Ақтөбеде ұлы Абайдың ескерткіші ашылды

Сейсенбі күні Ақтөбеде қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды.

Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған облыс басшылығы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылар және елорда мен Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген қонақтар қатысты.

— Биыл, еліміздің басқа өңірлері сияқты, Ақтөбеде де ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтуді жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты шектеулер салдарынан жоспарланған шаралардың көпшілігі кейінге шегерілді, енді бір бөлігін басқа форматта өткізуге тура келді. Бүгінгі басқосуымыздың себебі — қаламыздың ең әдемі, ең көрнекті жерінде Абай ескерткішінің ашылуы. Бұл — үлкен қуаныш. Абай жырлары мен қара сөздері арқылы біз ұлт болмысын, дүниетанымын ұғына түсеміз, рухани кемелдікке ұмтыламыз. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу — баршамыздың міндетіміз. Абайды тану, ұлықтау, оның мұрасын насихаттау үшін атқарылатын жұмыстар биылғы мерейтоймен шектеліп қалмайды, елге, әсіресе, жас ұрпаққа ой салатын, тағылымды шаралар алда да жалғаса беретін болады, — деді облыс әкімі.
Жиында қазақтың бүгінгі қаламгерлері атынан Ұлықбек Есдәулет пен белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйледі.

— Біз Абай мұрасының ұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналғанына қуанамыз. Абай — ұлттың ұлы ұстазы, адастырмас ақылшысы. Жазушылар одағының ұсынысы бойынша, 10 тамыз, яғни ұлы ақынның туған күні «Абай күні» мерекесі болып бекітілді. Абай жырлары біздің халқымыздың рухани демеушісі, рухани күш-қуаты болып келді, солай болып қала да береді, — деп атап өтті Ұлықбек Есдәулет.

Ал Ақұштап Бақтыгереева өз толғанысын:

— Бір жағынан қуансақ, бір жағынан өкінішіміз де бар. Өйткені қаншама уақыт ұлтымыздың ұлы ойшылын жоқтай алмай, өз дәрежесінде ұлықтай алмай келген халықпыз. Ал данышпаны, ұлы тұлғасы жоқ ұлттың рухы төмен болады. Сондықтан ең алдымен егемендікке рақмет дейміз. Соның арқасында біз осындай қалаларымыздың төріне өз бабамыздың ескерткішін орнатып, бір-бірімізді ана тілімізде құттықтап жатырмыз, — деп жеткізді.

Салтанатты жиында ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынов министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров та ұлы ақынның туған өңірінен арнайы келген қонақ ретінде өзінің жылы лебізін жеткізді.

Соңынан ескерткішке гүл шоқтары қойылып, жиналған жұрт естелік суреттерге түсті.

Ескерткіштің авторлары — ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков пен қаламыздағы мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Ескерткіштің биіктігі — 6,2 метр.

Ұлы ақын ескерткіші оның есімін иеленген даңғыл мен Есет батыр көшесінің қиылысына орнатылды. Осы тұста Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романына қойылған ескерткіш те бар. Ақтөбеліктер үшін бұл жер қазақ руханиятының шуағы айрықша сезілетін қастерлі орынға айналары сөзсіз.

Индира ӨТЕМІС.