Елбасының ресми сайтында жарияланған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласында маңызды мәселелер көтерілген.
Мұнда дәуір тұлғасын толық тану үшін не істеу керектігі тайға таңба басқандай айқындап берілген. Осы орайда, біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде көп жыл «Абайтану» курсынан студенттерге дәріс берген филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Жайлы Балтоғаевамен әңгімелескен едік.
– Университетте «Абайтану» курсы қашан қолға алынды және ол қандай мамандықтар бойынша жүрді?
– Үстіміздегі 2020 жылдың басты ерекшелігі – мемлекет тарапынан ұлт рухын жаңғырту мақсатында халықтың рухани құндылығына баса назар аударылуда. Бұл тұрғыда ұлт әдебиетінен − адами құндылықтар мен өмір сүру философиясының мәнін теңдеп қарастырған Абай шығармашылығының таңдалуы ұтқыр идея екені рас. Абай қазақ тарихында өнегелі өмірі мен дархан даналығы арқылы танылған тұлғалардың бірі және ұлтымыздың рухани әлемінің бірегейі. Сондықтан да Абайды оқу әрбір адам үшін үлкен рухани байлық болса, оны оқыту үлкен жауапкершілікті, білімді және ізденісті қажет етеді.
Біздің университетімізде 2000-2012 жылдар аралығында «Абайтану» арнаулы курсы өтті. Кейіннен «ХІХ ғасыр әдебиетінде» Абай шығармашылығының қарастырылуы себепті жеке пән ретінде оқылуы тоқтатылды. 2015-2016 оқу жылында қайта еніп, тағы да алынып тасталды. Бүгінгі күні Абай шығармашылығы өз дәуіріне бөлінген әдебиет кезеңінде қарастырылады.
Дегенмен, алдағы уақытта «Абайтану» курсын қайта қалыпқа келтіру мәселесі – уақыт талабынан туындап отыр. Бұрын «Абайтану» курсы арнайы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарында ғана оқытылды. Енді биыл оны барлық мамандыққа жалпы курс ретінде енгізуді ұсыну керек. Бұл жас ұрпақты патриоттық және ұлттық рухта тәрбиелеу үшін қажет.
– Аталған курс бойынша студенттерге қанша уақыт дәріс бердіңіз? Өзіңіз туралы да білсек.
– «Абайтануды» арнайы пән ретінде оқыту 20002010 жылдар аралығында менің міндетімде болды. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін филология мамандығы бойынша аяқтап, арнайы жолдамамен осы оқу орнына келдім. Сол уақыттан бері үздіксіз еңбек етіп келемін. Менің еншіме тиген ерекше пәннің бірі осы «Абайтану» болды. Пәнге қатысты материалдар дайындау мен оқыту жоспарын құрудан басталған курс кейіннен студенттер үшін күрделі де қызықты дәріске айналды.
Студенттер Мұхтар Әуезовтің «Абай Құнанбаев» монографиясынан бастап кейінгі зерттеушілер еңбегімен де толық танысатын. Абай өлеңдерін жаттап, өздеріне түсініксіз сөздерден сөздік құрастыратын еді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бойынша текстологиялық жұмыс жасады. Абайдың ақындық мектебінің отырыстарын, тағы да басқа атаулы оқиғаларды теріп жазу арқылы көркем шығарманы жеңіл игеретін.
Әсіресе, 2001 жылы университетімізде академик Зейнолла Қабдоловтың студенттерге дәріс оқуы оң әсер етті. Арнаулы сабақтың беделін биіктетті. Сонымен бірге, академик әр бейсенбіде кафедра мүшелерінен де есеп алатын. Олар дәріс беріп жүрген пәндері бойынша және зерттеу бағыттары туралы баяндайтын-ды. Мен де өзімнің аз уақытта жинаған тәжірибем мен тақырыптық ізденістерімді жеткізіп, ұстаздың алғысын алдым. Мұхтар Әуезовтің де шәкірттері абайтану ілімін дамытуға үлкен үлес қосты. Мен солардың материалдарын газет-журналдардан іздеп тауып, өз сабағыма қолдандым.
– Жайлы Елепқызы, Абайтану ғылымының қазіргі қадамы қалай?
– Абайтану ғылымы ХХ ғасыр басындағы ұлт интеллигенттерінің алғашқы зерттеу мақалаларынан басталғанын білесіз. Қазіргі уақытта сол бастауға негіз болған құндылықтарды тереңнен игеру және ұлт қажетіне жарату концепциясы құрылып, іске асырылып жатыр.
– Мектеп бағдарламасына бұл курсты пән ретінде енгізуге қатысты ойыңызды білсек…
– Әрине, әбден болады деп ойлаймын. Біріншіден, жас ұрпақты Абай даналығымен сусындату – балғын санаға ұлттық рухтың гүлін еккенмен бірдей. Мұнда адам болмысы, өнегелі өмір сүру қағидасы, өлең құрылысы, сөз эстетикасы, тәрбиенің мәні, қара сөздің мәйегі, шығыс сюжеттеріне құрылған хикаялар қамтылған. Бұдан басқа да бала санасын қалыптастыруға, тәрбиелеуге, дамытуға, жақсы әдепке баулуға қажеттінің бәрі бар.
– Абайды тану оның өлеңдері мен шығармаларын жатқа білумен ғана шектеле ме?
– Бұл дегеніңіз Абайды тану емес, оның ш ы ғ а р м а ш ы л ы ғ ы м е н танысудың бастамасы болар. Ақынның шығармашылығын жалаң насихаттауға қарағанда, тану – сананың басқа деңгейі. Оқырман ақын туындысының табиғатын түсініп, сезіну үшін оның тағдырын тануы керек. Ол өмір сүрген қоғамды зерделеген жан оның ұлтына деген жанашырлық сезімінен туындаған қайғы-қасіретін түсінеді.
– Абайды тек әдеби тұрғыдан емес, басқа қырынан зерттеп жүрген мамандар бар ма?
– Оның музыкалық мұрасының зерттелуіне келсек, Ахмет Жұбановтың зерттеу мақаласына жүгінуге болады. Ғалым Абайдың тұсында қазақта музыканың жазба мәдениеті болмағанын, ол әкелген өзгешелік – мелодиялық, ырғақтық жаңалықтары, идеялық
мазмұнының ашықтығында деп келтіреді. Қазақтың халық музыкасын жинаушы Александр Затаевич 1925 жылы Абайдың бірнеше әндерін нотаға түсіріп жариялады. 1930-шы жылдары композиторлар Борис Ерзакович пен Латиф Хамиди Абайдың жиырмадан аса әнін нотаға түсірді.
1939 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы Мәкен Мұхамеджанованың орындауымен Абайдың 16 әнін нотаға жаздырды. Қазіргі уақытта Абай әндері нотаға түскен күннен бастап фортепианолық сүйемелдеумен жеке дауысқа арналып, хорға түсіріліп орындала бастады. Қазақстан композиторлары Абай әндерін өздерінің шығармаларына арқау етті. Абай әндері «Абай» операсына да молынан енді.
– Алдағы уақытта Абайды жас буын тереңірек тани түсуі үшін тағы қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Әр сынып оқулығының алғашқы бетіне ойға орамды, жаттауға жеңіл өлең жолдары мен қара сөз даналығын эпиграф ретінде енгізсе деген ұсыныс бар. Сонымен бірге, «Абай оқулары» көркемсөз байқауы жыл сайын өткізілсе екен. Ақын шығармаларын орындауды эстафеталық дәстүрге айналдыру жалғасын табуы тиіс. Абай шығармашылығын жалпы қоғамға кеңінен тарату және насихаттау үрдіске айналса…
Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