үптеп келгенде, адам болмысы мен оның өмірі екі нәрсемен байланысты болып келеді. Мұның бірі – адам өзі қызығып, ұмтылып, өмірінде пайдаланып тұтынатын түрлі игіліктерінің жайы болса, екіншісі – сол адам тұтынатын сан түрлі игіліктердің асылы мен жасығын ажырата біліп, олардың ішінен артығы мен асылын, қасиеттісі мен мәндісін тануға жеткізетін ақыл-ой ақиқаты.
Әдетте адамзат баласы көбіне кездейсоқ қызықтар мен қуаныш, рахат, түрлі игіліктердің соңында болып адасумен жүреді. Адам қызығып, соңына түсіп ұмтылатын мұндай игіліктердің біразын Абай өлең, қарасөздерінің әр-әр тұсында орайымен ауызға алып отырады: «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек; жұртқа жақпақ; ішсем, жесем, ұйықтасам, білсем, көрсем, үйренсем; тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да; ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық». Айналып келгенде бұлардың бәрін де адам баласы тәні мен жанынан бастау алатын екі түрлі құмары арқылы табады. Абай адам баласы ұмтылып жүріп табатын сан түрлі көп игіліктің ішіндегі ең артығы мен асылын түптеп келгенде екі-ақ нәрсе деп біледі:
...Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа.
Ақын айтқан «адамды сүй» дегеннен – жүректен бастау алатын ізгі қасиеттерді, ал «Алланың хикметін сез» деуінен – ақылмен қалыптасатын даналықты ұғамыз. Бұл екі топтағы адамгершілік қасиеттерін Аристотель мен әл-Фараби ойшылдық, интеллектуалдық және адамгершілік, этикалық қайырымдылықтар деп атаған. Бұл екеуінің жиынтығынан кісілік қалып пен адамгершілік болмыс, адамшылық қасиет қалыптасады. Мұны бұрын-соңғы ойшылдардың бәрі де бірауыздан мойындай тұжырымдап, әбден түйіндеп кеткен. Абай да осы төркінді, тамырлы таныммен, асыл да абсолютті ақиқатпен ортақтасып, өз тарапынан төл танымы – жәуанмәртлік ілімін қалыптастырған. Және Абай адамның өзіне тән хас қасиеті – адамгершілігін Алланың сипаттарынан туындатып барып танытқан. Адамзат даналары, әсіресе діни ойшылдар Алланы – ұқсасы, ортағы, серігі жоқ айрықша бірегей болмыс санаған. Абай да осы аталы ақиқат жолымен адамның асыл болмысын Алламен байланыстырған. Ақын ойының ақиқаттығы әл-Фараби тұжырымдаған оймен расталып негізделеді. Адам – Аристотель, әл-Фарабилер айтатын ақиқат бойынша, Ай астындағы материалдық, заттық әлемде өмір сүретін қоспасы ең көп жаратылыс, сөйте тұра жетілу мүмкіндігі де мол болмыс. Себебі адам – Ай астындағы әлемде қоректеніп, өсіп, қозғалып, көбейетін тіршілік иелері ішіндегі, Абайша айтқанда, өзгеше «ірі жаратылған» жанның иесі. Өсімдіктер мен жан-жануар, жәндіктердің жанындағы қабілет, күш-қуаттар адамдікіне қарағанда кемдеу, тым төмен. Өсімдік жанында қоректену, өсу, көбею қабілеттері болса, жануар жаны бұларға қоса бес сезім мүшесімен түйсінуі және әрлі-берлі қозғалу қуаты арқылы өсімдік жанынан «ірілеу», биіктеу болады. Ал адам жаны өзіне дейінгі өсімдік пен жануар жанындағы қабілет, күштердің үстіне ойлай алатын қуаты қосылып, олардан жоғары тұрады. Өз жанындағы дәл осы ойлау қуаты арқылы адам баласы – Ай астындағы әлемдегі ең жетілген жаратылыс саналады. Және адамға қатысты жетілу әрекеті өсімдіктер мен жануарлар секілді тек тән жағынан өсіп, өзгеруімен, ұлғаюымен ғана шектелмейді. Адамда өзіне дейінгі төмен жаратылыстарда жоқ, оларда мүлдем болмайтын рухани жетілу мен кемелдену әрекеті бар. Адамды болмысы бөлек Алламен байланыстыратын да – оның осы жетілу, кемелдену әрекеті. Адам баласы дәл осы әрекеті арқылы өзінің төл болмысына жетеді және оны өмірінше сақтай алады. Әйтпесе адамның айуаннан айырмасы болмас еді:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
...Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса.
