Дүниені өзімізше танып, ой тоқтатқанша жарықтық Абай өлеңдері мен қара сөздерінде өз заманы қазақтарының мінезі мен ниетін, қылығы мен қулығын, ғадеті мен әдебін, білместігі мен білімсіздігін, надандығы мен арамдығын, бірінің біріне қасқүнем болмақтығының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтіндігін, рас сөзінің аз болатындығы сияқты өзге де бір өте жағымсыз қылықтарына күйініп, сол жайында кейде ашынып, ызамен де жазған болар деп ойладық.Тіпті Абай хакім өзінің тоғызыншы сөзінде «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?», – деп несіне торығып, несіне тосылып, несіне таусылды екен деп те ойлағынымыз өтірік емес-ті. Өйткені біздің санамызда жиырмасыншы ғасырдың 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі орныққан социалистік қоғам халқымызға жаппай білім беріп, Абай заманының надандығынан құтқарды деп ойлаушы едік.
Солайы солай болды десек те, сол қазақтың бойындағы тағы да Абай айтқанындай, «рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» деген сауалды ой осы күндері, қазір де сана түпкірінде қылаң беріп отыратыны да бар. Сөйтеміз де, «қазақтың жақсы да көретін, жек те көретін мінезі қайсы осы күні?» дегенге бой ұсынып, толғата береміз. Қазақтың бойы мен санасындағы кемшін тұстар, тіпті сорақылықтар ел тәуелсіздігі жылдары тіпті де анық таныла бастағандай
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
– Бес дұшпаның, білсеңіз!, – деп Абай кезінде осыны айтты, адамдықтан кетірер бес дұшпанды дөп басып айтты. Және де сол Абай: «жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп те ашына да, ашыла да сөйлеп кетті. Біз түгелге жуық осы бес дұшпанның арбауы мен жалмауынан қазір де арыла алдық па?Жақсының жағасынан ала түсер кеселден де арылдық па? Осы бір әлеуметтік-психологиялық кеселдің түп төркіні қайда екеніне ой көзімен тереңдеп бара алдық па? Себебін түсіндіре алмасақ та, салдарын осы қазақ бір кісідей көріп келеді. Бірақ ойланған, тартынған адам шамалы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан жалпақ жұртқа қарата қойып отырған Абай айтқан «бес дұшпанның арбауы мен жалмауынан арыла алдық па?» деген бір сауалдың жауабы алдымыздан шыққандай болады.«Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді, – дейді Президент өз Жолдауында. – Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр».
Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұтас бүкіл елді қасіретке ұрындыратын, бүгінгі қоғам дамуын тежейтін кеселді орынды айтып отыр деп санаймыз. Азаттықты бағалай білуде де ағаттық кетіп жатқандай көрінеді. Ата-бабамыздың ежелгі той жасау, сән-салтанат құру дәстүрін дамытып алып кете алдық та, адал еңбекпен мал табуға қабілетсіз болып қалдық. Біздің айналысатын нақтылы кәсібіміз жоқ. Содан да болар, ысырапшылдық, даңғазалық, жауапсыздық, немқұрайдылық, бос сөзділік, мақтаншақтық сияқты қылықтар осы күнгі қазақтың мінез кеселіне айналып барады. Берекесіз бола түсуімізге осы қазақ елінде өтіп жатқан берекесіз, даңғаза тойлар да ащы тұздық болып отырғандығы және де бар.
Ендігі жұрттың сөзі ұры-қарлық,
Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық.
Осы күнде, осы елде дәнеңе жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық,
– деген Абай сөзінің дәл қазіргі, жиырма бірінші ғасырдың бел ортасына жақындап қалған тұста алдымыздан қайыра шығып отырғандығы жаныңа у болып тамады.
Және де Президент Жолдауының «Ұлттың жаңа болмысы» атты бөлімі осы құжаттың ең бір маңызды да өзектісі екендігін айта отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың:«Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», – деуі де тегін болмаса керек. Бұл ұлт болашағын терең ойлаудан туған ой деп қабылдар едік те, тағы да Абай хакімге жүгінер едік. Сол қайран Абайдың: «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», – деп күйзеле, тәптіштей айтқанын оқысақ та, түсінбеген сырдаң қалпымызбен неге айни алмай келеміз? Қазіргі қатал ғасырдың жаһандануының жыланша жылжып келе жатқан қаупі мен қатерлі жағдайында осы күнгі дүние білімін алып жатқан халқымыздың Президенттің «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымымыз да өзгеруі керек», – дегеніне терең зер салсақ етті. Абзалында Абай үні де, Президенттің айтып отырғаны да жалпақ жұрттың санасында жаңғырып тұрса етті деп ойланасың.
Және де сол данышпан Абай: «...Біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді... Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді... Орысқа да күлуші еді...», – дей келіп, сонау 1890 жылы жазған өзінің екінші сөзінде «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», – деп баяғы қазақ күле қараған халықтардың қазақтан мал табу, сауда жасау, өнерлі болу жағынан да озық болып кеткендігін сүйіне де, күйіне де қағазға түсіріпті. Өзгеден өнері де, білімі де кемшін түспейтін қазақтың етегінен тастай қылып ұстаған енжарлық неге ұлттық мінезімізге сіңісті болуы керек?
Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды!» дейтін Абай сөзін 130 жылдан соң қайыра жаңғыртып Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылдың 25 маусымында, «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында («Қазақ халқының тағдыры тарих сахнасында тұр») көрші мемлекет халқы жайлы: «Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр», – дейді.
Бүгінгі күннің бір ақиқаты осы, міне!
«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – деген (төртінші сөз) Абай хакім айтқанды, болмаса Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған: «Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн», – деген қағиданы қалайша іске асырамыз? Міне, бізді осы ойландырса етті!
Бізді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс», – деген сөзі үлкен ойға жетелейді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған жаңа ұлт болмысын қалыптастыру үшін Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің!», – дегенін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп отырғанымыз әбден абзал болар еді. Абай хакімнің бұл айтқаны бүгінгі отбасының ұрпақ тәрбиесіндегі және әрқайсымыздың ұстанымымыз болса керек-ті. Және де осы отыз сегізінші сөзінде Абай «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады», – деп адам баласын қор қылатын «надандық», «еріншектік», «залымдық» қандай қасіретке ұрындыратындығы жайлы ғақлиясын, яғни ақыл сөзін отбасы тәрбиесінің тағы бір өзегіне айналдыра білсек, осыны өз ұрпағымызға айтумен бірге халқымыздың санасына сіңіре білсек ұлтымызды жаңа сапаға көшірудің бір тетігі болары да анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын», – деген аңсарлы сөзін өз Жолдауында тегін айтқан жоқ деп білеміз. Алайда қазақтың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттері көбірек болуы үшін әлі де болса Абай айтқан «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», деген үшінші сөзінің қағидаларын ескергеніміз де жөн шығар. Өйткені бойымызда осы кеселдер бар болса, олар біздің жақсы қасиеттерімізді өрге бастыра да қоймас деп ойлаймыз.
«Біраз сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, түбін ойлап уайым жеп айтқанмын», – деген Абай хакімнің сол уайым жеп айтқанын терең ой санамен зерделей білсек және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық», – дегенін («Egemen Qazaqstan», 10 тамыз 2020 жыл) алға тартсақ, біз үшін Абай мұрасын естен шығармау, оны күнделікті өмірде қолдана білу мәселесі өзекті бола түсері анық.
Бұл орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Абайды ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры деп тануы және солай деп қарастыра отырып, Абай мұраларын тәуелсіз еліміздің ұлттық идеологиясының арқауы етуге және ұлттық ұстанымына айналдырып, орнықтыруға деген қадамы мен бағытын жоғары бағалаймыз.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
КӨКШЕТАУ