АБАЙ ТӘЛІМІ – «АЛЛА ЖОЛЫНДА БОЛ!»

Алапат пандемия Адам Ата үрім-бұтағын тегіс байлап-матап тастады. Бұлқынуға дәрмен жоқ тіпті. Неге бұлай? Себебі, Құдайға сенім-наным таяз. «Тек маған құйылсын!» дейтін эгоизм мен «Менен кейін, мейлі, күйіп кет!» дейтін тұтынушылық психология өршіп кетті. Әсіресе, экологияда дертті хәл. Өзі отырған бұтақты кескен Қожанасыр еске түседі. Сонымен, жаман атаулы құдайсыздық салдары. Аяғы не? Әрине, құрдым. Табиғатпен үйлесім таппай – адамзат тірі қалмас. Адамдыққа бұру, Құдайға қарау дегеннің тереңгі мәні де осы. Жаңалық емес, «Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса!», «Өлейін деп өлмейді өлерлік жан, ...Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан!» деп Абай баяғыда-ақ ескерткен. Бүгінгі жойқын індет де мейірімді Алла тағаланың «Тоғышар болмай, рухани өзгер!» деген қаһары һәм хабары. 

Құдай жолы, яғни тура жол деген, түсінген кісіге, нәпсіге ермеу, жанға еру. Неге? Себебі, жан – қозғалыс, тәннің баршасын соның қуаты өсіріп тұр. «Тән жан жаратты деме!» (Шәкәрім). Адамшылық салтанат құруға сана тұрмысты билегені жөн. Өзге жол жоқ. Абай философиясының кілті де осы!

Ойшылдың «Тасдиқ» трактатына (қазіргіше 38-ші қара сөз) ауысайық. Онда қойылған басты мақсат – жаңа айтқан адамның өзімшіл мінезін өзгерту, Хақтыққа жол сілтеу. Дәлелге тек қорытынды тезисті алсақ та жеткілікті.

Абай қорытынды сөзін: «Құдай жолына жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді», – деп бастаған. Әрі қарай «Құдай жолы» ұғымына классикалық анықтама береді: «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол – Құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап?! Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы». 

Көріп отырмыз, қорытынды тезисте «Толық адам кім?» деген сұрақтың нақтылы жауабы бар, «Құдай жолы» ұғымына да анық анықтама берілген. Абайдың соңғы аманаты деуге лайықты түйін. Оны адамзат дамуының жаңа моделі десек те орынды!

Олай болса, Абайдың бұл қорытындыға қалай келгенін байыптайық. 

Құдайға құлшылық қылудың, Оның салған  жолына түсудің мәнісін түсіндіруден бұрын Абай әулиелік пен хакімдіктің табиғатын зерделеп, салыстыра қарастырған. Бірінші кезекте: «Әулиелер ... ақиреттік пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол хәлге жетті: дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмады», – деп әулиелікті сипаттаған. 

Сөз жоқ, әулиелік – ғашықтық символы. Әулие – шын иманды (иман якини) тапқан, Құдай үшін өмірін қиюға даяр жан. Сопылықтың сыртқы тәртібін (аскеттік мінәжат, тақуалық тағат) ұстанбады демесеңіз, ішкі дүниесі бойынша Абай да уникум, яғни кәміл иман иесі болған (бұл туралы өткенде айттық). Әулиелер қасиетін ойшылдың сезгені, жақсы білгені содан.

Бірақ адамзаттың Абайы іздегені – тек бірлі-жарымның ғана емес, Алла тағаланың барша пендесіне салған даңғылын танып-білу.  

Біле білсек, әлімсақтан дін жолы мен Құдай жолы бір саналған. Ал, әулиелік (тариқат) – Құдай разылығын алудың төте амалы, құлшылықтың таза үлгісі ретінде уағыздалған. Басқаша ойлау күпірлік десек те, Абайда күмән көп. «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Сонымен, өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жарымында, Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшыл дін реформашыларының шеніне араласады. Абай татардан шыққан Хайым Насири алдындағы Шиһабидин Мәржаниді қостайды». 

Сол жаңашылдықтың бірі – Абай    ғасырлар тозаңы басқан Құдай жолы ұғымын қайта аршып, жаңғыртқан. Дін алаңында мыңмен жалғыз алысуға батылы барған Абайдан өзге данышпаның қайсы?    

«Тасдиқтың» орта тұсында Абай: «Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса...», – деп бастап, дәлел-уәждері тізбегін: «Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Раст болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма?» деп қорытады. Мұны жаңағы схолостик діншілермен таласы деп түсінуіміз керек.

Бірақ, «Алалаған раст бола ма?» дегеннен дін жолын (тариқат) терістеді, я болмаса әулиелікті қабылдамады деген ой тумауы керек. Қайталап айтайық, Абайдың мақсаты –  кең ауқымдағы Құдай жолын анықтау. Ал, тариқат деген – тар соқпақ, нәпсіні жеңу амалы. Тек әулиенің ғана еншісі. Абай: «Бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету қаупі бар» демекші, барша адамзатқа «дүниені хисапқа алмай» өмір сүру мүмкін емес. Егер дүние пайдасын ойламаса не болмақ? Онда: «Ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр – өзі хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ» дейді Абай. Керемет уәж!   

Ойшыл дәлелі орайына: «Әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді» деп, мысалға үш сахабаны атаған. Мысалды Абай өзі медет сұраған ұлы сопы – ақындар, Яссауиден Шәкәрімге дейінгі ойшыл ғұламалар тізімімен жалғастыра түсуге болады. Әрбір ұлы тұлға жұртқа махаббат қылды, тек «жақсылық тигізбек» мақсатын көздеді. Абай ұсынған осы критерий тұрғысынан ел үшін басын бәйгеге тіккен батыр бабалар, кешегі тарих сахнасына шыққан алаш арыстары да «толық адам» атына сай келмек.  

Сөйтіп, Абай көптеген дәлелдер келтіріп, жамағатты «пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен» деп адаспауға шақырған. Бұл үндеудің маңызы қазіргі таңда арта түспесе, кеміген жоқ. Өйткені, дін ісін Құдай ісінен, діншілікті руханилықтан айыра алмай адасқан жастар арамызда баршылық.

Кемеңгер жаңа айтқандай жолды ашып алып, енді хакімдік туралы ой-толғамдарға ауысады. Абай әулие мен хакім «екеуі де бірінен бірі көп жырақ кетпейді» десе, бұл олардың дүние қызығын құрбан қылуын айтқаны. Бірақ  принципті айырмашылық та бар. Оны Абай: «Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі» деп ажыратып, анықтап береді. 

Осы айтылған айырмашылық бойынша Құдай жолы туралы Абай ізденісінің логикасын түсіне аламыз.  Кемеңгердің хакімнің ойлау жүйесіне, оның жасаған, таратқан істеріне байыппен тоқталуы осы ойға жетелейді. 

«Әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды. Бұлар ...һаммасы адам баласының пайдасы үшін, ...бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады», – дей келе, Абай хакімдерге қатысты айтқан пікірлерін былай деп түйеді: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы – осы жақсы хакімдер. ...Дін ғалымдардың нақлиясымен мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлиятымен жетсе, иман якини болады».  

Тезистің астары терең. Біріншіден, Абай Құдайды хакімдер сияқты разы қылуды  құптаған.  Құдай жолы – әділеттің, яғни адамзаттың бәрін сүю мен шамаңа қарай  біреулерге жақсылық тигізбектің жолы екенін аңдатқан.     «Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін» деп өзі айтқандай, ұлы ұстаз хакімдік істерді  Құдайға да, халыққа да махаббат қылудың үлгісі ретінде ұсынған.  

Екіншіден, «толық адам» танымына сәуле түседі. Яғни толық адам – Абайдай рухани ұстаздың, кәміл адам –  әл-Ғазалидей дін ғалымының ақыл-ойының жемісі. Толық адам тұжырымы діни таным шеңберінде қалыптаған «кәміл адам» теориясының жаңа заман талабына бейімделген түрі екені анықталмақ. «Толық адам» танымының авторы – Абай деуге ғылыми негіз осы арада.   

Тегінде, Абайдың әулиелер һәм хакімдер туралы ғибратты ойлары абстрактілі теория емес. «Жылы менен суықтың бәрін көріп, Қайран көңіл қайыспай қайрат етті» деп өзі айтқандай, ойшылдың жеке басынан  өткерген тәжірибесі. Осыны ескергеніміз жөн. Ұлы ақынның әр шығармасы «жұртқа қылған артық махаббаттан хисап» болуы сөзіміздің айғағы.

Қорыта айтқанда, «Біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы» деген тезис – Абай жаңалығы. Мұны растап, бекітуге жоғарыда келтірілген дерек-дәйектер жеткілікті сияқты.

*   *   * 

«Құдай жолы» ұғымын Абай кең мағынада жаңартқан деген сөзіміз түгел болуы үшін енді әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі «Хақ жолы» тіркесіне де көз салайық.  

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Осы айтылған «үш сүю» – адамгершілік тұтқасы, толық адам болудың шарты деп айтудан кенде емеспіз. Басқаша айтқанда, жалпы адамзаттық  қарым-қатынастың керемет үлгі-өнегесі, өмірді адамдар бірін бірі бауырым деп сүруінің мәңгі формуласы. Бірақ, бұлай деуіміз де жеткіліксіз екен.

Пандемия – Алла ісін ойлануға шақырып отыр деп сөз басында айттық, Яғни Алла мен адамның қарым-қатынасын елеп-ескеру өзекті нәрсе. Айтпағым, алғашқы, «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген жолдың мәнісі – Алланың адамды сүюі. Бірінші сүю сол болмақ! Оған дәлел қайсы? 

«Тасдиқ» трактаты мен әйгілі өлең тонның ішкі бауындай байланған әрі мерзімдес туынды екені ақиқат. Мынаған қараңыз: трактаттың бастапқы бөлігі Алланың адам баласын махаббатпен жаратқанын дәйектеуге арналған. Бұл бөлімде Абайдың «Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз» дегені Алладан түскен төрт кітапты да көктей өтетін алтын қағида. Өйткені, Алланың махаббаты – барша сүйіспеншілік бастауы. Онсыз – дүние бос. Міне, бірінші сүю алғашқы өлең жолында дегенге бұдан артық дәлел бола ма?

Солақай саясат салдарынан бірінші өлең жолын аттап өттік, үш сүю екінші жолдан бастап саналды. Өстіп, үшінші сүю – әділетті сүю дейтін әдет қалыптасты. Апырай, ұлы ақын «әділетті сүй» демекші болса, сөзсіз, соңғы жолды «Және сүй Хақ жолы деп әділетті» деп өрер еді ғой. Жоқ, «әділет» категориясын даралау артық іс. Бұл жерде Абайға Алланың адамға деген сүйіспеншілігін таныту әлдеқайда маңызды болған. 

Енді  соңғы өлең жолына үңілейік. Қазіргі қалпында «адамзатты сүю – әділеттілік, ол Хақ жолында болудың талабы» деген анық мағына бар. Алдыңғы адамзаттың бәрін «бауырым» деп сүй деген үшінші жолмен логикалық үйлесім тапқан. Сол ойды бекіте түскен. Бұлай болуы күтулі жәйт. Әр кісінің көкей түкпірінде «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген жөн-ақ, ал «Адамзаттың бәрін сүю не үшін қажет?» деген дүдәмал ой бүгіп жатары анық. Міне, соңғы жолда Абай осы күмән-күдікті сейілте түскен.

Сөйтіп, соңғы екі жол бір сағаға құяды, яки бір сүюде тоғысады.

Еліміздің білім жүйесі ғылымды алға тартып, біржақты затшылықты оқытып келеді, оқыта да бермек. Құдайсыздық. Оған тосқауыл қоюдың бір амалы – Абайдың «Тасдиқ» кітабын тәрбие ісіне, ғылыми айналымға кеңінен енгізу. Ол – қат-қабат астарлы, қысқа тезис түрінде жазылған, қазақ философиясының салтанатты сарайын көтерер әлеуетке ие ғылыми еңбек. 

Сондықтан да дербес шығарма деп мойындалып, төл атауымен жарық көруі шарт. Ұлы Абайдың биылғы мерейтойына толық жинағын баспаға дайындаушы ортадан осыны талап етеміз!      

Айтпақшы, туынды атауын қате жазу белең алуда қазір. Кезінде көшіруші молдалар «Тасдиқ» деген төл атауын қолжазба  дәптерге «Китаб Тасдиқ» деп түсіруді машық еткен ғой. Тұрағұл естелігінде «Тасдиқ» делінсе, Көкбайда атау толық қалпында «Ғақлиат тасдиқат» деп көрсетілген. Дұрысы осы. Яғни «Китаб Тасдиқ» деп қате жазуды доғарған жөн.  

Қорытынды: Ел басына күн туды. Есте жоқ ескі мезгілден қазақ медетті Жаратушыдан, қала берді, рух әлемі мен рухани күштерден сұраған. Тәнді дәрі-дәрмекпен емдесе, жан дауасын – құдайшылықтан іздеген.  Мейірімді жасаған Иеміз бұл жолы да халқымызды аясына, қамқорына алып, ауырғандарға шипасын бергей, ауыртпалық мамыражай шуаққа ауысатын күндерге тезірек жетуге жазсын! Әумин. 

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz