Мустафа ШОХАЕВ: АБАЙДЫҢ МҰСЫЛМАНШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ ҮНДЕСТІГІ

Аңдатпа. Мақалада Абай Құнанбайұлы қарасөздеріндегі Хәкімнің «құдай», «құдайшылық», «мұсылманшылыққа» қатысты жазылған ой-толғамдары, сыни пікірлері қаралады. Ондағы деректерге Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен зайырлы қоғам өкілдерінің пікірлері арқылы салыстыра талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижесі Абайдың дінге көзқарасын анықтай отырып,  оның ақыл мен адамгершілік ілімінің артықшылығын түсіндіруге бағытталған. Абай ұсынған «сыншыл ақылдың шартты дінінің» ерекшелігіне, оның логикалық нақтылығына, ғұламаның діни ұстанымдарының маңыздылығына баса назар аударылады.

Түйінді сөздер: қарасөздер, мұсылманшылық, қарама-қайшы пікір, жазмыш, ғылым-білім, ғибадат мәні, шартты дін, адамгершілік діні, жүрек, пиғыл.

 

АБАЙДЫҢ МҰСЫЛМАНШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ ҮНДЕСТІГІ

 

            Қазіргі қазақ қоғамының да және Асқар Сүлейменов айтпақшы: «келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай». Соңынан өлмес мұра қалдырып, сан ғасыр қазақ халқының санасын ағартуға қызмет еткен Абай шығармалары, бүгінгі күні де келер ұрпақты тәрбиелеуші ұлттық концепциялардың негізіне айналды. Хәкімнің жазған туындыларының мазмұны қаншалықты ащы болса, соншалықты тәтті. Оның өзектілігі – Абай қоғамы мен бүгінгі қоғамның ұқсастығында. Бірақ бұл қуанатын емес, күйінетін жайт. Себебі, Абайдың шығармашылығы негізінен қоғамдағы келеңсіздіктерді көрсетуге, адам баласының мінез-құлқын сынап, оларды тура жолға бастауға арналған. Ол өз шығармаларында қоғамға құр өкпе-ренішін білдіріп қана қоймай, адамгершілікке, құдайшылыққа, баянды өмірге жетудің «бағдарламасын» ұсына отырып, адамзатты ақ жолға бастағысы келетін кісінің айтуы тиіс ақылын түгел жеткізе алды. Сол себепті де өзіне қазақты сендіргісі келген әрбір жан халқының асылы Абайдың еңбектеріне сілтеме жасайды. Бұндай тәжірибенің теріс те жақтарын көріп, көп жыл «жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?» деген пікірді Абайға теліп, құдайдың ерекше назары түскен әулие-әнбиелердің тылсым күштерін жоққа шығару үшін қолданып келдік. Асылында, Абайдың мұсылманшылығы, құдай, өмір жайлы түсінігі көп жағдайда діни «шаблондар» шеңберінен шығып, ашылып тәпсірленген «тілге жеңіл», «теп-тегіс, жұмыр...» білім. Мұхтар Әуезов тұжырымдағандай: «... сыншыл ақылдың шартты діні» [1,193].

            Дін мәселесі – қай заманда да өзекті әрі өте кірпияз тақырыптардың бірі. Себебі оның арғы жағында адам санасымен өлшенбейтін Құдай мен түпнұсқасы бөтен тілде жазылған қасиетті кітаптар, бергі жағында руханият сырын іздеп шөліркеген адамзат баласы бар. Адамның ең мықты, әрі ең әлсіз тұсы да осы дінде. Хәкім Абай өз шығармаларында құдай, құдайшылық, дін туралы көптеген мәселелерді қозғайды. Қарасөздерінің өзінде 93 рет «құдай» сөзі қолданылса, «құдай», «алла» сөздері 31 қарасөзінде кездеседі. Өзге 14 қарасөзінде адамшылық, құдайшылықты насихаттап, құдайдың өзге сипаттарын көрсетеді. Оның үстіне, Абайдың ақын шәкірттерінің шығармаларында да бұл мәселелер көптеп көрініс тауып отырған. Ақынның сынынан (немере інісі Шаһкәрімді сынағаны секілді) өтетін бұл туындылардағы діни деректерді де біз Абайдың көзқарасын көрсетуге қолдана аламыз.

            Абай дүниетанымындағы елеулі қайшылықтың бір көрінісі оның дінге көзқарасында жатыр. Абай ақылмен, сыншыл оймен түп иесін тануға ұмтылған батыл әрекетінде ойшылдық танытады [1,195]. Сол себепті, Абайдың исламиятқа қатысты көзқарасын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген сөзімен түйіндей қоюға келмейді. Ойымызды ашып жеткізу үшін ақын шығармашылығында қолданған нақты мысалдар мен құдайшылықтың көрінісіне, діни деректерге тоқталып кеткеніміз жөн. Өйткені, қазіргі уақыттағы кейбір діни мәліметтердің мүмкін аударманың әсерінен, мүмкін білімнің аздығынан болар, әр жерде әркелкі болып, кей тұстарында логикалық байланыс болмай жатқанын көріп жүрміз. Оған қоса діни білімі бар мамандардың да арасында пікір қайшылықтары орын алып жатады. Мұндай пікір қақтығыстарының болуы заңды нәрсе. Себебі, Құран Кәрімнің Анкабут сүресінің 46-аятында «Адамдарға баян етілген бұл мысалды ғалымдар ғана түсіне алады» деген құдайдың сөзі бар. Демек, араб тіліндегі дінді тәпсірлеуде ғалымдар мен ғалым еместердің ойлары бір арнадан шықпасы анық. Осы тұрғыдан қарасақ, Абайдың «сыншыл ақылдың шартты діні» – өзі айтқандай, әулиелерден кейін тұрған Хәкімнің, ғалымның ой елегінен өткен, ақиқат жолды  нұсқар бағыт.

            Абай өзінің жиырмасыншы қарасөзінде «тағдырдың өзгерілмейтіні», «дүниенің бірқалыпты тұрмасы» жөнінде айтып, қазақ танымында қанша айтсаң да ескірмейтін «жазмыш» түсінігін жалғайды. Бұл ақиқат заңдылық болғанымен де, өзгермейтін тұтас бір тағдыр ма, әлде тағдырыңдағы дүниеге келуің, өмірден өтуің секілді негізгі оқиғалар ма деген сұрақ туындайды. Өмірден өтуіңді де кей жағдайда шартты түрде қарауға болады. Өйткені, құдайдың, әулиенің разылығын алып, не болмаса ата-анасының ақ батасының арқасында, халқының ақ тілегінің көмегімен аман қалған, ұзақ ғұмыр сүрген адамдар турасында аңыз-әңгімелерді көп оқыдық. Көптің батасын, тілегін алсын деп балаларын есік алдына қолға су құюы үшін тұрғызып қоятын Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) амалында да үлкен ғибрат бар. Әйтпесе, қазақ танымындағы алғыс пен қарғыстан, бата-тілектен не қайыр, не зиян? Қазіргі көптеген діни білімі бар кісілердің Құран Кәрім аяттары мен хадис-шарифтерді тәпсірлеуі бойынша адамның басына қиындық келсе, ол – Құдайдың берген сынағы, әмірі. Шәһкәрімнің еңбегінде де иманның жеті рәкәні туралы сөз болғанда «... Барша жақсылық, жамандық істер аллатағаланың тағдырынсыз болмайтындығына нандым һәм өлген соң тіріліп сұрау беретінімізге нандым» [4, 9] деген үзіндіге тоқталады. Бұл мысалды Шаһкәрімнің өзге ойларымен қатар қарастыра отырып зерттемесе, не нәрсе болса да, адамның еркінсіз, оның әсерінсіз барлығы бола береді, алдын ала пешенемізге жазылып қойған деген тұжырымға одан әрі иландыра түседі.

Осы мәселе турасында ой қорытсақ, қазіргі қоғамның әрбір мүшесі оқып, көңіліне тоқып алуы тиіс Абай қарасөздерінің бірі – жиырма сегізінші қарасөз. Мұнда адам көңіліндегі көп сұраққа жауап табылар еді. Құдайдың артық ақыл иесі әрі әділдігі ашылатын бұл жазбасындағы мына үзіндіге назар аударсақ: сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ [3, 115]. Ұққанымыз, Абай бұл пікірі арқылы қоғамдағы «жазмыш», «маңдайға жазғаны» түсінігіне түзету енгізгендей. Өйткені, бұл үзіндіден біз адамға Құдай тарапынан үлкен еркіндік, кең таңдау берілгендігін көре аламыз. Бұл Құдайдың «әділ» сипатын одан әрі аша түседі. Адам баласы ауырса – өзінен, жарлы болса – өзінен деген ойы арқылы, адамның мінезі, іс-әрекеті, ниеті мен ойы, тіпті жан-жағындағы адамдардың да оған деген ықыласы оның өміріне әсер етпей қоймайды дейді. Жазушы, драматург Рақымжан Отарбаевтың күнделігіндегі жазбалардың бірінде Мысырдағы «Қайтпай» мешітінің бас имамымен болған сұхбатында да бұл түйткілді ой (барлық өмірінің алдын ала маңдайға жазылып қойылуы) діндар кісінің алдында сауал күйінде тасталады. Алайда ғұлама сұраққа жауап бере алмай, дұрыс пікір, орынды сұрақ деумен ғана шектелген екен. Бұл ойды одан әрі жалғай түсу үшін жоғарыда мысалға алынған Шәкәрім сөзін жалғастырар болсақ, өз еңбегінде ақын «бұл сөзді бек анықтап ұғу керек» деп ескерту жасайды. Өйткені, адам баласының ақпаратты ұғу процесі берілген материалдың жеңіл-ауырына қарамайды. Сол себепті де, иманға «дәлел тауып илануға» шақырған ақын, жазмыштың мәнісін үш сұраққа жауап беру арқылы былай түсіндіреді: «Әуелі адамға түк ерік жоқ деген кісіге айтамыз: Адамда түк ерік жоқ болса, пенденің ғибадатына сауап, күнәсына қылғаны ғаділет емес болады. Себебі бәрін алланың өзі қылғызып, оған біріне сауап, біріне жаза дұрыс болмайды ғой. Аятта: «Анық алла тағала пенделеріне залым қылмайды еш нәрседен, бірақ пенделер өзіне өздері залым қылады» - деген... Енді дүниедегі іске алла тағала кіріспейді деген кісіге жауабымыз: - Егерде олай болса пайғамбар да жоқ дегенің болады. Себебі пайғамбар да әншейін өздігінен бір себеппен болған болады. Оның үшін алла тағала дүниеге кіріспеген соң, қалайша пайғамбар жібереді және сауап, кінә, тілек – бәрі бекер болады. Себебі алла тағала дүние ісіне кіріспесе тілекті де бере алмайды... Енді алла тағала біздің не қылатұғынымызды біліп қойған, оны қылмай кетуге болмайды деген сөзге жауабымыз: бұл сөзің сөз емес дейміз. Себебі алла тағаланың сен де қылатұғыныңды білгені саған зорлық қылғаны емес, ғылымның зор болғандығынан білгендігі саған әзір болмайды» [4, 15-16]. Бұл тұста да Абайдың толғамы мен Шаһкәрімнің жауабы бірін-бірі толықтырып тұрады. Қасиетті кітаптарда жазылғандай сауап пен күнә түсінігі ашыла тәпсірленеді, ақиқаты айқындала түседі.

            Еңбекқорлық, құдайдан тілек тілеуге қатысты жазған ой-толғамдарында Абай қамсыз жатып бала тілеген, мал тілеген жандарды қатты сынайды. Олардың бұл әрекетін ар сату мен тіленшілікке балап, құдай берген қуатты қолданбайтын, баласына ғылым үйретіп, байлығын соның жолында жұмсай алмайтын кейбіреулерді айыптайды. Абайдың топшылауынша – құдайдың берген қуаты – бақытың, байлығың, саулығың мен амандығың. Ал оны әрі қарай өзгеге және өзіңе игілікті іс үшін қолдана алмасаң, мүмкіндігіңді керегіңе жаратпасаң, Құдайға бермедің деп өкпелемеуің керек. Сонымен бірге, Абайдың осы бір ой-толғамдары айтылған оныншы қарасөзінде ғылымның адам өміріндегі маңыздылығына аса мән беріледі. Жазу жазып бастағаннан, ғұмырының соңына дейін баласына да, басқасына да ғылым-білімді насихаттайды. Абайдың түсінігінше оқып, іздену тек байлық-мұратқа емес, Құдайды тануға дейін апарады. Отыз сегізінші сөзінде ғылымды Алланың бір сипаты деп көрсетеді. Оған тағы да жеті сипатты жалғап, Құдайға ұқсап бағуға шақырады. «...Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», –  деген тұжырымын да естіп, оқып білім жүрміз [3, 99]. Абайдың бұл пікірін ұлы ойшыл, адамзат баласының ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген қанатты сөзімен байланыста алып, кез келген құлшылықтың алдында адам білім іздеп, рухани толысуы керек деп топшылауымызға болады. Өйткені, адам баласы кімге, не үшін, не мақсатта құлшылық етіп, адамшылық нормаларынан не себепті аспай жүргенін ақылмен ұғынып, анық сезіне алса, оның мұсылманшылығы соншалық берік болар еді. Бұл туралы Абай жиырма сегізінші сөзінде: «Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» [3, 115] – деп ғибадатты тазалану емес, тазаланып барып Құдай алдында оның разылығы үшін жасалатын амалың дейді. Әйтпесе, Абай «он алтыншы сөзінде» айтқандай, ғылым оқып, білім алмағаннан құдайды саудагер деп санайтын, санасатын, құлшылығын міндетсініп, оның мөлшерін көптің ісімен өлшейтін жандар аз емес: ...Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды... [3, 103]. Абай танымды зорлықпен тануға қарсы. Ақылмен, біліммен, ғылымның күші мен өмірлік тәжірибемен Алланы таны дейді. Шын пейілсіз тану – антұрғандық» [2,167]. Ал егер бұлардың күшімен тануға мүмкіндігің болмаса, құдіретің жетпесе, он екінші сөзінде көрсетіп өткен екі шартты орындай отырып, ғибадатыңды жалғастыра бер дейді: «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек» [3, 100]. Қазіргі уақытта діни мемлекеттер мен Еуропаны салыстыра келе, Ислам мәдениетінің кесірінен мұсылман қауымында ғылым дамымай қалған деген пікір де айтылып жүр. Статистикаға сүйенер болсақ, соңғы бір ғасырда Нобель сыйлығына үміткер болған 12 мұсылман игі жақсылары (оның ішінде тек 3-і ғана ғылым саласында) үміткерлердің бар болғаны 1,4 пайызын құрайды екен. Бұл әлемдік деңгейде жақсы нәтиже деп айта алмаймыз және ол қоғамдағы пікірдің растығына қосымша дәлел. Бұндай көңіл толмайтын жетістіктерді ғылымның қасиетті кітаптарда, ғұлама, ойшылдар еңбектеріндегідей жеткілікті деңгейде насихатталмауынан деп те айтуымызға болады. Өйткені, әлемдік өркениет тарихына үңілсек, мұсылман ғалымдарының жаратылыстану ғылымдарына қосқан үлесі зор. Оны сол кездегі дін мен ғылымның бірін-бірі мойындап, бірлікте адам иігілігі үшін қызмет еткенінен деуімізге болады. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл Фараби де, медицина атасы Ибн Сина да және осылар секілді өзге ғалымдар Алланы құдай деп танығандардан.

            Абайдың философиясының негізі болған «табанының топырағы көзге сүртерлік» «толық адам» негізгі 3 қасиеттің бірігуінен тұрады: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Бірақ Абай өзінің 17-қарасөзінде ғылымға жүгінген үшеуден жүректі артық қойып, құдайшылықты сонда жасырады. Бұл оқиғадан алар ғибратта да үлкен салмақ бар. Себебі жүрек сөзі Құран Кәрімде 132 жерде қолданылған болса, солардың біреуінде сау жүрекпен Құдайдың құзырына келген жан ғана бақытқа бөленетінін айтып өтеді: «Ол күні (қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек, кімде-кім Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни сау жүрекпен келсе, сол адам ғана пайда табады» (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар). Абай философиясының ең маңызды ұғымдарының бірі «Иманигүл» шарттары үш сүюге негізделген болса, сүю, жақсы көру жүрекке тән әрекет. Өз еңбектерінде Аристотель жүрекке «ең маңызды орган», Авиценна «саналы орган», Андрес де Лагуна «дененің патшасы, Күні» деп баға берсе, олардың ойларының түгел тоғысатын тұсы: барлығы да жүректі ақыл, қимыл, сезім, табиғи жылулықтың орны деп санады. Олардың ойынша тіршіліктің жылуы жүректе орналасқан. Ал өкпе мен ақыл оны суытушылар. Адамның барлық ішкі-сыртқы іс-қимылдары жүрекке тән, жүректен шығады деп түсінген.

            Сократ пен Аристодимнің сұхбатына құрылған «Сократ хакімнің сөзі» қарасөзінде Абай жаратушының «артық ақыл иесі» екенін көрсетіп, Ислам дініндегі Алланың субути сипаттарын аша тұссе, Сократтың «Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады?» деген сұрағына Аристодим «мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе?» жауап қатады. Бұл үзіндіден жер бетіндегі мақұлықтар ішінде артық жаратылған адам баласының құлшылығын тек Құдайдан қорқып, тозақтан қашып жасаған амалы деп қабылдаудың, Абай айтқандай «қарыздың өтелуі» не болмаса адамның Алла разылығы үшін қылған әрекеті екендігіне қайшы пікір екенін көре аламыз. Алғашқысында адамның өзінің күні үшін тырмысқаны басым да, соңғысынан оның Құдай берген өмірге, жар, қорған болғанына деген шын ықыласы байқалады. Отыз бесінші қарасөзінде де адамзат баласының ниетіне зор мән берген Абай, махшарға барғанда болуы керек оқиғаны баяндайды. Ондағы басты кейіпкерлердің өмірде халқына сыйлы болғанына, ізгі іс еткеніне қарамастан Құдай алдында сұраудан өтетініне, ол сұраудан да тірісінде ниеті түзу болған қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттер ғана аман құтылады дейді. Діни деректер бойынша бұл кісілердің баратын орны пейіш, мәңгі бақытты орын болғанымен, пиғылының терістігі үшін өмір бойы еткен ғибадаты босқа кетіп, кез келгені Барсисаның күнін кешіп кетуі мүмкін. Осы арқылы Абай «сыртың – пысық, ішің – нас» пенделерді адамгершілік жолына бұрғысы келеді. Сопылық ілімнің негізін қалаған Ахмет Яссауидің хикметтерінде де мұндай екіжүзді жандар былай сыналады:

Қасиетсіздер қасиетті боп көрінбек,

Тіліменен қол ұшын беріп, ішіменен бөлінбек.

Шайтаннан артық мекерлігін жасырар,

Таң да Махшар күні қара жүзі ашылар... [6, 221]

            Абайдың қарасөздерінде қазақтың бірнеше мақал-мәтелдерінің сынға ұшырағаны белгілі. Оларды сұрыптау жүргізгенде де, Хәкім мақал-мәтелдердің құндылығын құдайшылық, адамшылық таразысына салып өлшейді: «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен  айтылған  сөздеріне  бек сақ болу керек [3, 116]. Қазақ халқындағы ата-ана батасының бағасы қаншалықты жоғары болса, Қасиетті Құран Кәрімде де ата-ананың дәрежесі арта түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафадан (с.а.у.) қалған хадистердің бірінде де ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның Алла тағала парызын да, нәпілін де қабыл алмайды деген ескерту айтылған. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, ғибадаттың өлшемі парыздың өтелгенінде емес, шын пиғылмен жасалған әрбір амалда жатқанын көре аламыз. Абай да өз туындыларында амалдың ниетіне көп мән берген. М. Әуезовтің Абайдың исламиятқа қатысты толғамдарын зерттеудегі екінші тезисінің «Абайдың діні – адамгершілік діні» аталуы бекерден бекер емес.

            Құдайшылық туралы келесі бір қарасөзінде Хәкім Абай ақиқатқа нанса да, жүрегімен сеніп мойындамаған, естіген мен оқығанын тексертіп барып көңілге тоқымайтын, дүние қайғысынан ахирет қайғысын төмен қойып, реті келсе, таңдау тұрса дүниеге керектіні алып, Құдайдың кеңшілігінен рақымшылық күтетіндерді айыптайды. «Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес» деп кесіп айтқан Абай  «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» екендігін ескертеді. Бірақ бұл арқылы Абай өмірден баз кешіп, о дүниенің ғана жайын ойла демейді. Бұл ойын өз сөзімен толықтырсақ, «Яғни, пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап  кетпек ақылға, әдепке,  ынсапқа дұрыс  па?». Мұсылманшылықтың жөні турасында ойланған Абай ахиретті уайым қылып, дүниедегі Құдай жаратқан кереметтен құр қалмауды да ескертеді. Айтпағы, Құдайдың берген қай ғұмырын болса да үлкен махаббатпен өткізіп, оның дәргейіне қайта баратыныңды, барғанда да құр бармасыңды ойла дейді.

            Абай діни амалдар үрдісінің қатаң сақталуы керектігін сынамаса да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисін мысалға келтіру арқылы заманның ағымына қарай қағидалардың да өзгеруі мүмкін екенін, оны заманының ғалымдары білетінін айтқысы келеді: «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: оның пәтуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады» [3, 139]. Ислам дінінің мазхабтарының өзінде, мысалы ханафилер мен шахидилердің діни түсініктерінде де өзгешеліктер өте көп. Кіші жуынуды (тахарат) бұзатын себептердің бірі – ер адам мен әйел адамның біріне бірі денесі тиген жағдайда ханафилер ниетінде бұрыстық болмаса тахаратты қайта алу қажет деп тұтпайды. Ал шахидилер бұл тұрғыда қасиетті кітапта немесе Пайғамбар хадистерінде қалай жазылды, солай ұстануға тырысады. Дәл қазіргі жаһандану заманында қол алысу келісімге отыруда, амандасуда қолданылатын негізгі қатынас болса, бұл тұрғыда кейбір ережелерді адам өмірін жеңілдету үшін қайта қараған артық етпейді. Ол үшін, қандайда  бір пәтуа шығару үшін (Аллах емес, Алла деп айтуды жөн деп тапқан ҚМДБ секілді) әр мемлекетте діни басқармалар қызмет етеді. Қазіргі уақыт пен Ислам діні пайда болған уақытты салыстыра қарайтын болсақ, өзгерістер мен жаңаруларды көптеп табуымызға болады. Бұл да заман талабына сай дін ғалымдары бекіткен өзгертулер.

            Абайдың жазған ой-толғамдарында достық ұғымына зор мән беріледі. «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» дегенінен Абайдың нағыз құдайшыл жан екенін көруімізге болады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп аталатын өлеңінде де бұл ойын жалғап, айналасындағы адамзат баласын мұсылман, кәпір деп бөлмей, барлығын да сүйе білуге шақырады. Құдайдың жаратылысына деген мұндай құрмет – Абайдың нағыз Алла деген жан екенінің көрінісі: «Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек» [3, 142]. Өзінің осындай өмірлік ұстанымы арқылы Құдайды, оны жаратылысын сүйетін, Иманигүл шарттарын қалтқысыз орындайтын жан екенін көруімізге болады. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің еңбегінде «кешірілмейтін», «қалдырылмайтын күнә» туралы сөз қозғағанда, адамның Құдай бұйырған ғибадатты орындамауы кешірілуі мүмкін күнәларға жатса, адамның адамға жасаған залымдығы, бірінің бірі ақысын жеуі – кешірілмейтін ауыр күнә дейді [4,25]. Демек, адамзатты сүюдің арғы жағында ғибадаттың да бір бөлігі жатыр, адамның адам алдындағы хақының мәнісі зор. Достыққа қатысты Әл Фарабидің түсінігінде: «Досгерлік – адамшылықтағы жақсы қасиет... Достыққа кемтар болу – тәкәппарлыққа итереді» [5, 132]. Алла тағаланың ең жек көретін қасиеті үмітсіз шайтандарға тән тәкәппарлық болатын болса, бұл кемтарлық – иманның да кемтарлығы. Соңында құдай сүйген емес, құдай қарғаған кұлға айналуың мүмкін. Сопы Әл-Басри де достық туралы айтқанда, оларды адам баласының о дүниедегі шапағатшысына теңейді. Себебі, Пайғамбар хадистерінде Құдайдың рақымына бөленген адамның, қиын жағдайға түсіп, тозақтық болған досын азап отынан құтқарып қалуына мүмкіндігі болатын кездері де болады деп, Құдай разылығы үшін болған достықты артық бағалайды.

            Абайдың дінге деген көзқарасын талдап, оны қоғамға түсіндер отырып ұсыну қазіргі замандағы көптеген дау-таластарға нүкте қоя алар еді. Өйткені, бүгінгі көп оқырманның оқылым сауаттылығы ұсынылған ақпараттың негізгі ойын, астарлы мағынасын ұғынуға жетпей жатады. Хәкім өз шығармаларында дәлелсіз, мысалсыз сөз айтпайды. Сонысымен өте құнды. Оның ойымен сыналған діни мәліметтердің барлығы дерлік ақылға сыйымды тұжырыммен түйінделген. Діни көзқарастарды қатып қалған заң деп қабылдайтын жандар үшін, Абайдың қазақы таныммен өлшеніп, жаңғырған «сыншыл дінін» рухани қарсылықтың жемісі деп қарастыруға болады. Абайдың исламиятқа қатысты айтылған ойлары шариғат жолынан адасқан кісінің ойы емес, Пайғамбардың жеткізген сөзін ашып, анық та нақты тәпсірлеген жан-жақты білімді, ойшыл ғұламаның толғамдары. Өзінің қарасөздерінде Абай діндарлықты Құдайға деген үлкен махаббатпен өлшейді. Оның ұсынған құдайшылық жолында қазіргідегідей жеткізіп болмайтын, түсіне қоймайтын күрделі формулалар жоқ. Абай да, оның дін жөнінен хабары мол шәкірттері де, Ислами ұғым-түсініктерді, ережелерді ашып көрсетіп қана қоймайды, олардың әрбір сыни толғамдарынан Құдайдың мінсіз сипатына кір жұқтырмауға тырысқан адамның іс-әрекеті байқалады. Олардың негізгі айтпағы, үш нәрсені сүйе отырып, үш қасиетті бойыңа жыя отырып, Алланың сипаттарына еліктеп, адамгершіліктен танбау. Шын мұсылманшылық – жүректе, пиғылда! Абай Платонның: «Сократ маған дос, бірақ одан ақиқат зор», - дегеніндей, өзі мұсылман бола тұрып, діни сана ауқымынан шығарлық ой айтқан. Себебі ол – данышпан, оның ойлау деңгейі бір дін шеңберінде шектелуі мүмкін емес [7, 95].

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Мырзахметұлы М. Мұхтар Әуезов – абайтанушы ғұлама. – Астана: «Ғылым», 2015. – 280 б.
  2. Жұртбай Т. Күйесің, жүрек... сүйесің. – Алматы: «Санат», 2001. – 408 б.
  3. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. ІІ том. – Алматы: «Жазушы», 2002. – 336 б.
  4. Құдайбердіұлы Ш. Мұсылмандық шарты. – Алматы: «Мерей Ақиық», 1993. – 80 б.
  5. Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. Онтомдық. ІІІ том: Көне жазба мұралар тағылымы (б.з.д. 1-мыңжылдық – XV ғ. соңы). – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2007. – 480 б.
  6. Қалижанов У. Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым. ІІІ том. – Алматы: «Құс жолы», 2008. – 288 б.
  7. Ғарифолла Е. Хакім Абай. – Астана: «Фолиант», 2012. – 400 б.

 

Шохаев Мустафа Табиғатұлы

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің магистранты, Ақтау қ.

(Ғылыми жетекші: ф.ғ.к. Ә. Қабылов)