Серікқазы ҚОРАБАЙ: ЗЕРЕ ӘЖЕ

Ұлы ақын, ойшыл Абайды даналық деңгейіне көтерген ең әуелі өз топырағы, төл мәдениеті, өскен ортасы. Абайдың жан-жақты дарын иесі болып қалыптасуында біріншіден, өз әулеті үлкен рөл атқарды. Арғы атасы Ырғызбайдан бастап, «қарадан туып хан болған» өз әкесі, дала кемеңгері Құнанбайға дейін жалғасын тауып келген билік дәстүрінің туа біткен аса талантты ұрпаққа әсері ерекше болды.

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұр­сынұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде Абай туралы жариялаған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы за­манда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келіп: «Өз әкесі Құнан­бай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты төре­лер билеп, сұлтандар төрелерден қойы­лып тұрған заманда солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен» деп оның заңғар тұлғасына жоғары баға береді.

Поляктың 25 жыл айдау жазасына кесілген демократ-революционері, хал­қының бостандығын арман еткен аяулы перзенті Адольф Янушкевич «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» атты сапарнамалық күнделігінде Құнанбаймен кездескен сәттегі оның қай­раткерлік тұлғасы туралы: «Дала атақ­тыларының бірі Құнанбай бидің жасы Барақтан шамалы ғана үлкен. Қара­пайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес, жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі турал­ы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жат­қа біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да әр қиырдағы ауылдардан келіп жатады... Ал барлық байлар Құнанбайдың кебісін де кигізуге жарамайды» – деп ерекше сипаттайды.

«Алып анадан, тұлпар биеден туады» деген даналықты негізге алсақ, осындай дала данышпанын өмірге әкелген ұлы ана – Зере әже болатын. Ақылды, мейірімді Зере әже Құнанбайға ғана емес, өзінің сү­йікті немересі Абайға да үлкен әсер еткен.

Міне, атадан алып туған Құнанбайдың анасы, ғұлама Абайдың әжесі Зере апа­мызды бүкіл Алаш жұрты мақтан тұта­ды, ұлтымыздың ұлы перзенттерін тәр­биелеген абзал ана рухына тағзым етеді.

Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауда­нының табиғаты әсем Қалба тауы бөк­терінде туған. Матай руы ішінде Бақы деп аталатын атаның Қойгел табы­нан шыққан. Сол Қойгелден туған Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылыпты. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген балалары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бек­темірдің қызы ретінде ел есінде қалған.

Абайдың талантты ақын шәкірті, немере інісі Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдай­бердиевтің айтуынша, Бектемір жиені Құнанбайдың ауылына жылына екі рет келіп, амандасып қайтады екен. Бектемір бұйығы адам болғанмен, сөйлесе ретін тауып сөйлейді екен. Бірде Қаратай, Бөжей, Байсал тағы басқа тобықтының белді адамдары Құнанбай үйіне келе қалып, өздері бұрын көрмеген бейтаныс кісіден жөн сұрайды. Үндемей ғана сыр бермей отырған Бектемірдің қажының нағашысы екенін білген адуынды, өр кеуделі Байсал: «Е, пәленің бәрі айғырда екен ғой» деп момақан қонақты менсінбей, кекетіп тас­таса керек. Сонда Бектемір нағашысы: «Ұқтым, Құнаш. Бәрі бір-бір рудың сер­кесі екен. Бірақ кейбіреуінің басының дымы кеппепті ғой» депті. Мұның мәнісін сұрағанда, қажының бұйығы нағашысы: «Ел басқаратын адам мақал-мәтелді жете білуші еді. Атамыз қазақ: «Алып анадан, тұлпар биеден» деуші еді. Ана мырзаның аузына айғыр түскенін көрмеймісің? Сол да білгені ме?» деп бастырмалатып келіп: «Шырағым, сөйлегелі тұрған екенсің, сөй­леп те жүрген екенсің, бірақ сөзіңе айғыр салған жоқ екенсің» деп біржолата қайтарып тастапты.

Атақты айтыс ақыны, сұңғыла шежі­реші Қалихан Алтынбаевтың айтуынша, Бектемір бай: «Ұл ұрпақтарымнан үміттенбеймін. Шықса қыз ұрпағымнан шығады» деп айтады екен. Шынында да солай болды. Бектемірден өрбіген ұрпақ­тар ішінен Тоқбала ақылдығымен, кө­семдігімен дүйім елге танылды. Шың­ғыс­таудағы атақты Ырғызбай би ауылына ұзатылып барғанда жас келін Тоқбала мұрнына алтын шығыршық әшекей – зере тағып жүргендіктен қайын жұрты оны Зере атап кеткен екен. Зереден Құт­тымұхамед (жастай қайтыс болған), Құнан­бай, Тайбала туған. Өскенбайдың Зереден басқа төрт әйелі болған. Сонда ел берекесін ойлаған аса зейінді, ақылды Зере ана отбасының бірлігін сақтап, күн­дестікке бой бермеген, өте бауырмал болған. Құнанбайдың жалғыз өс­пеуін ойлап, Өскенбайдың Таңшолпан деген тоқалынан туған Майбасарды, ақса­қалының аталас ағайыны Ералының баласы Бөжейді, бозбала кезінде барымтада қаза болған Болсамбекті және өз қызы Тайбаладан туған Ізқұттыны бауырына салып өсірген.

Құнанбай қажы алған бетінен қайт­пайтын қатал би, болыс болғанымен ана­сының алдынан өтпеген. Жұрттың айтуына қарағанда, «Құдайдан да қорықпайды» дейтін Құнанбайдың именетін жалғыз адамы – өз анасы Зере болған. Қанша қатал болғанымен Құнанбайдың шешімін Зере ғана бұза алған. Сол себепті Құнан­байға ісі түскен кісілер ең алдымен оның шешесіне жолығады екен.

Дала данасы Құнанбай дүниеге келгенде өте ірі, толық, зор болады. Ол туарда анасы түс көреді. Сол түсінде ері Өскен­бай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жо­риды. Зере ана Құнанбайды нәресте кезінде бір күн емес, бір сәтке де омырауын жумай, тазалап сүртпей, дәретін алмай емізбеген. Зеренің өзі бертінде: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ» деп айтыпты. «Олай істемесем, сү­тім арам болады, адал ақ сүт емген балам­ның бойы да, ойы да адал болады» деп зерделі ой түйген. Сол адалдықтың, пара­саттылықтың айқын белгісіндей Алаш­тың арда азаматы Құнанбай туса, одан пәктік пен адалдық негізіндей ұлы Абай өмірге келді.

Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі. Ол кісі көп жасап, қартайған кезінде өмірден озыпты. Ырғыз­бай тұқымдары, бүкіл Шыңғыстау жұрты Зерені құрметтеп «кәрі әже» деп атаған. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

Ұлы ақынның азан шақырып қойған есімі ‒ Ибраһим. Бірақ бүкіл Алаш жұр­тына және дүние жүзіне Абай деген атпен белгілі. Зерттеушілер мұны әжесі Зере­нің Ибраһим деген араб сө­зіне тілі кел­мегендіктен Абай атапты-мыс деп түсін­діреді. Бұл дәлел бола ал­май­ды. Ауыз­екі айтуға Ибраһим есімі сон­шалықты қиын емес. Қазақы түсінікпен Ыбырайым, Ыбырай деп те атауға бола­тын еді ғой. Біздің бала кезімізде ауыл ақсақалдары Абай туралы сөз бола қал­са: «Қажының Ыбырайы немесе Құ­нан­байдың Ыбырайы» десетін. Олай болса Зере әженің Ибраһимді басқа немере­лерінен айрықша бөліп Абай деуінде не құпия бар?

Ақиық ақын ғана емес, зерделі зерт­теуші де болған Қалихан Алтынбаев бұл есімнің сырына «Орыс – қарайым» сөз­дігін оқыған соң қанығыпты. Сол сөздікте «Абай, Абайлы, Абай бала» деген сөздерге: «сүйкімді, сүйікті бала» деп түсінік беріліпті. Сонда бұл сөздер Зере өмір сүрген заманға дейін қазақ ортасында да кеңінен қолданылған сияқты. Кейін келе қолданыстан шығып қалған. Анық-қанығын зерделесек, қазірдің өзінде елесті іздері байқалады. Бұған «Абай гүлім-ай» деген халық әнінің аты дәлел болса керек. Тіпті елге кеңінен танымал бесік жырындағы:

Әлди-әлди, Абайым

Атқа тоқым жабайын

Шешең, сенің кезеген

Қайдан іздеп табайын, –

деген өлең жолдарын еске түсірейік. Осы екі әнде де «Абайгүлім-ай», «Абайым» сөздері сүйікті, сүйкімді мағынасын бе­ріп тұр ғой. Ендеше Зеренің сүйікті немересін тілі келмегендіктен емес, ерекше жақсы көргендіктен осылай атауы көкейге әбден қонымды дей аламыз.

Мейірбан әже осылайша немерелері ішінде Абайды ерекше жақсы көріп еркелеткен, оны бала күнінен өлең-жырға шыңдап, ақынның болашағына үлкен әсер еткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Зере бейнесін өте мейірімді, қамқор ана ретін­де шынайы сомдаған.

Құнанбай қажы өз кезінің алдыңғы қатарлы, озық ойлы адамы ретінде 1853 жылдың күзінде Жидебайдың терістік шығысындағы Найзатас деген жерден мұсылманша оқытатын мектеп ашып, татар Ғабитхан молданы алдырған. Міне, осы Ғабитханнан Абай алғаш сауатын ашқан. Немерелерін жанындай жақсы көріп, бағып-күтіп отырған шешесі Зере­нің жасы сол кезде сексенге таяп қал­ғандықтан Құнанбай анасына суық тимеу жағын ойластырып, қыстауы Жидебайға жақын Найзатас күзегін мектепке лайық көрсе керек.

Немересі Абайдың молда алдына са­баққа барғанына ең бірінші қатты қуанған әжесі Зере ана болған. Ғабитхан молдадан әріп танып, сауатын аша бастаған немерелерін қадағалаған кәрі әже бала­ларға оңаша киіз үй тіккізіп, оның жы­лы болуын әр кез қаперінде ұстаған. Абай­дың оқуға зеректігін байқап, оған жете көңіл бөлген Ғабитханды қажы баласының үйінің төріне отыратын ең сыйлы адамының дәрежесіне жеткізген де зерделі Зере әже еді.

Абаймен бірге оқыған балалардың бәріне де бірдей қараған қарт әже неме­ресін бұрынғыдай бөлек тамақтан­ды­руды ыңғайсыз көріп, бәріне де ортақ дастарқан жайғызған. Қара суық түскен кез – күзде үнемі киіз үйде сабақ оқитын балалардың тоңатынын байқап жүрген Зере әже Құнанбайға Найзатас күзегінен жеке там үй салып беруді тапсырады.

Анасының айтқанынан шықпайтын қажы арада бір жыл шамасында үш бөл­мелі мектеп үйін салдырған. Асты-үсті тақ­тайланған там үйдің екі бөлмесі шәкірт­тердің сабақ оқуына арналса, бір бөлмесінде Зере әже тұрыпты. Осылайша өз немерелері ғана емес, көршілес ауыл­дардың балалары оқыған Ғабитхан молда мектебінің ашылып, өнімді жұмыс іс­теуіне, сөйтіп Шыңғыстаудағы оқу-ағар­ту ісіне Зере әже де өзіндік үлесін қосқан.

Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кіші­ге пана болған кәрі әже Зере мен сүйік­ті немересі Абай арасындағы ыстық ықы­ласты «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» тарауынан оқып білеміз.

«Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол іс­тердің бәрін ел басына әлек салған, ұлар­дай шулатқан, кесел күндей айтатын. Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала, осы күндерде, осы жаз­ды тіпті көп есітіп, көп біліп алған сияқты». Бұл үзіндіден бала Абайдың дана Абайға айналуына әсер еткен мы­сал­дың бірегейі деуге болады. Абай ақын­дығына ықпалын тигізген екінші бір үлкен оқиға – бұл осы «Қайтқанда» тарауында Құнанбай ауылына қонақ болып келген атақты төкпе ақын Дулат пен жыршы Байкөкше еді. Сұңғыла әже Зере аталас ағайыны Дулат бауырын немересі оның ақындық, жыршылық талантынан үйренсін деп Ақшатаудағы қонысынан арнайы алдырып шақыртқан.

«Ал ел айығып, оңаша қалғанда, Дулат өз жырларын өзі құрбы – Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын айтқан жырларды термелеп кетеді.

Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын айтатын сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Дулат біреуді мақтап, біреуден сұрап айтатын ақын емес.

Абай мен шешелерінің кешкі уақытта тыңдаған жырларының көбі Дулаттың өзі сүйген құлақ күйі сияқты термелер болады. Мұндай кезде Дулат Абайға күндізгі Дулаттан тіпті басқа боп көрінеді. Қызық­ты қызуды, қыздырманы ғана айтатын күлкіші, сауықшыл Дулат емес. Кешкі кездерде ол бір үлкен өсиетші, кейде шерлі де қарт сияқтанады».

1942 жылы алғаш жарық көрген «Абай» тарихи романында ХІХ ғасыр­дағы қазақ әдебиетінің ірі өкілі, Абай туып-өскен Шыңғыстау өңірімен көрші­лес Жарма мен Аякөз аудандары түйіскен жерде өмірге келген эпик ақын Дулат Бабатайұлының аты осылай өз есімімен осы басылымда ғана аталған. 1947 жылдан бастап кеңестік сыңаржақ саясат Дулатты діншіл, хандық дәуірді, ескілікті аңсаушы кертартпа ақын деп теріс бағалады да, соған байланысты М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Дулат есімін Барлас деп еріксіз өзгертті.

Сол «Қайтқанда» тарауында Дулат ақынмен кездескен тебіреністі сәттер суреттелетін шақтан бастап Абайдың поэ­зия әлеміне құлай берілгені белгілі. Ең алғашқы өлең қалін баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулат, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың өзін осылайша бала күнінен естіп, танып, жаттап, тіпті тамашалап өскенін сезуге болады. Бұл жайттан Дулаттай жыр алыбы ұлы Абайдың алдындағы үлгі-өнегесі болды, оған жаңа ақындық бағыт сілтеді, сөйтіп рухани ұстазы болды деп айтуға қақымыз бар. Мұның өзі бәзбіреулер ойлағандай, Абайды төмендету емес, оның ақындық даралығын, даналығын айқындаған ой деп білу керек.

 Бұл тағылымы мол тәрбиеде Дулат ақынның Байкөкшемен бірге дәл бір айдай Құнанбай ауылында болып, Абайды өлең, жырмен сырқатынан құлантаза арылуына әсер етуіне жағдай жасаған зерделі Зере әже мен ақылды Ұлжан ананың өрісті өнегесі болса керек. Даңқты батыр, қолбасшы, жазушы Бауыржан Момыш­ұлы соғыс жылдарында «Абай» романын оқығанынан алған әсерін «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген» деп жоғары бағалапты.

Ұлы Абайдың санасына сәуле түсі­ріп, көңілінің аспанын ақылымен арай­ландырған рухани ұстазы Зере әже көп жасап, тоқсанға жетіп қайтыс болған. Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне келіп, зиярат етушілер Қазақ елінің қағбасы атанған осы қасиетті орынға барар жолдағы ұлы ақынның әжесі Зере мен анасы Ұлжанның зиратына бірінші болып тәу етіп, құран бағыштайды.

Данышпан Абайдың жүрегінде ізгі­лік­тің шырағын жаққан, өмірдің ізгілік жолына бастаған Зере әженің туған жері – Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында 2016 жылы ұлы анаға ескерткіш қойылып, үлкен құрмет көрсетілді. Өте игілікті, тағылымды шара. Осы салтанатқа «Құнанбай» көркем фильміндегі Зере әженің рөлін шебер ойнағаны үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған Жарма ауданының тумасы,
театр әртісі Нұрсипат Салықова құр­мет­ті қонақ ретінде қатысып, өзінің құт­тық­тау сөзінде: «Зередей әжелеріңнің аруағы әрқашан қолдап жүрсін! Пенде болған соң адам басына түрлі тағдырлар жазылатыны белгілі. Қысылған, қиналған сәттеріңде осы Зере ананың басына ке­ліп ес жинап, зерек болып есейіңдер, қа­рақ­тарым!» деген ізгі тілегін айтқан болатын.

Сонымен бірге Зере апамыздың ұлы есімін мәңгілік есте қалдыру қамын да ойластырсақ. Бұл ретте Жарма аудандық мәслихатының сессиясы сол 2016 жылы Жаңаөзен деп аталған ауылды Зере ауылы деп өзгерту туралы шешім шығарып, бұл ұсынысты жоғары билік орындарына жіберген болатын. Өте орынды ұсыныс деп ойлаймыз.

Ал Жаңаөзен атауына келсек, бұл қайдағы Жаңаөзен? Осы ауылдың тура ортасымен ағатын Жанама өзені алқа­бын, бүкіл Қалба өңірін ежелден қазақ­тар жайлап, қоныс еткен. ХІХ ғасырда осы маңға көшіп келген келімсек қара­шекпенділер бұл аймақты өздерінше жаңа жер деп ойлап, Новореченское деп ат берген. Ешқандай да жаңа жер емес. Зере әжеміз шыққан Бақы матайлардың жаз жайлауы, қыс қыстауы болған ата қоныстары. Соның айқын белгісіндей осы Жаңаөзен деп аталатын ауылдың терістік жағында Зере апамыздың аталас туысы Есберді батырдың зираты бар. Бір кезде балшығын қымызға илеп, жүн қосып соққан зират қазір құлап жатыр.

Сондықтан тоғыз жолдың торабында халықаралық маңызы бар, оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан «Алматы-Майқапшағай» және солтүстікке қарай жалғасқан «Алматы-Омбы» күре жолында орналасқан ауыл Зере ауылы деп аталса құба-құп болар еді. Әрлі-берлі өткен жолаушы «Ұлы Абайдың әжесі Зере атын­дағы ауыл» деген ескерткіш белгіні көріп, тағзым етер еді. Біз де осы есімді қош көреміз. Зере ауылы арқылы ұлылар мекені – Абай, Шәкәрім, Мұхтар шыққан Шыңғыстау өңірімен де тығыз байланыс орнығып, Зере апамыздан басталған өнегелі тәрбие мектебі өз жалғасын табады деп кәміл сенеміз. Бұл халық анасына, ұлт ұстазы Абайдың әжесіне көрсетілген үлкен құрмет белгісі болар еді.

 

Серікқазы Қорабай,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан