Мәңгілік елдің рухани темірқазығы

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласында ұлы ақынның тұлғасы, кейінгі ұрпаққа аманат еткен сөзі мен ойы біздің өткен тарихымыз, жалпы адамзаттың тарихы, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, болашақтың бағыт-бағдарын айқындау тұрғысынан сараланып, терең тұжырымдар жасалған. Мақалада: «Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келеді. Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды», — деп, Абайдың ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір сынды айрықша тұлға екені өте орынды атап көрсетіліпті.

Абай мұрасы — біздің ұлтымыз ғана емес, бүкіл дүние руханиятына, адамзаттың ақыл-ойына қосылған үлес. Өз заманының, жұртының қасірет-мұңын бүкіл жан-жүрегімен сезініп, алмағайып тұста халқының бірлігіне ұйытқы болуға ұмтылып, қолынан қаламын тастамай, ой толғаған ақынның түпкі көздегені елдік, халқының ел болып сақталып қалуы еді. Бізге сол арманның орындалған дәуірінде өмір сүру бұйырды.

Осы орайда Елбасы еліміздің тарихындағы ең шешуші сәттерде Абайдың мұхиттай шалқар ой қазынасына сүйенгенін: «Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырдыБұл — кемеңгер тұлғаның көрегендігінің белгісі еді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында мен әрбір сөйлеген сөзімде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан», — деп жеткізеді.

Ел шаңырағын шайқалтпай ұстау үшін, тәуелсіздіктің бастапқы күндерінен алға қойылған ұлы мақсат осы бірлік, татулық болғанын біз де жақсы білеміз. Екіншіден, Елбасы өзінің Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешімін қабылдамас бұрын, болашақ ел басқарар азаматқа қажет қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне салып, бұл тұста да ұлы ақынның өсиеттерін есте ұстағанын айтады. Әсіресе Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім артқанын жеткізеді.

Мақалада айтылған бұл жайттар — түптеп келгенде, біздің бүгінгі тарихымыз, бүгінгі аға буынның Абай өсиеттеріне адалдығының бір көрінісі. Осыны жастарға жеткізу, насихаттау керек. Ал ұлы Абай мәңгілікке ұлтымыздың рухани темірқазығы болып қала бермек.

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор