Адамзат ойының алыбы Аристотель жазғандай, адам үшін ең әуелгі қажеттілік пен құндылық, бақыт пен байлық – адамгершілік. Мемлекет шаруашылық пен руханияттың түрлі-түрлі саласындағы білімді де білікті мамандар арқылы қуат тауып, құтқа жетіп өркендей бермек. Мемлекеттің тірегі мен тұтқасы саналар мықты мамандар ең әуелі Абай жырлаған толық адам, жәуанмәртлікті жан, үш сүюді ұстанған қайырымды кісі болмақ керек. Адамзаттың Будда, Конфуций, Сократ, Платон, Аристотель, Плотин, Әл-Фараби, ибн-Сина, И.Кант, Л.Толстой, М.Әуезов секілді озық ойлы даналарының бәрі де өз заманында әсіресе адам болу мен адамгершілікті айрықша дәріптеумен болған. Осы адамгершілік жайы Абай мұрасының да өзегі мен мәні болып табылады.
Абай жырлаған адамгершілік ілімі пайда болып туған топырағы мен өзін тапқан иесінің тұрғысынан алғанда қазақтық, ұлттық игілік болғанымен, айтар ақиқаты мен қолданбалы сипаты жағынан адамзаттық, әлемдік мән-мазмұнға ие. Абай шығармаларындағы жаңалықты да мән-маңызы аса зор осы бір ізгі ілім ұлтымыздың тәрбиесі мен мемлекетіміздің идеологиясына тіктеп, нықтап негіз етіп алынар болса, іргелі де озық елдердің қатарына қосылуымыз жеделдей түсіп әрі жемісті болар еді. Әл-Фараби армандаған қуатты да құтты, қайырымды қала қиял күйінде қалмай, өмір шындығына айналар еді. Адамзат өмірі мен тұрмысының ең мағыналы да мәнді, қасиетті де киелі биігі – «малда да бар жан мен тән, ақыл мен сезім (ар-ұят, әділет, сүю) болмаса» деп Абай жазғандай, таным мен қайырымдылық десек, осы бір адам даналығының алғы сапында әдетте Аристотель, Әл-Фараби секілді хакім, дана, ойшыл тұлғалар тұрады. Ал ақындарды көбіне қарапайым қауым мен ғалым, ойшылдардың аралығындағы «ауыл-аймақтан» көреміз. Адамдық мәртебесі мен дәрежесі биіктеу саналатын осы ойшылдар мен даналардың деңгейі мен олар жеткен терең танымға ақындардың да біршама жақындап, тіпті тоғысып, түйісіп қалатын кездері болады. Абай – сондай ойшылдық пен терең танымның биігіне жеткен хакім ақын. Абайдың Толық адам ілімі – адамгершілік танымы аясындағы аса елеулі ақыл-ой табысы. Адамгершілік жайының ақын шығармаларында біршама басым жағдайда жырланатыны оның немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен абайтану ғылымының негізін салушы М.Әуезов және өзге де көзіқарақты кісілер тарапынан айтылып, жазылып жүретін. Әйтсе де адам болу мен адамгершілік жайын Абайдың белгілі бір қалыпқа салып, тиісті жүйесін тауып, оны өзіндік ілім мен танымға айналдыра жырлағанын абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері айқындай, тереңдей танытып келеді. М.Әуезов ақын жайлы өз зерттеулерінде «нравственная личность» деп атап, басын бастап төбесін көрсетіп кеткен іргелі танымды Абайдың өзі қолданған сөзі «толық адам» атауымен жан-жақты таратып таныту ізденісі – М.Мырзахметұлының ғылымдағы үлкен ерлігі деп білеміз. Абай өмірі мен мұрасынан туындатып барып М.Әуезов айқындап айналысқан сегіз түрлі проблеманың бірі де бірегейі – Абайдың Шығысқа қатысы туралы мәселе болатын. Бұл мәселенің мән-жайы М.Әуезов тарапынан 1934 жылы ерекше құлшыныспен қарастырыла бастаса да, заманның жағдайы мен кезең саясаты осы бір игі істің өрістеп кетуіне мүмкіндік бермеді, қайта қасақана кедергі жасады. М.Мырзахметұлы – М.Әуезов армандап, ой-өресі жеткенше жазып, әйтсе де таратып айта алмай кеткен Абайдың Шығысы мен өзіндік адамгершілік ілімін соңғы 40-50 жыл көлемінде жемісті де табысты зерттеген аса көрнекті ғалым. М.Мырзахметұлының ғылыми айналымға ендірген Толық адам ілімі арқылы Абай адамзаттық ақиқатты айта алған санаулы саңлақтардың қатарында танылып жүр. М.Жұмабаевтың ақынды – хакім Абай деп атауының сыры мен шындығы осылайша айқындалып белгілі бола бастаған жайы бар. Абай адамзат баласы үшін ең өзекті мәселе – адамгершілік жайын өзіндік төл ілімге айналдырып жырлады және адам баласының ақылы жетіп айта алуы мүмкін деген ең түпкі іргелі де абсолютті ақиқатты айта алды. Барша гуманитарлық ғылым салалары адамгершілік жайын бұған дейін де ізденіс нысаны етіп келген, сөйтсе де оларда Абайдағыдай адамзаттық әрі ақиқат мән-мазмұн ілімдік тұрғыдан жүйелі танылмаған. Тіпті философтар да Абай шығармаларындағы Алла, адам, адамгершілік, таным жайын анық өзінің ақиқат мәнімен жеткізе алмай жүр. Адам баласы тәні ауырып мазасызданса, дереу барып дәрігерге көрінеді, ал жаны, ділі дерттеніп, ақыл-ойы, жан-жүрегі күншілдік, арсыздық, қиянатшылдықпен кірленіп, кеселденіп жатса, ол өзін дерттімін, науқаспын деп әсте ойлай бермейді. Тәні кеселденіп ауырған адам көбіне өз басымен қиналып, жеке жүріп әбіржісе, пейіл, ниеті қарауланып қасаңданған, ділі дерттенген қайырымсыз, қасиетсіз адам өзімен қоса отбасы мен ортасына, қоғамы мен мемлекетіне де зор залалды, кеселді болмақ. Тән жарасы осылайша кеселденген кісінің өзіне ғана азапты, залалды болса, тексіздік пен тәрбиесіздіктен туатын жан ауруы, яғни көргенсіздік пен қасиетсіздік иесі мен жан-жағына, күллі қоғамға да кеселді кесірін тигізеді. Адамзат қауымы мен қоғамының соңғы кемелділік биігіне ойдағыдай жете қоюы қиын. Себебі адамзат – Жаратушыдан жеткен қасиетті де киелі рухы, ақыл-ойымен қоса, топырақ тектес жексұрын, жиренішті нәпсінің де иесі. Сондықтан қоғам мен мемлекетке тән емшісі дәрігерлікпен бірге жан мен рухтың ем, азығы болар – Толық адам ілімі де тыныс табар ауасындай аса қажет. Қоғамды құрап жасаушы әрі мемлекеттің қуаты мен құтын арттырып өркениетке жеткізуші – түрлі саланың мамандары болса, сол кәсіп иелерінің ішкі тіні мен ділін, діні мен рухын, қасиетті адамгершілігін жетілдіріп асыл ететін – Абайдың Толық адам ілімі болмақ. Қоғам мен мемлекет үшін өз кәсібін жетік білетін білімді де білікті мамандармен бірге ең әуелі ақылды, ар-ұятты, әділетті адам тәрбиелеп дайындау мәселесі өте-мөте маңызды деп білеміз. Адам тек тәні, тұрмысы, күш-қуатымен ғана адам атанбайды, бұлар адам болуда жай жәрдемші, қосымша көмекші ғана. Адам баласы ең әуелі ақыл-ой, адамгершілік қасиеттерімен ардақты да асыл болмысқа айналмақ. Абайдың Толық адам ілімі – бекзат болмысымыз бен асыл адамдығымызды сақтап қалудың таптырмас кепілі. Әл-Фараби армандаған қайырымды қала мен Тұңғыш Елбасымыз мұрат еткен Мәңгілік ел қауымы ең әуелі ауыз толтырып айтарлықтай адам болып алмағы зор парыз, басты шарт. Абай ілімі арқылы қазақ қауымы рухани сау ұлт пен асыл елге айналмақ. Толық адам ілімі бүгінгі таңда қалың көпшілік түгілі, зиялымын деген қауымға да түгел танылып болған жоқ. Дін, философия, жантану ғылымдарының ақиқатын бойына бірдей жинаған Толық адам ілімі терең төркінінен тартып білмесе, өзін оңай көріп, жеңіл санаған астамшыл да үстірт ізденіспен қалаулы нәтиже бере алмайды. Абайдың бұл адамгершілік ілімі қазақтың, түркілердің ғана емес, барша адамзаттың моральдық кодексі болуға лайық өте іргелі таным. Адам болмысында ақыл-ой мен жан-жүрек және тән қуаты бөлінбес бірлікте орнығып, олардың бәрі де бірдей жаратылысымыз үшін аса қажетті болғанымен, үшеуінің ішіндегі ең асылы – алдыңғы екеуі, яғни ақыл-ой мен жан-жүректен бастау алар ізгі қасиеттері. Мораль философиясы мен Толық адам ілімінің мазмұнын құрайтын бұл жайлар «терең ойдың телміріп соңына ерумен» ғана танылмақ. Толық адам ілімі – жай ғана «ақылды бол», «арлы бол», «адам бол» деген жалаң насихаттан тұрмайды, төркін-тегі, дәстүрлі дамуы, жүйелі де қалыпты мән-мазмұны бар аса іргелі таным. Ақын болудың үстіне хакім атанған Абай осындай іргелі танымды жасауда өз тарапынан елеулі үлес қосқан. Ақын қалыптаған осы Толық адам ілімін жан-жақты зерттеп тану мен оны ел игілігіне айналдыру – бүгінгі қоғамымыз бен мемлекетіміздің кәдімгідей саяси-әлеуметтік мұқтажы мен мәдени-рухани міндеті деп білеміз. Әсіресе ақша мен пайда, дүние мен байлық «құндылықтары» арсыздана алға шыққан нарық заманында ақыл-ой мен ар-ұят, адамгершілік пен имандылықты насихаттайтын бұл ілім бағыт-бағдарымызды дұрыстап, адами асыл қалпымызды сақтап қалмақ. Бүгінде бай мен кедейдің арасы тым бадырайып алыстап бара жатса да, тұрмыс, тіршілігіміз тәубе дейтіндей жағдайда, бірақ аса мақтанып, марқаятын халде емеспіз. Қарын тояды, киім бүтінделеді, тұрмыс та бірте-бірте жақсарар, әйтеуір адамдар аш қалмау мен жалаңаш жүрмеудің амалын жасайды, тән мен тұрмыстың әл-ауқаты мен деңгейін көтерудің амалы солайша табыла береді, бірақ сөйтіп жүріп рухымыз жүдесе, діліміз дерттеніп, адамшылық, адамдық болмысымыз жетілмей қалар болса, қоғам мен мемлекетіміздің шын мәніндегі қайырымды қалыпқа көшуі кешеуілдеп қиындай түспек. Біздіңше, балабақшаны да назардан тыс қалдырмай, мектептен бастап жоғары оқу орындарында жас ұрпаққа тек қана білім, ғылым мәліметін берумен шектелмей, олардың ойы мен бойында ең әуелі «адам» деген ардақты да асыл болмысты тәрбиелеуді басты бағдарда ұстау қажет болады, өйткені бүгінгі бала мен шәкірт те, ертеңгі азамат пен маман да – бәрі де мәлімет пен нұсқаудың құлы, қабілет пен дағдының ғана иесі болып қалмай, өзіндік ой-көзқарасы мен ұстанымы, дүниетанымы мен адамшылық болмысы бар зор саналы азамат та болмағы керек. Абай қалыптастырған Толық адам ілімімен қаруланған әрбір ар-ұятты, әділетті, иманды адам ғана өз кәсібі мен қызметі арқылы ел игілігін арттырар ақылды да білімді, мықты маман бола алады. Сонда ғана қоғамдағы түрлі әділетсіздік пен арсыздық, күллі жамандық атаулы азайып, әлсіреп, жойылуға бет алады. Тіпті түрлі қызмет бабындағылардың Толық адам іліміне негізделген ереже мен қалыпқа сүйеніп жұмыс жасауы да жөн болады. Бұл – шындап келгенде мемлекет мүддесі мен қоғам игілігін ойлаудан туған асыл арман. Қалай болғанда да, кәсібін ғана меңгерген «орындаушы» маманнан гөрі ең әуелі адамшылығын ойлап жетілу жолында жүретін адам әлдеқайда артық, асыл болмақ. Абайдың әркез қайталап көп айтатын жан құмары – тән құмарындай табанының бүрі жоқ ұстамсыз, «арсыз», ашқарақ емес, керісінше тіршілік иелерінің ең асылы ретіндегі біздерді «көрсем, білсем, үйренсем» дегізіп, қашанда АДАМ болуға жетелеумен жүретін кірпияз да нәзік, айрықша асыл әрекет. Тіршілік иелерінің ішінде тек адам ғана жаны мен тәнінің қос құмарын қатар алып жүреді, ал айуанда адамдағыдай жан құмары жоқ, олар тек «ішсем, жесем, ұйықтасам» дейтін тән құмарымен ғана тіршілік етеді. Осындай іргелі ұғымдарды тәптіштеп танытатын Абайды ақын ғана емес, сонымен бірге ғылыми таным мен асыл ақиқатты өлең арқылы жеткізуші ойшыл хакім деп те тану орынды болады. Ақын армандаған толық адам – тәні, дені сау, ақыл-ойы жетік, әділет, рақым, мейірімі мол жан болуға тиіс. Қайрат арқылы танылатын дене жаратылысы мен тән қуаты айуанда да бар. Содан да Абай тек адамда ғана бар ақыл мен сезім, таным мен қайырымдылық жайын дәріптеуге ерекше көңіл бөлген:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса.
Абай айтатын «малда да бар жан мен тән» – айуан секілді әйтеуір тірі жүріп күнелтуді танытады, ал адам «тіршілігінің сәні» мен мәні, қызығы мен қуанышы – тереңге бет қойып танитын ақылы мен ар-ұят, әділет, сүю секілді сезімдері, яғни өзі мен барша әлемді танып-біліп, ар-ұят, әділет жолымен жүріп АДАМ болу. Абайдың Толық адам ілімі дәл осы Алла жолы – адам болу мен адамгершілікті жүйелі де желілі түрде насихаттап танытады. Біздер Алланың рухынан үлес, ұшқын болып жеткен ақыл-ойымыз бен ізгі болмысымыз жолында жүрумен ғана адам болып қалатынымызды ұмытпауға тиіспіз. Абайдың Толық адам танымы – кісі қайткен күнде аты мен затына сай қасиетті, қадірлі болады деген ой-толғаныстан туған. Толық адам ілімі – адам жаратылысы мен болмысының түгелдігі мен толықтығын және адамгершілік жағынан жетіле түскен кемелділігін танытады. Яғни адамның жаратылысы мен болмысы – қайраты (тәні), ақыл-ойы мен жүрегі (жаны, қайырымдылығы) түгел болғанда ғана толық әрі кемел саналады.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.
...Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Адам баласының өз болмысына сай адам бола бастауы әуелі ақылы мен қайраты арқылы жүзеге асады да, жүректен бастау алатын ізгі қасиеттерімен жетіліп, кемелдене түседі, толық адамға айналады:
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Әділет пен шапқат – жүректен шығатын әрі жүрекке қатысты ізгі қасиеттер. Негізі, адамшылық, адамгершілік болмыс «малда да бар жан мен тән» сипатындағы қайраттан (тән, дене) бөлек ақыл мен жүрекке қатысты танымдық, қайырымдылық қасиеттер арқылы қалыптасып толысады, кемеліне келеді. Абай ойы өзіне дейінгі ұлылар айтқан аталы ақиқатпен ғажап үндесіп жатады. Бұрынғы, соңғы ойшылдардың айтуында, адамның өз жаратылысы мен болмысына сай кемелденуі екі бағытта жүзеге асады. Әл-Фараби оның алғашқысын даналық пен таным, ал екіншісін ізгілік пен қайырымдылық деп атайды да, кісілік кемелдікті жанның жетілуі түрінде былайша танытады: «... дене жан үшін өмір сүреді, ал жан мінсіз жетілгендік үшін, яғни қайырымдылық болып табылатын бақыт үшін өмір сүреді, демек жан даналық пен қайырымдылық үшін өмір сүреді». Әл-Фарабидің осы ойы – оның өзінен кейінгі ізбасарларының көбіне бағыт-бағдар берер құбылнама іспетті болды. Ғұлама ойын Абайдың да ұстанғанын көреміз. Әл-Фараби түйіні мен Абай ойы бір-бірінен алшақ кетпейді, қайта екеуі де ортақ ақиқатты өздерінше танытады. Әл-Фараби сөзіндегі «дене», «даналық», «қайырымдылық», «жетілу» ұғымдарынан – Абай жырлаған «қайрат», «ақыл», «жүрек», «толық боласың» қасиет, әрекеттері арқылы жетіле келіп толық адамға айналуды ұққандай боламыз.
Толық адам ілімі – Абайдың өзіне дейінгі адамгершілік іліміне сүйеніп тапқан, өзі жырлап, өзі негіздеп жасаған төл танымы. Абай ілімінде адам болмысына қатысты ең іргелі, абсолютті ақиқат айтылған. Өмір мен ғылымның әр-әр саласында ақиқатқа жетпеген, ақиқатқа айнала қоймаған шикі пайымдаулар мен шала шындықтар жетерлік. Абай ілімінде дін мен сопылық, философия мен ғылымның мәлімет, қағидалары кешенді түрде түгел қамтылып көрініс тапқан. Бәрінің де «илегені бір терінің пұшпағы» екені айқындалған. Абайдағы Толық адам ілімі ең әуелі қайратты көмекші, жәрдемші етумен жан құмары, ақыл арқылы жетіле беруді танытады. Адамгершілік жайы Абайда Толық адам ілімі арқылы құбылыс сипатында көрініп, арадағы жәуанмәртлікті өткел етіп, ең түпкі мәні – махаббат пен әділет, ізгілік пен сүюге, яғни жүректің басты қасиеті үш сүю, иманигүлге дейін дамып ұштала береді. Абайда толық адамның мәні мен негізіне бет алған, үңіле түскен белгілі бір осындай жүйе бар. Сол жүйенің жетіле келіп жеткен биігі мен шыңы – сүю, яғни иманигүл. Өмірде адам-пенденің сүйетін қызық, қуаныштары өте көп болса да, Абай өзі түйіндеп жырлаған, қалыптап жасаған иманигүл, үш сүю танымы арқылы оқырмандарын Алла мен адамзатты және әділетті сүюге шақырған. Бұл – Абайдағы адамгершілік ілімінің ең биік шыңы. Абайдағы толық адам – тәнімен де, жанымен де жетілудің шыңына жетіп, кемеліне келген адам. Қоғам көркеюінің кепілі мен алғышарты – ондағы әрбір жеке адамның ақылды, арлы, әділетті, ынсапты болуымен айқындалады. Сонда ғана қауымдасқан осындай абзал адамдардан сапалы да сара, білгір де білікті, мықты мамандар дайындалып, олар өз кезегінде қоғам мен мемлекет ісін қайырымды да қасиетті қалыпта жүргізетін болады, нәтижесінде амал мен айла бастаған алдау мен арбау, ашкөздік пен жемқорлық, жауыздық пен қиянатшылық жолы пышақ кескендей үзіледі, тыйылады. Міне, Абайдың осындай мақсат пен міндеттерді көздеген Толық адам ілімі – ұлттық қоғамымыз бен ондағы барша оқушы, тыңдаушы, студент шәкірттерге, сондай-ақ өмірін мәнді, болмысын асыл етуді қалаған күллі қауымға адамгершілік оқулығындай пайдалы да шипалы, игілікті де ізгілікті болмақ. Тәуелсіз Қазақстанның барлық орта, жоғары оқу орындарында адамгершілік пәні – толық адам, жәуанмәртлік (түркілік адамгершілік ілімі) сабағы жүргізілер болса, бүгінгі шәкірттер мен болашақ мамандардың Абай айтқандай, көкірек көзі ашылып, адамдық қасиеттері арта бермек. Нәтижесінде Толық адам ілімі арқылы адамдық болмысымыз бен әрекетіміз адамшылық аясында толыса түспек. Шәкәрім ақын жазғандай, «осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны – «барлық таласы» дейді. Бұл жаратылыстың берік жолы... Ақыл қарауындағы адам толығы барша адамға бақ іздеген болады». Ендеше «тіршілік» пен «барлық таласы» және ізгілік жолындағы даналық пен қайырымдылық әрекетімізді Абай насихаттаған толық адам биігіне ұмтылып жүріп жасағанымыз абзал. Абайтану пәні Қазақ мемлекеттік университеті қазақ филологиясы мамандығының студенттеріне 1942 жылы ең алғаш М.Әуезов тарапынан арнайы курс ретінде өтіле бастаған. Сол игі дәстүрдің жаңа кезеңде жалғасып дамуының көрінісі ретінде – 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, университеттегі барлық факультеттің бірінші курс студенттеріне «Абайтану» пәні бүгінге дейін өтіліп келеді. Осы бастама руханиятқа басымдық беріп жүрген жаңашыл ректорымыз Д.Қожамжарованың байыпты шешімімен ОҚМУ қабырғасында да жалғастық тауып, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап университеттегі барлық мамандықтың студенттері «Абайтану» сабағы арқылы ақын Абайдың ойшылдық, хакімдік болмысымен танысып, ақиқат пен адамгершіліктің өнегесін меңгеруде. Абай дүниетанымы мен оның өзіндік Толық адам ілімін танып білу, сөйтіп оны ел игілігіне айналдыру – қазақ руханияты мен ғылымының кезек күттірмейтін зор міндеті. Осы міндеттің орындалуымен қоғамдағы адамгершілік келбеті көркейіп, мемлекетіміздің де мәртебесі арта түспек.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары М.Әуезов атап көрсеткеніндей, Абайдың телегей теңіз танымы шығыстық қайнар көздің мол қоры арқылы қалыптасқан. Абайдағы желілі де жүйелі адамгершілік ілімі – толық адам, жәуанмәртлік, үш сүю ұғым, танымдары арқылы жас ұрпақтың санасы мен жүрегіне сіңіріле бермегі – уақыт пен заман талабы. Абайдағы адамгершілік ілімі бұрынғы, соңғы ойшылдар айтқан іргелі ақиқатпен терең үндесіп дамыған. Абай қазақтың Шыңғыстау өңірінен шығып, адамзаттық ақиқатты айта алған ғажайып тұлға.
Мақсат ӘЛІПХАН,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты