Айжан АМАНЖОЛ: АБАЙ – ТОЛСТОЙ – ШӘКӘРІМ. РУХАНИ ҮНДЕСТІК

 

Сөз өнерінде үш ғұламаның рухани үндесуі ерекше құбылыс. Үш суреткердің рухани үндесудің алтын өзегі – данышпан Шәкәрім. Осылай деп айтуға бірнеше фактор негіз болып отыр.

Факторлардың ең бастысы – ұстаздық факторы. Шығыс-түрік әлемінде ұстаз ұғымына құрмет аса биік. Осы жолмен келгенде, өзі ойшыл, өзі ақын Шәкәрім хакім Абайды да, атақты орыс жазушысы Лев Толстойды да ұстазым деп санаған. Әрі өзі ұстаз санаған екі ғұламаның рухани үндестігін де ерте байқаған, екеуінің шығармаларындағы дүниетанымдық мәселелеріне ой көзімен қарап, тереңдігін таныған соң, екеуіне де ұстаз ретінде үлкен ізетпен өмір бойы сыйлаған.

Хакім Абайдың Шәкәрімге ұстаздығы тарихтан белгілі. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов осы феноменді қиын кезеңнің өзінде анықтап атап көрсеткен болатын: «Мұндай ақын – төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы – Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері» (1, 244).

Сондай-ақ, Шәкәрім өзі де шығармаларында хакім Абай өзінің ұстазы екенін айтып отырған. Соған дәлел ретінде, Шәкәрімнің 19 жасында жазған «Жастарға» өлеңінен мысал келтірейік:

 

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

...Бір білімді данышпан жан табалық.

...Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр баралық!

 

Сендерден белгі нең қалар,

Жемтігін жеген жем қалар.

Ақылы дария Абайдан,

Таусылмас қоры – кен қалар! (2,16).

 

Шәкәрім жастарды Абайдың алдына баруға шақырады. Оның «ақылы дария, қоры көп, қанша алсаң да таусылмайды» деп баға береді. Бұл – ұстазға деген құрмет.

Шәкәрім Лев Толстойды да ұстаз санап, ерекше құрметтеген. Толстойдың шығармаларын аударған, оған хат та жазған, бірқатар шығармалар арнаған. Шәкәрімнің Толстойды ұстаз деп санағанына тоқталып өтейік. Мәселен, «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деп басталатын өлеңінде Толстойды ұстаз тұтқанын анық айтады:

 

Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.

Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың (2,139).

 

Толстойдың терең ойшыл екенін, әрі әділет, ар жолын ұстанған ғұлама екенін атап көрсеткен. Абай мен Толстойдың ғұламалығы Шәкәрімге қатты әсер еткен, сондықтан өмірлік ұстанымында екеуін де үлгі тұтқан. Жалпы, әдебиет тарихында Абайдың Толстой шығармаларын аударғаны туралы, басқа да мәліметтер көп кездеспейді. Әлі де табылмай архивте жатуы да мүмкін. Абай Лев Толстойды жақсы білген. Ол туралы М.О.Әуезов былай дейді: «Мәдениетті адам баласының жалпы тарихы бағалаған Сократ, Аристотель, Пушкин, Салтыков, Толстойларды алдымен аузына алады» деп атап көрсеткен (1, 261).

          Шынында, хакім Абайдың бір өлеңінде, яғни «Интернатта оқып жүр» деп басталатын өлеңінде Толстойдың есімі аталады:  

 

«Ойында жоқ бірінің,

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат,

Болсам деген бәрінде ой» (3,69).

 

          Бұл, бірінші фактор. Шәкәрімнің Абай мен Толстойды, яғни екеуін де ұстаз санауы арқылы байланыса келіп, көрініс тапқан рухани үндестік. 

          Ал, екінші, әрі негізгі факторға келсек, ол – үш ғұламаның ақиқатты іздеу жолындағы рухани үндестігі. Жалпы адам баласы ақиқатқа ұжымдық таныммен бармайды, жеке көзқарасымен, сеніммен барады. Ал, сол ақиқатқа ұмтылған жеке таным мен сенім жолындағы тұлғалардың «шығармашылық сұхбаты» рухани үндестікке жол ашады. Ең алдымен, Толстойға тоқталатын болсақ, оның орыс әдебиетінің, тіпті әлем әдебиетінің мәдени мұрасына айналған көркем шығармаларымен қатар, «Исповедь», «В чем моя вера?», «Путь жизни» сияқты, тағы басқа, ақиқат жолын іздеуге арналған терең діни-дүниетанымдық еңбектері бар. Толстойдың адамзат қалай бақытты болады деген ізденістеріне философ В.Г.Анишкин былай баға берген: «В основе учения Льва Толстого – понятие веры, смысл которой в значении того, что такое человек и в чем смысл его жизни. Смысл жизни Лев Толстой видел в свободном объединении людей на основе любви, в слиянии с Богом путем создания в себе разумно-божественного начала» (4, 237).

          Академик Ғарифолла Есім өзінің «Хакім Абай» деген еңбегінде «Абай – әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама» дейді (5,78). Шынында, Абай тек қана қазақтың бас ақыны ғана емес, әрі ойшылы. Міне, осы ойшылдығы Толстойдың көзқарасымен үндесіп жатқанын байқаймыз. Абай дүниетанымындағы сенім мен таным бірлестікте, оның: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңі соның бір дәлелі. Хакім Абай Жаратушының барлығына ешқандай күмәнсіз сенеді. Алла Тағала адамзатты махаббатпен жаратқан дейді ақын. Алла Тағала адамзатты махаббетпен жаратса, онда олар да татулықта өмір сүруі қажет дейді. Толстойдың көзқарасымен үндесіп жатқанын байқаймыз. Қазақ ғұламасының осы ойлары айтылған өлеңінде жер бетіне нұр боп шашылған мынадай сөз бар: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Бұл, Толстойдың адам баласы татулықта өмір сүру керек деген көзқарасымен де үндесіп кетеді.

          Екі ғұлама, хакім Абай мен орыстың атақты ойшылы Лев Толстойдың рухани ізденістеріне, Шәкәрім өзінің адамгершілік туралы ізденістерімен келіп қосылады. «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» деген пәлсапалық еңбегінде Шәкәрім былай дейді: «Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде осы үшеуі болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ» дейді (6,63).

          Үш ғұламаның рухани үндестігінің, біріне-бірінің жақындығын көрсететін үшінші фактор – адамгершілік мәселесі. Адамгершілік сияқты үлкен ұғымды қарастырсақ оның тамыры этикалық білімге, метафизикаға қарай тереңдеп бойлап кетеді. Олай болатын себебі, адамгершілік ұғымын дін де, философия да, шығармашылықтың басқа салалары да нақты дефиниция қойып анықтай алмайды. Барлығы ізденіс жолында. Адамгершілік ол – адамның болмысы. Тіршілік барысында ол оны жоғалтады, не – молайтады. Мүмкін адамгершіліктің генезисі – Жаратушыдан. Ол, әрине, адамзатқа құпия.

          Адамгершілікті жоғалтудың да, табудың, оған ұмтылудың да жолы мың сан. Мәселен, Шәкәрім айтады: «Еріншектен салақтық, салақтықтан надандық, жоғалар сүйтіп адамдық». Бұл – адамдықты жоғалтудың қауіпті жолы сияқты.

Сонымен қатар, Шәкәрім қайтсе адамзат адамгершілікті жоғалтпайды деген ізденіс үстінде, адамгершілік жолының өзінше «ғылыми монографиясын» ұсынады. Шәкәрім өзі ұстаз санаған хакім Абай мен атақты орыс жазушысы Лев Толстойдың адамзат қайтсе бақытты өмір сүреді деген ізденісіне, үлкен рухани үндестікпен келіп қосылған. Шәкәрім осы еңбегінде мынандай терең ой айтқан: «Адал еңбек, білім үйренумен қатар, «Ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек»(6,63). Шәкәрім оны адамзат баласының бақытты болу жолындағы жаңа бір жол ретінде ұсынады.

Үш ғұламаның рухани үндестігін, жақындығын көрсететін төртінші фактор – әділеттілік  мәселесі. Әділеттілік мәселесіне Лев Толстой өте тереңдеп барған. Ол өзінің көркем шығармаларында, еңбектерінде әділеттілік мәселесін көп қарастырған. Өмірінің соңында  жазған «Өмір жолы» еңбегінде әділеттілік мәселесін терең, әрі жан-жақты ашқан. Осы еңбегіндегі терең ойлардың басты-басты дегеніне тоқталсақ, олар мыналар: адам баласы бірі-біріне зорлық жасамауы, әділетті болуы; бірі-бірімен сүйіспеншілік қатынаста болу; кез-келген мемлекет күш көрсетуге емес, әділеттілікке негізделуі керек.

Орыстың классик жазушысы, ғұлама ойшылы Лев Толстойдың осы даналығымен, хакім Абай мен данышпан Шәкәрімнің де ойлары рухани үндескен. Шәкәрім жоғарыда аталған «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» өлеңінде, Толстой туралы «Жанымен сүйді әділет ардың жолын» деген. Шәкәрім өзі де «Адам немене?» деген өлеңінде «Мылтық билеп тұрғанда, әділет жоқ» деп кесіп айтқан. Шәкәрім өзінің «Үш анық» трактатында былай дейді: «Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім» (6,78). Жер бетіне әділеттілік орнамаса бәрі ойран болатынын ғұламалар тереңнен тартып айтқан.

Хакім Абай да әділеттілікке өте тереңдеп барған, өз өмірінде әділет жолымен жүрген. Мәселен, «Қырық бесінші» қара сөзінде былай дейді: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезімі. Бұлардың керек емес жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил» (7, 218).

Абай-Толстой-Шәкәрім – осы үш ғұламаның үндестігі аса терең. Олардың ойшылдығы жалпы адамзатқа арналған. Қалай болғанда, адам баласы адамдықты жоғалтпайды, қалай әділетті өмір сүреді, жалпы ақиқат қайда деген сауалдарды іздеу жолында олар рухани үндескен.

Данышпан Шәкәрім өзі ұстаздарым деп таныған хакім Абай мен ғұлама Лев Толстойдың терең ойларынан сусындап, өмір бойы ақиқатты, адамдықты, әділетті іздеп өткен.

Келесі тарауда, хакім Абайдан үлгі алған Шәкәрім Лев Толстоймен қандай шығармашылық үндестікте болды, сол – кеңінен талданып қарастырылады.

 

Шәкәрім және Лев Толстой: рухани үндестік

 

Өнердегі осы екі тұлғаны қазақ мәдениетінде байланыстыра айту қалыпты дәстүрге айналды. Шындығында шығармашылықтағы терең үндестік пен өмір сүру салтындағы ұқсастық, Шәкәрім ойшылдығының орыстың әйгілі жазушысы Лев Толстой көзқарасымен ұштасып өзгеше мәнге ие болғаны да расында мәдениеттегі ерекше құбылыс болды.

Алайда, осыншама ұқсастықты көре отырып, әрқайсысының өзгешелігін, қайталанбастығын, әрі ешкімге ұқсамас даралығын, яғни, дүниетанымдық арнада олардың өзіндік генетикалық терең болмысы барлығын сезінесіз.

Олардың ойтанымы уақыттан – шексіз. Екі тұлғаның қай-қайсысысының болмасын шығармасы, кімнің де болса қолына авторы көрсетілмей түскен жағдайда, ол шығарманың қай онжылдықта, тіпті қай жүз жылдықта жазылғанын дөп басып айтуға ешкімнің де жүрегі дауаламас еді. Олар бүгін де аса өзекті. Уақыттан озған шексіздік – олардың ең басты белгісі.

Олардың асыл сөздерінің тәрбиелік ықпалы өздерінің замандастары үшін қандай күшті болса, келешек ұрпақ үшін де ешқашан мәнін жоймақ емес.

Өйткені олар сенің өз бойыңдағы қараңғылықты басқаларға қарағанда анық танып, айқын ашып көрсетіп береді. Сен бір уыс боп бозарып, тәубеңе келесің.

      Шәкәрім мен Толстой: біздің барлығымыз үшін аса қажет – екі алып өмірлік қазына-байлық, тіпті, оларсыз өмір толық болмастай көрінеді.

          Міне, осындай қажеттілік бізді олардың асыл сөздеріне қайта-қайта айналып соғуға құштар етеді, олар туралы жазылған әрбір кітап соңғы нүктесіне дейін оқылады, сол жерде бейне бір өз өміріңнің жарқын беттері бардай, армандаған асылың да сонда сақтаулы тұрғандай ұмтыласың.

Тылсым сезім мен терең таным өзіне тартады да тұрады. Екі ғұламаның даналық сөздеріне бойлауға құштарланасың, олар туралы жазылған әрбір кітапқа үңіліп, одан тапқан асылыңды ой елегінен өткізе отырып, өзің де толық адамдық сезімде болып, биіктей түсесің.

 

Тамыры терең тектілік

 

Шәкәрім мен Толстой сияқты екі дананың мәңгілік сапарға аттанғандарынша сүрген өмірінің өзі ғажайып шығарма, олар оны өмірдің өзімен тұтастықта бірге жазды.

Екі алыптың ең басты ұқсастықтарының өзі осында болса керек. Алайда, олардың үндестіктері, ұқсастықтары тіпті олардың өмірбаяндарының өзінде де байқалады. Енді соларды айқындап тануға тырысып көрейік. Толстойдың арғы аталары – текті әулеттен. Оның арғы атасының бірі, Петр Андреевич Толстой, бірінші Петр патшаның жақын серігінің бірі болған; тағы бір атасы тамырын тереңнен тартқан князь Волконскийлер әулетінен; Толстой әулетінінің шежіресі ХVІ ғасырдан бастау алады.

Шәкірім шыққан әулет те өз шежіресін ХVIII ғасырдан, қазақ даласын зарлатып өткен «Ақтабан-Шұбырынды» кезеңінен бастайды. Шәкәрімнің де арғы бабасы атақты Кеңгірбай би, Кеңгірбайдан тараған Ырғызбай да даңқты Абылай ханның серігінің бірі болған, Ырғызбайдың үлкен ұлы Шәкәрімнің арғы атасы Өскенбай да Кеңгірбай бабасындай, халықтың құрметіне бөленген би болған. Түйіндеп айтсақ, қазақтың бас ақыны, ғұлама-ойшылы, хакім Абайдың әкесі, Шәкәрімнің атасы Құнанбай қажы А.Янушкевичтің тілімен айтсақ, «пайғамбарлық даңққа» ізденіспен жеткен, даланың ірі тұлғасы.

Жасыратыны жоқ, балалық шақтан санада сақталған оқиғалар өте әсерлі және де мәңгі есте қалатыны да рас. Дәл осы балалық шақ адамның анық болмысын айқын танытып және оның болашақ өмірінің мәні неде екеніне жол ашпақ. Адам баласы, біз кімбіз, не үшін өмір сүреміз дегенді соншалықты терең де нақты сезіну балалық шақтағыдай айқын сезілмесі анық. Толстой мен Шәкәрімнің балалық шағынан қандай оқиғалар олардың естерінде қалған?  Екеуінің де есінде ауыр және көңілсіз нәрселер емес, санаға шуағын төгер қуанышты оқиғалар сақталып қалған. Шындығында екеуі де жетімдіктің дәмін татып өсті: Шәкәрім әкесінен ерте айрылса, Толстой анасынан ерте айырылды.

Есейгенде балалық шаққа реминисценциямен қайта оралғанда, екі алып шығармашылық тұлға санасына қатты салмақ түсіріп, оларды аса тебіреністі, күрсіністі сезімнің тұңғиығына батырады. Балалық шақ өткен соң, қанша нәрсенің қайта оралып келмесін, қанша нәрсені мәңгілікке кеткенін сезінеді. Бұл Шәкәрімде «Бұл ән...»: «Жас өмір, өткен той» (8, 133) өлеңдерінде айқын көрініс тапқан. Басқаша айтсақ, екеуі де жас кезінде, тым ертерек өмірдің бос өтпеуі, мағынасыз болмауы қаншалықты маңызды екенін ұққан. Шәкәрім мен Толстой балалық шағында естерінде терең із қалдырған ерекше сәттерді естеріне алып отырған. Сол сәттерге тоқталайық. Екеуі де өздерінің әсерлі, тылсым әрі шуақты жастық шақтарына ой көзімен оралып отырған. Таза балалық сезіммен жақынына жаны ашу, қайғыру, сол сананы биіктетіп әкеліп адамзат баласына жаны ашу сезімі екеуінде де есейгенде аса терең көрінген.

Жастық шақтағы оқиғаларға тоқталайық. Толстой үшін бұл жасыл таяқшаның құпиясы. Оның құпиясын ағасы Николай ойлап тапқан. Ойынның аты – құмырсқалар қауымдастығы. Ойынның негізгі мақсаты – жер бетіндегі барлық адамды бақытты ету. Сол құпия жасыл таяқшаға жазылып, ол ормандағы жолдың жағасындағы жыраға көміліп қояды. Кейін Лев Толстой қайтыс болғанда сол жерге жерленуі керек. Осы құпия қауымдастықтың  қатарына кіргендер құмырсқалар қауымдастығының мүшесі болды. Бұл қауымдастық болашақта барлық адамдарды біріктіруі керек. Қауымдастықтың негізгі талабы – оған мүше болғандар, болашақта мүше болатындар өздерінің жаман қылықтары болса оны тастауы керек. Соның нәтижесінде бүкіл жер бетінде бақыт орнауы тиіс.

Бір ғажабы, Шәкәрімнің де балалық шағынан есінде қалғаны, құмырсқаға қатысты. Құмырсқаны ойнап жүріп, балалар басып кетеді ғой.

Оны көрген, жеті жасар бала Шәкәрімнің ішкі әлемі астаң-кестең болады. Оның қайғысының тереңдігі үлкен адамның өзін қайран қалдырған. Жас баланың соншалықты толқуы, қайғыруы, құмырсқаның да өзі сияқты жан иесі екенін сезінуі өлең болып жарып шыққан. Өлеңді оқыған үлкен адамдар қорыққан, тебіреніске түскен:

 

Өлтірдің, онан таптың қандай пайда?

Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.

Жетімдік қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!

Менің де жетім қалды балаларым,

Олар да жылайды аңсап аналарын.

Өзің жетім, жетімді аясаңшы,

Жоқ екен басыңда ми-саналарың... (9, 156)

 

Балалық шақта әлемді өзгеше тазалықпен қабылдайтын сана, қандай да болсын әділетсіздікті, зомбылық біткенді ауыр қабылдайды. Екі алыптың да балалық балдаурен шағында өзгеше сезімтал болғаны, өздері өмір сүріп жатқан әдемі әлеммен тұтастықты ерекше сезінгендерін жоғарыда аталған ерекше оқиғалар айқындайды.

Шәкәрім мен Толстойдың өмірі мен шығармашылығындағы терең үндестіктің тамыры тереңде, балалық шақта тіршілікті сезімталдықпен қабылдауында болар бәлкім. Жеті жасар баланың осы өлеңі үлкен поэтикалық шығармашылықтың бастау-бұлағы болды. Алғашқы қанат қақты өлеңнің құдыреті сонда, онда нағыз өнерге тән, ең басты қасиет балалық сезіммен басқаға жаны ашуы анық көрініс тапқан.

Оны хакім Абай да бірден таныған. Кішкентай Шәкәрім осы оқиғаға қатысты анасының жылағанын және Абайға мұнымен сөйлес, ақылыңды айтып, жөнге сал, ол әлі жас қой дегені де есінде қалады. Рас, Абай оны жөнге салып, жол көрсетеді, көп нәрсеге үйретіп, ақылын айтады. «Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді» – дейді кейіннен Шәкәрім (9, 156). Дана Абай оның ең басты ұстазына айналады.  

Толстойдың бойындағы сөз өнеріне деген дарынын алғаш таныған және оны «кішкентай Мольер» деп атаған француз тілінің мұғалім Сен-Тома болды. Ол бұл үйге Толстойдың әкесі қайтыс болғаннан кейін келген болатын. Кейіннен Толстой оны есіне алғанда, оның жалғыз жақсылығы, немесе, еңбегі осы ғана болды деп есіне алатын.

Кішкентай бала Лев өзінің балалықпен жасаған болымсыз қылығы үшін француз тілі мұғалімінің оны қамап қойғаны есінде қалған. Және, мұғалімнің осы қылығың үшін сені таяқтаймын дегенін қорлық санағаны өмір бойы есінен кетпей қойған. Міне, осы келеңсіз оқиға «өмір бойы, зорлық-зомбылық атаулыға деген жиіркенішті және жеккөрінішті сезімімнің бастауы болды ма деп ойлаймын» –  деп, есіне алады Лев Николаевич (10, 35).

Шәкәрім де, Толстой да шынайы ашықтықпен, тіпті, өмірде болған қайсыбір нақты деректерді келтіре отырып өз өмірлерін әдебиетте бейнелеп көрсеткен, онда олардың ғұмырнамасының нақты хронологиялық ізі айқын көрінеді. Толстой өзінің өмірін – Жол деп таныған. Және оны төрт кезеңге бөліп қарастырған: «поэтикалық» (алғашқы 14 жылға созылған), «жағымсыз кезең» (бозбалалық жастан жігіт болып үйленгенге дейінгі кезең, 1862 жыл), «адамдық кезең, яғни, толысқан кезең» және «міне, мен осы кезеңде өмір сүріп жатырмын және  осы танымда дүниеден озармын» деген.  

Ал, қазақтың ойшыл-ақыны өзінің – Өмірін жалынды отпен салыстырған: «Жалынды оттай жайнаған, қайран, өмір» (8, 82). Өмірді үш кезеңге бөліп қарастырған: өмірдің басы – балалық, ортасы – адамдық, өмірдің аяғы – кәрілік. Өмірдің ең маңызды кезеңі – ортасы, «түгел қолың жетпейтін бір жанталас» (сонда) – ойшыл-ақын адам өмірін осылай кезеңдеп көрсеткен. Бұл таным біздің халыққа түсінікті де. Қазақ халқында отқа табыну ертеден бар. Оттың құдырет күшіне табынған, түрлі пәлекеттерден отпен аластайтын көне дәстүр бүгінгі күнге дейін сақтаған. Нәресте шошынып қалса отпен аластаған, тағы басқа жағдайларда да отпен аластап отырған. Жалпы, от халық зердесіндегі қасиетті ұғым. Оттың, одан шыққан отбасының қамқоршысы Ұмай Ана болған. Жаңа түскен келін оған табынған.

Енесі отқа май құйып, келіннің аяғынан десе, бала дүниеге келгенде де отқа май құятын дәстүр болған. Отқа қарап түкірмеу, оттан аттамау, тіпті бұрын от жағылған жерді таптамау сияқты ырымдар бар. Қазақ санасында өмірдің өзі жанып, лаулап тұрған от, ол – қозғалыс, мәңгілік – Жол. От лаулап жанады, артында күл қалады. Шаттанып қуаныш келеді, оның артында күрсініс, қайғы қалады. Сондықтан да Шәкәрімде өмірді отпен салыстыру әрине түсінікті. Өмірдің басы – ұшқын, ортасы – жалын, аяғы – күл. Түйіп айтқанда, екі ойшыл да өмірді – Жол деп таниды.

Толстой өзінің жігіттік шағын толқыныссыз еске алмайтын, ол кезеңді «қайран бос кеткен уақыт» деп есіне алатын, сол кезеңдегі өткен қайбір келеңсіз оқиғаларды  «жүрегі сыздап, жиіркенішпен, ызамен» есіне алатын. Оны өзі жасырмай «пайдасыз, босқа күлген, уақыт» ретінде есіне қынжылыспен түсіретінін айтқан. Толстой өзіне өте қатал, тіпті, қатаң болған десек те артық айтқандық емес. Ол өзінің бозбала шағында жанында адамдық қасиеті мол дананың болмағанына қатты өкінген: «Мен енді ғана, осы жасқа келгенде ғана алғаш рет аса ауыр сезіммен және терең өкінішпен есіме аламын, жігіттік шағымның еш пайдасыз, ырду-дырдумен өткеніне», –   деген (11,158).

Ал, Шәкәрім өзінің жастық, жігіттік, азаматтық шағын қалай еске алады? «Мұтылғанның өмірі» атты автобиографиялық поэмасында оған жауап бар: «Жиырма мен қырық арасы, Жас өмірдің сарасы, Бос өткенін қарашы, Жүрекке төгіп қаңды ірің» (12, 337). Шәкәрім өзіне талап қойғыш, әрі өзіне қатты сын көзбен қарағыш болғанын байқаймыз. Шәкәрім де Толстой сияқты өзінің нағыз еңбек ететін шағының бекер өткенін, шіркін-ай, сол кезде маған қаттырақ қарап, дұрыс бағыт беріп жібергенде қалай болар еді деген өкінішін де жасырмайды: «Ардақты кенже жетім деп, әлпештеді мені көп, Надандыққа болды сеп, Қақпай ешкім қабаққа» (12, 334). Шындығында, Толстой да, Шәкәрім де өз өмірінің әрбір минутын бағаламаса, ол, әрине таңғаларлық болар еді.

Екеуі де осы өмірдегі өз орындарын жақсы білген, сезінген.

 

«Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың, ...»

 

Шәкәрім дүниетанымының идеялық бастауы көнетүркі мәдениетінен, қазақтың бай ауыз әдебиетінен, ұзақ ғасырлар байланысынан қалыптасқан Шығыс әдебиеті мен сопылық дәстүрден, орыс әдебиеті және сол арқылы келген батыс-еуропалық мәдениеттен тамыр тартады.

Өзінің дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен бай мәдениет көздерін ақын Шәкәрім өзінің «Жасымнан жетік білдім…» өлеңінде кең таратып айтып өткен:

 

«Жасымнан жетік білдім түрік тілін,

Сол тілге аударылған барлық білім.

Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,

Жарқырап қараңғыдан туып күнім.

Оятқан мені ерте – Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды әлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен

Надандықтың тазарып, кетті кірі» (12, 143).

 

Түркі, шығыс және орыс мәдениетінің, сондай-ақ, белгілі даналардың да өзінің қалыптасуына ерекше ықпалы болғанын Шәкәрім «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде атап айтқан. Өзінің атасы Құнанбай қажының үйретуімен түркіше хат танығанын және орысша әліпбиді үйренгенін де айтқан. Сонымен бірге, өзінің қалыптасуына ықпалы болған хакім Абайды ерекше тебіреніспен есіне алады. Исмағул Гаспринскийді де атап өтеді: «Мұнан кейін әкеміздің бір шешесінен туған –  Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. ...Онан соңғы ұстазым – «Таржыман» газетінің иесі Исмағул Гаспринский десем бек дұрыс» (13, 46).

Шәкәрім мен Толстойдың дін мәселесіне келгенде де танымдары өте терең. Толстой қайсыбір діни жоралғылардың басы артық деп оған қарсы шыққан. Сол үшін 1901 жылы шіркеуден аластатылғаны да тарихтан белгілі.

Бұл оқиға өз кезінде үлкен сөз болған. Біреулер Толстойды жақтаған, енді біреулер даттаған. Шетелдік газеттер мен журналдар бұл оқиғаны туралы жарыса басып, оны талқылап көп әбірге түскен. Бұл оқиға, Шәкәрімді де терең күйзеліске түсірген. Сондай күйзеліс, үлкен тебіреністен кейін, осы жағдайға арналып мына жолдардың жазылғаны да ақиқат:

 

«Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.

Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың.

Толстой кәпір емес, кәпір өзің,

Дін емес, барі алдау айтқан сөзің.

Көңілің соқыр надансың, бейілің қара,

Нұр жарығын қалайша көрсің көзің?!

Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,

Сопының бара қойман құрбанына.

Ақиқат сырымды айтсам, Толстойдың

Мың сопыны алмаймын тырнағына» (8, 64).

 

Бұл жолдар – қарсылық сөзі болатын («Толстой кәпір емес, кәпір өзің, дін емес, бәрі алдау, көнбеймін»), ашу-ыза («көңілің соқыр надансың, бейілің қара») және Толстойды батырлықпен қолдауы («Толстойдың мың сопыны алмаймын тырнағына»). Осы жолдарда Шәкәрімнің өзінің жеке басының осы оқиғаға деген өкініші анық та, айқын көрінген, ғұлама ойшылға жасалған қысымға қатты қорланған.

Бұл өлеңнің түп тамырына үңілсеңіз, ол «жылмайы сопыларға» деген қарсылық, олардың алдампаздығы, жасандылығы, Жаратушыдан, ақиқаттан алыстығы өткір сынға алынған. Ақын, оларға қарама-қарсы, ақылды, парасатты, арлы, әділетті және кіршіксіз ақниет адамды қояды:

 

«Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең,

Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.

Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың

Алданбайсың артынан ере берсең» (8, 64).

 

Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» атты поэмасында мынандай өткір жолдар бар:

 

«Молдалар аяп пақыр деп,

Бұзылып бара жатыр деп,

Ат қойыпты кәпір деп,

Өздері соқыр, мұным рас.

...Алжыды деп ел де айтты,

Дін бұзды деп молда айтты,

Ескішіл деп ол да айтты,

Жалғыз қалдым жалаңаш» (12, 346).

 

Шәкәрім жалғыз емес еді, ол Толстойды биік тұлға, пікірлесі ретінде ерекше құрметтейтін. Ол оны мыңдаған діншілдерден биік қоятын. Ерекше атап өтетін мәселе, «Мұтылғанның өмірі» поэмасының өзіндік ерекшелігі сонда, авторды нақты оқиға ғана емес, соның жаңғырығының салмағы толғандырған. Шығармада, биографиялық арқау автор үшін қаншалықты қажет, соншалықты қызмет атқарады, ең бастысы, оның рухани болмысының толқынысына қаншалықты бойлай алды, мәселе сонда. Толстойдың «Балалық», «Жастық» және «Ересектік» трилогиясы да осы әдіспен, осы танымда жазылған.

 Әрине, Толстойдың трилогиясы және Шәкәрімнің поэмасы тура мағынасында автобиографиялық шығарма емес, алайда шығарманың кейіпкерлері өмірде  Шәкәрім мен Толстой тұлға ретінде қалай қалыптасты, адамдық өсу мен қалыптасу жолдары үндестікте қалай көрініс тапқаны жақсы суреттелген. Лев Николаевич Толстойдың шығармашылығына қазақ халқының көзқарасы тұтас алғанда ерекше жағдайда қалыптасты. Әрбір халық, өзінің болмысына жақын құндылықтарды өзіне жақын тартады. Бұның өзі сол халықтың менталитетіне, дүниетанымына, ойлау жүйесіне, қабылдау талғамының биігіне қатысты болмақ. Мәселен жапон халқына тән дүниетанымдық ерекшелік өмір мен өлімнің шектесуінен тұратындай. (Жапондықтардың Банзай стилін қалыптастыруы кездейсоқтық емес, немесе, өсімдікті өсіру өнері, онда да өмір мен өлімнің шектесуі соншалықты жақын, басқаша айтқанда, олардың қурамай өсуіне қасаң шектеу қойып, өсіру мәдениеті). Рухани үндестік жағынан олар, Ф.М.Достоевскийге жақын, оны жапон халқы «өзіміздің» жазушымыз деп қабылдайды. Нақтылап айтсақ, жақындығы дегенде, дүниетаным мәселесінде психологиялық форма жағынан қарастырып айтады.

Л.Н.Толстой немесе Ф.М.Достоевский ме?, – деген сауалға қазақтардан қандай жауап күтілер еді.  Бізде кімді таңдар еді? Қазақтар бірден Толстойды таңдайды. Толстой қазақ халқына эпикалық шарықтауымен, рух кеңдігімен, еркіндігімен жақын. Көшпелілер өркениетінің этикалық, эпикалық болмысына үндестігі бірден көзге шалынады. Ұшы-қиыры көрінбес шексіз даласы, сол даламен күнделікті тығыз бірлестікте өмір сүру санада еркіндік, кеңдік танымын қалыптастырған халық үшін, әрине, Толстой жақын. Міне, осы бағытта Шәкәрім үлкен реформаторлық роль атқарды. Л.Н.Толстойдың шығармашылығы қазақ әдебиетіне ХХ ғасырдың басында келді. Қазақ әдебиетінде Толстойды мұхит сияқты қабылдады. Әркім өзінің рухани сұранысына, қажеттілігіне қанша керек, соншалықты алды. Ал, Л.Н.Толстойдың «Ассархидон – Лаэли» және «Үш сауал» атты әңгімелері 1924 жылы Шәкәрімнің аударуымен жарық көргеннен кейін, қазақ оқырманы Толстойдың тек қана жазушы емес, терең ойшыл екенін де танығандай болды.

Бірақ, бұған дейін де Толстойдың әңгімелері мен ертегілерін қазақ тіліне аударуға талпыныстар болған. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин өзінің балаларға арналған оқулығы «Қазақ хрестоматиясына» оның біраз әңгімелері мен ертегілерін аударып берген. Бұдан шығатын қорытынды, Ыбырай Алтынсаринге ең бастысы Толстойдың ұстаздық тәжірибесі аса қажет болған.

Алаш қозғалысының көсемі, қазақ халқының көрнекті жетекшісі, Әлихан Бөкейхан да Л.Н.Толстойға ерекше құрметпен қараған, және оның шығармаларын әлемдік мәдениеттің жауһары ретінде қабылдаған. Толстойдың бірнеше шығармасын қазақ тіліне аударған, сонымен қатар, ол шығармаларға түсінектеме де берген. Әлихан Бөкейхан Толстойды бодандыққа түскен халықтардың қорғаушысы деп таныды. Жоғарыда атап өткендей, хакім Абайдың Толстой туралы айтқан терең сөзі, оның «Интернатта оқып жүр...» деген өлеңінен белгілі:

 

«Ойында жоқ бәрінің Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой» (14, 91).

 

Хакім Абай Толстойды терең ойлы жазушы, сөз зергері ретінде бағалаған. Ал, Шәкәрімнің Л.Н.Толстойдың философиялық танымына ерекше назар аударған. Шәкәрімнің ерен ерлігі де осында. Шәкәрім Толстойдың шығармашылығы мен өмір сүру салтына бірдей көңіл аударған. Адамзаттық биіктен ойлайтын тұлға ретінде бағалаған.

Хакім Абай қазақ халқы үшін М.Ю.Лермонтовты қалай ашса, Шәкәрім қазақ халқы үшін жазушы Толстойды ғана емес, сонымен қатар, Толстой ойшылды да ашты. Қазақ халқы үшін оны танымал етті, түсінікті етіп таныстырды. Келер ұрпақ Толстойға құштар болатындай етті. Шәкәрімнің Толстойды ерекше құрметтегенін, ақынның баласы Ахат ақсақалдың естелігіндегі мына сөздер негіздей түседі: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де өте бағалайсыз» – дедім. Сонда, әкей айтты: «Мен Толстойды бұрын да бағалайтынмын. Әсіресе мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма Толстой маған өте қымбатты жауап қайырды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибрат алатын сабақ болып, көңілімде орнап қалды. ...Осындай ақыл-кеңес берген Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын!» –деді әкей» (9, 217). Екі  ірі тұлғаның бір-біріне жазысысқан хаттары сақталмаған. Немесе, әлі табылмаған деген үміттеміз. Осы сұхбат туралы Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердіұлы өзінің естелігінде айтып кетеді. Осы естелікке сүйенсек, Шәкәрім өзінің сауалдарына Толстойдан жауап алған. Осы сұхбат қай жылдары болғанын әзір ешкім дөп басып айта алмайды. Шәкәрім 52 жасқа толғанда, Толстой дүниеден озады. Біздің шамалауымызша, олардың хат алысулары Толстойдың өмірінің соңғы жылдарында болса керек.

Шәкәрім Меккеге қажылыққа барып келген соң, оның шығармашылығында рухани серпіліс кезеңі болды, жаңаны тану оны ерекше күйге бөлеп, сол ішкі толғаныстың әлеміне кіріп, ерекше күй кешті. Осы күй, кейіннен, оның «Мұтылғанның өмірі» атты автобиографиялық поэмасында көрініс тапты:

 

Қырықтан аса бергенде,

Ақылым қылды шерменде:

«Дінім қалай, жаным не,

Жоғалам ба өлгенде?

Әлемді кім жаратқан,

Осынша түрлеп, таратқан?

Көрінген сансыз планет,

Бірінен-бірін бөлген бе?

Ақырет деген немене,

Шыққан жан қайта келе ме,

Кіре ме осы денеге,

Дәлелі қайсы сенгенде?...»

Осы оймен Мекке барғанмын,

Әр түрлі кітап алғамын.

Ақылға сыймас жалғанын,

Алмадым сынай келгенде.

Ноқтасыз оймен тексердім,

Бояулы діннен сескендім.

Дін шатағын көп көрдім,

Қатесің сынап тергенде.

Іздедім, таптым анығын

Тастадым ескі танығын.

Хақиқат нұрдың жарығын

Жарылды жүрек көргенде. (12, 339).

 

Шәкәрімнің өзі айтқан осы рухани дағдарыс оншақты жылға созылады. Ойшылдың пайымдауынша, ақиқатқа жету үшін ғылымда, кең мағынада діндермен терең таныс болу, сананың ашықтығы және әділеттілік, сондай-ақ, қандай да болмасын діни ілім мен ғылыми концепцияларға сын көзбен қарауды талап етеді.

Осындай терең толғаныстардан кейін ақын-ойшыл жұрттан бөлек саяқ елсізде жалғыз тұруға шешім қабылдайды:

 

«Сыр айтайын мен сізге,

Әр түрлі жай бар басымда...

Елімнен кеттім елсізге,

Елуден асқан жасымда» (12, 340).

 

Осы өлең жолдары бізді еріксіз Толстойға жетелейді. Біздің санамызды Толстойға жетелейтін реминисценцияны сезінеміз, ол – саяқ тұру санасы. Бәлкім ақын осы өлеңді жазар кезінде, елден безбек болған Толстой-саяқ есіне түсті ме, кім біледі? Енді біз назарымызды, орыс жазушысы мен қазақ ақынының арасында болған, эпистолярлық сұхбатқа аударайық.

Шәкәрімнің құнды мұрасының көп бөлігі адам баласының бойындағы кемшілікті тануға, оның болмысын ашуға, соны түзеуге ұмтылыстан туған. Ойшыл ақын саналы шығармашылық өмірінің барлық кезеңінде адамның болмысының тереңін тануға ұмтылған. Соның нәтижесінде мынандай өлеңдер дүниеге келген: «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу», «Хайуан мен ақымақтар», «Ызақорлар», «Еріншек», «Құмарлық», «Талап пен ақыл», «Адамның ең жақсысы...», және т.б. Осы өлеңдердегі ойтаным негізінде Шәкәрімнің Толстойға қойған бірінші сауалындағы оймен үндесіп жатыр.

Шәкәрімнің Толстойға қойған бірінші сауалы: «Адамдық арға ең ауыр тиетін не?». Адамның арына тиетін ең ауыр нәрсе ол, адамдығының жоғалуы, ұжданның жоғалуы деген жауап-ой Шәкәрімді толғандырды, оның өзі де осы бағытта мұңға батып, ой түбіне кетіп жүрген. Бұл мәселе, Шәкәрімнің мына өлеңінде айқын көрініс тапқан:

 

Менің жарым қыз емес,

Қақиқаттың шын нұры.

... Бұл сәлемді есіңе ал,

Егер жетсең тілекке.

Жар қанжары маған бал,

Сұқсын сорлы жүрекке (8, 114).

 

Шәкәрімнің бірінші сауалы пәлсапалық болса, екінші сауалы шығармашылыққа арналған. Ол сауал: «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?». Толстойға  сөз өнерінің ірі тұлғасы ретінде осындай сауал берген. Бұл сауалдан біз Шәкәрімнің Толстойды ірі жазушы ретінде құрметтейтінін көреміз. Толстойдың бұл сауалға берген жауабы, оның атақты «Өнер дегеніміз не?» эстетикалық трактатымен үндесіп жатыр. Онда Лев Николаевич нағыз өнерге тән қасиеттерді жүйелеп берген болатын.

Шәкәрімнің екінші сауалына Лев Николаевич былай жауап берген: «Көп адамдар қатысқан көлемді шығарма болсын, не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. ...Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде, дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді» деген мәтелді ойдан шығармауға керек»(9, 217).

Толстой өнерге арналған трактатында, «өнер дегеніңіз суреткердің өзі сезінген ерекше бір күйді басқа адамға жеткізе білуі» , – дейді. Және, оның «тартымды болуы қажеттігін» айтады (15, 179). Шәкәрімнің сұрағына жауабында да, «Өнер дегеніміз не?» деген трактатында да, ең басты критерий, өнердің де, оқырманның да алдындағы жауапкершілік дейді. Шәкәрімнің өзімнің жазған шығармаларымды, қандай әдіспен көріп, сынауға болады? Мен өз жазғандарымның дұрыс-терістігін сынай алмасам қалай? деген сауалдарына да жауап, оның трактатындағы ойларымен үндес келеді: «Егер адам өз істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімі ашып бере алады. Ақыл-толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. ...Сондықтан, әділ сыншың – ақ жүрегің» (9, 218).  

Толстой өзінің трактатында нағыз өнердің негізгі үш белгісін атап келіп, оның басқа жасық шығармалардан басты айырмашылығы, оның мазмұнынының қандай болғанына қарамастан, шығарманың ең маңызды белгісі «шынайылығында» екенін айтады.

Мысал келтіріп өтейік: «Более же всего увеличивается степень заразительности искусства степенью искренности художника. Как только зритель, слушатель, читатель чувствует, что художник сам заражается своим произведением и пишет, поёт, играет для себя, а не только для того, чтобы воздействовать на других, такое душевное состояние художника заражает воспринимающего» (15, 181).

Толстойдың хатқа жауабы мен іргелі еңбегіндегі ойдың тақырыптық-идеялық үндестігі бірден байқалады. Бұл мәселемен Толстой 15 жылдан артық айналысқан. Бұл тақырып оны қатты толғандырған. Бізге маңыздысы, Шәкәрім бұл мәселенің аса өзектілігін терең сезінгені, соған қарағанда бұл мәселе оны да көптен бері оны да толғандырып жүрсе керек.

Міне, сондықтан Шәкәрім, осы мәселе бойынша өзімен көзқарасы үндес келетін дана адамға сауал қою арқылы байланысқа шыққан, өзі сияқты ақынға емес, суреткер-ойшылмен ой бөлісуді дұрыс деп санаған.

Шәкәрімді, поэтикалық ойтанымдағы адамды, өзінің эпикалық масштабтағы дүниетанымымен бөлекше тұрған қара сөз шебері, жазушы, әрі ойшыл Лев Толстойға соншалықты не құштар етті? Бәлкім, өзінің болашақта ірі прозалық шығарма жазатынын сезінді ме екен, және ол өзінің шығармашылық жолының шарықтау шегі боларын ұққан да болар. Бізге ол беймәлім. Бірақ та, оның «Әділ-Мәрия» романында толстойлық психологизмнің ықпалы болғаны айқын көрініс тапқан (16, 285). 

 

Л.Н.Толстой шығармаларының қазақ тіліне аударылуының тарихы

Бір ғажабы, Л.Н.Толстойдың шығармалары оның көзі тірі кезінде қазақ тіліне аударыла бастаған, нақтылап айтсақ 1870 жылдың соңына таман. Бұл кезең, қазақ әдебиеттану ғылымында орыс әдебиетімен байланыс орнаған жаңа кезең ретінде қарастырылады. Осы кезеңге ғалым-әдебиеттанушы Ш.К.Сәтпаева мынадай анықтама берген: «Қазақ жазба әдебиетінде демократиялық, ағартушылық, реалистік бағытта қарқынды дами бастаған сөз өнері, оның ірі өкілдерінің орыстың классик жазушысының шығармашылығына назар аударуына бағыттады» (17, 15).

Оған Абай өлеңіндегі мына жолдар дәлел болады:

«Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой,

 Я адвокат, я тілмаш,

 Болсам деген бәрінде ой...» (14, 91).

Қазақтың дархан даласындағы жастардың назары Лев Толстойдың тұлғасы мен шығармашылығына бұрылғанына, сөз жоқ, аса сыйлы, әрі дарынды ақын өлеңіндегі осы жолдардың ықпалы болғаны айқын. Хакім Абай осы сөздері арқылы елдегі орын алған жағдайда адвокат, не тілмаш болса оны пайданың көзі ретінде қабылдап, адамдыққа жол көрсететін тұлғаларға ұмтылмағандарын сынаған.          

Әрине, хакім Абайдың сөзін халқы естіді, орысша жақсы білетіндер орыс мәдениетіне үңілді, бірсыдырғы білетіндері де Толстойды оқып, бір біріне айтып беріп отырды. Міне, осының нәтижесінде Толстой шығармалары қазақ даласына алдымен еркін аудармамен жетті, және ауызша әңгімелеумен кең тарады. «Соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» атты очерк естелігінде Г.Н.Потанин былай дейді: «Маған бір қазақ сұлтаны туралы айтып берді(қайтыс болған Өскенбай туралы), ол Омбы кадет корпусының курсын бітірген екен, кейіннен Семипалатинскге жақын елінде қырда тұрған, ол кешқұрым қандастарына орыс повестері мен романдарының мазмұнын жырдай қылып айтады екен, олар қызығушылық танытқаны соншалық, осы айтқандарын әңгіме етіп жазуын өтінеді, осылайша, Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың және тағы басқа орыс жазушыларының шығармалары еркін аудармамен қазақ даласына кең тараған» (18, 331).  

Он тоғызыншы ғасырдың жетпісінші жылдары Л.Н.Толстойдың шығармаларының тәрбиелік мәнін терең танып бағалай білген көрнекті қазақ ағартушысы, жазушы Ыбырай Алтынсарин болды. Оның аударуымен Л.Н.Толстой қазақ өміріне, оқу саласына еркін енеді. Ол бірінші болып Л.Н.Толстойдың шығармаларын жазбаша қазақ тіліне аударады. Осының барлығы, оның Торғай даласында мектептер ашып, орыс графикасының негізінде алғашқы қазақ тілінде оқулықтарды жазуымен тікелей байланысты болды. Ыбырай Алтынсарин Лев Толстойдың педагогикалық тәжірибесіне назар аударады, сондықтан оның төрт «Оқуға арналған кітаптарына» назар аударады, осы кітаптардан мына әңгімелерді қазақ тіліне аударған:  «Қытай ханзадасы Силинчи», «Патша мен жейде», «Әділетті сот», «Уәзір Абдул», «Үш ұры», «Өрт сөндіргіш иттер». Негізінен бұлар, тақырыбы мен мазмұны жеңіл шығыс ертегілері сюжетіне құрылған шығармалар болатын. Бұл шығармалардың негізгі тақырыбы: еңбекке баулу, мәдениеттілік, білуге ұмтылыс, жақындарыңа құрмет пен сыйлау.  Ы.Алтынсарин мүмкіндігінше орыс жазушысының әңгімелерінің идеялық-көркемдік мазмұнын нақты жеткізуге тырысқан. Алайда, барлық аударған әңгімелерінде бұл талап сақталмаған. Қайсібір әңгімелерді еркін ааударған. Ондағы мақсат оқырмандар танымына жақындату болған. Ыбырай Алтынсариннің аудармалары 1879 жылы Орынбор қаласында «Қазақ хрестоматиясында» жарық көрген. Бір ғажабы, Ясная Поянадағы Толстой мектептері Ыбырай Алтынсарин ашқан тұңғыш қазақ мектептерімен бір жылда қатар ашылған. Бәлкім, орыс патшалығында бодандықта болған халықтар тағдырымен жақын таныс, оларға адамдықпен қараған Л.Н.Толстой Ы.Алтынсариннің педагогтік қайраткерлігін білуі де мүмкін.

Қазақ халқының ірі қайраткер ұлы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Лев Толстойға үлкен құрметпен қараған. Әлихан Бөкейхан Толстойды әділеттілік үшін күрескен күрескер, терең білім иесі, адамдық қасиеті биік тұлға ретінде сыйлаған. Адамзат баласына танымал тұлғалармен, Нобель сыйлығының лауреаттарымен өз халқын танстыру барысында, ол Лев Толстойға ерекше назар аударып, құрметтеп, оның адамдық қасиетін ерекше бағалап таныстырған.

И.И.Мешников, У.Рамзай, П.А.Кропоткин, Л.Пастер, В.Г.Короленко, В.Соловьев, осы есімдер, Әлихан Бөкейханның ойынша Лев Толстой есімімен, оның үлгісімен жақын адамдар. Олар адамзатқа адамдық жолымен қараған тұлғалар. Міне, осындай құрметтің нәтижесінен болар, оның Толстойдан аударған әңгімесі «Сурат кофейнесі». Негізінде бұл шығарманы француз жазушысы Бернардена де Сен-Пьера «Le cafе du Surate» әңгіме-тәмсілінің негізінде «Посредник» баспасына Лев Толстой 1887 жылы дайындаған. Жазушыны үндінің Сурат қаласындағы кофейнесінде дін туралы болған қызу айтыс қатты қызықтырған. Онда түрлі ұлттардың өкілдері «Жаратушы туралы, және оны қалай тану дұрыс» деген бағытта айтысқа түскен. Конфуций жолын қуушы былай дейді: «Адам баласы Жаратушыны жоғары деңгейде түсінген сайын, ол оны терең біле бастайды, Жаратушыны жақсы біле бастаған сайын, ол оған жақындай түседі, оның жақсылығын ұғып, адам баласына деген сүйіспеншілігін және мейірімділігін сезіне түседі» (19, 122). Француз жазушысының «біздің сенім жолдарымыз бөлек болғанымызбен, Жаратушы біреу» деген көзқарасы Толстойға үндес болды. Алайда, Толстойдың аударған «Сурат кофейнесі» цензураның қырсығынан «Посредник» дер кезінде баса алмай қалады. Толстоймен шығармашылық байланыс орнатуға құштар болып жүрген Л.Я.Гуревичке, яғни, Петербургтегі «Северный вестникке» жібереді. 1983 жылы «Сурат кофейнесі» бірінші номеріне басылады да, кейіннен Толстой «Северный вестникпен» шығармашылық байланыс орнатып, онда әңгімелері мен мақалалары жарық көреді. «Северный вестникте» (1893, №1) «Сурат кофейнесі» басылса, 1906 жылы – «Круг чтениясы» басылды. Ал, Әлихан Бөкейханның алғашқы аудармаларының қатарындағы Толстойдың «Сурат кофейнесін» 1900 жылы қазақ даласында кеңінен танымал «Дала уалаяты» газетінде бастырған. Әлихан Бөкейхан осы әңгімені 13 жылдан кейін қайта қарап, толықтырып атақты «Қазақ» газетіне «Діндер таласы» деген атпен бастырған. Осы екінші аударма, түпнұсқаға, яғни, Толстойдың әңгімелерінің стиліне тән мәнермен берілген. Аудармашы бір ғана жерде, өзіне еркіндік беріп, әңгіменің қорытынды бөлімінде өзінің түсініктемесін қосып, онда Толстойды жер бетіндегі адамдарды бөліп-жармай тұтас құрметпен қарайтын даңқты философ дейді. Бір ерекшелігі, Әлихан Бөкейхан бұл әңгімені Балқандағы қанды оқиғаға қатысты бастырады. Онда Әлихан Бөкейхан мына нәрсені атап өтеді, егер де адамдар Толстойдың көзқарасын басшылыққа алғанда бұндай қатыгез қайғы болмас еді дейді.

          Толстойдың сөзі, ойы, асыл мұрасы оқырманды тереңдігімен, адамдық қасиетімен қатты тебірентіп, таңырқатқан еді. Толстойдың адамдық қасиеті өзінің жылылығымен, бейнебір рухани сусын беретін бұлақтай қаншама адамды өзіне тартты. Әлихан Бөкейхан өзінің көптеген мақалаларында орыс ойшылы Лев Толстойды «халықтың ұжданы» (20,225), «асыл сөздің шебері» (20,197), «ұждан мәселесінде адамзаттан озған» (20, 123), «адамзаттың жарқын жолында тұрған адам» (20, 435), «орыс рухының данасы» (20,252) және тағы басқадай биік баға берген. Кейіннен, Тостойдың танымдық әңгімелерін халқына арнап мол аударған. 1924 жылы Ташкентте шығып тұрған «Сәуле» журналының төртінші нөмірінде Толстойдан өзі аударған, бірден «Күн» және «Магнит» деген екі әңгімені бастырады. Осы журналдың келесі номерінде танымдық «Жеті қарақшы» әңгімесін аударып бастырады. Бұл әңгімені Лев Николаевич «Herald of Peace» атты ағылшын журналынан аударып және тұңғыш рет «Круг чтенияда» бастырған (М., «Посредник», 1906). 1922-1937 жылдары Әлихан Бөкейхан еріксіз Мәскеуге жер аударылып, 1922-1927 жылдары КСРО халықтарының Орталық баспасында істеген кезінде Лев Толстойдың белгілі повесі «Қажы Мұратты» аударып, 1924 жылы бастырған.

Ал, бұған дейін 1923 жылы өзінің осы аудармасынан үзінділерді «Ақжол» газетінің бірнеше номеріне бастырады. Осы жылы Мәскеуде Кеңес Одағы халықтары орталық баспасында Әлихан Бөкейханның аударуымен Лев Толстойдың шығармалары екі кітапта жарық көреді. Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен Толстой шығармаларын аударған. «Жетпіс жеті мысал» атты бірінші жинақ үш бөлімнен тұрады, оған Эзоптың қырық бес мысалы, үндінің жиырма мысалы және Толстойдың он алты тәрбиелік әңгімелері енген. Аударма еркін жасалған. Әлихан Бөкейханның басты мақсаты тәрбиелік мәні терең шығармаларды халықтың түсінігіне жақын тілде жеткізу болған. Толстой шығармаларын еркін стильмен аударған. Ол мына шығармаларда көрініс тапқан: «Мені қасқыр қылған құдай» (бұл тіркес Толстойда жоқ), «Бұ да боқ кеспеді» (Толстойда «араның жүзі нашар және тіпті де өтпейтін»), «Көлденеңнен көк атты келіп» (Толстойда «третий мужик»), «ет асу» (түскі тамақ), «бай» (хозяин), және т.б.

«Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер» деген белгілі сөз эпиграф ретінде алынған екінші жинақты, Әлихан Бөкейхан Лев Толстойдың үш шығармасына арнаған: «Кавказ тұтқыны», «Тауықтың жұмыртқасындай бидай» және «Жеті қарақшы». Лев Толстойдың ұлттық нақышта жазылған әңгімелерінің қуатын зерттеушілер оның жатық, жинақы, көркем тіліне қарап бағалайды. Көркем, әрі жинақы айту, үлкен өнер. Толстой халыққа арнаған әңгімелерінде соның биік үлгісін көрсетті. Әлихан Бөкейхан өзінің аудармаларында осы шеберлікті дәлдікпен бере білген.

Әлихан Бөкейхан шығармашылығын зерттеуші Сұлтан Хан Аққұлы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің құнды еңбектерін былай бағалаған: «19 ғасырдың екінші жартысында ғана қалыптасқан мерзімді баспасөз бен көсемсөздің арқасында, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаштың алыптары қазақ халқының санасы мен мәдениетінде тарихи өлшеммен қарағанда сол аз уақытта, шамамен 1890-1920-шы жылдары ренессанстық құбылыс жасай білді. Қазақ зиялылары қазақтың бай ауыз әдебиеті мен алдыңғы қатарлы орыс әдебиетінің арқасында қазақтың жазба әдеби тілін, әдебиетін, тұтастай қазақ мәдениетін қалыптасыра білді»(21, 24).  

XX ғасыр басындағы жазушылар С.Торайғыров, М.Сералин, Б.Өтетлеуов, С.Көбеев өздерінің шығармалары мен еңбектерінде Толстой шығармаларына назар аударды, оның шағын шығармаларын қазақ тіліне аударды. Крылов пен Толстойдың мысалдары қазақ жазушыларының аудармасының арқасында қазақ ауылдарында кең тарады. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерді сатиралық тілмен өткір сынайтын бұл жанрға қазақ жазушыларының баруы уақыт талабынан болатын.

ХХ ғасырдың басындағы демократиялық әдебиеттің ірі өкілі С.Көбееев Ы.Алтынсариннің дәстүрімен орыс жазушыларының шығармаларын аударып қазақ даласына таратты. Ол осы кезеңде Қазанда үш кітап шығарды: «Үлгілі тәржіма», «Үлгілі бала» және «Қалың мал» романы. Бірінші кітапта, мысалдарды, оның көбі Крыловтың мысалдары аударып берсе, екінші кітап Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» үлгісімен дайындалған, оған орыстың классик жазушыларының шығармалары аударылып берілген, қазақтың ауыз әдебиетінің үлгілері, және өз шығармалары берілген. Үшіншісі өзінің романы.

Осылайша Толстойдың көптеген шығармалары қазақ тіліне аударылып елге тарады. Кеңестік дәуірде Толстойдың шығармалары КСРО халықтарының тілдерінде мол тиражбен жарық көре бастады. Соның ішінде қазақ тілінде де барлық жанрдағы шығармалары аударылып, жарық көре бастады.

Л.Н.Толстойдың шығармаларының қазақ тіліне көркем аударылуының басында М.О.Әуезов тұрды. Ол Толстой шығармашылығымен жас кезінен таныс болды. Өзінің шығармашылық ғұмырының барлық кезеңінде Толстой шығармашылығына оралып отырған. Әр кезеңде жаңа қырынан танып, қазақ тіліне аударып отырды. Ол жас кезінде, 1918 жылы қазақ тіліне оның «Будда» әңгімесін аударса, кейіннен, «Биден соң», «Булька» сияқты шығармаларын аударды. Әуезовты Толстой шығармаларындағы халықтық, реалистік тереңдік, эпикалық кеңдік, философиялық және жалпы адамзаттық мазмұн, көркем форманың биік шеберлігі қызықтырды.

1950-1980 жылдар кезеңінде Лев Толстойдың көптеген шығармалары қазақ тіліне аударылды. Оған қазақтың көрнекті жазушыларының көбі атсалысты. Осы жылдары көптеген қазақ баспаларынан мыңдаған тиражбен Толстойдың барлық негізгі шығармалары жарық көрді.

Мәселен, 1978 жылы Л.Н.Толстойдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жазушы» баспасынан Лев Толстойдың таңдамалы шығармалар жинағы екі том болып қазақ тілінде жарық көрді.

Осы екі томдыққа Толстойдың он екі шығармасы енген. Толстой шығармаларын қазақ тіліне аудару қазақ мәдениетінде бір сәт тоқтамаған. Қайсыбір шығармалары бірнеше рет аударылған. Сондай-ақ, Толстой шығармаларының қазақ тіліне аударылу мәселесіне арналған көптеген зерттеу мақалалар да жарық көрген: жазушылар Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов; зерттеушілер Е.Ысмаилов, Б.Кенжебаев, М.Фетисов, А.Сатыбалдиев, Ы. Дюсенбаев және тағы басқа зерттеушілер әр кезеңде өз лебіздерін білдіріп отырған.

Тәуелсіздік жылдары да Толстой шығармалары мен еңбектеріне Қазақстанда қызығушылық артпаса, кеміген жоқ. Қазақ халқы үшін, қазақ жазушылары үшін, тіпті әлем халықтары үшін Толстой адамгершіліктің үлгісі болып қала бермек.

Ал, Шәкәрім мен Толстойдың шығармашылық байланысы қазақ мәдениетінде өзгеше құбылыс. Бізге белгілісі, Шәкәірім қазақ тіліне аудару үшін Толстойдың мол мұрасынан болмыс туралы, өмір туралы және адамзат қоғамының болашағы туралы ой толғаған пәлсапалық шығармасын аударған. Толстойдың аударған шығармалары: «Асархидон – Лаэли», «Үш сауал» және түпнұсқа Толстойдың шығармаларының арасынан табылмай тұрған «Крез Патша» ертегісі. Көптеген зерттеушілер, Толстойдан Шәкәрімнің аудармасы тәрбиелік-дидактикалық бағытта дейді. Олай айтуға, Шәкәрімнің өзі «Алты әңгімеге» жазған алғы сөз себеп болған. Шындығында, Шәкәрімді бұл шығармаларды аударуға тек қана дидактика итермеледі деу ұшқары пікір, негізінде Шәкәрім бұл шығармалардың тереңіне бойлаған. Шәкәрім алғы сөзде мына бір ойларды бекерден айтпаған: «Ой жібер ішкі сырын пайымдарға» (12, 463).

Неге Шәкәрім осы әңгімелерді аударған, неге ол өзіне дейін Толстой шығармаларын аударғандардың жолымен жүрмеген? Мәселен, мысалдарды аудармай, терең философиялық мәні бар ертегілерді неге аударған? Оқыраманның назарын аударатын ерекше бір деталь, екі ертегінің де басты кейіпкері («Асархидон – Лаэли», «Үш сауал») – даналар, сәуегейлер, тақуалар, адам баласына өмірдің қиын мәселелерін шешудің жолын көрсететін, екі дананың болмысына жақын тақырыптар. Егер нақтылап айтсақ, бұл даналардың өзі адам бойындағы кемшіліктерді сынап, дұрыс жолға бағыттауды мақсат ететін, жан-дүние инженерлері. Толстой осы ертегілдерді дүниеге әкелсе, Шәкәрім оларды қазақ тіліне аударған және өз ортасына жақын таныммен аударған.

 

«Асархидон – Лаэли» ертегісі, жазушы мен ақынның өмірлік және көркемдік пәлсапасының үндестігі

 

Шәкәрімнің көркем аударма туралы айтқан мына бір пікіріне назар аударайық: «Ақын, жазушы өзінің жазған тума шығармасына жауаптылықпен қарау қажеттілігі сөзсіз. Ал өте жауапты нәрсе – біреудің шығармасын аудару. Бұған өте шеберлік керек. Шығарманы аударушы адам, сол шығарманың барлық мазмұнын түсінумен қатар, жазушының нәзік сезімін, шеберлігін, шығарманың қандай күйде, қандай рухта жазылғанын жақсы білу керек. Демек: аудармашы сол аударманың авторынан ой-санасы», сезімі төмен болса, онда аударма дәл болып шықпайды. Шығарма аударылғанда рухынан айырылып қалса, онда аудармашының жазушыға қиянат істегені болады» (22,40).  

Бұдан шығатын қорытынды, Шәкәрім аударма мәселесіндегі теориялық және практикалық мәселелерге тереңдеп барған.

Аударманы талдауға бармас бұрын Шәкәрімнің «Асурия патшасы Асархадон» және «Үш сауал» әңгімелерін оқығанда еріксіз санаңды мазалайтын мәселелерге тоқталып өтейік.

Лев Толстойдың тақырыптық жағынан үндес екі шығармасын Шәкәрімнің алуына не себеп болды екен? Бірден көзге түсіп, санаңа салмақ түсіретін мәселе бірден байқалады. Оған жауапты ғалым Нағима Сағындықованың мына сөздерінен табамыз: «Аудармашы өзінің ана тіліне өзінің жандүниесіне жақын, үндес нәрсені аудару керек» (23, 145). Міне, Шәкәрім аудармаға осы өлшеммен келген.

Шәкәрім тақырыптық жағынан біріне-бірі жақын әңгімелерді біріктіріп «Алты әңгіме» деп жинақтап берген, олар мыналар: «Пан-жи-зан-хан», «Ұждан», «Қол шатыр бұйрығы», «Криз патша», және алдыңғы аталған екеуі. Бұлар кездейсоқ таңдалмаған. Осы алты әңгімені бір тақырып біріктіріп тұр, ол жақсылық тақырыбы, мәңгілік, өмірлік құндылықтар төңірегінде ой толғау.

ХХ ғасыр басындағы қазақтың көркем прозасының поэтикасын зерттеуші А. Ысмақова мынадай тұжырым айтқан: «Художественный стиль этой литературы запоминается не словами, а моментами экзистенциального мира, обсуждением вечных ценностей мира и жизни. В этом непреходящее значение и достоинство этой литературы» (24, 54). Жоғарыда аталған «стиль» Шәкәрімнің өз шығармаларында ғана емес, оның еркін аудармаларында да көрініс тапқан.

Мәселен, «Үш сауал» әңгімесінде өмірдің мәңгілік құндылықтары төңірегінде талдау болған: «қалай анықтаймыз, әрбір харекет үшін, қай уақыттың маңыздылығын, қалай білеміз, ең қымбат адам кім екенін, және де, қалай қателеспеуге болады, барлық істің ішіндегі, ең бастысы қайсысы екенін білуде» және енді осы сауалдарға жауаптар: «ең маңызды уақыт, біреу: қазіргі уақыт, ал, оның маңызды болатын себебі, біз уақытқа ғана өзімізге өзіміз билігімізді жүргізе аламыз; ал қажет адам ол, кіммен қазір кездесіп отырсың, сол адам, өйткені ешкім білмейді, басқа тағы бір адаммен кездесіп, жақсы харекет істейміз бе, жоқ па, ал ең маңызды іс – адамға жақсылық жасау, адам өмірге тек жақсылық жасау үшін келген» (25, 572). Немесе, «Асурия патшасы Асархадон» әңгімесінде: «Болмыс, әлем, барлықта өмір біреу, ал сен болсаң, сол өмірдің бір бөлшегінде ғанасың».

Сонымен, Лев Толстойдың аса мол шығармашылық мұрасының ішінде «Асурия патшасы Асархадон» әңгімесі бір қарағанда кішкене ғана бөлшегі сияқты, ал шындығында, жазушының өмірлік пәлсапасын тануда аса маңызды шығарма. Бұл шағын әңгімесіндегі айтылатын терең ой – мынау.  Лаэли патшаның әсерін тас-талқан қылып жеңіп, оны темір торға салып қойып, қандай амалмен оны өлтірсем деп ойға шомып отырады. Сонда оған, түнде әулиедей боп бір қария оның көзіне көрінеді де айтады: «Сен және Лаэли, екеуің – бір адамсың». Асархадон алғашында бұл сөздің байыбына бара алмай, түсінбей қалады.

Сонда оған қария сиқырлы ыдыстың ішіне кіруін сұрайды. Патша қарияның сөзін тыңдап ыдыстың ішіне кіреді.

 Ыдыстың ішіндегі суға сүңгігені сол еді, ол Лаэлиге айналып кетеді. Көз алдынан оның темір торға қамалғанға дейінгі бүкіл өткен ғұмыры тізбектеліп өтеді. Оның өзінің қатты қиналғаны, ең жақын достарын өлім жазасына кесіп, ал, сүйікті жарын күңдікке жібергені. Лаэлиді өлім жазасына кесетін сәтті ойлап, Асархадон өзінің жасағалы жатқан сұмдығын сезіп, ыдыстан сілкініп шығады. Өзінің көргенінен шошыған патша қарияның сөзін тыңдайды. Толстой сол сәтті былай берген: «Сен «тіршілік жалғыз менде ғана, жалғыз маған ғана керек» деп білесің. Жоқ, олай емес! Ол ой – өтірік! Алдау. Ол өтірік, алдауды көзіңнен алып тастап едім, барша жан иесіне қылған зұлымдығың аяғында өзіңе өзіңе келгенін көрдің. Тіршілік пен рахат жалғыз саған керек емес, тамам жан иесіне де керек. Бірақ сен жалғыз бір өзіңе тиген үлесің – тіршілігіңе ғана иесің. Сол тіршілікті жақсы өткізуге әм соңыра пайдасын көруге жалғыз-ақ жол бар. Ол жол жалғыз ғана өзіңді жақсы көріп, өз пайдаңды ғана ойлаумен табылмайды, барша жан иесіне шын жаның ашып, шын махаббат етумен табылады»(26, 568-569).

Келесі күні қариямен болған сөзден кейін Асархадон біріншіден Лаэлиді босатуға және екіншіден барлық қолға түскен тұтқындарды босатуға үкім шығарады,  үшіншіден – өзі иен далаға кетеді, одан кейін өзіне ашылған ақиқатты қалаларға және әлемге жаюға жолға шығады.

Осы ертегінің сюжеті біздің назарымызды Толстой өмірінен орын алған аса бір күрделі  дерекке аудартады. 1881 жылы 1 наурызда Ресей өмірінде үлкен оқиға орын алған еді, халықшылдар Александр ІІ патшаны өлтірген болатын. Бұл жаңалық Толстойды теңселтіп жіберген еді. Соттың үкімі ешкімді күмәндандырмаған еді, қылмыскерлер өлім жазасына кесілетініне. Билік басына келген, Александр ІІІ қолын қанға бояп, сол жаза іске асуы керек. Толстойды осы Александр ІІІ түсіп отырған осы ауыр жағдай қатты қиналтады. Осы ішкі арпалыс барысында, не істеу керек деп түрлі жолдарын іздестіреді де, бір шешімге келеді. Ол, әкесін өлтіргендерге кешірім беруі керек деп түсінеді. Бұл ой – Толстойдың өзін қатты толқытқаны соншалық, ол түсінде Александр ІІ өлтіргендерді өлім жазасына кесіп жатқанын көреді, және оларды жазалушы өзі. Осының барлығы, жаңағы ертегінің басты сюжетінің өзі. Лев Николаевич түсінен шошып оянады және бірден Александр ІІІ хат жазады. Онда ол періште көңілмен патшаның ұлынан қылмыскерлерге кешірім беруін өтініп сұрайды. Толстойдың хат арқылы ықпал етпек болған талпынысы нәтижесіз аяқталады. Толстой қатты қайғырады. Толстой патшаның таңдап алған әрекеті адамдық жол емес деп таниды.

          Толстойдың патшаға жазған хаты және барлық осы оқиға,  Толстойдың өмірі мен шығармашылығындағы үлкен белеске айналады.

Бұл «Асархидон-Лаэли» ертегісінің сюжетінде бар, Толстойдың зұлымдыққа зұлымдықпен жауап бермеу туралы іліміне осы оқиға жол болатын. Толстойдың  А.Б.Гольденвейзерге жазған хатындағы мына жолдар соны дәлелдей түседі: «В ней заимствовано из «1001 ночи» только то, что он окунулся. Лица, выведенные там, исторические» («Вблизи Толстого», стр.113-114).

          Сондықтан, Асархидон патша туралы туралы ертегісі жазушының барлық көркемдік және өмірлік пәлсапасының айқын көрінісінің көрсеткіші деуге болады. Өйткені Асархидонның адамдық тұрғыдан қайта ту тарихында, Толстойдың көзқарасынша тұлғаның рухани дамуының кезеңдері көрініс тапқан: әлемді жаулап алған ойсыз өмір әдетінен арылу, зұлымдыққа белшесінен батқан адамның, жақынына сүйіспеншілікпен қарау сезімінің оянуы, сол махаббаттың арқасында өзіңді және басқаны сүю. Бойдағы адамдық қасиет идеясын уағыздауды жетілдіру және әрбір адамның жетілуі арқылы әлемнің рухани жаңаруы. Толстой гуманизм идеалына жаңаша серпін беріп, жаңаша маңыз беріп, жаңаша түлеуіне жол ашқысы келді.

          Ертегі Толстой патшаға хат жазғаннан кейін жиырма жылдан кейін жарық көрген. Толстой мемлекеттік жүйенің ескіргенін, қысым көрсету арқылы ұстау дұрыс жол емес екендігін, христиан дініндегі жүйеде де көптеген кемшіліктің барлығын көрген кезде осы ертегінің идеясы туындаған. Сондықтан Толстой өзі де ескертіп айтқан, ертегі жарық көргенге дейін бұл идея пісіп жетілген болатын.

Біздің пайымдауымызша, Шәкәрім Толстойды терең түсінген және патшаға қатысты болған оқиғаны жақсы білген, әрі оның көзқарасы жағында болған. Шәкәрім терең білімді дінге сенген ғұлама ретінде оған Толстойдың құндылықтары жақын болған, анықтап айтсақ, зұлымдыққа зұлымдықпен жауап бермеу жолы.

Шәкәрімнің аудармаға Толстойдың осы шығармасын алуы кездейсоқтық еместігі айқын, біріншіден рухани жақындық, екіншіден оның ішкі арпалысын терең түсінген, олай болатын себебі, адамдық жолындағы терең ой оның өзін мазалап, сол кезеңде өзі де толғаныс үстінде еді. Міне, аудармаға шығарманы таңдауын осы тұрғыдан қарастырған жөн.  Бәлкім, Толстойдың арпалысындай айқын көрініс таппаса да, Шәкәрімді де зомбылық мәселесі толғандырығаны анық: «Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ» (8, 139).        

Енді нақты аударманың өзіне тоқталайық. Лев Толстойдың әңгімелерін аударғанда Шәкәрім белгілі бір аударма жасау үрдісін ұстанбайды. Оның аудармаларына синкретизм тән. Мәселен оның аудармаларына нақтылық, еркіндік және синхрондық әдістер де тән.

Мәселен қайсыбір нақты баяндалған детальдарға шұқшиып отырмау, немесе, оларды қысқа, патша мен данагөйдің сұхбатымен ауыстыру сияқты тәсілдерді қолданған.

Мәселен Л.Н.Толстойда былай:

- Как кажется? – сказал царь. Я вот лежу на мягком ложе, вокруг меня покорные мне рабы и рабыни, и завтра я буду так же, как сегодня, пировать с моими друзьями а Лаилиэ, как птица, сидит в клетке и завтра будет с высунытым языком сидеть на колу и корчиться до тех пор, пока не издохнет и тело его не будет разорвано псами (26, 566).

Шәкәрімде бұл былай берілген:

- Неге? Мен алтын төсегімде жатырмын. Лаэли абақтыда. Ертең мен оны қандай қинап өлтірген қызығыма қара! (12,464)

Немесе Толстойда:                                              

- Потому что я не вижу их. Главное же то, что они мучалисъ, а я нет, им было дурно, а мне хорошо (26,566).

Ал, Шәкәрімде:                                        

- Өз көзімше өлтірттім (12, 464).

Байқап отырсақ, Шәкәрім бірінші және екінші жағдайда да түпнұсқа мәтінді мол қысқартқан, тек ондағы негізгі ақпаратты жеткізген. Толстой ертегісінде Асархидон патша қатыгез, әрі қатал, ел билеуші. Толстой осындай контрасты бейне жасаған, оның кейіннен өзінің қаталдығын, қатыгездігін сезініп, тәубәсіне келуі, адамдық ары оянып, жүрегі жылып өзгеруін көрсету үшін қажет болған.

  Толстой үшін басты кейіпкердің трансформацияға ұшырағаны аса маңызды болған.

Шәкәрім болса, Асархидонның қатыгездігін көрсететін детальдардың барлығына тоқталмаған. Неге?, – деген сауал тұрады.

 Шәкәрім о бастан табиғатына жұмсақтыққа бейім патшаның бейнесін жасаған. Шәкәрім сөз арасында оқырманға жеткізіп отырады, оның жандүниесінде тереңде жатқан адамгершілік дәні бар дегенді. Ол бірақ тереңде жатыр. Бұдан шығатын қорытынды, рухани қайта түлеу мүмкін емес, о баста, оның бойында адамгершілік дәні болмаса.

Осы мағыналық бағыттың өзіндегі еркіндік, аудармашының даралығын, даналығын байқатса керек. «Аударма өнері» деген еңбегінде зерттеуші И. Левый да осы бағытты ұстанады: «отклонения от подлинника лучше всего демонстрируют метод переводчика и его взгляды на переводное произведение» (27, 165).

Мәселен синхронды аударманың айқын көрсеткіші жалқы есімдерді  пайдалану. Оның өзінде тез арада шешендікпен суырып салып айту мәтінде кездеседі. Түпнұсқа мен аударма екі тілдік жүйеге жатады. Міне осыдан барып тілдің фонетикалық ерекшеліктері де өзінің өзгешелігін байқатқан. Содан барып, Ассирияның орнына  Ассурия,  Асархадонның орнына Асархидон, Ниневияның орнына Нейнува т.с.с. Осы жерде, тағы бір мәселе айқын көрінеді, ол фонетикалық ерекшелікке қатысты емес.

 Біздің пайымдауымызша, Шәкәрім аударма жасау барысында тарихи нақтылықты ұстануды мақсат тұтпағаны байқалады, басқаша айтсақ тарихилық принципі аса маңызды болмаған. Керісінше сюжеттік линияны ұстап, терең ойды жеткізуді мақсат еткен сияқты. Міне сондықтан да, жалқы есімдерді сол күйі анықтап бермеуі осы факторды байқатады.

Көркем аударма, жоғарыда айтылғандай, лингивистикалық ерекшелікерсіз мүмкін емес, ол сонымен қатар аудармашының даралық стилінде де өзгеше роль атқарады. Осындай аспектілердің бірі сөйлем құрастырудағы синтаксистік ерекшелік болады. Сөйлемдер қысқа, әрі анық. Осыдан барып шығармада өзгеше ырғақ пайда болады немесе М.О.Әуезовтың тілімен айтқанда «тынысы» (28, 6) – үзік-үзік келіп «демі» сезіледі. Бұндай стиль Толстойдың тіліне тән емес, оның стилі күрделі синтаксистік конструкциямен келеді, міне осы күрделі аспектіні Шәкәрім сәтті алып шыққан.

 Тек қана, әңгіменің соңында ғана біз Толстойдың өзінің тілін байқаймыз, басқаша айтсақ, оның терең демін, яғни, «дем алысын» сеземіз. Сонымен қатар, Шәкәрім әңгіменің шарықтау шегінен өтіп, түйінге жеткен сәтте Толстойдың стилі айқын көрінеді. Ол бас кейіпкер қарияның ойтолғауы.

Толстойдың терең танымы бойынша, өз өміріңді жақсартудың жалғыз-ақ жолы мынау: «только тем, что будешь разрушать пределы, отделяющие твою жизнь от других существ, будешь считать другие существа собою – любить их» (26, 569).

Шәкәрім осы тіркесті былай аударған: «Сол тіршілікті жақсы өткізуге әм соңыра пайдасын көруге жалғыз-ақ жол бар. Ол жол ...барша жан иесіне шын жаның ашып, шын махаббат етумен табылады» (12, 464).

Осы аудармадағы басты назар аударылған сөз – «существа» сөзі.

Шәкәрім пәлсапашы ретінде ғұлама Толстойдың терең ойшылдығын сезіне танып, осы сөзге балама ретінде «жан иесі» ұғымын қолданған. Бір қарағанда аударма нақты, дәлме-дәл балама сияқты емес болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл жерде Шәкәрімнің де терең ойшыл екені анық көрінген. Бір қарағанда, қарапайым ұғым деп қабылдауға болатын сөз еді. Енді біз осы сөздің аудармасы, баламасы, оған берілген түсініктемеге назар аударайық.

Орысша-қазақша сөздіктің екінші томында «существо» (жалқы есім.) ретінде былай берілген: тірі организм, тірі жәндіктер. Бұл ұғымдар, негізінен жаратылыс ғылымдарының ұғымдары(биология, зоология т.б.). Шәкәрім Толстойды терең танып, пәлсапалық ғылым тұрғысынан келген, сондықтан жан иесі ұғымын қолданған. Бұл ұғым, пәлсапа ғылымының арналы саласы антропологиялық пәлсапаның категориясы.

Екі ойшылдың қолданыстарындағы лексикалық жақындықтарға назар аударайық. Шәкәрім қазақ сөз байлығын өте терең таныммен пайдалана білген. Мәселен, «жизнь» сөзінің нақты эквиваленті «өмір», бірақ Шәкәрім оның орнына осы сөздің синонимі – «тіршілік» сөзін қолданған. Ол Толстойдың айтар ойына дәл келіп тұр. «Өмір» сөзі көбіне қазақ танымында адамға қатысты қолданылады, ал «тіршілік» барлық тіршілік иесіне қаратылып айтылады.   

Сөзжасам деңгейінде, Шәкәрім жұрнақтарды өте шебер, әрі сәтті қолданғанын байқаймыз. Оған бір мысал келтірейік: Толстой пайдаланған «старец» сөзіне назар аударайық. Шәкәрім бұл сөзді – дау жұрнағын пайдалану арқылы, және + зат есім арқылы – шалдау адам деген тіркес сөз арқылы аударған. Старец – шалдау адам.

Қазақ халқында осылай атау негізінде кең таралмаған, кейіннен, Шәкәрім шал – «старик» ұғымын қолданған. Аударманы қысқа талдау барысында біздің бір нәрсеге көзіміз жетті. Ол мәселе Шәкәрімнің Толстойды терең танығаны. Жер бетінде жақсылық орнату, адам адамға бауыр екені, зорлық-зомбылыққа жол жоқ екені. Толстойдағы осы идеяларды терең сезініп, Шәкәрім онымен үндес болған.

Шәкәрімнің ойынша, адамның рухани дамуы мына жағдайда мүмкін болмақ. Әу, баста оның бойында жақсылықтың, адамгершіліктің ұшқыны болса егер. Шәкәрім Толстойдың осы шығармаларын аудару барысында, оның өмірі мен шығармашылығында үлкен өзгеріс, ерекше толқыныстың болғанын, өмірге көзқарасында аса бір түбірлі бетбұрыстың болғанын сезген. Қай оқиға қатты әсер еткенін терең білген. Сондықтан таңдау да кездейсоқ болмағаны анық.

 

Аса маңызды мәселе туралы «Үш сауал» 

 

Орыстың әйгілі жазушысынан Шәкәрім тағы бір ерекше шығарманы қазақ тіліне аударған. Бұл шығарма көлемі жағынан – шағын, ал, мәнісі жағынан – өте терең. Ол «Үш сауал» тәмсіл-әңгімесі.     

Әңгіменің сюжеті қарапайым: патша өмірде аса маңызды үш сауалға жауап іздейді: қай уақытты еске сақтау керек және өткізіп алмау керек, кейіннен өкініп жүрмес үшін? Қай адамдар ең керек адамдар? Қай жұмыстар ең маңызды?

Осыларға өзінің сарайдағы кеңесшілерінен жауап таба алмағандықтан, патша ойшыл-тақуаға сапар шегеді.  Бірақ, ол бұған ешнәрсе түсіндірмейді. Оның орнына патша күні бойы қараңғы түскенше жер қазады. Кешқұрым орманнан қансыраған бір адам жүгіріп шығады, патша оған бірден көмек қолын созып, оның қанын тоқтатып, үйге кіргізіп, су береді. Осы оқиғалардан әбден шаршаған патша  ұйықтап кетеді. Таңертең тұрғанда мына нәрсе белгілі болады. Әлгі патша құтқарған жаралы адам оның жауы екен.  Өзінің байлығынан айрылуына, ағасының өліміне патшаны кінәлі санап, одан өшін алуды армандап, аңсап жүрген адам екен. Өзінің жауымен осылай достасқан патша данагөйге алдыңғы сауалдарын соңғы рет тағы қояды. Оған ол «Сіз бәріне жауап алдыңыз» дейді.

Барлығы үш беттен тұратын шағын әңгімеде терең пәлсапалық ой жатқан еді. Шәкәрім соны терең танып, оны аударуға бел шешеді. Әрбір адам өмірінде өзіне қоятын осы сауалдар өте терең, әрі пайдалы екені анық көрінеді. Бұл сауалдарға берілген жауап, әрі одан шыққан қорытынды бүгін де аса өзекті.

Дүние қуып, мансап қуып, соның соңына түсіп, соның салдарынан жақыныңа, балаларыңа, туысыңа, тіпті жай адамға, бүгін және қазір, назар аударудың қаншалықты маңызды екенін назардан тыс қалдырып жатамыз.

Ата-ананың мейірін, өзіне деген назарын байқамай өскен баланың болашағына көп нәрсенің жетпесі анық. Ешқандай, байлық пен дүние, балаға керек кезінде аударған көңіл мен мейірімге жетпесі анық. Балаға қамқорлық пен мейірімді бүгін беру керек, елес қуған ертеңге қалдырмай. Сондықтан да Толстойдың ертегісіндегі маңызды уақыт біреу, ол қазір: «а самое важное оно потому, что в нем одном мы властны над собой; а самый нужный человек тот, с кем сейчас сошелся, потому что никто не может знать, будет ли он еще иметь дело с каким-либо другим человеком» (25, 572). Екінші сауалдан шығатын қорытынды мынау: жақындарыңды жақсы көр, оларды бар болғаны үшін. 

Прагматизм алға шығып тұрған заманда, технологиялық дамыған заманда жазушының үшінші сауалы және ондағы көтерілген жақсылық туралы айтқаны жөнінде ойлану оңай емес, дегенмен, ойлану керек. Әркім өз мәселесін шешуге ұмтылуда, әркім биік нәтижеге жетуге ұмтылуда, т.б. 

Жалпы айтқанда, бұл заманда, пәлсапалық ой қорытуға, адамзаттық мәселені ойлауға ұмтылыс солғын тартқандай. Алайда, адам баласы қандай жағдайда болмасын адамдық қасиетін жоймау керек.

Лев Толстойдың 1880-1900 жылдары жазған көркем шығармалары негізінен повестер мен әңгімелер, дегенмен бұл шығармалар Толстойдың танымдық өмірінде үлкен өзгерістер болған кезеңде жазылған. Осы шығармаларында – болмыс, жақсылық пен жамандық, терең имандылық, өмір мен өлім, құштарлық пен құмарлық туралы терең қарпысып жатады.

Автордың ойынша, осы шағын жанрда жазылған шығармаларында оның дүниетанымдық және діни-философиялық ойлары көрініс табуы керек болатын. Ал өз шығармаларында тәмсіл-аңыздарды пайдалануы, адамдық бастаулар мен діни сенімдердің биік болып, осы өмірдің тірегі болуын аңсағаннан болатын.

  Соның нәтижесінде, оның шығармаларында тәмсіл-аңыздар мен күнделікті-тұрмыстық баяндаулардың астасып келуі көрініс тапты.  Осы стильдік ізденіс оның халықтық әңгімелерінде, тәмсілдік пен реалистік дәстүрді үндестіргенінен айқын көрініс табуына алып келді.

Мысалы, Мельникова С.В. деген зерттеуші өзінің «Притча как форма выражения философского содержания в творчестве Л. Н. Толстого, Ф. М. Достоевского, А. П. Чехова» деген диссертациялық жұмысында мынадай пікір білдіріпті: «русские писатели второй половины XIX века, обращаясь к притче, с одной стороны, актуализируют ее традиционные, библейские и средневековые, формы, а с другой – вскрывают новые формальные и коммуникативные возможности жанра, тем самым, по-видимому, предвосхищая всплеск интереса к притче в современной литературе» (29).

Тәмсіл-аңыз – ол қашанда өмірлік мәні бар дүние туралы әңгіме. Әрине, онда ұстаздық, дидактикалық және діни мен экзистенциальды-философиялық мәселелер көтеріледі. Міне, Толстой шығармаларында осы факторлар кеңінен пайдаланылған.

Толстой өз шығармаларында тәмсілдерді сәтті пайдаланады, сол тәмсілге дейін, одан бөлек айтылғандай болса, соның барлығын синтездеп өзі ой қорытады. Осы сәтте өзгеше толстойлық стильмен жазылған ғажап шедевр дүниеге келеді. Толстой «тәмсілдік» тәсілмен «ойланады», ол оның даналығының көрінісі. Сол даналық кейіпкердің ойшылдығы арқылы шығармада көрініс табуы оның хас шебер екенін байқатады. Классикалық стильдің бір көрінісі осы. Толстойдың классикалық стилі оның ойшылдығымен, масштабымен, тереңдігімен және адамдық қасиетімен, өзгеше даралығымен тұтастықта көрінеді.

Данышпан Шәкәрім соны байқаған, Толстойдың стиліндегі тәмсілдік-танымды және діни-сенімдік қуатты көріп таныған. Толстой стилі сыртқы форма ғана емес, ол ішкі мазмұн. Сонысымен ол басқаға ұқсамайды. 

Толстойдың «Үш сауалына» назар аударайық, ол философиялық-танымдық тереңдігімен қатар, көркемдік-эстетиқалық талғамымен де өзгеше биікте тұр. Бір кереметі, тұпнұсқа мен аудармада қайсібір өзгешеліктер болса да, дүниеге көзқарас жағынан үндестік мол. 

Дегенмен, түпнұсқа мен аударманың арасындағы қайсыбір айырмашылыққа назар аударайық, ол айырмашылық сюжеттік линияда байқалады. Түпнұсқада, оқиға орманда өтсе, аудармада, оқиға шатқалды шөл далада, үңгірдің маңында өрбиді.  Және де осы «байқалмайтын» деталь кездейсоқтық емес екені сюжеттік линияда айқын көрінеді, өйткені осы, байқаусыз көрінген стилдік өрнек шығарманың аяғына дейін жалғасын тапқан.  Мысалы.

Толстойда:

...Отшельник жил в лесу...(25, 671).

Шәкәрімде:

.. .тақуа адам ..., тастың үңгірін үй қылып... (12, 477).

Немесе:

Толстойда:

.. .солнце стало заходить за деревъя...(25, 611).

Шәкәрім оны былай өзгерткен:

...Күн батуға таянып...(12, 477).

Немесе жүгіріп келе жатқан адамды бейнелеуде, түпнұсқада былай суреттеледі.

...Царъ оглянулся и увидал, что из леса, точно, бежал бородатый человек...(25, 671).

Шәкәрімде бұл деталь толық алынып тасталған.

...- Ана бір кісі жүгіріп келеді...(12, 477).

 

Неге Шәкәрімге оқиға өткен жерді өзгерту керек болған?

Оған жауап мынада. «Алты әңгіме» циклі қазақ жастарына арналғанын ескерсек, Шәкәрім сюжеттің әр деталін жергілікті жердің колоритіне жақындатуды арнайы мақсат еткен сияқты.

Оқиғаның өткен жері әңгіменің негізгі кейіпкері тақуаның өмірімен тікелей байланысты. Бұл жерде тағы да аудармашының даралығы көрініс тапқан. Түпнұсқада, Толстойда тақуа – дана адам, ойшыл. Толстой осы кейіпкерді суреттегенде оның жасын анықтап айқындамайды, тек қана қайсібір детальдар ғана бізге оның жасы келген, қария адам екенін сездіреді. Мысалы: «отшельник был худ и слаб, ...тяжело дышал», «присев на свои худые икры», «если бы ты не пожалел мою слабостъ» (25, 671).

Ал, Шәкәрімде бұл бейне анықталған және кейіптелген. Шәкәрімдегі тақуа, ол – «асқан ақылды тақуа» ( «уақытымен ғибадатын етіп»), сонымен бірге оны «ақсақал» деп  оның құрметті орнын көрсеткен. Талдау жасаудың нәтижесінде, біз тағы бір мәселеге көз жеткіземіз, тақуа-ойшыл екі авторда да табиғатқа жақын. Көркем-философиялық танымдағы үндестік, олардың өмір сүру пәлсапасына да соншалықты жақын. Мәселен, Шәкәрім де, Толстой да  оңашада өмір сүреді: бірі Ясная Полянада, екіншісі Шыңғыстау тауының бөктерінде, екеуі де болмыстың барлығына терең үңіліп, ой әлемінде баз кешеді. Сондықтан осындай кейіпкерді олардың таңдауы түсінікті де.

Жергілікті колоритке жақын тағы бір детальға назар аударайық:

Толстойда:

... Царъ, как умел, обмыл ее и своим платком и полотенцем отшелъника перевязал (25, 672).

Шәкәрімде:

...Патса жарасын сумен жуып, белбеуімен таңып...(12, 478).

 

Бұдан біздің байқағанымыз «бет орамал мен сүлгіні» Шәкәрім «белбеуге» ауыстырған. Бұл да жергілікті колориттің бірі, байлау деген ұғымға белбеу жақын келеді. Бірақ бұл жерде екінші мәселе туындайды. Аударма кезінде осынай еркіндік, өзгерістер енгізу дұрыс па деген мәселе ол. Қалыптасқан ұлттық характер, қалыптасқан сюжеттік линия, сол халықтың өмір сүру салты осындай өзгерістерден кейін шайылып кетпей ме деген сауал тұрады? Осындай өзгерістер түпнұсқаның стиліне нұқсан келтірмей ме?, – деген сауал тағы да алдыңыздан шығады.

Біздің пайымдауымызша, Шәкәрімнің мақсаты қазақ оқырманын әлем әдебиетінің классигімен таныстыру ғана болмаған сияқты. Негізгі мақсат түпнұсқада бар терең ойды, аудармашы өзінің ойтанымында бар дүниемен үндестіре беру болған шындыққа жақын деп түсінеміз.

Сондықтан да ол аударма жасау барысында, барынша әңгіменің көркемдік қуатын әлсіретпей, өзінің халқының психологиясына жақындата аударуды мақсаттағаны көрініп тұр. Басқаша айтқанда, түпнұсқаға ерекше шығыстық характер беріп тереңдете көркемдеп берген.

  Жоғарыда салыстыра зерттеген жұмысымыз, бізге мынандай қорытынды шығаруға мүмкіндік береді. Шәкәрім, тек қана, тікелей аударма жасауды ғана емес, герменевтикалық өнер тәсілімен әңгімені түлете, түрлендіре беруді жоспарлаған.  Аудармашының негізгі мақсаты, осы терең танымды әңгімелерді өзінің дарынын толық сарқа пайдаланып өзгеше шығыстық танымда биікке шығару болған.

Біздің осы ойымызды, осы әңгіменің сентенция-түйінінде Шәкәрім айқын ашып көрсеткен:

 

Адамшылық іздесең, бұл жолға түс.

Алдау қылма біреуге қиянат-күш!

Жетілсең де жемтік жеп ел зарлатпа,

Ар ынсаптың сүйгені – таза жұмыс! (12, 479).

 

Эпиологтік бөлім әңгіменің түпнұсқасында жоқ. Шәкәрімде ол бар, бар болғанда анық адамдық жолына шақырған ғақлия сөз. Осының өзі аудармашының даралық стилін байқатады. Егер де Толстой тәрбиелік түйінге арнайы бармаса, Шәкәрім керісінше шығыс әдебиетіне тән сентенция-түйінмен сюжетті дамыта отырып, даналық түйінмен аяқтайды.

Әрине, Шәкәрім мен Толстой өзгеше екі мәдени және діни дәстүрдің тұлғалары. Толстой алдымен Шәкәрім үшін еуропалық мәдениет әлеміне жол ашқан жазушы болды, екіншіден, әрі ең бастысы, ойшылдық жағынан екеуі соншалықты үндес болған. Шәкәрімнің Толстойдың ертегілерін аударғанда субстанциялық ойға, оның метафизикалық мәніне ерекше көңіл аударған. Бұл, екі ойшыл-ғұламаның пәлсапалық сұхбатындай әсер қалтырады. Басты мақсат, адамзатты  бөлмей-жармай тұтас сүю. Адам баласына деген шексіз мейірім. Даналардың рухани үндестігі осында жатыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1967, - 391 бет.
  2. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Өлеңдері, дастандары. – Алматы: «Ел-шежіре», 2008. Т.1. – 480 бет.
  3. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – 1995. – 336 бет
  4. Анишкин В.Г. Великие мыслители. – Ростов на Дону: Феникс, 2007. -333 стр.
  5. Есім Ғ. Хакім Абай. – Астана: Фолиант, 2012. – 400 бет.
  6. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Өлеңдері, дастандары. – Алматы: «Ел-шежіре», 2008. Т.2. – 512 бет.
  7. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.2: Өлеңдер мен аудармалар. Поэмалар. Қара сөздер. – 1995. – 340 бет.
  8. Құдайбердіұлы Шәкәрім. Жолсыз жаза: өлеңдер мен поэмалар. Құраст. М.Мағауин.- Алматы: Жалын, 1988. - 256 б.
  9. Шәкәрімтану мәселелері. 1-том. Сериялық ғылыми жинақ. Құраст. Т.Шаңбай. Семей-Новосибирск, 2006. -440б.

10.  Зверев А.М., Туниманов В.А.  Лев Толстой. ЖЗЛ., М, 2006. -782 стр.

11.  Л.Н.Толстой. Избранные сочинения. В 3-х т. Т.3. Редкол.: Г.Беленький, П.Николаев, А.Пузиков и др.- М.: Худож.лит., 1989. - 671 с.

12.  Шәкәрім Қудайбердиев. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер. «Жазушы», Алматы, 1988. - 560 б.

13.  Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, Қазақстан, Сана, 1991.-80 б.

14.  Абай. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ. Өлеңдер. Алматы, Жалын, 1990.-128б.

15.  Толстой Л.Н. Собрание сочинений в 20-ти томах. Т. 15. Москва. Худ.лит., 1964.-478 с.

16.  Исмакова А. Зачатки психологической прозы "Әділ-Мария" Ш.Кудайбердиева / в кн. Вопросы шакаримоведения, т.5-Алматы: Раритет, 2007.-480 стр.

17.  Сатпаева Ш.К. Веяние времени: Избранные статьи и исследования. IV том. Алматы, Ғылым. 2000.-600 с.

18.  Потанин Г.Н. В юрте последнего киргизского царевича. (Из поездки в Кокчетавский уезд) // Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. в пяти томах. Т.5. Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985. – 528 с.

19.  Толстой Л.Н. Собрание сочинений в 22-х томах. Т.12. Москва, "Худ.лит.", 1982.

20.  Букейхан Алихан. Сочинения. т.8, - Астана, Сарыарка, 2016.

21.  Букейхан Алихан. Сочинения. т.5, - Астана, Сарыарка, 2016.

22.  Мухамедханов Қ. Абай мұрагерлері. - Алматы: Атамұра, 1995. - 205 бет

23.  Сагандыкова Н.Ж. Основы художественного перевода, А., «Санат», 1996.- 80 стр.

24.  Исмакова А.С. Поэтика казахской художественной прозы начала XX века (тематика, жанр,стилъ). Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора филологических наук, А., 1998, стр.54

25.  ТолстойЛ.Н. Три вопроса, стр. 569-572//ТолстойЛ.Н. Избр. соч., т.З-М., 1989.-572 с.

26.  Толстой Л.Н. Ассирийский царь Асархадон // Толстой Л.Н. Избр. соч., т. 3-М., 1989.- 572с.

27.  Левый И. Исскуство перевода. Москва, Прогресс, 1979. - 394 с.

28.  А.Пантиелев. Певец великой степи. // М.Ауэзов. Племя младое. Авторизированные переводы с казахского А.Пантиелева. А., «Жазушы», 1997- 516 с.

29.  Мельникова С.В. Притча как форма выражения философского содержания в творчестве Л. Н. Толстого, Ф. М. Достоевского, А. П. Чехова. Автореферат дис. кандидата филологических наук. Моск. гос. ун-т им. М. В. Ломоносова. - Москва, 2002. - 23 с.

 

Айжан Аманжол,

филология магистрі,

Нұр-Сұлтан қаласы