Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 95-маусымы «Абайдың жұмбағы» атты жаңа премьерамен ашылды. Ұлт руханияты көшбасшысының бейнесі театр репертуарларынан берік орын алған белгілі драма персонажы ретінде өміршеңдігі ешқашан бәсеңдеген емес. Актерлер мен режиссерлердің шеберлігі артып, тәжірибесі молайған сайын ұлы Абайдың образына айналып соғып, әр кезеңнің талабынан келуі заңдылыққа айналғаны қашан.
Бір тарихи тұлға бейнесінің бірнеше рет сахналануы кейіпкер болмысының қайшылыққа толы болып, драмаға сұранатындығына ғана байланысты емес, актер мен режиссердің тұлғаға уақыт биігінен көз салып, көркемдігі жоғары жаңа спектакль жасауға ұмтылысының толастамайтын табиғатынан іздеген жөн секілді. Белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың араға жиырма жыл салып, ешқашан ескірмейтін, керісінше, заманмен бірге жаңарып, биіктеп отыратын Абай бейнесінде екінші мәрте ойнағаны да сол шығармашылық толысу тәжірибесінің арта түскеніне байланысты болғаны анық.
1988 жылы дәл осындай қоңыр күзде Ғ.Мүсірепов атындағы №86 қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушылары әкемтеатрға Ә.Мәмбетов сахналаған «Абайды» тамашалауға келгеніміз күні бүгінгідей көз алдымызда. Сахналық қозғалысы жылдам, қызылды-жасыл киінген кейіпкері мол, шым-шытырық шиеленісті оқиғаларға толы спектакльдің әр деталі жасөспірім жүректі тебіренткені сондай, «Абай» дегенде әлі күнге дейін қаз-қалпында сол қойылым көз алдымызда қылаң беріп өтеді. Жалт-жұлт еткен жанары сахнаның жарығымен шағылыса, халық арасынан шығып, енді қайта халыққа беттеп бара жатқандай, бірте-бірте дөңгелене биіктеп бара жатқан жолды қуалай, екпіндей басып, жас ұрпаққа аманат айтып қол бұлғаған Абай – Әбділмановтың күрескер бейнесі бала көңілімізде өшпестей болып таңбаланып қалды. Қалың қазақтың көкейінде Абай болып жатталып қалған сол күрескер бейне жылдармен бірге кемелденіп, кеудесін қазынаға толтырып, толысқан шағында «Абай жұмбағының» шешімін сұрап, көрермен ортасына қайта оралуы театр әлемінде күнде бола бермейтін сирек жағдайдың бірі.
«Абай жолы» романының желісімен, Абайдың өз қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жасаған белгілі жазушы-драматург Мадина Омарова мен Б.Әбділмановтың өзі болғаннан кейін авторға айналған актер пьесаны өз бойына, өзінің Абайды осылай ойнасам деген арман-аңсарына лайықтап жазып шыққанын да қойылымның басты ерекшеліктерінің қатарында атауға болады. Екінші ерекшелігі, режиссураның, тұтас шығармашылық топтың формалық ізденіске бой ұрғаны. Жас режиссер Әридаш Оспанбаеваның сахналауындағы «Абай жұмбағы» Абай туралы бұрынғы классикалық спектакльдерден мүлде өзгеше. Әридаш – тәуелсіз Қазақстанның төл перзенті, ХХІ ғасырдың жаңашыл жастарының бірі. Сондықтан болар, оның материалды көру, формаға салу әдіс-тәсілі заманауи, соны, дәстүрлі сахналық шешімнен саналы түрде бас тартқан. ХІХ ғасырда өмір сүріп, қазақтың келешегі үшін күйініп, көкірегі қарс айрылған «Абай» спектаклін жаңашыл жастың, қазақ баласының өз интерпретациясында беруі, сөз жоқ, барша өнер саласындағы мамандар үшін де, күллі қазақ қауымы үшін де қызықты болғаны даусыз. Драматург Мадина Омарова: «Абайдың жұмбағы» – ғасырлар тоғысынан туған спектакль. Олай дейтін себебіміз – Абай ХІХ ғасыр, Әуезов ХХ ғасырдың басы, Болат аға екеуміз ХХ ғасырдың соңы, ал Әридаш ХХІ ғасыр қазақтарымыз. Осындай микстен, түрлі дәуір қазақтарының шығармашылығынан туған өзгеше туынды болды бұл. Жақсы мағынасындағы эксперимент жасадық деп ойлаймын», дейді спектакль идеясын тарқатқан әңгімесінде.
Өткен ғасыр, бүгінгі уақыт, болашақ «Абайдың жұмбағында» қатар өмір сүреді. Абай қай дәуірде де бізбен бірге жүреді. Әр ұрпақтың замандасы, олар өмір сүрген дәуірдің ажырамас, айнымас серігі. Кешегі күні күрескер Абайды кейіптеген Б.Әбділманов осы жолы да ақынның тұлғалық суретін дәл тауып, даналық, ойшылдық тұнған байсалды бейнеде көрінді. Жалпы, қойылымға актерлерді таңдау барысында бұрынғы қалыптасқан стеоротипті барынша сындыруға тырысқан әрекет байқалады. Көрермен сахнадан наздана қарайтын, қимыл-қозғалысы нәзік Тоғжанды емес, Динара Үсенова кейіптеген еркін, ерке, батылдау мінез аруды көріп «несі бар, алуан қырлы Абайдың жүрегін жалындаған жастық сезімін жасыра алмаған жігерлі қыз жауламаса, басқаға көңілі бұрылмас еді-ау» деген ой қалдырады. Зере образындағы Гүлшат Тұтованың эпикалық кең тынысты шеберлігі пьеса салмағын арттыра түседі.
Драма авторлары бұрынғы кеңестік цензурамен бұрмаланған тарихи жайттарды, Құнанбай тәрізді негізсіз қараланған ғазиз тұлғаларды ақтап, оны қазіргі тәуелсіз ел тұрғысынан өз тұғырына қондыруды мақсат еткен, олардың бұл идеясын Құнанбай бейнесінде көрінген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеұлы салмақты мінезбен орындап шықты.
Спектакльде Абайды бала кезінен, Зере мен Ұлжан тәрізді қос анасына еркелеп жүрген сәтінен бастап, азаматтық көзқарасы айқындалып, ұлт ақыл-ойы, руханият көсемі деңгейіне көтерілгенге дейінгі кезеңдер тұтастықта емес, Абай өміріндегі негізгі, ерекше оқиғаларды жеке көріністер түрінде алып, экспресс шолу тәрізді көрермен назарына жалт еткізіп ұсыну көзделген. Оқиға желісі Абайдың өз өлеңдерімен өріле отырып, философиялық мазмұнының заманауи сценографиялық тың тәсілдермен байытыла түскені – спектакльдің ұтымды тұсы. Сценография демекші, сахна «ойға тұнып тұрды», көзге көрінгеннің бәрі актерге қосылып «ойнады», қысқасы, сахна «сөйледі». Бұл М.Әуезов театрында көптен бері көрінбей кеткен жаңашылдық. Театрдың қоюшы суретшісі Мұрат Сапаровтың шығармашылық ізденісінен туған декорация спектакль жетістігінің елу пайызын құрады десек, бұл сөзіміз ұшқары болмас. Мейлінше минимализмге бағындырылса да, сахнада бірнеше рет техникалық тұрғыдағы аса күрделі амал-тәсілдер орындалды. Әдеттегі өлі декорацияның ізі де болған жоқ. Сценография толықтай мәтінмен байланыстырылды. Абайдың иығына артқан ауыр жүкті, жүрегін кернеген батпандай қайғысын, күйінішін ақ, қызыл түсті ауыр атлас шымылдықтардың «көтеріп тұруы», ал ақынның «сөз ұқпайтын наданнан күнде жеңіліп» көңілі жермен-жексен болған сәттерде сол шымылдықтардың бір мезетте үзіліп, сусып жерге түсуі режиссер мен суретші ойының ғажап үйлесімін көрсетті.
Спектакль сахна төбесіне ілінген үлкен домалақ айнаның түбінде өтеді. Өмірдің, қоғамның шындығын, адамдардың сұмдығын осы айна көрсетіп тұр. Өзімізді өзімізге көрсетіп тұр. Сыртқа кері шағылысып түскен ішкі шындығымыздың жүзіне қарау мүмкін емес, жүрек дауаламайды, ал қарауға батылдығы жетсе, көзімен шер шұқиды. Яғни Абай – біздің айнамыз. Біздің шындығымыз. Бүкіл кемшілігімізді, қателігімізді ішімізден суырып алып, алақанға салғандай етіп көрсетеді. «Айна – Абай әлемі. Екінші, төбеден бәрін көріп, бақылап тұрған көз тәріздес. Бәрін көруші, білуші Алланың көзі десеңіз де, Абайдың көзі десеңіз де, бәріне саяды. Кейде ол шаңырақтың да қызметін атқарады. Ал драманың шарықтау шегінде көрерменге «ал енді өз ішкі жан дүниеңе де бір мезет көз салшы, сен қандайсың – тазасың ба?» деген ишараны тұспалдайды дейді сахна суретшісі Мұрат Сапаров.
«Абайдың жұмбағы» – көпшілік сахнамен молынан қамтылған, көркемдік биігі жоғары, ән-бимен толықтырылған кең тынысты, ауқымды қойылым. Абай секілді ұлттық драматургияның классикалық бейнесіне көтерілген тарихи ірі тұлғаны жаңа уақыт талабына сай бейнелеу жолындағы театрдың сүбелі табысы.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
АЛМАТЫ