Ақынның бұл өлеңін жаратылыс пен шындыққа тікелей еліктеуден туатын ғылым туындысы емес, «еліктеуге еліктеу» арқылы пайда болатын өнер туындысы деп қана қабылдау обал. Себебі хакім Абайдың бұл екі шумағында дәлдік пен ақиқатқа негізделген ғаламат ғылыми таным бар. Әдетте өнер туындысы мұндай ғылыми таным жасауды мақсат етпейді. Ал Абай болса – аса ойшыл ақын, ол – түпкі, іргелі ақиқаттарды өлеңмен жеткізуші хакім ақын. Ақын жазғандай, адам – ақыл-ой, санасы мен ойлаушы жаны арқылы танып біле алатын қабілетімен ғана биік әрі асыл жаратылыс. Тәнге қатысы шамалы ғана, жанама түрде ғана көрінетін жан құмары тек адамда ғана бар. Адамнан өзге жаны бар тіршілік иелерінде «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген қоректену мен тынығуды ғана тілейтін бір ғана тән құмары бар. Тек адам ғана тән құмарының үстіне жан құмарының да иесі, яғни қоспа жаратылыс. Абай мұны былайша танытқан: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік... Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».
Осы соңғы жан құмарымен ғана адам айуаннан ажырап, алыстап, олардан биік, жоғары тұрады. Бұлай болмағанда адам баласы «ақылына сәуле қонбай, хайуанша жүріп күнелткен» күй кешеді. Ақын жазғандай, адамда бар жан мен тән малда да бар, тіпті өсімдікте де бар. Адамды айуаннан бөлектеп биік ететін – «жүректегі қайраты», яғни ынта, ықыласымен білмекке құмар болған жан қуаттары арқылы танып білу, ойлау мен ар, ұят, әділет, рақым, сүю сезімдері. Абайдың «ақыл, сезім болмаса» дегені осындай адамшылық, адамгершілік қасиеттерді танытады. Жан-жануар атаулының жаратылысына сырттан енетін нәрселер тек тән құмарымен ғана келсе, адамның асыл болмысы тәнінің тілегімен қоса Абай айтатын білім, ғылым, өнер секілді «жан тамағын» да қажет етіп тұрады. Адамды осы жан құмары мен қажеттілігі ғана болмысы мен мәніне, қасиетіне жақындата береді. Сөйтіп Абай адам жаратылысының екі жақты қоспа болмысын білген әрі өз туындылары арқылы бекіте түскен және ойшыл хакімдерше адам жайын жан-жақты терең танытумен өткен. Жан-жануар тек тәнінің ғана қамымен тіршілік етсе, адам айуанда да бар тәнін, денесін көмекші, қызметші етіп жанының да жетілуін ойлап, сол жолда кемелдене береді, яғни жан құмарымен «көріп, біліп, үйреніп» білім-ғылым табады, ақылын арттырады, қайырымдылық қасиеттерін көбейтеді. Адам баласы – Ай астындағы жанды материя, тән иелері жануарлар мен Алла арасындағы артықша, айрықша болмыс. Адамның өзіне ғана тән төл болмысы – материя, зат, дене мен ойлаушы жан, ақылдан тұратын екі жақты қоспа жаратылысы. Жаратылыс пен Барлықта адамнан өзге мұндай қоспа болмыс жоқ. Ай астындағы әлемде жанмен бірге ақыл-ой, санасы да бар екі жақты қоспа жаратылыс – адамнан өзге жансыз материя, заттар, денелер мен жанды тән иелері де бар, бірақ бұларда төркіні Жаратушымен байланыстыратын рух, яғни ақыл-ой мен ойлаушы жан жоқ. Олар тек материя ғана, әрі кеткенде қоректенетін, қорғанатын, қозғалатын тән мен дененің иелері. Өсімдіктер мен жануарлардағы жан тек материя мен тәннің ғана тіршілігіне жәрдем жасауымен ерекшеленеді. Бұлардағы басты мақсат, негізгі нәрсе – тек қана тән қамымен тіршілік ету. Адамның айуан секілді ет пен сүйектен жаралған тәни жаратылыс екені талас тудырмайды. Және бұл жаратылыс тек тәнімен ғана адам болмайды. Ол – төркіні Жаратушы Алладан бастау алатын ақыл-ойы, санасы мен тегі, төркіні топырақ саналатын тәні екеуі біріккенде ғана өзіндік адам атты болмысқа айналады. Байқасақ, адам – материалдық, заттық, тәни дүние мен рухи болмыс Алла арасындағы өзгеше жаратылыс. Яғни адам – екі жақты қоспа болмыс. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында «...әлгі басқа болмыс екі нәрседен құралмақ» дегені осы қоспа адам жаратылысын меңзеп тұрғандай. Алладан өзге барша жаратылыстарды «Одан (Бірінші Тұлғадан, Алладан) өзгеше ететін нәрсе оның (өзге жаратылыстардың) өз болмысы болар еді». Демек жаны жоқ материалдық денелер мен жаны бар тән иелерінің (өсімдіктер мен жануарлар) «өз болмыстары» – материядан тұратындығы және бұлардың бар болмысы – осы материясы мен тәні ғана, яғни бұлар – біржақты материалдық жаратылыстар. Ал адамның болмысы бөлектеу әрі биіктеу, себебі адамда төркін-тегі Алладан бастау алатын рухани болмыс бар. Міне, осы рухани болмысымыз біздерді Алламен байланыстыратын көпір іспетті. Осы орайда әл-Фараби былай деп жазады: «Сонда әлгі басқа болмыс екі нәрседен құралмақ: бұлардың бірі – оның өзіне ғана тән, ал екіншісі – Бірінші Тұлға екеуінің ортақ нәрсесі». Ғұлама ойшыл жасаған бұл тұжырым мен түйіннің мән, маңызы айрықша зор. Бұдан шығатын ақиқат – Алла мен адам болмысында екеуіне ортақ болатын нәрсе бар, ол – рух, ақыл мен ойлаушы жан. Бұрын-соңғы ойшыл даналардың адамдағы асыл болмысты рух, ақыл-ой, қайырымдылықпен байланыстыруы тегін емес. Ал рух, ақыл-ой, қайырымдылықтың бастауы мен төркіні – Жаратушы Алла. Қарапайым халық ұғымындағы Алла, Құдайдың – Жаратушы, Жарылқаушы атануында ғажап сыр бар. Алла – ғалам мен адамнан тұратын Барлықтың Иесі, Барлықтағы бар нәрсенің бәрін де жаратушы – бір Алла. Ал жарату – игілікті, ізгілікті іс, жақсылық пен қайырымдылық. Керісінше бұзу мен бүлдіру, қирату – қиянат, жамандық. Ал Аллаға қатысты айтылатын жарылқаушылық – Оның жоқтан бар етіп жаратқандарының қамын тағы да жасай түскен қайырымдылық пен ізгілік. Адам да Аллада бар осындай игілікті, ізгілікті істерді хал-қадерінше жасай алуымен қадірлі, қасиетті, абыройлы, адамгершілікті болмақ. Адамды артық, асыл, биік ететін адамгершіліктің Алладан бастау алатын осындай төркін-тегі бар. Абай да әл-Фараби негіздеп түйіндеген іргелі де абсолютті ақиқатты өзінің отыз сегізінші қарасөзінің басты өзегі етіп алған. Яғни бұл қарасөзінде Абай Алладан бастау алатын адамгершілік пен жәуанмәртлікті ақиқат төркінінен тартып танытқан: «Енді біздің бастағы тағриф (тану) бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті құдіретті еді. Сен де бұл ғылым, рақым, ғадаләт үш сипатбірлән сипаттанбақ: ижтиһадің (талап) шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың (адамгершілік) бар болады. Белгілі жәуанмәртлік үш хаслат (сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық) – бұл үшіндән сиддық ғадаләт болар. Кәрәм шафағат болар, ғақыл мағлұм дүр, ғылымның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында Алла табарақа уатағала тәхмин (шамамен) бар қылып жаратқан». Абайдың «...бар қылып жаратқан» дегенінен әл-Фараби жазған «Бірінші Тұлға екеуінің ортақ нәрсесі» деген өзекті ойды ұғамыз. Алла мен адам болмыстарындағы ортақ нәрсенің барын Абай отыз сегізінші қарасөзінің әр-әр тұсында бекітіп айта түседі: «Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықбірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыбірлән емес, соның соңында болмақ. Аның үшін Алла тағаланың сипаттары: Хаят (тіршілік, тірі болу), Ғылым, Құдірет (күш), Басар (көру, көруші), Сәміг (есту, естуші), Ирада (тілеу, қалау), Кәлам (сөздер), Тәкин (болдыру). Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмәлатғазамат (жетілу, толысу) бірлән болмаса да, пендесінде де әр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты». Мұнда да әл-Фараби түйіндеген «ортақ нәрсенің» Абай тарапынан адамгершілікті меңзеген мазмұнымен айтылатынын байқаймыз. Абай – өте сұңғыла ойшыл, хакім ақын. Ол асыл ақиқаттың көпшілік байқай бермейтін нәзік қырларын соншалық дәлдікпен жеткізеді. Мысалы, Алладағы сипаттардың ұлық, кемел, зор, ал адамдағы сол аттас сипаттардың титтей, зәредей (кішкентай) екенін тәптіштеп танытуы осыны байқатады. Және Алла мен адамдағы ортақ сипаттардың өзіндік ерекшелігі мен Алланың айрықша, бірегей болмыс, ал адамның екі бастаудан тұратынын танытуы тіпті тамаша. Ақын жазған мына ойды мұқият оқып көрейік: «...бір ғана құдірет пендеде болған қуат: құдірет – ғылым, ақылдан басқа болатұғын еді, Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм рақымет». Әл-Фараби жан-жақты танытуға тырысқан Бірінші Тұлға, Алла мен басқа болмысқа (адамға) ортақ нәрсенің парқы қарапайым және бөлінбейтін нәрсе. Ал басқа болмысқа (адамға) ғана тән нәрсенің парқы бөлінгіш болады және күрделі де қайшылықты келеді. Алла бір ғана рухи болмыстан тұрар болса, басқа болмыс саналатын адам рухани болмысымен бірге тән, дене, материяның да иесі. Яғни адам – Алладан бастау алатын рух, ақыл-ой, адамгершілік пен тән, дене, материяның да қоспасы. Абай жазғандай, Алладағы құдірет – «пендеде болған қуат» – тек күш-қайрат қана және бұлар адам болмысында «ғылым, ақылдан басқа болады». Ал «Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм рақымет». Бұлай болатын себебі – Бірінші Тұлға, Алла – тегі жағынан жалғыз, бір ғана рухи болмыс. Ал басқа болмыс саналатын адам – Алладан бастау алатын рухани болмыс пен материяның қоспасы. Соған сәйкес адамдағы күш-қуат, қайрат – тән мен ондағы бұлшық еттерден туындаса, ғылым, ақылы – Алла берген рухани болмысынан бастау алады. Ал Алладағы ғылым, құдірет сипаттары Оның бір ғана рухи болмысынан шығады. Абайдың Алладағы ғылым, құдірет сипаттарын біріктіріп жіберіп, оларды бір ғана ақыл деп танып және Түп иедегі бір ғана құдіретті – ғылым һәм рақымет деуінің осындай сыры бар. Және нағыз, анық адамгершілік ілімі саналатын жәуанмәртлікті Абай тән, дене мен одан шығатын күш-қуат, қайратқа қатыссыз тек ақыл мен жүректен бастау алатын ақыл, рақым, әділет үш қасиетімен қалыптастырған. Осыған сәйкес Абай адамгершілік қалып пен қасиетті – Құдай жолы деп танытады: «Енді біліңіздер, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы». Сөйтіп адамгершілік – адамшылық, адамдық болмысқа жеткізетін форма мен қасиет. Ал тәні мен денесі – форма, адамшылық қасиеті арқылы болмысқа айналатын адамның алғашқы, бастапқы материясы ғана, әрі кеткенде «ішсем, жесем, ұйықтасам» дейтін жануарлық жаратылысы ғана. Адамзат өз абыройын арттыратын кемелділікке Аллада бар «ортақ нәрсесі» – ақылы, ғылымы, ізгілігін жетілдіріп жүріп жетеді. Ал ақыл мен ізгілікті бұрын-соңғы даналар адамгершілік деп білген. Абайдағы ақыл мен жүректен бастау алатын адамгершілік қасиеттер Аристотель, әл-Фарабилердің танымында осы қалпымен интеллектуалдық, ойшылдық және этикалық, адамгершілік қайырымдылықтар түрінде танытылған. Абай жырлап жасаған, қалыптастырған адамгершілік ілімнің осындай мән-мазмұны мен төркін-тегі бар.
Мақсат ӘЛІПХАН,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты