ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ: «АБАЙ МҰРАСЫ — РУХАНИ КЕМЕЛДІЛІК ӨЗЕГІ»

Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ: «АБАЙ МҰРАСЫ — РУХАНИ КЕМЕЛДІЛІК ӨЗЕГІ»

Оқылған 4561 рет

Қосылған күні: 21.10.2020

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ІІ курс студенті Әзімбек Қойлыбай

 

«АБАЙ МҰРАСЫ — РУХАНИ КЕМЕЛДІЛІК ӨЗЕГІ»

немесе 

ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ АБАЙ ҒЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ: ОНЫ ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ҚАЛАЙ МЕҢГЕРУІ КЕРЕК?

Ғылым – ақиқат. Әрбір адамның өз шындығы болғанымен ақиқат жалғыз. Сондықтан, жаратылыстың да, жер бетіндегі кез келген құбылыстың да ақиқат ғылымы бар. Ғылымның шамшырағы қатпарлы тарихтың көне ғасырларынан бастау алады. Себебі, адамзат айналасындағы сан сипатты өзгерісті, мың құбылған дүниені зерттеуге қызықты. Идеалистік және материалистік көзқарастың негізінде ғылым баспалдақтары қалана бастады. Тұңғыш ғұлама ғалымдар, энциклопедистер дүниеге келді. Бұлақтың көзі ашылса көлге айналатыны сияқты ғылымның да бұлағы ашылғанда зерттеуші ғалымдар туды. Ұлылардың ізімен көш ілгері жүргенде біздің де Ұлы бабаларымыз өркениеттің шырағына ұмтылды.

Өркениет шырақшысы әл-Фараби мен қазақтың бас ақын-философы Абайдай ұлыларды мың жылда бір туады дейміз. Анығында екеуінің өмір сүрген уақыт арасы да мың жылды құрайтын-ды(870 –950≈1845-1904). Ақиқатты дүниені айшықтауда ғалымдық еңбек орасан қажыр-қайратты, табандылықты талап етеді. Қазақ даласына алғаш әл-Фарабиді алып келген, ғұламаның мазаратын тапқан, қазақ ғылымының көшінде басшы болғандығын дәлелдеген біріміз біліп, біршамамыз білмейтін профессор Ақжан әл-Машани болатын. Ғалымның «Әл-Фараби және Абай» атты кітабы шағын болса да, ғылыми құндылығы жоғарғы еңбек.

Ғылым көкжиегінде ғаламдық жаңашылдықтардың көптеп ашылып жатқандығы белгілі. Алайда, кез келген саланы түсініп-түйсінуде, ұғымын ұғынуда тарихын білу қажетті. Сондықтан бүгінгі ғылым мәселесі жөнінде сөз қозғайтын болсақ әл-Фарабиден асып немесе Абайдан артық даналық бұлақтарын таппасымыз анық. Біз кейде кез келген дүниені бағалауға құмармыз, анығында барлығының бағасын уақыт береді. Себебі, уақыт өте келе кімнің аты қалып, сөзі үлгі болатынын да уақыт шешеді. Ал, әл-Фараби мен Абайға берген уақыттың бағасы қандай?! Мың жылдан аса уақыт өтсе де ғылыми трактаттарын аударып, бүгінге жеткізіп, оқуға талпынтып отыр –уақыт. ХІХ ғасырда ұлттық мінез-құлығымызға айтылған сынның растығын қазір де мойындатып, ұлы сөздің ұғымын Абайдан таптырып отыр – уақыт.

Келер ұрпақтың ендігі міндеті баба аманатына адалдық, ғылым жолына беріктік, даналық көзін таппақтық, менің ойымша. Әгәрәки әлем жұртшылығының, адамзаттың бет алысына көз салып, ой жүгіртсек, ғылымнан асқан жеңіс те жетістік те жоқ. Себебі, ғылым қашанда – ақиқат. Тек ғылымды зұлымдыққа емес ізгілік жолына, жамандыққа емес жақсылық жолына бағыштай алсақ болғаны... Бұл мақаладағы мақсұтымыз – Аристотельдің еңбектерін зерттей-зерделей келе оған түсініктеме жазған әл-Фараби сынды әл-Фараби мен Абайдың ғылым мәселесіндегі ойларын сұрыптай-сараптай келе қазіргі жастардың құндылықтарды біліп, оны қалай меңгеруіне болатынын жазу.

Ақжан Машановтың 1991 жылы жарық көрген «Әл-Фараби және Абай» деген кітабында: «Заманымыздың ойшылы М.Әуезов Абай нәр алған рухани үш қайнар көз бар деген-ді. Олар: біріншісі – қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті мен өнері, екіншісі – орыс мәдениеті сол арқылы келген Батыс мәдениеті, үшіншісі – Шығыс мәдениеті мен өнері. Осының біріншісі, әсіресе үшіншісінің Абай ға да, әл-Фарабиге де ортақ екендігі талас тудыра қоймас» деген[1,4-б]. Бұл арқылы біз Абай мен әл-Фарабидің ғылым жолын меңгерудегі, қалыптасуындағы негізгі қайнар бұлақ көздерінің бір жерден екендігін ұғынамыз. Алайда, әл-Фараби ғылымының Абайға берілгендігі турасында ойланып көрдік пе?.. «Қайырымды қала тұрғындары» мен «Кемел адам» философиясын ұштастырып жазып жатыр. ХХІ ғасырға жеткен трактататтарды Абай ХІХ ғасырда оқып не естіп білмеуі мүмкін бе?

Әл-Фарабиден Абайдың тәлім алғандығы жөнінде А.Машанов өзіне Ахат Шәкәрімұлының хат жазғанын, сол арқылы ұлылардың сабақтастығын зерттеуге кіріскендігін айтады[1,80-81 б.]. Абай Қарқаралыда болып, Семейде білім алғандығын ескеріп, тәлім алған ұстаздарына тоқталуымыз керек. Ұстаздық дәрістің шәкіртке мирас болып сіңіп қалатыны рас. Ал, Абайдың білім алған Ғалия медресесін Шахабуддин Бағауитдинұлы Маржани ұйымдастырған екен. Абайға келіп өзі дәріс оқымағанымен, оның ғылымын Қазан қаласында меңгерген шәкірт имамдары Семейдегі, Қарқаралыдағы мешіт-медреселерде жұмыс жасаған. Маржанидің кім екендігі турасында: «Маржанидің дүние жүзіне атын шығарған жеті томдық ірі еңбегі араб тілінде жарық көрген. Оның аты қысқаша айтқанда «Вафиат Әл-Аслеф»(«Өткен бабалар өмірінен» деген мағынада). Бұл еңбекте Шығыс халықтарының белгілі адамдарының, ғалымдарының, өнерпаздарының өмірбаяны: оларға ескетулер, түсіндірулер берілген. Бұл еңбектерде қазақ халқына қатысты материалдар көп», - дейді[1,84-б.]. Яғни, Маржани шығыстанушы, зерттеу еңбектерін шығыс халқының даналықтарына, ислам дінінің негізінде өрбіткен ғалым екендігі аңғарылады. Маржанидің әл-Фараби мен әл-Ғазали арасындағы таласы туралы зерттеп жазғаны бар екен. Екі ғұламаның еңбектерін салыстыра отырып Ш.Маржани мынадай қорытындыға келеді: «Бұл екеуі де ғылымда, адамдық жолына, ғадалатқа, шындық іздеуде біріне-бірі ұқсас, бірін-бірі толықтырып тұратын ғұлама. Екеуі де бағыттары басқа бола тұрса да ұлы ұстаздар»[1,89-б.]. Сонымен қатар: «Әл-Фараби мен ибн Синаның еңбектеріне сүйенген ғалымдардың еңбектеріне Ш.Маржани талдау жүргізеді, оны тексереді, толықтырады, түзетеді» деп көрсетеді.

Келтірілген деректердің негізінде Ш.Маржанидің философиялық ой тұжырымдамалары, терең зерттеулері одан ілім үйренген шәкірттеріне берілген. Сол арқылы Абайға мен Шәкәрімге жеткіндігі анықталып отыр. Әл-Фарабидің туған жеріне оралғандағы Абаймен кездескендегі орыны осы. Қазан ғалымдарының, соның ішінде әсіресе Ш.Маржанидің Абайға көрсеткен жолы осы. Яғни, «ғалымның хаты өлмейді» деген даналыққа Фараби заманынан Абайға жеткен ғылымның сипатын аңғара аламыз. Бұл ұлылардың арасынан үзілмеген нәзік желі, рухани байланыс, тамыршылдық көрініс. «Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінде Ш.Маржанидің «Қазан уа Бұлғар» тарихи еңбегінің сарыны байқалады» деген анықтама ұзтаздық мирастың жеткендігін дәлелдейді[1,91-б.]. «Ғылыми мирас қалдырмаған ғалым нажағай ойнатып күрілдеп жаумай кеткен бұлтпен тең» деген араб мақалының растығын еріксіз мойындауға тура келеді.

Ел болашағы жастардың қолында дейтін болсақ, оларға артылар жауапкершілік зор. Соның тұғырында ақиқатты дүниеге қол жеткізу тұру керек. Өйткені, ақиқатсыз дүниенің бәрі жалған. Ал, ғылым – нақ сол ақиқат. Ғылым жолына түсу, білімді тереңдету, ақиқатты тануға құмарлық әрі ұмтылыс. Ендеше, қос ғұламаның ғылым турасындағы талап-шарттары, әдіс-тәсілдері бүгінгі жастың қолындағы шамшырағы болуға тиіс. Әл-Фараби және Абайдың ғылым меңгеруге қойған талаптарын ден қойып зерттесек, рухани бірлестікке көз жеткіземіз. Мысалы, Абайдың отыз екінші қара сөзінде ғылым мәселесі сөз болса, Фарабидің «Қайырымды қала» еңбегінде ғылым хақында кеңінен жазылады. Қазіргі жастардың ғылым-білімді меңгеруіне қойылатын шарттардың негізін түзуді көздейміз. Бұл дегеніміз – әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абайдың 175 жылдығын думантадып тойлау емес, ғалымдар мұрасынан біздің қағидатымызды қалыптастыруды меңгеру. Яки, мерейтойын тек жалаң сөз, жайылма кешпен емес, осындай тәлімді бойымызға сіңіру арқылы атап өту. 

Бірінші шарт. Алдымен Абайдың: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біршама шарттары бар. Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемекке керек. Білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» деп алғашқы шартты қояды[2,407-б]. Фараби: «Егер ол осыны қанағат ететін болса, ол осыған тоқтайды, ал егер оған мұндай түсінік те қате болып көрінсе, ол бұдан да әрі көтеріледі. Сөйтіп әрдайым белгілі бір сатыдағы түсінік, оның ойынша, қате болып шыққан сайын, ол неғұрлым жоғары сатыға көтеріледі. Ал, егер түсініктің бәрі оған жалған болып көрінсе, оның мәнісі – оның бойында ақиқатты танып білетін дарын бар деген сөз», - дейді[3,93-б.]. Бұл талаптың бастапқы сатысына сәйкестенеді. Сонымен қос ғұламаның да адамның ғылым-білімге өзі талаптануы қажеттігін және ғұмырында пайдалы іске жұмсамақ мақсұтты көздеп ұмтылу керек деп шарт қойғанын байқаймыз.

Қазіргі кездегі діни ахуалдың өршіп, түрлі тармаққа жіктеліп, бір-бірін жат көруі де осы ғылымға деген талаптың жоқтығынан. Себебі, дінді көпшілік ғылым деп түсінбейді. Діннің ақиқаты оның ғылымында екенін ұқсақ, қоғамға от салушы да, жік салушы өкіл болмас еді. Дамыған елдердің қатарында оқ бойы озық тұру үшін де біртұтастық керек. Біртұтастыққа ортақ ақиқат арқылы қол жеткізуге болатынын ескеру маңызды. «Ақиқаттың болуы хақ, бірақ адам оны танып-білуден алыс жатыр» деген Фараби сөзін әлі де адамзаттың мойындауы керек[3,94-б.].

Екінші шарт. «Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адамды шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хисрлану(сараң болу) жарамайды. Егер хисрланса, өз сөзімшіл ғирурлық (менмендік), мақтаншақтық, хүсідшілдік бойын жеңсе, ондай кісі бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды», - деген Абайдың қара сөзінің мәні әл-Фараби сөзімен ортақ тұжырымда. Бұл Фарабидің «Қайырымды қала» кітабында: «Надан қалалардың кейбір мақсаттарын нысана тұтушылар – сый-құрмет, молшылық, байлық рахаты сияқты нәрселерге бой ұрушылар екінші басқа категорияға жатады. Қайырымды қаланың мұндай нәрселерге тыйым салатынын көріп, олар қайырымды қаланың көзқарастарына ден қояды да, бұлар ақиқат бейнелері бола ма, әлде өздігінен сол ақиқатқа бейім нәрсе бола ма, әйтеуір осыны бәрін бұрмалауға тырысады. Бұл бейнелердің екі түрлі жолмен бұрмалануы мүмкін: біріншіден, талас тудыруы мүмкін тармақтар арқылы, екіншіден, жалған білгіштік пен алдау арқылы бұрмаланады» деп сипатталған[3,93-б.]. Сонымен қатар, Фарабидің: «Осы жалпы заттар өздеріне сәйкес келетін дәлелдемелер арқылы танылғаннан кейін, бұлар жөнінде ешбір талас болмасқа тиіс – жалған білгіштікке негізделген талас та, мәселенің мәнісін түсінбеушілікке негізделген талас та болмауы керек, өйткені бұл ретте таласушының көңілге тоқығаны нақ сол мәселенің шынайы төркіні жайындағы білім емес, жалған ұғым болып шығар еді» деуі де анығында ғылыми мұраттан ауытқып, жалған білгіштікке алып баратынын екертеді[3,93-б].

Ақиқатты дүниеге талпынуда, танып білуде табандылықпен қатар айнымас көңіл, берік ұстаным, нақты қағидаттың керектігі белгілі. Ендеше бабалар мирасынан қалған қағидат ескерілуі керек, есте ұстарлық ұстаным осындай болуы тиіс. Нақ осы екінші шарттың өзінен қазіргі ғылым жайына талас тудырушы әрі оны жеңудегі мақсұттың ғылым емес, жалған білгіштікке апарып соғарына куә болып жүрміз. Бейне бір ұлтқа ұстын боларлық тұлғалардың Орбұлақ шайқасына таласы сияқты. Сондықтан аға буынның да бала буынның да бүгінге бұл тұжырымға келуі міндет.

Үшінші шарт. «Әр хақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?»[2,408-б]. Бұл Абай айтқан асыл сөздің ғалымдыққа бой ұсынуда өзің жеткен ақиқатты құрметтеу, яғни оны өзің сақтау дегенді ұғындырады. Игерген яки меңгерген ғылымды өзің қолданысқа енгізуге талпыну яғни, көз жеткізген ақиқатты өзің тарату сол арқылы жұрт көзін ашу, зейінін аудару сияқты. Бұл тұрғысынан әл-Фарабидің логика ғылымы туралы кіріспесінде былай делінеді: «Басқаларға көзімізді жеткізгіміз келетін нәрселер жөнінде де біздің позициямыз осы тәрізді. Өз пікірімізді анықтағанда қолданатын әдістер мен жолдарды біз басқалардың пікірін анықтау үшін де қолданамыз. Ал егер осы пікірімізді растау үшін келтірілген дәлелдеріміз бен пікірлерімізге олар көнбесе, біз олардан осыны істеуін сұрасақ, онда соның өзіне қарама-қарсы дәлелдер келтірмейінше, бұл пікірді қалай растап шығуға болады, сол пікірді растап шығуға келгенде бұл дәлел басқа дәлелден гөрі неліктен негіздірек болып отыр? Біз оған осының бәрін түсіндіре аламыз»[3,769-б].

Бұдан ұғынарымыз, ғылым ақиқатына көз жеткізген соң, сол ақиқатты тереңінен түсіне талдап, ұғыну. Сол арқылы өз ақиқатыңды табу және өзге адамға да ақиқатты дәлелді жеткізу болып табылады. Бүгінгі таңдағы әлемдік ғылыми пікірталастар айналасында дәлелді пікір, зерттеу тереңдігі арқылы қол жеткізген жаңалықты қорғай алу деген талапты үшінші негізге алады. Бұл қазіргі ғылым жүйесіндегі жастарды нақтыланған сараптама жүргізуге, салыстырмалы теориялық талдаулар жасауға баулитын бірден-бір негіз.

Төртінші шарт. Фараби логика ғылымының мән-мағына мазмұнына тоқталуда: «Дәлелдемелік пайымдаулар – бұл көзделіп отырған мақсат жөнінде анық білім беру үшін айтылатын пайымдамалар; бұл ретте сол іздестірілген нәрсені зерттеу үшін адам өзінде және өзінің рухани дүниесінде туа біткен қасиетті пайдалана ма; немесе ол осы тақырыпта басқа біреумен сөйлесе ме, бәрібір. Осының бәрінде де олардың анық мәліметтер беруі шарт; мұның өзі кейін сол адам танып кететін және ол танып кетеді деп ойламайтын мәлімет болуы шарт; мұның өзі кісіні адастыратын, қай жағынан болсын және не жөнінде болсын сенімсіздік және шүбә тудыратын мәлімет болмауы шарт» деген екен[3,774-б.]. Яғни, дәлелді пайымдау, күмәнсіз түсініктеме болуы арқылы өзге адаммен талқылауда да ақиқатынан ажымастан ғылымды толықтыра түсуі керектігін аңғартады. Абай бұл ойды былайша түсіндіреді: «Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза(ойласу,пікір алысу) қылу, екіншісі – берік мұхафаза(сақтау) қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде(тырысу) болмақ керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды», - дейді[2,408-б.].

Демек, Фараби мен Абайдың талаптарын белгілеудегі үндестігі осы – ғылымды дамытпақ, зорайтпақ ойда болып, оның ақиқатынан көз жазбау; жалған білгіштікке ұрынып, жеңуді мақсұт тұтпайтын пікірталас жасау; сол арқылы ортақ расталған тұжырымдамаға қол жеткізу. Міне, осының бәрін біліп меңгере түсу, сыңаржақ пікірден, дәлелсіз ойдан, көсе жеңімпаздық ойдан сақтайды. Бұл бүгінгі жас ғалымның білуі керек шарттардың бірі. Абайдың да ең басты мақсұты – іздеушілік, зерттеушілік, ол хакимдік, данышпандық – философтық жол. Ол даму жолы, ол ғылым жолы. Мұнан келіп шығатыны: «Өмірдің өзі ақиқат, өмір жоқ жерде камалат жоқ». «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз... Ақылға сенбей сенсеңіз, бір іске кез келсеңіз... Надандарға бой бермей, шын сөзбенен өлсеңіз» дейтіні осы[1,74-б].

Бесінші шарт. Ғылым жөніндегі бесінші шартта Абай: «Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар(қалайда), жаным, соған бек сақ бол, әсіресе! Әуелі құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны сол. Олар бар жерде бұлар болмайды» деп көрсетеді[2,409-б]. Демек, ғылымға бет бұрғанда толыққанды белді бекем буу керек, салғырттыққа ұрынудан сақтанып, барынша талаптың беріктігіне ие болу керек дегені. Уайымсыз салғырттыққа ұрыну – барлық дүниенің кесепатты кесірі сынды, кертартпа қасиет екендігін аңғартады. Бұл Фарабидің ғылымға бет бұрғандағы берік қам-қарекетінен-ақ көрінеді. Ғұламаның күндіз бағбан қызметін атқарып, түнімен ғылым ізденіп, кітап оқығандығы осы емес пе?

Демек, бүгінгі жастың бойында болуы керектік нағыз қасиетте осы. Себебі, өзге дүниені алаң етіп, ғылым ақиқатына жетуді көздемей, шала-шарпы білдім-толдымға ұрынатын кезеңде өмір сүрудеміз. Дүниенің адам алданарлық қызығы көп болғандықтан, ғылым тұрмақ, кітап атаулысына мойын бұрмай кетуіміз  де осыдан. Себебі, салғырттыққа ұрынып, сапалы білім алуға талпынбаймыз. Заман қанша жақсарды, білім-ғылымға барынша оңтайлы жолмен қол жеткізуге болады десек те, кейінгі кездері сауатсыздыққа, надандыққа ұрынып жүргеніміз жоқ емес. Сауатсыздыққа ұрыну «уайымсыз салғырттықтың» әсерінен емес пе?! Қоғамдық ахуалға қатысты да шалағай пікір, кертартпа ұстанымда болуымыз да осы сауатсыздықтан. Бұлақтың көзін ашып, білмеуімізден тапқан кеселіміз. Қос ғұламаның адамды ғылымға шақырудағы, білім алуға баулудағы негізгі мақсұты да осы болса керек-ті.

Алтыншы шарт. Әл-Фараби: «білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді»деп ескертеді[4]. Сонымен қатар, бүгінге дейін айнымас қағидат болған: «Балаға алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген де әл-Фараби болатын. Енді осының негізінде Абай алтыншы шартты былай деп қояды: «Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» дейді[2,409-б.]. Яғни, ғылымды сақтау үшін керекті тәрбие, мінез дегенді алға тұтады. Ал, білім-ғылымды игеруде, осы жолға түсуде адамның тәрбиесінің дұрыс болмағаны білімді бұрыс жолға бұруға әкеліп соғады. Себебі, жақсылықты мұрат тұтарлық тәрбиесі, ізгілікті ниет етерлік мінезі дұрыс болмаған соң, ғылым жауыздыққа, зұлымдыққа қызмет етеді.

Бұл турасында Абайдың он жетінші қара сөзі дәлме-дәл айтылады. Ғылымға әкеліп жүректің, ақылдың, қайраттың таласын жүгіндіргенде төрелікті жүрекке береді. Себебі, жүрек – ақтығынан, адалдығынан айнымағанда дүниеде, ғылымда ізгілікті мұрат тұтатын болады. Сонда қайратқа билетпегені: «Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі рас. Ол айтқандарыңнан басқа да өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман», - дейді[5]. Міне бұл қайраттың бойды билеп кететұғын жаман қарекеттерінен сақтанудан туғаны анық. Ал жүректі таңдаудағы негізгі мысалы: «Әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен»[5]. Міне нақ ғылымның да жүрекке билетудегі негізгі мақсұт-мұраты осы болғанына куәміз. Жүректің тазалығы тәрбие мен қалыптасқан мінез-құлыққа байланысты екендігі айтпасақ та түсінікті.

Фараби мен Абайдың ортақ ғылым мәселесіндегі ой-пікірлері мұнымен шектеліп қалмайды. Сонымен қатар әл-Фарабидің: «Егер адам өзінің іс-әрекетін жалпы жұрт өте жақсы деп танығанға үйлестірмей, тек теориялық ғылымдармен шектелсе, оны берік орныққан әдеті оның жалпы жұрт пікірінде өте жақсы деп танылған істер істеуіне бөгет жасайды. Сондай-ақ, оның әдеті өзінің әрекеттерінің шындықта өте жақсы деп танылғанға сәйкес болуына бөгет жасайды. Ал, танылғанға үйлессе, оның әдеті теориялық ғылымдарды оқып үйренуге және сондай-ақ оның әрекеттерін шындығында өте жақсы деп қабылдауға бөгет болмайды. Өйткені, жалпы жұрт пікірі оны шындығында, тамаша жақсы нәрсені істеуге ұмтылдырады» дейтіні Абайдың өлеңдерінде кездеседі[6,18]. Яғни, теориялық ғылымды ғана меңгеріп қана қою ғалым үшін жеткіліксіз, ол жұрттың тамаша деп тапқанына дейін жан-жақты зерттеуін тоқтатпаса керек деп ұғындырады. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз,

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз,

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Білгендердің сөзіне

Махаббатпен ерсеңіз.

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі сол айтты,

Ақылменен жеңсеңіз,

Надандарға бой бермей,

Шын сөзбенен өлсеңіз», - деп өрнектейді.

Ғылымға деген ұмтылысты Фараби «Философияны үйренуден бұрын нені білу керектігі туралы» трактатында: «Философияны зерттегісі келетіндер әрекетке және мақсатқа жету жолында талпына беруге тиіс. Әрекетке талпыну білім арқылы жүзеге асады, өйткені білімнің түбі берекет болып табылады. Ал, табиғатты білмейінше білім арқылы мақсатқа жету мүмкін емес, өйткені табиғатты білу біздің түсінігімізге бір табан жақын. Әрекет етудегі мақсатқа адам, ең алдымен, өзін-өзі жетілдіру, сонан кейін бір үйде немесе бір қалада тұратын басқаларды жетілдіру арқылы жетеді» деп сипаттайды[3,706-б]. Бұл тек философияны ғана емес, жалпы ғылым атаулыны меңгергісі келетін адамның бойына керекті қасиеттер.

«Өнер мен ғылымда осы да болады деген сөз болмауы керек», - дейді Абай[2,78-б.]. Бүгінгі жастардың бастысы талапсыздық сақтануы керек. Өйткені, «Адам баласының ең жаманы талапсыз» деген қағидатты ұсынған Абайдың көпшілік біле де беретін білмейтін жетінші қара сөзін ескеру қажет. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе, соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» дегені[2,386-б.]. Яғни, бұл адамның екі түрлі мінезінің асылы – білсем екен демеклік. Алайда, адам болып оған талпынудыңдың орнына ішсем, жесем дегенге талпынып кеткендігімізді бетке басады. «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр сөзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» дегені жалпы адамзаттың бетіне басқан сыны болатын.

Нақ осы Абай сөзінің әл-Фараби тұжырымдамасымен дәл келуі тек қана кездейсоқтық дей алмаймыз. Бұл рухани байланыстың, бірлестіктің белгісі болып табылады. Бұл ғылым көкжиегінде ұлылардың ортақ түсінікте бас қосуы. Әл-Фарабидің «Адам жанының бөлшектері мен күштері(қабілеттері) туралы» деген тарауы нақ осы ойдың үстінен түседі: «Адам пайда болысымен оның бойына, ең алдымен, бітетін нәрсе – күш [яғни қабілет], ол осы күш арқылы қоректенеді. Сондықтан бұл қоректендіргіш күш болады. Бұдан соң түйсінілетін нәрсені, мәселен, жылылық пен суықтықты, аңдауға мүмкіндік беретін және дем, иіс, дыбыс, [ақырында], түс сияқтыларды, сәуле тәрізді көзге көрінетін зат біткенд аңдатқызатын күш [пайда болады]. Сонан соң, оның бойына екінші күш бітеді, осы күш арқылы ол түйсінген, әсер алған сезімдік байқау әсері [көзден] ғайып болғаннан кейінгі жерде жадында сақтайды; бұл – қиялдау күші. Мұның өзі түйсік біткенді өзара біріктіреді немесе әр алуан үйлесімдер мен жіктерге бөледі, біреулері – жалған, екінші біреулері – ақиқат, сонымен қатар бұл күш қиялдаған нәрсеге ынтыққан талапты демеуші болады. Ақырында оның бойында ойлау күші болады, осы арқылы ол интеллекцияның пайымдағыш объектілерін аңғарады, сұлулықты сұмпайылықтан айырады, сөйтіп өнер мен ғылымға ие болады. Бұл күш те пайымдалатын нәрсеге ынтыққан талапты демеуші болады»[3,56-б]. Міне, осындай талап-тілектердің тұжырымдамалары ортақ түйінделгенде қос ғұламаның ғылым мәселесіндегі ой-пікір, принциптері, әдіс-тәсілдері ортақ болғандығына көз жеткіземіз.

Қорыта келгенде, ХХІ ғасырды дамыған, жаңарған заман деп қарағанымызбен жастардың қаншалықты рухани дамуға қол жеткізіп жатқаны беймәлім. Рухани дамудың, мемлекеттің дамуға негіз болатынын қазіргі қоғам ескеруге тиісті. Ал, ғылым жолына құмарлық, жастарды ақиқатқа баулуда негізгі ұстаным-қағидаттарды әл-Фараби мен Абайдың ортақ кемелдік қисындарынан зерделей алдық. Ендеше, ғылым ақиқатын тануда, білімге құмарлықта қазіргі жастар білуі керек шарттарды қысқаша ұсынсақ:

Бірінші шарт – ғылымды ғұмыр жолында пайдалы қарекетке жұмсауды мақсұт ету. Яки ізгілік мұратқа пайдалануды көздеу, зұлымдыққа емес.

Екінші шарт – ғылымға талас туғанда бастысы жеңуді немесе жалған білгіштікті көздемеу керек. Әгәрәки ақиқатты пікірді нақ дәлелдеулері болса, мойындап ұғыну парыз.

Үшінші шарт – өзің жеткен ақиқатты құрмет тұт яки оның бағасын алдымен өзің арттыр. Әйтпесе, өзің көңілің сеніп, санаң қабылдамағанға жұртты қалай иландырмақшысың?!

Төртінші шарт – екінші не үшінші шарттардағыдай адам сақтықтан соң, ғылымды зорайту, яғни дамытуға күш салу. Өзің білген ақиқатты тереңінен зерттей түсу болып саналады.

Бесінші шарт – өнер мен білімді осы да болады дегеннің болмауы керек. Мұндай уайымсыз салғырттыққа ұрыну – шалажансар білім, сыңаржақ ой туғызады. Толыққанды дәлелге көз жеткізе алмай қалу қаупінен сақтану.

Алтыншы шарт – адамның білім мен қатар тәрбиесінің, мінезінің оңды болуы. Бұл ғылымның сауыты есепті, оны сақтауға, адамдық борыштан артық қарауға жетелейді.

Міне, ғылыми мақаланың бастапқы мақсұтына жеттік деген ойдамын. Бальзактың «Іздеген сирек болса да табады, іздемеген ешуақытта таппайды» деген сөзінің осы орайда растығына көз жеткіздік[7,109-б.]. Ғылым мәселесіне келгенде бүгінгі қоғамдық ахуалдардың түпкі төркіні, нақты дәлелі осы ғылымнан табылатынын ұқсақ болғаны. Яки, көптің көңілін күдікті етерлік түрлі «шындықтан» сақтап, ақиқатын ашу – ғылымның ісі. Платон: «Екі нәрседе шек жоқ. Ақылда шек жоқ, содан кейін надандықта шек жоқ» дегені мойындауды талап етпейтін ақиқат[7,103-б.]. Сондықтан қос ғұламаның мирасын меңгеруі, қазіргі жастардың қолына шамшырақ етіп ұстауы, ғалымдық әліппесін ұғынуға талпыныс. Жарқын болашақ – білімді ұрпақтың, ғылым ақиқатын таныған жасардың қолында.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Машанов А. Әл-Фараби және Абай – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 бет.
  2. Абай. (Ибраһим Құнанбаев) Шығармалары. – Алматы: «Жібек жолы», 2019. – 488 бет;
  3. Әбу Насыр Әль-Фараби. Қайырымды қала. Музыка туралы кітап// Әлеуметтік-эстетикалық трактаттар. – Алматы, RS; Халықаралық Абай клубы, 2018. – 936 б.
  4. https://sputniknews.kz/spravka/20191123/12106699/Al-Farabi-qazaq.html
  5. https://kk.wikibooks.org/wiki/
  6. Көбесов А. Әл-Фараби мен Абайды қатар оқығанда: Зерттеу еңбек. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 58б.
  7. М. Кемел. Ақыл қалта: монография. – Астана: Аударма, 2012. – 631б.