ҰЛЫЛЫҚТЫ ҰҒЫНУ

Қайбір мемлекетшіл тұлғаның ұлыны мойындауы, оның кейінгіге қалдырған асыл мұраларын ұрпақ кәдесіне жаратуы көрегендік деп білеміз.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласында ұлы тұлға жайында алдымен тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың 1936 жылы «Әдебиет майданы» журналының 11-12 сандарында жарық көрген «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты ғылыми-зерттеу еңбегіне сүйене отырып, хәкім Абай өмір сүрген дәуірінің ерекшелігіне, Абайды тану қазақ руханияты үшін қандай маңызы болғаны туралы баяндалған.

Әрине, бұл кезең Абай үшін де, жалпы қазақ үшін де қилы кезең болғаны аян. Бұл жайында Н.Назарбаев Абай заманында толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген… Түркістан өз мәртебесін жоғалтқан… Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін бұдан артық қасірет табылмас. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан ұрпақ мұның маңызын түсінуі керек екендігін атап көрсетеді.

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген Абай қағидасының қанша уақыт өтсе де мән-мағынасын жоғалтпағанына тоқталған және еліміздегі татулықтың, тұрақтылықтың мемлекет дамуындағы басты көрсеткіш екенін тағы да еске салады.

Елбасының «Ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасында сабақтастыққа да Абайша қарап,  Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз» — деуі ұлылықты ұғыну деп ұққанымыз абзал. Бағзы заманда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалар танымын әр кез бағамдап отырсақ, көш соңында қалмайтынымыз хақ.

Мұхтар МИРОВ,

С.Бәйішев университетінің проректоры,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.