын салған. Ал биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты ақынның бейнесін Ақтөбе қаласы әкімдігінің тапсырысымен салыпты.
— Ұлы ақынның портретін салу — мен үшін мақтаныш, үлкен жауапкершілік. Муралды салғанда көп іздендім, еңбектендім. Сондықтан тұрғындардың көңілінен шыққанына ерекше қуандым. Бұған дейін мен қаладағы балабақшалардың, караоке-клубтардың қабырғаларына балалардың, әлемдік жұлдыздардың суреттерін салып жүрмін. Қасымда жас қыз-жігіттерден құралған көмекшілерім бар. Бүгінге дейін Ресейдің Орынбор, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Орал, басқа да қалаларда жұмыс жасап, тапсырыс арқылы муралдар салдым. Қазір Ақтөбе қаласында жұмыс жасап жүрмін. Алдағы уақытта Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеттің көп қабатты ғимаратына жас түлектер бейнесін салуды қолға алмақпыз. Жалпы, үй қабырғасына салынған мурал көп жылға дейін тұрады. Оған сапалы, ауа райының түрлі құбылыстарына шыдайтын арнайы бояу қолданылады. Соңғы жылдары мурал, граффити салу біздің елімізде жақсы дамып келеді, — дейді ол.
Айта кету керек, мурал — биік ғимараттар мен тұрғын үйлердің қабырғасына салынатын сурет немесе үлкен граффити. «Мурал» сөзін ағылшын тілінен аударғанда «қабырғадағы сурет» деген мағынаны білдіреді. Мурал-арт өнері — кез келген жерге ретсіз сурет салу емес, биік ғимараттардың қабырғаларына жергілікті биліктің рұқсатымен сурет салуды көздеген заманауи көше өнері. Мұндай суреттер әлемнің көптеген ірі қалаларында бар. Әсіресе, стрит-арттың астанасы саналатын Лондон, Берлин, Лиссабон сияқты әлем шаһарларында жиі кездеседі. Әдетте муралдар үйлердің сыртқы қабырғаларына, үлкен қоршауларға, жерасты өткелдеріне салынады.
Данагүл ҚАЗИХАН.